РУХ ПАТШАЛЫҒЫНДАҒЫ ҚАУЫШУ

«Қараңғы түнде тау қалғып». Гете-Лермонтов-Абай

Тәржімә төл өнерге айналып кетерін орыстың ұлы ақыны М.Ю.Лермонтов танытты. Орыс поэзиясындағы бұл иемдену сайын даланың бір түкпіріндегі қазақ баласының еншісіне айналуын бүгінде әдебиет әлемі тамсанып зерделейді.

Аударма мен түпнұсқаның аражігі туралы деректі һәм сезімге толы ой толғанысында қазақ неміс жазушысы Герольд Бельгер «Брат среди братьев» атты жинағында (Алматы, «Жазушы», 1981) жазды. Мақала 1978 жылы жазылған.  «Кезбенің түнгі жыры»: Гете-Лермонтов-Абай».  Г.Бельгер Гетенің миниатюрасының тууын, оның орыс пен қазаққа асыл мұра болып сіңуін қоса кереметке балайды. Сірә, бұл Жаратқанның жазмышынан аумайды. Конгениальды құбылыстың толған айдай толысар тылсым  тұсы осы. Г.Бельгер зерттеуінде сөз басында «Абай жолынан» бұл өлең туралы үзінді берілген, Мұхтар Әуезовтай алыпты Герольд Карлович әсте ұмытар ма!

Лингвистикалық талдау Герағаңның  қаламынан тууы заңды, үш тілді ана сүтіндей тел еміп өскен полиглоттық бар қанында, бір өзі неміс-орыс-қазақ! Үш мәдениеттің өкілі.

«Гете Эккерманмен әңгімелескенде бұл өлең туралы былай деген: дерексіз нәрсені жырлау маған тән үлгі емес. Ол шабыты шалқып, жүрегі толқып, осы бір тылсым әсерлерін қағазға түсіре білген. Ақын өзінің көркем әсерін өзге жұртпен бөлісуді аңсаған» - деп жазады Г.Бельгер. Ол Лермонтов пен Абайды Гетені көзсіз қайталаушы, даяр үлгіні малданушы емес, теңдес ақындар ретінде қарастырады. Поэзияда аудармашы ақынға бәсекелес, лайықты бақталас, күндес деп өзара жарыстырып қоятын шалағай ұғымдар бұл арада шет.

«Это даже не перевод в обычном понимании, а соревнование на равных между большими поэтами, переложение, точнее, духовное созвучие» деп жазады Г.Бельгер. Зерттеушінің айтуынша, Лермонтовта нақты дәлдік жоқ. Ол Гетеден тақырып, идея, өлеңнің мәнін ғана алады да, өзінше береді. Ол сөздерді емес, стильді, екпінді, өлеңнің сазын аударды, соның үшін шынайы орыс рухына сай жыр туды. Дәлдік тұрғыда айтсақ өлеңнің ең соңғы екі жолы түпнұсқаға дөп: «Подожди немного, / Отдохнешь и ты». Лермонтов нақты. Орыс тілінің жаратылысына дәлдік тән. Абай еркін көсілгенмен соңғы шумақты бұлжытпай аудара білгенін зерттеуші айтады. «Мен бұл өлеңдерді бала кезімнен жатқа білемін. Біздің ауылда бұл жолдар былайша шырқалатын еді:

Шаң шығармас жол-дағы

Сыбдырламас жапырақ.

Абай шығармаларының соңғы басылымына таңдандым: (Алматы, «Жазушы» баспасы, 1976, 208-бет) «Сыбдырламас жапырақ» деген жерде - «Сілкіне алмас жапырақ» делініпті. Аса бір айырма жоқ...» - дей келе, Герольд Бельгердің алғашқы нұсқаны қаз-қалпында беруді жөн көргенін өте оң қабылдауымыз керек.

Абай аудармасы Лермонтов мәтініне қайран қаларлықтай тақау деп алып зерттеуші орыс ақыны мен қазақ ақыны мәтінінің арасындағы айырманы санамалайды. Лермонтовтағы «аңғар», «алқап» делінген ұғым Абайда қазақ халқының жаратылысына сай «дала» деп берілген, осыны аңдайды. Зерттеуші үш алыптың рухани біртұтас болмыс-бітіміне, жан туыстығына сүйініп, мұның жұмбағына ой жүгіртеді. «Батыстың озық ойлы даналары мәдениеттер тоғысуына әрдайым ұмтылды, рухани көпір сала білді. Осындай данышпанның бірі Гете болды.Ол Шығыс пен Батыстың бірдей құдайшылығына сүйініп жыр жазған» деп тұжырымдайды автор.

ХХІ ғ. басында тәуелсіз Қазақстан мемлекетінің көшбасшысы, ұлт тұлғасы Н.Ә.Назарбаев еуразиялық идеяның өміршеңдігін жеріне жеткізе айта білді. Мәдениеттер диалогы жоғары дәрежеге жетті. Мұның бәрі орнында бар дүниелердің дамуы, толысуы.

Дүниежүзі халықтарының мәдениеті - күллі адамзаттың ортақ игілігі. Әлемдік әдебиет туралы терминді ең алғаш қолданысқа енгізген адам - И.В.Гете. Өз болмысының алып, зор ақыл иесі, білімі терең ғұлама жаратылысына сай Гете ешқашан белгілі бір тар шеңберге  шектелуге көнбейтін, ноқтаға Прометейдей  асау басы сыймаған адам. Ол аса биік, өте зор ақындар шоғырынан, ал олар күллі адамзатта саусақпен санарлық тым аз екені рас. Әлемдік  әдебиет терминін айналымға енгізіп қана қоймай, оның даму жолдарының концепциясын неміс ойшылы нақты тұжырымдап бергені мәлім.

Гете 31 қаңтар 1827 жылы өз хатшысы Эккерманмен әңгімесінде былай дейді: «Мен поэзия адамзаттың ортақ игілігі екеніне барған сайын көзім жетіп келеді, барлық уақыттарда оның қорғаушылары һәм таратушылары жүздеген, мыңдаған адамдар болып табылады. Бірақ, расы сол, біз, немістер, егер бізге отандық тар ой өрісінен жоғарылай алмасақ, онда педантты (яғни жаттандылықтан аспайтын, құр тақуа) өзін дәріптеушілікке, әншейін даңғой бөспелікке тез беріліп кетуіміз кәнік. Сондықтан да мен бөтен ұлттардың шығармаларымен шын көңіліммен қуана-қуана танысамын және әркімге де өз кезегінде оларды оқуға кеңес беремін. Ұлттық әдебиеттің қазір құны шамалы,  қазіргі уақытта біз әлемдік әдебиет дәуіріне ендік және әрбір адам енді осы дәуірдің пайда болуын тездетуге көмектесуі керек. Алайда шетелдік дүниені осыншама ардақтай тұра біз бәз біреуінде ерекше іркіліп қалып, оны өнеге, үлгі, нұсқа санамауымыз керек. Сондай үлгі деп қытай әдебиеті, немесе серб әдебиеті, болмаса Калдерон, яки Нибелунгтар деп ойлаудың қажеті жоқ; биік үлгілерді қажетсіну біздерді үнемі антикалық көне гректерге   алып келеді - нақ солардың шығармашылығында тамаша, көркем адам бейнеленген. Қалғанының барлығын тек тарихи тұрғыда қарастыру керек, демек бар нәрсенің барша жақсысын мүмкіндігімізше сіңіріп алуымыз керек».

Гете жас шағында неміс әдебиетінің кемшіліктеріне үңілгенде, әдебиеттің міндеті ретінде оған ұлттық мазмұн жетпейді деп таныған. Және гететанушылар сол ұлттық мазмұнды неміс әдебиетіне ол өзі дарытты деп есептейді.

Гете озық пікірі арқылы таңдамалы әдебиет туралы, жасықтан асықты айырып алу идеясын паш етіп тұрғаны айқын. Әрбір жаңа ғасыр өзінің даму жолында өзгеріс ала келуі заңды, ол өзгеріс мейлінше қуатты болмағы тағы рас. Неміс ойшылы жаңа заманның лебін сезіп, келешекті болжай білген.

Әлемдік әдебиет идеясына Гете бірден келмеген, ол таза қисын һәм біліктіліктен шығады.  Поляк  Г.М. Кржижановский: «Ищите на стыках наук - свет идет от сопредельных  знаний»  десе,  ғұлама Гетенің алхимиктік жаратылысына сай келуімен баурайды. Бір басында ақын, философ, геолог, минеролог, зерттеуші, ғалым, ботаник, химик, математик, зоолог, тарихшы, лингвист, т.б. ғылым салаларына шынайы құштарлық тоғысқан Гетенің басқаша болуы мүмкін еместей. Ол ғылымдардың тоғысқан, түйіскен жерінен білім жарығын көрді.

«Барша өнерде, - дейді Гете өз хатшысы Эккерманға 4 қаңтар 1827 жылы - сабақтастық, мирасқорлық бар. Үлкен шеберді көргенде, әрқашан оның өзінің алдындағыларының, ізашарларының құндылықтарымен, артықшылықтарымен пайдалана білгенін және соның арқасында ұлы болғанын танисың. Рафаэль тәрізді адамдар түк жоқ жерде тумайды, олар антикалық һәм өздеріне шейінгі сомдалған ең жақсы дүниелерге арқа сүйейді».

Қыр сахарасында өскен Абай тайпалық-рулық дәуірдің шеңберінде тұрып, қазақ халқының біртұтастығын танып, «Қалың елім, қазағым, қайран жұртым» деп егілді. Оның әкесі ағасұлтан Құнанбай Өскенбайұлының есімі үш жүзге тегіс мәлім болғанда, «Арғынның тобықтысынан шыққан Құнанбай » дескен. Қазақты бөлмей-жармай ұлық сөз айтқан Абай кемеңгерлігін «Адамзаттың бәрін сүй бауырым деп»   - өсиетінен көреміз. Пушкин болса өз мезгілінде Данте мен Гете көркем дәстүрін өз шығармашылығында қабылдай білген алғашқы орыс ақыны екенін зерттеуші ғалым В.А.Аветисян жазады.

Мұның бәрі ненің нышаны? Адамзат дамуының ең жоғарғы белгісі - гуманизм идеясы жер бетіне ең әуелі ұлы ақындар һәм көкірек көзі ашық, озық ғұламалардан тарайды. Көнеден қазбаласақ, кәдімгі сананың шектеулі екенін бұзған данышпан Жалалледдин Руми болатын.

Гомер, Пиндар, Шекспир, Оссиан, Данте сияқты ұлылардан Гете күллі әлемді біртұтас қамтитын ғарыштық эпикалық сарынды сүйіп қабылдап, өз бойына сіңірді. Оның «Фауст» атты сом туындысы күллі адамзат нәсілінің драмасы болмағы сол себептен.

Гете мен Абай лирикасындағы үндестік мол. Гете мен Абайды туыстыратын қасиет - «ақиқатқа ұмтылу, шындықты артық санау».  Бұл ойшыл һәм суреткерлік болмысқа тән ізгілік шарапаты. «Фаустта»: «Іздеген жан адасуға мәжбүр».

Ғадәләт пен мархамат - көп азығы,

Қайда көрсең, болып бақ, соған көмек.

Абай «Көк тұман - алдыңдағы келер заман» атты өлеңінде әділет пен рақым, шыңдық пен ізгілік егіз екеніне мегзейді.

Екі ақынның шыққан тегі құнарлы: Гет ауқатты бюргердің ұлы болса, Абай да  қаракөктің тұқымы. Сөйте тұра, қос кемеңгер халықтың өз ұлдары, ақсүйектігі мен тектілігі оғаш менменсінуді қажетсінбейді. Қос дана халық - құдайдың бір аты екенін ұққан сұңғыла.  Сондай-ақ,  Гете мен Абайда дерексіз жыр жоқ. Екеуі  өмірдің бағасын білді, шынайы жырлады.

Гете феодальды-монархиялық Германиядағы бытыраңқы немістің басы қосылып, төрт көзі түгел күшті ұлт болуды аңсаған. Абайдың әлеуметтік лирикасы елдікті аңсаған зар мен құсаға толы.

Бас-басына би болған өңкей қиқым,

Мінеки бұзған жоқ па елдің сиқын?

Өздеріңді түзелер дей алмаймын,

Өз қолыңнан кеткен соң, енді өз ырқың.

«Қалың елім, қазағым, қайран жұртым».

Ресей империясының отарындағы бодан халық трагедиясын Абай ашына жазды, ел-жұртының бетке шығар азаматтары шенқұмарлық пен жемірліктен аса алмай отырғанына өлердей қиналды. Алаштың ірі тұлғасы Ахмет Байтұрсынов (1873-1937) «Қазақ салты» атты өлеңінде Абай дәстүрімен налып жыр жазды: «Қалмаған түк қасиет, қазақ азған. /  Байға - мал, оқығанға шен мақсат боп, / Ойлайтын жұрттың қамын адам аздан».

Тәңірі шамын жаққанда осы тектес азат ойлы, адал сүт емген ел ұлдарының көкірек көзін жарық қылады. Олар өз заманында ел қамын жеп, ұлтын жарыққа сүйрейді. Бұл әмәнда тарихи үрдіс. Гете өз дәуіріндегі тоғышар немістің қарын қамынан аспайтын бәкене күйкілігіне налып, әрі содан жеңіліп, һәм түңіліп жылаған. Немістің таңғажайып  романтик жазушысы, Гогольдың кейбір көркемдік образдарының ізашары десе де болатын Гофман прозасындағы филистер (пасық, ұсақ адам), тоғышар ұғымы әуелі Гетеден басталған.

Абай өлеңдерінде бастан-аяқ надан, көп надан, топастықтан жеріну, мыңмен алысу. Екеуінің сыншылдығы бірдей.

Сөзіне қарай кісіні ал,

Кісіге қарап сөз алма.

Шын сөз қайсы біле алмай,

Әр нәрседен құр қалма.

Мұны жазған білген құл -

Ғұламаһи Дауани,

Солай депті ол шыншыл.

Сөзін оқы және ойла,

Тез үйреніп, тез жойма,

Жас уақытта көңіл - гүл.

«Ғылым таппай мақтанба»

Абайдың өзі тәнті болып, жолын қуған, сүйген даналары бізге мәлім. Гете Гердерді пір тұтқан. «Гердер Спиноза, Дидро, Жан-Жак Руссо, Лейбництің философиялық көзқарастарының жетік түсіндірушісі болған. 18ғ. ағартушыларынан басталған идея «табиғатқа жақындықты» Руссо уағыздаса, Гердер мұны «халықпен қосылу, ұласу, түйісу» деп түсінген. Ол халыққа тән емес дүниені қорсынған. Нағыз ақын табиғаттың өзі тәрізді табиғи түрде тудыра білуі керек деген эстетикалық идеяны Гердер үйретіп, Гете қолдаған» - деп жазады Гетенің 200 жылдығына арнап 1950 жылы басылған академиялық «Таңдамалы шығармаларына» алғысөзінде Ник. Вильмонт.

Гетенің лирикасына халықтық  жыр астар болды, лирикалық монолог, толғаулар, эпикалық жойқын қуатпен сыпыра жырлауы оны қазақ халқының ұлттық табиғатына бөтен қылып көрсетпесі айдан анық. Шоғырлы (тирадалық) жыр жаза білген ноғайлының аймаңдай жырауларын білсе Гете оларды шығыстың жеті жарық жұлдызынан, дәлірегі, парсы шайырларынан әсте кем бағаламас еді.

Гете күнбатыс адамының көзімен күншығысқа тән атрибуттарға экзотикадан бөлек, аса құрметпен, сүйіп қарайды. Біреудің қаңсығы біреуге таңсық деп әжуалай айта білген қазақ бөгденің қолындағы көк құс жұмақтың құсындай көрінерін білген. Гете күншығыстың ең озық,  таңғажайып дүниелерін өзінен еш кем санамаған соң көре білді. Қарабайыр наданға тән таңсық пен қаңсық ұғымы оған жат болатын. Гете бір өлеңінде: «Кел, досым, маған сәлдеден тәж кигіз!» деп еміренсе, Абай нақ осы сәлде, шалманы жалған діндардың екіжүзділігін әшкерелеу үшін тайынбай қолданған: «Намазды молда теріс оқыр,/ Дағарадай боп сәлдесі».

Гете сәлдені асқақ бағалап, оны Александр Македонский таққанын, сонда ол халықтардың әміршісі болып, барша қазынадан артық көрінгенін бір шумаққа сыйдырған.

«Осы жұрт Ескендірді біле ме екен?/ Македония шаһары - оған мекен». Абай «Ескендір» атты поэмасында Македонскийді лайықты бағалаған Гете тәрізді оны парасат иесі ретінде таниды. Гете шығыс шайырларынша қалам бейнесін сүйді:

И камыш творит добро,

С ним весь мир прелестней!

(В.Левиктің аудармасы)

Зерттеушілер Гетенің Хожа Хафизден өзін көргенін, парсы ақынын тым ыстық жүрекпен сүйгенін, романтиктерден айырмасы Гете Шығыстан елітіп әкетер әсерлі экзотика емес, Батыс Еуропаға көп ретте ұқсас келетін өзіндік тарихи дүниені көре білгенін жазады. Батыс пен Шығыс тақырыбы Гетеде көп. Абайдың «Шығысым батыс боп кетті» дегенін айнымай жадқа салмай ма!

Абай шығыс классиктеріне әулиедей сиынғаны бекерге кеткен жоқ. Дұрысы, бұл ұлы ақындардың рухынан жалбарынып бата тілеу. Абайдан үлгі алған немере інісі Шәкәрім «Қорқыт, Хожа Хафиз түсіме енді де...» деп  жыр жазғанда адамзаттың рухани ұстаздарын пір тұтты.

«О, Хафиз! Сенімен теңесу? Бұл неткен сандырақ!» - Гете «Зулейка», «Хыжыра» сынды т.б. «Батыс-шығыс диванынан» алынған өлеңдерінде Шығыс дүниетанымын, исламдық мәдениетті жатсынбақ түгілі, жан-тәнімен қабылдайтынын жасырмай білдірді.

Гете шығармашылығында гимн-әнұран іспетті «Ильменау» атты өзінің Веймар кезеңіндегі нышандық өлеңі бар. Қиял, шабыт, жыр ақын кеудесін кернеп тұр. Гете ежелгі пұтқа табынушы тәрізді «О, құдайлар!» деп сөйлейді. (Егер Данте Гетеден бұрынырақ тумаса, дау жоқ, оны Вергилийлермен қосып, өзінің «Тозағына» салып қояр еді!). Ол Зевсті жиі айтады, дымқыл, көк шығаратын құдірет иесі,  су - тіршілік көзі екеніне екпін түсіреді. Гете көпқұдайлық пұтқа табынған дәуірдегі көне эллиндер әспеттеген ғарыштық сұлулықты бар болмысымен беріле сүйді.

Расында Гете ортодоксальды діндердің бір қалыпқа тығып тастайтын табиғатынан биік тұрған адам. Арабтың ұлы ақыны аль-Маарри және ұлы жазушылар Франсуа Рабле мен Лев Толстой сияқты  күпіршіліктен қорықпаған, ноқтаға бастары сыймаған. Бірақ бұл алып ой иелерін дінсіз, кәпір деп айту еш мүмкін емес. Мұның сыры неде? Гете католицизмдегі өнер өрнегінен алды. Бірақ Гете христиан дінінің өнерге әсерін игілік ретінде санаған жоқ деп таниды зерттеуші қауым. Протестантизм католицизмге қарсылық, оппозиция  күші ретінде пайда болуын Гете өнер мен ғылымның дін бұғауынан босап, теңдік алғаны деп санаған. (Мартин Опиц сияқты мықты ақындар протестант болған). Христиандық ілімнен биік тұрған ақын ислам дініне бүйрегі бұратынын еш жасырмаған. Ол шіркеу аластап, қарғыс айтқан орыс ойының алыбы Лев Толстой сияқты тым еркін ойлы, дара дарын болды, құдай ерекше жаратқан, сүйген құлы.

Оның «Амур - кескіндемеші» атты өлеңіндегі көркем бейнелер антик әдебиетінен. Жартаста таңсәріден шоқиып отырған ақын жүрегі кереметті аңсайды. Со замат қасына махаббат құдайы Амур келіп, кенептей керілген тұманға сурет салуды үйретеді. Неге Амур?  Гермес немесе Аполлон емес?  Апулейден бері Амур мен Психея туралы таңғажайып аңыз қалған. Амур - махаббат символы болса, Психея - адам жанының тұлғалануы, персонификация. Жан иесі махаббатсыз өмір сүре алмайды.

Махаббатсыз дүниедос,

Хайуанға оны қосыңыз.

Абай сүйіспеншіліктен мақұрым жан дүниеқоңыз, боқ дүниенің итаршысына айналып, құдайдың жарқын санасынан құр қаларын уағыздайды. Гетеде ақын - суреткер, ол үшін күллі жарық дүние - тұнған картина. Ақындық бұла күйдің асқан құдіреті осында.

Грек мифтерінде Амур бала бейнелі; Гетеде оның саусағы шебер, райхан гүліне ұқсас. Сол әдемі саусағымен тұманға сурет салғанда табиғатқа жан бітеді. Абайда тұман терең философияға толы, ол «таусыншақ күн» - ажалдың да тұспалы.

Гетеде күн, шық, орман, тау беткейлері, өзен-су, гүл тұнған шалғын, айнала асыл тастардай құбылған бояулар, соның бәрінің үстінде көгілдір күмбез аспанға мадақ бар,  өлеңнің астарында мынау сұлу әлемді жаратқан Құдайға құмшылық.

Безендіріп жер жүзін тәңірім шебер,

Мейірбандық дүниеге нұрын төгер.

Анамыздай жер иіп емізгенде,

Бейне әкеңдей үстіңе аспан төнер.

Жаз жіберіп, жан берген қара жерге

Рахметіне Алланың көңіл сенер. Абай  «Жазғытұры» атты қас үлгі өлеңінде: «Тамашалап қарасаң тәңірі ісіне, / Бойың балқып , ериді іште жігер» деуіндегі ұлы сарынды өзінен бұрынғы Гетенің нақ осы «Амур - суретші» атты шығармасының тал бойынан табамыз. Сөз өнері адам жанын кейіптейді.

Амур тоғай шетінде, күн жайнатқан өлкедегі көрікті бақташы қызды салғанда («Жүзі нұр жайнаған, бет әлпеті райхан гүлі тәрізді, сурет салған саусақ реңді» дейді ол) ақын махаббат құдіретіне қатты сүйсініп, «О, балақай! Мынау шеберлікті кімнен үйрендің? Бұл неткен ғажап биік өнер!» деп дауыстайды. Ақын сөзін аяқтап үлгермей, ағаш бұтақтары қозғалады, майда жел су бетін иірімдейді, қыздың басына үшкілдеп тартқан орамалын жел көтереді, бір сөзбен айтқанда, қызға жан бітеді!

Абай сұлудың келбетіне сүйінгенде шығыс ақындарына еліктеп: «Иузи - рәушан» деп жырлайды.  Жансыз бейнелерге жан бітіру - биік өнерге тиесілі. Грек мифтерінде Пигмалион өзі балшықтан сомдаған Галатеяға ғашық болып, құдайлардан оған жан бітіруді сұрайды. Галатеяның мүсініне жан бітуі - әлемдік өнердің концепциясы һәм символы. Осы сюжетті драматургиясында Бернард Шоу шебер пайдаланды.

Гете «Жыр мен мүсін» атты өлеңінде антик және шығыс поэзиясының тең құқықты екеніне сендіреді. Астарлы мағынада шығыстың көркем поэтикасы ұлы неміс ақынының асқақ жанына тым жақын болғанына жүрегін бір күйдіріп, бір жандырғанына куә: «Тұрпайы балшықтан грек сымбатты бейне жасап, оған мәңгілік жан үрлей берсін; Бізге Евфрат өзенінің жағасында толқынды қолмен тербетіп отыру сүйкімдірек».

Гетенің ғажайып балладасы - «Балықшы». Тамырын  15-ші ғасырдан алатын неміс халық балладалары мазмұны жағынан  лирикалық емес, хикаялық бола тұра  (поэзия емес, прозаның сюжетін алғанмен) іші керемет поэтикаға толы. Соның бірі - «Лорелея». Су перісі туралы сұлу жыр.  Жуковский мен  Пушкин Гете есімін орыс әдебиетіне ашса,  Лермонтов Гейнені сүйген. Бұл орыс поэзиясындағы су перілері туралы тамаша өлеңдерге ұйытқы болған мұңды һәм жұмбақ өлең. Суды дәріптеп тұңғиықтан ән салған су сұлуының әсем үніне елітіп, балықшы жігіт жанын сағыныш һәм мұң кернеп, суға секіріп кетеді. Оның өлімі жырға айналады. Суға батып өлгендерге ұқсамайды. Эллинизмде бар сюжет. Грек дүниетанымы аса көркем. Көне гректер табиғат құбылыстарын тұлғаландырып, поэтикалық миф тудырды. «Гилас туралы мифте: Геркулестің серігі, жас, сұлу бозбала Гиласқа қызыққан су нимфалары оны тұңғиыққа тартып, ұрлап әкетеді. Аргонавтар жорығын жадқа тұтып қалуға осынау көрген түстей  құсалы сюжет те әсер етері хақ. Қазіргі репортерлер мұны бір жігіт суға кетіп өлді дей салар еді». («Рене Менар бойынша. Ескі һәм жаңа өнердегі мифтер»).

Гете антик әдебиетінің шын сүюшісі ғана емес, терең білгірі һәм рухын жаңғыртушы  болды.

Айгүл Кемелбаева, жазушы,әдебиеттанушы, «Дарын» Мемлекеттік жастар сыйлығының лауреаты

«Абай-ақпарат»

http://old.abai.kz/node/8862