ТАМҰҚ БАР БОЛСА, ОЛ - ОСЫ...

V-тарау

 

 

ТАМҰҚ  БАР  БОЛСА, ОЛ - ОСЫ

 

«...Қайым аға кіммен болсын әңгімелескенде жұқалтаң аққұба жүзі арайлана жымиып, лекіте күліп қойып отырады екен. Ойды ой қозғап дегендей, сөз жүйелеп өрістеп, қаншама тақырыпты шалсаң да, аға бәріне даяр. Әдебиет, өнер, тарих, жағрафия, тіл, дін, саясат, экономика, педагогика, философия...  Көнеден бүгінге дейін айта алады, айтыса алады. Айтыс қызуы артқан сайын ағаның  сәл қиықша кішкене қоңыр көзі өткірленіп, дауысына шыңыл бітіп, сөзі шапшаңдайды. Бір қызығы: сондай жағдайда да лекіте күліп қоюдан жаңылмайды... Қаншама жыл аралас-құралас, сырлас болып жүргенімде қатты ашуланғанын көрген емеспін. Тегі ағаның адами жаратылысында ашу жоқ шығар... Қанша майысқанмен сынбай, қанша шатынағанмен шашылып қалмай, ұзақ жасауы ғажап.  Әлі есімде, бірде: -Аға, темір тордың тауқыметі сұмдық шығар?- деп қалғаным. Ол Мұхтар Әуезовтің  соноу жылдары түрмеге түсу себебін айтып отырған-ды. Менің сұрағым өзіне қатысты болған жәйтті жағалауым екенін аңғара қойып: -Құрысын, қайтесің соны, мен өзі ұмытып та барамын, - деп күлді...».

Жазушы Ғаббас Қабышұлының осылай дегені бар.

Шынында Қайым Мұхамедханұлы өзіне жаманшылық жасағандарға кектенген емес. 50-жылдарда көрген қорлық-зомбылықты жадынан өшіріп тастағанына кейбіреулер иланбаса, - мейілі. Ал төл тарихымызды таразылауда «бәрін білмей қоймаймыз» деп жүрген біз Қайым ағаны үлгі тұтуға тиіспіз.

1951-жылғы 1-желтоқсанның кешінде үй есігінің тарсылдан талқан бола жаздап, әлдекімдер алқын-жұлқын кіріп келді де, үй ішін астаң-кестең тінте бастады. Кітаптарына, қолжазбаларына жаудай тиіп, тіркеп жазып, шығарып әкетіп жатыр. Жазу-сызуы бар қағаздарын қидай сыпырды. Мұхтар Әуезовпен жазысқан хаттары бір сандық еді, оны сол бойы алып кетті. Кейін әкелері қанша іздесе де, КГБ-ға, басқа орындарға қаншама өтініш жазса да, сонда тәркіленгендердің ешбірін қайтарып ала алмады.

Тіміскілер қағаздан басқа: жиһаз, сәндік бұйымдар, облигациялар, тіпті балалардың төсектерін, орындықтарын да тәркіледі. Ең соңында Қайымның өзін ала жөнелді. Қайым келіншегі мен балаларына жымия қарап: «Мен көп кешікпей келемін» деп үлгірді.

Қайым Мұхамедханұлы әуелі Семейдің ішкі түрмесіне қамалды да, содан кейін Алматының түрмесінде тоғыз ай отырды. Онда бірінші қабатта ма, әлде подвалда болды ма, есінде жоқ, әйтеуір, едені бір шаршы метр, төбесі де  аласа камерада отырғанын ұмытқан жоқ.

Үйшіктің едені де, бетон қабырғалары да біраздан соң ыси бастайды екен. Табаның шыдамай ыршисың, тілің аузыңа симай кетеді. Бір кезде есік ашылып, бақылаушы бір ыдыс ұсынады. Су ғой деп бассаласың, иә, су, бірақ ыдысы тесік екен, ұрттап үлгіргеніңше ағып кетеді. Дәрет қысқанда есікті ұрғылап айтасың, - айдап алып барады. Ол жақтан бір тақтай кесіндісін нұсқап: «табаныңа төсегің келсе ал» дейді. Ыстық еденге төсеуіңе керек, аласың, бірақ  иісі қолқаңды атады. Біраздан соң үйшік суыта бастап, мұздатқышқа айналады... Соны айтқан Қайым ағаның сәл жымиып: «Егер тамұқ бар болса, ол - осы,  деп ойладым» дегені әлі де есімде.

Көпшілік камераларындағы жағдай да оңып тұрмады. Ондағылар бақылаушының рұхсатымен ғана отырып, соның рұхсатымен ғана жатады. Жастықтарының «мамығы» - металл жоңқасы. Бар-жоқ тамақ - ішінде қырыққабықтың (капустаның) қасыққа іліер-ілінбес бірер қабықшасы жүретін сұрқай былымық. Оны ішкенмен тоймайсың және оны тергеудің алдында әкеледі де, еріксіз қалдырып кете барасың, ал қайтып келгеніңде егеуқұйрықтың ішіп тұрғанын көресің.

Түрмеде ондай «диетадан» басқа татымды тамақ та болады, бірақ  ол темір торлы терезенің арғы жағында тұрады. Оны ішу үшін: «Советке қарсы жұмыс  жүргізгенім рас» деп мойындап, қою керек қағазына қол қойып бересің. Өйтпесең, көресіңді тағы көріп, егеуқұйрықпен «табақтас» боласың.

Тауқыметті айларда Қайым Мұхамедханұлы тағы не көрді? Қытайлар ойлап тауыпты деген азапты тартты: қырыңнан жатқызады да, самайыңа суық су тамшылатады. Тырнағыңның көбесіне ине сұққылайды. Басы-көзің бар демей тепкілейді. Тісіңді опырып, мұрныңды бет қылады. Аяқ-қолыңды байлап, басыңа резеңке қапшық кигізіп, резеңке қамшымен сабайды.  Сөйтіп, есің кіресілі-шығасылы болып жатқаныңда: «Қылмысыңды мойындап, мына жерге қол қой!» деп қағазын тықпалайды. Қайым қорлықтың бәріне төтеп берді, қол қоймады. Дене бітімі де, жаны да нәзік адамның ешқашан қайыспағанына қайран қаласың! «Өзектіге өлім бар. Менің жаным Алаш арыстарының жандарынан ардақты ма,  өліп-ақ қалайын  дегенді ғана ойлап жүрдім», дейді Қайым аға. Айуандық азапқа дәніккен тергеушілер оны жасыта алмады. Қайым аға өзінің ғылыми идеяларынан бас тартпады, Абайдың әдеби мектебін жоққа шығармады, ұстазы Мұхтар Әуезовті сатпады!

Қайым аға өзіне жасалып жатқан зұлымдықтың бәрі Мұхтар Әуезовке қарсы қаскөйлік екенін бірден сезген. Әпербақан тергеушілер де біраздан соң жасырынбақты қойды, бір күні жетеуі кезек-кезек қинап, «Абайдың әдеби мектебі туралы диссертация жазуға сені Мұхтар Әуезовтің мәжбүр еткенін мойында!»  деп арсылдады. «Олай деп жала жапқаннан өлгенім артық!» - Қайым Мұхамедханұлында осыдан басқа ой да, сөз де  болмаған!

Бертінде М. Әуезов түрмеде қандай ойда болып жүргенін сұрағанда Қайым онда отырып жазған бір  өлеңін оқып беріпті. Соның Мұхаңа қатысты шумағы мынау екен:

«...Отқа салды, отырдым жігер қайнап,

Тордағы арыстандай көзім жайнап.

Шыңдалып шарболаттай шықтым, міне,

Отырмын өзіңменен күліп ойнап!»

Тағдыр қанша тарынса да тәлкек болмаған Қайым тұтқындалғаны туралы сөз бола қалса: Алматы түрмесінің бір кісілік «люкс» бөлмесінде тұрдым, деп  қалжыңдайтын еді.

Қайымның отбасы да күтпеген күйзеліске ұшырады. Күні кеше есігін босатпайтын  дос-жолдастардың көбі жоламай кетті. Қайсыбірі тіпті отағасыз қалған бала-шағаның, ол үйге аз болса да кіріп-шығып жүргендердің ізін аңдып, тиісті  орындарға домалақ  хат жазатын болды. Отанасы Фархинұрға «халық жауының» балаларын панасыздар үйіне тапсырып, пәле-жаладан құтылып, адамша өмір сүрсеңші дегендей «жанашырлық ақыл-кеңес» берген «қамқоршылар» да табылды. Фархинұр мен балалары үш бөлмелі пәтердің ең кіші бөлмесіне көшірілді  де, кең бөлмесіне бірде әскери кісілер, бірде партия қызметкерлері орналастырылды.

Отбасының күнкөрісі қиындады. Фархинұр Ахметжанқызы үйге жақын Физинститутқа, ауруханаға жұмысқа орналасты. Оның айлығы тамаққа там-тұм жетсе де,  кейде пәтерақы төлеміне жетпей, пәтерден шығып қалу қаупі төне берді.

Дегенмен, Қайымның үй-ішімен бұрынғыша араласып жүргендер болмай қалған жоқ. Солардың бірі - Абай мұражайының байырғы қызметкері Б. Акерман жиі келіп, хал-ахуалдарын біліп, жылы сөзімен де, қаржылай көмегімен де қолдап жүрді. Қайымның жағдайын жеңілдету ниетімен тиісті орындарға өтініш жазады, отбасының пәтер мәселесін шешуге араласады.

Қайым аға болса, отбасының, туған-туысқандарының не күйге ұшырап жүргендерін ойша ғана долбарлап, анық  ештеңе біле алмады.

Қазақстанның Ерекше назардағы лагерьлер басқармасының өтінішін қараған республика үкіметі Ақмола, Қарағанды округтарында жаңа лагерьлерге ашуға  110 000 га жер бөлу жөнінде 1930-жылғы 13-мамырда шешім шығарған болатын. Совет жерінде тағы бір Гулаг - Карлаг солай ашылған. Ол жапан дүзде  лагерьлік «төбешіктерден» құралған, тұрғындары -  жартылай құлдар мен жартылай  жераударылғандар - социалистік жұмаққа жауыққан өте үлкен аймақ еді. Қайым Мұхамедханов бірнеше жылын сонда өткізді.

Айтқанынан қайтпай қасарысқан жас ғалым Қайым ҚазКСР Жоғарғы сотының қылмысті істер жөніндегі сот алқасының үкімі бойынша 1952-жылы албастыдай әйгілі 58-бап негізінде 25 жылға сотталды. «Қылмысты» Алматының түрмесінен Семей қаласының түрмесіне апарылып, сонда үш күн (29-31мамырда) сот болды. Әрине, сот айыптының  «қылмысты емеспін» деген ақиқат сөзін елемеді, кеше қызметтес, бүгін айыптап куә болған кейбіреулердің «дәлелдерін» ғана ескерді. Фашистік Германияға дізе бүктірген  КСРО  сол жеңістің құрметіне елде өлім жазасын қолдануды тоқтатқандықтан Қайымға да ол жаза қолданылмады. Бірақ оның орнына 25 жыл тірі өлік болу кімге керек дейсің?!.  Сол да өмір ме екен?!.

Тұтқын Мұхамедханов көппен бірге ертелі-кеш жер қазды, тас тасыды. Оған да аты-жөнін ұмыттырмақ болды. Бәрі нөмірленген. Еститіндері: «Пәленінші нөмір, тұр, жүр!».  Онымен қоймай, бәрін ай аралата басқа жаққа айдап апарады, араластырып жібереді. Сол «тәртіппен»  Қайым аға: Теміртауда, Қарабаста, Долинкада, Дарияда, Құлаайғырда... болды. Барған жерінің бәрінде «дене жұмысына жарамды» деген анықтама бұйырып, адам төзгісіз азапты хал кешіп жүрді.

Азап алуан түрлі. Ең жақын адамдарыңмен  хабарласа  хат  жазысып  қарық болмайсың.  Үйден келетін хаттың айтары: «Деніміз сау, балалар оқып жүр, ауа райы жақсы». Үйдегілерге жазылар хат та соған ұқсас. Амал не?!.  Ал жүйкеңе тыным жоқ: түнде адамша ұйықтай алмайсың, құпия бақылаушылар оғаш бір қылығыңды, артық бір сөзіңді қожасына жеткізіп, сол үшін  таңертең таяқ жейсің. Лагерь қызметкерлері тұтқындардың хаттарын ашып оқиды, елден келген посылканы ашып, керегін алып қояды. Ондай сұмпайылыққа Қайым да тап болып жүрді. Қорқыныш билеген көпшілік оны айта алмаса да, озбырлыққа қарсы тұрғандар болмай қалмады. Сол аздардың бірі - Қайым Мұхамедханұлы тұтқындар көріп жүрген қорлық-зорлықты тізе  лагерь бастықтарына хат жазудан қаймықпады. Кімнің  кімнен, қашан, қандай жәбір көргенін нақты атап жазған хаттары кейінде табылды. «Хат жазу себебім кек сақтаушылық  емес, лагерьде адами ар-намысыңды аяқасты етуге қарсы тұру, сізге осыны мәлімдеймін» деп ашық, батыл айтып отырыпты.

Лагерь күнін құрым қара бұлт үнемі тұмшалап тұрды, саңылау көрінбеді  деуге болмайды екен. Соңғы жылдардағы бір әңгімесінде Қайым ағаның осылай деп, мысал келтірген бар. «Сталин заманындағы лагерьден университеттік білім ала аласың» деген «қанатты» сөз болыпты. Жаны бар сөз екен, себебі лагерьлерде жоғары білімді саяси қайраткерлер, әр саланың көпке белгілі құрметті, атақты өкілдері болыпты. Қайым аға совет жұртшылығының сүйікті әншісі Лидия Руслановамен лагерьлес болғанын, ол анда-санда «Валенки» әнін жігерлене шырқап, көңілдерін бір желпінтіп тастап жүргенін айтты. Ал бір бейбақта Н. Карамзиннің «Бедная Лиза» хикаясы шыққан кітап болыпты да, Қайым аға оны сұрап алып, қазақ тіліне 15 күнде өлеңмен аударып, атын  «Сормаңдай Лиза» деп сәтті қойыпты. Сірә, хикаяның  мазмұн-мәні айдау-қамаудағы аудармашының тірлік мәнімен үндес болғандықтан шығар.

Тірліктің тұщысын қалаған пенде де оның немен тынарын біле бермейді.  Ал Қайым түбі өзінің жеңерін біліп, әрбір күні үшін күресуін жалғай түсті. 1952-жылы КСРО Министрлер Кеңесінің төрағасы Г. Маленков пен СОКП ОК бірінші хатшысы Н. Хрущевке, КСРО Жазушылар одағының Бас хатшысы А. Фадеевке хат жіберді. Сол хатынан бір үзінді:

" ...литературныйвельможа С.Муканов и его последователи, желая, во что бы то ни стало, опорочить, скомпрометировать и унизить своего противника писателя М.Ауэзова, действовали испытанными методами врагов Абая - клеветой и интригами. Я оказался жертвой беспринципности этих литературных вельмож и отдельных работников органов МГБ КазССР, которые пошли на грубейшие нарушения советской законности, вплоть до прямой фальсификации обвинительных материалов и применения недопустимых и строжайше запрещенных советскими законами приемов следствия. Я не мог добиться справедливости, гуманного подхода к судьбе советского человека и со стороны органов прокуратуры и суда... Каменной стеной вставали передо мной равнодушие работников и этих органов. Они, мне кажется, придерживаются правила: упавший да будет растоптан».

Бұл сөздерден  қайыспас тұтқынның  әділдіктен әлі де күдер үзбегені, әділетсіздікке төзбес ашу-ызасы, шарасыз шамырқанысы, арыз-шағымының жол табатынына сенімі бар.

Қайым хатын өзіндей сорлап жүрген бір тұтқынның лагерьге келіп қайтқан әйелі арқылы сыртқа шығарған.

Мұхамедхановтардың  отбасы  мұрағатжайында  лагерьдегі Қайымның    сондағы бір мәшинкашыға Фадеевке жіберуі керек хатын басып беруді сұрап жазған запискасы сақтаулы. Онда былай депті:

"Уважаемая! Прошу Вас печатать на одной стороне, через 1,5 или 2 интервала. В тексте моей жалобы встречаются имена двух исторических личностей, очень близкие в орфографическом отношении. Это - поэт Абай и хан Абылай. На что особо обращаю Ваше внимание. Эта жалоба - моя судьба. Это Вы, конечно, глубоко понимаете. Отпечатав мою жалобу, Вы сделаете мне великое добро. Надеюсь, что Вы не откажете несчастному в этой любезности...".

Жоғарыға жолдаған хаттарына жауап  болған жоқ. Алайда дәтке қуат еткені - үйіне анда-санда хат жазуға мүмкіндік берілгені. Міндетті түрде орыс тілінде жазылатын, цензордың оқып тексеруімен жіберілетін ол хаттары әйелі мен балаларын сағынып сарғайған жанның нәзік сезіміне толы болатын еді. Сол хаттарынан бірнеше сөйлем оқылық:

" ...Милые мои, я жив и здоров. Мне понятно, я глубоко чувствую, мои дорогие, что вам без меня трудно и скучно. Мне тоже очень тяжело, когда думаю о том, что я не с вами. Все это, конечно, временное явление. Но пока нам с вами придется мириться с трудностями... Мои дорогие, все что есть в юности - силу духа и мысли, хватку рук, наблюдательность глаз, все отдавайте учебе, труду. У меня нет других желаний, кроме того, чтобы вы учились хорошо, были счастливыми в жизни "; "... я глубоко благодарен тем людям, которые не забыли протянуть руку своему ближнему в трудном случае жизни. Особенно я благодарен им за то, что они помогают вам. Пусть они живут долгой, богатой и счастливой жизнью. Честь и слава им!'

Сазарған сары далада, тікенек сыммен қоршап тасталған лагерьде жаны сыздаған Қайымның  сүйікті жары - тағдырдың тауқыметіне тап болған Фархинұрының досқа күлкі болмай, дұшпанға таба болмай жүрген  қайрат-жігеріне, парасаттылығына тәнті бола, тебірене, кіршіксіз сүйген жүрегін аша  алғыс айтқан. Ол өлеңін баспасөзге  40 жылдан соң ғана ұсыныпты.  Әрбір сөзі жан сезіміңді толқытады, тербейді. Бірер сөйлемін келтірейін: «...Сен мені шексіз сүйесің, қуанышымыз да, қайғымыз да - бір. Сен - менің періштемсің!  Жарына адал серік, балаларына пана  асыл Ана, саған басымды иіп, сені мақтаныш етіп жүрмін!».

Қайым аға Фатхинұрын әрқашан шынайы сүйіп, аялап, алақанына салып жүрді. Жарының фотосуретін  жанынан тастаған емес!

1954-жылғы желтоқсанда Қайым ақталды (А. Фадеевтің жәрдемі болған көрінеді), бірақ бостандыққа 1955-жылы шықты. Тиісті құжаттарды әзірлейтіндердің тоңмойындығы бөгепті.

Азаптың ақыры қайырлы болып, Семейіне апаратын пойызбен Алматыға жеткен Қайым вокзалдан Есмағамбет Ысмайыловтың үйіне асыға телефон шалды.  Өзі де тұтқын лагерінен  сәл ертерек босап келген жолдасы қатты қуанды, Мұхтар Әуезовтің тағатсыз күтіп жүргенін айтып, тезірек хабарласуын қалады.

Телефон тұтқасынан шәкіртінің дауысын естіген Мұхтар Әуезов балаша қуанып, тез кел деп шақырды. Үстінде жөні түзу киімі жоқ және бала-шағасын сағынып қалжырап келе жатқан Қайым ұстазынан біраз күнге мұрсат сұрап, қалтасындағы алты сомына  белетке жұмсап, Семейге жол тартты.

Араға екі апта сала Алматыға жеткен Қайым күткен ұстазымен қуана қауышты. Сағаттан сағатқа созылған әңгімелері аяқталар емес дерсің. Екеуіне ортақ жәйттер көп. Қара құрыққа екеуі де 35 жастарында іліккен (айырмасы: Мұхтар 30-жылдары, Қайым 50-жылдары).  Біріне әке, біріне аға Мұхамедхан Сейітқұлұлының өмірі  де екеуара әңгіменің  арқауы болды.

Мұхтар түрмеде Мағжан Жұмабаевпен, Жүсіпбек Аймауытовпен, Ахмет Байтұрсыновпен бірге отырғанын Қайымға сол жолы айтты. Мұхтарды партиядан кешірім сұрай хат жазуға Ахмет көндіріпті. Ол Абайдың ісі мен сөзін, әдеби асыл мұрасын аялап аман сақтап қалу үшін Мұхтардың бостандыққа шығуы қажеттігін, қазақ халқына керек Абайдың атын ардақтап,  шығармаларын насихаттаудай  ұлы мақсат-мүдде үшін бір рет дізе бүкпей болмайтынын  айтыпты.

...Ақталып оралған Қайым енді  ғылыми атағын қайтарып алу күресіне кірісті. Жұмысқа орналасып еді, бір кафедрадан екіншісіне ауыстырып, штат қысқартуға іліктіріп, есін шығарды. Еңбек стажын қалпына келтіру де қиямет болды. Пәтерін қайтарып алу үшін жазбаған қағаз, бармаған кеңсе, ашпаған есік қалмады. Соттың «қызығын» да көрді. «Үш әріптің» салпаңқұлақтары да ізін аңдып жылтыңдайды. Біз оның отбасы мұрағатжайында сақтаулы шақыру қағазды көрдік, 1955-жылғы 8-желтоқсанда жазылған. Қайымға КГБ-ның Алматы қаласындағы бір қызметкеріне келуді ескертіпті. Пәлен жылын лагерьде өткізуге мәжбүр болған соң өздеріне «майшелпек» болды дессе керек. Жоқ, олар Қ. Мұхамедхановты айдаған жақтарына жүргізсе де, айтқандарына де көндіре алмады! Ол «ақырын жүріп, анық басатын», көзі жеткен ақиқаттан аумайтын, батыл да әділ сөйлейтін, анық та ашық жазатын, өктем күшке өзеуремейтін, білекті емес, білімді силайтын қалпынан өзгерген жоқ.

Ол домбыраны жақсы тартатын. Ал лагерьден мандолина ала келді. Кейде соны сылап-сипап, Н. Некрасовтың «Тройка» өлеңіне жазылған әнді «Что ты жадно глядишь на дорогу...» деп  қоңыр үнмен баяу  бастап, ойлы пішінмен айтып отыратын. Ол:

«...Прощай, немытая Россия,

Страна рабов, страна господ.

И вы, мундиры голубые,

И ты, им преданный народ...» - деп М.Лермонтовқа жиі жүгінетін.

Лениннен бастау алған коммунистік идеологтар  өздерін декабристер мен халықшылдардың ұрпағымыз деді. Ал олар сталиндік кезеңде бөтен ойды тұмылдырықтайтын күшке айналып, патшаның «көгілдір мундирлі» жалдаптарының ізімен кеткендерін аңғармай да қалды. Анна Ахматова 1939-жылы-ақ  «көгілдір мундирлілер» мен НКВД-ның көкбөріктілерін салыстыра теңеген болатын. Киімдерінің түсінен саяси түйсіктері сезіліп тұрған ғой. Сірә, лагерьде, қиямет құрсауында, жүрген қазақ ақын, А. Ахматованың «Реквиемін» оқымақ тұрғай естімесе де, М. Лермонтовтың құлдар мен мырзалар, көгілдір мундирлер мен жаншылған халық туралы тармақтарын жиі қайталап, салыстыра  сан рет ой өрбіткен болар. Соның нәтижесінде 1952-жылы жазған, ғұмырының тұмары дерлік:

Туған ел - алтын бесік, ұшқан ұям,

Көз жұмылмай тұрғанда қайтіп қиям?!

Тарта гөр, Семейімнің топырағы,

Төстіктей жеріңе мен еркін сиям! - деген сағыныш назды өлеңі көп-көп жайды аңғартпай ма?!. Иә, оған сүйікті де сүйкімді адамдарымен бірге жүргеннен артық ештеңе керек емес еді. Оны сол бақытынан айырғысы келгендер...

Қайым Мұхамедханұлымен қайтыс боларынан екі жыл бұрын бір әңгімелескенім әлі есімде. Өмірінің теріскейі туралы сабақтап отырған сөзін  кенет үзіп, өңі бозғылт тарта бір ауық үнсіз қалды. Ой бейнетінің белгісі-ау...  Ауыр тиді. Аямады. Жыл өткен сайын артпаса, кеми қояр ма...  Суалыңқыраған саусақтары көрпесінің бұрышын бүрді. Сәлден соң өңінің бозғылт бояуы шайылып, жылы шырайы орала бастады. Байырғы кешірімділігінің нышаны-ау... «Олар  бұйрықты орындауды ғана білді. Сол үшін жазғыруға болар ма?» деді.

 

 

тарау

 

АБАЙ  АРУАҒЫНА  ІЗЗЕТ

 

Абайдың әдеби мұрасы. Жас ғалымды ғылым жолына бастаған, айналысуың осы болсын  деп  ұқтыра қызықтырған бұл әлем шексіз еді. Ол соны біле тұра оған қадам басты. 40-жылдардың басында. Абайдың ақындық шалқар ой-әуені орыс әдебиетінің алыптары Пушкин мен Лермонтовтың, Крыловтың  поэтика әлемімен астасып жатқанын аңғарып, олардың өзара байланыс сырына қанығуға шын қызықты. Бұл байланыс бүгінгі абайтанушыларға өзінен өзі түсінікті табиғи қалып болып көрінуі мүмкін. Орыс және еуропа поэзиясын кезінде оқыды, тоқыды дер. Өйткені бүгінгілердің алдында ХХ-ғасырдың ортасында Қайым Мұхамедханұлы салған жол жатыр. Абайтанудың қазіргі даңғылына соқпақ болып қосылған ол жол бірте-бірте кеңіп, жолаушылары көбейе берді. Соқпас иесі қазақтың кемеңгер ақынының ой өрісі мен өресі бүкіладамзаттық  поэтика әлеміне ұласып жатқанын, олай шарықтауына табиғи дарыны, ізденімпаздығы, танымпаздығы және шығыс, орыс, еуропа мәдениетімен, әдебиетімен байланыса алғаны ықпал жасағанын алғаш рет ғылыми жүйеледі.

Ә дегеннен абайтануға ден қойған Қайым аға  қара құрсаудан босап шығысымен бірнеше жылға үзілген жолын жалғап, Абайдың ел аузындағы өлеңдерін жинауға қайта кірісті де, бірінші жылы үшеуін, 1956-жылы алтауын тапты. Оларды жариялаудан бұрын шын мәнінде Абай өлеңдері екенін  текстологиялық зерттеуден мұқият өткізіп, көзі жеткен соң дәлелді түсінік жазды. Оның 1955 - 1959-жылдары  абайтану тақырыбына жазған мақаласының ғана саны  - он бір. Негізгілері: «Мағауия Құнанбаев. Өмірі мен шығармашылығы», «Абай туындыларының текстологиясы». Соңғысы қазақ текстологиясындағы баға жетпес басты еңбекке айналып, күні бүгінге дейін бұл бағыттағы үлгі-өнеге болып келеді. Абай шығармаларын түгендей топтауы, оның ауқымы кеңдігін, тереңдігін, қайталанбас қуаттылығын  танымды да тапқыр әңгімелеуі, Қазақ әдебиеті оқулығында айтылғандай, «әдебиеттануымыздың көкжиегін кеңіткен жаңалық болды».

Қайым Мұхамедханұлы 1959-жылғы 12-маусымда Ғылыми кеңесте Абай тұсындағы ақындар жайында  диссертация қорғады. Сәтті болды, ойы орындалды.

Абайтанушы  ізденімпаз ғалым  1970-жылы үлкен жаңалық ашты: Абай өлеңдерін 1909-жылы Санкт-Петербургта алғаш рет шағын жеке жинақ етіп шығарған адам  Ілияс Бораганский  екенін паш етті! Ол еңбегі Қазақстан, Ресей, Башқұртстан мұрағатжайларымен байланысып, шаң басып жатқан гәзет және құжаттар тігіндісін жылдар бойы қажымай ақтаруының жемісі еді. Сөйтіп, ол Абайдың ғылыми өмірбаянындағы тағы бір ақтаңдақтың орынын толтырды.

Абайдың ақындық, философиялық танымы тұтас бір кең әлем десек, Қайым аға ол әлемді өмірінің соңғы сәтіне дейін зерттеп өтті. Абайдың туғанына 150 жыл толуына орай 1995-жылы шығарылған қостомдыққа  сіңірген еңбегі өз алдына бір төбе. Ұлы ақынның туындылары бірінші рет  ғылыми түсініктермен шықты! Көркем әдебиетіміздегі ол жаңалық  Абайдың ақындық, ойшылдық құдыретіне тәнті көпшілікті шексіз қуантса, оларға сол қуанышты силаған бірегей ғалым Қайым ағаның қабағын кірбең шалды: қостомдықты ол дүкеннен сатып алды...

«Ештен кеш жақсы» дегендей, Қайым Мұхамедханұлына Қазақстан Республикасының Мемлекеттік силығы берілді. Басқа да құрметті атақтар мен награда болды. Олар: «Абай» энциклопедиясын, «Абай» қостомдығын және Абайдың шәкірттері жайындағы төрттомдықты шығаруға жұмсаған ғалымдық қажыр-қайратының өтеуі сияқтанды.

Қажымас Қайым аға ат шалдырмайтын ғадетінен жаңылған жоқ: мұрағат жайларды тынымсыз аралап, керегіне сұрау салып, тапсырыс беріп, алыс-жақындағы  әдебиетші ғалымдармен  сөйлесіп, хат жазысып, абайтану аясын кеңітіп, жас ізбасарларын көбейте  берді.

 

 

VІІ -тарау

 

ҰМЫТЫЛҒАННЫҢ   ОРАЛУЫ

 

Баршамызға аян және бір жәйт - қазақ әдебиетіндегі шәкәрімтанудың көшбасы  Қайым Мұхамедханұлы екені.  Ол озбыр билік өктемдікпен  атын өшірген Шәкәрімді ақтап алу күресін отыз жыл бойы жүргізді. Қазақтың төл әдебиетінің төрінен орын алуға тиіс ақынды ғалым болып қана емес, түбі бір туыстық дәстүрдің талабымен де іздеді. Әкесі ерекше ғажап адам Шәкәрім туралы арасында қызықтары да бар көп әңгіме айтатын. Шәкәрім 1912-жылы бұлардың үйінде  біраз уақыт мейман болып жатты. Ел-жұртқа танымал ақын  он саусағынан өнер тамған шебер де екен. Өз киімдерін, етік-мәсіні қоса, өзі пішіп-тігіп алуы былай тұрсын,  музыка аспаптарын да: қазақы домбыраның түр-түрін және сайын далада кездесе бермейтін скрипканы өзі жасап алады.

Бір күні таңертеңгі шайдан кейін Шәкәрім қала аралайтынын, түске таман оралатынын айтып шығып кетеді, бірақ межелі уақытта да, одан кейін де келмейді. «Бұлай болмаушы еді ғой?» деп Мұхамедхан мазасызданады. Сөйтіп отырғандарында бір полицей келіп, оны участок бастығы шақырып жатқанын айтады. Сөйтсе, киім киісі ерекше сұңғақ бойлы бейтанысты тәртіп сақшылары тегін кісі емес, бұл шпион шығар деп ұстап, участокке алып барыпты.

Айтпақшы, Шәкәрім бүгінде қолымызда бар жалғыз фотосуретке  Мұхамедхан Сейітқұлұлының үйінде жатқан сол күндері түскен көрінеді.

Шәкәрімнің әдеби бүркеншік аты  -  «Ұмытылған» (ақынның өзі «Мұтылған» деп жазған, - Ғ. Қ.). Жекебатырға айналған Шәкәрімді бір күні Шыңғыс тауының қойнауында атып өлтіріп, мүрдесін бір терең шұңқырға тастай салған қызылжағалылар оның атын өшіру, ұмыттыру үшін қолдарынан келген сойқандықтың бәрін істеген: ақынның кітаптарын, қолжазбаларын, киім-кешек пен нәрсе-бұйымдарын құртқан. Оны-мұны қағаздарын, суреттерін өртеуді кеңсенің мылқау күзетшісіне тапсырған. Шәкәрімнің бізге мәлім фотопортретін ақынды сырттай білетін, іштей құрметтейтін сол мылқау сақтап қалыпты. Байқатпай ала қойып, екі бүктеп, қойныны тығып жіберіпті. Кейін сол жарымжан адам берген болар, ол сурет сейітқұловтардың үйінде  сақталған.

Әлмисақтан бері айтылып келе жатқан, «қолжазба күймейді» деген әсірелеу сөз Шәкәрімнің кезінде мүлде жоққа шығарылды. Ақының қолжазбалары да, өзінің көзі тірісінде Семейде, Ташкентте, Қазанда шыққан кітаптарына дейін жанып кетті. Егер ұлы Ахат әкесінің үш бума қолжазбасын, бір кітабын қалайда сақтап қалудың жолын таба алмаса,  ақынның әдеби мұрасынан біз мақрұм қалар едік.

Ахат та аз тауқымет тартқан жоқ.  Талайды жазықсыз тентіреткен, қазаға ұшыратқан «халық жауының баласы» деген сөз оған да қара таңба болып басылып, түрмеге қамалды. Қайым, өзі де бақылауда жүргеніне қарамай, тұтқындағы Ахат Құдайбердиевке тамақ апарып жүрген. Ахат одан келе бермеуді әлденеше өтініп, ол жүрісінің ақыры жақсы болмасын ескерткен. Қайым оның тілін алмапты. Ұлы ақынның баласын қиын-қыстау кезде қолдауды  адами парызым деп білген.

Түрмеде бірнеше жыл отырып, әйтеуір, аман-есен босап шыққан Ахат 1957 - 1967-жылдары ұлы атасы Абайдың мұражайын басқарып, содан кейін ғылыми жұмыстармен шұғылданған. Әрине, әкесін ақтап алуға шындап кірісті де, соның нәтижесінде 1958-жылы КСРО Бас прокуратурасынан: «...айыбы дәлелденбеуі себепті Шәкәрім Құдайбердиевтің ісі тоқтатылды» деген, отбасы көптен күткен жауап алды. Алайда Ұмытылған ақынның  талантын тануға, шығармаларының жарық көруіне өкіметтің ол шешімі қолма-қол көмек бола алған жоқ. Шәкәрімнің  тұмшаланған түнектегі жолын ашу әлі де көп арпалысты керек ететінін Қайым Мұхамедханұлы да жақсы біліп, ақынды толық ақтап алу күресіне бел шеше кірісті.

Марқұм ақынның ақталғаны мәлімденсе де, оған ашық наразылық, қарсылық жасалмаса да, Шәкәрім туындыларын жарыққа шығаруға мұнда ешкім асықпады. Ақынның таңдап алған «Мұтылған» аты сол  ұмытылған күйінде қала беретінге ұқсады. Қайым гәзет-жорналдарға мақала, партиялық басшылық орындарына хат жазып, Шәкәрімнің ұлы ақын екендігін, ресми ақталғанын, яғни оның әдеби мұрасын жарыққа шығарып, насихаттау, таныту керектігін айтты. «Әлдекімдердің әлдеқалай болар екен деген әсіресақтықтары кедергі болып, ашылған жолды әдейі жауып тұрған сияқты», деп ашынды. Ахатқа жаздырған хаттарының да көшірмесі бар.

«Тоқырау» жылдарының бірінде Семей облысына Ресейден келген ресми делегация Абай туып-өскен өңірге барыпты. Делегацияны обком қызметкерлері алып жүріп, өңірдің тарихи жерлерін аралатқан, Абайдың үйін көрсеткен, тәу етуге зиратына апарған. Зират басындағы бір  сәтте Қайым Мұхамедханұлы: «Мұнда қазақтың ұлы перзенттерінің бірі - Шәкәрім жатыр» деп, делегацияға ақынның моласын көрсеткен. Ол қылығы обкомдықтарға оқтай тисе керек, олар  шошып, сасқалақтап қалған. Сәлден соң біреуі Қайымға тістене күбірлеп: «Сен бізді тірідей өлтірдің!» депті. Арының асқақ сөзін қорқынышсыз айтқан ғалым айылын жимапты. Оның ойы ұлы ақынның шығармаларын халқына қалайда жеткізудің жолын ашу ғана болған.

Горбачевтің «қайта құруы» да дәрменсіз болып шықты. Басталған сөз тиянақтар емес. Қимылды еселемей іс бітпесін байқаған Қайым жаңа жол іздеді. Ол Шәкәрімнің өмірі және шығармашылығы туралы нақты деректі материал әзірлеп, ақынның  ғылыми өмірбаянын жасауды жобалаған еді. Енді соны жоғарыдағыларға жеткізбей болмайды деп түйіп, 1987-жылғы шілде айында Қазақстан КП ОК хатшысы Г. Колбинге, КСРО Жазушылар одағының Бас хатшысы В. Карповқа хат жіберді. Сол хаттан бір үзінді:

"...восстановление имени Шакарима является важнейшей животрепещущей проблемой в истории литературы и всей культуры Казахстана. Об этом же недавно на пленуме Союза писателей СССР в Москве говорил Первый секретарь правления республиканской писательской организации поэт О.Сулейменов". Ақынның шығармаларын қайтадан шығару ойластырылмай отырғанына назар аударған Мұхамедханұлы одан арыда былай деген: "Я смею высказать свое убеждение по этому поводу: кое-кому не по нутру интернационалистический дух творчества поэта Шакарима, оттого изо всех сил тщатся приписать ему национализм. Этот грязный прием мне знаком, я сам в одно время был жертвой такого метода".

Сол тұста Қайым «Қазақ әдебиеті» гәзетіне Шәкәрім жайындағы ғылыми-зерттеуінің нәтижелері туралы мақала апарып берген екен, бірақ редакциядағылар тартыншақтаумен бірнеше айды өткізіп, ақырында баспай қойыпты. Ұмытылған ақынды ұлағаттаудан сескенген.

Өзімізде оңды ештеңе болмасына көзі жеткен соң Қайым аға «Огонек» жорналының редакторы В. Коротичке хат жолдап, былай деген (бірер сөйлемін ғана келтірелік):

"...чем и как объяснить, что с 1958 года, когда Шакарим был полностью реабилитирован, до сих пор не осуществлен I выпуск подготовленного Академией наук КазССР к печати в середине 60-х годов двухтомного собрания его произведений? За столь долгое время была всего лишь одна публикация (и то не в Казахстане, а в Ленинграде) четырнадцати стихотворений в переводе на русский язык в книге "Поэты Казахстана". Очевидно, что восстановление подлинной правды о Шакариме встречает серьезные препятствия со стороны некоторых ответственных чиновников в нашей республике".

(Аудармашыдан: «Поэты Казахстана» жинағын шығаруды ойластырған, оны құрастыруды Мұхтар Мағауинге тапсырып, Мәскеудегі, Ленинградтағы дос-жолдастарымен ақылдасып,  баспаға  жол тапқан - әйгілі жазушымыз Әнуар Әлімжанов.)

Бір ай шамасында КСРО Жазушылар одағынан жауап келді (үзінді):

"Мы внимательно ознакомились с вашим письмом по поводу судьбы выдающегося казахского поэта и мыслителя Шакарима. Переговорили с товарищами из ЦК КП Казахстана. В данное время мы ждем от них труды Шакарима, чтобы полнее ознакомиться с творчеством поэта (бұл сөздері шыңғыстаулық  Жекебатырдың шығармашылық мұрасына бейтараптылық емей, немене?! Шәкәрімнің еңбектері партия шенеуніктерінің қайсысында болды екен?!-автор). Наш Роллан Сейсенбаев ведет переговоры с журналом "Литературное обозрение", чтобы напечатать Ваше письмо-статью на страницах данного журнала. Если редакторы предложат Вам кое-что выправить и  дополнить текст, то, пожалуйста, примитесь со всей душой. Как Вам известно, Шакарим по силе и значению второй поэт Казахстана после Абая".

(Аудармашыдан: соңғы сөйлем Қайымның өз сөзін, «как Вам известно» деп қойып, өзіне көлденең тарту ғой? Партияның «ақылгөйлерінде» қымсыну  болмаған.)

1988 жылғы көкек айының 7-сі күні Қ. Мұхамедханұлына Қазақстан Жазушылар одағы басқармасының бірінші хатшысы Әди Шәріповтен: «Тиісті органдар Шәкәрімді ақтады! Құттықтаймын!» деген жеделхат келді. Мұндай құттықтау естуге оның - Семейде тауы шағылып жатқан ғалымның құқы бар еді.  Шексіз қуанышқа бөленді.

Көпшілік сарғайып күткен іс сәтте оңға басып, Шәкәрім туындыларын жинақ етіп шығаруды бірнеше баспа дереу қолға алды. Ақиқат жеңді. жинақтар  шықты. Алайда қуаныштың соңы  үлкен өкінішке айналды. Ақын шығармалары  өрескел бұрмаланыпты. Қайым Мұхамедханұлы қатты налып, орынсыз бұрмалауларды түпнұсқамен салыстыра отырып, текстологиялық мақалалар жазды. Семей мемлекеттік пединституты құзырындағы Шәкәрім ғылыми-жерттеу орталығының директоры Тұрдықұл Шанбайдың бір күні кеңсесіне Қайым ағаның  келгенін, өзін үстел басына отырғызып, қолына қарындаш ұстатып, Шәкәрім шығармаларының жаңа жинағын  алдына қойып: «Мен Шәкәрімнің өлеңдерін жатқа айтамын, ал сен андағы кітапқа қарап, бұрмаланған сөздерді түзетіп отыр» дегені бар. Тұрдықұл Қасенұлы кейін сол жәйтті есіне алып: «Мен оның есте сақтау қабілетіне еріксіз таңдандым! Қанша қате, қанша бұрмалау тапқан десеңізші! Ол түзетпесе, кім түзете алар еді?!» деді.

Қайымның «Ақынның оралуы» деп аталған мақаласы алғаш рет Семей облыстық «Ертіс» гәзетінде 1988-жылы 23-көкекте жарияланды. Онда Ұмытылғанның өміріне, өлеңдеріне, философиялық ой-пікірлеріне гәзет көлеміне қарай  қысқаша шолу жасалып, ақын тағдырының қандай қасіретпен аяқталғаны айтылды. Бірақ қазақтың: «бір айналдырғанды шыр айналдырады» дегені келіп, мақаланы мүдірмей оқу мүмкін болмады: әріп қатесі быжынап, кейбір тұстары ақ басқан көздей шелиіп, мүлде көрінбейді. Жұртқа белгілі биязы, ұстамды, кешірімді  Қайым қатты ашуланып, табандап талап етіп, мақаланы гәзетке қайтадан жариялатты. Ақын туралы пікірін: «Өмірі де, шығармашылығы да ерекше Шәкәрім халыққа керек, ол біздің рухани тірлігімізді байыта түседі», деп тұжырды.

Сан жылдар бойы санатта болмаған Шәкәрімнің халыққа, әдебиетке оралуы жөніндегі сол мақала ақынның «ақтаңдаққа» айналған өмірбаянын  қалпына келтіру хақында 1980-жылдардың соңында айтылған алғашқы қуатты сөз еді.

(Жалғасы бар)

«Абай-ақпарат»