Біздің замандастарымыз (жиырма бірінші ғасырға өмір өрмегінің жүзін аударып жеткендер) Абай өлеңдерін бала күнінен мектепте жаттап өсті.
Абай еңбектерін рухани азыққа айналдыру соларға негізінен үш бағытта жүзеге асқан секілді. Бірін мамандығы мәжбүрлесе, енді бірін қызмет бабы Абай атын еске түсіртіп қоятын. Ал енді бірі Абай еңбектерін өздерінің қалауымен оқып, жандарына рухани азық етіп келді. Біз өзімізді соңғы топқа жатқызғалы отырмыз.
Сол топта жүріп, біз, жасымыз Абай сүрген ғұмырдан асыңқырап кеткен шақта, Абайды тек қана оқып шығу жеткіліксіз екен деген пайымға тоқтадық.
Абайды оқу қажет екен...
Оқығаннан кейін ойланған дұрыс секілді...
Дұрыстап ойланып ал да, ойыңды жария ет...
Біз өзімізді "адам деп, адмгершілік деп" тіршілік ететіндер санатына қосамыз. "Қолымды мезгілінен кеш сермедім" – демекші, біз де кешірек болса да, Абай еңбектерін сана зердесімен пайымдап, ой толғамдары арқылы қабылдап байқағымыз келді. Содан пайда болған түйсікті ойға айналдырып, қағазға түсіріп, түсінігін көпшілік назарына ұсыну қажеттілігін мойындадық.
Біздің еңбегіміздің атақты философтар мен ғалымдардың, Абай мұрасын зерттеушілердің назарына ілігіп, кемшілігі байқалып жатса, біз ешкімнен де кешірім сұрамаймыз. Өйткені, бұл еңбек кәсіби Абай зерттеушісінің еңбегі емес, Абайды өз бетімен оқып, өз түсінігін көпшілік назарына ұсынып отырған көптің бірінің еңбегі.
Осылайша, ойлана, бір шешімге келіп алып, біз Абай әлемін іздеп шықпақ болдық, осы сапарға бел байладық.
Абай әлемін таба аламыз ба?
Кездесе қалсақ, ол әлем бізге есігін аша ма?
Тіпті ашық есікті әлем ішіне ене аламыз ба?
Ол бізге жұмбақ... Дегенмен талпынуды, талап қылуды Абай жақсы көрген... Бізге ондай қайда деп мойымауды тапсырған...
Мойындай кетелік, бұл сапардың алғашқы қадамын басу бізге қиынға соқты. Қалай ұмтылсам да келіспей тұрған секілді болып, дәлірек айтқанда, өзіме ұнамай көп азаптандым. Кейде бұл саяхатқа аттану маған мүмкін еместей көрінетін. Қаламды талай рет қолға алып (компьютерді) оқталғанмен, бұл жолға қалай қамдану керек екеніне ой жетпей, меселім қайтып, жабырқап қала беретінмін. "Айылын тартып мінер арғымағың жоқ болса, айдынға жүздірер желкенің болмаса, бос қиял емес пе, қолың көтерместі білегіңе неге жүк қыласың" деп торығып та кететінмін.
Осындай ойлар үстінде "Ұлы Абай" деген сөзді қайталап отырып, "Ұлыны туған ел де ұлы" деген ой менің осы сапарыма жол ашып бергендей болды. Абай ұлы болса, ұлыны тудырып отырған ел де ұлы емес пе!...
Сонда, ұлы ел – несімен ұлы?
Содан барып бұл әлемде ұлы елдер кімдер еді деп санай бастадық. Көп екен. Көп секілді болды. Біраз елдің есімін еске түсірдік. Біразын оймен шолып, солар ішінен үшеуін таңдап алдық. Содан соң "осы елдер несімен ұлы еді?", "осы елдерді ұлылар қатарына қалай қосып отырмыз?" деп, біз өзімізге сұрақ қойдық.
Осы сұраққа жауап ретінде біздің санамызға алғашқы боп әсер еткен, оларды бізге ұлы атандырып отырған олардың жаулап алған елдері де емес, шалқыған байлығы да емес, халқының саны да емес секілді боп көрінді. "Елді ұлылар қатарына шығарар сол елдің жеке тұлғалары екен-ау" деген түсінік пайда болды.
Ағылшындарды ұлы халық дейді.
Ағылшын елінде Шекспир деген керемет болыпты. Қаншама ғасырлар бойы Шекспир аты жер жүзінінің барлық азаматының аузынан түспестен келеді. Шекспир арқасында ағылшын елі де ұлықтана түсуде. Шекспирмен қабаттаса "Робинзон Крузо", "Қазына аралы" секілді кітаптар еске түсті.
Орыс халқын бізге көзіміз қара танығалы, көкірегіміз сөз ұққалы ұлы халық деп таныстыруда. Ұлы екендігінде сөз жоқ. Ұлы ел! Олардың ұлылығының бір дәлелі – отыз сегіз жыл өмір сүрген Пушкин өмірін орыс ғалымдарының ізденгені, зерттегені соншалық, қазір ақын өмірінің бірнеше күндері ғана ақтаңдақ деп есептелінеді. Олар Пушкин деген ақын баласының қай күні кіммен сөйлескенін, не айтқанына дейін хаттап шығыпты. Ломоносов, Петр патша, Толстой, Лермонтов, Гумилев, Курчатов... Олар ұлыларын ұлықтапты. Біздер сол арқылы бүкіл елді ұлы деп танимыз. "Тынық Дон", "Дубровский", "Арылу", "Обломов" секілді кітаптар еске түсе бастады.
Қытай дейтін ұлы халық десек, ешкім таласа қоймас. Бұдан үш мың жылға жуық бұрын өмір сүрген Конфуций деген бір баласының аузынан шыққан әр сөзін әлі күнге аударып, төңкеріп, қайта-қайта тұзын татып, дәмін тексеруден жалығатын емес. Қытайлардың осы әрекетенің арқасында бүкіл әлем ойшылдары Конфуцийден бір ауыз сөз кірістіріп, көсемсінуге тырысады.
"Ұлысын ұлықтау – ел ұлылығының негізгі көрсеткіші" деген қортындыға келдік...
Бала кезден Мұхтар Әуезов еңбектері арқылы Абайды таныдық. Сөз мәнісін түсінгелі Абай ұлылығын мойындадық.
Біз оқушы ретінде, әлемде ұлы атанғандар еңбектерін біршама оқып келеміз. Ұлылар ұлылығын мойындаймыз. Бірақ біз сол ұлылар тізімінен соғыс пен жауыздық, бақытсыздық пен қайғы тарату арқылы іліккендерді сызып тастадық.
Біздің тізімге іліккен барлық ұлыларға ортақ бір қасиет бар, ол – олардың адам сүйгіштігі.
Әлемдік деңгейдегі адам сүйгіш, адамгершілік қасиеті жоғары тұлға ретінде біздің ұлы атамыз Абай тым ерекшелеу болып көрінеді. Талай ұлы тұлғалардың шығармашылық тамырынан адамгершілік нәрін татып байқадық, бірақ біздің ақын атамыздың көтерілген биігі еш із түспеген, соны биік деп ойладық.
Абай: "Адамзаттың бәрін сүй, бауырым деп!" – десе, ол осы нақыл сөзімен-ақ өзінің әлемдік дәрежедегі ұстаз екенінін дәлелдей алған. Бұл сөзді оған дейін ешкім айта алмапты...
...Тобықтының бір атасына жан-тәнімен еңбек етіп өз өмірін бастаған Абай бара-бара тұтас қазақ халқының рухани болмысына пайдалы болу керектігін түсінген. Содан барып: "Біріңді, қазақ, бірің дос, – көрмесең істің бәрі бос" – деп ұлттық ұран тастайтындай дәрежеге көтерілген.
Нағыз ұлы тұлға ұлттық шеңберде шектеліп қала алмайды. Оларды бүкіл әлемдік мәселелер толғантады. Ұлылықтың негізгі белгісі бүкіл адамзаттық, бүкіл әлемдік құбылыстардан ақиқат іздеу болса керек. Сол толғаныс үстінде Абай адам атты пенделердің мұң-мұқтажын өз жүрегінен өткізе алған. Содан барып, бүкіл адамзат ұранын, саналы тіршіліктегі адам сүйеніш табар бұ дүние ақиқатын анықтай алған.
"Адамдардың бәрін сүй бауырым деп!" – деген Абай ой түйіні бүкіл адамзат ұранына айналуға тиісті қасиетті сөз!
Бұл сөздің тәні де бар, жаны да бар! Бұл сөз – тірі сөз!
Бұл ұран сөз – мағынасын бүкіл әлем бойына сіңіруге, тіршілік ету үшін күрес құралына айналдыруға тұрарлық қағида!
Бұл сөз бүкіл әлем саясаткерлерлерінің басты ұранына айналған кезде жер бетінде Жұмақ орнамақ!
Абай тек қана қазақтардың емес бүкіл әлем жұртшылығының перзенті және ұлысы!
...Абай әлемі жұдырықтай жермен шектеліп қалмаған. Оны "Жеті қат көк" мәселесі де аз толғандырмаған. Содан барып, "Алланың өзі де рас, сөзі де рас" атты ақиқат сөз аузынан шыққан. Абай аузынан шыққан, бізді ерекше сүйсіндірген, үш ауыз сөзді жеке жазып көрелікші:
Біріңді қазақ бірің дос көрмесең істің бәрі бос...
Адамзаттың бәрін сүй бауырым деп...
Алланың өзі де рас, сөзі де рас...
Осы сөздер – қазақ баласының аузынан шыққан сөздер.
Адамдар қазақтың ұлы ел екеніне осыдан кейін қалай күмәнді болмақ!
Қалай қазақ екеніңе мақтанбассың!
Кез-келген қазақ баласы Абайдың әр ойынан, әр сөзінен жанына шипа боларлық бір нәр ала алмайтын болса, оған сезім атты түйсіктің қажеттілігіне күмәніміз бар.
Қазақ халқы – Абай Құнанбайұлы, Ахмет Байтұрсынов, Әлихан Бөкейханов, Әлкей Марғұлан, Мұхтар Әуезов, Қаныш Сәтбаев, Әбіш Кекілбайұлы, Олжас Сүлейменұлы, Нұрсұлтан Әбішұлы секілді, санаса сан жетпес ұлдарының атымен ұлы ел.
Шекспир, Пушкин, Конфуций секілді біздің ұлыларымыздың басында Абай тұр! Бұл, әрине, салыстырмалы түсінік. Әйтпесе қазақты қазақ еткен әлі күнге аты есте: Қорқыт, Асан, Жиренше, Бұхар, Абылай, Әбілқайыр, Төле, Қазбек, Әйтеке, Махамбет секілді ұлдары толып жатыр.
Ұмыт болғандары қаншама?..
Ұмыт болғандар деген қандай ауыр сөз еді...
Ұлыларды ұмытуға бола ма?..
Болмайды ғой!..
Ұлы атын мәңгілеу – ел міндеті емес пе...
Ұлыларын ұмытқан ел, ол қандай ел?..
Абайды оқыту керек, оқу керек. Оқы да ойлан. Ойға тоқығаныңды айта жүр. Әсіресе, Абай секілді ұлыларды жалпы жұрт болмысына сіңіре беру әр саналы азамат міндеті деп ойлаймыз. Абайды бар сана-сезімімен ұлық тұту әр қазақтың борышы...
Сонда ғана ұлылар аты ұмытылмайды.
Сонда ғана қазақтар бірін – бірі дос көрмек.
Сонда ғана істелген іс бос болмақ емес.
Абай ойын, Абай түсінігін бойға сіңірген кісіге тек қана өз жұрты емес, адам баласының бәрі бауырға айнала бастамақ.
Аллаға деген шынайы сезім жүрекке енбек.
Абайдың ұлылығына сенгендер қазақ халқының ұлылығына сене алады.
Абай сөздерінің нәріне тамсанғандар қазақ халқының данышпандылығы мен ойлылығына, қазақ тілінің күші мен құдіретіне сене бастайды.
Абай сөздері бір құлақтан кіріп, екінші құлақтан шығып жататын болса, онда құлақтың ол адамға пайдалы мүше екендігіне күмән келтіруге болар...
Абай бір өлеңінде: "Білімдіден шыққан сөз, Талаптыға болсын кез" – деген екен. Біз өзімізді талаптылар тобына жатқызуға шешім қабылдап алып, Абай әлеміне сапар шегіп қайтқалы отырмыз...
Сапарлас боламын дегендерге кемемізден орын табылады.
Тек қана біздің бір талабымыз бар.
Онымыз: Абайдың бір шумақ өлеңін жаттап алып, мағынасына тұшыну...
Білімдіден шыққан сөз –
Талаптыға болсын кез.
Нұрын, сырын көруге,
Көкірегінде болсын көз...
Абай – білімдіден шыққан сөзді (Абай білімді) түсінуге тырысқан талаптының міндетті түрде көкірегінде көзі болғанын қалап отыр.
Аллатағала өз құдіретімен кейбір пенделеріне үшінші көз, "көкірек көзін" береді екен.
Біз, көкірек көзі анық байқалып тұрмайтындарды да талапты болуға шақырамыз.
Көкірек көзі жарқырып тұрмаса да маңдайдағы екі көзбен Абай сөздерін көкірекке тоқып, тәннен өткізе, жанға жеткізсе, содан барып жан сезімін тән пайдаланса дейміз...
Осы мақсатпен біз Абай поэзиясына көз сала отырып, Абайдың қара сөздерін оқып шықпаққа ниеттендік.
Ана тілімізде сөйлейтін қазақ тілді ойшылдарды ғана емес, әлем философтарын да терең ойға батырып келе жатқан Абайдың заты асыл, жаны жұмбақ сөздерін "қара сөз" деп атау қалыптасқан.
Біз Абай сөздерін: тірі, жаратылысы ұлы, болмысы ақыл, көзге көрінбейтін қасиет ретінде елестетеміз. Абай сөздерінің тірі екеніне, жаны бар екеніне сенеміз.
Бізге алғашында, Абай сөздеріне "Абайдың көсем сөздері" деген атақ лайық секілді болған.
Егер "қара сөз" деп ат таққан Абайдың өзі болса, онда өз сөзіне "көсем сөз" деп ат тағуға ақылдылығы мен даналығы жол бермеген болар деп те ойлаған болатынбыз...
Бірақ қазақтың "қара" деген сөзіне арттырар жүктері туралы ой жүгірткеннен кейін біз алғашқы ойымыздан қайттық.
Халқымыз "қара" сөзіне сан түрлі мағына берген екен.
"Қара" сөзі арқылы жұртымыз даналық пен тереңдік, шексіздік пен жұмбақ нәрселер мағынасын бейнелеп: қара құрдым, қара жер, қара көбейту, қара орман деген сөздер пайдаланыпты.
"Қара" арқылы қазақ қайрат пен күш қасиеттерін анықтап: қара күштің иесі, қара қайраты мол, қара нар, қара нөсер секілді сөздермен бұл сөзге ерекше күш беріпті.
Бұл сөз арқылы халқымыз ел мен жұрт мағынасын түсіндіріп: қара халық, қара тобыр деген сөздерді шығарады.
Қара деген сөзге ең бір қасиет тұтқан нәрселерін теңеп қара шаңырақ, қара орын, қара жұрт деп ардақтаған.
Аяушылық ретінде: қара қасқа кедей, қара табан болу;
Көп деген мағынада: қара құрттай қаптау, қара құрым, қара нөпір топ;
Сұлулықты бейнелеп: қара торының қандысы, қара көз;
Мезгіл ретінде: қара көлеңке;
Ұрпаққа сүйіспеншілік: қарайғаным, қарағым;
Жауыздық пен арамдықты бейнелеп: қара ниет, жүзіқара, қара албасты, қара жүрек;
Өлшем ретінде пайдаланып: қара жол, қара көрдім жер деп те жатады.
Ақ сөзінің қарсы мағынасында аққа қара күйе жағушы деп сөгеді.
Ал өлеңде айтылатын "қазақтың қара өлеңі" деген түсінік: үйреншікті өлең, нағыз қазақи өлең, көпшіліктің жадында қалған ескі мұра деген секілді түсініктер баламасы.
Абай сөзіне осылай ат таққан қазақ ойшылдары болса, онда олар "қара сөз" деген атаққа:
Абай сөзі – сыры мол, астары терең сөз;
Абай сөзі – тек бір адам емес, бүкіл адамзат пенделерінің мүддесіне сәйкес келе алар ойлар жиынтығы;
Абай сөздері – Абайдың ақылы мен парасаты, ойы мен дарын сәулелері арқылы басқалар санасына жарық түсіру құралы...
Ойсыздарға да ойлыларға да заты жұмбақ, жанының тұңғиығы терең, биіктігі жеті қат көкте жатқан Ұлылар ойындағы жұмбақтарды шешу уақыт деген құдіреттің шамасы жетер ғана құбылыс. Әйтпесе екі миллиардқа жеткен қытай халқы үш мың жыл бойы бір кісі еңбегін зерттеуден жалыққан болар еді.
Әр жаңа туған ұрпақты өз түсінігімен қызықтырар ұлылар болады. Ұлылар ойына олар өз түсінігімен, өз көздерімен, өз заманының талабымен қарайды. Сондықтан ұлылар мұрасы – мәңгі тірі.
Сол ұлылардың бірі – Абай!
Абай сөздерінің жай қара сөз де емес, тек қана көсем сөздер жиынтығы да емес екеніне бұ заманда қазақтардың да, әлем жұртшылығының да көздері жеткен секілді.
Бұл сөздер өз шешімін әр жаңа заман, әр жаңа ұрпақ өзімен бірге ала келетін: салмағы "қара жердей", жұмбақтығы "қара құрдымдай", шексіздігі "қара нөпірдей" құбылыс.
Абай "қара сөздерін" "көсем сөздер" деп атаудың жөнсіздігін байқадық.
Абай:
"Көкірегі сезімді, көңілі ойлыға
Бәрі де анық тұрмай ма ойланғанда..." – дейді
Абай сөздері жан-дүниемізді нұрландыра түсер ме екен деп, біз Абай сөздерінің ой биіктігіне бой жеткізуге тырысып, мағына тереңдігіне дем жеткізуге тырысып, оларды өз ой-елегімізден өткізе оқып шығуға бел байладық.
Егер бұл сапарда Абай биігіне шама келмей, шарға жетпей жатса, онда ең болмаса Абай әлеміне жақындай түсерміз деген үміт біздің ең басты мақсатымыз болмақ...
Абай "қара сөздері" қырық бес сөзден тұрады екен...
Неге аз? Жоғалғаны жоқ па екен?..
Неге қырық бес?
Одан көп болуы мүмкін бе еді?
Бұл сұрағымызға айтарлықтай дәлелді жауап таппадық. Бірақ олар туралы ойлар бар.
Солардың бірі Абайдың қара сөздері қырық бестен көп те болуы мүмкін еді дейді. Абайдың ойлау дәрежесі осы сөздерде қамтылғандардан да басқа көптеген мәселелер жөнінде ой толғап, өз қорытындыларын қорытып шығаруға жететін еді. Бірақ не өзі қаламады, не ғұмыр қысқалығы мүмкіндік бермеді дейді.
Екінші бір ой – "Абайдан айтылмаған сөз қалмады" дейтін кейбір зерттеушілер ойын қуаттамақ болады. Олар адам (қазақ) баласының өміріне керекті ақыл мен ойды Абай сөздері мен өлеңдері түгендеп кеткен дейді. Бұл ойға да көңіл тоқтатуға болатын секілді. Өмірде кездесіп жататын кез-келген құбылысқа, оқиғаға Абай сөзімен мысал келтіріп, Абай өлеңімен қостауға болатынына көзіміз жетіп келеді.
Осындай бір-біріне қарама-қарсы ой тұлпарларына мініп алып, біз де біраз саяхат жасап қайтсақ па дейміз…
Саяхат болғанда да Абай әлеміне, Абай ойларына, Абай өлеңдеріне саяхат…
Біз өзімізше, алдымен, Абай сөздеріне берілген сандық белгілер орнына мағыналық теңеу таңып байқамақ болдық. Содан барып төмендегідей тізім жасақтадық:
Бірінші сөз – адам міндетін анықтау;
Екінші сөз – еңбекке баулу;
Үшінші сөз – билік сыры;
Төртінші сөз – мастық пен күлкі;
Бесінші сөз – қалыптасу;
Алтыншы сөз – түсінік;
Жетінші сөз – талпыныс;
Сегізінші сөз – насихат;
Тоғызыншы сөз – ұлт жандылық;
Оныншы сөз – ұрпақ;
Он бірінші сөз – кәсіп;
Он екінші сөз – ғибадат;
Он үшінші сөз – иман;
Он төртінші сөз – жүрек;
Он бесінші сөз – ақыл;
Он алтыншы сөз – еліктеу;
Он жетінші сөз – бірлік;
Он сегізінші сөз – кербездік;
Он тоғызыншы сөз – естілік;
Жиырмасыншы сөз – жалығу;
Жиырма бірінші сөз – мақтан;
Жиырма екінші сөз – қадір тұту;
Жиырма үшінші сөз – қуаныш пен жұбаныш;
Жиырма төртінші сөз – күншілдік;
Жиырма бесінші сөз – құлшылық;
Жиырма алтыншы сөз – надандық;
Жиырма жетінші сөз – өсиет;
Жиырма сегізінші сөз – парыз;
Жиырма тоғызыншы сөз – сақтық;
Отызыншы сөз – ұят;
Отыз бірінші сөз – ойлылық;
Отыз екінші сөз – талап;
Отыз үшінші сөз – өнер;
Отыз төртінші сөз – бұ дүние;
Отыз бесінші сөз – о дүние;
Отыз алтыншы сөз – ұят пен иман;
Отыз жетінші сөз – уағыз;
Отыз сегізінші сөз – жаратылыс;
Отыз тоғызыншы сөз – намыс;
Қырықыншы сөз – мінез;
Қырық бірінші сөз – тәрбие;
Қырық екінші сөз – тіршілік қамы;
Қырық үшінші сөз – тән мен жан;
Қырық төртінші сөз –тазалық;
Қырық бесінші сөз – адам болмысы.
Біз осыдан кейін әр қара сөз мағынасына сәйкес деп таңдаған атаулар тізімін талдап қарадық. Бұдан байқағанымыз тек қана ұят (отызыншы, отыз алтыншы) және иман (он үшінші, отыз алтыншы) атаулары, солар туралы айтылар ой екі рет қайталанатынын байқадық. Басқа ешқандай ой да, сөз де қайталанбайды. Осыған қарап, біз Абайдың осы еңбегін жазуға кірісер алдында адам баласының тәрбиесіне, тіршілігіне қажетті деген насихат сөздерінің тақырыбын іріктеп, тізіп алып барып, сосын іске кіріскен бе деп ойлаймыз.
Абай ойларына, Абай әлеміне саяхат жасамақ болғандардың бір мойындауға тиісті ақиқаты болуға тиісті. Ол – Абайды түсінудің сан сатылы болатыны. Өйткені осындай саяхатқа шыққандар білімі мен зердесінің, табиғи болмысы мен тәрбиесінің жобасына байланысты тек қана өз дәрежесіне дейін көтеріле алмақ. Мысалға менің ойшылдығым мен білімпаздығым орташа ғана дәрежеде болса, онда менің тұжырымдарым атақты білгірлер сатысынан әлдеқайда төмен тұруы кәдік. Олардың мені жазғыруы да мүмкін. Бірақ мен оған мойымақ емеспін. Өйткені Абаймен сырласуға, Абай әлеміне саяхат жасауға әркімнің де қақысы бар. Абайдың өзі "болмасаң да ұқсап бақ" деген.
Сонымен Абайдың қара сөздері маған не дейді?
Жаратылысты, тіршілік ережелері туралы өмір қағидаларын қабылдау арқылы өзімнің білімім мен ақылымның жобасы Абай сөздерінен не ұға алды?
Біз, ең алдымен, Абай өз сөздерін қалай бастап, қалай аяқтады екен деген сұраққа жауап беруге тырыстық та, бірінші сөз бен соңғы сөз мағыналарына ой жүгіртпек болдық.
Абай бірінші сөзімен өзінің саналы тіршілік алға тартар көп нәрселер туралы ойланатын жан екенін танытады. Болашақ оқушыларымен әңгіме-дүкен құра отырып, өз ойларын, болашақ айтылмақ сөздерін, көздеген мақсатын соншалықты түсінікті, талас тудырмайтындай етіп, түсіндіріп береді.
Бірінші сөз – сөз жоқ, алғашқы сөз болуға лайық сөз деген қортындыға келдік. Оның алдына салған кез-келген сөз өз орнында тұрмаған болар еді.
Ал соңғы сөз – ол дәл соңғы сөз. Егер Абай тағы бір сөз қосқысы келсе, онда ол сөз соңғы болып тұра алмас еді, ортаға түсер еді.
Абай сөздерінің қортындысы секілді қырық бесінші сөзінде шексіздікті, шексіз әлемді жаратушының бар екендігі айтылады. Бар әлем бір заңға бағынып, бір құдірет бұйрығын бұлжытпай орындап жатады. Абай, тірілер жаратқанның адам пенделеріне, жан-жануарына берген сезімдері арқылы тіршілік заңдылықтарын мойындайды, өз тірліктерін жалғастыруға құштар болады дейді. Абай өз еркімен ешкім еш нәрсе жасай алмайтынын, тек қана Жаратқанның жаратқандарын жаратқан сыйлаған сезімдер арқылы сезе алатындығын әңгіме еткен. Егер ондай сезім аз болса, онда кісінің кісілігінің де жобасы төмендей бермек. Қырық бесінші сөз – соңғы сөз!..
(жалғасы бар)
Abai.kz
http://old.abai.kz/content/saiyn-nazarbekyly-abai-elemine-sayakhat-basy