1933 жылы Қызылорда қаласындағы «Қазақстан» баспасынан Абай шығармаларының толық жинағы жеке кітап болып шықты. Бұл қазақ даласын елең еткізген үлкен оқиға еді. Себебі, бұл қазақ жерінде басылған Абай шығармаларының алғашқы жинағы еді. Осы жинаққа дейінгі Абай шығармаларының үш басылымы (1909 жылы-Санкт-Петербург, 1922 жылы –Ташкент және Қазан) қазақ жерінен тыс баспаханаларда жарық көрді. Сондықтан да Абай шығармаларының 1933 жылғы басылымы қазақтың өз жерінде, өз баспаханасынан алғаш шыққан бірінші Абайдың кітабы ретінде тарихта алар орны бөлек. Мұхтар Әуезов баспаға дайындаған бұл жинақтың көптеген ерекшеліктері болды. Соларды атап өтетін болсақ:
– алдыңғы шыққан жинақтарда Абай сөзі оқырманға толыққанды жетпеген еді. 1909 жылғы жинаққа ақын шығармаларының біршамасы кірмей қалған еді, ал 1922 жылғы Қазан және Ташкенттен шыққан жинақтар да айтарлықтай өзгеріс, жаңалықсыз басылып шықты. Ал, 1933 жылғы жинақтың алдыңғыларға қарағандағы үлкен айырмашылығы – Абайдың 62 өлеңі мен екі поэмасы қосылып, сол кезеңдегі «толық жинақ» болып шыққандығы еді.
– баспаға әзірлеген Мұхтар Омарханұлы Әуезов алдыңғы жинақтардағы жіктеу жүйесін қолданбай, алғаш хронологиялық жүйені қолданғандығы еді. 1909 жылғы жинақтағы «Халық туралы», «Өлең туралы», «Ой туралы», «Сұлу ұрғашы туралы», «Аңшылық туралы» деген шартты түрдегі жіктеулердің орнына шығармалардың жазылу уақытына қарай жылдық жүйемен орналастырды және өзінің бұл ісінде Абайдың шәкірті Көкбай Жанатайұлы мен Турағұл Абайұлының көмегіне жүгінді. Шығармалар жинағын шығарудағы мұндай жүйе содан бері жарық көрген барлық басылымдарда қолданылып келеді.
– кітапта Абайдың ғылыми өмірбаяны алғаш рет жарияланған еді. Мұхтар Омарханұлы Әуезов ақынның ғылыми өмірбаянының төрт нұсқасын жазғаны белгілі. Осы жинақтағы Абай өмірбаяны еш бүркемесіз жазылған алғашқы нұсқа ретінде құнды екендігін айта кету керек.
– басылымда Абайдың ғылыми өмірбаянымен қатар алғаш рет естеліктер де жарық көрген еді. Олар-Көкбай Жанатайұлы мен Турағұл Абайұлының естеліктері.
– жинаққа үлкен, көлемді (62 бет) алғысөз жарияланған. Алғысөздің авторы Ілияс Жансүгіров. Кітапта «қарап шығып сөзбасын жазған Жансүгір ұлы Ілияс» деп жазылған.
Ілияс Жансүгіров Абай шығармашылығын әркез назарынан тыс қалдырмай, көңіл бөліп отырғандығы белгілі. 1933 жылғы толық жинаққа алғысөз жазудан 10 жыл бұрын 1923 жылы 8 мамырда «Тілші» газетінде «Абай кітабы» атты мақаласы шыққан еді. Бұл мақалада 1922 жылы Ташкенттен шыққан Халел Досмұхамедұлы құрастырған Абай өлеңдерінің таңдамалы жинағы туралы пікір білдірген. Бұл мақаланың құнды жері: Абай өлеңдерінен жиырма шақты сөз тіркестерін келтіріп, қате басылған сөздерді көрсетіп, олардың дұрыс нұсқасы қандай болуы керек екендігін көрсеткен. Бұл мақаладағы І.Жансүгіров ақын шығармаларын «толық жинақтап, жемісті қылып шығаруға тырысу» керектігін айтқан еді. «Абайды жете білетін Шәкерім, Мұхтар, Әлихан, Ахмет сияқтыларды бұл жолға үндеу керек. Сөйтіп осы бастан қам қылып, асықпай, бірнеше жылды мойынға алу керек» - деп жазған еді. Академик Зәки Ахметов бұл мақала туралы: «Сол кездің өзінде-ақ І.Жансүгіровтың Абай шығармаларының толық жинағын тыңғылықты дайындап бастыру мәселесін көтеріп, Абайдың өмірі мен шығармашылығына ең жетік, білгір адамдар деп Ш.Құдайбердиев, М.Әуезов, Ә.Бөкейханов, А.Байтұрсыновты атауы айрықша назар аударарлық жай»- деген еді.
І.Жансүгіров Мұхтар Әуезовпен шығармашылық, достық қарым-қатынаста болғандығы белгілі. Сондықтан Абай шығармаларының алғашқы толық жинағын дайындағанда Мұхтар Әуезов алғысөз жазуды өзі Абайдан кейінгі зор ақын, асқан сөз шебері деп таныған Ілияс Жансүгіровке тапсырғаны заңды сияқты.
Толық жинақтың Ілияс Жансүгіров жазған алғысөзіне келетін болсақ, ол: «Абайдың тарихи туысы», «Абайдың қайшылықтары», «сыншыл Абай», «Ұлтшыл Абай», «Бекшіл-байшыл Абай», «Діншіл Абай» және тағы басқа барлығы 22 бөлімнен тұрады. Кейбір бөлімдердегі ой-пікірлер тарихи жағдайлардың ықпалымен жазылғандығы айқын көрінеді. Бірақ Абайдың ақындық шеберлігі суреттелетін алғысөздегі ең негізгі бөлім ретінде «Абайдың ақындығы» атты бөлімге назар аударайық. Жансүгіров алдыңғы бөлімдерде Абайды қаншалықты өз заманынан аса алмаған ақын ретінде суреттесе де, Абайдың қазақ әдебиетіндегі ролі ерекше болғанын айтады. «Абайға дейін қазақ әдебиет ру дәуірінің, бек дәуірінің әдебиеті еді. Батырлардың жырлары, билердің, шешендердің сөздері, шығарылған толғауы, ақындардың айтысы, араб-парсының ескі, ертегілері, ел әдебиетінің түрлері еді. Абайдан бұрын сауда капиталы кіргізетін жаңалығы мен қазақтың ұлт әдебиетіне белсене кіріскен кісіні біз білмедік, - жаза келе Алтынсары ұлы Ыбырай, Уәлихан ұлы Шоқанмен Абайдың бір тұстас, бір бағыттас болған бірақ, ана екеуіне қарағанда Абайдың әдебиетке қызметі көп,» - деп жазады. «Абайдың ақындық ауданы кең. Ол ақындық өнерінің бір-ақ мазмұнды, бір-ақ түрлі саласын қуып отырған емес, Абай ақындықты, тіл өнерін ақындықтың әр жағына да жұмсайды. Ақынның «Адасқанның алды жөн», «Болыс болдым мінеки» деген өлеңдерін мысалға келтіріп. Абайды тілді (сатирик) ақын дейді.
Абай сыны өз ортасына дәл сын болған. Қазақтың бойындағы міндерін сынауда Абай ащы тілді, ұлы сөзді, сықақты, мысқылды, ілмені, мазақты да қолданғанын айтады.
Абай - толғаушы (лирик) ақын дейді. Оған мысал ретінде: «Өзгеге көңлім тоярсың» өлеңінде Абай өлеңді «жалғыз достым» деп атағанын айта келе, осы секілді «Көлеңке басын ұзартып», «Қарашада өмір тұр», «Адамның кейбір кездері», «Көңіл-күйі тағы да», «Келдік талай жерге енді» - деген өлеңдерін Абайдың ішіндегі шынайы шерін толғайтын өлеңдері деп атайды. Бұл өлеңдердің көбі Абай өмірінің соңғы жылдарында жазылған өлеңдері.
Жансүгіров Абайды шебер суретші ақын дейді. «Өлеңімен Абай салған суреттер мінсіз, көрікті, тұрманы түгел келеді» - дейді. Оған мысал: - «Аттың сыны», «Қансонарда», «Аңшылық», «Жаз», «Күз», «Қыс» - өлеңдері. «Абай бұл өлеңдерінде ақындықты лақылдатып құя салған. Осы өлеңдерінің қай-қайсысын алсаңыз да, өлең жазылған тақырып алдыңыздан жанды тұлғасымен тұтас түрегеледі.
Алғысөз авторы Абайдың қазақтың ұлт өнеріне деген көзқарасына да тоқталады. Абай қазақтың өнерін «арабшаның ала-шұбарынан, басқаның шәлдірігінен аршып алды. Өлең, ән-күй - өнер, оны бағалауға керек деді. Өзі бағалап, өнер қылып, өзгеге бағалатты.
Осындай өлең жайлы, өлеңнің өнер екені, ақыл екені жайында бірсыпыра пікірлері бар өлеңдері деп «Білімдіден шыққан сөз», «Біреудің кісісі өлсе - қаралы ол», «Құлақтан кіріп бойды алар» - өлеңдерін мысалға келтіреді.
«Өлеңді өнер деп бағалаған Абай - сол өлеңді кестелеп, қазаққа қызмет етті. Өлеңнің өнер екенін көрсетті. Сөз өнерінің үлгілері ретінде өнер белгісін қалдырады. Абайды жазба әдебиеттің - сырлы әдебиеттің басы дейтініміздің бір жағы осында», - деп жазады.
Жансүгіров Абай шығармаларының тіліне қызыға қарайды: «Абай - қазақ ұғымындағы сөздің сабазы. Тілге Абай құйған қор көп. Оның өлеңі таудан тасыған бұлақтай сарқырап жатса, өлеңіндегі сөздер сол бұлақтың түрлі тасындай жарқырап жатады. Абай өзі тіл жасаған ақын емес, елдің тілін толық пайдаланған ақын.
Абайдың ақындық қуаты, тілге шеберлігі - оның сөзінің арасына қыл сыймайтындығы. Абай ақындықтың өнері - сөздің іші, сырты екеуі де жақсы, екеуі де көркем болсын деген.
І.Жансүгіров Абайдың ақындық шеберлігін талдай келе, ақынның өлең түрін жасаған ақын ретінде айтып өтеді. Абайда ескілі-жаңалы он бір түрлі өлең өлшеуі бар. Жырдың бірінші, үшінші, екінші, төртінші жолы да ұйқасып отыратын көркемдікті қазақ әдебиетіне бастап кіргізген де Абай. Бұл Европа, араб үлгісі. Сөйтіп, қазақтың әдебиетіне бірсыпыра жаңа өлең өлшемдері Абаймен келіп кіреді, - деп жазады.
Осының барлығын алғысөзде қамтуы Жансүгіровтың шығармадағы оңайшылықпен көзге түсе қоймаған сипат-белгілерді байқағыш, айрықша алғырлығын танытады.
Жалпы абайтануға қосқан үлесін айтатын болсақ І.Жансүгіровтың 1934 жылы «Әдебиет майданы» журналының №11,12 санында «Абайдың сөз өрнегі» аты мақаласы жарық көрді. Мақалада толық жинақтағы алғысөздегі «Абайдың ақындығы» атты бөліміндегі ой-пікірлер дамытылып, Абай шығармашылығының қоғамдық мәнін, көркемдік ерекшеліктерін кең қамтып, жеке шығармалары жайында да өткір, қызықты пікірлер айқан еді.
Әдебиеттің әр саласында жемісті еңбек еткен І.Жансүгіровтың әдебиет тарихының алтын қорына, оның ішінде абайтануға, қосқан үлесі ерекше. Қазақ поэзиясын тақырыптық, жанрлық, көркемдік сапа жағынан дамытудағы ақынның алар орны айрықша, және осы уақытқа дейін өз маңызын жоғалтқан емес.
Абайдың 1933 жылғы толық жинағының қазақ әдебиетінің тарихында баға жетпес басылым болып қалатыны сөзсіз. Уақыт өткен сайын оның бағасы арта беретініне сеніміміз мол. Өйткені, ұлы ақын шығармаларын басып шығарамын деп талаптанған әрбір адам бұл басылымды ең толық түпнұсқа ретінде танып, үлгі алады.
М.ҚАЙРАМБАЕВА
Абай қорық-мұражайының
жетекші ғылыми қызметкері,
қор бөлімінің меңгерушісі
http://old.abai.kz/content/abaidyn-tyngysh-tolyk-zhinagy-zhene-iliyas-zhans-girov