Көкбай ақынның туғанына 150 жылтолуына
Ел тәуелсіздігімен бірге келіп, мұралары енді қалың жұртшылыққа танылып, шығармашылығы зерттеле бастаған Абайдың ақын шәкірті, әрі досы, рухани серігі – Көкбай Жанатайұлының туғанына биыл 150 жыл. Әуелде туған, дүниеден өткен жылдарына қатысты екіұшты пікірлер айтылып келгенімен, ақын мұрасын зерттеуші Қ.Мұхамедханұлының тұжырымы бойынша Көкбай ақын 1861 жылы туғанға келіскендей былайғы зерттеушілер...
Абаймен байланысы жайында әлі толыққанды ғылыми тұжырымдар жасалып біткен жоқ. Ақын шәкірттердің ішінде Көкбайдың орны оқшау тұр. Абай өз өлеңдерін Көкбай атынан беруі тегін құбылыс емес. Жүрегінен жарып шыққан туындысын қасындағы шәкіртінің атынан жарияласа, Көкбайдың ақындығына көңілі толғандығының белгісі, шәкіртіне деген үлкен сенімі деп түсінген абзал. Қашанда ақындық өнерге биік талғаммен қарайтын Абайдың «жазғанымды оқырман қалай қабылдайды екен»,- деген үміт-күдірі аралас күйде болғаны шығар бәлкім. Екіншіден, өзінің жазғандарына сыншыл ақынның көңілі толмай, қанағат қылмай жүру себебі де бар. «Дала уалаяты» газетінде Көкбайдың атынан басылған бір-екі өлеңін көзі қарақты жұрт жылы қабылдап, жақсы лебіз айтқаннан кейін ғана, өлеңдерін өзіне қайтарып алады.
Көкбай атынан басылған (1889 №7) «Жаз» (Жаздыкүн шілде болғанда) өлеңінің шығу тарихына келсек, өлең сәл ертерек 1886 жылы жазылған. Көкбайдың өзі айтқан естелігіне сүйенсек: «Абай қонып жатқан ауылды көріп, осы суретті өлең қыл деді. Мен біраз өлең қылып едім, жақтырмады да, өзі жазбақшы болды. Сонымен үй тігіліп болып бәріміз жайланған соң, Абайға келіп едім: «Өлең Көкшенің бойынан асайын деді ғой», – деді. Мен: «Асса, басында қолқаланып алған нәрсе емес еді. Енді өзіңіз ретін тауып қайта аларсыз», – деп қалжыңдадым, сүйтсем, сол күні «Жаздыкүні шілде болғанданы» жазаған екен. Оқып берді» [1, 201 б]. Абай өлеңі ақындық сынның негізінде туған. Қарапайым сөзбен айтқанда, шәкіртіне «өлеңді былай жазу керек» деген үлгіде дүниеге келгенін естен шығармауымыз керек. Абайдың үлгі қып шығарған өлеңі біраз уақыт Көкбайдың атында болған. 1886 жылдары жазылған өлең үш жылдан кейін әлі де болса Көкбайдың атынан жарияланғанын есте ұстаған жөн. Абай өлең жазып, атын шығармақ болса екі-үш жыл бұрын жазылған өлеңін Көкбайдың емес, өз атынан беруіне болар еді. Дәл осы жылдары жазылған «Көкбайға» өлеңіндегі:
Сорлы Көкбай жылайды,
Жылайды да, жырлайды.
Ол жыламай қайтіп тұрады
Мынау азған қу заман
Қалыбында тұрмайды, –
деп зарланғандағы Көкбай – лирикалық қаһарман, Абайдың өзі. Байқасаңыз, 1886 жылға дейін Абай Көкбай боп сөйледі. Тағы да осы жылы жазылған «Шоқпардай кекілі бар, қамыс құлақ» яғни «Аттың сыны» өлеңінің жазылу тарихы Көкбайға қатысты екені мәлім. Көкбайдың естелігінде «Меркенің бегі берген Ақауыз аты» делінсе [1, 206 б], жырда Наурызбайға Бұхар ханы қызыл ауыз ат сыйлайды:
Ат таңдап алғызады қол астынан,
Болмады ешбір адам қорашсынған.
Науанның қызыл ауыз сол аты екен
Ұрыста тастамайтын оны астынан.
Ат мінді қызылауыз текежәуміт,
Салдырған жібек шідер күміс баулық.
Апарған төрт орыстың тұқымынан
Бар дейді Бұхарада азын-аулақ,-
деген жолдармен Наурызбайдың қызылауыз аты туралы сөз бітеді. Әлде естелік, немесе дастанды бізге жеткізушілерден болған өзгеріс пе, әйтеуір осы арада болмашы бір сәйкессіздік бар. Б.Исабаев Көкбайдың қасында жүріп, көргені мен түйгені көп Ыбырайша Мұсатайұлының төмендегі естелігін келтіреді. Көкбай былай деген екен: «Абай ағамның асқан ат сыншысы екені мәлім ғой. Мен Наурызбайдың Қызылауыз атын сипаттаймын деп «қанаты қабырғада кере қарыс, танауы десең болар бейне талыс» деп басталатын өлеңімді ұнатпай, «Шоқпардай кекілі бар қамыс құлақ» атты өлеңін жазғанын білесіңдер» [2, 277 б]. Қарап отырсақ, дәл осы жолдармен басталатын ат суреті Көкбай жырында жоқ. Абай көңілінен шықпаған соң Көкбай өзі жазған аттың сынын дастанынан алып тастағанға ұқсайды.
Абай тарапынан Көкбайдың сынға ұшыраған өлеңі – Әзірет Әлінің айдаhармен алысқаны туралы шығарма. Турағұл Әріптің «Зияда – Шаhмұрат» дастанын да өлең деп атағандықтан, Көкбайдың бұл шығармасы аталуына қарағанда оқиғалы дастан болуы мүмкін. Мүмкін дейтін себебіміз Көкбайдың айдаһармен алысқан Әзірет Әлі туралы шығармасы бізге жетпеген. Бізге белгілі дастандарында, өлеңдерінде бұндай сюжет жоқ. Көкбайды көрген, Абай туралы көп деректер алған М.Әуезовтің өзі: «ертеректе айтқан дін сарынындағы бір қиссасы» [3, 140 б] дегенімен, нақты тоқталмауына қарағанда бұл шығарма Әуезовтің қолына түспеген. «Көкбайдың ақындығы» деген мақаласында жазушының: «Одан қалған жазбалардың саны өте аз ғана. Жас кезінде, Абай уақытында айтып, жазып жүрген өлеңдерін өзі көп ұқыппен жинамаған» [4, 110 б] , – деген пікірі біраз нәрсені аңғартады. Біздің пайымдауымызша Көкбай ақын қисса жазуды ақындық сапарының басында қолға алса керек. Абай сыны Көкбайдың ақындық бетін басқа жаққа бұрып, реалистік шығармалар жазуына мұрындық болған. Осы ықпалды Әріп ақын шығармашылығына қатысты айтуға да болады. Демек, «Әзірет Әлімен алысқан айдаһар» туралы діни тақырыптағы шығармасы Көкбайдың жас кезінде жазылуы ықтимал. Абай сыны шәкірттеріне үлкен ой салып, әлгі шығарманың ел арасына таралмауына Көкбайдың өзі себепкер болған, сол себепті бұл шығарма ақын шығармаларының ішінде аталмайды деген болжам айтамыз.
Абай шәкірттерінің өлеңін ғана сынап қоймай, мінезінен мін, жасанды оғаш бір қылық көрсе, өлеңге қосып екіншілей қайталамастай етіп ұялтып, тыйып тастап отырған. «Бұралып тұрып» деп басталатын өлеңнің тарихын да Көкбайдың естелігінен табамыз. Бірер сөз, бірер мінезі жақпаған Көкбайды Абай өлең қылған екен. М.Әуезовке берген естелігінде өлеңнің шығу тарихын қысқа ғана қайырған Көкеңнің ел ішінен толығырақ боп жеткен естелігіне құлақ қойсақ, былай дейді: «Жаз шығып қалған кез еді. Іңірде Тақырдағы үйге Абайдан хат алып біреу келді. Хатында ертең таңертең осы күнгі Оспан – Абай зираты тұрған төбе үстіне кел депті. Абай кісісінен жөн сұраудың қажеті жоқ. Ол бәрібір айтпайды. Абай тапсырмасы солай болатынын білемін. Ертеңінде ерте тұрып, бергі балақ Ырғызбайдың үйіне түсіп, қора төбесіне бір баланы шығырып қойып, Жидебайдан атты кісілер шыға қалса хабар беруін тапсырып, шай ішіп отыра бердім. Бала хабарымен шықсам, әлгі баласы бар болғыр, маған кеш хабарлапты. Көріп келемін, Абай серіктерінен бұрын кеп, төбеге түсті. Төбе үстінде ілгері-кейінді жүріп жүр. Өзге салт аттылар менен бұрынырақ келіп, түсіп болғанда мен жеттім. Қонақтарға қарасам, мол пішілген киімді, Бошан тымақты шүйделі Қаракесектер секілді. Ат үстінде тұрып сәлем беріп қарасам, Абай ағам өңі келіспей тұрғандай көрінді. Ол дереу атын алғызып мінді де, үн-түнсіз Жидебайға қайта жүріп кетті. Жолаушылармен сөйлессем, Абайдың нағашылары екен. Абайға жақпай қалғанымды біліп, нағашылардың атын ұстап, байлап, киімдерін шешіп, іліп, Абай үстіне кірсем, ас үйінде екпетінен түсіп, төбедей боп жатып ап, қағаз жазып жатыр екен. Қарасам жазып жатқаны өлең, басына «Көкбайға» деп астын сызып қойыпты. Оқысам бір әлемет! Өкіріп жылап, аяғын құшып жата кеттім. Абай «тұр» деп зекіп, тұрғызып ап сөйледі. Нағашыларының бірі кешкі мәжіліс үстінде:
- Абайжан, Құнекеңнен Абай боп туып, қазақ астың, ақын болдың. Тобықтыда соңыңнан ерген, көңілің толатын талантты жас бар ма? – депті. Абай:
- Осында бір Көкше бар еді, – деп, мені шақыртқан екен. Абай ағам ойынша, нағашыларға өлеңмен сәлемдесуге тиіс екем. Абай осыны айтып кеп:
- Жарайды, өлең жайын сен ұғасың ғой. Бәрін жаймайық, басы сақталсын,- деп, соңғы жағын жыртты» [2, Б. 252-253]. Сөйтіп бас жағы ғана бізге жеткен сегіз жол өлеңде Абай жақтырмаған сәттегі Көкбайдың бейнесі сәтті сомдалып берілген. Адам портретін берудің асыл үлгісі – бұл өлең. Алғашқы үш жол қимылды, кейінгі үш жол мінезді ашып тұрса, соңғы екі жол жинақтап келіп автордың ойын түйіндеп тұр. Сөзі шымыр өлеңнің композициялық құрылымында да ақау жоқ. Бұралып тұрып, буыны құрып, мұрынын қисайта тартып тұрған кім? Ол, сөз жоқ – керенау кердең. Әсемсіп, сәнсіп, әр нәрсенің орнын білгенсіп, бәлсіп тұрған ол – бір керім. Естелікте айтылғандай, ашудан лықсып кеп таза құймадай төгілетін өлең ғана дәл осындай мазмұны мен пішіні дайын қалыптан түскендей лоқ ете қалады. Сүйікті шәкіртінің абройын ойлаған ақын усойқыдай ащы өлеңнің уытты тұсын жұртқа жаймаған екен.
Абай қасында жүрген Көкбай қашанда ұстазына жақын болғандықтан, қажетті жерінде батым, ерке шәкірті болды. Абай бірде Тобықтының басты адамдарын жиып, екі күн қонақ етіп, өзі ештеңе деместен жатқызып қояды. Абайды сөйлете алмай, сөйлетуге батпай отырған игі-жақсыларға Көкбай:
- Үндемеңдер, қазір сөйлетем деп, кітап оқып отырған Абайға кіріп келіп:
Жүрісім, тұрысымның бәрі Абайша,
Абайдан кем боламын мен қалайша?
Аз ақыл, көп закүнім өзімде бар
Ашылып көкірегім кең сарайша, –
дегенде Абай кітабын үстел үстіне қоя сап:
Мен боламын демеңдер,
Аяқты алшаң басқанға.
Құр қарайсың еліріп,
Екі көзің аспанға.
Бір ғылымнан басқаның,
Бәрі бекер тасқанға
Ондай адам жолығар
Кешікпей-ақ тосқанға! –
деп барып, ары қарай сөйлеп кеткен ғой.
Көкбай – Абайдың шәкірті ғана емес, ақындық өнер жолында серіктесі, реті келген кезде ұстазының шабытын қамшылап, өлеңнің тууына себепші болған жан. Қашанда алдымен Көкбайды сынап, соңынан өз туындысын ұсынған Абай өлеңдерінің кейбіріне Көкбайдың ортақтасып жататын тұстары да ұшырасады. Мәселен, Абай жинақтарында «Күлембайға» арналған екі өлеңнің бірі «Болыс болдым мінеки» деп басталады. Алғаш рет 1889 жылы «Дала уалаятының газетінде» (№12) көп қысқартылып, сөздері оғаш өзгеріске түсіп, авторы аталмай жарияланды. Өлең түсінігінде: «1888 жылда май айында Ақшатау деген жерде, Семей облысы менен Жетісу облысының төтенше съезі болғанда бір уездің ел билеушілерінің съездегі түрі» деп жазылған. Өлең 1933 жылғы «Толық жинақтан» бастап «Күлембайға» деген тақырыппен басылып келеді. Тек, Ә.Жиреншин құрастырып, баспаға дайындаған 1961 жинақтың түсінігінде: «Абай шығармалары жинағындағы коментарийлерге бұл өлең Күлембай болысқа байланысты жазылды делініп келді. Ол дұрыс емес. Осы жылы Семей губернаторы жергілікті әкімдердің салақтығын еске алып, ерекше бұйрық шығарған» [5, 578 б] , – деп өлеңнің жалпы болыстарға арналғанын келтірген пікірі шындыққа жақындау. Өйткені, Абай өмірінен хабардар ететін бірден-бір тарихи шығарма «Абай жолы» эпопеясында осы туындыға қатысты төмендегідей жолдар бар: « ...Әлдекімнің аузынан «Тәкежан болыс», «Молдабай болыс», «Ысқақ болыс» деген сөздер шыға қалса, Абай ылғи сықылдап күле беретін. Қазір ұлық үйлерінің маңында топталып жүрген әбігер жандарды көргенде Абай өзгеріп кетті. Кеше кештен оралып жүрген бір ащы сайқымазақ, қазір күліп айтқан өлең жолдарына айналды» [6, 535 б] , – деген өлеңге берілген көркемдік негіздегі түсінікте де Күлембай туралы сөз айтылмайды. Демек, өлең Күлембай болысқа емес, жалпы би-болыстарға арналған. Әсілі, Мұқыр елінің болысы Күлембайға арналған «Уағалейкумуссәләм...» деп басталатын өлеңнің жалғасы іспетті болғандықтан болса керек, сол кездегі би-болыстың типтік бейнесін сомдаған «Болыс болдым мінеки» өлеңі де Күлембайға таңылып кеткен. «Абай жолында» кездесетін тағы бір құбылыс романда Абайдың осы өлеңінің соңын ала Көкбай да:
Қойма қойып әр жерге,
Тығып жүрмін сырымды.
Жауығатын жатымнан
Аямаймын қырымды [6, 535 б], –
деген шумақты қолма-қол суырып қосып жібереді. Абай туралы көп мәліметтер алып, аса жақын араласқан М.Әуезов Көкбайдың аузына бір ауыз өлеңді даладан алып сала салмасы анық. Тарихи романда идеологиялық көзқарастың салдарынан «Сырымды менің сұрасаң» деп басталатын Дулат жыры ғана өзгеріске ұшырағаны болмаса, бір де бір өлең тармағы ойдан қосылып немесе тарихи шындықтан алшақ кетпейді. Қалай деген күнде де «Болыс болдым мінеки» өлеңі Абай мен Көкбай арасындағы рухани жақындықтың тағы бір айғағы бола алады.
Екі ақын арасындағы осындай шығармашылық бірлік, рухани селбестік кейбір екіұшты деректердің тууына да әсер еткен. Негізі бізге жеткен Көкбайдың естелігі біреу. Ол – Әуезов арқылы жеткен. Сонымен қатар Көкбайдың көзін көрген қариялардың ел ішіндегі әңгімелерден жеткен естеліктерге де көзді жұмуға болмайтынын айту керек. Сондай естеліктерді келтіруші Б.Исабаев: «Абайдың «Бір дәурен кемді күнге – бозбалалық» өлеңі – Шәкәрімдікі, «Қыз сөзі – Көкбайдікі» [2, 251 б], – дегенді Көкбай айтты қып келтіреді. Әрине, кез келген естелікке жүгініп, Абай өлеңдерін басқалардың, соның ішінде шәкірттерінің мұрасына теліп жіберу асығыстық болады. Әңгімеге сүйенсек, «шәкірттерін жиып «Жігіт сөзін» оқыған Абай жігітке жауап ретінде Көкбайға «Қыз сөзін» жазуды тапсырады. Абай сөзіне сүйеніп жазған өлең Көкбайдікі де, соңғы:
Мұны оқыса кім танып,
Жүрегіне от жанып.
Сөзді ұғарлық жан тапса
Айтса жарар ән салып.
Өлең жиған тарбанып,
Ән үйренген ырғалып.
Сорлы Көкбай қор болды – ау
Осыншадан құр қалып, –
дегенді Абай қосқан» [2, Б. 251-252]. Біздің айтарымыз, бұл Шәкәрімдікі, Көкбайдікі деген екі өлең де – екі ақынның көзі тірісінде 1909 жылғы жинаққа енген өлеңдер. Жинақты құрастырушы Кәкітай мен Турағұл Абай өлеңдерінің ішіне Шәкәрім, Көкбайлардың өлеңін енгізбес болар. Сондықтан да, естеліктегі сөздің бәрін бірдей шындық деп қабылдап, көзжұмбайлықпен ғылыми айналымға енгізіп жіберсек, бұдан ұтарымыз шамалы. Көкбай Абай тапсырмасымен «Қыз сөзін» жазуы да мүмкін. Бірақ, ұстаз сынынан өтпей, Абай әдеттегідей өзі қайта жазған да болар. Зер сала үңілген адамға:
Сорлы Көкбай қор болды-ау,
Осыншадан құр қалып, –
дегенінде «өлеңді осылайша жазу керек еді» деген астарлы мағына жатқандай.
Ендігі мәселе екі ақын арасындағы әдеби диалог, яғни Абайдың шәкіртіне өлең арнауы, Көкбай өлеңдеріндегі ұстаз – Абай тұлғасы деген дүниелер турасында біраз сөз айтсақ. Көкбай Абайдың күнделікті өмірінде үнемі қасында жүріп, ақындық өнеріне, шабытты сәті мен ішкі көңіл-күй толғаныстарының куәгері ғана емес, себепкері де болды. Көкбайды Абайдың ақын шәкірті, рухани інісі деу аз. Көкбай – Абайдың досы болу дәрежесіне жеткен шәкірттер ішіндегі жалғыз адам. Абай өзі өлерден бірер жыл бұрын баласы Турағұлға: «Көкбай маған қызмет етіп жүргенге қарап, оны өздерің дәрежелес адам екен деп қалмаңдар, ол үлкен адам. Тегіде, Көкбайдан қол үзбеулерің керек» [7, 61 б] , – дегенінен артық бағаның Көкбайға қажеті жоқ.
Көкбай жас кезінен Абайдың тәрбиесінде болды. Бізге жеткен ақын естелігіне назар аударсақ, Абаймен алғаш жақындасуы 1880 жылдардың шамасында болып, Абай Көкбайды орыстың ұлығынан арашалап қалады. «Абай маған кепіл болып алып шықты, осыдан кейін Абайдың жолдасы болдым. Жолдастығым 25 жылға созылды» [1, 200 б] , – дейді Көкбай өз естелігінде. Ұстазбен жақын танысуы осы кез болғанмен, жалпы Абайды білуі ертерек басталған. Абай 1876-78 жылдары Қоңыр-Көкше елінде болыс болады. Көкше – Көкбайдың елі. Ағайынды Сапақ пен Жамантайдан – Көкшенің сөзін ұстаған Қаратай мен Жанатай тарайды. «Абай жолынан» жақсы таныс Қаратай шешен Құнанбаймен бірде қырбай, бірде дос болып жүрсе, сөзге шешен болғанымен ел ішіндегі дау-шарға араласпаған Жанатай Құнанбаймен тату ғұмыр кешкен. Жанатайдың немере інісі Уандық Абай болыстың кандидаты болған. Міне, осы байланыстар Абай мен Көкбайдың танысуына жағдай жасайды. Әрхам Ысқақұлы былай дейді: «Жанатай осы Көкбайым өнерлі болар деп дәме ғып, оған үлгі-өнеге берерлік адам ойлағанда тапқаны Абай болып баласын ертіп келіп: – Шырағым, Абай, мен сенің әкеңмен өмірлік дос едім, балаларым ер жеткенмен көңілім дауламай жүр. Мына бір қара балам тықылдап тұрады. Оқуға да жақсы деседі. Ыңылдап өлең де айтады. Осыны саған әкелдім. Жақсы болса ұл, жаман болса құл ет дейді. Абай:
- Жарайды, мен ие болайын деп, 16 жасар Көкбайды алып қалады. Көкбайдың ақындық өнерінің барлығын байқап, Байкөкшеге тапсырып, өлең деген құр сөз қиыстыру ғана емес, онда неше алуан өнердің баяндаушысы, сыншысы екенін ұқтырады. Көкбай Абайдан да, Байкөкшеден де үлгі алып, енді өз бетімен өлең жаза бастайды» [2,112 б]. Абайдың ықпалымен қалаға оқуға барады. Қалаға келген сайын Көкбай сияқты ел балаларын жинап, бастарын қосып, тәлімі мол мәжілістер өткізу Абайдың машығы болған. Көкбайдың Әріппен айтысында қарсыласын сондай жиынға тарта сөйлейтіні бар:
Семейге Абай келсе, бізде думан,
Ән салып босамаймыз айғай шудан.
Бас қосу, бақастасу, мәжіліс құру
Секілді бір ғылымның жолын қуған.
Тарихтан неше түрлі Абай сөйлеп,
Өзгелер отырады аузын буған.
Бір барсаң мәжілістен кеткің келмес
Кәкімдей Аплатон ақырып тұрған.
Келбеті біліміне ылайықты
Апырым-ай, мұндай адам қалай туған.
Семейде орыс оқуын оқып жатқан қазақ балаларының бағыт-бағдарына, болашағына алаңдаған Абай қашанда оқуда жүрген жастардың дұрыс жолды таңдауына үлкен күш салады. Абайдың миссионерлік бағыттағы мектептердегі қазақ баласының барған сайын басын қосып, мәжіліс құрудағы себеп-төркінін тереңнен іздеу керек. Негізгі бағдарламасы «шоқынды шаласауат» дайындауға жасақталған орыс мектебін Абайдың тәлімін бойына құйған Көкбай, Әріп сынды шәкірттері аяқтамай кетуінің бір себебі осы – орыстанудан бойын аулақ салғандық. Әйтпесе, мұғалімдерін әжуалап, өлең шығарғаны үшін үздік оқитын Әріп, Көкбайлардың бір күнде мектептен шығарылуы – себептің бер жағы ғана. Қуанышбай ақынның Әріпке: «Школ түгіл, Семейден қуып еді» – деген сөзінің астарында саяси айып жатыр. Абайдың кейінірек (1886 жылы) жазылған «Интернатта оқып жүр» өлеңіндегі ақынның түйгені Көкбайлар жиналған мәжілістерде айтылмады дейсіз бе? Көкбай соны ұқты. Орыс тілін үйреніп, қара танығаннан-ақ, бетін басқа жаққа бұрып атақты Кәмәли (Кәмалитдин) молдадан сабақ алады. Кәмәлиден Абай да оқыған. Орыс оқуымен қатар мұсылманша білімін жетілдіруге тағы да Абайдың әсері жоқ дей алмаймыз. Орысша, мұсылманша біраз сауатын ашқан Көкбайдың бұдан былайғы өмірі Абайдың қасында өтеді. Осындай рухани жақындықта жүрген Көкбай ақынның ұстазы Абайды өлеңіне арқау етуі заңды. Көзге мақтауды ұнатпайтын кемеңгер ақын мінезі шәкіртіне де дарыса керек, Абайдың көзі тірісінде ең жақын адамы туралы әу демепті Көкең. Әрине, «Семейге Абай келсе, бізде думан», «Данышпан Абайға да дәтің бар ма» деп Әріппен айтысында Абайды алға тарта сөйлейтіні бар. Елге арыз жазып беріп, басына іс түсіп, Абай алдына айыппен барғанда тек өлең ғана құтқарарын білген Көкең:
Жігітке кедейшілік үлкен салмақ,
Жүргем жоқ біреуді алдап, біреуді арбап.
Қысқа жіп күрмеуіме келмеген соң
Жібердім ар жағына кендір жалғап,-
деп құтылған. Алайда алған білімін «прошение жазуға» пайдаланғаннан сорақысы жоқ Абайға. Сол мезеттен бастап Абай Көкбайдың дүние-малға байланып қалмай алаңсыз ақындық жолға түсуіне материалдық та, моральдық та жағдай жасайды. Көкбайдың қандайлық игілікті ісіне Абай қашанда ақылшы, кеңесші болып отырды. Абай кеңесімен қолға алған игі ісінің бірі Көкбай 1901 жылы Мұқыр болысына молда сайланып, елінде медресе ашады. Кезінде Абайдың әдеби-мемориалдық мұражайының ғылыми хатшысы болған ғалым Б.Акерман (1892-1974) жинаған Көкбай медресесі туралы деректерді Б.Исабаев келтіреді: «Экспедицияның қорытынды есебінде Көкбай медресесі 1901 жылы салынып, Жобалай Керейі, Семіз Найман, Сыбан, Қойбағыс, Уақ, Ақымбет және бар Тобықты руларынан қаражат жиналғаны, бала саны 360-қа жеткені, Көкбайдың 1921 жылға дейін сабақ бергені, медреседе мұсылманның діни пәндерінен өзге орыс тілі, география, математикадан сабақ жүргені жазылған. Мешіт 1903 жылы ашылды дейді» [2,131б]. Ал Көкбай ақынның жиені құйма құлақ қарттардың бірі Төкен Мұртазин медресенің ашылу уақытын 1892 жылдарға ілгерілетіп, медеседе оқыған адамдардың айтқан әңгімелерін куәға тартады [8]. Қалай десеңіз де, мешіт-медресе Абайдың көзі тірісінде, оның тікелей мақұлдауымен салынған, екіншіден медреседе діни сабақтардан басқа заман талабына сай пәндердің оқытылуында да Абайдың әсерінің болғаны сөзсіз. Т.Мұртазиннің айтуынша медреседе орыс тілін оқыту үшін Көкбай әскерден қашқан Иван Тютиков дегенді ауылында екі жыл ұстаған екен [8].
Сәл шегініс жасасақ, Құнанбайдың кезінде сол өңірдің білім меккесіне айналған «Ескі там» медресесінде Абай да тіл сындырып, кейіннен Абайдың балалары, туыстары мен шәкірттерінің біразы сауат ашып, әжептәуір білім алды. Абайдың қолында өскен немересі, Мағауияның қызы – Уәсиләнің естелігін оқысаңыз «балалардың ойы, дүниетанымы кемсін болады деп, молдаға айтып өзінің «Ғақлиясын» бағдарламаға енгізген ғой»[9,188 б]. «Ескі тамнан» алған білімінен кейін балалар міндетті түрде Абай алдында орыс әдебиетінен Пушкин, Лермонтовтар туралы қосымша сабақ алатыны тағы бар. Абайдың тәжірибесіндегі жаңарған білім беру бағдарламасы Көкбай медресесінде кеңінен қолданысқа ие болды. Мектеп ашып, бала оқыту үрдісін Абайдың екінші бір шәкірті – Әріп Тәңірбергенұлы да өз ауылында қолға алған болатын. Әріптің 1890 жылдардың соңында өз елінде мектеп ашып, бала оқытуы, сөз жоқ, тағы да Абайдың ықпалы еді. Нағашылы-жиенді туысқан ғана емес, төс қағыстырып, сөз жарыстырған дос, Абайдың қос шәкірті – Әріп пен Көкбай да ұстаз алдында ұпай жинау, «кімнің сөзі кесек, қайсымыздың ісіміз ерек» деген өнер жарысы да жоқ емес еді. Жалпы бұл үрдіс Абай шәкірттерінің бәріне тән жақсы құбылыс-тын. Міне, бірі Тобықтының, екіншісі Тобықтымен бақ-бәсекелесі тең Найманның Сыбанының белді азаматтары, екеуі де елге беделді, ел ішінде ақын деп Абайдан кейін аттары аталатын Көкбай мен Әріпке Абай ерекше бір істің мәнін айтып, қолдау көрсетіп, мұрындық болуы заңды. Әріп пен Көкбайдың тағы бір тосын істе сыбана іркес-тіркес көрінуі де сондықтан. Екеуінің де оқыту жүйесі жаңаша, Абайша.
Абай марқұм ескіге ермеуші еді,
Ескіні онша жақсы көрмеуші еді.
Мысырдан төте жолмен оқу шықты
Сол қашан келеді деп шөлдеуші еді,-
деген Көкбай, Әріптер Абай аңсаған жаңаша оқуды жатырқамады. Әріп өміріне қанық, шығармаларын жинаушы көнекөз қария Ғ.Шәкерұлы былай дейді: «1897 жылдары ақын өзінің туған еліне оралып, Еңірекей болысының хатшысы ретінде қызмет істейді. Ел жұмысын басқарып, халық ағарту қызметіне кірісіп, Семей қаласындағы поштаның бастығы Березинский деген кісімен байланыс жасай отырып, Мәңгезей деген жерден мектеп ашады. Бұл орын Ұзын-Бұлақ бекетіне жақын болыс кеңсесі, поштаның орталығы болып есептеледі. Кейіннен бұл мектеп ақынның қыстауы Жыланды деген жерге ауысады. Сол кезде Әріптен оқыған балалар: Орыншайық, Жәкітай, Күйсіз, Ақматай, Шұғыбан, Бейсенбі, Арғынқазы, Қайыртай т.б. көптеген жігіттер орысша да, мұсылманша да сауатты болып шықты» [10, 307 б]. Айтқандай Әріп оқуы да жаңаша болды. Дәлел – сабақ үстінде туған «Лермонтов көкіректі көзді туған», «Орыстың мұссанифі Пушкин дана» өлеңдері Әріп шәкірттерінің орыс ақындарымен таныс болғандығын айғақтайды.
Абай шәкірттері іргесін қалаған білім ошақтары сан ұрпақты тәрбиелеп, қазақ жастарының заманына сай білім алуына жағдай жасаған сол кездегі санаулы мектеп-медресесі еді. Кеңес үкіметі орнай салысымен 1917 жылы Әріптің Жыландыдағы (қазіргі Жарма ауданы Еңірекей тауының бауыры Б.Е.) мектебі жабылып, 1921 жылы Көкбай да медресесінен кетеді. Міржақып Дулатұлының Көкбайдың мешіт-медреседен кеткенін, істің байыбына барып алмай ақынның жеке басына соқтығып, «Алаш партиясына қосылмаған ақынға» деген өлең арнап, сынап жіберетіні бар. Көкбай қарсы жауабында медресе ашып, бала оқытудың машақатын айта келіп:
Үй бердім, баласына тамақ бердім,
Ақы алмай барлығына сабақ бердім.
Аяғында солардың көбі қашты
Бірлі-жарым болмаса талапкердің,-
деген қиналысы өкімет ауысқан шақтағы аумалы-төкпелі заманның зардабын аңғартады. Жаңа заманның жақсы ісін құп алған Көкбай ақын медресесін кеңес мұғаліміне өткізеді.
Замана замандасқа жағын дейді,
Күнбе-күнгі тағдырға бағын дейді, –
деген сөз астарында медресе қасындағы мешітті еріксіз жапқан шарасыз жанның іштей мойсұнуы да жоқ емес. Көкбайдың Міржақыпқа берген жауабы әділ де, өтімді еді. Асығыс айтқанын Міржақып мойнына алып:
Көке-аға, осы күнде мен жаспын ғой,
Жай-күйіңді біле алмай адастым ғой.
Көп жылдар мешеу қалған халқым үшін
«Алаш» деп, «Большевик» деп таластым ғой –
дейтіні содан. Кеңес өкіметінің орнауы қазақ ақындарын қақ жарып екі лагерьге бөліп жібергені белгілі. Алаш өкіметінің белді өкілдерінің бірі болған Міржақып Дулатұлы мен Кеңестік өкіметтің болашағына иланған қарт ақындар Көкбай, Әріп сынды әдебиет өкілдерінің арасындағы келіспеушілікті сол кездегі саяси ахуалдың шеңберінде қарастырғанда ғана түсіне аламыз.
Көкбай ақынмен ұғыспай қалған М.Дулатұлына 1918 жылдары Әріп ақын да кейіп, өлең арнаған. Бұл өлеңнің шығу тарихы жайында бұдан бұрын жазған едік [қараңыз: 11]. Көкбай мен Әріптің Міржақыпқа арнауларынан ең жақын, сыйлас адамына қатты айтар Абай үлгісінің сұлбасы менмұндалайды.
Олай болса:
Ұстаздық қылған жалықпас,
Үйретуден балаға, –
деген Абай өнегесін өрістетіп, өз халдерінше бала оқытып, қазақ елінің көзін ашқан Әріп, Көкбай ақындардың қазақ қоғамындағы ұстаз ретіндегі орны айрықша.
Абайдың шын бағасын халқы түгіл қасында жүрген Көкбай ақынның өзі кемеңгер дүниеден өткенде барып білді.
Абайдай ұл тумағы болар ғайып,
Насихат, үлгі шашқан жұртқа жайып.
Ахуалын сөйлеп кетті замананың
Әулие хәкім деуге ол ылайық, –
деп Абайдың бағасын Көкбай ақын берген екен. Кеш те болса Абайды хәкім деп танып, ақындар әулетінің әулиесі екенін санамызға бекіте бастадық. Жиырма бес жыл қасында жүрген досының, дос болғанда Абайдай дара достан айрылудың арты – түпсіз өкініш.
Жәнәтта жаны болғыр Абай құтып,
Қасында бос жүріппін шатып-бұтып.
Осындай ен дарияны жайлағанда
Тым болмаса қалмаппын қана жұтып.
Бұл – Абайдан армансыз өнеге алған шәкіртінің айтқаны. Айтқандай, Көкбайдың алғанынан, алары әлі де көп еді. «Шатып-бұтып бос жүру» – Көкбай өлшемімен айтылған сөз. Ол қалған қауымға өлшем бола алмайды. Басқа елдің адамдары Абай ауылына келгенде «Сендер бақыттысыңдар! Сендердің Абайларың бар» деген сөзі Абайдың тірі күнінде айтылса да, дәл бүгінгі заманда да өз маңызын жойған жоқ. К.Жанатайұлы Абай дүниеден өткен соң кемеңгер ұстазының әдебиеттегі дәстүрін жалғастырып, Абай сөздерін кейінгіге үлгі ете сөйлеп, Абай туралы білгенін М.Әуезовке естелік етіп қалдырған көрнекті әдебиет қайраткері ретінде ұстазынан кейін мағыналы жиырма жыл тірлік кешті.
Пайдаланған әдебиеттер:
1 Көкбай ақсақалдың естелігі. / Кітапта: Жүрегімнің түбіне терең бойла: (Абай туралы естеліктер). -Алматы: Жазушы, 1995. -296 б.
2 Исабаев Б. Ұлылар мекені. -Новосибирск, 2001. -623 б.
3 Әуезов М. Абай Құнанбаев. -Алматы: Санат, 1995. -320 б.
4 Әуезов М. Абайтану дәрістерінің дерек көздері. -Алматы: Санат, 1997. – 448 б.
5 Құнанбаев А. Шығармаларының бір томдық толық жинағы. (Құр. Жиреншин Ә.) -Алматы: ҚМКӘБ, 1961. -667 б.
6 Әуезов М. Абай жолы. К.1. -Алматы: Жазушы, 1990. -606 б.
7 Мұхамедханұлы Қ. Абайдың ақын шәкірттері. 2-к. -Алматы: Дәуір, 1994. -336 б.
8 Мұртазин Т. Көкбай ақын туралы кейбір деректер.// Семей таңы, 1993, 11 қыркүйек.
9 Уәсила Абайқызының есте қалғандары. / Кітапта: Жүрегімнің түбіне терең бойла. -Алматы: Жазушы, 1995. -296 б.
10 Шәкерұлы Ғ. Тәубә. -Аякөз, 1999. -510 б.
11 Ердембеков Б. Әріп ақын мен Міржақып Дулатұлы.// ҚР ҰҒА хабарлары. Тіл, әдебиет сериясы, 2001, №5, Б. 77-81.