АДАМГЕРШІЛІК ІЛІМІ

Абай Құнанбаев қазақ әдебиетіндегі, жалпы қазақ руханиятындағы болмысы бөлек дара тұлға. Абай ақын ғана емес, хакім тұлға. Ол көп қаламгерлер секілді өмірдің бар болмысы мен шындығын көркем бейнелеп қоюмен шектелмеген, өз шығармашылығы арқылы өзіндік танымын, адамгершілік ілімін жасаған ойшыл ақын. Ол өлеңдері мен қарасөздерінде оқырманына «адам бол» деп қана қоймай, сол адам болудың, адамгершіліктің қалыбын, ілімін жасаған ойшыл ақын. Ол өзіне дейінгі танымы мен төркіні терең адамгершілік ілімімен таныс болған. Өйткені оның ұзақ ізденіспен, треңінен толғатып тапқан толық адам танымы сонау Сократ, Платон, Аристотель заманынан іргесі қалана бастаған іргелі іліммен сабақтасады. Бұрынғы-соңғы ойшылдар адам болмысы, оның өзіндік мәні, артықша қасиеті жөнінде көп толғанған. Ыстық қайрат, нұрлы ақыл, жылы жүрек – үшеуінен тұратын Абайдың толық адам танымы Аристотель, Әл-Фараби негіздеген ақыл, жан, тәннен тұратын адам болмысын ойға оралтады. Адам болмысын осы үшеуінсіз я үшеуінің бірінсіз елестету мүмкін емес. Тән Абайдың өзі жазғандай, жанға баспана болу үшін қажет, тәнсіз жан өзінің жасампаздық қызметін атқара алмай қалады. Ал жаны бар тән, дене әлі адам емес, жан-жануар, жәндіктер деңгейіндегі болмыс қана. Жан мен тәнге ақыл қосылғанда ғана адам болмысы пайда болады. Яғни ақыл, қайрат, жүрек немесе ақыл, жан, тән – үшеуімен адам болмысы түгел, толық болады. Тәні мен жаны бар айуаннан адамды биік ететін – ақылы. Сөйтіп Абай өз өлеңдері мен қарасөздерін көп ізденіп, көп толғанып, байырғы төркінінен тартып ойлы, тамырлы, терең туынды етіп жазған. Нәтижесінде толық адам, жәуәнмәртлік, иманигүл танымдарын жарыққа шығарды. Абайдағы бұл іргелі танымдар әдебиеттану ғылымында көрнекті ғалым М.Мырзахметұлының  зерттеулері арқылы танылып келеді. Ғалым еңбегінің жалғасындай болып, оның шәкірті Мақсат Әліпханның «Қазақ әдебиетіндегі адамгершілік ілімі» атты зерттеу еңбегі жақында ғана Абай атындағы Қазақ Ұлттық педагогикалық университетінің «Ұлағат» баспасынан басылып жарық көрді. Құрылғанына биыл 5 жыл толып отырған «Абайтану» ғылыми-зерттеу орталығы Хакім Абайдың ұлттық құндылықтан бастау алған даналығын зерттеп ғана қоймай, жаңа заман талабына сай орта және жоғары оқу орындарына арналған «Абайтану» пәнін дайындаумен де шұғылданып келеді. Ғылыми орталыққа абайтанушы ғалым-педагогтар шоғырланған. Солардың бірі,  кітаптың авторы М.Әліпхан осы университеттегі «Абайтану» ғылыми-зерттеу орталығының аға ғылыми қызметкері, филология ғылымдарының кандидаты, доцент. Абай мен Жүсіп Баласағұн шығармашылығындағы сабақтастық мәселесі жөнінде кандидаттық диссертация қорғаған. Ж.Баласағұн, А.Иасауи, Абай, Шәкәрім шығармаларындағы адамгершілік ілімі жөнінде танымы терең мақалалар жариялап жүрген ғалым. Оның бүгінде жарық көріп отырған «Қазақ әдебиетіндегі адамгершілік ілімі» атты зерттеу еңбегін ғылымдағы үлкен бір белес, танымдық мәні зор жаңалықты туынды деп білеміз. Зерттеу еңбегінің көлемі – 27 баспа табақ.

         Зерттеу еңбегі бес тараудан тұрады. Кіріспе бөлімінде зерттеудің мән-маңызы, көкейкестілігі мен жаңалығы айтылып, адамгершілік іліміне жанасатын еңбектерге саралау жасалған. Кейінгі бес тарауда айтылар ой-толғамдардың өрелі де іргелі мәселелерге арналатыны осы кіріспеден-ақ көрініп байқалып тұрады. Ғалым адам болу мен адамгершіліктің адамзат өмірі мен болмысындағы орны мен мән-маңызын абсолютті ақиқатына жеткізе танытуға тырысқан. Оның ойынша, адамзат ойшылдарының әр-әр кезең, дәуірлерде айтылып жүрген тұжырымдарының түпкі түйіні, темірқазығы – Аристотель жасаған қорытынды. Ал Аристотельдің пікірінше, ең басты мәселе, ең биік игілік, қасиетті құндылық – ізгілік пен қайырымдылық. Бұлар – адамгершіліктің өзегі мен өзі. Өзінің ғана қамын жеу өзімшіл, қайырымсыз адамдар мен жан-жануар, жәндік, құс атаулыларға тән болса, өзгеге жақсылық, қайырым жасай білу – адамдықтың белгісі. Демек адам болу қайырымды болу арқылы келеді екен. Осы орайда Аристотельдің автор сүйенген, тірек еткен пікірі талассыз ақиқат, ең басты мәселе, ең биік игілік, қасиетті құндылық – қайырымдылық. Ал қайырымдылық пен адамгершілік егіз, бірінсіз бірінің бар болуы, болмысқа айналуы мүмкін емес. Әр нәрсе де өзінің мәнімен, өзіндік қасиетімен қадірлі, құнды әрі бар бола алады. Яғни адам өзінің мәні, қасиеті – адамгершілігімен, қайырымдылығымен қадірлі әрі абзал  болмақ. Автордың кіріспе бөлімде осы мәселені негіздеп, бекітіп, танытып алуының жөні бар. Өйткені алдағы тарауларда кеңінен талданып танылатын адамгершілік ұғымы мен ілімінің мән-мазмұны осы кіріспеде айқындалып алынады.

         Адамзат баласы шыр етіп дүние есігін ашқаннан әуелі ауаны, одан қоректі, кейін киімді, есі кіре келе ақыл-ой, білімді, дүние, мансапты, тағы басқа өзі қажет етіп тұтынатын әр түрлі игіліктерді іздеумен болады. Адам өмірі әр түрлі арнайы таңдап алынған игіліктерсіз жалғаса алмайды. Өйткені Алла ғана ешнәрсеге мұқтаж емес, адамзат баласы материалдық, рухани игіліктерсіз өмір сүре алмайды. Осы орайда адамзат баласы Абай айтатын жан қалауы, тән қалауымен түрлі-түрлі игіліктерді қажет ету, тұтыну, иелену әрекетімен өмір сүреді. Ал адамның қалауына ерік берер болсақ, ондай игіліктер жүздеп саналады. Мәселе өмірді мәнді, адамды абзал, абыройлы ететін игілікті танып, таңдап, сол оңды, жөнді игілікпен өмір сүре білуде. М.Әліпхан өзі қарастырып отырған адамгершілік ілімінің артықша маңызын Аристотельдің игіліктер туралы пікірімен  бекіте түседі. Аристотель адамзат баласының қажет етіп тұтынатын көптеген игіліктерін жинақтап үш-ақ топқа бөледі. Бір ерекшелігі, Аристотельдің игіліктерді жанға қатысты және тәнге қатысты деп жүйелеуі Абайдың жан қалауымен, тән қалауы туралы іргелі ойына негіз болғанға ұқсайды. Сөйтіп Аристотель игіліктерді жанға қатысты, тәнге қатысты және сыртқы игіліктер деп үш топқа бөледі. Жанға қатысты игіліктерге Аристотель ақыл мен қайырымдылықты жатқызады да, тамақ, киім, байлық, мансап, атақ-даңқ т.б. секілді өзге екі топқа кіретін игіліктерді ақылдылық пен қайырымдылыққа жеткізер баспалдақ, көмекші санайды әрі жанға қатысты ақыл мен қайырымдылықты барша игіліктердің ішіндегі ең абзалы, ең биігі, ең қадірлісі деп біледі. Ал ақыл мен қайырымдылықтың адамдық болмыс пен адамгершілікті жасайтыны белгілі. Адамның ділін, болмысын құрайтын ақыл мен қайырымдылықтан өзгелердің бәрі де қосымша, жанама түрде қажет болғанымен, адамның болмысы мен қасиетін танытатын адамгершілігін қалыптастыра алмайды. М.Әліпхан осылайша кіріспе бөлімінде адамгершіліктің ең әуелі қайырымдылық, ал қайырымдылықтың қасиетті құндылық екенін айқындай бекітіп алады да, адамгершілікті тақырыптық тұрғыда емес, ілімдік жағынан жырлауға үлес қосқан біршама еңбектерге сыни әрі танымдық тұрғыдан саралау жасайды. Әрі әдеби зерттеудің философиялық мазмұнға ауыңқырап кетуінің де себеп, сырын іздейді. Білікті ғалымдар тұжырымына сүйене отырып ақиқатты, адамгершілікті айтуда, танытуда философия мен әдебиеттің бір арнадан табылатынын, философиядағы моральдық мазмұнның әдебиетте көркемдік стильмен берілетінін негіздеп алады. Автор философиялық мәселенің әдебиет арқылы айтылуының ерекшелігіне де назар аударады. Шығыста пәлсапалық ойлар арнайы философиялық трактаттардан гөрі «философиялық емес» (М.Орынбеков) сипаттағы шығармаларда көбірек көрініс тапқанын негізге алып, қазақ әдебиетіндегі адамгершілікті сөз етудің заңды әрі орынды екенін атап өтеді. Осы тұрғыдан келгенде автордың философиядағы адам мәселесі, мораль, этика қағидаларын Ж.Баласағұндағы жәуәнмәртлік, А.Иасауидегі хал ілімі, Абайдағы толық адам танымы, Шәкәрімдегі ар білімі, ұждан анығы арқылы қарастыруына жол ашылады. Сөйтсе де М.Әліпхан әлі де ақындар шығармаларындағы адамгершілік ілімінің көрініс табуын қарастыруға көшіп кетпей, алғашқы тарауда адамгершілік ілімінің төркіні жөнінде ой өрбітеді. Бұл алғашқы тарауда адамгершілік ілімінің ұғымы, қалыптасуы, әр түрлі ойшылдар еңбектерінде жалғастық тапқаны арғы төркін-тегі, мол мазмұн, терең танымымен қарастырылған. Автордың өзі түйіндеген тұжырымдары қатарында атап өткеніндей, зерттеу еңбегінің алғашқы тарауында мынадай келелі мәселелер талқыға салынады:

  • Қазақ ақындарында жиі әрі жүйелі жырланған адамгершілік тақырыбы – әр жылдар ойшылдарын толғандырған тамырлы да дәстүрлі ілім;
  • Адамгершілік – адамзат ұмтылатын ең жоғарғы игілік әрі түпкі мақсат;
  • Адамгершіліктің мәні мен өзегі, бастауы мен төркіні – қайырымдылық;
  • Қайырымдылық – жан жағдайы мен денсаулығы, жанның өзіне жайлы жақсы халі;
  • Адам болу мен адамгершілік мұраты адамзаттың қоспа болмысына байланысты туындайтын таңдау еркінен басталып, жетілу жолымен жалғасады;

М.Әліпхан аталған мәселе, тұжырымдарды Аристотель, Плотин, Әл- Фараби, ибн-Сина еңбектері негізінде талдап қарастырған. Бұл тараудың мазмұн, танымы тым терең әрі ауқымды екенін айтуға тиіспіз. Мәселен адамзат қауымында киелі, қасиетті саналатын құт-береке, бақыт ұғымы Аристотель пікірінше, қайырымдылық, адамгершілік ілімімен табысады: «Для счастья же главное – деятельности сообразно добродетели, а противоположные деятельности – для противоположного счастью». Яғни Аристотель Бақыт кілтін – қайырымдылық деп біледі. Ғұламаның ойынша, қайырымды, адамгершілікті болу адамдарды Бақытқа жеткізеді. М.Әліпхан адам болмысы, оның мәні, ерекшелігі туралы іргелі мәселелерді атақты ойшылдар пікірімен негіздеп, бекітіп отырады. Мысалы, адам болмысына қатысты Плотиннің мына ойын тереңдей тануға тырыссақ, өзге тіршілік иелерінен адамның артықшылығы айқындала түсер еді: «Мы ведь, в сущности, тоже животные, по крайней мере, в основном, хотя в нас и присутствует нечто высшее, что не входит в состав прочих живых организмов». М.Әліпхан жазғандай, Плотиннің « нечто высшее» дегені жанның ақылды, ойлаушы бөлігі мен парасат болса керек. Ал ойлаушы жан мен парасат – сана мен танымды қалыптастырады. Таным өз кезегінде қайырым, жақсылық жолында болса ғана қадірлі, қасиетті. Демек адам жақсылық, қайырым арқылы көрініс табатын адамгершілігімен артық, асыл, абзал болмақ. «Адамгершілік ілімінің төркіні жөнінде» деп аталатын бірінші тарауында М.Әліпханның жазғанына қарағанда, адамгершілік, қайырымдылық, бақыт ұғымдары бір-бірімен өте тығыз байланыстағы танымды құрайды. Осы орайда автор әл-Фараби пікірін былайша саралайды: «әл-Фараби бақытқа жеткізуге көмектесетін жандағы халдер негізінде туатын еркін әрекетті – тамаша әрекет дейді де, «мұны туғызатын әдет-ғұрып – қайырымдылық» деп түйеді». Автордың жазғанындай, қайырымдылық – адамдардың қоғам ішінде өмір сүру әдебі мен тәртібі.

Сөйтіп зерттеу еңбегінің кілті, жолашары саналатын алғашқы тарауда адамгершілік ұғымының мәні, қайырымдылық сыры, жан халі, жетілу жайы секілді танымдық, тағылымдық мәні зор күрделі мәселелер талқыға түскен.

Зерттеу еңбегінің кейінгі төрт тарауы өз алдына үлкен ілімге айналған адамгершіліктің Ж.Баласағұн, А.Иасауи, Абай, Шәкәрім шығармаларында көрініс тауып жырлануын зерделеуге арналған. Еңбектің ең басты жаңалығы қазақ әдебиетіндегі адамгершілік тақырыбының қағидалы қалып, жүйелі жолға айналып, ілім деңгейінде жырлануын қарастыру болған деп білеміз. Кітап мазмұнымен таныса отырып, қазақ әдебиетіндегі Ж.Баласағұн, А.Иасауи, Абай, Шәкәрім ақындардың көркем шығармалары арқылы адамзаттық асыл ойларды сонау әрідегі тегі, төркінінен тартып, әрі олардың тереңдік, ақиқаттық сипатын сақтай отырып, науқандық, кезеңдік емес, тамыр, төркіні терең мәңгілік тақырыптарды заманына сай жаңашылдықпен жырлай білгенін байқаймыз. Автордың жазғанындай, аталған ақындардың адамзаттық мазмұн – асыл ақиқитты, адамгершілікті әдебиеттік түр – поэзия мен толғау сипатындағы прозалық қалыпқа салып көркем түрде жеткізуі олардың ақындық болмысын ойшылдық, даналық сипатымен толықтыра түскен. М.Әліпхан жазғандай, әлемдік рухани ой үдерісінде су түбіндегі асыл тастай жұтынып іріктелген, сұрыпталып сараланған саңлақтар соншалық көп емес, санаулы ғана. Сондай саңлақтардың қатарындағы Сократ, Платон, Аристотель, Плотин, әл-Фараби, ибн-Синалар ізденіп жеткен ой биігі мен асыл ақиқатқа қазақ әдебиетінің мақтанышына айналған ақындарымыз да жап-жақсы, үлес қосқанын байқауға болады. Осы орайда М.Әліпхан былайша ой өрбітеді: «Мәселен Абайдың «толық адамы» бұрынғы-соңғы ойшылдардың әр дәуірде қарастырып келген ақыл, жан, тәннен тұратын тұтас адам болмысын ойға оралтады. Ал адам болмысының өзегі – адамгершіліктің негізі мен іргетасын Абай жәуәнмәртлік деп атаса, Аристотель калагогатия түрінде танытқан. Абайдың үш сүюі мен Шәкәрімнің үш анығы адамзат тарихындағы талай ойшылдың ізерлі ізденісіне өзек болған. А.Иасауидің хикметтері адам болмысындағы ақыл мен жаннан туындайтын Құдай жолын дәріптеп, тәннен бастау алатын тоңмойын, топас нәпсінің кесірін әшкерелей жырлауға құрылған. Ал «Құтты білік» дастанын адам мен қоғам, мемлекеттің жетіліп, кемелденуін көздеген практикалық философияның сөз өнеріндегі көрінісі, көшірмесі деуге келеді. Сөйтіп біз қарастырған Ж.Баласағұн, А.Иасауи, Абай, Шәкәрім ақындар іргелі, абсолютті ақиқатты жырлау арқылы ойшыл ақындар тұғырына қонған таңдаулы тұлғалар. Олар ең биік, ең басты игілік – бақыттың – адамгершілік екенін танып, оны дәстүрлі терең төркінінен тартып әрі жаңашылдықпен жүйелі жырлай білген ақындар. Адамзат үшін ең құнды нәрсе өмір болса, сол өмірді мәнді де сәнді, ал өмір иесі адамды абыройлы да абзал, қадірлі де қасиетті ететін – адамгершілік».

Зерттеу еңбегі адам болмысы, адам болу мен адамгершілік туралы танымдық, тағылымдық ой, мазмұнға толы. Көбіміз жобалап, жалпылап білетін адамгершілік жөніндегі ұғымдар сыры кітапты оқу, тану барысында айқындалып, нақтылана түседі. Мәселен автор атақты ойшылдардың ой- пікірі мен тұжырымдарына сүйене отырып, адамтану бағытында көптеген тың түйіндер жасайды. Кітапты оқу барысында мынадай мазмұндағы ойларға тап боламыз. Жаратушының бұрынғы-соңғы ойшылдар тұжырымдап түйіндегеніндей, екі түрлі туындысы бар, олар әлем мен адам. Әлемге барша аспан денелері жатады. Ал адам сол әлемдегі бір ғана дене – Жердегі тіршілік иелері. Әлем көл-көсір кең, ал адам көп жұлдыздың бірі – Күн жүйесіндегі бір ғана планетаның тұрғыны. Сөйтсе де адам әлеммен қатарлас Жаратушының жинақтап келгендегі екі-ақ туындысының бірі. Сократ Абайдың 27-қарасөзіне негіз болған сұхбатында Жаратушының әлемді барша қажетімен түгел, толық етіп жаратқанын айта келіп, бір ғана нәрсені сол әлемге дарытпай сақтап қалғанын, сөйтіп оны адамға сыйлағанын айтады. Жаратушының өзгеге бермей, адамға ғана бұйырған артықша әрі аса құнды сыйы – ақыл. Әлем мен адамдар қауымындағы ең киелі, ең биік, ең асыл нәрсе – осы ақыл. Ақыл – Алла, Жаратушы иелігінен жеткен асыл қазына. Жаратушының тағы бір қазынасы – жан ақылдан кейінгі орында тұрады. Себебі ақыл адамда ғана болса, жан жан-жануарлар мен өсімдіктерде де бар. Бұрынғы-соңғы ойшылдар, Абай мен Шәкәрімдер жанның үш түрі болатынын жазады, олар – адам жаны, жануар жаны және өсімдік жаны. Өсімдік жанына қоректену, өсу, көбею қабілеттері тән. Жануар жанында осы қабілеттермен бірге бес сезім мүшесінің түйсінуі бар. Ал адам жаны өзіне дейінгі жанның барша қабілетін иеленуімен қоса ойлай алатын жан, яғни адам жаны – ойлаушы, ақылды жан. Абай айтатын адам жанының «ірі етіп жаратылуы» осыдан. Мәртебесі мен деңгейі жоғары адам жаны өзінен де жоғары тұратын Ақылға иек артады. Ал ақыл – хақтың мүлкі, Алланың аманаты. Біздің Алла жолында болуымыз – ақылды, арлы болу болып шығады.

Әлем мен ондағы жан-жануар өсімдік, адамнан өзге барша тіршілік иелерінде ақыл болмайды. Әлем ақылды, бірақ оның ақылы өзінің болмысына сіңіп кеткен үнсіз ақыл. Яғни әлемнің болмысы мен тірлігі Жаратушының ақылы мен жолынан бұра тартып шықпайтын тура, хақ жолындағы туынды, жаратынды. Ойлап қарасақ, әлем болмысы мен тірлігінде ақыл мен тәртіп, үйлесім бар. Күннің уақытында шығып, тиісті мезгілінде батуы, өзгеге тіршілік сыйлаған болмысын өзгертпеуі, тіпті нұрының от секілді күйдіріп, жандырып жібермей, қалыпты, жайлы болуы, жан-жануардың қорегі мен қорғанысын, амандығын «ойлап» бір қалыпты тіршілік етуі, өсімдік атаулының күн жылына келе ешқандай ескертусіз тіршілігін бастап кетуінде тәртіп пен ақылдылық бар. Демек әлемдегі аспан денелері мен жан-жануар, өсімдік секілді болмыстар өз жаратылысы мен тірлігінде тәртіпті әрі ақылды. Яғни Жаратушының әлем атты туындысы Иесінің салып берген жолымен, тәртібімен ғана тіршілік ететін болмыстар. Әлемде Жаратушы жолынан өзге таңдай қоятын келесі бір жол жоқ. Сондықтан да Абай айтқандай, әлем мен әлем ішіндегі жан-жануардан қияметте сұрақ алмауда әділеттілік бар. Өйткені олар Жаратушы жазғыратындай жаратылысынан-ақ хақ жолынан тыс кетіп теріс жол дегенді білмейді. Анығы әлем мен ондағы өзге тіршілік иелері Жаратушының тек қана тура жолдағы туындысы. Ал адам болмысы өзгешелеу жаратылған, оның өзгелерден артықшылығы ақылының барлығыда, кемшілігі болмысындағы тәні арқылы нәпсі жолын да таңдап қалу мүмкіндігінің болуында дейміз. Жан-жануар, жәндік атаулы ақыл-есі болмаса да, қасақана қиянат, жамандық жасамайды. Олардың жыртқыштығын жамандық деп санауға әсте болмайды. Біздің олардағы жыртқыштық деп білетініміз – олардың қорегін тауып қанағаттандыру мен қорғану әрекеті ғана. Әділетті түрде ойлар болсақ, олардың тіршілік жолындағы қорегі үшін жасаған әрекетін жыртқыштық деп санамасақ керек. Әлем мен ондағы тіршілік иелері күнделікті қолданбалы ақылы болмаған соң, тіршілігінде таңдау жасап жатпай, болмысына Жаратушы дарытқан дайын жолмен ғана жүреді. Ал адам болмысының бағы мен соры қатар көрінеді. Адамның бағы ақылы болса, соры – нәпсі жолын таңдап кетуі. Адам ақылымен хақ, тура жолды ұстанса, нәпсісі арқылы хақ жолынан бұра тартып теріс жолға түседі. Осы теріс жолды таңдау әрекет әлемде жоқ. Өйткені әлем – Жаратушының жолын ғана ұстанған, хақ жолымен ғана тіршілік еткен жанды тән. Ал адам Жаратушы жолын нұсқайтын ақылы мен тән, нәпсісі арқылы қиянатқа да жол тартып кететін қоспа болмыс. Әрі хақ жолы мен нәпсі жолын таңдай алатын ерікке ие. Ал әлемде таңдау жасайтын ондай ерік жоқ.

Адам болу мен адамгершілікті сақтаудың қиындығы мен күрделілігі адам жаратылысының қоспа болмысы мен екі жолдың бірін таңдай алатын еркінің бар болуына байланысты. Сәби, бала кезінде адамның таңдау жасай қоюы қиын. Ақыл-есі кіре келе оң-солын танып, таңдай алатын дәрежеге жетеді. Шамамен «он үште отау иесі» дегендей кезеңге жетіп, әр адам өз болмысына сай адам болуды ойлай бастайды. Бірақ адам болу кедергісіз даңғыл жол емес, бұл игі әрекеттің қабатында қарсыласып ылғи да нәпсі деген дұшпан жүреді. Адам үшін үлкен жау, зор кедергі – нәпсі. Ойшыл ақын Шәкәрімнің «нәпсі үйінде байлаулы ынсап жатыр, ер болсаң, босатып ал сол зынданнан» деп жырлауы тегін емес. Ә дегенде нәпсі тәтті, сәтті, рахат, жайлы көрінеді, әйтсе де ақылы асық, рухы биік адам нәпсіге берілмейді. Адам болу осылайша екі жолдың айырығында ақылы жеңіп, тура жолды таңдау, ұстанумен жүзеге асады. Ал адамдық, адамгершіліктің өзі – ең әуелі жақсылық пен қайырымдылық. Өзінің ғана жағдайын жасап, өзінің ғана қамын жеу айуанға тән болса, адам өзінен басқаның жағыдайын жасап, жақсылықты, қайырымды болумен ерекшеленеді. Алла бәрін де жаратқан әрі бәрінің де несібесін беріп жарылқаушы. Ең үлкен қайырымдылық, жақсылық жасаушы – Алла. Алла туындысы – адам да Иесінің жолымен жақсылық жасау жолында болғаны жөн. Яғни адам болу, адамгершілікті болу – жақсылық жасап қайырымды болу. Бұрынғы-соңғы ойшылдар еңбектерінде адамгершілік ұғымы қайырымдылықпен сабақтастырылады. Қайырымдылық сөзін араб ұғымынан қазақшаласақ, жақсылық дегенді білдіреді. Арғы тегіміз түркілер қайырымдылықты жәуәнмәртлік деп атаған. Қайырымдылықтың ең үлкені, бастауы мен негізі – жомарттық, мырзалық. Адамгершілік ілімін еуропалықтар этика деп атаса, түркілердегі кісілік қалыбы жәуәнмәртлік делінген. Осы жәуәнмәртлік атауы Абайдың 38-сөзінде ұшырасады, ал ол ұғымды ғылыми айналымға енгізген – абайтанушы ғалым М.Мырзахметұлы. М.Әліпханның зерттеуінде жәуәнмәртлік мәселесі Аристотельдің «Этика» еңбегінен бастау алатын әрі әл-Фараби трактаттарында жалғасын табатын адамгершілік ілімі ауқымында жан-жақты қарастырылған.

Ойшылдар танытуында қайырымдылық – екі шеткі кемшіліктің орта тұсы. Осы орта тұсты сақтап қайырымды болу оңай шаруа емес. Таразының бір басына тасын, екінші басына затты қойып, екеуінің дәл тең тұсын табудың қиындығы секілді, жан деңгейіндегі халдің қайырымдылық күйін сақтау да оңай емес. Мысалы мырза, жомарт болу оның қайырымдылық халін қадағалап, мұқият сақтаумен келеді. Әйтпесе осы жомарттық қайырымдылық шегінен асыңқырап кетсе, ысырапқорлыққа, кеміп кетсе сараңдыққа ойысып кетеді. Адамгершілік негізі – қайырымдылықтарды қалыптастырып орнықтырудың әрі сақтаудың осындай ыждақатты әрекет, бейнетпен келетін сыры бар. Ойшылдар негіздеген қайырымдылықтарға қатысты орта тұс жайы Шәкәрім өлеңдерінде ұшырасады:

Ат болсын, киім болсын, мінез болсын,

Құба төбел істі қыл жарасымды.

...Артық алу,

Не кем салу,

Қапы қалу жарамас.

Адамгершілікті құрайтын қайырымдылықтар Аристотель бастаған ойшылдар еңбектерінде ақыл мен жан деңгейіне қатысты екі топқа бөлінеді де, олардың адам болуға қосатын қомақты әрі өзіндік үлесі сараланады. Интеллектуалдық, ойшылдық және этикалық деп аталатын қайырымдылықтар қазақ ақындары Абай мен Шәкәрім шығармаларында нұрлы ақыл, жылы жүрекпен, таза ақыл, ақ жүрек және осылардан өрбитін ақыл, ой, білім, әділет, рахым, қанағат тағы басқа қасиеттер арқылы көрініс табады.

Аристотель адамзаттың ұмтылып, өмірінде тұтынатын барша игіліктерін үш-ақ топқа бөліп, олардың арасынан ақыл мен өзге әртүрлі қайырымдылықтарды бәрінен де артық асыл, биік санаса, Абай да өмірде ұшырасар көп қызық, игіліктер ішінен үшеуін ғана сүюді насихаттап, өзінің иманигүл танымын ұсынады:

Махаббатпен жаратқан адамзатты

Сен де сүй ол Алланы жаннан тәтті.

Адамзаттың бәрін сүй бауырым деп,

Және хақ жолы осы деп әділетті.

Шәкәрім ақын да іргелі ілімді өзінше дамытып, адамгершілікті ұждан анығы түрінде ең оңды, тура, дұрыс жол деп санайды:

Әлемдегі діндердің түп мақсұты

Үш нәрседе бұлжымай құшақтасар:

Құдай бар, ұждан дұрыс, қиямет шын.

Алла – барша болмыстың бастауы әрі өзі мәңгілік, жоғалмайтын бар болмыс. Адам да сондай уақытша, өтпелі болмыстың бірі. Яғни Алладан өзгенің бәріне де қиямет күні келеді. Алладан бастау алып, бұйырған өмірі бітіп, қиямет күніне тап болатын адамзаттың осы екі аралықтағы оңды, мәнді, тура жолы – ұждан, яғни адамгершілікті болу.

Сөйтіп Мақсат Әліпханның «Қазақ әдебиетіндегі адамгершілік ілімі» атты зерттеу еңбегінің мазмұны адамгершілік ілімінің қазақ әдебиетіндегі көрінісін кешенді түрде қарастыруға құрылған. Талдау, зерделеу нысанасына алынған Ж.Баласағұн, А.Иасауи, Абай, Шәкәрім ақындар өз щығармаларында адамгершілікті ізерлей ізденіп, төркін-тегін таныта әрі заманына сай жаңашылдықпен жырлаған.      

Жабал Шойынбет,

Абай атындағы ҚазҰПУ-і

«Абайтану» ғылыми-зерттеу

орталығының директоры, ф.ғ.к.

Abai.kz

 

http://old.abai.kz/content/zhabal-shoiynbet-adamgershilik-ilimi