- Абайтану пәні жаңа оқу жылынан бастап мектептерге енгізілгелі жатыр екен, осы мәселе туралы не айтасыз?
- «Абайтану» пәні бұрындары мектептерде оқушылардың қалауы бойынша оқытылатын факультативті пән болатын. Бұны да алға басудың бір көрінісі деп қарадық. Абайтану пәнінің жаңа бағдарлама бойынша оқулығы жазылып, хрестоматиясы даярланып, алдын ала даярлықпен ендірілсе жөн болар еді. Бірақ бұған күмәнім бар. Өйткені, біз абайтану туралы М.Әуезов ұсынған танымды түбірімен өзгертіп, кеңестік идеологияның талабына сәйкестендірген болатынбыз. Әуезовтың танымында Абайдың дүниетанымы үш рухани бұлақтан құралатын. Олар қазақ халқының рухани әлемі, Шығыстың рухани қазынасы және Батыстың әдеби әлемі болатын. Осы танымнан біз батыстық әлемді шешуші буын ретінде алып, бүкіл ғылыми-зерттеу жұмыстары мен мектеп және жоғарғы оқу орындарына арналған оқулықтарда басшылыққа алдық. Бұның бәрі де кеңестік идеологияның талабынан туындап жатқан құбылыстар болатын. Шын мәнінде қарайтын болсақ, Абайдың дүниетанымы оның отыз жасына дейін-ақ толық қалыптасып қойған еді. Бұл орыс тілін енді үйрене бастаған кез еді. Абай орыс тілін ақындыққа құлай бұрылған уақытта, яғни қырық жасынан бастап терең меңгере бастады. Осы себепті отыз жасқа дейін қалыптасқан дүниетанымы төңкеріле бұзылып кеткен жоқ. Көп нәрсеге Абай осы таным тұрғысынан қараған болатын. Сондықтан да Абайдың Шығысқа қатынасы туралы М.Әуезов Абайдың Батысынан Шығысы басым, ол Батысқа барғанда Шығысқа арқа тіреп, өз ойын сол тұрғыдан айтатын деген байлам ұсынған болатын. Осы байламы үшін біз Әуезовты өмірден өткенше қатты сынға алған болатынбыз. Әуезовтың бұл танымы 1982 жылы «Мұхтар Әуезов және Абайтану проблемалары» деген ғылыми монография жарыққа шыққаннан кейін ғана өзгере бастады. Яғни, Абайдың дүниетанымы қалыптасқан рухани үш бұлағы туралы шындық бастапқы қалпына келе бастады. Бірақ қазіргі мектеп пен жоғарғы оқу орындарына арналған абайтану туралы жазылған еңбектер бүгінге дейін сол үшінші рухани қазына көзінің сарынымен кетіп жатыр. Мысалы, 2008 жылғы 10-сыныпқа арналған қазақ әдебиеті оқулығында Абайдың Шығысқа қатысы туралы бір ауыз сөздің болмауы - осының айғағы.
Абайтану пәні жаңа оқу жылынан бастап мектептерге енгізілетін болса, оның оқулығы мен бағдарламасы болуы керек. Менің шамалауымша, сол оқулық пен бағдарлама бола қалғанның өзінде сол ескі сарыннан құтыла алмаған болар деп ойлаймын. Бұл жақсы бастама болғанменен Абай дүниетанымының өзекті желісіне айналған Абайдың Шығысқа қатысы туралы мәселе тағы да сөз етілмей, тасада қалатын тәрізді.
- Пәнді мектеп бағдарламасына енгізу қашан қолға алынды?
- Абайтануды мектеп бағдарламасына пән ретінде енгізу мәселесі 2002 жылы арнайы сөз болған еді. Бұл бағдарламаны 1-сынып пен 10-сыныпқа дейінгі кезеңдегі бағдарлама ретінде Талғар қазақ мектебінің оқытушысы Нұрғанат Керімбаев ұсынған еді. Бұл ресми түрде бекітілмей қалған болатын. Бұның орнына Досым Омаровтың кришнаидтық таным негізіндегі «Ұлылар үндестігі» деп аталатын еңбегінің негізінде жазылған «Абайтану» оқулығы Министрліктің қолдауымен мектептерге ендірілген болатын. Бірақ ол оқулық туралы баспасөзде қатты сыналып, Министрліктің өзі бұйрық беріп, қолданудан алып тастады. Кейбір мектептерде абайтануды пән ретінде оқыту 2003-2004 жылдары әр жерде бір қылаң беріп жатты. Бірақ түпкілікті шешімін әлі күнге дейін таба алмай келе жатыр.
- Ел арасында «мектеп оқушыларынан адамгершілік, тәртіп кетті» деген пікір жиі айтылады. Меніңше, Абайтану пәнін енгізудегі мақсат осындай кері құбылыстың болмауын, балаларды қазақ руханиятымен сусындатудан туған болар. Сіз қалай ойлайсыз?
- Батыстың мінез-құлқындағы кері кеткен мерез біздің жастардың мінез-құлқына әсер етіп жатқаны өтірік емес, шындық. Осы кері құбылыстан құтылудың рухани жолы Абайдың әдеби мұрасы деп тапқандықтан, министрлік Абайтану пәнін ұсынып отырған тәрізді. Бұл әрекеті - дұрыс әрекет, баянды әрекет.
Менің пікірімше, Қазақстанның қоғамдық ғылымдар саласы мен ағартушылық мәселесі де кеңестік дәуірден бастап біржолата еуропалық қалыпқа түскені жасырын емес, шындық. Осы себепті барлық оқулықтарымыз бен тәлім-тәрбие жұмыстарының түрлерін де осы еуропалық қалыпқа түсірдік. Ой-санамыз да осы тұрғыдан қалыптасты. 1991 жылдан бастап тәуелсіздік туын қолға ұстағанымызбен біздің ақыл, ой-санамыз, дүниетанымымыз бұрынғы қалыптасқан еуропалық модельден ауытқымай келе жатыр. Бұл біздің ұлттық рухани санамызды тәуелсіздік жолына бұруға, сол жолда ұлттық, шығыстық қалыпқа түсуімізге мейлінше кедергі болып, аяғымызды еркін көсілуге жол бермей келе жатыр. Үшінші мыңжылдық адамгершіліктің, гуманизмнің заманы болуға тиіс. Егер біз, шын мәнінде, тәуелсіз мемлекет болатын болсақ, тәуелсіз мемлекеттің тәуелсіз дүниетанымы болмағы керек. Уақыт осыны талап етіп отыр. Сондықтан уақыт талабына орай біз ескі шапанымызды шешіп тастап, ұлттық шапанымызды киетін уақыт келді. Яғни, бұның мағынасы біз ескірген, қасаңданған еуропалық модельден мүлде түбірімен жаңарған ұлттық шығыстық модельге бет алуымыз керек. Бір сөзбен айтқанда, қоғамдық ғылымдар саласы, тәлім-тәрбие жүйесін беріп отырған педагогикалық ғылым саласы өзінің келешекте жүретін жолын, яғни, рельсін ауыстыруы керек. Онсыз біз тура жолды таба алмаймыз.
Ал, енді оқушылардың адамгершілік тәртібін жолға қою үшін мектепте Абайдың «толық адам» ілімін өз алдына пән ретінде ендіріп, адамгершіліктің идеологиясын олардың санасына біртіндеп сіңдіруді мақсат етіп қою керек. Бір сөзбен айтқанда, абайтанудағы сең бұзылуы керек. Ол сеңнің бұзылуының көрінісі қазіргі күнде Абай атындағы университетте. Онда Абайтану ғылыми-зерттеу орталығы құрылып, барлық факультеттерде абайтану пәні арнайы курс ретінде оқытылып отыр. Ол үшін арнайы оқулық жазылып, арнайы бағдарлама жасалып, осыған қоса, хрестоматиясы да беріліп отыр. Жастар арасында мінез-құлықтың бұзылуы, батыстық мерез ауруына ұшыраған мінез-құлықтағы жұқсыз қылықтарының жастарды шырмай бастауы бізді қатты ойландырып отыр. Осыған жол бермеу үшін жастарымыздың жағымсыз әрекеттен бойын аулақ ұстау үшін, оған қарсы күрестің құралы Абайдың «толық адам» туралы іліміне кең өріс беретін заман туды. Абайтанудағы евроцентристік танымдағы бұрынғы оқулықтардағы ескірген танымның орнына енді ғылымға негізделген, ұлттық және шығыстық бағыттан туындаған Абайдың «толық адам» іліміне негізделген жаңа типтегі оқулықтар ұсынылуы керек. Бірақ Министрліктің қазіргі мектептерге оқуға ұсынып отырған Абайтану пәнінде бұл таным жоқ. Ол әлі де ескі танымдағы Абайтанудың соңынан шыға алмай отырғаны - анық нәрсе. Келелі кеңес құрып, көпшіліктің көзін жеткізіп, дәлелденген жаңа танымдағы оқулықты ғана біз түсінуіміз керек. Оған біздің Министрліктің даярлығы жоқ деп ашық айта аламыз. Егер министрлік, шын мәнімен, осы мәселені қолға алатын болса, абайтану оқулығын ұлттық шығыстық танымдағы жаңа дүниетанымға негізделген жаңа оқулықты ұсынуға даярлықтан өтуі керек. Онсыз бұл салада өзгеріс болмайды, болуға негіз де жоқ.
- Мектепте адами құндылықтарды арттыру үшін тағы не істеуге болады. Бәлкім, дәріс берудің, тәрбие ісін жүргізудің жаңа формасын ойлап табу керек шығар?
- Мектепте адами құндылықтарды арттырудың іргетасы өзіміздің ұлттық-шығыстық халқымызда жатыр. Осы тұрғыдан келіп, Абайтанудың жаңа оқулығы мен бағдарламасын даярлау арқылы жас ұрпақты адамгершілік негізіне ұйыта аламыз. Дәріс берудің, тәрбие ісін жүргізудің барлығы да осы жаңа танымға бағытталуы қажет болып отыр. Осыларды жүзеге асырмай, көздеген мақсатқа жетуіміз қиын.
- Олай болса, неге Абайтану пәні енгізіледі? Мәселен, шәкәрімтану, ясауитану, болмаса әл-фарабитану емес?
- Абайтану пәнін министрліктің таңдауы өте орынды. Өйткені қазақ халқының ой-санасының, дүниетанымының шыңы Абайдың әдеби мұрасында жатыр. Осы себепті Абайтану пәнін мектепке ендіру шәкәрімтану, ясауитану, фарабитанудан гөрі алғы сапта тұр. Абайды танысақ қана, Шәкәрімді тануға да, Ясауиды тануға да, Фарабиді тануға да жол ашылады. Абайды терең меңгермей, оларға еркін дендеп кіре алмаймыз да. Жастардың адамгершілік мінез-құлқын, адами қалпын қалыптастыруда Абайтану ілімі іргетасқа айналып отыр. Осы себепті, ең алдымен, Абай мұрасын меңгеру, терең танып білу бүгінгі күннің аса қажетті мәселесіне айналып отыр.
Сұхбаттасқан Дәурен СЕЙІТЖАНҰЛЫ,
«Үш қиян» газеті, 20.08.2009