Мен алдымен «Абай.кz» порталына рахмет айтар едім. Біз сияқты шалғайда жатқандардың жазған-сызғандары «Қазақ әдебиеті», «Жұлдыз» сияқты мәртебелі басылымдарға ұдайы жете бермейді. Осы бір дүние әдебиетші қауымға керек-ау деген мәселеде, Зарқын сияқты пікірлес ағаларымызға үн қосуда «Абай.кz» порталының маңызы артып отыр. Жіберген мақалаларымызды сайтқа енгізіп отырған Айдос Сарым сияқты қазақтың көзі ашық жігіттеріне мың алғыс!
Зарқын Тайшыбайдың «Абайдың нағашылары мен қайын жұрты туралы» деген мақаласына ой қосу барысында осы бір дүниені ұсынып отырмын.
Абайдың әдеби ортасы деген тақырыптың әліппесі, әрине, ақынның өскен ортасы, тәрбие алған ошағынан бастау алатыны заңдылық. Бұл арада Ұлжан ананың есімін бөліп айту орынды. Өйткені, Ұлжан - Абайды ақ сүт беріп өсірген анаcы, ол аз - Ұлжан Абайдың ақын болуына тікелей әсер еткен жан. Демек, Ұлжан туралы, оның Абайға, Абайдың ақындығына қатысы жайындағы сөзді әріден, Абайдың нағашы жұртынан бастаған жөн. "Алып анадан" деген қанатты сөздің ақиқаттығына Ұлжан ананың көп төменетектінің бір емес, данышпан Абайдың анасы деген атқа толық лайық ақылды да, сөзге шешен жан екендігін кеңірек әңгіме етуіміз керек сияқты. Орайы келгенде айта кетуді тілеп тұрған пікір кезінде, 1986 жылы Қазақ ССР Энциклопедиясындағы мақалаларға сын көзбен қараған абайтанушы-ғалым Қ. Мұхамедханұлы Ұлжан ана туралы былай дейді: "Абайдың шешесі Ұлжан туралы: "Ол Арғын ішіндегі Қаракесек руының шешендік, әзіл-әжуамен атағы шыққан Шаншар тобының (?!) қызы екен" делінген. Абайдың шешесі жайында толығырақ айту қажет еді. Ақынның нағашы жұртынан алған үлгі-өнегесі де аз болмаған. Арғысы атақты Битен мен Шитен, бергісі әйгілі шешен, әзілқой, тапқыр, мысқылшылдар - Қантай, Тонтай, Жонтайлар. Ұлжанның әкесі Тұрпан - Тонтайдың інісі екенін анықтап жазған дұрыс болар еді"/1,138/. Ғалымның аз ғана түзету сөзінен Абайдың анасы туралы бірсыпыра мағлұмат алып қаламыз.
Ұлжан Тұрпанқызының тарихи бейнесі "Абай жолы" эпопеясында шынайы, әрі соншалықты тартымды сомдалған. Абайдың өмірбаянын жазған шақта да Әуезов Ұлжан мен оның шыққан әулеті Бертіс биден бері қарай тоқтала келіп: "Ұлжанның әкесімен бірге туысқан ағалары Қонтай, Тонтай орта жүзге қалжыңымен тегіс аты жайылған, белгілі, мысқылшыл тапқыш, күлдіргілер болған"/2,112/,- деп Шаншарлар руының бір-екі мінезін тілге тиек ететіні тағы бар.
Бұл әулеттің тілінің өткірлігі сондай "Шаншардың қулары келе жатыр", - десе жұрт дүркіреп қашатын болған.
Ұрылар тонап кетіп, келесі жазында ауыл аралап жүрген Тонтайдың керегеде ілулі тұрған өз тымағын көріп, менен қашып көрген рахатың осы ма, күні-түні шаң басып, керегеде ілулі тұрысың мынау деп тымағын жерге атып ұрып, қамшымен сабап үй иесін жерге кіргізгені туралы, ал өмірінің соңында "жазыла-жазыла қожа-молдалардан ұят болды, енді өлмесем болмас" деп ащы сынмен күлкісі тиылмай дүниеден өткен жаны жайсаң, тілі мірдің оғындай тарихи тұлғаның әр сөзі, әр қылығы ел есінде жатталып, ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып келеді.
Ұлжанның туысы Мауқай деген әнші, күлдіргі, сөзге шебер адамның Абайдың жас кезінде ақынның жанында болған деген деректер бар. Мауқай туралы Р.Тоқтаровтың "Абайдың жұмбағы" романында ол Абайды жөргегінен тәрбиелеуші бірден-бір тәрбиешісі ретінде суреттеледі /қараңыз: 3/. Өмірі жайында нақты деректер сақталмаған Шаншар тобының бір өкілі - Мауқайдың Абаймен байланысы туралы сөз болашақта болмақ.
Ұлжан да қалжың сөзге ұшқыр болғанымен, салмақтылыққа бағып көп әжуаға бара бермеген. Бұл біріншіден өз бойындағы әйелге тән ұстамдылықпен байланысты болса, екіншіден Құнанбайдай ел басқарып отырған көсем, сөз ұстап отырған шешенмен жарыса шығуды жөн деп таппаған ақылды қазақ әйеліне тән қылықтан болса керек. Әйтсе де, іште жатқан өнер шіркін анда-санда жарқ етіп шығып, ел есінде қалып қоятыны да бар. Ағалары сияқты Ұлжан анамыз да өлер алдында Майбасар қайнысының "өлу деген қалай екен?", - деген орынсыз сұрағына: "...ата сақалың аузыңа түскенше ақыл кірмеген сені көрдім, мен өліп көрді дейсің бе?", - деген шымшыма жауабында парасаттылықтың, биіктіктің белгісі жатыр. Дәл осы бір уытты қалжың айту Абайдың бойына да мол сіңген. Әуезовтің: "Абайдың сөзіндегі салқын ақыл әкеден, ащы тілді мысқыл шеше жағынан деуге де бола ма дейміз"/2,113/,- деген болжамы ақиқаттан алыс жатқан жоқ.
Абайдың өзі жасынан әзіл өлеңге үйір болып «Кім екен деп келіп ем түйе қуған» деп басталатын, немесе «Майбасарға» арналған бері қарай талай әзіл - қалжың, арты ащы ирония, сарказмға баратын көптеген туындыларын келтіруге болады...
Шаншарлар тілінен Құнанбай да қатты сақтанған. Төмендегі дерекке жүгінейік: "Абай жас кезінде нағышыларына бармақ болған ойын әкесіне айтқанда, Құнанбай баланың тілегін құп алып:
- Балам, баруыңа қарсылығым жоқ. Өзіңе айтарым, сөйлер сөз, айтар ойыңның аңысын аңдағайсың", - деп ескерткен екен.
Бір күні нағашысы Тонтай екінті намазын обың-күбің оқып тез-тез бітіргені, әрі діни қағиданы бұзып аяттарын шатастырып оқығаны Абайға өрескел көрінеді де:
- Нағашы, намаздың шариғат белгілеген қағидасын бұзып, төте тартатын жолы да болады екен-ау", - деп мысқылдап қойған сауалына нағашысы:
- Иә, балам, бұл сұрауың өте орынды. Әрі сенің бұл айтқаның Имам шафиғының тар жолына жатады. Бірақ біз пір тұтатын Имам ағзамның жолы біреу-ақ: яғни әлем қандай кең болса, оның шариғаты да сондай кең. Анау-мынау ұсақ-түйек қателіктер кешіріле береді. Өйткені, ол қағида "аттың жалы", "түйенің қомы", "садақтың оғы" сияқты қатал, қатыгез емес, - деп көзін сығырайта, көлгірси, күле жауап беріпті.
Абай қайтқан соң әкесіне: - Тонтайдың осынау ойланбастан айтқаны, әрбір атаумен атаған өте кескінді, әм зәрлі сөзі өкпеме найзадай қадалды, - депті. Құнанбай:
- Я, бұл жұмбақ сөзді қалай түсіндің? - деп ызғарланған екен. Абай:
- Шешімін әділдікпен тура айтсам, "Аттың жалы" дегені - Еңлік-Кебекті атқа сүйретіп өлтірткен қатыгез Кеңгірбай бидің билігі. "Түйенің қомы" дегені - Қодарды келінімен түйеге теңдеп өлтірткен билердің үкімі. "Садақтың оғы" деп өкіне айтқаны - Қалқаман-Мамырды садақпен тартқан Көкенайдың қаталдығы деп түсіндім. Бұл сөздер Тобықты еліне таңба боп басылғандай сезіндім, бармағымды тістей-тістей аттандым, - депті.
Кей естеліктерінде дәл осы "Садақтың оғы", "Аттың жалы", "Түйенің қомы не?" деген сұрауды Абайға Найман Ұлан-Бұланның асында Найманның бір шалы қояды /қараңыз: 4,149/. Дәл осы сауал Абайға екі рет қойылуы да мүмкін немесе ауызекі айтылып жеткен әңгіменің көп вариантты болуы әр айтушы өз руына, өз атасына тартуынан туған ба деген ойға қалдырады. Жалпы Құнанбай, Абай төңірегіндегі осындай ақынның жас шағындағы сөз қағысулары, суырып-салма өлең-сөзі бізге ауызша жеткен. Хатқа түспей ескі көз естеліктерден жиналған мұраларда қиыс кетіп жататын, қайталанып келетін, Абайға бұл сөзді ананы емес, мына ақын айтқан деген уәжі қиын дүниелер де кездесіп жатады.
Абайдың сөзден тосылуы осындай ел ішіндегі қолайсыз оқиғаларға қатысты, әсіресе Тобықтының істеген зорлық-зомбылығына байланысты болып отырған. Сондай сөз барымтасы Бекбосын бимен болған. Бекбосын Домбайұлы - Қаракерей Семіз Найманның алғыр биі. Құнанбай, Абайлармен жақын таныс. Барымта кезінде Найман Қазығұл жігіттерімен сойылдасуда Тобықтының бір адамы өліп, құн даулауға Абай жүреді. "Құнанбайдың болыс баласы келе жатыр" дегенді естіп, Қазығұлдар ат жіберіп Бекбосын биді алдырады.
Он шақты адаммен Қазығұл еліне келген Абайды қарсы алғандардың арасынан Бекбосын суырылып шығып амандасып:
- Жақсы жігіт жоқ іздейді, жаман жігіт боқ іздейді. Бірді көп іздейді, көпті кім іздейді? Жүрістерің суыт, қабақтарың қату ғой. Тобықтының сөзі Кеңгірбай еді, өзі Өскенбай еді. Құнекеңнің көзіндей боп жалғыз келгенің калай, Абай? Базекем, Базаралым аман болса игі еді,- деп Абайды құшағынан босатпай тұрып алыпты. Абай:
- Алысқа жолаушылап бара жатқан соң, жолай бұрылып едік, рахмет! - деп Қазығұл аулынан түстеніп ғана аттанып кетіпті.
Сөйтсе осының алдында ғана Базаралы Қауменұлы бастаған Жігітектің 17 адамы итжеккенге айдалған екен. Бекбосын бидің осы оқиғаны тұспалдағанынан тұжырым жасаған Абай дауласып жатуды орынсыз көрген.
Қалай десек те, дәл осы сөздің салмағы өте ауыр-тын. Әйтсе де, нағашыға тартқан Абай да дәл осы нағашыларын тосылтқан тұсы бар. Нағашылары, әрі қайын жұрты Қаракесек еліне қайын атасы Алшынбайға сәлем бере барған жас Абайды сынамақ болған Шаншардың алты-жеті қарты оны арнайы тосып отыр екен.
Дауысын соза "Ас-сә-ләм-аға-лей-кум!" деп есіктен кірген Абайға бір қарт:
- Пай-пай-пай, мына көмейі суырылған шешеннің ұрпағы-ай, сәлемнің өзін әндете бастауын-ай! - дегенде, екінші қарт іле:
- Е, әкесі Құнанбайға ұқсамай, өзін тіл мен сұқтан құдайдың сақтауын-ай! - деп қалады. Үшінші қарт жұлып алғандай:
- Әлден-ақ жүндес тоқты қошқардай бүкіл денесін қалың түктің қаптауын-ай! - дейді...
Сол кезде Абай басқа Шаншарларға сөз кезегін бермей, тосыннан киіп кетіп, әлгі үшеуіне тесіле қарап тұрып:
- Әй, әттеген-ай! Әуелде қыздарыңды ұзатқанда, бәрің бірдей жабыла жамырап: «Түкті бала таппа» деп айтпауың-ай! - деп төрге барып отыра кетіпті. Орталарында отырған Алшынбай аналарға оқыс бұрылып, рақаттана мырс-мырс күліп:
- Ал ендеше, үшеуіңе бір сыбаға! - деген екен.
Әуелден кесек сөйлеп дағдыланған Абай атасы Алшынбайдың бір қылқұйрығына қызығып, Алшынбай бергісі келмей, батамды берейін дегенде, «ондай батасын сатқан шал өзімде де бар», - деп қайырылмай кететіні бар ғой.
Мұндай ұрымтал тұста сөз табу Абайдың жас кезінен бойына біткен ерекшелігі боп, есейіп, қартайған шағында да бір толастамаған.
Құнанбайдың екінші әйелі Ұлжанмен тағдырлас болуы да Алланың жасаған кереметі дерсің. Ұлжанды алғаш Құнанбайдың інісі Құтпанбетке атастырады. Құтпанбет ру арасындағы бір қақтығыста найзаға түсіп өледі де қалыңдығы Ұлжан оң жақта қыз күйінде қалған соң, екінші әйел қып Құнанбай алады.
Ақылды келін Ұлжан енесі Зеремен аса бір ынтымақтастықта ғұмыр кешкен. Жер дауына байланысты оқтын-оқтын тұтанып отыратын Тобықтының өз ішіндегі бас араздық осы Зере-Ұлжан ауылында бітім тауып жататын-ды. Бұл жайында "Абай жолындағы" оқиғалардан қанықпыз.
Сол кездегі ата дәстүр бойынша Ұлжанның бар баласы өз қолында тәрбиеленбеген. Әуезовтің айтуынша үлкен ұлы Тәңірберді жас кезінде Өскенбай бидің қолында болса, Ысқақ Күңкенің тәрбиесінде болған. Абай мен кенже інісі Оспан Зере мен Ұлжанның тәрбиесінде болып, Абай жасынан бір ауыл боп отырған Құнанбайдың үшінші әйелі Айғызбен өз үйінің ортасында жүріп Телқара атанғаны белгілі.
Жалпы Абай тәрбие алған ел аналарының есімдерін әріден бастауға болады. Сонау Абайдың төртінші атасы Айдостың әйелі Айпара сөз бастаған шешен, ел бастаған көсем болған. Кейіннен төрт рулы ел болған төрт баласының бүгіні мен ертеңі төрт-ақ ауыз сөзге сыйғызған аузы дуалы ел анасы.
Бертінгі Құнанбайдың қарындасы Тайбала өзінің ешкімге ұқсамас өрлігімен, ақылдылығымен қалыңдық боп түскен елінде сыйлы болады. Құнанбайдың асырап алған баласы Ізғұттыны бала етіп еліне жіберген тосын шешімі ел аузында сақталған. Аз ғана сөзі "Абай жолы" арқылы жеткен Сары апаң дейтін ақынжанды анамыздың тәлімі Абайға аз әсер етпегені анық. Деректерге жүгінсек: "Сары апаң - Тобықты ішінде Тоғалақ, Тайсоймас дегеннің қызы. Уақ елінің нашар адамына атастырылып, күйеуімен екі жылдай тұрған соң, бір тоқтысын сойып, ауыл ақсақалдарын жинап былай депті:
- Мен аруақты сыйлап келдім. Екі жыл тұрдым, енді басыма рұқсат берсеңіздер екен. Төркініме барып, мал жиып алып, мына күйеуіме қалың төлеп, әйел алып беріп, содан соң кетем, - депті.
Сонда ақсақалдар әрі ойлап, бері ойлап, ақырында рұқсат беріпті. Сары апаң айтқанын орындап, күйеуіне әйел алып беріп төркініне келіпті. Осыдан кейін Сары апаң күйеуге шықпапты. Ел ішінде суырып салма, тапқыр, айтқыш болып құрметке бөленген адам"/5,127/.
Құнанбай мен Бөжейдің арасы ашылып кеткен кезде Бөжей дүние салып, Құнанбайлар көңіл айтуға келгенде Бөжей жақ оның қыздарының аузына:
Арғы атасы Ырғызбай,
Айыпқа берді бір қызды-ай.
Жүйріктігі құландай
Шұбарлығы жыландай, -
деген жоқтау өлеңді салғанда, осы Сары апаң:
Мына да қарлар не дейді,
Жақсыдан жаман көбейді.
Асыл туған ұрпағын
Ұрлап та көмдің Бөжейді, -
деп сөз қарымын қайтарған екен.
Жігітектің ішінде Қожыкен деген көксау шал дөңнің басында отырып өліпті. Сол кезде осы Жігітектің ішіндегі Түлкібайлар: Қожыкенді жерге таласып жүрген Тоғалақтар (Сары апаңның руы) ұрып өлтірді, - деп қыздары дауыс айтыпты. Сары апаң сонда тағы да:
Қожыкен деген көксауың,
Кісіден өлгенге ұқсауын.
Апиын беріп өлтіріп
Екі де қардың қақсауын, -
деп жауап қайтарыпты. Тобықты ішіне сіңген ноғай Ысқақ бай Сары апаңа, мен туралы айтшы дегенде Сары апаң іркілместен:
Қазаннан келген пұшығым,
Қаңғырып келген күшігім.
Қаңғырғаның құт болып,
Түлкіден болды ішігің, -
депті. Сонда Ысқақ:
- Апатай, ар жағын айтпай-ақ қой, - деп, иығына түлкі ішігін жауыпты.
Ақындық өнері бір басына жететін Сары апаңның өлең мұрасы бізге жетпеді. Әйтсе де тамшыдай сөз тармақтарынан ол кісінің қандай адам болғандығы байқалып-ақ тұр. "Күтсеңдер, Сары апаңды күтіңдер", - деген сөзді Әуезов эпопеяда Құнанбай аузына тегіннен тегін салмаса керек.
Асыл сөздері кейінгі ұрпаққа әлсін-әлсін жеткен дала аналары арысы Айпара әжемізден бастап Зере, Ұлжан, Сары апаң, Тайбала, Ботантай аналарымыздың Абайдай ұланның тәрбиесіндегі орны оқшау. Соңғы аталған Ботантай апамыз (Құдайбердінің әйелі, Шәкәрім қажының әжесі) өте өжет, тентек мінезді, сөзге шешен адам болған. Құдайберді дүниеден өткен соң бүкіл ауылының шаруасын дөңгелетіп ұстап отырған ер мінезді, қайратты адам болған.
Пайдаланылған әдебиеттер тізімі:
- Мұхамедханов Қ. Көп томдық шығармалар жинағы. 2-том. -Алматы: Алаш, 2005. -344 бет
- Әуезов М. Абайды білмек парыз ойлы жасқа. -Алматы: Санат, 1997. -416 бет
- Тоқтаров Р. Абайдың жұмбағы. Роман - хамса. -Алматы: Әл-Фараби, 1997. -752 бет
- Исабаев Б. Ұлылар мекені. -Новосибирск: 2001. -623 бет
- Жұртбай Т. Құнанбай. -Алматы: Алаш, 2004. -400 бет
Бауыржан Ердембеков
филология ғылымдарының докторы
Семей қаласы
«Абай-ақпарат»
http://old.abai.kz/content/bauyrzhan-erdembekov-ylzhan-ana-zhene-abai