– Ұлттың ұстыны – тілі, діні, дәстүрі десек, бұлар ешқандай бөліп-жаруға келмейтін рухани құндылықтар. Өкінішке қарай, бізде осыларды тұтас қарастырудың орнына, әрқайсысын әр топ бөліп алып, жеке-дара насихаттау белең алған. Бұған сіздің көзқарасыңыз қалай?
– Расында да, тілді, дінді, дәстүрді бөлуге болмайды, бұлардың әлсіздігі – ұлттың әлсіздігі, ал бұлардың бірінің жойылуы – ұлттың жойылуына апарады. Біз алғашқыда тілді бір топ, дінді бір топ, дәстүрді бір топ болып жеке дара насихаттауға, күшейтуге күш жұмсадық. Ал діни секталар бұларды бөліп-жармай тұтас алып, тұтас бүлдіруге әрекет жасады. Мысалы, «Иегова куәгерлері» шынайы христиандықты уағыздаймызды желеу етті, шын мәнісінде сенім негіздері христиан көзқарасына да мүлде жат, мақсаттары – жетегіне еріп алданғандарды – ұлттық құндылықтан да, ата-анадан да, қоғамнан да мүлде алшақтатып – санасын улау, айтқанына көнетін мәңгүрт дайындау. Америкалық протестант Чарлз Уеллердің «Қазақ халқының ұлттық мәдениеті» деген кітабын оқысаңыз: «Жалпы, қазақ халқы өмірге қыз келсе, аса қуанбаған», «Қазақ бұрыннан өзі аш отырса да, ең қымбаттысын балаларына бермесе де бір асым етін, ең дәмді-тәттісін қонаққа сақтаған», «қазақтардың алғашқыда шаман дінін ұстанғанын... Кейбір рулардың несториандық мәсіхшілер болғанын... Ислам дінінде болғанын... Бұл үш дін қазақ халқының тарихында басты рөл атқарғанын көрсетеді» деп жазады.
Осыдан кейін қызды жек көретін, баласына дәмді асын қимайтын, үш дін ұстанатын ұлттың мақтанатын несі қалды?! Ал Абайдың қарасөздерін оқысаңыз ұлтқа қажетті құндылықтар түгел қамтылған, бірін бірінен бөле-жармайды, Абай шығармашылығының шынайы шыншыл, тау бұлағындай мөлдір, мән-маңызының тым терең болуы да – бастауын ислам дінінен, Құраннан алуында. Сондықтан тіл де, дін де, дәстүр де Абайда түгел қамтылған. «Балабақша, мектеп, жоғары оқу орнында түгелдей жас ұрпаққа Абайдың шығармаларын оқытайық» деген Елбасымыздың сөзі бар. Соны жүзеге асыра отырып Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің барлық факультетінде «Абайтану» пәні ректор, академик С.Пірәлиевтің бастамасымен енгізілген еді. Міне, осы «Абайтану» дәрісінде қазақтың тілі, діні, дәстүрі секілді ұлттық құндылықтарын Абайдың сөзімен байланыста жан-жақты сөз етеміз.
– Сіз кришнайт, иегово куәгерлері, мәсіхшілер, ахмади т. б. секталармен талай-талай пікірсайысына шығып, ұлттық мүддені қорғадыңыз, елеулі еңбек еттіңіз, осы айқастардан не түйдіңіз, не айтарыңыз бар?
– Түйгенім де көп, айтарым да бар. Бұлармен айқаса жүріп көп нәрсе үйрендім, тіпті өзіміздің имамдарға «сендерде солардың әдіс-тәсілін зерттеп, керекті жерін үйреніңдер» дегенді айттым. Миссионерлер, секталар айтар ойын тек күлімдеп, жылы шыраймен, майда сөйлеп жеткізеді, ерегеспейді, кешірімділік танытады. Әңгімені қалай, неден бастауды жақсы біледі, жанашырлықпен «өмір сүру неге қиындап кетті, қиыншылықтың себебі не деп ойлайсыз?», «Экологиялық жағдай неге нашарлады, бізге неге теріс әсер етіп жатыр деп ойлайсыз?» деп пікірлесуге шақырады, тым қатты кетіп дауыс көтерсеңіз, үндемей құтылады. Қарсылық танытпайды, шыдамды. Бұлар арбауына түсірген «адасқан қазақтарды» да өздеріне қызмет істеу үшін неше түрлі әдіс-тәсілді тез әрі нәтижелі үйретеді. Мысалы, «адасқан қазақ» Досым Омаров Абайды кришнайт етіп «Абайтану» оқулығын 1999 жылы шығарғанда Веда, Кришна, Абсолют жайлы ашық жазса, мен баспасөзде сынағаннан кейін, 2002 жылы кітабын қайта шығарғанда негізгі айтар ойын бүркемелеп сақтап, Алланы айтқан болып, оның елшісі Пайғамбардың хадистерін ойларына ыңғайлап із жасырмақшы болған, оны да сынап едім, енді кітаптың атауын «Абайдың рухани мұрасы» деп өзгертті. Соңына түсіп қоймағасын кітаптың атауын да, мазмұнын да өзгертіп мүлде жаңа тәсілге көшті: «Жасару құпиясы» (2006ж.), «Рух пен тән саулығы», «Аштықты ұстау денсаулық кепілі», «Жүйке жүйесінің тылсымы» (2007ж.) деген кітаптарды бұрқыратып шығарды. Оқырман денсаулық туралы пайдалы кеңес жазған кітап екендеп ойлайды, ал түптеп келгенде айтары – Кришнаны уағыздау, сананы шым-шымдап білдіртпей улау, шошытпай сендіру.
– Сіз облыстардың бас имамдарына дәріс оқып шеберлік сыныбын өткізген екенсіз...
– Қазақстан мұсылмандары діни басқармасына бас мүфти болып Ержан қажы Малғажыұлы келгелі біраз жақсы істердің куәсі болудамыз. Имамдар мен уағызшылардан қазақ халқының салт-санасы мен әдет-ғұрыптарын, әдебиеті мен мәдениетін білуін талап етуі қуантты. «Дін мен дәстүр» кітабы көпшіліктің көңілінен шыққан, сүйсіне оқитын кітабына айналғанына көзіміз жетуде, кітаптың жалғасын күтудеміз. Мешіттегі уағыздардың тақырыбы да түрленіп бір жүйеге түсе бастады. «Төле би» мешітінің бас имамы Кенжәлінің уағызын мазмұнды, әрі батыл айта білуі, «Таугүл» мешітінің бас имамы Нұржанның ұтқыр, шешен сөйлеуі, Алматы қаласының бас имамы Нұрбектің қарапайымдылығы, сөзден гөрі іске ұмтылған ұйымдастырушылық қарым-қабілеттеріне ризамыз.
Бұрын намазхандар үйлерінде қарайтын ешкім болмағандықтан кішкентай балаларын ертіп келіп, қайда қоярын білмей қиналатын, мешіттің қасынан балаларға арнап ойын алаңы пайда бола бастауы игілікті іс десек болар. Діни басқарманың имамдарға қазақтың тарихын, әдебиетін, мәдениетін, салт-дәстүрін зерттеп жүрген ғалымдарды арнайы шақырып дәріс оқытуы, пікір алысу кездесулерін ұйымдастыруы да имандылық ісіне оң ықпалын тигізетіні анық. Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының имамдар форумының өтуі, онда «Қазақстан мұсылмандарының тұғырнамасы», «Қазақстан мұсылмандары Діни басқармасы қызметкерінің этикасы», «Имамның тұлғалық келбеті», «Мұсылманның тұлғалық бейнесі» тәлімінің қабылдануы кеште болса өте орынды құптарлық іс болды. Кеште болса деп айтуымыз, бұл тәуелсіз ел атанғанда Діни басқарма осы құжаттарды бірден қолға алуы қажет еді, сонда еркінсуге тосқауыл болатын еді...
Сұхбаттасқан Төреғали ТӘШЕНОВ
baq.kz