АБАЙ АУДАРМАЛАРЫ ЖӘНЕ ОНЫҢ ТІЛІ

Абай орыс әдебиетін 1882 жылдан бастап аударған. Ең бірінші аудармасы - орыстың атақты ақыны Лермонтовтың «Бородино» атты патриоттық өлеңінен үзінді. Ең соңғысы - Лермонтовтың «Вадим» атты ұзақ әңгімесінің желісін, оқиғасын алып, өзінше қысқартып жазған поэма. Абай аудармаларын зерттеушілер қазір орыс әдебиетінен оның елуден аса аударған өлеңдері барлығын айқындап отыр. Олардың ішінде лирикасы да, баснясы (мысал өлеңдер) да, ұзақ өлеңдері де, сатиралық лирикалары да бар. (Солардың ішінде «Қарға мен түлкі» атты басня екі түрлі вариантта аударылған)

Орыстың атақты жазушы, ақындарын аударуда Абай тек қана қазақ емес, бүкіл шығыс елінде елеулі орын алады. Шығыс елінде 1889 жылға шейін Пушкиннің «Евгений Онегині» тек Әзірбайжанда ғана аударылған. Евгений Онегинді сонан кейінгі аударған - Абай. Қазақпен салыстырғанда, ол кезде үлкен мәдениетті саналатын татар, өзбек, тағы басқа көршілес елдердің бәрінен бұрын Сарыарқада жатқан Абайдың дүниежүзілік мәдениет мұрасының шаршы төрінен орын алған Пушкинді танып, Татьянаның үнімен даланы жаңғырықтыруы - қазақ үшін мақтанарлық іс.

Абайдың өмірбаянын жазған тарауда Абай 70-80 жылдардан бастап орыс мәдениетіне түгелдей бет бұрды, орыстың ол кездегі алдыңғы қатардағы идеясымен танысып, оларға Сарыарқадан үн қосушы бірінші ақын да Абай еді дедік. Демек, болашағы мол ұлы орыс халқының тез ілгерілеуіне бөгет болып отырған аграрлық-патриархалдық патшалық Россияның құрылысын, әлеумет өміріндегі әртүрлі кемшіліктерді қатты шенеп, соларды жою арқылы Россияны алға апаруға күш салған, ол жолда шатқалаң қиын соқпақтарға кездесіп, талай қиыншылықтарды бастарынан кешірген Крылов, Пушкин, Лермонтовтың шығармаларының Абайға ұнауы, олармен өзінің мұңдас болуы, осы елдердің ұлы ақындарының идея-тілектерінен туды. Крылов жазған «Қасқыр мен қозы», «Қарға мен түлкі» оқиғалары ол кездегі қазақта да аз емес болатын. Сонымен қатар орыстың ұлы ақындарының жалпы адамгершілікке үндеген әртүрлі мысалдары мен үлгілі өлеңдері, өз елінің басшысы, ұстазы боламын деген кемеңгер ақынға осы жағынан да дәл келді. Екінші, Пушкин, Лермонтовтардың шын мәніндегі искусство иелері екендігін Абай жақсы ұғынды.

Абайдың аудармаларының характеріне жалпы шолу жасасақ, жоғарғы ақындардың кез келген өлеңдерін аудара бермей, таңдап, талғап аударғанын көреміз. Абайдың аударған өлеңдері не адамгершілік тақырыбына байланысты жаман мінез-құлықты шенеу, жақсылыққа үндеу, не патриоттық үлкен идеяны көксеген өлеңдер, не философиялық терең ой, не үздік көркем өлеңдер болып келеді. Крыловтың мысалдары, «Теректің сыйы», «Тұтқын», «Татьянаның Онегинге», «Онегиннің Татьянаға» жазған хаттары, тағы басқа осылар тәрізді атышулы өлеңдер.

Абай аудармаларының тарихи-әлеуметтік мәні үлкен. Өйткені, ең алдымен қазақ жұртшылығы Пушкин, Лермонтов, Толстой, Салтыков тәрізді дүниежүзілік әдебиетінің ірі тұлғаларымен бірінші рет Абай арқылы танысты. Екінші, өзінің зор талант, асқан шеберлігінің арқасында, ұлы ақындардың ұлы еңбектеріндегі үлкен идея, әдеби сұлулықты қазақ оқушыларының ой-сезіміне жеткізе аудара біліп, оларға жалпы қазақ халқының жүрегінен жылы орын әперді. Оларды қазақ өз ақындарындай сүйді. Абайдан кейін әдебиетті сүйетін қазақтардан хат білсін, білмесін «Татьянаның хаты», «Қараңғы түнде тау қалғып», «Қанжар» («Кинжал»), «Жалғыз жалау жалтылдап» өлеңдерін білмейтін адам аз шығар. Сөйтіп Абайдың аудармалары мәдениетті, үлкен идеяны қолдаушы басқа елдердің ұлы ақындары мен қазақ жұртшылығы араларындағы дәнекер болды. Абайдың ұлттық шеңберден шығып, жалпы адам баласына ортақ идеяны көксеген, интернационалдық жүректің иесі ақын екендігін орыс жазушыларына көзқарасының өзі-ақ дәлелдейді. Жастарға үлгі ал, өнеге үйрен дегенде қазақтан емес, Толстой, Салтыков-Щедрин сияқтыларды мегзеді:

Ойында жоқ бірінің

Салтыков пен Толстой,

Я тілмаш, я адвокат

Болсам деген бәрінде ой.

Бұл сөзден Абай өз халқын жек көрді деген ұғым тумайды. Абай айналасындағы әлеумет өмірін, «ел еркесін» сынағанда, өмір уын ішіп, бүк түсе қайғырғанда сол халық үшін қайғырып, халық қамы үшін өмірден тыныштық көре алмайды. Бар өмір, бар асылын сол халық үшін жұмсады. Бірақ ол кезде қазақта Салтыков пен Толстой жоқ еді. Ендеше өмірге адамгершілік көзбен қараған, интернационалдық жүрегі бар Абай сияқты ақынның объективтік көзқарасы Салтыков, Толстойды қазаққа үлгі еткізді.

Енді аударманың құрылысы жағына келсек, Абай аудармаларын негізінде екі түрлі деуге болады. Біріншісі - дәл аударма, екіншісі - ерікті аударма. Дәл аудармалары шумақ, бунақ, буын ұйқастарына қарай өзара және екіге бөлінеді. Кейбір өлеңдерді аударғанда, Абай шумағын да, ұйқас түрлерін де берік сақтайды. Орыс өлеңдерінің ырғақ, буындары қазақ өлеңінің буындарына дәл келе бермейді. Өйткені орыс өлеңі тоникалық, не силлабо-тоникалық өлең құрылысына жатады да, қазақтікі силлаболық өлең құрылысына жатады. Сондықтан Абай аударған өлеңдерінің буынын қазақша дәл беруге мүмкін болмаса да, саны жағынан соған жақын келетін өлеңмен аударады. Кейде ұйқастырып, кейде тіпті образдарын да дәлме-дәл шығарады.

Қазақшасы:

Қараңғы түнде тау қалғып,

Ұйқыға кетер балбырап.

Даланы жым-жырт дел-сал қып,

Түн басады салбырап.

Шаңдай алмас жол дағы

Сыбдырламас жапырақ,

Тыншығарсың сен дағы,

Сабыр қылсаң азырақ...

 

Орысшасы:

Горные вершины

Спят во тьме ночной,

Тихие долины

Полны свежей мглой.

Не пылит дорога,

Не дрожат листы,

Подожди немного -

Отдохнешь и ты...» (227)

Осы өлеңнің соңғы төрт жолы орысшасына дәлме-дәл. Әрине алдыңғы жолдарын да дәл емес деуге болмайды. Бір тілден екінші тілге аударғанда, сөз орнының ауысуы, бір сөздің орнына басқа синонимдер алу - аударманың жалпы заңы. Оның бұдан басқа да бірнеше аудармалары - «Жалғыз жалау жалтылдап», «Қонады бір күн жас бұлт», т.б. дәлме-дәл аудармалар. Абайдың дәл аудармаларының және бір түрі деп «Онегиннің сипаты» (Пушкин), «Қанжар», «Жолға шықтым», «Теректің сыйы», «Дұға», «Өзіңе сенбе, жас ойшыл», «Еврей күйі» (Лермонтов) атты өлеңдерін айтуға болады. Мұнда өлеңнің буыны, ұйқасы сақталмайды. Орыс тіліндегі өлеңнің буындарының аз-көбіне қарамай, бәрін де қазақтың он бір буынды қара өлең ұйқастарымен аударады. Лермонтовтан аударғандарының көпшілігі шалыс ұйқас (а-в-а-в-), Абайда (а-а-в-в-) көпшілігінде - қара өлең ұйқасы. «Онегиннен» аудармасында осылай тәрізді буын ұйқастары сақталмайды. Бірақ бұларды да дәл аудармалардың қатарына қосуға мүмкіндік беретін және бәріне тән бір нәрсе - түпнұсқадағы автордың айтайын деген ойын толық сақтап, ондағы образдарға дәл келетін қазақша баламасы бар образды  сөз табу. Жоғарғы аталған өлеңдердің қайсысын алсақ та, осы жүйені берік сақтайды. Мысал үшін Онегиннің орысша, қазақша мінездемесін алалық.

Орысшасы:

Как рано мог он лицемерить,

Таить надежду, ревновать,

Разуверять, заставить верить,

Казаться мрачным, изнывать,

Являться гордым и послушным,

Внимательным, иль равнодушным!

Как томно был он молчалив,

Как пламенно красноречив.

В сердечных письмах как небрежен!

Одним дыша, одно любя,

Как он умел забыть себя!

Как взор его был быстр и нежен,

Стыдлив и дерзок, а порой,

Блистал послушною слезой!

Қазақшасы:

Жасынан түсін билеп, сыр бермеген,

Дәмеленсе, күндесе білдірмеген.

Нанасың не айтса да, амалың жоқ,

Түсінде бір кәдік жоқ алдар деген.

Кейде паң, кейде көнгіш орныменен,

Кейде елеусіз, кейде ынтық формыменен,

Кейде үндемей жүрсе де, сөзге баяу,

От жалындай жауапкер құрбыменен.

Ғашықтық сөзге жүйрік әсіресе,

«Дем алысым, құмарым бір сен» десе,

Жанын құрбан жолына қылған жансып,

Көз қарауы құбылар әлденеше.

Кейде ұялшақ, төменшік, кейде тіп-тік,

Қамыққансып, қайғырып орны келсе.

Бұл өлеңді ұйқасы, не тармақтары (жолдары), буын саны бірдей келмесе де, дәл емес деуге болмайды. Мазмұны да, мазмұнды берудегі образ, сөз мәндері дәлме-дәл. Сондықтан біз мұны да дәлме-дәл аударма деп санаймыз. Дәл аударманың осы соңғы түрімен байланысты айтылған «Қанжар», «Дұға», «Жолға шықтым бір жым-жырт түнде жалғыз», «Теректің сыйы», «Өзіңе сенбе, жас ойшыл», «Еврей күйі» бәрі де «Онегиннің сипаты» тәрізді ұйқас, буын сандарын сақтамағанмен, мазмұнын, образдарын бұлжытпай дәл беру әдісімен аударылған. Кейбіреулерінде шумақ, не бірнеше жолдарын Абай аудармай кететіні рас. Бірақ ол - өз алдына мәселе. Біздің бұл жердегі айтпағымыз - ақынның неге аудармағаны емес, аударған жерлерін, өлеңдерін қалай аударғаны. «Онегиннің сипатынан» келтірілген үзіндінің орысша, қазақшасын салыстыра оқыған адамға дәлдігі айқын көрінеді. Кім аударса да, бұдан артық дәл, бұдан артық жанды етіп аудара алуы екіталай.

Екінші түрі - ерікті аударма. Бұған жататындар - «Онегиннің Татьянаға жазған хаттары», Крыловтан аударған кейбір мысалдар және қара сөзді өлеңмен аударған «Вадим» поэмасы. Бұлардың негізі ғана орысша. Абай олардың жалпы мазмұнын өз сөзі, өз ұғуынуынша әдемілеп айтып береді. Солардың үлгісін ғана алып, өзінше жазады. Бірақ жалпы сарыны, ізі сақталынады. Кейде өз жанынан сурет, баяндаулар қосып, кейбір жерлерін мүлде тастап кетеді. Кейде орыстың ол кездегі жоғарғы топтарының өмірінде аузына түспейтін сөздерді де Абай Татьянаның аузынан шығарады:

Қаймақ еді көңілімде,

Бізге қаспақ болды жем.

Екі сөз жоқ өмірімде,

Мен де сорлы, бақыты кем...

«Евгений Онегин» романында қаспақ сөзінің жоғы былай тұрсын, дворяндардың басына мүлде келмейтін сөздер. Абай аудармаларының екінші түрі - осы тәрізді ерікті аудармалы өлеңдер.

Абай аудармаларын өзара екіге бөліп қарағанда, бірінші түрі қазақ әдебиет тарихында ең үлгілі, ең сапалы аудармалар болып саналады. Өйткені Абай - бір тілден екінші тілге аударылғанда сақталынуға керекті шарттардың негізін дұрыс ұғынған ақын. Сондықтан да ол өлеңнің мазмұны, түріне қарап, әртүрлі әдіс қолданады. Орыс тіліндегі өлеңдердің дәлме-дәл аударуға келетіндері болса, қазақ өлең құрылысынан оған дәл, не жақын келетін түрлерді іздеп, «бұлжытпай» дәл беруге тырысады («Қараңғы түнде тау қалғып», т.б.).

 Абай оларды тек досы көріп қойған жоқ, әрі өзінің ұстазы да санады.

Сонымен қатар Абай аудармаларының және бір үздік ерекшелігі - қандай аудармашы болсын, өз тіліндегі көркемдік құндылығын, құлаққа қонымды, көңілге жағымдылығын, қазақшаға аударғанда сол өзінің түпнұсқасындағы дәрежеде сақтай алуы, әрі оны қазақша етіп шығара білуі. Бұл - аудармашыларда өте сирек кездесетін қасиет. Басқа аудармашылардың аударған өлеңдерін оқып, оны түпнұсқамен салыстырсақ, сөзі, мазмұны дұрыс болғанымен, түпнұсқаның өзін оқығандағы әсерді аудармадан ала алмайсың және оқығанда-ақ аударма екендігі көрініп тұрады. Абай аудармаларында ол жоқ. Дәл, бұлжытпай аударған өлеңдері қазақтың өз өлеңдеріндей болып шығады. Өлеңнің өз тіліндегі әсері мен Абай аудармаларынан алатын әсерлерде айырма болмайды. Міне, аударма жөніндегі Абайдың озат шеберлігі де, бұл күнге шейін үлгілігі де осында.

Абай аудармаларының бұл тәрізді үздік болуының, бізше, үш түрлі себебі бар: 1) өзінің үлкен таланттылығы; 2) орыс тіліндегі өлеңдерде қолданылатын сөздердің тек жай мәнін ғана емес, әдемілік қасиеттерін терең ұғынуы; 3) қазақ тіліндегі сөздерге ақынның мейлінше байлығы.

Пушкин, Лермонтов, Крыловтар - ұлы таланттар. Олар тәрізді ақындардың өлеңдерін аударушы да талантты ақын болуы керек. Кез келген ақынның оларды ойдағыдай етіп аудару қолдарынан келе бермейді. Абайдан кейінгі қазақ ақындарының, не оның алдындағы Алтынсариндардың аударғандары Абай аудармасынан әлдеқайда олқы жатуы, орыс тілін Абайдан аз білетіндігінде емес, ақындық дарындарының жетпейтіндігінде.

Әрине орыс тілін жақсы білмесе, жеке талант та өз бетімен аударма жөнінде ештеңе арзыта алмайды. Және тілді білу бар да, оның әдемілік қасиетін ұғыну бар. Екеуі бір-бірімен байланысты болғанмен, бір емес. Тіл білген адамның бәрі бірдей әрбір сөз, әрбір образдың әдемілік қасиетін түсіне бермейді. Тілдегі сөз образдарының ой тербетіп, жан сүйсіндіретін әсерін сезіну тіл білген адамның бәрінің қолынан келе бермейді. Ол үшін аударушы ақынның өзінде сол тілді жай жақсы білу, түсінумен қатар, әдемілік қасиетін ұғып, соларды түсіне білерлік ақындық сезім, үлкен талант болуы керек.

 Лелейная рука тебя мне поднесла,

В знак памяти, в минуту расставания,

И в первый раз не кровь вдоль по тебе текла,

Но светлая слеза - жемчужина стараданья.

И черные глаза, остановясь на мне,

Исполненны таинственной печали,

Как сталь твоя при трепетном огне,

То вдруг тускнели, то сверкали...

 

Еркелі нәзік қолымен маған тиді,

Ұмытпа деп айрылған жерде берді.

Қан сорғалар жүзіне жас сорғалап,

Қайғымен өртенгеннің белгісі еді.

Қара көз қарап маған көп қадалған,

Құпия қайғы өртеніп бойын алған.

Болатша дірілдеген жалын көрген,

Бір күңгірт тартып және оттай жанған.

 Осы екі үзіндіні салыстырсақ, Абайдың орыс тіліндегі образды сөздердің әдемілік, көркемдік қасиет, күші сезімге өз тілінде қандай әсер етеді, оған теңдес қазақша қандай сөз қолданып, қазақтың өз ұғымынша қандай сөздер әсерлі болатындығын терең ұғынғандығын, орыс тіліндегі қолданылған сөз образдары мен қазақ тіліндегі қолданылған сөз образдарының жай ғана мәнін емес, әдемілік күшін, әсерін дәлелдеп жатудың қажеті аз. Міне, осы жерден келіп, орыс өлеңдерін аударуға қазақ тілінің сөз байлығының үлкен орын алуы, яғни жоғарғы айтылған үшінші себебі келіп шығады. Егер түпнұсқадағы үздік образдарды түсіне тұрса да, оған лайықты және қазақ оқығанда да ой тербетіп, жан үзгендей сөз таба алмай қожыратса, бұлай болып шықпас еді. «Лелейная рука» дегенді «апақай», «аппақ», «талдырмаш», «жіңішке» деп аударса да мағынасын берер еді. Бірақ ол толып жатқан синонимдерден «нәзік қол» дегенді өте дұрыс, орынды таңдап қолданған.

Лермонтов:

 Как сталь твоя при трепетном огне,

То вдруг тускнели, то сверкали, -  десе, Абай да сол орыс тіліндегі күрделі теңеуді бұлжытпай, күш-қасиетін өз қалпында сақтап:

 Болатша дірілдеген жалын көрген,

Бір күңгірт тартып және оттай жанған, -  деп аударады. Бұл күрделі теңеу орыс тілінде қандай үздік, әдемі, қандай жан тербететін күшті, әсерлі десек, қазақшасы туралы да соны айта аламыз. Сөйтіп, Абайдың шебер аудармашылығының негізінде ұлы талант орыс тілінің әдемілік күш-қасиетін терең ұғу мен қазақтың өз тіліндегі байлықты талғап, таңдап ала білуде жатқандығын көреміз.

Абайдың жалпы аудармаларымен байланысты тоқтауды керек ететін және бір мәселе орыс әдебиетін терең білу және қазақшаға аудару Абайдың өзіне не берді, қазақ әдебиетін дамытуда аударманың қандай мәні бар деген сұрақтарға жауап бере кетуді керек етеді.

Аудармалардағы «мүйіз шығар», «сабағын айтып тынар», «мен сынық жан», «тасты жол», «барасың қайда, қайда болмай маған?» деген тәрізді сөз қолданыстар немесе «апарар сырын білмес бір далаңға» - орыс әдебиетінің үлгісінде жасалған образдар. Сол сықылды:

 Қатып қалған көзімде бір тамшы жас,

Төгілмей ме, бой жылып, о да ерісе? -  деген тамаша көркем образдардың тегін қуа келсек те, бірқатарының-ақ негізі Пушкин, Лермонтовтарда жатқандығын көру қиын емес. Жоғарғы өлеңнің орысшасында:

 И если есть в очах застывших капля слез,

Они расстают и прольются, - делінген. Орыстың әдеби тілінің үлгісімен жасалынып, Абайдың қазақ әдебиет тіліне кіргізген сөз образдарында диалогтың түрі бұрын да бар. Қазақтың айтыстары диалогтан құралады. Батырлар жырындағы кездесетін екі батырдың сөйлесулері, не билер сөздері - бәрі де диалог. Бірақ айтыс жырларда кездесетін диалогтар көпшілігі тым ұзақ, тым шұбалаң, әрқайсысының сөздері ұзын-ұзын монолог болып келетін. Өлеңде бір сөз, екі сөзден құрылған және сөйлеушілердің мінез-құлқына тән, олардың бейнесін айқындауда үлкен мәні бар, әрі қысқа, әрі шебер құрылған диалогтардың көрнекті үлгілері қазақ әдебиетінде Абайдан басталды және бұл үлгіні де Абай орыс әдебиетінен үйренген.

Ағайынын, дос-жарын

Жиып алып үйіне

Жылады шағып мұң-зарын,

«Болыстық қыл», - деп күйіне.

Бәрі ақылды, бәрі есті,

Бәрі желдей еседі.

«Болмас еді бұл», - десті,

«Өзіңнен болды», - деседі.

Біреу айтты: «Лапкіңді

Мұнша алысқа салмау ғой,

Аулаққа тастап әрнеңді

Бүйтіп қалып қалмау ғой...

Аузың күйді аулақтан,

Енді жақын салсаңшы.

Қабаған біздің мойнақтан...

Бір күшікті алсаңшы!

Бір күшікті сіз үшін

Берейін, құда, келтіріп,

Жылда талай күшікті

Бос қырушы едім өлтіріп...

Диалогқа өте шебер Крылов, Лермонтов, Пушкиндердің өлеңдерін аудару  диалог үлгісін қазақ әдебиетіне енгізуге негізгі себеп болды. Өлеңде өз сөздерінің арасына қатысушылардың мінез-құлықтарын айқындайтын, соларға тән өздерінің бірді-екілі қысқа-қысқа сөзін кіргізіп отыру әдісі де, не қаһармандардың өз аузынан шыққан сөз арқылы олардың образын жасау әдісі де сол орыс әдебиетіндегі диалог, төл сөздерді қысқа, шебер түрде қолдана берумен байланысты тәрізді. Бірінші, бұл үлгі Абайдан бұрынғы қазақ әдебиетінде болған емес, екінші, Абайдың бұндай өлеңдері оның аудармалық еңбектерінен кейін жазылған.

«Бай алады кезінде көп берем» деп,

«Жетпей тұрған жерінде тек берем» деп,

Би мен болыс алады күшін сатып,

«Мен қазақтан кегіңді әперем» деп.

Дос алады «Бермесең, бұлт берем» деп,

«Жауыңа қосылуға серт берем» деп.

«Бұзылған соң, мен оңай табылмаспын,

Неғылып оңайлықпен ырық берем» деп.

 

Болыс болдым, мінекей,

Бар малымды шығындап,

Түйеде қом, атта жал

Қалмады елге тығындап.

Сөйтседағы елімді

Ұстай алмадым мығымдап,

Күштілерім сөз айтса,

Бас изеймін шыбындап.

Мұның біріншісінде автор өз сөзінің араларына оқиғаға қатыстырып суреттеп отырған адамдардың төл сөздерін кіргізе отырса, екіншісінде, ұзақ монолог ретінде болыстың өз сөзі арқылы оның мінез-құлқын көзге елестетеді. Алдыңғысының да, соңғысының да адам образын жасауда мәні үлкен.

Абайдың орыс классиктерінен алған өте бір құнды әдісі - сөз арқылы қаһармандарының мінез-құлық, ішкі сыр-сипатын ашу. Бұл - жан күйін суреттеудегі ерекше әдіс. Психологиялық суреттеуде ішкі әртүрлі сезім өзгерістері көрсетілсе, мінездеуде адамның бойына берілген өзіне тән, басқалардан ерекшеліктерін суреттейді. Біреу күйгелек, біреу жеңілтек, біреу салмақты, біреу ақкөңіл, біреу шыдамды деген сияқты әр адамның өзіне тән табиғи мінездері болады. Әрине бір адамда бір мінез ғана болуы шарт емес. Бірнеше мінездердің басы қосылып, өте қиыннан қиысқан мінездердің болуы мүмкін. Жалпы, әсіресе бірнеше қаһарман қатысқан сюжетті ұзақ поэма, роман, әңгімелерде образ-типтердің бірі екіншісіне ұқсап кетпеу үшін, мінездеудің мәні үлкен.

Абайға дейінгі қазақ әдебиетінің қай түрінде болсын, мінездеу де өте кенже қалған әдіс болатын. Жырларда, не әртүрлі поэмаларда мінездеулер не кездеспейтін, кездесе қалса, жұрнағы, сұлбасы ғана болатын. Жырларда кездесетін батырлардың бір-бірінен онша айрылмай, барлығы біркелкі болып келушілігінің бір сабағы осы мінездеулердің бойы өсіп, бұғанасы қатпауымен байланысты. Батырлар жыры, не сол жырлардағы бір батырдың екіншілерінен айырмашылығын көрсетпек болғанда, көбіне сыртқы портрет жағынан суреттеу арқылы жекелеп бейнелейтін.

Абай қазақ әдебиетінің бұл кемшілігін сезді де, орыс әдебиетін, әсіресе Пушкин өлеңдерін аудару арқылы мінездеудің тамаша-тамаша үлгілерін қалдырды. «Онегиннің сипаты» деп аталатын «Евгений Онегин» романынан аударған үзіндісі адамның мінез-құлқын суреттеу - өзіне дейінгі әдебиетте болмауы былай тұрсын, күні бүгінге дейін теңдесі жоқ мінездеу.

Бірақ мінездеу жөніндегі Абайдың үздіктігі тек орыс әдебиетіндегі жақсы үлгілерді аударуында ғана емес, өз бойына сіңіріп, өз шығармаларында да үздік өнеге қалдыруында. Абайдың поэмаларындағы Ескендір, Аристотель, Масғұт, Жәдігөй шал, Әзім, хан, қыз образдарын, олардың әрқайсысының мінездерін жекелеп көрсетудегі шеберлігін былай қойғанда, өз кезіндегі болыс, билерді, атқамінер қуларды сықақ еткен қысқа-қысқа сатиралық лирикаларының өзінде де адамның ішкі сыр-сипатын өте ашық, айқын етіп көрсетеді («Болыс болдым, мінекей», «Мәз болады болысың», «Дүтбайға», «Көкбайға», т.б.).

Жылуы жоқ бойының -

Жылмиғаны неткені?

Құбылуы ойының -

Кетпей құйтың еткені.

Мұңды жылмаң киімін

Кезек киіп, ел жиып,

Болыс болса, түсінің

Түксігін салар тырсиып.

Бір көрмекке тәп-тәтті

Қазаны мен қалбаңы.

Дөң айналмай ант атты,

Бүксіп, бықсып ар жағы.

Сенен аяр түгі жоқ,

Бүгін сыйлас көрініп.

Бүгін жалын, ертең шоқ,

Сөзі мен өзі бөлініп.

Әлі үміт, әлі серт,

Жын сықылды бұзылып.

Қулық емес, бұл бір дерт,

Тұрлауы жоқ құбылып...

Улы сарказммен жазылған сатиралық осы кішкене өлеңнің өзінен де ақынның мінездеуге ұсталығы айқын көрінеді. Жоғарғы айтылғандарды қорыта айтқанда, аударма жөнінде де Абайдың қазақ әдебиет тарихында орны ерекше.

Бірінші, бұл - қазақ әдебиетінің даму жолындағы күрделі жаңа адым. Екінші, қазақ жұртшылығын ұлы идея, үлкен қор, жоғарғы сатыдағы әдебиетпен таныстырып, екі елдің рухани тіршілік, мәдениеті мен әдебиеттерін байланыстыруға берік дәнекер болды. Үшінші, орыс әдебиетін жақсы аудару, олардың үлгісінде жаңа образ, жаңа сөз, сөйлем, қазақ әдебиетінде бұрын жоқ әртүрлі әдістерді әдебиетке кіргізіп, қазақтың әдеби тілін бұрынғыдан да байытып дамытты, ілгерілетті. Төртінші, шет тілден өлеңдерді қалай аудару керек екендігінің бірінші рет жолын салып, кейінгілерге үлгісін пішіп берді. Абай аудармалары - бүгінгі аудармашылар үшін де көрнекті үлгі.

Абайдың қазақ поэзиясын дамытудағы үлкен еңбегі - өлең құрылысына және тіліне көптеген жаңалықтар енгізіп байытуында дедік. Бірақ бұл екі мәселе туралы да айрықша ғылыми зерттеулер болғандықтан, әдейі тоқталуды қажетсіз деп білеміз1.

(жалғасы бар)

www.kazakhadebieti.kz