Нұрсұлтан Назарбаев,
Қазақстан Республикасының
Тұңғыш Президенті, Елбасы:
«Абайдың сөзі – қазақтың бойтұмары. Абайдың мұрасы – ең асыл қазынасы.
Заманалар ауысып, дүние дидары өзгерсе де халқымыздың Абайға көңілі айнымайды. Қайта уақыт өткен сайын оның ұлылығының тың қырларын ашып, жаңа сырларына қаныға түседі. Абай өзінің туған халқымен мәңгі-бақи бірге жасайды. Ғасырлар бойы қалың елің, қазағын жаңа биіктерге, асқар асуларға шақыра береді.
Абайдай данышпан перзентті дүниеге әкелген қазақ халқы ата-бабаларының арманы болып келген ел тәуелсіздігін көзінің қарашығындай сақтайтынына, қорғайтынына сенемін. Ылайым, халқымыз Абай армандаған өмірге жетсін деп тілеймін!».
Бас мұражай бөлімдері
«Абай дәуірі». Бөлім экспозициясы ақын өмірін сол кездегі заман ағымымен тығыз байланыста көрсетеді. Мұрағат деректері, фотосуреттер Қазақстанның ХIХ ғасырдағы саяси-әкімшілік құрылысы мен дала тұрғындарының хал-күйін жан-жақты ашады.
Бөлімдегі мұрағат деректері Құнанбай Өскенбайұлы мен Абайдың әкімшілік қызметтері туралы мағлұмат береді.
Экспозицияда Омбы, Қазақстан мұрағаттарынан алынған «Формулярные списки о службе хорунжего Кунанбая Ускенбаева», Абайдың 1876 жылы Қоңыр-Көкше-Тобықты болыстығының жай-күйін баяндайтын облыстық басқармаға берген статистикалық мәліметтері, 1885 жылы Қарамолада өткен «Шар сиезінде» қабылданған Абай дайындаған «Қазақтар үшін қылмысты істерге қарсы заң ережелері», Абайдың Сенатқа жазған хатының көшірмелері қойылған.
Экспозиция Семейге жер аударылған саяси қуғындалғандар: Е.Михаэлис, Н.Долгополов, С.Гросс, Н.Коншин, А.Блек, А.Леонтьев туралы мәліметтер, ақынның олар ұйымдастырған Бастауыш білім беру қоғамындағы, Санақ комитетіндегі қоғамдық қызметі туралы баяндайтын құжаттар, ақынның 1885 жылы өлкетану мұражайына тапсырған жәдігерлер орналасқан.
«Абай тұлғасы – бейнелеу өнерінде». Абай тақырыбы қазақ бейнелеу өнерінің тарихымен тығыз байланысты. Сондықтан мұражай экспозициясында бұл тақырыпқа жеке бөлім арналады. Бөлімде кескіндеме, графика, мүсіндеме шеберлерінің әр жылдағы туындылары жинақталған. Бөлім қылқалам шеберлерінің туындыларындағы Абайдың көркембейнесін жан-жақты ашады.
«Тақырыптық көрме залы». Мұражай жұмысының бір түрі тақырыптық көрме ұйымдастыру болып табылады. Көрмелерге арнайы зал бөлінген. Бұл залда 1995-2013 жылдар аралығында «Абай және Семей шаһары» атты тұрақты көрме орналасып, онда Абай заманында ірі мәдени, әрі сауда орталығы болған Семей шаҺары тұрғындарының ХIХ ғасырдағы тұрмыстық деңгейі мен мәдениетінен сыр шертіледі.
Тақырыптық көрмеге арналған зал 2013 жылы қайта жасақталды. Зал экспозициясы жаңа витриналармен жабдықталды. Бұл залда Шәкәрім Құдайбердіұлының 155 жылдығына арналған «Шәкәрім ұлағаты», халық ақыны Төлеу Көбдіковтің туғанына 140 жыл толуына байланысты көрме, «Сырлы ыдыстың сыры», «Отан үшін от кешкен», «Пушкин және Абай», Құнанбай Өскенбайұлының 210 жылдығына арналған «Алашқа даңқы шыққан ер Құнанбай» көрмесі, «Абайдың тұңғыш еске алу күнінің 100 жылдығы», «Абайдың «Жидебай-Бөрілі» мемлекеттік тарихи-мәдени және әдеби-мемориалдық қорық-мұражайына – 175 жыл», «Шәкір Әбенұлының туғанына 115 жыл толуына орай «Алмастай жарқылдаған Шәкір ақын», «Абайдың ақын шәкірттері» және тағы да басқа тақырыптарда көрмелер ұйымдастырылды.
«Абай шығармашылығының қайнар бұлақтары». Абай шығармашылығын нәрлендірген адамзат мәдениетінің үш түрлі арнасы: қазақ әдебиеті, шығыстың рухани қазыналары, орыс және батыс елдері мәдениетіне арналған. Бөлімде қазақ халқының ертеден келе жатқан бай ауыз әдебиеті мен жазба ақындарының мұралары, шығыс классиктері: Фирдоуси, Жәми, Науаи, Низами, Хафиздің шығармалары, орыстың атақты ақын-жазушылары, батыс ғұламаларының: Милль, Бокль, Спиноза т.б. еңбектері қойылған. Абай шығармашылығының бастау бұлақтарын экспозицияда суретші С.Пожарскийдің кең портреттік қабырғалық кескіндеме полотносы бейнелейді. Экспозицияда Абайдың ақындық кітапханасы көрсетілген.
«Абайдың шығармашылығы». Абай – қазақтың ұлы ойшыл ақыны, жаңа жазба әдебиеті мен әдеби тілінің негізін қалаушы. Абай қазақ поэзиясын нақтылы өнер шыңына көтерді, тақырыбын кеңейтіп, көркемдік құрылымын байытты, тіл шеберлігін жетілдіріп, жаңа жанр қалыптастырды.
Экспозицияның бір бөлімі Абайдың лирикалық мұралары мен қара сөздеріне арналған.
Абай ақындарға мүлде жаңа міндет жүктейді. Ақын ең алдымен халықтың адамы, оның жоқтаушысы мен жанашыры болу тиіс екенін жариялайды.
Абайдың лирикалық поэзиясынан оның ақындық шеберлігінің баға жетпес құндылығы, айрықша сыр-сипаты көрінеді. Абай лирикасы сан қырлы. Экспозицияда ақынның әр тақырыптардағы лирикалық туындылары қойылған.
Абайдың ақындық әлемі, қоршаған орта тынысы, белгілі суретші Е.Сидоркиннің гравюралары мен бөлімнің ортасынан кең орын алған «Көңіл құсы құйқылжыр шартарапқа» атты өнер туындысы – гобеленде көрініс тапқан.
«Абай шығармашылығы» бөлімінде ақынның поэзиясымен қоса проза жанрындағы үлкен еңбегі – қара сөздеріне орын берілген. Қара сөздер стилі мен мазмұны жағынан Абайдың өзі тапқан сөз жанры.
Экспозицияда Абайдың 1909 жылы Санкт-Петербургте І.Бораганский баспасында жарық көрген тұңғыш жинағы, 1921-1922 жылдары Қазан мен Ташкентте басылып шыққан шығармалар жинағы және Абай өлеңдерінің 15 тілдердегі аудармасы қойылған. «Абайдың шығармашылығы» мұражай экспозициясының 3 залында жан-жақты ашылады.
Экспозицияның екінші бөлімі ақынның аудармаларына арналған. Бөлім Абайдың А.Пушкин, М.Лермонтов, И.Крылов, И.Бунин, Я.Полонский, А.Дельвиг, Д.Байрон, И.Гете, Ф.Шиллер, А.Мицкевичтен аударған шығармаларымен таныстырады.
Бөлімдерде Абайдың музыкалық шығармалары: әндері, «Май түні», «Торжорға», «Желдірме» атты күйлері, Абайдың музыкалық мұрасы жөнінде өнер зерттеушілердің еңбектері қойылған.
Экспозицияның екі бөлігі Абайдың поэмаларына арналған. Абайдың шығыстық дастан аңыздардан немесе ертегілік тақырыптардан алынған үш сюжеттік поэмалары бар. Олар: «Ескендір», «Әзім әңгімесі», «Масғұт» поэмалары.
Экспозициядан орын алған Гете мұражайы сыйлаған жәдігерлер: аңшылық үйінің литографиясы, Гете коллекциясынан алынған тас, Ильменау қаласының сувенирлік елтаңбасы көрермендердің ерекше қызығушылығын тудырады.
Бөлімдер ақын поэмаларының тақырыбы бойынша салынған суреттермен, көне грек, шығыс үлгісімен жасалынған батиктермен безендірілген.
Түрлі мәдени шаралар экспозицияның күмбезді бөлімінде өтеді.
«Абайдың ән-күй мұрасы» жаңа экспозиция залы. Ахмет Жұбановтың: «Семейдегі Абай музейінде Абайдың музыкалық мұрасына арналған тиісті бөлім болуы керек. Онда Абай әндерінің неше алуан... әншілердің орындауында жазылған, белгілі варианттарының бәрі қамтылған пластинкалар, пленкалар болып, музейге келушілерді солармен таныстырып отыруды көздеу керек», - деген ұлағатты сөзі бүгінде іске асып, халық назарына ұсынылды.
Бөлімде Абай мұражайының құнды жәдігерлері, қазақтың музыкалық аспаптары: домбыра, қылқобыз, дауылпаз, асатаяқ және ән-күй әлеміне байланысты мұражай қоры және ғылыми кітапханасынан құнды сирек кітаптар, күйтабақтар орын алды. Мұражай қорынан А.Шәкәрімұлының шапаны, әнші, композитор М.Ешекеевтің домбырасы, концерттік костюмы, Шәкәрім әндерін насихаттаушы Т.Рахимов пен К.Өлмесековтің шапаны мен бөркі лайықты орындарын алған.
«Жаз» бөлімі. Экспозицияның бұл бөлімі Абайдың 1886 жылы жазған «Жаз» өлеңіне арналған. Бұл өлең ақын ауылы Шыңғыстау бөктеріндегі Бақанас өзенінің бойына жайлауға қонып жатқан көрініс әсерінен жазылған. ХIХ ғасырдағы қазақ тұрмысына тән табиғат пен тіршіліктің тамаша тұтастығын көрсететін бұл өлең 1889 жылы Көкбай Жанатайұлының атымен «Дала уалаяты» газетінде басылды.
Бөлімде қыр-сахараның жазғы келбеті үлкен панорама болып кескінделген. Ортада ақшаңқан алты қанат орда орналасқан. Экспозицияда көшпелі қазақ халқының бай мәдениеті, салт-дәстүрін көрсететін құнды жәдігерлер киіз үйде және жеке сөрелерде қойылған.
«Абайдың ақындық-өнер айналасы». Абайтану ілімінің аса маңызды саласы – «Абайдың ақындық мектебі». Абайдың бастаған реалистік дәстүрін кеңінен қанат жайып таралуы осы ортадан басталады. Абай тағылымы арқылы жас ақындар өз таланттарын ұштап қана қоймай, ұстаздарының да ұлылығын асқақтатты.
Бөлім ұстаз ақынның тікелей тәлім-тәрбиесінде болып, Абай дәстүрін жалғастырған ақын шәкірттерінің өмір жолдары және әдеби мұраларымен таныстырады.
Экспозиция Абайдың ақындық мектебінің талантты шәкірті – ақын, философ, жазушы, тарихшы, аудармашы, публицист, сазгер Шәкәрім Құдайбердіұлының шығармашылығымен ашылады.
Экспозицияда ақынның өміріне қатысты деректер, фотосуреттер, ақынның шығармалар жинағы, ақын өмірінің соңғы жылдары өткен жерлердің суреттері, ақынның ақталуы туралы мемлекет қаулысы, қойын кітапшасының көшірмесі қойылған.
Абайдың ақын шәкірттері: өз балалары – Ақылбай, Мағауия, Турағұл, немересі Әубәкір және Көкбай Жанатайұлы, Әріп Тәңірбергенұлы, Уәйіс Шондыбайұлы, Әсет Найманбайұлы шығармашылығы экспозицияда өздерінің лайықты орнын алған.
«Абайтану». Бөлім ұлы ойшыл ақын мұрасын жан-жақты, терең зерттеуді мақсат еткен қазақ әдебиеттану ғылымының ауқымды саласы – абайтануға арналады.
Абайтанудың қайнар көзі Алаш арыстарының еңбектерінен бастау алады. Абай мұрасының зерттелуіне Ә.Бөкейханов, А.Байтұрсынов, М.Дулатов, І.Жансүгіров, Қ.Жұбанов, Ы.Мұстанбаевтардың мақалалары қомақты үлес қосты.
Бөлімнің екінші бөлігі абайтану ілімінің негізін салушы ұлы жазушы, академик Мұхтар Омарханұлы Әуезовке арналады.
«Ұлы дала мұрасы» этнографиялық көрме залы – өткен ғасырларда өмір сүрген қазақтың алтын қолды ұсталары мен зергерлерінің асыл мұраларын насихаттау мақсатында мұражай қорында сақталған этнографиялық және зергерлік жәдігерлерді көрермен назарына ұсынуға арналған. Көрме экспозициясына қазақ халқының ұмытылып, назардан тыс қалып бара жатқан ұсталық кәсіп, зергерлік өнеріне қатысты музей қорындағы сирек этнографиялық, қазақ халқының ұлттық салт-дәстүрі мен тұрмысын танытатын ағаштан, теріден жасалған тұрмыстық заттар, түрлі тәсілмен жасалған қолөнер бұйымдары, қару жарақтар, музыкалық аспаптар, күмістен жасалған әшекей бұйымдары, бейнелеу өнері туындылары және тағы басқа жәдігерлер қойылған.
«Шыңғыстау» сурет галереясы – қасиетті Шыңғыстау өңірінің табиғаты мен тарихи жерлері Абай қорық-мұражайы қорында жинақталған жергілікті қылқалам шеберлерінің туындылары арқылы көрсетіледі. Сурет галереясында белгілі өнер иелері Ә.Қастеев, М.Беляев, Ғ.Макаров, М.Әлиакпаров, Н.Өтепбаев, Т.Байғалиев, Т.Татиев және тағы басқа суретшілердің 100-ден астам туындылары қойылған.
Бөлімнің басым көпшілігі ҚР Ұлттық Ғылым Академиясының академигі, медицина ғылымдарының докторы, Қазақстан Суретшілер Одағының мүшесі, қылқалам шебері М.Әлиақпаровтың туындылары.
М.Әлиақпаров Абай қорық-мұражайына Абай, Шәкәрім тақырыбында жазылған 201 қылқалам туындысын мұражайға тарту етті.
«Абай арманы». Бөлім Елбасының: «Абайдың жолын, істеген ісін біз халқымызға паш етуіміз керек», - деген сөзімен ашылады. Экспозиция арқылы аты әлемге танылған байтақ жерімізде 1991 жылдан бастау алған Тәуелсіздіктің оңайлықпен келмегенін, оның қаншама қажыр-қайраттың нәтижесі екенін көрсету, оған Қазақстанның әрбір азаматының қосқан үлесін жас буынға түсіндіру.
Еліміздің егемендік алуы – халқымыздың тарихында жаңа дәуірдің бетін ашты, бүкіл қоғамдық өмірімізге жаңа леп, соны серпін әкелді. Ата-бабаларымыздың, Ұлы Абайдың туған ел бақытын аңсаған армандары орындалды.
Экспозицияда орналасқан «Зерде» кітабының орны ерекше. Абайдың 150 жылдық мерекесі қарсаңында кітап Германияның Нюрнберг қаласындағы «Оуверсис Поуст Организейшн» баспасында даярланған.
Түптелген қағазды арнаулы технологиямен құйған, сүйегіне түрлі металл ұнтақтарын қосып жасағандықтан оның парақтары талай ғасырға бүлінбей сақталады. Кітаптың аумағы 64х85 см, салмағы 58 кг, ішіне түптелген парақ саны – 200.
«Зерде» кітабына ең алғашқы қолтаңба қалдырған ҚР Тұңғыш Президенті Н.Назарбаев:
«Абайдың сөзі – қазақтың бойтұмары. Абайдың мұрасы – ең асыл қазынасы.
Заманалар ауысып, дүние дидары өзгерсе де халқымыздың Абайға көңілі айнымайды. Қайта уақыт өткен сайын оның ұлылығының тың қырларын ашып, жаңа сырларына қаныға түседі. Абай өзінің туған халқымен мәңгі-бақи бірге жасайды. Ғасырлар бойы қалың елің, қазағын жаңа биіктерге, асқар асуларға шақыра береді.
Абайдай данышпан перзентті дүниеге әкелген қазақ халқы ата-бабаларының арманы болып келген ел тәуелсіздігін көзінің қарашығындай сақтайтынына, қорғайтынына сенемін. Ылайым, халқымыз Абай армандаған өмірге жетсін деп тілеймін!».