Сағымбай Ботпайұлы: Тәкен Әлімқұлов және абайтану ілімі

Классик жазушы, әдебиетші Тәкен Тәңірбергенұлы Әлімқұлов  ұлттық әдебиеттанудың күретамыры Абайтану ілімінің дамуына ерен үлес қосқан ғажайып дарын иесі. Ғалымның Абай шығармашылығына арналған «Абай» (1954) монографиясы, М.Әуезовпен бірлесіп жазылған «Из истории казахской литературы» зерттеу мақаласы («О прошлом и настоящем» (1958) еңбегінде) абайтанудағы біліктілігін танытты. Ал «Әнді сүйсең, менше сүй» («Қазақ әдебиеті». 1970.3.07), «Абайды тану туралы» («Қазақ әдебиеті». 1971.19.03), «Толғауы тоқсан қызыл тіл» («Қазақ әдебиеті». 1971.14.05), «Тағы Абай мұрасы хақында» («Қазақ әдебиеті».1974.5.07) т.б. мақалаларында ұлы ақын өмірі мен әдеби мұрасы, поэзиясының көркемдік-эстетикалық қуаты ғылыми проблемалық сипатта қарастырылды.

Кеңестік әдебиеттану ұстанған маркстік-лениндік қасаң ілім шырмауына шырмалмаған еркін ойлы тау тұлға Тәкен Әлімқұловтың «Жұмбақ жан» (1978) зерттеуі адамзаттық мәндегі ұлы тұлға Абайдың шығармашылық құбылысына ақын өскен орта, рухани нәр алған халықтық ілкі қасиетке толы қайнар бұлаққа эстетикалық биіктен, ұлттық рухтағы ойлы көзбен қараудағы ғылыми-зерттеушілік арнаға соны тыныс дарытты.

«Абайдың өмір тарихына, арманына, өскен ортасына жете зер салмай, шындық шешілмейді» деп білген ғалым Абайдың ақындық әлемінің күрделі болмысына қазақ қоғамы тарихи шындығының күретамырынан ажырағысыз ұлттық тәлім -тәрбие, рухани нәр алған қайнар, әлеуметшілдік қайраткерлігі, ақындық айналасы тұрғысынан үңіледі. Әр сөзге терең жүк артқан, тарамдала түсер сан қатпарлы ой сілемдерін дарытқан зерттеуші «Абай өмірі - ғажап өмір. Бесікте әнмен әлдиленген ол көшпелі елде, әртүрлі рулардың салтында әсершіл болып өседі. «Махаббат пен ғадауатқа» ерте қанығады» дей келіп, ақындық мектебінің тағылымына орай «Абайдың маңындағылар Лев Толстоймен хат жазысады» деген өрелі пікір білдіреді. Зерттеуші Абай ізбасары ақын Шәкәрім Құдайбердіұлы есімін атамаса да мәтіндік астармен әдеби-тарихи шындықты жеткізеді. Сол арқылы Абайдың ақындық айналасын жан-жақты зерттеу қажеттігіне проблемалық назар аудартады.

Т.Әлімқұлов Абай құбылысының пайда болуының тарихи алғы шарттарын зерделі түйіп, Батыс-Шығыс классикалық әдебиетін көркемдік таным, эстетикалық талғаммен шығармашылығында тоғыстырғанын тереңнен екшейді. Осындай келелі мәселелерді байыпты саралаған ғалымның ақын поэзиясын, сыршыл лирикасын талдаудағы теориялық түйіндері  зерделі эстетикалық сипатымен ерекшеленеді.

«Эстетика дегеніміз - әлеуметтік, қоғамдық ой өрісінен, философиядан, социологиядан, моральды-этикалық қағидалармен құнарланған әсемдік ілім. Бұл ілім көркем творчествоның тарауларын талдап, табиғатын жете тануға қызмет етеді. Өрісті, үлгілі, озық әдебиетттерде әлдеқашан құнарлы да қажетті санаға айналған эстетика - қазақтың бергі заманындағы жазба әдебиетімізде Абайдан туындаса, бұнда тарихи сыр жатады, дәуірдің ділгірлігі жатады» деп классикалық сипаттағы лирикасының эстетикалық әлемін саралайды.

Ұлы ақын поэзиясының еалистік қуатын «нағыз пенде өлерде өсиетін, шын суреткер өнерде шынын айтады. Абай осының екеуіне де телқабыс» екенін түйіп, классикалық сипатын айқындайды. Оның халықтық негізінің әлеуметтік рухтағы ұлттық сипатын негіздеп «Ақын неғұрлым ұлттық болған сайын сол ғұрлым ұлттық белгілерге жиі бармақ. Осы жағынан келгенде, Абай нағыз ұлттық ақын. Ол поэзиялық деректің баршасын дерлік ұлт өмірінен алады.

Әбден таңдап, іріктеп, жұтындырып алады. Және оған өзі құл болмай, әмсе биіктен қарайды» деген кемел ойлар түйеді. Көркемдік дамудың тарихи сабақтастығына жіті үңіліп «Қазақтың жазба әдебиеті Абайдан басталады деген тұжырым - тым ұшқары тұжырым. Жазба әдебиет бір адамнан басталса, ол адам қалай классик бола қалады?! Дүниежүзінде ондай тәжірибе жоқ. Қазақ тілінде жарық көрген ежелгі дүниеліктерді былай қойғанда, Абайдың өзі шенеген кітаби ақындар тобын қайда қоямыз. Сыншыл көзқарас, қатаң толғам арқылы көтерілген Абай тақыр жерден өспеген шығар. Арқалық тарландарды тақырыптан тысқары қалдырып, күнгейдің көптеген кітаби ақынын алсаңыз, жазба әдебиеттің тоғыз тарау жолдары сайрап жатады. Абайдың бесіктегі кезінде дүние салған батыстық Махамбеттің даңғыл жолы тіптен даусыз. Оның өлеңдерінің кейін жариялануы Абай шығармаларының кейін басылуы сияқты әдебиеттің төл тарихына нұсқан келтіре алмайды. Бұлай болса, Абайдың тарихи орнын шендессіз шегерудің, жеке жіктеудің орны жоқ. Әңгіме Абайдың өзінен бұрынғылардан, өз тұстастарынан ерекше биіктігінде һәм қатпарлығында болуға керек» деп әдебиет тарихын тұтастықта әрі кешенді зерттеудің ділгірлігін өткір көтеруі айрықша назар аудартады. Шын мәнінде, Абай қазақ әдебиетінің негізін салды дегенде, әдеби дамудағы тарихи сабақтастық, яғни көркемдік дамудың дәстүр ұласуына тән табиғаты басты назарда болуы керек. Демек, ғалым пікірі Абай қазақтың жаңа сипаттағы жаңа жазба әдебиетінің негізін қалады деген пікір айтқан М.Әуезов пікірімен үндес болып табылады.

Ал Абайдың көркем аудармадағы даралық қырын «Ана тілінде айна-қатесіз балама тауып, жүректің қанымен жазудың үлгісін жасады» деген эстетикалық көзқараста бағалайды. Абай аудармаларының табиғатын терең екшеген ғалым ұлы сөз зергерінің көркем аудармадағы эстетикалық әлемін терең саралайды. Аудармадағы хас шеберлік қырларын дәлелдей көрестеді.

Тәкен Әлімқұлов ұлттық сөз өнерін бағалау мен саралауда «Әдебиет - ұлттық категория. Бұралқы шығармаларды мен қабылдамаймын» («Бір сұраққа он жауап» // «Жұлдыз». 1970. №6.Б.-144-153), «Бендешілік талғамға келсек менің өз басым біркелкі өндірістік немесе колхоздық романға құлықты емес. Көркем роман, ең алдымен, халықтың тағдырын, ұлттық характері мен санасын, қоғамның өсуі мен өшуін шежірелейді» («Толғаныс сыры» // «Қазақ әдебиеті». 1971.24.02) деген көркемдік эстетикалық мұратты басты орынға қойды.

Т.Әлімқұловтың өнер болмысының күрделі иірімін, қилы тағдырға толы өнер адамдарының қилы шығармашылық тұлғасын шынайы суреттеген «Ақ боз ат» (1962), «Сейтек сарыны» (1966), «Кертолғау» (1973), «Тұлпардың тағдыры» (1975) сынды прозалық, «Бозжорға» (1969) т.б. поэзиялық жинақтарына енген туындыларының да ұлттық әдебиеттегі тұғыры биік. Абай, Шәкәрім дәстүрін ұстана отырып, А.С.Пушкиннің өлеңдерін қазақ тіліне аударуға да өзіндік үлес қосты.

Сағымбай Ботпайұлы Жұмағұл,

Е.А.Букетов атындағы ҚарМУ профессоры.

«Абай-ақпарат»