ГЕТЕ МЕН АБАЙ. МАХАББАТ ЛИРИКАСЫ

Гете мен Абайдың қыз-келіншектер бейнесін сомдауы таң қаларлықтай үндес. Гетедегі «Асқақ қыз» («Ару», сірә) атты өлең қыз сұлулығының құпиясын халықтық сарында ойната білуімен баурайды. Қазақтық азат болмысымен өлердей сүйетін еркіндік һәм еркелік идеясы бар. Бір сұлуға неше жігіт сөз айтады, бақташы қыз оларды көзіне ілмей, қастарынан әндетіп өте шығады. Қыз сүймесе, өзін өзгелер сатып алуға әсте көнбейді.

Етімді шал сыйпаған құрт жесін деп,

Жартастан қыз құлапты терең суға.

«Бір сұлу қыз тұрыпты хан қолында» атты өлеңінде Абай «Мал өмірді жаңғыртпас, құдай ұрғыр» деп ашық айтқан. Гете жырында жас қыздың сүйіспеншілігін айбынды Тирсис екі қозыға сатып алғысы келеді, енді біреуі жүрегін ұсынады.

Гете мен Абай үшін қыздың сұлулығы оның өз құнын біліп, кім-көрінгенге құлай кететін осалдықтан сақ бола білетін қас арулығында жатыр, ибалылықты ардақтайды. Гетенің ерке аруы: «Тек ла-ла! тра-ла-ла!» - деп әндетсе, Абайдың сұлуының портреті «Қақтаған ақ күмістей ақ маңдайлы» атты өлеңінде берілген.

Сөйлесе, сөзі әдепті һәм мағыналы,

Күлкісі бейне бұлбұл құс сайрайды.

Гете қыздың сыңғыр қаққан әнін бұлбұл үніне тегін ұқсатпайды. Ол бір өлеңінде сүйгені туралы «Көзіме тек сен көрінесің де тұрасың» деп үздігеді. («Сүйіктінің жақындығы»). Абай сүйген сұлуына «Көзімнің қарасы» деп тебіренеді.

«Бләткенің байы ақша,/ Ер асылын таңдамас», - дегенде Абай қыз-келіншектің ұлт анасы екенін ескеріп, өзі жиренішті санаған арсыздықтың кескінін именбей дәл айтты. «Қас бұзақы - қардан туады», адам жатынына тартады деп таниды қазақ даналығы. Нәзік жандылардың тазалығын қос ақын ұлықтайды.

Әйел жақсы болмайды көркіменен,

Мінезіне көз жетпей, көңіл бөлме!

«Жігіттер ойын арзан, күлкі қымбат» -  Абай  өлеңде «Шу дегенде көрінер сұлу артық» десе де, сайқал жардың опасыздығын сынай білді.

Гете «Жабайы райхангүл» атты халық жырының негізінде жазған өлеңінде райхангүлдің тікенегі барын аллегориямен берген. Бұл ауырсыну - ұл баланың ересейгенде бастан кешер махаббат михнатының поэтикалық нышаны. Абай мұны «Сен мені не етесің?» атты құпияға толы өлеңінде ерекше лиризмге толы азапты құсамен жеткізді.

Гетеде «Айға» атты өлең бар, жанры - монолог. Абайда толғану көп. Екеуінің көп өлеңдері өзімен-өзі сырласу, оңаша сөйлесу. Ішкі сезімдердің ақылға бағынбай лықсып шығуы, қоршаған табиғатпен үндестік.

О, шуми, шуми, вода!

Буду ли счастлив вновь?

Все исчезло без следа -

Радость и любовь.

(В.Левик аударған).

Көк ала бұлт сөгіліп,

Күн жауады кей шақта.

Өне бойы егіліп,

Жас ағады аулақта.

Абай «Көк ала бұлт сөгіліп» атты өлеңінен бөлек «Көңіл құсы құйқылжыр шартарапқа» атты өлеңінде: «Өмір сәуле көрсетер судай тұнық» деп суреттейді. Ол адамның көңіл-күйі судай толқып тұрарын,  жан-дүниенің құбылғандағы реңкін дөп береді. Гетедегі «Көл жағасында» атты өлеңіне параллель.

И жизнь, и бодрость, и покой

Дыханьем вольным пью.

Природа, сладко быть с тобой,

Упасть на грудь твою!

(В.Левик аударған).

Адамның кейбір кездері

Көңілде алаң басылса;

Тәңірінің берген өнері

Көк бұлыттан ашылса.

 

Сылдырап өңкей келісім

Тас бұлақтың суындай,

Кірлеген жүрек өз ішін

Тұра алмас әсте жуынбай.

«Адамның кейбір кездері».

Гете су торлаған дымқыл әлемнің жемісі мол боларын ұғындырады. Гетеде тұман - ұлы символ, алдағы күнге сенім ишарасы. Қазақ жырауларына тән кесек сөйлеуді немістің данышпан жыршысынан ұдайы аңдаймыз. Жырауларда белді бекем буу, батырлық, тәуекелшілдік һәм шаһидтік сарын күшті.

Түн сұлулығын қос ақын бірдей сүйген. Гетенің «Көркем түн» атты өлеңі куә. Мұнда түнгі құстың сыбдыры, мұңды елес бар. Гетенің Страсбург кезеңін білдіретін өзі сүйген аруының бірі Фридерика Брионға арналған мәтінде грек мифологиясынан алынған бұлбұл құс - Филомела үнсіз қалды дейді: «Сен болсаң оның жылағанын естімей ұйқыда балбырап жаттың. Мынау өлең сенің жазаң» деп жырлайды. Бұлбұлдың сайрауы әр түрлі халықтардың ұғымында ақынның, жыршының кейіптелуі болып табылатын әйгілі образ. Расында бұлбұл құс жұптасар кезде сайрайды екен.

Гете - таң сәулесінің ақыны. Таң сәуле - біздің қазақтың эпикалық жырларында, «Қыз Жібекте» суреттелінеді.

Кристель - ақынның қол жетпес аруы. Ақын жүрегімдегі сағыныш, құса бөрі болып ұлыса деп өз сезімін суреттейді: «Мен сені ойлаймын. Өмірім онымен ерекше жарқын екен».

Айттым сәлем, қалам қас,

Саған құрбан мал мен бас

Сағынғаннан сені ойлап,

Келер көзге ыстық жас.

«Жігіт сөзі».

Абайда қыз бен жігіттің бір-біріне құмарлығы ашық айтылатын махаббат лирикасында айқын дәлдік бар.

«Жаспен жұбану» атты өлеңде Гете көзімде жас барда түнде жылайын деп тебіренсе, Абайда жылау мен жырлау кей сәт қосарлы: «Көзіме жас бер, жылайын!», «Жылайын, жырлайын,/ Ағызып көз майын». Қос ақында сезімталдық өте күшті.

Гетеде ай бейнесі көп мағыналы символ болатыны, әйел заты, су, құнарлылық, өлім, жаңғыру, түн - табиғаттағы мәңгі айналымдар, циклді процестер көктегі Күннің серігі Аймен байланысты. Гетеде ай түнгі елестерді тірілтеді, бағзы, өткен дүниені жадқа оралтады, елестердің әміршісі.

Айлы түндер - махаббат маусымы, бұлбұлдың әні тәрізді (Гете, «Белиндаға»). Қыз затын ақын табиғат тамашасымен тең қарайды, көктемдей сүйінішпен қабылдайды. Қуана білмеген жан өмірді өгей шешесіндей көреді, бұл ой Гетенің достыққа мадақ жырында бар.

Ол «Аңшының кешкі жыры» атты өлеңінде махаббат сезіміне ештеңені теңгермейді:  «Арманның шыңы - махаббат!». Данышпан неміс ақыны «Сұрапыл махаббат» атты сыршыл өлеңінде жүректі азаптайтын рақымсыз махаббаттан қашып құтыла алмайды.

Ғашықтық - қиын жол

Жетсең - жеттің.

Жетпей өттің,

Не болды?

Арманда өмір

Өтті,

Ойлар ма екен бір мені сол?

Салдырап аяқ-қол,

Жетпей сертке,

Ішім дертке

Тез толды.

Ажал уақыты

Жетті.

Мен өлейін, сен сау-ақ бол.

«Сен мені не етесің?» - Абай ғашықтықтың дертпен тең екенін жаны күйзеле жырлайды. Нақ осындай көріністі жазбай білдіретін, сүйген жарға қолы жетпей өте үздіккен, ішқұса махаббат сезіміне өртенген хәл Гетенің «Алыстағы аруға» атты өлеңінде суреттелінеді. Абайдың «Қор болды жаным» атты өлеңінде жардың тас бауырлығы ауыр қабылданады.

Ғашықтық, құмарлықпен - ол екі жол,

Құмарлық бір нәпсі үшін болады сол.

Сенен артық жан жоқ деп ғашық болдым,

Мен не болсам болайын, сен аман бол.

Абай сүйіспеншіліктің физиологиясын асқан сезімталдықпен айқындап тұр. Гете «Жаңа махаббат, жаңа өмір» атты өлеңінде әйелдің қырық есекке жүк боларлық айлакерлігі, сайқалдығы суреттелген. Жас сұлудың көркіне арбалған ақын тіпті оны өле-өлгенше сүйіп өтуге даяр. Сөйте тұра ол жас сұлудың сиқырына арбалудың түбі неге соқтырарын іші сезгендей, оның қылымсуы мекерлік екенін ұғынады. Сондықтан ақын оған қор болғысы келмей, «Ах, махаббат, босатшы мені!» деп жалбарынады. Әйел затының жаратылысына тән залымдық пен үстемдікті  Абайдан асырып айтқан ақындар да бұл фәниде бар шығар.

Сен мені не етесің?

Мені тастап,

Өнер бастап

Жайыңа

Және алдап,

Арбап,

Өз бетіңмен сен кетесің.

Неге әуре етесің?

«Сен мені не етесің?»

Гетеде «Таптым» атты өлеңі жұбайы Христинаға арналған, сүйген жарын гүл санау, оны гүлдей мәпелеу идеясы анық. Абай арттағыларға жарды таңдап бірақ сүй, ауыстырма деп өсиет қылды.

Абайда Тәңірінің бұйрығына бағыну сарыны күшті. Гетедегі «Суретшінің кешкі жыры» - бұл-дағы ақын табиғатының Жаратушы құдаймен байланысын айғақтайды, ақындарын Аллатағала өзінің бар екенін ишаралау үшін жаратқанын бейнелі жеткізеді.

Гетедегі ой толғау атаулы қазаққа жат еместігімен баурайды.

Айгүл Кемелбаева, жазушы,әдебиеттанушы, «Дарын» Мемлекеттік жастар сыйлығының лауреаты

«Абай-ақпарат»

Пайдаланылған әдебиеттер:

1.   Герольд Бельгер. «Ночная песь странника: Гете-Лермонтов-Абай».

2.   Ник. Вильмонт. Иоганн-Вольфганг Гете.

3.  В.А.Аветисян. Данте и Гете.

 

http://old.abai.kz/node/8936