Сакен Бозаев. Абай сепкен дәндер бүршік жарса...

Әлем елдерінде ұлт иесі - ұлт зиялылары саналады. Олар өз ұлтының ұлағаттыры мен ұстанымдарын сақтаушы, бір шаңырақ астында от жағып, қазан асып, ұлтқа бас көз болатын, жөн сілтейтін ұлт аристократиясы деп танылады. Бірақ, біздің биліктегі элиталарымыздың дені ағылшын аристократтары сияқты жоғарғы сословиеден шыққан лордтар емес, кешегі анкеталарына тегіміз қаратабан жұмысшы, шаруа, жұмысшы-шаруадан шыққан интеллигент деп толтырғандардың ұрпақтары.   Кім білсін, мүмкін содан болар,  ғылым мен заманауи технологияларды  шала меңгерген,  заң атаулыдан айналып өткіш ашқарақ атанып, қара халықтан қара үзіп кетіп жатырғаны. Кешегі социализмнің билік креслоларында шапан киіп шалқайғаны бар,  оқуын оқып ғалым атанғаны бар, мадақ пен атақ алғаны бар  дегендей, ескі бет естиярларымыз  саяси шырғалаңдар мен пара алу, жемқорлық сияқты  әрекеттердің алдын алар, ел түзер естілік танытуы керек еді.. Ақылға шақыратын амал табуға тиіс ақсақалдарымыз «жоғалса сырғам жоғалды, құлағымның тесігі орнында» деп шүкіршілік қылатын  кәрі қыздай билікке жалтақтайды...Қоғамдағы былық-шылықты бетке айтып, биік мінбелерден сөйлеп жүрген зиялыларымыз бірен-саран. Қайта ұлтын тонап, байығандар қатарында қаздиып тұрғандары көбірек. Төбесіне көтерер киесі мен еліне қамқор иесін іздеген жұртымызға ие болар ұлт иелерінің  қалыптасуының осылайша кешеуілдеп жатырғаны өкінішті..

Жақсысына жанаса алмай, жаманынан жери алмай жүрген жұртына кезінде Абайдың сеуіп кеткен дәндерін   бүршік жарғызып, бүгінгі ұрпағына тура жол сілтей алатын ақыл иесіне  зәру болып отырғанымыз анық.... Абай жоқта алып саналып жүрген  зиялыларымыз бен биліктегі азаматтарымызда  асып-тасып жатпаса да, орташа болса да ой болу керек еді. Олар қазақтың ежелгі еңселі бойын көрсетіп, қызығын бөтен көрген байлығымызды көрінгеннің құлқынына жібермей, өзімізге пұл қылуы керек еді. Өз жері мен байлығын жаппай саудаға шығарып, сырт жұртқа күлкі болған дарақы есерлігімізден арылып,  өз төрімізге өзіміз көсілуіміз керек еді. Абайға тартып жомарттық жасайтын жерде жомарттық жасап, сырттан келгені бар, іштен шыққан шұбарларымыз бар дегендей, обыр сұғанақтарға бергіштік жасамауымыз керек еді. Өтірік пен тойымсыздыққа қарсы іштен тына бермей, айтарымызды Абайша айтып, Абайша масқаралау  керек еді. Шындықты ұмар-жұмар тыға салған қапшықтың түбі тесілу керек еді. Шетел асқан қаржы мен тұра қашқан қылмыскерлердің жолын тауып қолға түсіретіндей азырақ болса да  сес болу керек еді. Ол сесіңнен төңіректеп жүрген жүрген жолбикелер сескену керек еді. Шеттен келген түлкібұлаң кәсіпкерлерге төрімізді беріп еркінсітпей, момын  елдің төбесіне шығармайтындай өз тасын өзіне атып,  өкпелетіп аламыз деп бұға бермей, төс керу  керек еді. Сөйтіп, аз да болса мына бізде де ес барлығын сездіру керек еді.

Көпірме көбік сөзді көбейтіп жіберуге маманданып алған  ағайындарымызда  қоғамның қышыған жерін дәл басып, аяусыз әшкерелейтін Абайдың даналығы жетпей жатыр. Бірде сынап, бірде мақтап, билік ауласына үнемі тас лақтыра бермеген Бұхар жырау мен Төле билердің  төрелік әрекетіне бара алмай отыр. Көпшілігі, Абайша айтқанда, құлқы мен құлқын қамы үшін бір пайдама жаратамын деп құттылар мен сүттілерге серік болуда. Ал бай-манаптарымыз қулықпен, қылмысты жолмен тапқан байлығының ашылып қалмауы үшін еріксіз биліктегілерге талтайып емізіп жүр. Арам амалға ептілер арам тіршіліктің формуласын жасап алып, ар-ұятты басы ауған жаққа қаңғытып жіберді. «Ел билеудегі қателіктер мен ақымақтық кемшілікке саналмайды», - деген Наполеон   ұстанымын ұстап отырғандай  қалып танытып отырмыз. .

Ежелгі грек қаласының билеушілерінің бірі Пифагордан «Сен кімсің» деп сұрағанда: «...Өмір деген олимпиадалық ойындар сияқты. Біреулер оған жарысуға келеді, екіншілері -  сауда жасауға, келесілері озғандарды көруге келеді. Кәдімгі өмірде біреулер - жағымпаз атақ құмар, біреулер - жемқор, ашкөз болып туады. Осылардың арасында ақиқатты айтып өмір сүретін, көп адамдардың ойына келмегенді айтып, өзгелерді таңдандыратын адамдар болады. Мен сондай адамдар тобына жататын адаммын», - деген екен.   Қазақтың ұранына айналған - Абайдың кемеңгерлігі  осыны айғақтай түседі..  Абай да өз заманында О.Бальзак айтқандай «сәнді киім ілінетін ілгіштер сияқты адамдар арасынан ойлы адамдар іздеді». Арада бір ғасыр өтсе де Абай армандаған ойлы жандарды бүгінде де көкжиектен іздеп, көз талдырып жүрміз.

Осы күндері әр адам өзі таңдаған жолға түсіп, өз мәселелерін шеше алатындай әдістер мен амал табу қамында жүр. Біреулері жағымпаздықпен, екіншілері жемқорлықпен жан бағуда. Өз ақылымен өмір сүруге  үйренуге тиіс ұрпағымызға да үйретіп  жатырғанымыз епшілдердің есебі. «...Ат болғың келсе тұяқ өсір, одан асқың келсе құлақ өсір. Ат жем жеген астаудан сен де жем же, есем кетпесін десең көп же». Ертеңгі жетер биігіміз бен ұрпағымыздың өсер мүмкіндігін ойлап жатуға қол тиетін емес. Көрінген көк аттыға шарықтай түс, шалықтай түс дегендей алақан қызартып, қолпаштап жататын аңғалдығымыз және бар. Бәрімізде үйрегі ұшып, қаз қонған шалқар көл болғымыз келеді. Көлді қомсынып, теңіз болып шалқығымыз келеді. Терең болсақ демейміз, телегей болсақ дейміз. Бірақ төменде тезек теріп жүргендердің көкте шалқи алмайтынын әзір ұғар түріміз байқалатын емес. Тәуелсіздігімізді алғаннан кейінгі алғаш естіген сөзіміз «үкімет сауын сиыр емес, әркім өз күнін өзі көрсін» деген сөз құлағымыз түбінен күнде ызыңдайды да тұрады. Барлық тіршілік амалдары коммерцияға айналып, саудадан басқа ештеңе күтпе  деген нарықтың қолдан жасалған заңына көгенделіп жалаңбұт алаңға жетектеліп келгендей күй кешіп жатырғандар жетерлік.

Елбасымыз « Абай ұлтымыздың ұраны болуға тиіс» деген еді. Сол Абайдың өзі де, көзі де болуға тиіс асыл ойлары мен арманын орындауға толық мүмкіндік алған тәуелсіздігіміз бен табиғат мол пішіп берген жеріміз , байлығымыз бар.    « Абай біреуге жағып, жалтақтаған жоқ , не айтса да көне беретін, ыңғайға жығылғыш болған жоқ.. Қазіргі зиялыларымыз білімді, бірақ  Абайдың даналығы жетіспейді.», - депті, Г.Бельгер баспасөзге берген сұбхатында. Кезінде Мұхтармен жора-жолдас болған, Абайтануға өзіндік үлес қосқан Шәкір ақын: - «.. Сол Абай емес пе, рухани азып-тозғандардың  тірілей масқарасын шығарған. Адам сияқты бірдеңе айтуға ештеңе қалдырмай, бәрін өзі айтып кеткен. Жүрміз енді аш түйенің күйсегеніндей бірдеңе айтып», - деген екен.

19 бен 20 ғасыр өларасында өмір сүрген Мәтжан бидің « көже қарным аш емес, көңіл қарным ұлып тұр» дегені рухани құндылығымызға ақау түсе бастағанына алаңдап, рухани олпы-солпылықтың апарар тұрағын сезінген қырағы ойдың түйсігі болса керек. «Қарын тойғызып, нәпсіні қанағаттандыруды ғана бақыттылық деп санасақ, онда ең бақытты шабындыққа түскен бұқа болар еді», - деген екен бір данагөй. Өз ақылымен өмір сүріп,  рухани азығын іздеген ерікті сана иесіне айнала алмаған елдің бодандықтың қамытын киетіні белгілі. Бодандыққа аяғы ақсақтар емес, ақылы ақсақтар түседі. « Аяғы ақсақтар өзінің ақсақ екендігін түсінеді, ал ақылы ақсақтар сау аяқтың ақсақтығын дәлелдемек болады», - деген ойшыл Паскальдың сөзі бар. Рухани дүние - қыры мен сыры , жұмбағы мен ішкі иірімдері мол тылсымдар әлемі. Ол әлем - адамдардың сенім мен сезімін, саяси санасы мен мәдениетін, ұлттық-отаншылдық пен ар-ұят, намысын т.б. қасиеттерін тұтас қамтиды. Осы тұрғыдан қарағанда өз ортамыздың жетістігі мен кем-кетігін, ненің шындық, ненің жалған екеніне ой жүгіртпеуіміз - дүние тану деңгейіміздің көрінісі. Таспен алмазды уақтауға болатыны сияқты, ойлы жандарды тасырлар жеңіп жатса, бұл ақылдыны да алжастырмақ болып жасалып жатқан әрекеттер. Өз шығармаларын француз тілінде жазатын немістің бір ақыны  «өзім неміс болғанмен ойым жер аударылған», - деген екен. Сол айтқандай, өзіміз қазақ болғанмен ойымыз бен салтымыз, тапқан таянғанымыз  жер аударылып кетіп жатқаны шындық.

Қазіргі жағымсыз көріністер - ұлттық мінез емес, белгілі бір әлеуметтік топтардың тықпалаған тойымсыз құлықтарының туындысы екенін екінің бірі біледі.. Саяси енжарлық, әрекет етуге, ойлануға, қоғамдық құбылыстарды бағалай білмеуге итермелейтін бейжайлық мінез руқымызда, миымызда қонақтап қалмау қамын жасап, тәуелсіздігіміз соған қызмет етсе игілік  болар еді..  

 

Атырау облысы,

Құлсары қаласы.