Абайдың әдеби-мемориалдық мұражайы М.Әуезовтің ұсынысы бойынша ақынның туғанына 95 жыл толу қарсаңында Қазақ ССР-нiң Халық Комиссарлар кеңесiнiң 1940 жылдың 1 сәуiрiндегi №347 қаулысы негiзiнде құрылды. Қазақстан тарихындағы тұңғыш әдеби мұражай болып табылады. 1990 жылы Абайдың 150 жылдық мерейтойына орай Қаз.ССР Министрлер кеңесінің 05.04.1990ж. №141 қаулысы бойынша ақын мұражайы Абайдың «Жидебай-Бөрiлi» мемлекеттiк тарихи-мәдени және әдеби-мемориалдық қорық-мұражайы болып құрылды. Қорық-мұражайдың негiзгi қорын 1885 жылы Абайдың өлкетану мұражайына тапсырған заттары құрайды. Аталмыш заттардың 17-і мұражай қорында сақтаулы.
Алғашқы жылдары мұражай, ақын Семейге келгенде түсiп жүрген Бекбай Байысов пен Әнияр Молдабаевтың үйлерiнде орналасты. 1967 жылдан бастап мұражай көпес Р.Ершовтың үйiне орын тептi. Қорық-мұражай құрамына Семейде: бас мұражай, «Алаш арыстары – М.Әуезов» мұражайы; Абай ауданында: М.Әуезовтің мұражай-үйі (Бөрілі), Абайдың мұражай-үйі, «Шәкәрімнің Саят қорасы» экспозициясы (Жидебай), Шәкір Әбенұлының мұражай-үйі (Құндызды); Көкбай Жанатайұлының мұражайы (Тақыр), Үржар ауданында: Әсет Найманбайұлының әдеби-мемориалдық мұражайы (Мақаншы); «Абай-Шәкәрім» мавзолей кешені және 6400 гектар қорық алқабы (Жидебай) кіреді.
Қорық алқабына кіретін тарихи орындар: Абайдың мұражай-үйі, «Абай – Шәкәрім» мавзолей кешені, Еркежан зираты, «Құдайберді - Зере – Ұлжан» зират қорғаны, Зұлғарыш қыстауы – Ақ баз, Кенгірбай (Би ата) мазары, Құнанбай құдығы, Махмұт қорасы, Мұсақұл төбесі, Орыс қорасы, Оспан көлі, Оспан құдығы, Ырыздықбай қорасы, «Шәкәрімнің саят қорасы» экспозициясы, «Шәукенбай – Ғабитқан» зират қорғаны.
Семейдегі бас мұражай құрамына: көпес Р.Ершовтың үйi, жаңа ғимарат, Ахмет-Риза мешіт-медресесі, «Алаш арыстары – М.Әуезов» мұражайы, әкiмшiлiк ғимараты кiредi.
Бас мұражай экспозициясында «Абай дәуiрi», «Абай тұлғасы – бейнелеу өнерiнде», «Абай шығармашылығының қайнар бұлақтары», «Абай және Семей» залы, ақынның «Жаз» өлеңіне арналған зал, «Ұлы дала мұрасы» этнографиялық көрме залы, «Шыңғыстау» сурет галереясы, «Тақырыптық көрме залы», «Абайдың ән-күй мұрасы», «Абайдың шығармашылығы» залдары, «Абайдың ақындық-өнер айналасы», «Абайтану», «Абай арманы» залдары орналасқан. Оларда Абай өмірі мен шығармашылығы, оның ақындық және туыстық айналасы, замандастары мен дәстүрін жалғастырушылар жайлы мол мағлұматтар жинақталған. Мұражай экспозициясына ақын отбасынан қалған көне мүліктер, түпнұсқа құжаттар, Абай дәуірін, оның қоғамдық қызметін бейнелейтін этнографиялық және архивтік деректер, шығыс ғұламаларының сирек кездесетін шығармалары, батыс философтарының туындылары, замандас ақындар жазбалары жинақталған. Сонымен бірге, экспозицияда қазақтың ұлттық салт-дәстүрін айшықтайтын, аса шеберлікпен жасалған жиһаздармен жабдықталған 6 қанатты киіз үй мен ХІХ ғасырдың аяғы мен ХХ ғасырдың басындағы қала тұрмысын танытатын құнды үй-іші мүліктері қойылған.