Бұл күнге лайық алыпсың!
Ол күнге қалай сыйғансың!
Бір өзің бүкіл халықсың,
Қалдырмай бәрін жиғансың.
Жарылып кете жаздапты-ау,
Жырламай тынсаң жүрегің;
Айтпаған сөзің аз қапты-ау,
Бөлек бір туған кім едің!..
Атаның ұлы емессің,
(Кешіре жатар Кеңгірбай),
Халықтың ұлы боп өстің
"Ибраһим" демей, - деді "Абай".
Абай десе Абайсың,
Абайладың жан-жақты,
Риза еттің жарайсың
"Қалың елің - қазақты".
Сен өлгелі елу жыл, -
Деген сөзге кім нанар?
Жүз тоғызда сен биыл, -
Бір мүшелің тойланар.
Ақын ата ақсақал,
Академик құрметті!
Ұсынамыз, қабыл ал,
Жазушылық билетті.
Өзің бастап ашарсың
Пленумды, съезді;
Құнсыз өлең, нашар сын,
Көпірмелі көп сөзді.
Көрсетуге ұялсын,
Кейбір кесір керауыз;
Бағалансын, сый алсын
Ойлы, күйлі жыр нағыз.
"Заманына ақын сай
Болса..." дерсіз, білемін;
Болмай жатыр, япырмай,
Болсын! - менің тілегім.
Жатыр көп жыр жырланбай,
Шырқар кім бар шындықты?!
Керек боп тұр, шіркін-ай,
Өзіңіздей бір мықты.
Күтуліміз асыға,
Келе жатыр, тым жақын,
Сыншысын ертіп қасына,
Келеді бір мықты ақын.
Сол керемет тудырса -
Ешбір ақын тең келмес,
Біздің кейбір достарша
Сіз болмассыз бақ күндес...
Мынау біздің кеңсеміз,
Анау сіздің көшеңіз.
Таңданарсыз көрсеңіз,
Терезесі неше жүз...
Нұрлы сарай енсеңіз,
Іші толған ән мен күй -
Бұл түс емес, сенсеңіз,
Сізге лайық осы үй.
Төрлетіңіз, келіңіз
Қолмен ұста, көр, тыңда...
Осындай ма еді төріңіз
Шыңғыстағы жұртыңда?..
Сіздін кітаптарыңыз...
Тиражын бір санаңыз.
Тек бұл емес барыңыз;
Мынаңыз бар, анаңыз...
Орысша да қазақша,
Қытайшасы және бар...
(Емес-ау бұл аз ақша,
Сұрай қалса гонорар).
Үйілген жүк сона бір -
Сіз туралы, сіз жайлы...
(Өзгелерін соң оқыр,
Абай алды "Абайды".)
Ал, ақсақал, мен қойдым,
Айтсын енді басқалар;
Қиыры жоқ бұл тойдың
Қызығы енді басталар.
Қасым Аманжолов