«Естілген нәрсені ұмытпастыққа төрт түрлі себеп бар: әуелі, көкірегі байлаулы берік болмақ керек. Екінші, сол нәрсені естігенде, я көргенде ғибратлану керек, көңілденіп, тұшынып, ынтамен ұғыну керек. Үшінші, сол нәрсені ішінен бірнеше уақыт қайтарып ойланып, көңілге бекіту керек. Төртінші, ой кеселді нәрселерден қашық болу керек. Егер ой кез болып қалса, салынбау керек. Ой кеселдері: уайымсыз, салғырттық, ойыншы-күлкішілдік, я бір қайғыға салыну, я бір нәрсеге құмарлық пайда болу секілді. Бұл төрт нәрсе - күллі ақыл мен ғылымды тоздыратұғын нәрселер».
Абайдың бұл әңгімелерінің кім үшін болса да, тәрбиелік мәні зор. Әйтсе де білімге ұмтылушы жастар үшін айрықша құнды. Өйткені ғылым да, өнер де жастар үшін. Адамның қолын бақытқа жеткізетін ілім-білімді игеру де жастардың ғана қолынан келетін іс. Қартайған адам қанша ұмтылса да, өндірері аз болмақ. Сондықтан білімге ұмтылған жастар ұлы ақынның бұл айтқандарын берік есте сақтауы қажет.
Абайдың «Алтыншы», «Сегізінші», «Он бірінші» сөздері жоғарғы ілім-білімге ұмтылуға бөгет жасайтын надандық, мақтаншақтық мінездерді шенеуге арналады. «Бірлік, тірлік» деген сөз ұғымдарының мәнін аша келіп, «Алтыншы сөзінде» Абай: «Бірлік - ақылға бірлік, малға бірлік емес», - десе, сол әңгімесінің екінші жерінде: «Ырыс алды - тірлік» дейді. Ол қай тірлік? Ол осы жан кеудеден шықпағандық па? Жоқ, ондай тірлік итте де бар... Жанын қорғалап жаудан қашып, қорқақ атанып, еңбек қылудан, қызмет қылудан қашып, еріншек атанып, ез атанып, дүниеде әлгі айтылған ырысқа дұшпан болады... Тірлік олар емес, көкірегі, көңілі тірі болса, соны айтады, өзің тірі болсаң да, көкірегің өлі болса, ақыл табуға сөз ұға алмайсың. Ал еңбекпен ерінбей мал табуға жігер қыла алмайсыз.
Кеселді жалқау, қылжақ бас,
Әзір тамақ, әзір ас,
Сыртың пысық, ішің нас,
Артын ойлап ұялмас, -
болып жүріп, тірімін деме, онан да алла жіберген ақ бұйрықты өлімнің өзі артық», - дейді. Ұлы ақын осы пікірін «Үшінші», «Он бірінші» сөздерінде де толықтырып, ұштай түседі. Мал үшін ар-намысын сату, бірінің үстінен бірі арыз беріп пәлелеу, ауызбірліктің болмауы тәрізді мінездердің бәрі де надандықтан, мәдениетсіздіктен, жалқаулықтан, еңбексіздіктен туатынын дәлелдей келіп, ақын өзінің оқырмандарын бұл мінездерден қашық болуға тәрбиелейді. Бұл әңгімелердің идеялық мазмұны да, кейінгі ұрпақтар үшін құндылығы да осында.
Абайдың бір алуан әңгімелері өз кезіндегі ел билеуші, үстемдік етушілерді сынауға, шенеуге арналады. Автор бұл мәселеде де өзінің шын мәнінде реалистігін көрсетеді. Сынау әртүрлі. Кейде ақын-жазушылар сол таптың жыршысы бола отырып, өз табы өкілдерінің кемшіліктерін сол өз табының көзқарасы тұрғысынан сынап, сол сыны арқылы кемшіліктерін жойып, оның үстемдігін бекіте түсуге өзінше ат салысуды, көмектесуді нысана етеді.
Абай өз кезіндегі үстем тап өкілдерінің мінез-құлық, іс-әрекетін сынағанда, мәселеге халық көзқарасы тұрғысынан қарайды. Елді ел ету үшін бөгет болып отырған жайттарды, оларды қалай жою керектігін және қандай шаралар қолдану қажет деген сұрауларға жауап іздейді.
Өзінің өлеңдеріндегі тәрізді қара сөздерінде де ұрлық, парақорлық, пәлеқорлық, партиягерлік, мансапқорлық, тағы басқалар елдің ел болуына зор бөгет екендігін айта келіп, «Қырық бірінші сөзінде» Абай екі нәрсе ұсынады: біріншісі - «Бек зор үкімет», екіншісі - қаржы. Үкіметтің күшімен қазақтың ұл, қыздарын еріксіз түрде мектепке беріп, оларды ғылымның әр саласынан мамандандырып, ой-санасын жаңаша тәрбиелеп, бұрынғылардан мүлде өзге психология, өзгеше наным-сенімдегі адамдар етіп шығарса, сонда ғана елдің түзелетіндігін айтқан.
Бірақ жұрттың бәрін қорқытып, зорлауға, не үгіт арқылы түсіндіруге мүмкін емес. Сондықтан олардың бірқатарына ақшаның күші арқылы балаларын оқуға тартуға жағдай жасау керек. Мұның екеуі де мүмкін емес, «енді не қылдық, не болдық?» деп, ақын тұйыққа тіреледі. Абай кезінде оқуға бала берудің өзі қазақта үлкен мәселе болатын. Балғожа би тәрізді заман ағымын түсінушілер, не Абайдың өзі тәрізді бірен-саран көзі ашықтар болмаса, жалпы көпшілік орысша мектепте бала оқытуға ұмтылмайтын. Балалары ауылдағы дүмше, надан молдалардан оқып тіл сындырса, «Иманшартты» оқи білсе, сол да жарайды деп қанағаттанатын. Бұған екі түрлі себеп болды. Біріншісі - мал шаруашылығы, көшпелілікпен күн көрген қазақ елінің ғасырлар бойы мәдениеттен кейін қалушылығы болса, екіншісі - орыс мәдениетінен гөрі, ел ішіне бұрынырақ таралған және бір кезде патша өкіметінің өзі қолдаған қадем оқуы, діншілдіктің кертартпалығы. Қазақ халқына ислам дінін кең жаюға тырысқан қожа, молдалардың да бұл мәселеде тигізген зияны аз емес. Олар орысша оқыған адам діннен шығады, кәпір өтеді деп, халықты қорқыту, шошыту жұмыстарын жүргізді. Осы жағдайлардың барлығын өз көзімен көріп, олардың сыры мен қырын терең түсінген Абай өзінің өлеңдерінде де, қара сөздерінде де қазақтың ынтымақты ел болуы үшін мәдениетке ілесуі, оқуға, ғылымға ұмтылуы керектігін дұрыс түсініп, жоғарғы айтылған сан бөгеттерді ағарту жұмыстарының күші арқылы жою, сөйтіп өз халқын басқа мәдениетті елдердің қатарына жеткізуді арман етті. Абайдың көптеген қара сөздері осы идеяны үндеуге арналады.
Әрине, жалаң, тек қана ағартушылық арқылы барлық іс бүтінделмейді. Әйтсе де Абайдың өмір сүрген кезін, оның өскен ортасын, сол дәуірдегі қазақтың жағдайын еске алсақ, Абай ұсынған жолдардың прогрессивтік үлкен мәні барлығын мойындамасқа болмайды.
Абайдың «Он жетінші сөзі» қайрат, ақыл, жүрек, ғылымға арналады. Алдыңғы үшеуі адам үшін өздерінің атқаратын жұмыстарын айта келіп, әрқайсысы өзін бірінші орынға қойып таласады да, ғылымға төрелікке жүгінеді. Ғылым үшеуінің де жақсылы, жаманды қасиеттерін дәл сипаттап, әділ сынайды. Жеке-жеке үшеуінде де кемшілік бар. «...Осы үшеуің басыңды қос, оның ішін де жүрекке билет», - деп үкім шығарады. «Егер үшеуің ала болсаң, мен жүректі жақтаймын», - дейді оларға ғылым.
Бұл мәселелер Абайдың осы әңгімесінде ғана емес, көптеген өлеңдерінде де сөз болады. «Әуелде бір суық мұз, ақыл, зерек» деген өлеңінде Абай:
Ақыл, қайрат, жүректі бірдей ұста,
Сонда толық боласың елден бөлек.
Жеке-жеке біреуі жарытпайды,
Жолда жоқ жарым есті «жақсы» демек.
Ақыл да, ашу да жоқ, күлкі де жоқ,
Тулап, қайнап бір жүрек қылады әлек.
Біреуінің күні жоқ, біреуінсіз,
Ғылым - сол үшеуінің жөнін білмек.
Қара әңгімесі мен мына үзіндінің мазмұны бір. Екеуінде де ақыл, қайрат, жүрек, ғылым сөз болады. Әрине, әңгіме тек сөз болуында ғана емес, ақынның оларға қалай қарауында. Егер біз мәселеге осы тұрғыдан келсек, Абайдың өз идеясына беріктігін, қандай проблеманы көтерсе де, мәселені жүйелі түрде қойып, қалайда оны оқырмандарының ой-саналарына жеткізуді ойлайтындығын, алған нысанасынан қыл елі таймайтындығын көреміз. Абай ірі гуманист ақын дедік. Ол өзі өмірінің игілігін, өз бойындағы бары мен нәрін халық үшін, адам үшін жалпы адам баласының бақыты үшін жұмсауға тырысты. «Әкесінің баласы - адамның дұшпаны, адам баласы - бауырың» дейтін сөздері оның шығармаларының негізгі идеясының бірі болды. Демек бұл әңгімесінде де Абай жүректі, яғни адам - адамды сүю, адам үшін қызмет етуді бірінші орынға қояды. Бірақ ғылым бойынша да, Абайша да ең идеал нәрсе - осы үшеуінің бірлігі. «Осы үшеуі (ақыл, қайрат, жүрек) бір кісіде менің айтқанымдай табылса, табанының топырағын көзге сүртерлік қасиетті адам сол», - дейді. Бізше, бұл әңгіменің философиялық тереңдігі өз алдына, әсіресе жастар үшін тәрбиелік мәні зор.
Тап осы тәрізді, тағы бір үлкен мәселені қозғайтын шығармасы - «Отыз алтыншы сөзі». Әңгіме ұят туралы.
Өз кезіндегі әртүрлі ұяттан, ардан безгендерлі сынай келіп, ұят, оның түрлерін сөз етеді. Ұяттың бір түрі - адамның жас кезінде, балалық дәуірінде болатын табиғи құбылыста, екіншісі - жасықтық, ынжықтықпен байланысты. «Ұялмас нәрседен ұялған ұялу - ақымақтық, жамандық», - дей келіп, шын мәніндегі ұят қандай болу керек деген сұраққа жауап береді.
«Ұят деген - адамның өз бойындағы адамшылығы, иттігіңді ішіңнен өз мойныңа салып, сөгіп, қылған қылмысының аты. Ол уақытта тілге сөз де түспейді, көңілге ой да түспейді. Көздің жасын, мұрынның суын сүртіп алуға да қолың тимейді, бір ит боласың. Көзің кісі бетіне қарамақ түгіл, еш нәрсені көрмейді. Мұндайлыққа жетіп ұялған адамға өкпесі бар адам кешпесе, яки оның үстіне тағы аямай өртендіріп сөз айтқан кісінің өзінің де адамшылығы жоқ десе болар», - дейді. «Осы күнде менің көрген кісілерім ұялмақ түгіл, қызармайды да», - деп қорытады ақын.
Ұят - адам болған жерде бола беретін мәңгілік нәрсе. Қандай қоғам болса да, әдеп, әркен, мінез-құлық, жүріс-тұрыс іс-әрекеттердің сол қоғам құрылысының заңына бағыныңқы белгілі бір нормасы (өлшем-шегі) болады. Сол нормаларды бұзу - ұят. Кейде ұяттың жалпы адам баласына ортақ түрі болмақ. Қай халықты алсақ та, ұятқа үлкен мән берген. Діншілдер, тіпті ұяттың бір жағын дінге тіреп, ұятты сақтауды парыз дәрежесіне дейін көтерген. «Қазақта «Ұят кімде болса, иман сонда» деген мақал да ұятқа үлкен мән бергендігін көрсетеді. Ұятсыздық - өмірдегі ең бір сұрқия қылық. Сондықтан да ұлы ақынымыз Абай бұл мәселеге айрықша көңіл бөліп, ұрпақтарының ар-ұяттарын таза сақтауын арман еткен. Бұл әңгімесінің күні бүгіннің өзінде де тәрбиелік мәні зор.
Абайдың кейбір қара сөздері қазақтың мақал-мәтелдерін талдауға, мәнін ашуға арналады. Мысалы, «Бесінші сөзі», «Жиырма тоғызыншы сөзі». Бұл сөздерінде ақын қазақтың мақал-мәтелдерінің ішіндегі ең теріс дегендерінің, жақсылыққа емес, жамандыққа тәрбиелейтіндерінің астарлы сынын ашады.
«Мал - адамның бауыр еті», «Түстік өмірің болса, күндік мал жи», «Малдының беті жарық, малсыздың беті шарық», «Ердің малы елде, еріккенде қолда», «Өзіңде жоқ болса, әкең де жат», тағы басқа мақалдарды келтіреді де, оларға төмендегіше талдау береді.
«Бұл мақалдардан не шықты? Мәлім болды: қазақ тыныштық үшін, ғылым үшін, білім үшін, әділет үшін қам жемейді екен, бірақ мал үшін қам жейді екен, бірақ бар білгені малдыларды алдап алмақ, яки мақтап алмақ екен, бермесе, оныменен жауласпақ екен. Малды болса, әкесін жаулауды да ұят көрмейді екен. Әйтеуір ұрлық, сұмдық, тіленшілік, соған ұқсаған қылықтың қайсысын болса да қылып жүріп, мал тапса, жазалы демесек керек», - дей келіп, «Жиырма тоғызыншы сөзінде»: «Қазақтың мақалдарының көбінің іске татырлығы да бар, іске татымақ түгіл, не құдайшылыққа, не адамшылыққа жарамайтұғыны да бар. Әуелі «Жарлы болсаң, арлы болма», - дейді. Ардан кеткен соң, тірі болып жүргені құрысын. «Қалауын тапса, қар жанады», «Сұрауын тапса, адам баласының бермейтіні жоқ» деген - ең барып тұрған құдай ұрған сөз осы. Сұрауын табамын, қалауын табамын деп жүріп, қорлықпен өмір өткізгенше, малды не жерден сұрау керек, не терден сұрау керек қой...
«Ата-анадан мал тәтті, алтын үйден жан тәтті» дейді. Ата-анасынан мал тәтті көрінетұғын ант ұрғанның жанынан да малы қымбат екен. Ата-анасын малға сатпақ ең арсыздың ісі емес пе?»
Қандай мәселеге болсын, Абайдың сын көзімен қарап, терең толғайтын да адам екендігін осы мақал-мәтелдерге жасаған талдауының өзінен де анық көруге болады. Бірінші, оған шейін «Жылтырағанның бәрі алтын» деп, қазақтың мақал-мәтелдерін жұрт сол күйі түгел қабылдаумен келсе, Абай бұл туралы тың пікір ұсынды. Мақал-мәтелдердің бәрі бірдей дұрыс, бәрін бірдей қолдана беруге болатын халыққа пайдалы сөздер емес екендігін бірінші рет бетін ашты. Екінші, Абай қандай мәселеде болсын, бір бет, бір бағытынан таймайды. Өзінің көздеген негізгі нысанасынан шығуды ойлайды. Осы келтірілген мақал-мәтелдерді сынауының түп-тамыры ақын шығармаларының негізгі идеялық мазмұнымен ұштасып жатыр. Сайып келгенде, Абай мәдениетсіздікке, жалқаулыққа, сұм-сұрқиялық, арсыз, ұятсыздыққа қарсы шығып, бұл мақалдар ол тәрізді оңбаған мінез-құлықтарды жоюға көмектеспейтіндігін, қайта өршіте түсетіндігін аша түсіп, оларға қарсы еңбекті, ғылымды, өнерді, адамгершілікті ұсынады.
Әрине, бұл айтылғандардан Абай қазақтың мақал-мәтелдерінің бәріне қарсы екен деген ұғым тумасқа керек. «Біздің қазақ мақалдарының көбінің іске татырлығы бар», - деп өзі айтқан және керектілерін өз туындыларында іске татытқан да.
Ең алдымен Абай, қазақтың мақал-мәтелдерін пайдалану арқылы өзінің сөздік қорын байытты. Олардың ішінен керектілерін алып пайдаланды, айтайын деген идеясын дәлелдеу, оқушыларын сендіру үшін тірек етті. «Бірлік мәселесін сөз еткенде: «Би екеу болса, дау төртеу болады», «Өзін ар тұтқан, жаттан зар тұтады», «Ырыс баққан - дау бақпас» деген мақалдарды дұрыс санап, өз шығармаларында сол күйінде пайдаланды. Кейде халық мақалдарының негізін ала отырып, мақал, афоризмдік сөз тізбектерін құрды. Мысалы, «Еңбек етсең - емерсің» деген халық мақалының негізіне сүйеніп, Абай:
Еңбек қылсаң ерінбей,
Тояды қарның тіленбей, -
дейді. Мұның мазмұнында алдыңғы мақалдан өзгешелік жоқ. Бірақ Абайдың сөз тіркесінде, ерінбей еңбек етуді тіленшілікке қарсы қою, халық мақалын толықтыра түсу, өлеңге айналдырып, жайнақыландыру бар. Сол тәрізді «Қолың көтере алмайтын шоқпарды беліңе қыстырма», «Әлін білмеген - әлек» деген мақал-мәтелдердің үлгісін ала отырып:
Азат басың болсын құл,
Қолдан келмес іске ұмтыл, -
деп, халықтың мақал-мәтелдерін бағалай да, пайдалана да, сынай да білген.
Абайдың өлеңдері де, қара сөздері де нақыл сөздерге (афоризмдерге) мейлінше бай келеді. Олардың кейбіреулері халық мақалына айналып кетті. Мысалы, «Еңбек етсең ерінбей, тояды қарның тіленбей», «Жетім қозы тас бауыр, түңілер де отығар» деген сияқты сөздері ауыздан-ауызға тарап, халық мұрасына айналды. Бұл оның нақыл сөздерінің ел тілегімен қабысқандығын, түрі жағынан көркем, жатық, мазмұны жағынан терең, мағыналы екендігін дәлелдейді.
Ақынның нақыл сөздерінің де түйіні өлеңінде болсын, қара сөздерінде болсын еңбекке, ғылымға, өнерге, адамгершілікке, әділдікке үндеу идеясымен ұштасып жатады.
Еңбек қылсаң ерінбей,
Тояды қарның тіленбей.
Немесе:
Бақпен асқан патшадан,
Мимен асқан қара артық.
Сақалын сатқан кәріден,
Еңбегін сатқан бала артық, -
деп, ақын оқушыларын ерінбей еңбек етіп, сол еңбек арқылы өмірден керегіңді ізде, адам баласының күн көрісі үшін де, адам болып жұрт қатарына қосылуы үшін де, еліне қызмет ету үшін де ең бірінші керек нәрсе еңбек деген қорытынды шығарады. Әсіресе соңғы пікірін ақын баса айтты. Еңбектің адам баласының керегі үшін жұмсалуын өз ойының қазығы етеді. «Өзің үшін еңбек қылсаң, өзі үшін оттаған айуанның бірі боласың. Адамдықтың қарызы үшін еңбек қылсаң, алланың сүйген құлының бірі боласың», - дейді.
«Әкесінің баласы - адамның дұшпаны, адам баласы - бауырың» деп, өзімшілдік, жеке басының қамын ғана ойлайтын, өрісі тар мещандық көзқарасқа аяусыз соққы беріп, елді адамгершілік қасиетке баулиды.
Қазақтың ескі феодалдық қоғамының кертартпа көзқарасы «Ауру қалса да, әдет қалмайды», «Сүйекке сіңген мінезді жөндеуге болмайды» дейтін. Педагогика ғылымы, жер жүзінің ірі-ірі педагогтері мінез-құлықты түзеуге болатындығын да, түзеудің керектігін де ғылым жолымен дәлелдеп берді. Әдетті де тәрбие арқылы қалдыруға болатындығын көрсетті. Бұл мәселені кеңінен толғап, терең түсінген және сол жөніндегі прогрестік идеяға үндеген адамның бірі - Абай. Абайдың: «Мен егер закон қуаты қолымда бар кісі болсам, адам мінезін түзеп болмайды деген адамның тілін кесер едім», - деген сөзі мінез-құлықты жөндеуге тәрбие жұмысының үлкен мәні барлығын қолдаушы адам болғандығын айқындайды.
Абайдың нақыл сөздерінің қайсысы болсын, үлкен ой, терең мазмұнды, халықтың нақыл сөздерімен де, шетелдің ақыл иесі, ұлы адамдарының нақыл сөздерімен де тең түседі. Басқаларын былай қойғанда, Абайдың «Көңілдегі көрікті ой ауыздан шыққанда өңі қашады» дейтін сөзі - асқан құнды пікір де, қорытылған өмір шындығы. Абайдың нақыл сөздерінің ішінде бүгінгі жастарды тәрбиелеу үшін де пайдалы жақтары көп. Оның қара сөздеріндегі еңбек, ғылым, адамгершілік, әділдік, т.б. жөніндегі пікірлері бүгінгі тәрбие жұмыстарына нақтылы құрал болуға жарайды.
(Жалғасы бар)
Abai.kz