Бауыржан Ердембеков. «Құдайым жаратуын қасқа қылып...»

(Медетбайдың Қиясбайға айтқанынан.

М.Әуезов қолжазбасынан алынды)

Абайдың әдеби ортасын сөз еткенде ақынның айналасын құрайтын ерекше бір топ бар. Өлең-сөзбен барымталасып, аса бір сыйлап жанына жақын тартқан Абайдың адамдары - олар шайқы мінезді, ел ішіндегі күлдіргі, сөзі қисық, қисық та болса түзу Қиясбай, Мұқамораз, Шәукембай, Қатпа тағы сондай ел ішіндегі жамандықты өлеңге салып, әшкерлеп, іс-қимылымен мазақ етіп жүретін көңілі таза жандар.

Жалпы жұрт аса елең қылмай жынды есебінде білетін Қиясбайдың басқаның бойында жоқ ерекше қасиетін танып (ол қасиет Қиясбайдың өзі айтпақшы «өмірдің өзін мазақ етуші»): «Бала сезімінен,  іс-қимыл, ойынынан пәк, таза іс, сезім бола ма? Өзім білгенде, ұйқыдан тұрғаннан ұйқыға кеткенше бала ісін жалықпай, шаршамай қайталауға жараған ересек кісі де тек Қиясекең ғана. Өйткені, Қиясбайдың ісі де, сезімі де сәбидей таза, пәк емес пе»,- деген екен кемеңгер Абай (Исабаев Б. Ұлылар мекені. - Новосибирск, 2001.  156-б.).

Жалпы қазақ даласында Қиясбай, Мұқамораз, Шәукембайлар сияқты шәлдуар мінезді шайқы адамдар аз болмағаны белгілі. Бірақ, солардың бәрі тарихта қалған жоқ. Олардың Қиясбайдан әлгіндей тосын өнері артық болуы да мүмкін, бірақ Қиясбай, Мұқамораздардың бағы - Абайдың қасында болуында. «Абай - Абай болған соң ғана, Қиясбай - Қиясбай болып танылды. Қиясбайдың «қиясбайлығына» мағына бітті» (Шапай Т. Шын жүрек-бір жүрек. - Алматы: Жазушы, 1999. 51-б.). Қиясбай Көгедайұлы туралы арнайы мақала жазғандардың ішінде Т.Әміренов, кейіннен Т.Шапайдың зерттеулерін ерекше атап кеткен орынды болмақ. Т.Әміренов мақаласы алғаш рет Қиясбай туралы деректерді беруімен құнды болса, Т.Шапайдың зерттеуі Абайдың Қиясбайын тануда адам жанының ішкі дүниесін парақтап бере алатын соны талдауларымен қымбат. Жалпы Т.Шапайдың ғылыми еңбектері зерттеуші методологиясының өзгешелігімен, пайым қуатымен оқырманын өзіне тартады. Ғалым Қиясбайдың генеологиялық түп-төркіні туралы: «Ортағасырлық философ Қожанасыр әпенде, ертегілік усойқы Алдаркөсе, тапқыр жігіт, талантты өтірікші Тазша... - әрқайсысынан дарыған бір-бір жұлық қасиет Абайдың құнарлы қонысында қордаланып, бекіп, «Қиясбай» деген атпен тұлғаланып мазмұн ашқан»,- дегенде әрине рухани тегі хақында сөз болып отыр (сонда, 52-б.). Кей деректерде Қиясбай Құнанбай жазаға тартқан Қодардың ұлы Көгедайдан таратылып жүр. Ұлынан айрылған Қодар құдай сүймес іс қылып, келіні Қамқаны қатындыққа алған ғой. «Қодардың өлімі» шығармасында Шәкәрім:

Жасырмай айта берсем, сөздің шыны -

Құдайға ерегісіп қылды мұны.

Баламды алсаң, мен де алдым келінімді,

Қане, ата ғой деп қылдым,- дейді,- осыны

деп ауыр күнәға барған Қодардың қасіретті қадамынан сыр ашады (Құдайбердиев Ш. Шығармалары. - Алматы: Жазушы, 1988. 133-б.). Ал, Қиясбайдың әкесі Көгедай туралы дерек жоқ. Ерте өлгендігі айтылады. Көгедай - Р.Тоқтаровтың «Абайдың жұмбағы» романында да Қодардың ұлы. Жазушы көркем туындысында елден жырақтанып, өзімен өзі көбелек қызықтаған көксау баланың ақындықтан да құр алақан еместігін тілге тиек етеді. Көгедай бейнесі қаншалықты тарихи деректерге сүйеніп жазылды, ол бізге жұмбақ, әйтеуір Қиясбайдың әкесінде бір тылсымның болуы мүмкін. Демек, Қиясбайдың атасы Қодар болғанда, Қодардың келіні Қамқа Қиясбайдың шешесі болып шыққаны ма? Өлер алдында «тым болмаса Қодарды бір сүйгіз» дейтін қарабет Қамқаны жүрегі таза Қиясбайдың шешесі деуге қимайсың. Тобықтының шежіресін сүзсеңіз мүлде бөлек деректерді ұшыратамыз. Тобықтының Борсақ деген атасынан Жазыбай, Қазыбай деген тараса, Жазыбайдан - Қиял, Қазыбайдан ағайынды - Қодар мен Көгедай тарайды. Қодардан - Құтжан, Көгедайдан - Қиясбай. Шәкәрімнің «Қодардың өлімі» шығармасындағы Қодардың ағайыны - Қиял осы. Демек, Қодар мен Көгедай - әкелі-балалы емес, ағайынды адамдар. Қамқа Көгедайдың емес, Құтжанның әйелі болып шығады. Қиясбайдың ата-анасын тәптіштеп, там-тұм деректерге назар аударып отырғанымыздың себебі, ар сүймейтін іске барған үлкен ағайыны мен «шашты сайтан» атанып, сүйектері отқа жағылған жеңгесінің қасіретке толы әрекеттері Қиясбайдың оқшау дүниетанымын қалыптастыруы да ғажап емес. Кешегі ел қарғысына ұшырап, отқа жанған қарабет жандардың ұрпағы болып жайбырақат жер басып жүру - саналы адамға азаппен тең. Не ел бетіне қарай алмай, күйініп, қорынып өту керек те, не болмаса керісінше жасынан «дінсіздің ұрпағы» дегізген тасбауыр тағдырға лағнет айтып, өмірдің өзін мазақ етіп, айналасын қыран-топан күлкіге батырып өмір кешу керек-тін. Қиясбайдың сыбағасына соңғысы бұйырды. Бұйырған жоқ, уайымсыз ғұмырды өзі таңдады. «Уайым жоқ, қайғы жоқ, атадан тусаң мендей ту» дегенде бала жастан тәлкекке салған жазмышқа көрсеткен қиқарлық сезіледі. Қиясбай уайымнан қашып күлкіні тапты. Мәңгілік бала қалпында қалуының сыры да уайым мен қайғыдан бойын аулақ салғандық шығар. Тұлыбына орап өсірген Қодар атасын еш шімірікпей отқа өртеген көп туысқан енді бұған емірене қалғанына Қиясбайдың көңілі жібімесі анық. Кеше ғана атасына тас атқандардың  ортасында отырып бір сәт қайғы-мұңға берілмей, үнемі езуін жимай күліп жүру ісі мен сөзі қиыс Қиясбайға ғана тән болар. Қиясбайдың күлкісі басына төнген мұң-наланы қашыратын тылсым деп тапсақ қана, Абайдың «бала Қиясбайының» дүниетанымын біле түскендей боламыз.

Демек, Қиясбай тумысынан ақыл-есі кем, не болмаса көтеріп әкетер ауруы бар адамға ұқсамайды. Ол - өз рөліне сонша берілген шебер әртіс болып, әу баста көңілі құлай таңдаған бейнесін сомдаумен өмірден өтті. Еш жаңылмай, жалықпай, тіпті ауыс-күйіс үзіліс жасап, антрактіге де бармай өмір сахнасында ақырғы демі біткенше ойын қойды. Сегіз қырлы еді. Сыбызғыда сиқырлы күй тартты, құдыққа түскен атан өгізді суырып алар қара күштің иесі көңілі түскенде күреске шығып, балуан біткенді баудай түсірді. Атқа құлын айырбастап елдің күлкісіне ұшырап, артынан әлгі таңдаған құлыны бәйгеден келді. Келеке қылған көптің күлкісі сап тиылып, таңданды. «Лақпайы өлеңімен» (Т.Шапай) жұртты қыран-топан күлкіге батырса, тапқыр сөзімен, бала қылығымен данышпан Абайдың көңіліне жақты. Қалай десеңіз де, Қиясбайдың жаны - қарапайым адамдарға шешуі қиын жұмбақ. Ол жұмбақтың жауабы Абайға ғана таныс. Әйтпесе, қызылды-жасылды бұл оранып, тал шыбықты ат қып мінген елірмені, шапқылап балалармен ойнап жүрген нағыз әумесерді Абай ерекше қадірлеп, жік-жапар болатыны несі? Абай Қиясбайға үйлен деп қолқа салғаннан кейін, дауылды күні ауыл-үйдің ұйқы-тұйқысын шығарып жатқан шақта Қия-ағаң Абайды үйінен алып шығып, бұзауы жамырап кеткен сиырына ұмтылып жүрген бір шөп желкені нұсқап, менің таңдағаным осы дегенде Абай әлгі екеуінің бірігіп шаңырақ құрып кететініне күмәнін білдіріпті. Сонда анау:

- Сіз өз көзіңіздің орнына менің көзімді қойып бір қарасаңыз, ол қыз  хор қызындай көрінбесе, сіздің айтқаныңыз болсын деген екен. Міне, біз де дүниеге Қиясбайдың көзімен қарағанда ғана оның философиясына барлау жасай аламыз. Қиясбайдың сайқымазақ тірлігінің мәнін өзінен тыңдайық. Абай орта жастан асқанша Қиясбайдың баламен бала болып ойнауын тоқтатпақ болғанда Қиясбай оған шын ренжіп: «Сені ойда орыс, қырда қазақ данышпан ақын Абай деп алдарыңнан шықпай ардақтап жүр ғой, бірақ, сен дүниенің тұрақсыз, алдамшы сырынан түк түсіне білмейді екенсің. Білсең мен өзіңнен бір сұрақ сұрайын, соны айтып берші. Осы адам баласы анасынан туғанда жылап туа ма, күліп туа ма?- деді. Бұған Абай:

- Күліп туу жаратылыстың заңында жоқ қой,- деп жауап қайтарады.

- Олай болса,- деді Қиясбай - дүниеге жылап келген адам баласы, күліп өлмейді. Сондықтан бұл фәниге кейіспен келген пенденің алдамшы дүниеге аяғын шалдырмай өмірін өкінішсіз өткізіп өлген бірде-бірі жоқ. Ал мен дүниенің өзін мазақ етіп жүрген жоқпын ба?- депті (Әміренов Т. Қиясбайға қатысты хикаялар // Жұлдыз. - 1982. - №4. 204-б.). Бұл - Абайдың өз аузынан естіген Қатпа Қорамжанұлының әңгімесі. Сонда алдамшы, жалған дүниенің өзін мазақ етіп:

Осы жасқа келгенше баламын деп

Япыр-ай, неткен қумын менің өзім,-

деп секектей беретін оның жан түкпірінде белгілі бір мақсат мықтап орныққан екен ғой.

Қиясбайдың ақындығы да өзінің тірлігі сияқты тұнған сайқымазақ, лирикалық қаһарманның бет-бейнесін дәл беріп тұрған ойқы-шойқы поэзия. Естелікке бақсақ Қиясбайдың ел алдына шығып айтыс ақындарын мезі қылатын:

Айдалада ақ қасқыр, опақ-сопақ,

Ақ сиырдан туады жирен айғыр,

Аспанда ителгі құс пішен жейді,

Арық тоқты шұлғиды тоң қатқанда,-

деп шұбатыла жөнелетін мағынасыз өлеңдердің шоғырын Абай бастап Асылбек, Әділшелер шығарып берген (қараңыз: Т.Әміренов. Қиясбайға қатысты хикаялар. // Жұлдыз. 1982. №4). Т.Әміреновтің айтқан дерегі бойынша Қиясбай өлеңінің Абай шығарған бөлігі былайша келеді:

Сыртым аңқау, ішім қу,

Жүрген жерім бәрі ду.

Үстіме киген киімім,

Киім емес, қызыл шу,

Уайым жоқ, қайғы жоқ,

Атадан тусаң мендей ту (сонда, 201-б.).

Осы өлеңнің кейінгі төрт жолы ақынның 1940 жылы басылған өлеңдер жинағына (2-том) енді. 1961 жылғы Ә.Жиреншин құрастырған бір томдықта бұл туынды ақынның жаңадан табылған өлеңдер топтамасында жүр. «Абай» энциклопедиясында «үстіңдегі киімің» деп басталатын өлеңге Абай шығармасы деп анықтама берілген. Әрине, бұл қалай, қандай жағдайда айтылса да Абай сөзін кейінгі ұрпақ білсін деп, тасқа басудың жолымен жинақтарға енген сияқты. Десек те, Абайдың ойнап айтқан сөзін оның ойлы поэзиясының арасына тоғытып жіберіп, Абай өлеңі ете беруге болмас деп ойлаймын. Ел арасында «Абай айтты» деген кестелі ойлар мен қанатты сөз баршылық. Соның бәрін ақынның өлеңдер жинағына енгізіп, Абай поэзиясының нәрін жоғалтып алмаймыз ба?

Кім шығарса да әлгі өлең тек Қиясбай айтса ғана жарасатын, соның табиғатына ғана сай болған соң, сөзсіз Қия-ағаңның қоржынына салынады. Ел ішінде «Қиясбайдың қозы көші» деген ән бар. Анығы - Шәкәрімнің әні де, Қия-ағаң бір бестіге сат деп өтінген соң, қажы тегін берген екен. Біреуден мәнсіз өлең мен ән қолқалап алып жүрген Қиясбай күшті ақын болмағанымен, екі ауыз сөзді қиыстырар қауқары болған. Ақындық өнерін сынамақ болған Абай кейде өлең шығарып, соңын Қиясбайға айтқызса, кейде табан астында суырып салып өлең айтуды талап еткен. Сондай ел әңгімелерінің біріне құлақ түрсек, бірде Қиясбай Семейден жаяу шығып келе жатады. Мезгіл күздің кезі екен. Күшікбай кезеңіне жақындаған шақта ол қатты жаурапты. Қара суық жел шыдатпай тоңып келе жатқан Қиясбайды ауылға жеткенде Абай сыртта тұрып кездестіріпті.

- Ей, Қиясбай, сиқың адам көргісіз ғой, ақын екеніңді білейін. Кәне, осыныңа бір ауыз өлең шығаршы. Ойланбастан айтшы,- дейді.  Сонда Қиясбай:

- Е, несіне ойланам. Сен ғой дейсің бе? Айналасына жастық қойып, астына көрпе жайғызып, алдына қағаз-қарындашын қойғызып ойланып-баптанып жататын.

Ой, елтірінің іші сеңсең, сырты тері,

Арқаны кезіп жүрген мен бір сері.

Шыдатпай өңменімнен өтіп кетті-ау

Өкірген Күшікбайдың қара желі.

Әгөй, әгөгөй,-

деп өзінің бұрынғы мақамына салып секіре беріпті (Абай әзілдері. - Алматы: Ғылым, 1995. Б. 42-43). Абай Қиясбайдың жауабына риза болып, үйіне енгізіпті. Ақындығы әлгіндей болса, ел аузынан жеткен сөз тапқыштығы тағы бар. Басқаны қойып, дүйім жұртты аузына қаратып отырған Абайды талай жерде сөзден ұтып кеткен ғой.

Тағы бірде Абайдың үйінде жиналған игі-жақсылар Қиясбайдың келгенін елемепті де, соған кектенген Қиясбай Абайға оңаша айтатын шаруам бар деп бүкіл жұртты дүрліктіріп далаға шығартыпты. Осы тапқырлығы үшін Абай риза боп қой берсе, «Абай ағам өңгертеді деймісің, айдатады да жібереді», - деп он шақты қойды айдап әкеткен екен. Қыс ішінде ет ал деп шошалаға кіргізсе жылқының басы, төрт сирағы, құйрығын алып шығып, көрген елге «Абай жылқы жетектетті»,- демеймін бе деп Абайды тағы ұтыпты. Әбдірахман қайтыс болып, елдің айтқан көңіліне жұбанбай томырылып отырған Абайға, Қиясбай келіп: Абай аға, елдің Әбіш деген жақсы баласы өлді, көңіл айтпайсың ба?- дегенде Абай басын көтеріп: Айналайын Қиясжан,- деп түрегеліп Қиясбайды қолтықтап үйге беттеген екен. Осылардан кейін Қиясбайды жынды демек түгіл қарапайымдардың қатарына да қоспай, төрден орын беретініңіз кәміл.

Қиясбай - Абайдың қасындағы сайқымазағы емес, ақынның жүрегін торлаған қалың қайғы мен мұң-зардың бұлтын серпілтер құдіретті күлкі сыйлаған абзал жан. Десек те, шайқы Қиясбай мен дана Абайды жақындастырып тұрған зіл батпан ауыр қайғы мен тұла бойды кернеген күлкіден де терең дүние жатқандай. Бірі алдамшы дүниенің соңына түсіп, нәпсінің құлы болған халқының қасіретіне томырыла қайғы жұтса, екіншісі дәл соларды мазақ етті. Олардың мағынасыз тірлігін іс-әрекетімен де, сөзімен де бейнелеп көрсетті. Дүниенің тылсымын ақыл көзімен парақтай білетін парасатты-шайқы Қиясбайдың бала қылығын Абайдың ерекше бағалауы содан. Осы арада айта кеткен жөн Абайдың Қиясбайы, Шәкәрімнің қасындағы мылқау Әупіші, кейіннен М.Әуезов қатты қадірлеген, көкірегі сарай Шәукендер - табиғаты ұқсас жандар ғана емес, даналар дүниетанымын тоғыстырып жатқан ерекше қастерлі есімдер.

Қиясбай сияқты Абай маңында болған Мұқамораз да күлдіргі адам болған. Тобықтыға көршілес Керей елінен шыққан Мұқамораз Абайға жиі келіп қонақ болады екен. Мұқаморазды қашанда сөйлетуге құмар Абай, тағы бір сәлем беріп кіріп келгенде есік аузында тұрып бір ауыз өлең айт дегенде Мұқамораз іркілместен:

Ауру астан болғанда, дау қарындастан,

Мұқамораз атандым бала жастан.

Мұқамораз деген ат шайтан аты

Қандай молда қойды екен аямастан ,-

деген екен (сонда, 45-б) . Осы бір ауыз өлеңді Мұқамораздың атынан Абай айтқан деген деректер де бар. Тіпті ақынның 1940 және 1961 жылғы жинақтарына да енген. «Абай» энциклопедиясында Т. Барақұлы: «...Абайдың кейін табылған өлеңі. Ел аузынан жазып алынған»,- деген пікір айтады (Абай энциклопедиясы. -Алматы: Қазақ эциклопедиясы, 1995. 101-б). Анығында, өлең Абайдікі емес, Абайдың өзі қолқалап айтқызған Мұқамораздың шығарған өлеңі. Осындай олқылықты дер кезінде байқаған Абай шығармаларын құрастырушылар кейінгі жинақтарға бұл өлеңді қоспаған. 1977 жылғы ақын шығармаларының қос томдығына алғысөз жазушы Ы.Дүйсенбаев былай дейді: «Қайым Мұқамедханов, Әбіш Жиреншин, Әрсен Ибатов, Садық Қасиманов, Мұздыбай Бейсенбаев және басқалар әр жылдарда, дүркін-дүркін «Абайдың жаңа табылған өлеңдері» деген атпен азды-көпті материалдар жариялап келді. Солардың ішінен тек Қайым Мұхамедханов ұсынған бір топ өлеңдер болмаса, басқалары аяқ асты қала берді. Себебі, кездейсоқ, жеңіл-желпі ұсыныла салынған шығармалардың басым көпшілігі, бір жағы, көркемдігі өте нашар болса, сондай-ақ, «анадан жазылып алынды, мынадан естіп едік»,- деген жалпылама сөздер ғана арқау етілгендіктен, күдіксіз дерек ретінде пайдалануға жарамай отыр» (Абай (Ибраһим) Құнанбаев. Шығармаларының екі томдық толық жинағы. - Алматы: Ғылым, 1977. - Т.1. Б. 12-13). Орынды айтылған пікір жоғарыдағы өлеңнің табиғатына да қатысты. «Абай әзілдері» жинағында Байкөкшенің Абайға айтатын бір ауыз өлеңі де сәл өзгеріспен Мұқаморазға телініп жүр. Тіпті өлеңнің шығу тарихы да бір. Ел аузынан жиналған мұраларда, осындай бір ізгіліктің болмауы заңды да. Қолжазбасы қалмаған ақынның сөзін әр рудың адамы өз ақынына теліп тарата беруі әбден ықтимал. Сондай-ақ, ұрпақтан ұрпаққа жеткізуші естелік айтушы қауымнан да бір ақынның орнына екіншісін қосып сөйлеу әдеті кездеседі. Сондықтан да, ескіден ауызша жеткен өлең-сөздің ең алдымен шығу тарихына, содан кейін өлең стиліне, ақынның сөз қолданысына т.б. ерекшеліктерге назар аударған жөн. Осындай ел ішіндегі аусар мінезді, сөзі түйеден түскендей боп келетін, ерекше жаратылған жандардың сол айтқан сөздерінен Абай ерекше нәр тауып, қатты қадірлеп отырған. Абай үйінің отымен кіріп, күлімен шығып жүретін Шәукембайдың «Абай балтаны да қайрай алмайды»,- дегені ақынды үлкен ойға қалдырса, жаяу жарыстан озып келген қатынын «Абай мен Оспан естісе алып қояды», - деп тығып қойған ауылдасының сөзінен қатты ұялтып, Оспанға да айтып, өзі де ендігәрі елдегі жақсы ат, құмай тазыға, қыран құсқа қызығуды тоқтатамын депті. Ақылы елден асып тұрғанымен осындай қарапайым жандардың тауып айтқан сөздеріне тоқтап, көңіліне медеу тұтуы - Абай даналығының тағы бір қырын аша түседі.

Жасында ұры атанып, Абайдың арқасында жаман кәсіпті тастап, атқосшысы болған Қарасақау сөзге шешен, өжет кісі екен. Тілі сәл шәлдірік болғандықтан ел Қарасақау атаған, ал шын аты Құсайын. Абай шәкірті Көкбайға Абылай хан туралы поэма жазғызып, сонда шәкіртінің Наурызбайдың Ақауыз атын суреттегеніне көңілі толмай «Аттың сыны» деген өлеңді жазғаны аян. Әйтсе де, сол өлеңін «Бұл шіркіннің өзі де мес болып кетті ғой»,- деп Көкбай дастанына кіргіздірмеген. Қарасақау Абайдың осы өлеңіне сын айтқан.

«- Абай аға, Сіздің атыңыз кекілді ғой?

- Иә.

- Кекілді болу үшін аттың маңдайы дөңес болуы керек қой?

- Иә.

- Маңдайы дөңес жылқыда ми көп болуы керек қой?

- Иә.

- Ендеше, миы көп жылқы шаба алмайды, сіздің атыңыз жүйрік ат емес. Сонда Абай зекіп жіберіп:

- Оттама, Қарасақау! Шоқпардай кекілі бар сөзі өлең уәзін үшін керек»,- деген екен» (Исабаев Б. Ұлылар мекені. - Новосибирск, 2001. 408-б.). Абай жігіттік шағында Керей Сағындық дегеннің Бибі деген қызына ғашық болып, сол махаббаты кейінге дейін суымаған көрінеді. Әділхан төренің әйелі болып, кейіннен күйеуі өлгенде Абайға ғашықтық хат та жолдаған. Араб-парсы, шағатай сөздері көп өлең-хаттың толық нұсқасы елу алты жол ел аузынан жеткен. Абайдың Еркежан қолында болған кезі. Бибіні тоқалдыққа алып, тіпті Әділханның қорасын қыстау қыламын,- деген ниеті де болған деседі. Әлгі хаттың осыған негізгі себеп екенін білген Еркежан Қарасақауға мән-жайды айтыпты. Абайдың қолындағы хатты көрген Қарасақау өлеңдегі «Білезік ауып кетер шар салғанда» деген жолына жата кеп жабысып, бұл әйелге таласушы көп, жалғыз сіз емес. Алпысқа тақаған шағыңызда әйел үшін шарға түскеніңіз абырой әпермейтін іс,- деп ақынды райынан қайтарыпты. Міне, әуелде ұры боп жүрген Қарасақаудың бойындағы ерекше қасиетін танып, қасына ұстаған Абай, оның баласы Қасеннің оқып білім алуына көп жәрдем жасаған. Құсайнов Қасен кейіннен Абай туралы құнды естелік-деректер берушілердің бірі болды.

Қорыта айтқанда ел ішін күлкімен көмкеріп, небір келеңсізікті ащы мысқылмен келемеж еткен жандар Абайдың қасынан табылып, оның қайғылы көңілін жадыратты. Ел ішін жайлаған мың сан індетке қарсы қаламын қару еткен кемеңгер ақын жан-жағына қарманған шақта жанына демеу болар да осы жаны жайдары ерекше адамдар екенін ескерген жөн.

Бауыржан Ердембеков, Филология ғылымдарының докоры

abai.kz