ҚҰНАНБАЙДЫҢ ЗОРЛЫҒЫ

Тобықты Доғал деген адамның жылына көп ел жиналып ас беріпті. Ат шаптырыпты. Осы бәйгеде Бәкен деген  қойшының мініп жүрген қоңыр бестісі бірінші болып келіпті. Екінші болып найманның көксары аты келіпті. Бас бәйге жүз тайынша, екінші бәйге елу тайынша екен. Бұған наймандар: - Атты жақын жерден айдағандықтан, біздің атымыз қолтығын жазып шаба алмай қапты, - деп наразы болыпты. Бұл топта Құнанбай бар екен. Соған келіп найманның Түбек деген ақыны:

 

Құнанбай, қарамысың, төремісің,

Айналып ақ жүзіңді көремісің?

Тай шаптырмас өрістен ат шаптырып,

Көксары аттың бәйгесін беремісің?

 

Бәрекелді, Құнанбай, қоғамыңа,

Ат шаптырып, ас бердің Доғалыңа.

Тай шаптырмас өріске ат жіберіп,

Көксары аттың қалдың ғой обалына! - депті.

 

Құнанбай сөзден жығылып елу тайыншаның үстіне және бір жақсы ат бәйге қосыпты. Найманды аттандырғаннан кейін Құнанбай Бәкеңдерге: - Жүз тайынша бәйгені ал, және бес түйе ауыздығына байлайын, қоңыр бестіні маған қалдырыңдар? - десе, - Бізге де жақсы ат керек, - деп бермепті. Сонда Құнанбай: - «Айдарлының алғашқы жан бергені осы ма екен?» демекші, менің алғашқы зорлығым осы емес, соңы. Бестіні менен енді жеңген жерінде алсын, - деп атты апартып, белдеуіне байлатып алыпты. Сонымен сол ат Құнанбайда кеткен екен.

Ш.629 №4 (ОҒК). Абай туралы өміріне, ақындығына байланысты әңгімелер (Абайдың ертегісі). Айтушы: Матай Сәдуақас молда, Жинаған: Қасиманов Садық, 1941 ж. (247-249 бб.)

 

Абай әділетті еді

Абайдың Базарәлімен ұстасып жүрген кездерінің басқы уақыттарында мен ылғи Абайдың қасында атшы болып жүрдім. Содан бірер жыл өткен соң Базарәлі маған кісі салыпты: «Менің сүйегімді жасытып, туысымды қорлап, Абайдың қорасының шетінде отырмасын, көшіп келсін. Әгар, жаумен бірге жаумын десе, отырсын. Онда тірі болам деп ойламасын! - депті. Осы хабарды алысымен Базарәліден қорыққанымнан бір күні түнде, Абай үйде жоқта көшіп қашып кеттім. Ақберді деген бір Абайдың бай туысқанынан бір жақсы аттың майын мінгенімде, оны бір күні тоқтай шабамын деп өлтіріп алғанмын. Оның орнына беруге малым болмаған соң билердің алдында подписке бергенмін. Бұдан соң бір жыл шамасында Ақбердіге астымдағы атымды түсіп беріп, бересі ат борышынан құтылдым. Бірақ сонда Ақбердідегі подпискемді қайтып алмаппын.

Тағы бірер жыл өткен соң Базарәлі айдалып кетіп, екі ауыл кескілескен араз болды. Тіпті, мен де барсам, ауыр өсек, қол күш жағынан Абайға деген қастықты аяған жоқпын. Сөйтіп жүрген жігітекке болыс, билер келіп, сьез ашып, елдің аласыларын алып беріп жатты. Сьезге Абай да келген. Бір күні жоғарыда айтылған Ақберді деген адам болыс-билерге, қолындағы баяғы менің берген подпискемді көрсетіп, менің астымдағы атымды аудартып алды.

Мұны сол күні-ақ Абай естіп, мені де шақыртып, Ақбердіні де шақыртып алды. Сөйтсем, Абай менің Ақбердінің атынан құтылғанымды өзі біледі екен. Ақбердіге ұрысты. Менің атымды өзіме алып берді. Азырақ отырған соң бір жазулы жатқан қағазға тағы біразырақ жазды да, мына бір өлеңді бізге қаратып оқып берді:

 

Құйрығы шаян, беті адам,

Байқамай сен бе құрбыға.

Жылмаңы - сыз, іші - арам,

Кез болар қайда сорлыға, -

 

Деп тақпақтады, Қорамжанға қарап:

 

Досыңа достық қарыз біл,

Дұшпаныңа әділ бол.

Асығыс түбі - өкініш,

Ойланып алмақ -сабыр сол, - деді.

Ш.629 №4 (ОҒК). Абайдың өміріне, ақындығына байланысты әңгімелер (Абайдың ертегісі). Айтушы: Жігітек Қорамжан, Жинаған: Қасиманов Садық, 1941 ж. (259-260 бб.)