Қадым замандардан бері шығыста өз дәуірінің зиялы азаматы өмірден көрген-білгенін, ұққан-түйгенін, ақыл-кеңесін, ғибратты ойларын, өмір сүрудің моральдық-этикалық жолдарын «нама» немесе «наме» (қазақша: «өсиет, кітап, хат» деген ұғымды білдіреді) жанрында жазып, келешек ұрпаққа мирас еткен. Мұндай жанрдың ұрпақтар үшін атқарған қызметі, қоғамдық мәні аса зор болды. Шығыстық «Панд-наме», «Сиясет-наме», «Шайбанинама», «Бабырнама» сынды тарихи-көркем шығармалардың дүниеге келу себебін еске түсірсек те жеткілікті. Біздіңше ұлы Абайдың «Қара сөздерінің» жазылу сырын осы тұрғыда түсінген дұрыс сияқты. Ол шығыстық «нама» жанрының қазақ топырағындағы қайта жаңғырған бір көрінісі. Оны «Абайнама» десе де боларлық. Өкінішке орай «Қара сөздер» әлі күнге жазылу жанры жағынан анықталып, бір ізге түсе қойған жоқ. Оны ғалымдарымыз бірде «дидактикалық трактат», «философиялық трактат», кейде «Қара сөз», «Ғақлия» атап жүргені соны аңғартса керек.
Қара сөздерін жазуда Абайдың ден қойғанының бірі - «Қабуснама» болса керек. Айта кетерлігі «Қабуснама» - 1430 жылы - түрік тіліне, 1786-1787 жылдары - ұйғыр тіліне, 1881 жылы - неміс және татар тілдеріне, 1886 жылы - француз, орыс тілдеріне тәржімеленген.
«Қабуснама» - ХІ ғасырдың 1021-1098 жылдар арасында өмір сүрген Унсур әл-Маали Әмір Қайқабустың (кейде Қайқауыс деп те аталады) 1082-1083 жылдары өзінің ұлы Гилан шахқа арнап жазған өсиет сөздері, дидактикалық рисалла-трактаты. Сөз басында бұл кітабының жазылу мақсатын ол былайша түсіндіреді: «Ей, перзентім, сен осы үгітімді ұғып іске асырсаң, мен аталық парызымды өтегенім. Білгенің жөн, ертеден келе жатқан дәстүр бойынша, тірлікте адамзат елден ел, жерден жер кезіп жүріп, азды-көпті, жиған-терген асыл заттарын артына қалдырады да, оны өзі жақсы көрген адамына тапсырып кетеді. Менің дүниедегі жиған асыл заттарым - осы сөздерім. Сондықтан бар асылымды өзіңе тапсырдым, сен оны дұрыс пайдаланып, қисық жолға қадам баспағайсың».
Автор үгіт-насихат сөздерінің баянын қырық төрт тарауға топтастыра бөліп қарастырған. Қайқабустың өмірден түйген ащы шындықтарды ақыл таразысына салып тебірене толғаған ой түйіндері ұлы классигіміз Абайдың бүкіл шығармашылығымен рухани үндес шығады. Ойларының өзектестігі бұл жазба жәдігерліктің Абай назарынан тыс қалмағандығынан белгі береді. Абай қара сөздерінің «Бірінші сөзінде»: «Ақыры ойладым: осы ойыма келген нәрселерді қағазға жаза берейін, ақ қағаз бен қара сияны ермек қылайын, кімде-кім ішінен керекті сөз тапса, жазып алсын, я оқысын, керегі жоқ десе, өз сөзім өзімдікі дедім де ақыры осыған байладым, енді мұнан басқа ешбір жұмысым жоқ» дейді. Екі ғұламаның алдымен азаматтық позицияларын айқындап алуы, бір пікірлерге келуі, бүкіл шығармалары фонының ұқсастығы, «Қабуснама» мен «Қара сөздердің» көптеген өзара үндес сарындары Абайды рухани дамытқан арна көздердің бірі - ортағасырлық ортаазиялық жазба әдебиеті екендігіне тағы бір айғақ бола алады. Абайдың «Бірер сөз қазақтың түбі қайдан шыққаны туралы» дейтін еңбегінде «Бабырнамаға» сілтеме жасауы және Мұхтар Әуезовтің «Абай жолы» эпопеясында «Абай... кейде Бабыр, Науаи, Аллаяр сияқтыларды оқып-оқып кеп, өзі де соларша бірдеңе жазып кетеді» дейтін сөйлем жолдары жоғарыдағы айтылған пікірімізге негіз береді. Абайдың «Қара сөздерінің» жазылу жанрын анықтайтын мезгіл жеткен сияқты. Әдебиет, дидактика, философиялық тұрғыдан қарастырған ғалымдардың оның жанрына келгенде кібіртіктеп қалатыны бар. Бұл өз алдына теориялық мәселе десек те, мұндай ұлы шығарманы бірде «Қара сөз», бірде «Ғақлия» деп ала-құла атап жүргеніміз қалай болар екен?
http://old.abai.kz/content/eleuzhan-serimov-kara-soz-be-gakliya-ma