Қазақ үшiн Абайдан асқан кемеңгер жоқ. Абай – ұлы ақын. Абай – данышпан. Қазақтың қазақтығын мәшһүр әлемге танытатын да Абай iлiмi. Қазақ барда абайтану iлiмi тоқталмақ емес. Осы орайда, абайтану аясында тағы бiр келелi iс жүзеге асты. Тiптi, жүзеге асып ғана қойған жоқ, абайтану аясын тағы бiр мәрте кеңейте түстi.
Күнi кеше Астанадағы Ұлттық академиялық кiтапхана ғимаратында ресейлiк атақты “ЖЗЛ” — “Жизнь замечательных людей” (“Өнегелi адамдар өмiрi”) сериясымен Мәскеуде жарық көрген “Абай” кiтабының салтанатты тұсауы кесiлдi. Хакiм Абайды орыс оқырманына жеткiзушi автор – танымал орыс сыншы-жазушысы, көрнектi әдебиеттанушы, филология ғылымдарының докторы, М.В.Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттiк университетiнiң профессоры Николай Аркадиевич Анастасьев.
Әрине “ЖЗЛ” айдарының беделi қаншалықты екенiн көзi қарақты, саналы азаматтың бәрi бiледi. Және сол серия арқылы шығып жатқан әлемдiк классиктердiң де өнегелi өмiрi қазақ оқырманына жақсы таныс. Аталмыш сериямен кiтап шығару, яғни көркем өмiрбаяндық кiтаптар шығарудың негiзiн орыс ағартушысы Ф.Ф.Павленков 1890 жылы қалаған екен. Кейiнiрек, бұл өнегелi iстi Максим Горький әрi қарай жалғап әкетедi. 1938 жылы “Молодая гвардия” баспасының иелiгiне берiлген серия содан берi үзiлген емес. Тiптi, ел басына күн туған қиын-қыстау заманда да аталмыш серия өз шығарылымын тоқтатпапты. Содан берi жылына бұл баспадан 20-30 өмiрбаяндық кiтап жарық көрiп отырады екен. Әрбiр өмiрбаяндық кiтапты шығару үшiн ең алдымен, ол кiтаптың басты үш қағидатқа сай болуы қадағаланады. Яғни, ғылыми дәлдiк, аса биiк әдеби деңгей және қызғылықты-тартымдылықтың болуы. Бүгiнгi күнi бұл серия бойынша шыққан кiтаптардың жалпы таралымы 100 миллионнан асыпты. Ал, мұндай нәтижеге қол жеткiзген серия әлемде жоқ. Сонымен қатар, бұл айдар бойынша анау-мынау адам шығарыла бермейдi де. Ал сол серия бойынша, қазақтың бас ақыны Абайдың өмiрбаяны көркем кестеленген кiтаптың 150 миллиондай халқы бар орыс оқырманына жол тартуы, қазақ үшiн үлкен жетiстiк.
“Бүгiн Қазақстанның рухани және мәдени өмiрiндегi айтулы күн деуге болады. Қазақтың кешегiсi де, бүгiнi де, болашағы да Абаймен өлшенедi. Абай — бiздiң ұлттық паспортымыз. Руханиятымыздың ең үлкен шамшырақ-маягы. 1940 жылдары әзiрбайжандардың Низамиi, содан соң, 50, әлде 60-шы жылдары татар ағайынның Тоқайы осы “ЖЗЛ”-дан шыққанда, бiз Абайымыздың сол сериядан жарық көретiн күнiн арман еткен едiк. Ештен кеш жақсы. Мiне, ақ түйенiң қарны жарылған сол ақжарылқап күн бүгiн туып отыр!” – дедi салтанатты рәсiм кезiнде сөз алған ҚР Мәдениет және ақпарат министрi Мұхтар Құл-Мұхаммед мырза.
Салтанатты рәсiм барысында министр кiтап авторы Николай Анастасьевке күллi қазақ халқының атынан алғыс айтып, өңiрiне “Қазақстанның мәдениет қайраткерi” белгiсiн тағып, өз ризашылығын бiлдiрдi. Ең қызығы, кiтап авторының қазақ әдебиетiмен жақын таныстығы бұдан бұрынырақ басталған екен. Осыдан бiрнеше жыл бұрын қазақ әдебиетiнiң классик жазушысы Әбдiжәмiл Нұрпейiсов шығармашылығы туралы “Небо в чашечке цветка: Абдижамил Нурпеисов и его книги в мировом литературном пейзаже” атты кiтап жазып, сол кiтаптың тұсаукесер рәсiмiнде министр Мұхтар Құл-Мұхаммед автормен жақын танысады. Сол таныстық жылы қарым-қатынасқа ұласып, кейiнiрек жазушы-профессорге “Өнегелi адамдар өмiрi” сериясы бойынша Мұхтар Әуезов тақырыбын жазуды ұсынады. Осының арқасында, аталмыш серия бойынша қазақтың ұлыларына арналып шыққан санаулы кiтаптардың қатарын Мұхтар Әуезов толықтырады. Бұдан кейiн Николай Анастасьевке Абайды жазу жөнiнде кеңес берген де Мұхтар Абрарұлы екен. Мiне, кешегi тұсаукесер осының нақты нәтижесi. Кеш те болса, Абай орыс оқырманына өз тiлiнде, “ЖЗЛ” сериясымен жол тартты. Әрi оны жеткiзушi Николай Анастасьевтiң болуы да қазақ оқырманы үшiн зор мәртебе. Өйткенi, кiтаптың авторының 20-дан астам монографиялық еңбек жазған, мыңнан аса мақала, туындылары Ресейдi былай қойғанда, АҚШ-та және Еуропаның көп елдерiнде басылып шыққан майталман әдебиетшiнiң болуы зор мәртебе болмағанда ше?! Сондықтан, кемеңгер Абайды дайындауда, министрдiң сөзiмен айтқанда, “Николай Анастасьевтiң авторлығы бағалырақ”.
Гүлзина Бектасова
«Түркістан» газеті 28 мамыр 2009 жыл