АҢЫЗ АДАМ - АҚИҚАТ ТҰЛҒА

Лирика мен физиканың жарасымы немесе ойдың қайнаркөзі

 

Туған ел - алтын бесік, ұшқан ұям,

Көз жұмылмай тұрғанда қайтіп қиям?!

Тарта гөр, Семейімнің топырағы,

Төстіктей жеріңе мен еркін сиям!

Қайым МҰХАМЕДХАНҰЛЫ.

(Қарағанды лагері, маусым, 1952-ж.)

 

Абай - қазақ өлең-жырының Күні. Ал аспан әлемінде Күннің еншілесі бар. Ол - Ай.  Күн шуағы тыныстаған түнгі тылсым дүниенің ой-қырдағы жолын айқындап тұрады. Бізге Абай нұрын түбегейлі аңғартқан Ай деп Қайым ағаны айтсақ керек.

Абай ақындарымыздың жолбасшысы болса, абайтануымыздың айтулы жаршысы - Қайым.

Абай бастаушы болғаны үшін өзін түсінбеушіліктің, жалғыздықтың қияметін көрсе, Қайым Абайдың кім болғанын айтқаны үшін еркіндіктен айрылып, түрме тауқыметін тартты.

Абай бұл дүниемен 1904-жылғы маусымның 23-інде қоштасты. Қайым  Мұхамедханұлы одан жүз жыл және жеті күннен кейін көз жұмды. Кездейсоқ жәйт болар, алайда Қайымның қырқы Абай туған күнге - саршатамыздың 10-ына дөп келді.

Бұл айтып отырғаным, әрине, лирикамен төркіндес. Көңілдің елең етуі. Өз-өзіңнен еріксіз таңдану. Жеке бастың күйі. Өзгеге таңар жәйт емес дегенмен, ойлантады.

Ой тізбектеліп кеткенде абайтанушы Қайым ағаның бүкіл еңбегі еске оралады. Ол - абайтануды ғылыми негіздеуші; ұстаз және ақын да жазушы;  Қазақстанның алғашқы Гимнінің - Ел әнінің авторы; КСРО Жазушылар одағының мүшесі; әдеби аудармашы; Семейде Абайдың мұражайын ұйымдастырушы; Қазақстанның Мемлекеттік силығының, Жазушылар одағы силығының, Халықаралық «Алаш» әдеби силығының және Халықаралық Абай академиясының (Лондон) Алтын медалінің иегері; профессор; КСРО және Қазақстан халық ағарту ісінің үздігі; Семей қаласының, Аягөз, Жаңасемей, Абай аудандарының  Құрметті азаматы; жарияланған 800-ден аса ғылыми еңбектің авторы.

(Аудармашыдан: «Гимннің» «Әнұран» деп аударылғаны дұрыс емес; гимнде әйтейік те бүйтейік дегендей шақыру, ұран болмайды, ол елді мақтаныш еткен салтанатты ән. Ел әні!)

Қайым Мұхамедханұлының тағдырындағы сүйініш пен күйініш бір  адамның өмір оқиғаларынан әлдеқайда көп шығар. Оның ат-атағы көзі тірісінде-ақ аңызға айналған. Әншейін айтыла беретін емес, нақты ақиқатқа негізделген аңыз. Оқырман қауымды осы ерекше әлемге саяхат жасауға шақырамын. Мұнда нақты ғылыми бояумен айшықталған поэзия, әйгілі аңыздармен астасқан ақиқат бар. Саяхатты Қайым ағаның өзінше деректі, анық ақпарды ту ете жасайтын боламыз.

 

І-тарау

 

ӨЗ  ҮЙІНЕН  ҚУЫЛДЫ

 

Шығыста: «Нуды күте алмаған шөл етеді, гүлді күте алмаған шөп етеді» деген нақыл бар.  Құйтақандай Қайым күтімге зәру гүл болған жоқ. Бойына  «бір сыр мен сегіз қыр» туа біткен бала құнарлы ортада өсті. Ол ортада шиыр жол, сұрқай тірлік, шырынсыз өмір  болмады. Талабы таудай бала дүниеге келген отбасы тату-тәтті, қайырымды, тағылымды, рухани таза еді. Қайымды тәңір өзі үкілегендей болып, ол ұшпақтан ұшпаққа көтеріле берді. Сүрініп қалды-ау дегізгенінің өзі сүйінішке татыды...

Мұхамедхан Сейітқұлұлы ХIX-XX-ғасыр аралағындағы озық ойлы қазақ қауымының бір қадірмендісі болған. Алаңдатпаған ауқаттылық, жұрт көрсетіп жүрген құрмет-қошемет оны масайрата алмапты. Жаратылысынан жайсаң жан өнер-білімге құштар екен. Ағайын-туыс, алыс-жақын таныс-біліс пен дос-жолдас оның отбасына үйір болғаны да сондықтан шығар. Секеңнің тұңғыш қызынан кейінгі ұлы Қайым сондай отбасында өніп-өсті. Балдырған бақытқа кенелді. Кезінде тағдыр айдап келген австриялық шебер құрылысшылар салған еңселі, әдемі үй. Қазан төңкерісіне дейін Зареченская слободка деп, одан кейін Алаш деп аталған бүгінгі Жаңасемей ауданында. Белгілі Тыныбай мешітінің жанында. Іші-сырты суреттей сұлу үйдің ерекше байлығы - бір бөлмені тұтас алып тұрған кітапханасы, онда бүкіл дерлік әлем әдебиеті классиктерінің шығармалары бар. Зиялылардың «суаты» - сол. Шығыс, орыс, еуропа әдебиетінің әйгілі туындылары қатарына Абайдың 1909-жылы шыққан тұңғыш жинағы қойылған. Шәкәрім, Ахмет, Міржақып, Мағжан, Сұлтанмахмұт өлеңдерін оқи аласың, қазақтың: «Қазақ», «Сарыарқа», «Тәржіман», «Дала уәлаяты» гәзеттерінің, орыстың «Записки императорского русского географического общества» жорналының, ал татардың: «Шура» жорналы мен «Уақыт» гәзетінің тігінділерін ақтаруыңызға болады.  Бұлардан басқалар да баршылық.

Үй иесі араб, орыс, татар тілдеріне жетік. Ел аузынан көне тарихи дастандарды жинайды. Сонымен қатар «Атымтай жомарттың» өзі: Жүсіпбек Аймауытов пен Мұхтар Әуезов шығарған «Абай» жорналына, сондай-ақ «Сарыарқа» гәзетіне қаржылай демеуші болды. Үй есігі танымал ақын-жазушыларға ғана емес, талапты жастарға да әрқашан ашық. Онда қазақ халқының тарихы, мәдениеті, әдебиеті хақында жан-жақты әңгіме, тіпті қызу пікірталас та болып тұрады. Қазақ театрының негізі осында қаланды. Шадыман шаңырақтың ақ дастарқаны басында жиі болатындар: Шәкәрім, Көкбай, Сұлтанмахмұт, Иса, Әміре, Жүсіпбек, Әлмағамбет, Мағжан, Әлихан, Міржақып, Мұхамеджан (Тынышбаев). Қазақ тарихының заңғар көгіндегі жарық жұлдыздар.

...Уақыт өтіп, замана өзгере бастады. Әлеуметтік толқын мен дауыл «ескі дүниені» қаусатуға кірісіп, оның екпіні Ертіс бойына да жетті. 1921-жылы Мұхамедханның ақ сарай үйі тәркіленіп, иесіне екі бөлмесі ғана қалдырылып, басқасы №20 мектепке қаратылды. Ол өзгеріс кішкентай Қайымға, әрине, қолайсыз бола қоймады:  мектебі - өзі туып-өскен үй!

1928-жыл пролетариаттың «езуші тапқа» қарсы күресінің бір кезеңі болғаны мәлім. Жүздеген адам тұтқындалды. Ішінде Абайдың ұлы Микаэл, Сейітқұлұлы Мұхамедхан бар. Мұхамедхан көп бөгемей босатылса да, бүкіл мүлкінен  айрылды. Кейін Қайымның өз балаларына бейнелеп айтқанындай, ол бейтаныс біреулер шықпыртып міне жөнелген өз аттарының көзінен жас ағып бара жатқанын көрді. Сейітқұл әулеті соңғы екі бөлмесінен қуылды. Жаз жайлауы Көкен, жасыл құраққа тігілетін киіз үй, сары қымыздың иісі, саф таза ауа көзден бір-бір ұшты. Әйтседе, жинақы Мұхамедхан Тыныбайдан төрт бөлмелі үй сатып алды.

Сол 1928-жылы Қайым бастауыш мектепті тәмәмдәп...  ойламағаның  түсіңе кірмейді болмай, кеңес мектебі бай баласын есігінен сығалатпай қойды. Екі жылдан соң колхоз жастарының жетіжылдық мектебі ашылды, бірақ одан үміттену бекершілік еді. Алайда, «сабақты ине сәтімен»  ғой, бір күні Мұхамедханның көптен бергі досы Тұрлыхан Қасенов келе қалып: «Мұха, жетіжылдық мектеп ашылды, мені соған директор етіп тағайындады, ал менің мұнда тұратын үйім жоқ, соны ақылдасқалы келдім» дегені. Жақсылыққа жаны құмар адам жақынынан несін аясын: «Үй іздеп әуре болма, осында тұр, орын жетеді» деді. Сөйтіп Тұрлыхан Аягөзден Семейге көшіп келіп, жұмысына кірісті. Қайым мектепке алынды.

Тұрлыханның Болаты - атақты балуан Дәулет Тұрлыхановтың әкесі - дүниеге Мұхамедханның сол үйінде келген.

Кейінде Қайым аға Абай мен Әріптің өлеңдерін жатқа айтатын, домбыраны шебер тартатын сүйікті мұғалімі Тұрлыханды есіне жиі алып жүрді. Әдебиет әлеміне енуіне жол ашқан әкесінен кейінгі екінші қамқоршы адам, расында, Тұрлыхан болды.

1932-жылы Кеңес өкіметі сейітқұловтар отбасын мүлде баспанасыз қалдырды да, Мұхамедхан қаланың Солдат көшесіндегі үйшіктей ғана бір үйді пана тұтуға мәжбүр болды. Өкіметтің ол зорлығы отбасы тартқан тауқыметтің  соңғы дүмпуі емес еді. Мұхамедхан оны сезді, бірақ  күштіге жағынып жан сақтауды, немесе басқа жаққа кетіп қалуды ойлаған жоқ.  Қайым болса, жетіжылдықты бітіріп шыққан соң жұмысқа орналасып, мұғалімдердің екіжылдық курсында,  одан кейін педагогикалық институтта оқи жүріп, үй-ішіне көмектесіп бақты. Рас, оның өмірінде ол жылдары шуақты күндер де болмай қалған жоқ. Қазақ тілі курсында бір сұлу қызбен танысты. Қарапайым да ұқыпты, сәнді киінген, арқасында ұзын қос бұрымы  ырғалған, мінезі салмақты, сабырлы, сыпайы. Білімдар. Ойлы, орнықты сөйлейді. Екеуі танысып, түсінісіп, жарасып жүрді. Сөйтіп, Семей мешіті молласының қызы, Ташкенттің белгілі діни тұлғасының шөбересі Фархинұр 1936-жылы  сымбатты оқытушы жігіт Қайымға тұрмысқа шықты.

...1937-жыл. Қараша. Рамазан айы. Мұхамедханның отбасы да ораза ұстаған. Бір күні, сәресі сәтінде, есік алды дабыр-дұбырға толып кетті. Әлдекім есікті тоқпақтады. Үш кісі баса-көктеп кіріп келіп, отағасына мылтық кезеп: «Тұрыңдар! Сендер тұтқындалдыңдар!» деп ақырды.

Қару-жарақты топ ес жиғызбады, әкелі-балалы екеуін тұтқындап алып кетті. Қайымды ертеңінде босатты, ал әкесін алып қалды. Мұхамедханнан көпке дейін хабар-ошар болмады да, әйтеуір, күндердің бір күнінде әлгі «сұсты» кабинеттегілердің: кеңеске дұшпан мұсылман діншілдері тобының мүшесі Мұхамедхан Сейітқұлұлы 10 жылға сотталып, хабарласу, хат жазу құқы жойылып, Сібірге айдалды деген «сәлемі» келді. Сейітқұловтар отағасының тұтқындалған соң үш күннен кейін атып тасталғанын  бертінде, 1990-жылы ғана біле алды. Қайда жерленгені беймәлім. Үйінде фотосуреті де қалмады (бәйбішесі Мақыпжамалдың ғана суреті кейін табылды). Тұтқындалғанының ертеңінде бүкіл мүлкі, қағаздары, кітапханасы тып-типыл етіліп тәркіленген болатын. Ойраны шыққан отбасында Мұхаңнан қалған жалғыз белгі - КСРО Жоғарғы кеңесі президиумының 1989-жылғы көкек айының 25-і күні «Репрессия құрбандарына қатысты шындықты қалпына келтіру» жарлығының 1-бабы негізінде Мұхамедхан Сейітқұлұлы ақталды, деген бір жапырақ қағаз ғана.

Иә, ол «жаңалық» бертінде болды. Оған дейін, сол 1937-жылы, қара қақпан Қайымға да құрылды. «Халық жауының» баласы институттан дереу қуылды. Гәзеттер: «халықтың жауы болған бай баласы адал еңбекшілердің ортасында жүруге тиіс емес!» деп қиқулады. «Әшкереленген» Қайым жұмыс іздеп сенделді: темір жолда вагоннан жүк түсірді; көмір тасыды...  шеті қылтиған жұмыстың ешбірінен бас тартпады, арланбады. Бар ойы өзіне қарап қалған ағайындарын, туыстарын асырап-сақтау болды. Институтқа қайтадан қызметке орналаса алғанына дейінгі аралықта көп жыл өтті...

(Жалғасы бар)

 

http://old.abai.kz/content/anyz-adam-akikat-tylga-zhalgasy