ҚАРА СӨЗ ДЕГЕНІ - ҚАЙ СӨЗ?

Абайдың шығармашылығына байланысты сан қилы мақалалар жарияланып, жан-жақты ізденіс жолында жүрген қалам иелерінің туындыларын шама-шарқымызша көзден таса қылмауға тырысамыз. Кейінгі жылдары ғаламтор желісінде өз орнын тапқан «abai.kz» ақпараттық порталы «Абай» айдарында осы тақырыптағы материалдарды жүйелі түрде орталықтандыра ұсынуда.

Ой бөлісуге себепші болған, осы айдарда жарық көрген «Қара сөз бе?, Ғақлия ма?» деген Е.Серімовтың ой-тамызық мақаласы. Автор «Қара сөз бе? Ғақлия ма?» - деген мәселені Алаш арысы А. Байтұрсынұлының, профессор Б.Кенжебаевтың  т.б. ғалымдардың көтерген мәселесі ретінде тізбектеп көрсете отырып, өз ұсынымын ортаға салады. Шынында да, қара сөз бе, әлде, ғақлия ма? Абайдың барлық қырық бес қара сөзін ғақлия деп атай алмаймыз деп «Әдебиет белестері» еңбегінде порфессор Б.Кенжебаев кесімді пікір айтқан.

Ғалымдардың бір парасы бұл жөнінде Кітап-Тастих, тұспал сөз, сөз жанры дегендей т.б. ұсынымдарын білдірген. «Қара Сөз» деп жалпақ жұртқа танылған бұл еңбектердің ортақ атауын кім қойған деген сауал тууы орынды. Бұлай деп ортақ атауын Абайдың өзі қойған болса ше? Өзі қойған болса, сан-саққа тартып, не бір ұсыныс білдіруімізге не жорық? Аталған есімдермен қоса, М.Әуезов, Х.Сүйіншалиев, Ә.Қоңыратбаев, Ғ.Есім сынды көрнекті ғалымдардың бұл мәселеге атсалысуына қарағанда бұл атаудың тұрақты емес екендігіне алаңдауға тұрарлықтай.

Абайдың бірінші сөзін, кей ғалымдар айтқандай «кіріспе сөз» деп түсінетін болсақ, «Мен бұл еңбектерімді «қара сөз» деп атаймын» дегендей Абай тарапынан тіпті емеурін де жоқ. Тұрағұл Абайұлының «Әкем Абай туралы» деген естелігінде 38 - сөз ерекшелігі туралы айта отырып: « Алла деген сөз жеңіл» деген өлеңді, «Өлсем орным қара жер» деген өлеңді, «Алланың өзі де рас, сөзі де рас» деген өлеңді әкем өзінің қара сөзбен жазған «Тастиқ» деп атаған еңбегіне қарай өлең қылған» дейді. Бұл жерде «Қара сөзбен» дегені, «өлеңмен емес» деген мағынада айтылған. Осы сөйлемнің негізінде ортақ атау болып аталып кетуі мүмкін бе?  Немесе, Қазақ әдебиетінің Абайға дейінгі тарихында «қара өлең» деген болмаса, «қара сөз» деген сөз тіркесінің жиі қолданысқа түспегенін байқаймыз. Тек Абайдың «Жасымда ғылым бар деп ескермедім» деп басталатын өлеңінде «Қазаққа қара сөзге дес бермедім» деген сөйлем кездеседі. Бірақ бұл сөйлем күллі проза жанрында жазылған еңбектеріне ортақ атау бола ала ма?

Болса, болсын делік. Бірақ қазақ халқы сөз өнеріне ерекше көңіл бөлген халық. Сөз ләззатынан адам жаны рахат алатындай не бір мысалдарды келтіруге болады. «Би айтқан сөзді құл да айтады, бірақ аузының дуасы жоқ» деген де бар. Мәшһүр Жүсіп өзінің «Сөз өнері туралы» деген еңбегінде «Сөз осал жүк пе екен?! Тіс тізіліп орнында тұрғанда қандай, жерге шашылса, не құн табады? Назыммен келген сөз - орнында тұрған тіс сықылды, қара сөз оның шашылып жерде жатқаны сықылды. Назым - әр түрлі жеміс ағашы шығып тұрған бау ағашы. Қара сөз - тау ағашы - отын керек қылған оны алады» дейді. Әрі қарай, «Қызыл гүлдің бау-бақшада үлпілдеп тұрғаны - назым. Жерге шашылды қара сөз болды. Меруерт, маржан, інжу, ғақық әбдіреде жатты, кім көрді?! Тізілсе, жұрт көзіне түсетін болды. Қара сөз - солардың әбдіреде жатқаны, назым тізіліп, жұрт көзіне түсуге жарағаны»,-дейді.

Бұны сөз өнерінің қуаты делік. Сонда Абайдың маржандай сөздерін «қара сөз» деп атап қойып, отын құрлы көрмей жүргеніміз бе?

Қарағанды қаласы