Уақыт толассыз зымырайды. Үміт көктейді, жан дауасы ізгілік болған соң оны мейлінше қастерлейді. Тірі мен өлі – қиямет-қайымға шейін мынау жұмбақ әлемнің мәңгілік моделі, ұрпақтар ұдайы алмаса бермек.
Сондайда жаны аяулы игі жақсылар таусыншақ күн туған соң көзден кеткенмен, көкейден өшпейтін қасиетке ие болады. Семей жұртшылығының абыз ақсақалы, жазушы, журналист, 1918 жылы Мұхтар Әуезов пен Жүсіпбек Аймауытов шығарған «Абай» журналын 1992 жылы жаңғыртқан Ырысхан Мұсаұлы болды. Тәуелсіздік алған бетте ұлт пен руханиятқа қымбат дүниелерді «Абай» журналы қаузай бастады.
Журналдың қазіргі Бас редакторы, кіндік қаны Қарауылда тамған ақын Мұратбек Оспановтың: «Абайды жастайымнан ұғып өстім» – деп, туған елдің айқын болмысын жырға қосқаны бар. Исі қазақ Абайсыз тіл қатпайды мен үшін. Абайсыз сөз сөйлемейтін ауылдың баласы болсақ та, құр бекерге тіл ұшының сөзін айтпай, Абай хакімнің жаратылыс тұлғасын ұғуға бастаған жүрегі жомарт ұстаздардың арқасы, қадір-қасиеті. Жидебайын қазақ өлеңінің қасиеті деп ұққан бұл елде кішіге, кейінгіге Абайға лайық ұлы мәртебені ұғынуды дарытқан жазушы Кәмен Оразалин болса, Семей шаһарында Ырысхан Мұсаұлы болды. Қазақ әдебиеті классиктерін шұқынып, танып оқуды, дегдарлықтарын, ұлты үшін істеген істерін бағалап, талант қуатын көкейге тоқуды, өз басым Ырысхан ағадан үйрендім. Жырауларға, Абай, Шәкәрім, Мұхтар мен Шәкірге мұқият қарауды Ырысхан аға редакцияда әр сөзімен ұқтырып, сіңіріп отыратын. Ол кісінің Абай, Мұхтар мұрасын танушы академиктер мен профессорларға деген құрметі ерекше болатын. Журнал Мұхаңнан бастап, Қайым Мұхамедханұлы, Зәки Ахметов, Мекемтас Мырзахметұлы, Мұздыбай Бейсенбаев, Ғарифолла Есім, Тұрсын Жұртбай жазбаларын үзбей жариялап келеді.
2013 жылдың қарашасында жас автор, жазушы атанғаныма аттай 30 жыл толыпты. Менің тырнақалды талабыма нұр жаудырған, Құдай берген дүниеге адам араласар тұста, өздері танып, көмек қылған, жақсылықтарын өмірі «Менің арқамда жолың ашылды» деп бұлдамаған қастерлі ағаларым бар. Сапар Байжанов, Ырысхан Мұсаұлы, Сұлтан Оразалин – бір ауылдан, туыспыз. Кейінірек Медеу Сәрсеке, Мұрат Сұлтанбеков, Роллан Сейсенбаев, Клара Серікбаева, Ырысхан Мұсаұлы, Несіпбек Дәутайұлы, Нұрлан Оразалин, Төкен Ибрагимов, Мұрат Әуезов маған үлкен қамқорлық жасады. Өзім болдым демеймін.
Ырысхан Мұсаұлының қол астында, «Абай» журналында 1997-2008 жылдарда аттай 11 жыл қызмет істедім. Редакцияда қызмет бабымен қысым жасау, өктемсу, жағымпаздық, бастықтан қорқу, екіжүзділік сияқты көп қазақтың жалтаңкөз санасына сіңіп алған жаман, теріс мінездер ырымға табылмайтын. Адам баласын бөле-жару, төмендету, қағажу көрсету ағаның қанына сіңбеген мінез. Қызметкерлерді еңбегіне лайықты бағалайтын. Ырысхан ағадан бір ауыз қатты сөз, қату қабақ, жақтыртпаған мінез көрген емеспін. Әрдайым мені қолдап, қуаттап, жақтап отыратын. Өзі кейде ұнатпай қалатын адамдары туралы ешқашан артық-ауыс сөз айтқанын естімеппін. Сабырлылығы, кісілігі үлгі болардай еді.
Журналдың кезекті санына басылатын мақалаларды мұқият талдап отыруға ғадеттендік. Білімді, талантты адамдарды Ырысхан аға қолдап отырды.
Шығармашылығыма, жазушылығыммен республика жұртшылығына танылуыма игі әсерін тигізген «Абай» журналы. Астанаға 2008 жылы көшіп келген соң да, дәл Ырысхан ағадай кең, әділетті, мейірімді, текті, тумысынан басшылыққа жаралғандай Бас редактор таппай, екі бірдей журналға байыздамай, кетіп қалғаным бар. Сыйымсыздығымнан емес, жұмыс барысында менің тарапымнан қасиетсіздік, астамшылық болған жоқ, бұл кепке Көк куә, Сапар ағам мен Ырысхан ағамның үлгі-тәрбиесін көрдім ғой.
Журналдың сапасына Ырысхан аға қатты қарайтын, ымыраға, көңіл қимастықтан жариялауға келісе салуға әсте бармайтын.
«Абай» журналының №1, 2013 жылғы санына Ырысхан Мұсаұлы туралы үлкен мақалам жарық көрді. Сол жазуымды, айтылған пікірімді, деректерді еш қайталамай, Ырысхан аға туралы тыңнан сөз бастағаным да көп нәрсені аңғартуға тиіс. Қазақ салтында дүниеден өткен адамның жерлеуі, қырқы, жылын өткізу рәсімдері бар, Ырысхан ағамның рухы риза болсын, бәрінде болдым. Ол кісі журналистикаға сіңірген ғұмыр бойғы еңбегімен, очерктегі қаламгерлік шеберлігімен, зиялы, жарқын тұлғасымен жұрттың есінде қалды.
Абай десе ол кісі ерекше жанып сала беретін. Прозада өзінің сүйген тақырыбы сол болды. «Ағасұлтан» атты романы Құнекең образын, қазақ асқан Абайдың әкесі Құнанбай Өскенбайұлы туралы. Романды «Абай» журналында шыққан мақаламда талдап жазғанмын.
Мұхтар Әуезовтің «Абай жолынан» соң бұл кесек, күрделі тақырыпқа барудың қажеті жоқтай көрінгенімен, отаршылықтың уыты өрши бастағанда, қара халықты ойламайтын, ұлыққа жаққан Құсбек төрені жеңіп, ағасұлтан сайланып, Қарқаралыда мешіт салғызып, қазақтың ділін сақтауға бастаған дала көсемі. Қазақ даласына қожайын болуға келген, осы елдің байлығын шебер иемденген бөгде жұрттың бейнелерін жазушы дөп сомдайды. Қазақтан шыққан, ел үстінен күнелткен пысықтардың екіжүзді қалыбын ситуация арқылы ашады. Романның пьесалық нұсқасы «Тауан» деп аталды. Жазушылық мұрасында артына аштық, коллективтендіру туралы көлемді романдарын қалдырды. Ең кереметі, біздің Абай елінің мінез ерекшелігі, тіл байлығы мен сөйлеу дағдысын зерттегісі келген әдебиеттанушы ғалымдар үшін Ырысхан Мұсаұлының бұл кітаптары таптырмайды.
Ең соңғы көргенімде, Ырысхан аға төсек тартып жатып қалған, еңселі, тұлғалы кейпі тым арыған, жас жігіт тәрізді бойы сымға тартылғандай тіп-тік сияқтанып, бойы ұзарып кеткендей көрінген, бұл фәниде 40 күн ғұмыры қалған құсалы кезі болатын. Жаны қиналып жатып, тектілігінен, болмысынан айнымады. Маған батасын беріп: «Қайда жүрсең де, өзіңді-өзің биік ұста!» – деген ағалық қамқор сөзін екі қайталап айтқаны жадымда тұр. Ырысхан ағаның нені меңзеп айтқанын әлбетте, айқын ұққанмын.
Айгүл Кемелбаева,
жазушы.