Көкбай ЖАНАТАЙҰЛЫ: АБАЙ НАСИХАТЫНЫҢ ТҮПҚАЗЫҒЫ ӘДІЛЕТ БОЛАТЫН

Ел ішінің ақы алысып, ақы берісіп жатқан съезі еді. Мұны өткізуге Семейден Лосовский деген уез келіп еді. Сол бір ісімді жақтырмай, мені ел кісілерінің ортасында тұрғанымда, стражниктерін (атарман) жіберіп, жазаламақшы болды. Әлгілер ерікке қоймай әкетіп бара жатқан соң, қасымда еріп жүрген өлеңші жігіттерім бар еді, солардың біреуінен Абайға бір ауыз өлеңмен сәлем айтып жібердім. Ол кезде ән салып, өлең айтатұғым, қасымдағы жолдастарым да сондайды әдет қылатын.

Уезге әкелген соң Абай келді де «жазығы не?» деп істің жөнін сұрады. Содан кейін Лосовский: «Бұған біреу басшылық етіп, тәрбиесіне алмаса, мына елдің ортасында арызқой, пәлеқұмар болып бұзылғалы жүрген адам. Сен тәрбиеге алып, міндетті болып түзетемін десең, берем. Әйтпесе, жазаға ұшырайтын ісі бар», - деді.

Абай маған кепіл болып алып шықты, осыдан кейін Абайдың жолдасы болдым. Жаңағы оқиға 1880 жылдардың шамасында болып еді. Сонан кейін қыс болсын, жаз болсын, Абай ел араласа қасында жүріп келіп, бір әредік толас болғанда өз үйіме бір жұма, көп болса, он күнге рұқсат алып келіп, артынан қайта барамын.

Өзі біреуге ұзақ әңгіме, ұзақ жыр сияқты нәрселерді айтқызғанда ешуақытта басқа бөтен нәрселерге аумай, таза көңілмен, үлкен ықыласпен тыңдайтын және әрқашан сондайды тыңдап болған соң мағынасы мен мәнін ұғындырып сын айтатын...

Абай ақындық туралы сөйлегенде: «Ол - қуат, табиғат сыйы, құдай сыйы, - деп құрметпен сөйлеп, - Ақындық шабыты шын келгенде адамды қайта тудырып жібереді. Ол келгенде жай, жабайы адам болмайды», - дейтін.

Абай ел ортасында өлең шығарып жүретін ақынмын деген жігіттердің кейбіреулеріне кездескенде, солардың өз жандарынан шығарған өлеңдерін айтқызып тыңдайтын. Бірақ, ол ақындар өзіне өлең шығарып айтсын, басқаны өлең қылсын, сөздерін жай тыңдағаны болмаса, өлеңдеріне орай өлең айтып, айтысқа кіріспейтін.

Өлең айтқыш жігіттердің сөздерінде нәр жұғын, болмаса дәмді сөзін көріп ырза болса, ондайлардың өлеңді көбірек айтқанын тілейтін. Кейбіреулеріне өлең қыларлық тақырыпты да беретін.

Абайдың өмір бойғы әдеті, біреу өзіне келсе, келген жерден «жұмысың не?» деп сұрайды да, сол арада шаруасын бітіріп, содан кейін өзінің әңгімесіне көшеді. Алғаш сұраған жерде шапшаң айтып жіберген кісі болса, ырза болып қалады. Басында айтпай, артынан «пәленім бар еді» дегенге ашуланып қалатын. Кейде «бағана неге айтпадың» деп ұрсып, тыңдамай да қоятын.

Ұдайы жолдас болған уақытымда көп байқаған бір нәрсем бар: орыс болсын, қазақ болсын, жақсы, жаман болсын, әрқашан мінезінде бояма болмай, шынымен келген кісіні жақтырушы еді. Бо­йын бағып, қымтырылып, пәлен көрінем, түлен көрінем деп қолдан пішіп жасайтын мінезді көре бастаса, қытығына тигендей жақтырмай қалатын.

Ондайды кекетіп, мысқыл қылып, қалжыңмен өлең айтып жіберетін. Қалжың өлеңдерінің көбі маңындағы жұрттың осындай мінездерінен туады.

Бір күні осындайдың тұсында өзімді де өлең қылды. Ел ішінің бір тобынан келе жатыр едік, жолда бірер сөз, бірер мінезімді Абайдың жақтырмай қалғанын сездім. Ауылға жақындағанда Абай бізден озып кетіп еді. Үйге келсем, қолына бір табақ ақ қағаз бен қарындашты алып өлең жазып жатыр екен. «Не қылса да, өзімді өлең қылып жатыр-ау» деп, ішіме сезік кіріп, қасына жетіп келіп едім, мына өлеңді оқып қоя берді:

Бұралып тұрып,

Буыны құрып,

Қисайта тартып мұрынын;

Әсемсіп, сәнсіп,

Білгенсіп, бәлсіп,

Әр нәрсенің орынын.

Керенау кердең, бір керім,

Жақпайды маған сол жерің, - деп өзімді өлең қылып қойыпты. Содан соң жалынып отырып сұрап алдым да, жыртып тас­тадым. Өлеңін өзімнен басқа ешкім білген жоқ. Сол бір оқып шыққанда есімде қалғаны осы.

Жалпы, өміріндегі мұрат қылған қиялы - әділшілдік пен дұрыстық, шындық болғандықтан, орыста дос көретін кісілері сол кезде өзімен жақын таныс болып жүрген халықшыл социалистер болатын да, қазақтағы досы өтірігі жоқ, шыншыл кісі болатын.

Өтірік айтпай, шынын айтатын болса, мал ұрлайтын ұры болса да сүюші еді. Ұрыдан алатын парасы - шынын айтқаны. Абай шындыққа, дұрыстыққа құмарлығы жолындағы елден ерекше мінезінің барлығын билікте анық көрсетіп жүрді. Билікке келгенде Абайдай әділ, таза, дұрыстығы күшті биді Тобықты іші бұрын-соңды заманның қайсысында болса да көрген жоқ деп айта аламын.

Билікте әділдікпен қатар, осымен егіз сияқты бір мінезі: Абайдың ерекше мырзалығы, жомарттығы, дүниеқор еместігі болатын. Жақын маңайдағы елде өзі атағын есіткен атышулы жүйрік ат, қыран құс, алғыр ит сияқты сауық аспаптары болса, Абай қалап та алады. Қызыққаны кедейдікі болса, сатып та алады. Бір жазда бес түйе беріп, бір бәйге ат алып, бес құлынды бие беріп, екінші бәйге ат алғанын көрдім. Солардың екеуін де сұраған екі кісіге өзі қызықтамастан беріп жіберді. Осы күнге шейін Тобықты іші «бір досыңнан қызығып қалап, бұлдап алған жақсыңды үйіңе жеткізбей, бір жақсы көрген адамың алып кетсе, содан қызық не бар деп Абайды айтпап па еді?» деп аңыз қылысады.

Өзі шаруа басқарып, қырда малдың санын, қалада пұлдың санын ескерген емес. Қыр шаруасында ескерсе, жылқыны ғана ескеріп, жақсыдан айғыр салып, тесе мініліп, ер батып кеткен арығы болса, сол жағын ғана ескеретін. Жалпы, малына еңбекақысын толық қылып беріп, мықты малшы салуды ескеретін, осыдан басқа ауыл шаруасында істейтін қамы болмаушы еді. Қалада болған уақытта ақшасының барлығын қасындағы атқосшы жігіт ұстайды. Одан «қанша қалды, не ұстадың» деп сұрамайтын. Жалғыз-ақ «бітіп қалды» дегенде ғана, тыңнан ақша тауып, тағы қалтасына салып береді де отырады.

Ауылы қысы-жазы қонақшыл, әрдайым күндіз-түні басып жатқан неше алуан кісі болады. Солардың ішінде «Абайдың түстігінен жейміз» деп ас аңдып келетін кедей-кепшікпен бірге, ел-елдің басты адамдары, ертекші, құсбегі, домбырашы, әнші не болмаса тоғызқұмалақ, дойбы ойнағыш ойыншылары да жатады.

Абай қыстыгүні бос уақыттарының бірталайында өзі оқып алған романдарды кейде ертек қылып маңындағы жұртпен бірге, әсіресе, өзінің ұдайы қасында болатын ертекшісі Баймағамбетке айтып беретін. Баймағамбет орыс романдарын бір айтқаннан жаңылмай ұғады. Ішіндегі еуропаша аттарды да қайта сұрамайды. Содан кейін бірнеше күндер өткенде, өзі айтып берген ертектерін Баймағамбетке қайта айтқызады да, ешнәрсеге алаңдамастан, бөлінбестен қайта түгел тыңдап шығады.

Абай қырдың тоғызқұмалақ, дойбы сияқты ойындарына көп уақыт бөлетін. Әсіресе, көп салынып ойнайтыны тоғызқұмалақ болушы еді. Абай Тобықтының ірі ойыншыларын жиып, көп күндер бас алмай ойнап жатады. Артынан ойын тарқап, әлгі кісілер қайтатын болғанда дәулеті аз, нашарларына соғымдық тай, тайынша, қой, киім сияқты нәрселер беріп қайырады. Осы сияқты ел ортасының көңілді алаң қылып, аз болса сергітетін қызық сауықтарының барлығын да Абай молынан көріп, толық қызықтады.

Осы ретте аңшылық құру, бәйгеге ат апарып қосу, палуан апарып күрестіру, қаршыға, лашын салғызу, жүйрік ат пен мықты жігіт сақтап  қасқыр соққызу, ақын, әнші, күйшіні сақтап өнерді қызықтау сияқтының барлығын өзі де көрді, бала-інілеріне де толық көрсетті. Осындай көп әдеттері маңайының барлығына үлгі болып жайылды.

Аңшылықты жасында істеген. Ол кезде Шыңғыстың қыс бойы елсіз қалатын сыртында бұғы, арқар, киік, түлкі болады. Абай жақсы құсбегі, мергендермен, аңшылармен қостап шығып, бірнеше үймен, көп соғым, сойыспен барып, бір ай, екі ай жүріп қайтады. Берірек келгенде аңшылықты қойып, жоғарыда саналған өзге түрлі сауықтарға көбірек ауыс­ты. Бірақ, бұл істерінің қайсысы болса да, Абайдың жалпы тыңдаушыға айтып отыратын өсиет үгітіне, келелі мәжілісіне, кітап оқып білім табуына көп бөгеті болған жоқ. Осы айтылғандардың барлығына бөгет болатын нәрсе болса, ол ел сөзі, ел тартысы болды.

Абай шын мағынасындағы мұсылман еді. Бірақ мұсылманшылығы молда, қожа айтып жүрген сырты сопы мұсылмандық емес, үлкен сынмен қарап, діннің негізін, мақсат-бағытын ғана алып, соны ақиқат діні етіп қолданған. Абайдың діні мұсылманшылықтың ішінде осындай жолмен, үлкен сынмен табылған таза ақыл дін еді.

Онан соң, жалпы мұсылманшылық жолындағы үлкен ғұламалар жазған ірі сөздердің барлығын да білетін. Өз тұсындағы молдалардың қайсысымен болса да қатар түсерлік мағлұматы бар-ды...

Семей қаласындағы қазақ, татар молдаларының барлығы да Абайдың дін мәселесіне әбден жетік екеніне көзі жеткен соң, бұл кісіні өз заманының ғұламасы сияқты көрген.

Бір жылдары Семейге миссионер деген кісі келіп, мұсылман дінін қорғаушы молда имамдармен сөйлесемін деп іздегенде, Семей қаласындағы мұсылман оқымыстыларының барлығы бірауыздан Абайды сайлап шығарады.

Бірақ, Сергейдің не мақсатпен сөйлесемін дегенін қала молдалары шала ұғынып, алып қаштымен ұлғайтып жіберіп, елді де үркітіп, өздері де босқа үріккен ғой.  Абай барғанда Сергей дін жайында талас жасамай, бірер нәрселерді сұрап және артынан жай әңгімеге кетсе керек. Бұл мәжілісте Абай дін жайынан қаншалық сөйлесіп, қанша таласты, ол арасын  мен толық білмеймін. Бірақ, артынан Абайдың өзінен сұрағанда азын-аулақ айтқаны: «Сергейдің: «Мұсылман дінінше Құдай күш иесі, қорқытушы, сондықтан, құдай жолындағы құлшылық, тазалық, ақтық барлығы да қорқудан туатын сияқты» дегеніне, Абай: «Біздің Құдай - «Рахыман, Рахим» қуат қана иесі емес, рахым да қылушы. Қуаты қара күш бастаған қуат емес. Махаббаты бар қуат; әке мен баланың арасы сияқты әкеше сүюші ие», - деген екен.

Содан кейін Абай христиан дінінің нанымы бойынша «үш жүзді құдай» деген ұғымға қарсы дау айтады. «Бірлігіне үш жүзді болу сыя ма, сол үш сипат бір жүзінде болса, құдайлығына көп бола ма?» десе керек. Бұл мәжіліс туралы тағы да бір есімде қалған нәрсе: Сергейдің қасында Семейдің көп поптары бар екен. Солардың кейбіреулері бір әредікте мұсылман дінінің ұсақ мәселелері туралы Абаймен дауласқысы келсе керек. Сонда Сергей: «Сендер қойыңдар, Ыбырайым Құнанбаев сендердің тісің бататын кісі емес», - деген екен...

Негізі, Абайдың көп насихатының түпқазығы: адамшылық, ақтық әділет болатын...