(Екінші нұсқа)
Осы өзімізбен дуандас Шыңғысты қыстайтын бір найманның қазақша бала оқытатын бір молдасы, арғы Қапалға қарайтын найманның бір байына бала оқытып жүріп, сол байдың бір сұлу қызын алып қашып еліне келсе, елі паналатпайды. «Ойбай, пәлеңді әкет, ұтсап отыра алмаймыз, мына жағымыздан күшті ел келеді де шауып кетеді, қызын өзіне апарып бер!» деп дамыл бермеген кейін, молда еліне отыра алмай, алып қашыпты.
Қызды алып Абайға келеді. Осылай ана елден алып келгенін, өз елінің отырғызбағанын бәрін айтқаннан кейін, Абай: «Жарайды, осында отыра бер», – деп бір үй босатып беріп, бір отауы сықылдыландырып отырғызып қояды. Абайдың қайны Қарқаралы дуанына қарайтын Қаздауысты Қазыбектің тұқымы, Алшынбайдың Жүсібінің қызы Сыламбек болыстың апасы екен. Сол апасының амандығын біліп кел деп жіберген Сыламбектің кісілерімен қолы бос қыз алып кеп жатқан молда сөйлесіп, Сыламбектің қандай абыройлы адам екенін сұрағаннан кейін, барып жатқан қаракесек адамдары: «Сыламбек Қарқаралыға қараған елдің толық, бір абыройлы адамы», – деп айтқан соң, қыз алып қашып жүрген молдаға ой түсіп: «Абай босататын болса, Абайдан хат алып, мына келе жатқан құдалармен еріп, Сыламбектің қолына кетіп қалсам, ұзағаннан ел қуып, ешкім келе алмай, сөз аяғы ұзарып, тиыштықта болар еді-ау! – деп ойлап, – осы жерін Абайға айтып қарасам қайтер еді?» деген оймен Абайға айта алмай, мезгілсіз Абайдың үйіне кіріп, шыға береді.
Бір күні Абай: «Сен мезгілсіз не үшін келе бердің, ойыңда бір айтатын жұмысың бар ма?» дегенде,
– Әлей, сізге мақұл келсе айтайын деген бір сөзім бар еді, – депті. Абай:
– Айт! – деген соң:
– Менің айтарым, мен өз елім пана бола алмағаннан кейін, сізді пана қылып келіп отырған бір адам едім. Біздің найман деген ел әуелден істің оң-терісіне қарамайтын ел еді. Және атадан келе жатқан осы екі елдің ортасына не бүлік болса да, жесір дауынан болатын еді, – деп ойлап, – менің үшін жақын жерден сізге сөз келе ме, – деп ойлап, – мына, келіп жатқан құдалардан естуімше, сіздің балдызыңыз Сыламбек деген адам да «кісі паналатарлық адам» деп естігеннен кейін, мені осы құдаларға қосып жіберсеңіз, ұзақмойын жерге найманның сөзі де бара алмас еді, – деп, – жыл өткізіп, сол жаққа бара тұрсам, сөзде аяқсыр ма еді, қайтер еді? – деп ойлаған едім, – деген соң Абай:
– Ертең бір жауабын берейін, бүгін бара тұр, – дейді.
Ертең: «Кешегі айтылған сөзге не айтар екен?» деп тағы келіп отырғанын Абай көріп:
– Сен кешегі сөзге келдің бе? Оған келген болсаң, бір құдайдан басқадан қорықпа, бар, отыра бер! – дейді. Сонан шыққаннан кейін молданың қолынан келгені: «Абай бір құдайдан басқадан қорық па деді», – деп ұран қылып, «Ана найман естісе, қаймықсын» дегендей сөзді жаяды. Сонымен сөз аяғы ұзарып, жаз шығуға айналған кезде арғы найман мен бергі найман арасына кісі жүріп, елдік айтып, бергі ел мал беріп, арғы ел мал алып бітісетін болып, Абай қолындағы молдаға елінен кісі келеді.
– Екі елдің ортасына кісі жүріп, мал беріп бітісетін болдық, келін мұнда тұра тұрып, өзің елге жүр, мал беріп бітетін болса, қайтып келінді келіп алармыз, – деп молданы шақырып кетеді.
Абайдың қорасының әйнек жағында анда-санда жүріп бой көтеретін, ішіне басқа мал, аяқсыз адам араламайтын сад ағашы болады екен. Бірақ сол ағашта ауыз су ішетін құдығы болады екен. Бір соқпақпен ғана барып су алып тұратын. Абайдың өзі отыратын үйінен үшінші үй қыз алып қашқан молданың үйі еді, түс кезінде, біраз жүріп бой көтеру үшін, Абай сад аралау үшін, тұсынан шығу үшін Абай үшінші үйге қарай еніп келсе, келіншек суға бару үшін екі шелек алып, мойын ағашы қолында әзірленіп жатыр екен. Абайды көріп жүз беріп бұрылып, жол бере берді.
– Сол арада келіншекке көзім түсіп кеткенде, көзіме Нұрдың қызы сияқты көрінді. Үйден шығып жүре бердім де ойладым: «Япыр-ау, мына молда байқұс жолдас боларлық адамды тауып жүр екен-ау, өмірлік жолдас болмақ түгіл, мына келіншекпен бір күн ойнап-күлгеннің арманы болмас», – деп ойладым. Сол бетпен сад ағаштың ішін аралап кеттім. Қайта айналып келе жатсам, келіншек құдықтан су алып жатыр екен. Қасына таман келдім де, білегінен ұстап ағаштың ішіне қарай жүрдім де кеттім. Жетектеп келе жатқанда қолымнан шегініп, өтіп кеткен жоқ. Көзімнің құйрығымен бетіне қарасам, беті бір қызарып, бір қуарып, ұяты бетінен шыққан адамдай болып келе жатыр екен. Келіншек тұрып:
– Япыр-ай, Абай ағай, сізбен қатар жүріп, сөйлеспек түгіл, алдыңыздан көлденең өтетін жөніміз жоқ еді, өзіңіз жетектеп келе жатқан соң айтпасқа болмайды ғой, бір ауыз сөз айтуға рұқсат етерсіз бе? – дейді. Сөзқұмар басым:
– Рұқсат, қандай сөз айтайын деп едің? – деп тоқтай қалдым. «Қияпаты мұндай болғанда, сөзі өзіне сай келер ме екен?» деген мақсатпен, сөзін естімек болдым. Сонда келіншек айтты:
– Өзіңіз білетін әңгіме ғой. Бұрынғы уақытта Балық шаһары деген шаһар болыпты ғой, сол шаһардың жас азамат патшасы болған екен. Құдай құдіретімен патшаның өзі ғана біледі, басқа адам білмейді. Сол патша ұшқан құс, жерде жүрген аң, күллі мақұлықтың тілін білетін болған екен. Әр қайсысына өз тілімен сөйлесуге құдіреті жетеді.
Балық шаһары айналасына ат жеткісіз үлкен шаһар екен. Сол шаһардың бір жақ тұмсығында қалың орман, жыныс тоғай бар екен. Бір уақыттарда сол шеттегі елдің сол тоғайдың ішіне кірген малы да, жаны да үйірге қосылмай жоғала беретін болды. Мал-басы жоғалған адамдар: «Патшаға айтайық» деп патшасына келді.
– Мұны бұрыннан бері неге айтпадыңдар, – деді патша, – оған зерттеу жүргізу керек екен, – деп қасына қанша кісі алып, ағаштың сол тұмсығынан келіп кірсе, ары-бері жүрген соң алдарынан бір арыстанның ізі кездесе кетті. Арыстанның ізін көрген соң жанындағы көпшілік жанынан қорқып: – Ойбай, мұны жоқ қылып жатқан осы екен, қайтайық, өзімізді жеп қояр, – деседі. Патша тұрып:
– Қайтпайық, сендер қорықсаңдар, мен бұл ізге түсейін, менің қарамды көріп, алыстан отырыңдар, мен тоқтаған жер болса, тұрып көріңдер, – деп патша ізге түсіп жүріп кетеді. Ары-бері жүрген соң алдынан үңірейіп жатқан арсыланның іні килігеді. Патша тұрып, өз тілімен:
– Ал, мақұлықтың патшасы арыстан, бар болатын болсаң, шық, сөйлесейік, – дейді. Інінде жатқан арыстан шыға келіп, өз тілімен айтқан соң, адамша амандасып, сөйлесе кетеді.
Амандасып болған соң патша тұрып:
– Ал, мақұлықтың патшасы, бұ қалай? Келгендігіңді білдіріп, жөніңді айтпай, менің малыма, жаныма мұнша ақат келтіргенің не қылғаның? – дейді.
– Ей, адамның патшасы, сенің менімен елдесіп, мұндай сөйлесетініңді мен қайдан білейін, бұрынғы өз әдетімді ұстай бердім де, – дейді. Сонда патша:
– Бұрынғы өтер іс өтіп кетіпті. Енді өзің қандай қонақасымен қанағаттанасың және қанша тұрасың? – дейді. Оған:
– Сөткесіне бір ту бие берсең болады, – дейді.
– Оны қалай әкеліп беруге болады? – дескенде, бір ағашты белгі қылады:
– Таңертең мына ағашқа әкеп, бір адам бір ту биені байлап кетсін, келесі таңертең ол адам жүген-ноқтасын жинап алып, екінші биені әкеліп байлап отырсын, өзің кетіп қаларлық болсаң, мына ағашты құлатып кет, кеткеніңнің белгісі сол болсын, – деді.
Сонда арыстан бұлай елдескеннен кейін: «Мен ешнәрсеңізге зарар келтірмеймін, қорықпай жүре беруге болады».
Арыстан інінің басында жата береді. Патша кейін көпшілікті шақырып алып: «Мен солай сөйлестім, арыстан тимейтін болды, мына ағашқа күніне бір бие осылай байланады», – деп ағашты көпшілікке көрсетеді. Ертеңнен бастап сол ағаш құлап қалғанша, күніне бір бие, бір күн біреуің, бір күн біреуің байлап отыр деп, үлес қылып салып, күнін жазып, тізім қып көрсетіп қояды.
Сол қалыппен бірнеше уақыт, бүгін байлаған кісі ертең барып ноқтасын алып, екінші кісі биені байлайтын болып, жан да, мал да қорықпай аралас жүре беретін болды. Бір күні бір адам апарып бие байлап, ертең ноқтасын алайын деп барса, биесі желінген жоқ. Екінші күні барса, тағы тұр. Үшінші күні барса, бие ағашты кеміріп әлі тұр. Кетіп қалды ма деуге ағаш құлаған жоқ. «Қой, мұны патшаға айтайық», – деп патшаға келеді.
– Ағаш құламаса, бір себеп болған шығар, – деп патша атқа мініп, іннің басына келіп: – Ал, мақұлықханның патшасы, бармысың? – деп шақырады. Үш күнде дәм татпаған аш арыстан інінен имиіп шыға келеді. Патша тұрып:
– Бұ қалай, бұл биені не себепті жемедің, кетіп қалды ма деуге ағаш құлаған жоқ, бие байлаған адамдар: «Осы күнге дейін бие желінген жоқ» деген соң, аурып қалды ма, не болды? – деп, – білейін, - деп өзім келдім, – дейді. Мақұлықтың патшасы:
– Бұлар тура айтыпты. Малды қалай жейін, биеңнің жанына барып қарашы? – депті. Патша биенің жанына келсе, тай күнінде тақымын қасқыр тартқан екен.
– Япыр-ай, мына шіркіннің айып көргені, мынау екен ғой, – деп қайтадан жарақатсыз бие әкеліп байлатқан екен. Сол сықылды қайдан білейін, Абай аға, не оймен жетектеп келе жатқаныңызды? Қолыңызда отырған соң арыстан айтқандай адамның патшасы едіңіз, мен бір жарақатты мақұлығың едім, ендігісін өзіңіз біліңіз?! – дегенде сөзінен тоқталып, қолын босатып қоя беріп, тұрып қалдым, – дейді.
Міне, мені төтелі сөзбен тоқтатқан адамның бірі осы балдызым деген екен.
Ш.629 №5 (ОҒК). Жинаған: Ахметов Мағзұм. 1938 жыл. Араб әрпімен жазылған қолжазба (80-74 бб).
Дайындаған: Нұржұма Елесбай, М.Әуезов атындағы әдебиет және өнер институтының ғылыми қызметкері