БІР ӨЛЕҢНІҢ ҮШ АУДАРМАСЫ

Барлық замандарды жырларымен бағындырған ұлы суреткерлердің еңбектерін бір ел әдебиетінде бірнеше буын болып әлденеше рет аударатын, аудара отырып жасартып, қунақыландыра түсетін заңды дәстүр бар. Бізге әр заманнан жеткен қастерлі қазынамыз екеніне қарамастан солардың ішінде шоқтығы биік болып, иығы бәрінен озып, ерекше көзге түсіп тұратыны болады. Кейде сонау ертедегісі, кейде кешегісі мен бүгінгісі алмакезек түсіп, сапалық тұрғыдан жарсықандай, бірін-бірі толықтырған, араларында әдемі үндестік, берекелі жалғастық  жатады.  Кейде сол «жетілдіру» біріншісімен ғана қалып, кейінгілері одан артылдыра алмай, «күйісін» кетіріп алып жататыны да аз емес. Мәселен, Абайдың орыстан, батыс ақындарынан аударған көп өлең-жырлары кейін де талай мәрте аударылды. Бұрынғысынан гөрі сөздерінің дәлме-дәлдігі артты, өлең құрылысы бұзылмай сақталынды. Бірақ, Абайдың жеткен шеберлік деңгейімен таласа қоятын аударма берген қазақ ақыны болған жоқ. Әйткенмен Абайдан кейін қазақ әдебиетіне тегеурінді күшпен келген жаңашыл, озық ойлы қаламгер легі ұлы ақын дәстүрін өгейсіткен жоқ. Олар Абай аударып кеткен өлеңдерді қолға қайта алғанда алдынғысына аса құрметпен қарап, оны өздеріне үлгі тұтып отырды. Абай аудармаларының нәзіктігі мен әсерлігі өзінен кейінгі аудармашыларды көркемдік бағытынан жаңылдырмайтын жол сілтеуші Темірқазығы болды.

Абайдың өлеңді көзінен тізіп аудара бермей, өз жанымен астасып жатқан мұңдас, сырлас өлеңдерді таңдап аударатыны, жәй аудармай, оған жүрегінің үнін, заманының тынысын сіңіре аударатыны ақын шығармашылығының ерекше бір қыры екені шынымен қайран қаларлық. Сондықтан ақын аудармаларынан жазушы автордың өзін, оның заманын емес, Абайдың болмысын, Абайдың ортасын көбірек көреміз. Сондай бір ақынның өз мұңы, өз сырындай боп кеткен, оқушысын еріксіз ақынның зарлы күйіне елтітетін, Абай аудармаларының ішінде сырлы да сұлуы Лермонтовтан аударған Байронның «Көңілім менің қараңғы» өлеңі.

 

Көңілім менің қараңғы. Бол, бол, ақын!

Алтынды домбыраңмен келші жақсын.

Ішек бойлап, он саусақ жорғаласа,

Бейіштің үні шығар қоңыр салқын.

 

Егер сорым түбімен әкетпесе,

Керек қой көңілді үміт тебірентсе.

Қатып қалған көзімде бір тамшы жас,

Төгілмей ме бой жылып, ол да ерісе?!

 

Абай бүтін өлеңнің екі шумағын аударған, қалған сегіз жолын аудармай қалдырып кеткен. Өлеңмен таныс адамның барлығына бұл белгілі нәрсе. Шамасы, ұлы ақын өз басындағы көңіл-күй ұқсастығын осы екі шумақтан дәл байқаған. Жұртына сөзі жүріп, ақылы өтпеген қапалы ақынымыз дәнішпан ағылшын ақынының жырын өз қайғысына бөлеп, сырлы бір сезіммен тербейді. Қайғының мұңды ләззатына батады. Өктемшіл болыс-биден, өзімшіл байдан, ел сорған молдадан, қараңғы ағайыннан көңілі суыған ақын оңашада, өз ошағының басында ақын әнімен жабыққан жанын демегісі келеді. Бірақ қайғының соңына да түсіп алмай, дала жұртының момақан үміт-сабырына салып, «сап, көңілім, сап» деп қайғысын тез жиып ала қояды. Ал одан әрі барып, жылауды, шағынуды, ажалды сөз етуді жат санап кейінгі жолдарды әдейі аудармаған көрінеді.

Бұрын аударылған дүниені оның шикі, жетпей жатқан тұсын қайта жетілдіре, асыра түсу үшін аударады немесе өресі биік дос көңілімен шын ғашық болып, іштей қызыға, жарысқа түскенде аударады. Абай аударған өлеңдерді тәржімалаушылардан осы екі мақсат анық байқалып тұрады. Абай көбінде толық өлеңді не қысқартып не мазмұнын аз шумаққа сыйдырып ықшамдап аударған ғой. Абай аудармаларының сүйкімділігі қандай таң қалдырса, шығарманы билеп-төстегіш еркіндігі де сондай таң қаларлық. Сондықтан Абайдың қолынан өткен дүниелерге қайта соғып, олардың сюжеттік тұтастығын, дәлме-дәлдігін түпнұсқадағы қалпындай етіп қайта аударып жатудың өзі заңды әрі керек дүние.

Абайдан кейін «көңілім менің қараңғыны» Лермонтовтың дәл осы нұсқасынан Қасым Аманжолов пен Ғафу Қайырбековтер аударды. Қос ақын да Абай салған жолды берік тұтынып, өлеңді құшырлана аударады. Бір кездері аға ақын жағып кеткен қоламтаны қастерлей аялап қайта жағады, сонымен бірге кемеңгер ақынды қайталамауға да ізденген. Соның анық мысалы өлең таққырыбын Абайға ұқсатпай, жаңаша етіп аударулары. Абай алғашқы боп аударғандықтан ең сәтті тақырыптық тәржіма сол кісінікі. Әйтпесе, Байронның өзіне де, Лермонтовтың аудармасына да дәл келетін балама осы «Көңілім менің қараңғы».

 

Қасым Аманжоловта:

Қапалы менің жаным. Тез, тез, әнші,

Арфаны мынау алтын қолыңа алшы.

Жорғалап жөнелгенде саусақтарың,

Пейіштің ыңыранып күйі ояншы.

 

Біржола үміт, арман қалмаса өліп,

Кеудемде бір оянсын тебіреніп.

Суалған көздерімде бір тамшы жас,

Бар болса, балқиыншы соны төгіп.

 

Ғафу Қайырбековте:

Көңілім сұп-сұр. Қайда әнші, келші бермен,

Алтын сынды арфаны шерт жігермен.

Қалтырамай сасағың қақсын безек,

Үнін оят жұмақтың, естиін мен.

 

Тауыспаса барымды тағдыр сарқып,

Бір сілкініп көрейін тағы шалқып.

Көзімдегі ақ сүңгі - ақырғы жас,

Ет қызуымен ерісін о да балқып.

 

Бір өлеңге жасалған тәржіме болғандықтан рухы, мінезі жағынан үшеуі де бір-бірінен аумай қалған. Өлең тәржімаларындағы әуез, ырғақ, екпін, сыртқы қияпатына дейін ұқсағандарымен үш суретіші де сөз маржанын түрліше тізеді. Иә, Абай аудармасы түнгі дала жырындай жанға жайлы, тұңғиық аспан жұлдызындай алыс та, әсем. Шеберлік жағынан кейінгі қос ақынымыз алғашқы екі шумақ бойы Абайдан алыс кетпей, аға ақынға арқа сүйейді. Әсіресе, Қасымның Абайдан алған сөздері көп. Мәселен, «жорғалап саусақтарың», «пейіш», «тебіреніп», «бір тамшы жас», «төгіп» деп келетін жерлері.

Ал, Абай аудармай кеткен соңғы сегіз жолға келгенде екі ақын да өз күштеріне басып, өздерінше шығандайды. Шығандап қана қоймайды, өздері де қосыла шер төгіп, Лермонтов нұсқасымен бірге егіліп, таусыла мұңаяды. Қайғысыз адам болмайды. Мұңды ән мен күй адам жанында шөгіп жатқан дертті қозғайды, шымырлатып уын бойға жаяды. Бұрыннан таныс, баяғыдан бар әлдебір мұңды сарын толқи кеп жүрекке құйылады, іштегі ыстық леп көкіректі қарыс айыра лықсый барып сыртқа шығады.

 

Қасым Аманжоловта:

Мейлі әнің болсын тағы тағдырымдай,

Маған жат шаттық үні, о, құрбым-ай...

Келеді бір жылағым, абзал жыршым,

Тұрғанда көкірегім қарс айрылмай.

 

Сіңіріп көп қасірет жұтқан удай

Булыққан жан сарайым бір ашылмай

Соқты енді қатал сағат толды кеудем -

Ажалдың уға толы шарасындай.

 

Ғафу Қайырбековте:

Ащы әніңді аяма, шерт күштірек,

Тәтті әніңді көтермен - дерт күштірек.

Жылат мені, етегім жасқа толтыр,

Қақ бөлінсін демесең тепкіш жүрек.

 

Келді кеудем мұң-шері бір басылмай,

Ұзақ төзді өзінен сырды асырмай.

Жетті сағат: ол дағы уға толды,

Уға толған ажалдың құмарасындай.

 

Өлеңдегі «мен» Абай орта жолда кеткен соң бөлек екі тұлғаға айналып шыға келгендей болады. Қасымда ол қайғылы әрі күйреуік адам болса, Ғафуда жігерлі жанның қасіретті шері боп естіледі. Жол сайын бірінші буынға түсіп отыратын қатқыл үн күңіренген ашудың дәл өзіндей боп құлаққа жетеді. Алғашқы екі шумақтың ізімен алғанда Ғафудың тәржімасы өлеңге көбірек жақын. Сірә, Қасым аудармасындағы әлгіндей күңіреністі күйді - ақынды билеген сол тұстағы тұрмыстық жұтаң күйден туған мұңды наласы тудырған да, қабарып келіп жауа алмай, құтырық желден тоз-тозы шығып жөңкіп көшкен бұлттың күйін берерлік аянышты саз болып шыққан. Не дегенмен де, өлеңдегі мұң жай адамның мұңы емес. Ірі нителектуалды жанның мұңы.

Байронның «еврей әуендері» деп аталатын өлеңдер топтамасындағы біраз өлеңдер інжілдегі аңыздарға негізделіп шығарылған. Сол «біраздың» ішінде «Саулдың ұрысқа шығар алдындағы ойы» сияқты тікелей Саулға арналған өлеңдері бар. Ал Сауылдың өзі, інжілде айтылатын аңыз бойынша, Изриалдің алғашқы патшасы. «Көңілім менің қараңғы» деп тұрған да осы Саул патша. Ол мындан: алғашқыда жаратушының ерекше мейірі түскен Саул кейін құдайдың өзін де, сөзін де тыңдауды қояды. Мұнан соң жаратушы одан теріс айналып, көңіліне мұң құяды. Содан жабырқаудан көз ашпаған патша көңіл емін ән мен күйден іздейді. Сондай күйдің үстінде сарайына бала Дәуітті шақыртып, күй ойнаттырады. Саулдың осы сәтін Байрон қағазға түсіреді. Одан Лермонтов, Лермонтовтан Абайлар алып аударады. Енді ол Саулдың ғана мұң-наласы болмай, патша билігінің әдлетсіздігін көрген Лермонтовтың,  болыс-бидің ашкөздігінен түңілген Абайдың мұң-қайғысы боп төгіледі. Сөйтіп бұл жүректен-жүректерге көшіп отырып Қасымдарға жетеді.

Поэзияға қарағанда қара сөзде біреуден кейін біреудің қайталап аударуы сирек ұшырасады. Оның басты себебі қара сөздің ұзақтығы мен шұбалаңдығынан тыс,  өлең-жырлардың ішкі-сыртқы жинақылығы, нұсқалығы мен адам жанын табан астында қозғап әкететін қуатында жатыр.

Жоғарыдағы үш аударма біздің қазақ оқушыларының қызыға қарап, тамсана оқитын мұрасы. Қазақ әдебиетінде Байронның осы өлеңі әлі талай жаңғырар, жасарар. Бірақ, Абай, Қасым, Ғафу аудармалары уақыт өткен сайын бағасы артып, қадір-қасиеті арта түскен үстіне арта береді.

Abai.kz