АБАЙДЫҢ "ЖҮРЕК АЙНАСЫ"

«Жүрегімнің түбіне терең бойла...»

Абай

(әдеби-пәлсапалық пайымдаулардан үзінді)

Абай шығармаларында мол көрініс табатын «жүрек» категориясы ең әуелі оның дүние танымдық түсінігінен, соның ішінде адам болмысы туралы, оның түпкілікті мәні жайындағы философиялық-танымдық, моральдық-эстетикалық пайымдарынан айқын көрініс тауып, онан әрі әдеби-көркем бейнелеулермен, тілдік ажарлы айшықтаулармен астасып жатады. Дүние жаратылысты танып білудегі ілкі ізденістер, философиялық көзқарастар, ғылыми-теологиялық ұстанымдар мен ұмтылыстар негізінен екі түрлі өлшемге иек артады. Бірі-ақыл мен сананы жоғары қойса, екіншілері-«жүрек» категориясын, яғни махаббат сүйіспеншілік һәм ізгілік (гуманизм) мұраттарды алға шығарады.

Абай-дүние болмыстың ақиқатын «махаббатпен» түсіндірушілер қатарында. Абай философиясының үш тағаны - «иманигүл үш  сүю». Ол-махаббатпен жаратқан Алланы сүю, екіншісі - азаматты сүю, үшіншісі - әділетті сүю. Философ Ғ.Есім осы үш сүюді талдай келе, алғашқысын - парыз фиолософиясы, екіншісін бауырмалдық философиясы және әділеттік философиясы деп жіктейді де, Абай айтқан жомарттықтың (жәуенмәрттілік) үш қазығы - әділеттілік, шапағаттылық және даналық. Әділеттілік - адамның жаратылуында болса, шапағаттылық - адамның ақ пейілділігінің өлшемі, ал, даналық - ақылдылықтың жемісі болмақ. Абай адамның негізгі үш қасиетіне ыстық қайратты, жылы жүректі, нұрлы ақылды жатқызады. Осы үшеуінде жаратушының адамға берген ерекше мәнді сый-сияпаты тұрғандай. Бірақ, «ауруды жаратқан құдай, ауыртқан ол емес» дегендей, ыстық қайраттың, жылы жүректің, нұрлы ақылдың иесі болмақ адамның өзіне қатысты болмақ. Адам өз болмысына өзі үңіліп, жақсылық пен жамандықты екшеп, ылғап, қасиетсіздіктен өз бойын, жүрек айнасын таза ұстауы шарт екен. Манағы үш қасиетке қарама-қайшы келетін, қайратсыздық (сөнген қайрат), салқын жүрек, суық ақыл орын тепсе дүниенің оңбайтыны сол. Сөнген қайраттан-намыссыздық, жігерсіздік, ынжықтық туындаса, салқын жүректен-пиғылсыздық, немқұрайлылық, ынсапсыздық, ұятсыздық, сүйе білмеушілік, мұратсыздық, жаны ашымастық, мейірімсіздік, қайырымсыздық балалап, суық ақылдан-зұлымдық, қатыгезділік, өшпенділік, кекшілдік, айлакерлік, сұмпайылылық, сұм сұрқиялық бас көтереді. Адамзатты махаббатпен жаратқан Алла пендесіне ерік те берген екен. Адам әлгі еркін  дұрыс пайдалана алмаса өзінің де өзгенің де өміріне балта шаппақ.

«Адам боп туу Алладан, ақымақ боп кету өзіңнен» - деген осы болса керек. Аристотельше жақсы істің де, жаман істің де басы бұл-ниет, ерік, ынта. Ненің ықпалымен біз ол не бұл қаракетті жасасақ онны ынта дейміз. Ынтаның үш түрі болады екен. Олар: құмар, қарқын, қалау. Осының өзі жанның тілегі, аңсары. Ал жан - ізгіліктің көзі.

Аристотельдің пайымдауынша екі жаққа бөлінеді-ақыл иесіне және ақылдан ада жаққа. Ақылғы ие жағына ақылдылық, көрегенділік, даналық, үйрету қабілеті және тағы басқалар жатады. Ақылдан ада жағы: қанағат, әділдік, ерлік және ұнамды мінез құлық түрлері. Оның ескертуінше  адамды ақылы, естілігі үшін жақсы көрмейді. Асылы адамды ақылдан ада ізгі қасиеттері үшін бағалап, жақсы көрсе жөн. Ұлы ойшылдың пікірінше нақты бір адамның ақылдан ада жағы (біздіңше жүрек ісі) ақылды жағына сәйкес болса және саған қызмет етсе дұрыс болмақ-дүр. Әлгі Абайдың «толық адам» дегені осы болар. Жаратушының әрбір ісі, қарекеті әділетке негізделген. Әрбір ақиқатта әділеттілік бар. Ал әділеттіліктің негізінде, өзара үйлесіммен тәртіп, реттілік бар. Мұны Пифагор «гармония» деген.

Адам болмысындағы өзара үйлесімділікті реттеуші, Абайша айтқанда ол-жүрек. Он жетінші қара сөзінде әлгіндегі «ыстық қайратты», «жылы жүректі», «нұрлы ақылды» өзара айтыстары келіп, төреші ғылымға мынандай уәжі айтқызады: «Сен үшеуіңнің басыңды қоспақ менің ісім. Бірақ сонда билеуші, әмірші жүрек болса жарайды. Ақыл, сенің қырың көп, жүрек сенің  ол көп қырыңа жүрмейді... Қайрат сенің қаруың  көп, күшің мол, сенің де еркіңе жібермейді. Осы үшеудің басыңды қос, бәрін жүрекке билет... Үшеуің ала болсаң, мен жүректі жақтадым. Құдайшылық сонда, қалпыңды сақта...»

Асылы Абайдың, «ет жүрексіз еріннің айтпа сөзін», «Алла деген сөз жеңіл, Аллаға ауыз жол емес, ынталы жүрек, шын көңіл, өзгесі хаққа қол емес» дегенінің мәнісінде «жүрегіңнен шықпаған сөзді айтпа, Жаратушы Алланы, оның хикметін, мұғжизасын жүрекпен сезін»  деген байлаулы ой, байыпты ұстаным жатыр. «Тіл жүректің айтқанына көнсе, жалған шықпайды. Амалдың тілін алса жүрек ұмыт қалады... Қазақта адам баласы ғой, көбі ақылсыздығынан азбайды, ақылдының сөзін ұғып аларлық жүректе жігер, қайрат, байлаулылықтың жоқтығынан азады»-дейді тағы да хакім Абай.

Фетхуллаһ Гүлен «Ғаламның рахым нұры Мұхаммед Пайғамбар саллалаһу аләйһи уәсәлләм» атты кітабында былай дейді: «Ибрагим сөзімен айтсақ «Сыймаған хақ жер мен көкке, сезілді құпия жүректе» -деп, Жаратушымыздың іштегі сезіп білуімізді қалады. Жүрек-әлемге  сыймаған хақтың сәт сайын өзін-өзі сездіретін қазынасы. Кітаптар, дүниетаным, ақыл-ойлар, пәлсапа мен баяндаулар, жер мен көктегі барлық жаратылыс атаулы Аллаһты қамти алмас. Тек қана жүрек, аз да болса, оны айтып түсіндіре алады. Иә, жүректің құндылығы сондай-бүгінге дейін құлақ екеш құлақтың өзі дәл соның жеткізе алғанындай сөзді естіген емес. Олай болса адам баласы жүрекке терең бойлауға қалағанын сонан іздеуге және Рабқа шексіз беріліп, оған деген махаббатымен біртұтас болып кетуге тырысуы керек».

Ұлы ақын Абай өлең тілінде адамның жан тебіренісін, көңіл толғанысын, сезім нәзіктігін, ой өткірлігін, мінез құбылмалылығын көрсететін бейнелі сөздердің неше түрін осы «жүрек» деген әрі заттық, әрі абстракциялық ұғымдармен астастырып береді. Мысалы, жүрегім менің қырық жамау, жүректің жігі, жүректің көзі, жүректің оты, жүректің ақыл суаты, жүректе қайрат болмаса, ауру жүрек соғады, жүрек-теңіз, жүрекке жылы тию, ыстық жүрек, сорлы жүрек, жылы жүрек, ынталы жүрек, мұз жүрек, асыл жүрек, асау жүрек, ет жүрек, жас жүрек, ызалы жүрек, шошынған жүрек, ит жүрек, сұм өрбіген жүрек, үрпиген жүрек, қапаланған жүрек, айнымас жүрек, жаралы жүрек, сөніп қалған жүрек, махаббат пен ғадауат майдандасқан жүрек.

Жүрек сөзіне бағыныштылық Алланы, оның хикметін сүю-суфизм іліміне өте тән. Ислам дін іліміндегі мағрипат, тариқаттың ұзақ жолы жанкештілікті, жаннан кешушілікті, дағуа тақуалықты талап етеді. Қожа Ахмет Яссауидің  64 хикметінде былай дейді: «Тариқат-дүр танып білсе бәрі де, Мағрипат дүр қанса білім нәріне, хақиқаттың жетпек сонда мәніне».  «Жаратқанды ынты-шынты жаныңмен сүй, адал жас боп сорғалар қаныңмен сүй» -дегенді де осы Қожа Ахмет рәсила етеді (65 хикмет).  Абай «ауру жүрек соғады ақырын жәй», «жүрегім ойбай соқпа енді», «қайран жүрегім мұз болмай ма» -деп толғанса, Қожа Ахмет «көзім-жас, көңілім-қайғы, жаным-жалын», «жарақат жүрегімді сорлатпай ма?!» деп аһ ұрады. Ал Қожа Хафиз, «Қайран жүрек дауа таппай дал болар да қамығар», «Менің бүтін жан жүрегім-сенің ғажап жанарыңда, сенің ғажап жанарыңның тұрмын түгел қамауында», «Дос ақылы-айна бейне кесесі ғой Жәмшидтің», «О жүректің әміршісі, қызыл шарап бойды алды», «Жылуыңнан жүрегімнің оты қайта жанады», «Бір өзің деп үлпілдейді кеудемдегі бұл жүрек» -деп өзінің ғажайып ғызалдарында жүрекке жүгінеді. Әлқисса, «жүрек айнасын» кірлетпей ауық-ауық жуып, тазартып, адамдық тұлғасын асқақтаттық, кісілік бейнесін пайғамбарлық қалыпқа негіздеп, айналасына адамгершілік ізгі нұрын сеуіп кеткен ойлы Абайдың, қапалы Абайдың һәм қажыған Абайдың былайғы өмірдегі мінез қыры да өзінің тезіге салып тексеріп тергеуімен, өзгертуімен, еңбек қылып тәрбиелеуімен жасампаздықтың жарқын үлгісіне айналған еді. Оны жарықтықтың өз өлеңдерінен және баласы Тұрағұлдың естеліктерінен айқын аңғаруға болады. Тұрағұл әкесінің машықтары туралы былай дейді: «Ұлғайған сайын әкемнің ашуы азайып, жұмсақ тарта берді, бұл жұмсартуды өзі еңбек қылып тапты. Мен қандайлық әділ сөзбен қарап жазайын десем де, жасында кәрлі еді, жанын күткіш, ертерек шау тартып еріншегірек тартты демесем, басқа мін таба алмадым, мұны әкемді мақтаймын дегенім емес, бар білгенім-сезгенім осы-ақ».

Дүбір дүниенің барлығын да, байлығын да, қызығын да шыжығын да бір кісідей көрген, болыс болған Абайдың, би болған Абайдың, арғы бергі дүниенің ғылымын көздеп бар білімді һәм зор кісілікті бойына жинаған хакім Абайдың, «ызалы жүрек, долы қолмен» жыр кестелеген ақын Абайдың қиянатшыл дүниеден жүрегі қырық жамау болып, «қор болды жаным» деп күйзеліп, күңіреніп, таусылып, түгесіліп, баз кешіп кеткені не? Сірә өзі айтқандай «ойлы адамға қызық жоқ бұл жалғанда».

Жүрек айнасы?! Уақыт пен мезгілдің бедері бейнеленіп түсетін Абайдың жүрек айнасында рахмани нұр мен адамгершіліктің, ізгі махаббат пен кісіліктің  айқын бейнесі биіктей көрініп, келер бір уақыттарда зор данышпандық тұлғаға айналатынын бәлкім өзі білген де шығар.

«Ибраһим мырзаның тұрағы қазақ іші болғандықтан, қадірі азырақ білінді. Олай болмағанда данышпан, хакім, философ кісі еді. Қор елде туды да, қорлықпен өтті»-дейді Шәкәрім өзек жарды өкінішпен. «Жүрегімнің түбіне терең бойла» -бұл хакім Абайдың өз заманына, кейінгі ұрпаққа айтқан жүрек сөзінің, жан сырының түйіні іспеттес.

 

http://old.abai.kz/content/erbolat-bayat-abaidyn-zh-rek-ainasy