Думан АНАШ: Абай, Мұхтар және майдан басылымы

(Абайдың 100 жылдығына арнап жазған Мұхаңның мақаласы туралы)

Жуырда белгiлi түрколог-ғалым, филология ғылымдарының докторы, профессор Алтай Аманжоловпен кең отырып сұхбаттасудың сәтi түскен. Алтекең қазақтың тiл бiлiмiнiң негiзiн салушы, көрнектi ғалым-мәдениет қайраткерi Сәрсен Аманжоловтың тұяғы болғандықтан, әңгiме ауаны күнеске өрлегендей ХХ ғасырдың бастапқы жылдарынан бiр шыққан. Әрине, Iлияс Жансүгiровтен кейiн Сәрсекеңнiң 1939 - 1940 жылдары Абайдың академиялық толық жинағын құрастырып шыққанын әркiм де бiлер. Мұның сыртында, Мұхаң мен Сәкеңнiң арасындағы нәзiк өрiлген достық байланыс баласы Алтай Аманжоловтың айтуында 1920 жылдары басталған болса, ғылым мен шығармашылықтың көрнектi екi өкiлi арасында бiзге жетпей қалған бүкпесiз сырларының, тұншыққан ұлы ұлттық ойларының қабысқанында дау жоқ.

Әңгiме арасында, Алтай ағамыз өзiнiң жеке архивiнде Мұхтар Әуезовтiң Абайдың туғанына жүз жыл толуына байланысты жарияланған мақаласы жатқанын айтып қалды. Мұндайда жан қала ма?!.. Бiздiң ойымызда, Мұхаңның барлық шығармалары жинақталған, ендiгi, оларды үтiр, нүктесiне дейiн жеке талдау, қатпар-қатпарына бойлау ғана қалғандай болып тұратыны жасырын емес. Яғни, ұлы жазушының оқырман қолына тимеген мақаласы қайда жарияланған, нелiктен ешбiр зерттеушiнiң қолына iлiкпеген немесе назар аудармаған деген ойдың өзi дүдәмал болса да, iшкi таңқалыспен зор қызығушылық бас көтерiп келе жатыр едi бiртiндеп..

Қазақ журналистикасында зерттелмей қалып келе жатқан тақырыптың бiрi - 1941 - 1945 жылдары от пен оқтың арасында жарық көрген майдан басылымдары десек қателеспеймiз. Мiне, сол ұрыс даласында жүрiп газет-журнал шығарған ардагер тiлшiлердiң iшiнде Сәрсен Аманжолов та бар болатын. Соғысқа дейiнгi кезеңде де Абай мұраларына ден қойған ғалымның бас ақынның 100 жылдығы жақындап қалған кезде қамсыз отыруы мүмкiн емес-тi. Сондықтан, майдандағы Сәкең елде жүрiп жатқан Мұхаңа сәлемдеме жолдап, мақаланы тапсырыспен жаздырғаны кәдiк. Бұл мақала «Абайдың жүз жылдық мерекесi алдында» деген тақырыппен «Қызыл Армия үгiтшiсiнiң блокноты» («Блокнот агитатора Красной армии») басылымының 1945 жылғы сәуiр айындағы санында жарық көрген. Сол кездегi барлық майдан басылымдарының ұранына айналған «Немiс басқыншыларына өлiм!» сөзi блокнот маңдайшасының бiр бұрышында орналасқан. Қызыл Армияның Жоғарғы Саяси басқармасы шығарып тұрған аталған басылымда Мұхаңның мақаласымен бiрге Абайдың «Әсемпаз болма әрнеге..» өлеңi жарияланған.

Әрине, мақаланың жарық көруiне Мұхаң мен Сәрсекеңнiң арасындағы өзара достық қарым-қатынас дәнекер болғанын айттық. Ендi осы материал басқа зерттеушiлердiң қолына тидi ме деген сауал туады. Алтай Аманжоловтың өзi аталған блокноттың көшiрмесiн Мұхаңның қызы Ләйләға табыстағанын жеткiздi. Бiз, бұл орайда бiр кездерi «Әуезовтiң үйi» ғылыми-мәдени орталығында қызмет iстеген, абайтанудың, мұхтартанудың терең бiлгiрi Мекемтас Мырзахметовке қоңырау шалғанымызда, ғалым бұл мақаланың есiнде жоқ екенiн, ең дұрысы, М.Әуезовтiң мұражай үйiне барып, тексерiп көру қажеттiгiн айтты.

Сонымен ұлы жазушы өмiрiнiң соңғы жылдарында (1951-1961 жж.) тұрған, бүгiнгi жазушы атындағы мұражай үйiне бет алдық.

Осы мұражайда 32 жыл жұмыс iстеген аға ғылыми қызметкер Санагүл Көлбайқызы библиография арқылы Мұхаңның соғыс жылдарының аяғында майдан басылымына шыққан мақаласын тез-ақ тауып бердi. Тек бұл мақаланы бiз, «Қызыл Армия үгiтшiсiнiң блокнотынан» емес, жазушының 100 жылдық мерейтойы қарсаңында қолға алынған елу томдық шығармалар жинағынан кездестiрдiк. Яғни, Алматыдағы «Жiбек жолы» баспасынан 2007 жылы шыққан «Мұхтар Әуезов шығармаларының елу томдық толық жинағы» көптомдығының 27-томы, 82-84-беттерiнде тұр. Бұл томда жазушының 1943 - 1946 жылдары жазған еңбектерi жинақталған екен.

Кiтаптың 423-бетiнде филология ғылымдарының докторы, профессор Бақытжан Майтановтың аталған мақалаға түсiнiктемесi берiлген. «Мақала арнайы тапсырыспен жазылуы мүмкiн. Майдан шебiндегi жауынгерлерге туған елде аталмақшы iрi мәдени шараның жоғары рух беретiн қасиетi ескерiлсе керек. М.Әуезов өз ойларының қысқа әрi түсiнiктi болуына мән бередi. Абай мұрасының маңызы мен бағасы, оның саяси-әлеуметтiк астары, орыс әдебиетiмен байланысы, халықтар достығын жырлағаны айтылып өтедi. Абай дәрiптеген «ұлы қайрат», «қасиеттiң» соғыс кезiндегi ерекше орны көрсетiледi» деп жазады түсiнiктемеде Бақытжан Майтанов. Оның айтуынша, аталған мақала «Қызыл Армия» газетiнiң 27-шiлдедегi санында да қысқартылып жарияланған екен.

Дегенмен, түсiнiктемеде мақаланың баспасөзде көшiрiлiп басылғаны туралы басқа мәлiмет кездеспейдi. Сондықтан, Мұхаңның майдан басылымында жарық көрген жазбасын Тәуелсiз Қазақстан оқырмандарына қайтадан таныстарғанның еш сөкеттiгi жоқ деген ойдамыз.

Ресейде пушкинтану, есенинтану, т.б. ұлт абыройын асқақтатқан жауһар ұлдарының мұралары күн санап шығып жатқандықтан, зерттелiп, әр қырынан ашылып, ұрпаққа сiңiрiлiп жатқандықтан өз шешiмiмiздiң жалған сенсацияшылдықтан iргесi алшақ деп түсiнiңiз.

 

Абайдың жүз жылдық мерекесi алдында

Мұхтар ӘУЕЗОВ

Биыл августың 15-де қазақ халқының ардақты ұлы, дана ақыны Абайдың туғанына жүз жыл толады.

Қазақ халқынын кәрi-жасы, ұлы-қызы ерте күннен тегiс бiлiп, тұтас қадiрлеген Абай еңбегi тек қазақ жұртшылығы үшiн ғана емес, бауырлас, тiлектес, ұлы Совет Одағының барлық халықтары үшiн де қымбат еңбек. Абай тiрлiк етiп, кешiп өткен заманды еске алсақ, ақынның қадыры ерекше артады.

Ол кез қазақ даласы сияқты шығыс өлкелерде бiр жағынан рушыл-бектiк, надан қара күш дәурен сүрген кез едi. Ол күйдiң сорақы жағы қазақ халқын, қалың бұқараны өз iшiндегi рушыл зорлықшыл бек, сұлтаны өзге елден, өнерлi елден алыстатып, қараңғы түнек iшiнде ұстады.

Абай шығыстан шығып, ерте оянып, барын салып, өз елiнiң игiлiгi үшiн сол жаңағы алысты жақын етiп, қиынның қиуасын таппаққа талпынды. Елiн өнерлi елдiң қазынасына жеткiзiп, ерiн - бiлiмдi, саналы, өнерлi, бiлiмдi, бас азамат, халық азаматы етпекке баулыды. Ол күндегi Ресейге қараған шығыста ұлы орыс халқының өнер-бiлiм, ой-дана қазынасын өз халқына бар қасиетiмен жеткiзiп, танытуға талап еткен, еңбек еткен қайраткерлердiң бiрi, ұлы  азамат ақыны Абай болған.

Абай Пушкин, Лермонтов, Крылов, Толстойларды атағанда, жақсы ақын-жазушылығын ғана қадiрлеп қоймайды. Солардың еңбектерiнен, ұстаздық, үгiт-ойларынан көрiнiп тұрған шын адамдық, азаматтық қайсы екенiн, сезiмдi, ойлы көркем қасиеттер қайсы екенiн ерекше танытып бередi.

Қытымыр қатал замандарда Пушкин, Лермонтовтар ұлы адамдық жолын нұсқаған болса, әделеттi, теңдiктi, елдiк мұңды жырлаған болса, Абай соның көбiн қазақ оқушысына жеткiзе отырып, орыс халқының бойындағы үлкен асыл қасиет осы деп көрсеттi. Пушкиндерге қазақ оқушысын дос еттi.

Бүгiн барлық дүние халықтарына, барлық адам жынысына өздерiнiң жиренiштi, сұмырай «жыныстық жүйесiмен» жау боп шыққан, жауыз немiс-фашистерiн жапырып, жойып бара жатқан совет отаншылдарының бiлек, жүрек бiрлiгi мәңгi айнымас, мызғымас бiрлiк боп отыр. Осы бiрлiк жолында өткен шақта ұлы қайрат, қасиеттi еңбек етiп кеткен отаншыл ұлы азамат, дана Абай, бүгiн бiздiң барлық советтiк халықтарымызға қадырлы деймiз.

Осындай ерекше еңбегiн бағалап, совет жұртшылығы Абайдың жүз жылдығын үлкен мереке етiп өткiзбекшi.

Жүз жылдық қарсаңында ең алдымен ақынның өз шығармалары көпке жетiп, толық таралуы қажет. Сондықтан Абай шығармаларынның академиялық толық жинағы Алматыда тыңнан басылып шыққалы жатыр. Бұл жолғы жинаққа ақынның бұрын басылмаған бiрнеше тың өлеңдерi де кiредi. Екiншi, осындай үлкен жинақ орыс тiлiнде де шықпақшы. Абайды орыс халқына және орыс тiлi арқылы бүкiл Одақ халықтарына таныстыру үшiн бұл соңғы жинақтың мәнi аса зор. Қазiр бұл кiтап Мәскеуде даярланып жатыр. Бастыратын көркем әдебиет баспасы, басқарушы қазақ әдебиетiнiң ескi досы, жазушы Леонид Соболев. Аударатын Москвадағы iрi ақындар болады.

Қазақстанда iстелiп жатқан, мерекеге арналған кiтаптың бiрi - ақынның өмiрi мен еңбектерi жөнiндегi ғылымдық тексермелер жинағы. Бұл кiтаптың жазылуына қазақ пен орыс оқымысты, сыншы, жазушыларының көбi қатынасқан. Кiтап 25 баспа табақ боп орыс тiлi мен қазақ тiлiнде бiрден шықпақ. Бұны әзiрлеуiшi Ғылым Академиясының Қазақстандағы филиалы.

Өкiмет тарапынан iстелетiн үлкен шаралардың ең зоры - Алматыда Абайдың ескерткiшiн орнату болады.

Өткен 1944 жылдың декабрь айында Алматыда  Қазақстанның     Мемлекеттiк Опера балет театрында «Абай» атты жаңа опера қойылды. Мұның музыкасын жазған қазақ композиторлары - Ахмет Жұбанов пен Латиф Хамиди.

Жүз жылдық мереке қарсаңында Алматыда «Абай» атты үлкен кино-сурет шықпақшы. Мереке қарсаңында осы сурет түгел басылып болып, бүкiл Одақтағы киноларда тегiс қойылатын болады.

Қазақ жазушысы Сәбит Мұқанов Абайдың өмiрi мен еңбектерi туралы айрықша ғылымдық зерттеу кiтабын жазып жатыр. Осы ретте, жүз жылдыққа қарсы М. Әуезов жазған «Абай» атты романның бiрiншi кiтабы орыс тiлiнде басылып шықпақ. Ол романың аудармасын орыс жазушысы Леонид Соболев баскарып, кiтап Москвада баспаға берiлдi.

Августың 15-де, Абайдың туған күнiнде, республика көлемiнде салтанатты мерекелер өтедi. Алматыда болатын арнаулы салтанатты, ғылымдық жиылыс, мәжiлiстерден басқа, Абайдың туған облысы Семейде және әсiресе туған жерi Шыңғыста - қазiргi Абай ауданында - зор халық мерекесi болмақ.

(«Қызыл Армия үгiтшiсiнiң блокноты», №4, 1945 жылғы апрель, ОҚХҚ Әскери баспасы)

Алтай АМАНЖОЛОВ, филология ғылымдарының докторы, профессор, түрколог:

 

Ләйлә Мұхтарқызы ерекше қуанып, фотокөшiрмесiн түсiрiп алған едi

- Менiң әкем - Сәрсен Аманжолов, 1944 - 1945 жылдары «Қызыл Армия үгiтшiсiнiң блокноты» журналының аудармашы-редакторы болған. Мiне, журналдың төменгi жағында жауапты редакторы: Н. Брычев, редактор-аударушысы С. Аманжолов деп жазылған. Брычев блокноттың орыс тiлiндегi басылымын шығарған. Аталған блокнот сонымен бiрге татар, өзбек, т.б. тiлдерде шығып тұрған. Бұл басылымға Қазақстаннан майданға аттанған сарбаздар туралы, олардың ерлiгi жайында, Сталиннiң бұйрықтары, көбiнесе майдан туралы жазбалар енетiн. Осы басылымға жауынгерлердiң жазған хаттары, жарық көрген материалдарға байланысты пiкiрлерi туралы «Қазақстан әйелдерi» журналына мақала жазып берген едiм.

Әкем мен Әуезов 1920 жылдардан бастап Семейде, Тәшкенде, Алматыда бiр-бiрiмен жақын араласып тұрған болатын. Тәшкенде әкем студент болып жүрген кезiнде, М.Әуезов аспирантурада оқып жүрген едi.

Абайдың 100 жылдық мерекесiне әзiрлiк жүрiп жатқанда Мұхтар Әуезов осы майдан басылымына өзiнiң мақаласын берген. Бұл - журналдың сәуiрде шыққан санында жарияланған. «Абайдың жүз жылдық мерекесi алдында» атты мақала. Әкем майданда Әуезовпен хат жазысып тұрған. Өзi де майдан даласына шығып, Германияда, Польшада болып, соғыс тақырыбындағы очерктерiн блокнотқа жариялап тұрған. Сәкең журнал шығарып жүрген кезiнде капитан шенiнде болса, соғыстың аяқталар тұсында майор шенiн алған.

Аталған «Қызыл Армия үгiтшiсiнiң блокноты» Совет Одағының маршалдары И.Коневтi, Г.Жуковты, К.Рокоссовскийдi ССРО Жоғарғы Советi Президиумының «Жеңiс» орденiмен наградтау туралы Указымен басталады. Одан кейiн орыс тiлiнде шыққан нұсқадан М.Мироновтың, В.Носовтың мақалаларын С.Аманжолов аударып берген. Сондай-ақ, Сәкеңнiң өз қаламынан туған очерктерi жарияланған. Оның iшiнде «Шыңғыс-Тау қызы» атты мақаласында Совет Одағының батыры Мәншүк Мәметованың ерлiгi бүкiл қазақ даласының рухын көтерiп, майданға өз еркiмен сұранушылардың қатары артқанын, соның iшiнде Шыңғыстау қызы Баянның соғыстағы ерлiгi баяндалады. Бұдан кейiн Мұхаңның Абайдың 100 жылдық мерекесiне арнап жазған мақаласына орын берiлген.

1934 жылы бұрынғы КазПИ-ге Абайдың аты берiлдi. Университеттке Абай есiмiн беру туралы өкiметке ұсыныс жасағандардың арасында әкем де бар болатын. Сонан кейiн Абайдың академиялық шығармалары 1939 - 1940 жылдары Сәрсен Аманжоловтың редакторлығымен латын әлiпбиiнде екi том болып шықты. Сондықтан, Сәкең Абайға о бастан ерекше ықыласты болғанын аңғаруға болады.

Мұхаңның бұл материалы басқа еш жерде жарияланған жоқ. Бiзде әдебиетшi Ысқақ Дүйсенбаев деген кiсi болды. Ол да майданда болған. Сол кiсi Әуезовтiң жинағын, еңбектерiнiң барлығын жинап, тiзiмiн бастырған. Мен сол кiсi құрастырған библиографияны қарасам, ол тiзiмде де Мұхаңның бұл мақаласы жоқ екен. Ысқақ Дүйсенбаевтың өзiнен сұрағанда, ол бұл материал жөнiнде бiлмейтiнiн айтты.

Сонан кейiн осы мақаланы қолтықтап, 1980 жылдардың басында Ләйлә Әуезоваға бардым. Ләйлә Мұхтарқызы со кезде М.Әуезовтiң Алматыдағы мұражай-үйiнiң директоры болатын. Ол да бұл мақаланы көрмеген екен. Айрықша қуанып, мақаланың фотокөшiрмесiн түсiрiп алды.

Бұл материалдың басқа басылымда жарияланғанын естiген жоқпын. Мүмкiн, қазiр шығып жатқан елу томдық шығармалар жинағына енгiзген шығар. Бiрақ, менiң бiлуiмше, аталған мақала соғыс жылдарынан кейiн, Қазақстан Тәуелсiздiк алғаннан соң да баспасөздерде жарияланбады. Тiптi, бұл материал туралы әуезовтанушылар да, зерттеушiлер де хабарсыз болып келдi.

Өзiм де бұл материалды әкемнiң шығармаларын реттеп отырып, кездейсоқ көзiм шалып қалды. Әуезов туралы шыққан кiтаптардың iшiнде жоқ екен. Библиографиясында да жоқ. Сондықтан, құнды дүние деген ойдамын.

Санагүл МАЙЛЫБАЙ, «Әуезов үйi» ғылыми-мәдени орталығының аға ғылыми қызметкерi, филология ғылымдарының кандидаты:

 

Мақаланың түпнұсқасы Мұхаңның өз архивiнде кездескен емес

- Мұхаңның шығармаларынан даярланып жатқан елу томдықта берiлген түсiнiктемеде бұл мақаланың соғыс жылдарынан кейiнгi баспасөз беттерiнде жарияланғаны туралы мәлiмет жоқ. Жалпы, түсiнiктеменiң жазылу ережесi бойынша, онда мақаланың қай уақытта шыққаны, қандай тақырыпты қаузайтындығы, көшiрiлiп басылғаны туралы барлық мәлiметтер берiлуi тиiс. Бұл мақала Мұхтар Әуезовтiң 20 томдық шығармалар жинағыне енбеген. Ал, Әуезовтiң 20 томдық жинағы жазушының 90 жылдық мерейтойына байланысты шыққан болатын. Егер, сол жинаққа енсе немесе басқа басылымдарда жарияланса, түсiнiктеме iшiнде айтылуы керек едi. Сондықтан, Әуезовтiң Абайдың 100 жылдығына арнап жазған бұл мақаласы тек 50 томдық шығармалар жинағына ғана кiрген.

Мұхтар Әуезов шығармаларының елу томдық толық жинағының бұрынғы көптомдықтарынан өзгешелiгi - жазушы шығармаларының барлығын тек түпнұсқа бойынша беруiмiзде. Жазушы шығармаларында саяси тыйымдарға байланысты көп сөйлемдер алынып тасталған. Сталиннiң есiмi аталған тұстары, саяси қателiктер ретiнде алынып тасталған бөлiктерi бар. Яғни, жазушы қаламынан шыққан дүниелердi тегiс аталған 50 томдық жинаққа енгiзу үстiндемiз. Яғни, жазушы жазбасын қалай жазса, сол күйiнде берiлдi. Тек орфографиялық қателерi ғана жөнделдi. Сонан кейiн Әуезов заманында айтылатын кейбiр сөздер қазiргi уақытта түсiнiксiз болатындықтан, кiтаптың соңғы жағына түсiнiктемелерi берiлдi.

Жалпы, Мұхтар Әуезов шығармаларының елу томдық академиялық басылымы жазушының 100 жылдық мерейтойына әзiрлiк барысында, қызы Ләйлә Әуезованың көзi тiрiсiнде қолға алынған болатын. Алғаш жобасын жасауға қатысқан ғалым - Мекемтас Мырзахметов. Ол кiсi бұрын осы орталықта жұмыс iстеген едi. Екiншiсi - филология ғылымдарының кандидаты Талғат Әкiмов. Мұхаңның шығармашылығы 1917 жылдан 1961 жылға дейiнгi аралықты қамтиды. Жазушының алғашқы шығармасы 1917 жылы жарияланған. Шәкәрiмнiң «Еңлiк-Кебек» поэмасын Әуезов алғаш рет сахналандырған болатын. Сол себептi, жазушының шығармашылығын 1917 жылдан басталды деуге толық негiз бар. Елу томдықты бастаған кезде Ләйлә Мұхтарқызы бар едi, алайда, ол кiсi 1993 жылы қайтыс болды. 1997 жылы Әуезовтiң 100 жылдық мерейтойында жазушы шығармашылығына арналған елу томдықтың 1917 - 1920 жылдар аралығын қамтитын алғашқы кiтабы шықты.

Кейiн Әуезовтiң мұражай-үйi екi жоба қабылдады. Бiрiншiсi, елу томдық шығармалар жинағы (жетекшiсi - Диар Қонаев) болса, екiншiсi, жазушы шығармаларындағы Тәуелсiздiк идеясы (жетекшiсi - Бақытжан Майтанов). Қазiр мәдени-ғылыми орталық қызметкерлерi 3 жылға келiсiм-шартқа отырып, аталған екi жоба бойынша жұмыс iстейдi. Бүгiнгi күнi жазушының 45-томы дайындалу үстiнде. Алла қаласа, келесi жылы Әуезовтiң тұрған үйiнiң мұражайға айналғанына 50 жыл толмақ. Сол кезде елу томдық шығармалар жинағын толық дайындап бiтемiз деп жоспарлап отырмыз.

Елу томдықты шығарып жатқан «Жiбек жолы» баспасының өкiлдерi бұл жоба аяқталғаннан кейiн тағы да тапсырыс беруге даярлықтарын жеткiздi. Сол себептi, елу томдыққа сыймай қалған тағы екi томын қосып шығаруды мақсат етiп отырмыз.

Бiзде «Абай жолы» роман-эпопеясының 4 түрлi нұсқасы бар. Мұхаң бұл шығарманы әр жылдары өзгертiп жазған екен. Сонан кейiн, «Абай жолы» романының орыс тiлiндегi аудармасын Мұхаң өзi жасаған. Әрине, Соболевпен бiрге шығарған. Бiрақ, ол кездегi идея бойынша, атақты орыс жазушылары болмаса, көбiне мұндай томдар шықпаған. Сондықтан, Мұхаң өзi орысша терең бiлiп тұрса да, өзi дайындап, Соболевке берiп отырған. Роман-эпопеяға жолма-жол аударма жасап, редакторы да өзi болған. Әйтпесе, Әуезов өзi де орысша оқыды ғой.

Мекемтас Мырзахметов осы елу томдықтың жобасы жасалып жатқан кезде Ләйлә Мұхтарқызына Әуезовтiң тек Абай туралы жазған материалдарының өзi 15 том болатынын айтқан екен. Өйткенi, о баста жазушы шығармашылығы елу томдыққа жете ме деген күдiк болды. Бұрын Мұхаңның 12 томдығын мұражай қызметкерлерi шығарған едi. Кейiн жазушының 90 жылдығына орай 20 томдығын шығарды. Ал, 100 жылдығында 50 томды жобаладық. Елу томдықтағы шығармалар хронологиялық тәртiппен берiлген. Мақалалары, аудармалары жазылған жылдары бойынша жүйелендi. Ендi осы елу том толығымен бiткеннен кейiн аталған жинақтың библиографиясын шығарсақ деген ойымыз бар. Бұл жазушы шығармаларын iздеген оқырманға барлық елу томдықты қарамай, библиография арқылы iлезде тауып алуға үлкен септiгi тиедi. 1972 жылы Мұхаңның шығармашылығына байланысты библиография шыққан едi. Оның алдында Мұратбек Бөжеев деген кiсi 1966 жылы шығарған болатын. Ол кiсi «Халық жауы» болып ұсталып, 15 жыл абақтыда отырған. Ертерек қайтыс болып кеттi. Осы библиографияларды құрастырып, Әуезовтiң 100 жылдығында библиография шығарған болатынбыз. Жазушының 110 жылдығында тағы да бiр библиография шығардық. Ендi, Тәуелсiздiктiң 20 жылдығына байланысты тағы бiр библиография шығарайық деп отырмыз. Бұл - 1991 мен 2011 жылдар аралығын қамтиды. Сонда жазушының бұрын енбей қалған шығармаларының барлығы библиографияда толығымен болады.

«Қызыл Армия үгiтшiсiнiң блокноты» журналындағы мақаласын көптомдыққа қалай алынғанын бiлмедiм. Мүмкiн, мұражайда көшiрмесi бар шығар. Егер, түсiнiктемеде көшiрмесi бар болса, айтылар едi. Бiрақ, онда айтылмаған. Әуезовтiң 20 томдығын шығарар кезде қолжазбалардың барлығын Қазақстан Жазушылар одағында терiмшi болып iстейтiн Ажар деген апайымызға бастырған едiк. Сондықтан, түпнұсқа немесе көшiрме Ажар апайымызда, болмаса, Ләйлә Мұхтарқызының өзiнде болуы мүмкiн. Ал, мұражайдағы архивте мұндай материал жоқ. Бiз архивтi күнде қараймыз. Бар болса, бұған дейiн көрер едiк.

 

Думан АНАШ, «Алматы Ақшамы», №88, 17-шiлде, 2010 жыл.