«Діннің түбіне мақсым жетеді, Елдің түбіне тақсыр жетеді» деген қазақы болмыстық сөз бар. Бізге керегі бұның екінші компоненті. Білгенге мағынасы далиған даладай кең. Мұндағы «тақсыр» сөзінің мәнінде белгілі бір биліктің тетігін ұстаған «ұлық» тұрса, екінші жағында сол билікке мойынұсынып құрақ ұшар «тобыр» тұр; көкірек көзінде сәуле түсер саңылауы жоқ. жалбарынумен күнін өткізер тобыр, баяғы Абай атам мысқылдайтын топ. Ал қай ісінде ұлттық реңкі-бояуы жоқ сол ұлықтың қолында үкімет қазынасынан тиген ақшасы болады екен, бүгінгі күні (ащы да болса мойындауға тиіспіз), сондай бір заңдылық бар. Әйтсе де бұл қаражат ұлттық мұраттар кәдісіне жұмсалмайды-ақ. Осылайша қай сала болмасын бәсіміз де, ұпайымыз да кем түсіп жатқаны. Неткен сорлылық күй. Бозды босағада қалдырып, торыны төрге шығарған мына заманға жәдігөй көзбен торыға қарайсың да, кептеліп келген мұңнан көңілің шөл қатқандай тіптен кеберсіп кетеді. Сыртың - бүтін, ішің - қайғы. Тағы да баяғы Абай жырлайтын кеп. Ұлтсыздар қоғамында әділеттікке орын жоқ екен. Неге біз былайша түңіле мұң шақтық?
Жақында «Абай драмасы» аталатын деректі телехикая түсіріліпті. Достарымыздан алдық, электрондық тасымалдағышта. Етек-жеңі жинақы, айналасы жұп-жұмыр дүние боп шыққан екен. Айқай-сүргінсіз, еш жарнамасыз жасалынған шынайы шығарманы тамашаладық. Сонсоң ол туралы көбірек мәлімет алмақ ниетпен, мәдениет, кино маңында жүрген хабары бар-ау деген адамдармен хабарласып, пікір алмастық. Білгеніміз - кино түсіруге тендер женген бір ұлық мол қаражат алады да, киноға сценарий жазатын білімдарларды іздеген екен. Бағына жаны - жайсаң, тілегі - ақ, пейілі - кең, ниеті - түзу, білігі -теңіз, білімі - балқаш, ұлттық мәдениет кеңістігінде шағаладай шарқ ұрған Ерлан Төлеутай тап болыпты. 7 сериялыққа келісіп, кейіннен 5 сериялық болып түсіріліпті. Айпағымыз, бұл түсірілім жұрттың бәрі шулап жатқан «Келіннен» де, «Шалдан» да көш ілгері. Ұлттық рухани құндылықты паш етер дүние осындай болуға тиісті негізінен. Мұхтар Әуезовтің ұлы шығармасының желісі бойынша түсірілген бұл түсірілімнің бір ерекшелігі, кино жанрына сай, оқиға желілеріне қазақтың бетке ұстар зиялылары өз түсіндірмесін (коментарийін) беріп отырады. Олар - академик Серік Қирабаев, Ғарифолла Есім, Тұрсын Жұртпай, Таласбек Әсемқұлов, Диқан Хамзабекұлы, Омар Жәлел, т.б. Бұл драманың ұтымдылығы да осында жатыр. Ақиқат пен шынайылық - кез келген өнер туындысының өлшем-белгісі (критерийі) десек, бұл туындының, әсіресе, кейінгі ұрпақ үшін үлкен тәрбиелік мәні зор. Оны бір сөзбен айту жеткіліксіз. Егер осы бір дүниені Білім және ғылым министрлігі жанында жүрген азаматтар орта мектепке арналған дидактикалық материал ретінде ұсынса, көп нәрседен ұтпақпыз деп жүз пайыз кепілдік бере алар едік. Жалпы, білімдар болу үшін - білім алу мұрат па, әлде ұғынып оқу мұрат па деген ой көкейді тесері сөзсіз? Дұрысы, бізше - соңғысы. Өйткені, білім үнемі, күнбе-күн жаңарып отырады, бүгінгі жаңаң-соның ертең-ақ ескіреді, жадыңнан ұмытылып қалады. Ал егер ұғынып оқысаң, сол мәңгі есіңде қалмақ. Осы жерде екі диалема туындайды. Бізге осы қай даму тән? Эволюциялық па, әлде өркениеттік пе? Эволюция - мыңдаған жылдарға тән, ілеуде бір болатын құбылыс. Мәселен, жабайылықтан хомо сапиенске өту делік. Ал өркениеттің дамуы жылдам, қарқынды келеді. Бір ғасыр ішінде қаншама жаңалықтар ашылмақ. Бір ғасырда аэропланнан зымыранға бір-ақ секірдік емес пе? Бізге өркениеттік даму тән дейтініміз сондықтан. Мына дүние де сол. Өзегінен өртеніп шыққан өлең Абайды сұңқарлы шыңға көтереді, ол - болашақ дүниені болжаушы, көріпкел тұлға. Бұл фильмде ақын да болса, қарапайым тұлғаға тән аңсау мен табысу, құмарту мен қауышу, дәмелену мен дәріптелу, үміт пен күдік, елес пен егес, шамырқану мен ширығу - бәрі бар, бәрі де тарихи шындықпен сусындалған.
«Біткен іске сыншы көп» дейтіндей, фильм әттеген-айлардан да ада емес. Құнанбай қажының баласы Абайға тағар міні бар. Осыны жас Абайға айтқызады. Бұл - үлкен философиялық эпизод. Түсірушілер мұны ат үстінде келе жатқан әке мен баланың сөзі қағысы ретінде келтіреді. Мүмкін мұны - өмір жолы дегенді ұқтырғысы келген шығар авторлар. Әйтсе де ұлы Абайдың өмірлік ұстанған сара жолын бұлай жайдақ түсіру - фильмнің үлкен кемшілігі деп білемін.
«Ит арамды танымайды, тентек құдайды танымайды» дейді қазақ. Ел жыртығын жамаған ұлы Абайға арналған бұл фильм сол кездегі қазақы елдің тұрмысын шарайнаға түсіргендей шынайы қалпын сақтай отыра, тарихи ел болмысын алақанға салғандай бәдіздеуге ұмтылған екен. Абай төңірегінде сұр қаншықтай ішін тартқан арамзалар қаншама еді, соның бәрі де экранда көлбеңдеп өтеді. Алланың алғысынан жаралғандай Абайдай дара тумаға қамшы ұратынды көріп, жасампаз дүниеден түңіліп-ақ кетесің...
«Біреудің жоғын біреу ысқырып жүріп іздейді», «Әр адам қалтасына сыйғанын алады» дейтіндей, әзірше біздің «қалтамызға» сыйғаны, көптің көңілінен шыққаны осы бір фильм секілді. «Бір аяқ астың екі аяқ желігі бар» дейтіндей, қызу талқыға түссе де, жұлдызы жоғары, ұпайы үстем шығар осындай түсірілімдер көбейсе екен деген тілек айтпақшымыз.
Қарағанды қаласы
http://old.abai.kz/content/eleuzhan-serimov-abai-dramasy-derekti-khikaya-turaly-birer-soz