Ж. Самбетов: Абай дүниетанымы мен діни көзқарасындағы жәдитшілдік пен қадимшілдік көріністері

ХІХ ғасыр соңы мен ХХ ғасырдың басындағы қазақ ғұламаларының діни мәдени көзқарастары жайлы ғылыми зерттеулер қазіргі таңда елімізде жан-жақты қолға алына бастады. Жалпы адам баласы жаралғалы бері өмірге, қоршаған ортаға деген көзқарастары бір болмаған. Адамдардың өмірге деген көзқарастарының сан алуандығы қоғам дамуының алғышарты десек, ой санасы биік, парасаты мол, ақылы көп ғалымдар мен ғұламалар, бірінен кейін бірі шығып қоғамды алға сүйреп отырғаны баршамызға белгілі дүние. Тарих сыйлаған сондай перзенттер арқасында адам мен қоғамның дамуы әрбір халықта болған. Солардың бастауын Сократ, Платон, Аристотель, Пифагор т.б. ғұламалар бастап отыр десек, осы ғұлама ойшылдар еңбегінен, қазір біз барлық ғылымдар саласының бастауын көре аламыз. Атап айтсақ философия, дін, этика және эстетика, математика, физика, саясат, геометрия, мәдениет, тарих т.б. көптеген ғылым салаларын атауға болады. Қоғам дамуына әсер еткен тағы бір негізгі фактор ол Құдай тарапынан жіберілген пайғамбарлар және сол пайғамбарларға түсірілген киелі кітаптар. Уақыт-уақытымен халықты жақсылыққа, Құдайға құлшылық етуге шақырып пайғамбарлар келіп, тура жолды көрсетіп құлшылық ету формаларын түсіндіріп кетті. Алдыңғыларын айтпағанда соңғы пайғамбарымыз Мұхаммед с.ғ.у. нің көзін көріп даусын естіген сахабалардың дін мен Құдайға деген көзқарастары уақыт өтіп түрлі бола бастады. Сол сенім мен діни көзқарас негізі, керек десеңіз мемлекет құраушы факторға айналды.

Біздің зерттеуімізге негіз болғанда осы ішкі сенім мәселесі. ХІХ ғасырдың соңы мен ХХ ғасырдың басында қазақ ғұламаларының көзқарастары бірнеше топқа бөлінсе де, қазір біз екі бағытын қарастыратын боламыз. Өйткені зерттеуге негіз болғанда осы екі бағыт. Біріншісі «қадим», бұл терминді зерттеуші ғалым Л.Жұмалиеваның мақаласынан келтірсек. Қадим – діни бағыттағы молда жалдап, сауат аштырған мектепті айтады. Сабақ араб тілінде, феодалдық-сословиялық мазмұнда жүргізіледі. Әсіресе, Әптиек, Құран, Софы Аллаяр, Шарқитаб, Мұхтасар, Қырық парыз негіздері оқытылады. Олардың ең бастылары Бұхара, Самарқан қалаларында ораналасқан. Бір анығы, ірі мешіт жандарында қадим мектептері негіздегі дәрісхана болды. Мұны көбінше молдадан сабақ алдық деген ескінің әңгімесі анықтайды. Мектептер кейде байлардың демеуімен жұмыс жасады. Қатаң тәртіп болды, сондай-ақ сабақ нақты уақытпен жүрген жоқ. Ел арасында мынадай мазмұндағы өлең бар:

Салдыр-салдыр сәрсенбі,

Күткеніміз бейсенбі.

Жұма біздің досымыз,

Сенбі біздің қасымыз, - дейтін. Мұндағы салдыр сәрсенбі – сәтті күн санаумен сабақтың тез өтуі сабақталады. Бейсенбі – молда бейсенбілікке кетеді де, сабақ тоқтайды («Бейсенбілік» қазақ ауылдарында бейсенбі күні өлген адамдарға яғни әруақтарға бағыштап құран оқытылады, молда бейсенбі күні құран оқуға кетеді), Жұма – қасиетті күн демалыс. Ал, сенбі дәріс толық жүреді. Сондықтан ол қас саналады [1, 73 б].

Екіншісі «жәдидизм «усул-ү жәдид» (жәдит тәсілі) алғашқы түрік зиялылық қозғалысы болып табылатын жәдитшілік қозғалысы он тоғызыншы ғасырдың екінші жартысының басында тіл, оқу-ағарту және дінмен байланысты салалардағы жаңару қозғалысы ретінде басталған болатын. Бұл қозғалыстың лидерлері Абдүлнасыр Курсави (1770-1814), МуҺабеддин Маржани (1815-1889), Абдулкаюм Насыр (1824-1907), және Һусейн Феизһани (1826-1866) болды. Жәдитшілік – Ресейдегі түрік халықтарында болған экономикалық өзгерістердің нәтижесінде және осы өзгерістердің ықпалымен жанданған ояну, жаңалық қозғалысы. Кейінірек «Усул-ү жәдид» қозғалысы бүкіл түрік әлеміне тарау жолын іздеді.

Бұл қозғалыс ең алдымен ағарту саласында жаңалықтар енгізуді мақсат еткен. Татар мектептерінде жаңа оқу әдісінің қолданылуының талқылануы кезінде ескі әдісті қолдайтын «қадимшілер» жаңа әдісті қолдайтын «жәдитшілдер» арасында бір тартыс басталған болатын» [2, 116 б], - деп Яшар Шахиноғлы «Жәдитшілік және Исмаил Гаспаралы» деген мақаласында өз ойын ары қарай өрбітеді. Бұл пікірмен бізде толық келісеміз. Жәдитшілдер мен қадимшілдер арасында тартыс ұзаққа созылған. Бір-бірін үнемі сынап отырған. Бұл талас-тартыста дерлік жәдит бағытын ұстанған ғалымдар жеңіске жетіп отырған. Өйткені жәдитшілдер дін ілімдерімен қатар заманауи пәндерді де медреселерде оқытуды қолдаған. Қадим мектептері 1905 жылдан кейін күрт кеміп кетті. Оның себебі жәдит мектептері маңызы жағынан одан жоғары тұрды. Сабақ төте оқу бойынша жүріп, әдебиет, тіл, есеп, тарих, табиғаттану пәндері қамтылды. Мамандар Уфадағы Ғалия, Хусайния, Орынбордағы Мухамедия мен Қазан медреселерінен келді. Жәдит мектебін бітіргендердің болашағы да болды. Өйткені одан кейін Уфа, Қазан медреселерінде оқып, тілмаш, хатшы қызметтерін атқаруға мүмкіндік туды [1, 73 б]. Л.Жұмалиеваның жоғарыдағы пікірін әріптесі ғалым Д.Қыдырәліде қолдайды. Ол өз ғылыми зерттеуінде былай жазады: Жәдитшілердің пікірінше, мұсылмандардың артта қалуларының негізгі себебі мұсылмандардың дінді, соның ішінде діннің қайнар көзі Құран Кәрім мен хадисті дұрыс түсінбеуінің және ағарту ісінің заман талабына сай жолға қойылмай отыруынан туындаған еді. Ал, ескілікті жақтаушы қадымшыл молдалар болса, жәдитшілдердің бұл пікірімен келіспейтін еді. Міне, сондықтан, жаңашылдар мен қадымшылдар арасындағы алғашқы келіспеушіліктер де дін негіздері мен мектеп медреселер төңірегінде бас көтерген болатын.

Тарихтан белгілі, Ресей қол астындағы мұсылман жұртшылығының тегіс мойындап, бет түзейтін діни орталығы Бұхара болатын. Өйткені, көптеген ғасырлар бойы тек Түркістанның ғана емес, күллі мұсылман әлемінің ірі ғылыми және мәдени орталықтарының бірі болған Бұхара қаласы дін ғылымы мен дүниәуи ғылымдардың және сопылық өмірдің біте қайнасқан ортасы еді. Медреселерде медицина, математика, химия, астрономия сияқты ғылым салаларымен бірге діни ілімдерді терең оқытатын Бұхараға ислам дүниесінің түпкір-түпкірінен шәкәрттер ағылып жататын. Алайда, уақыт өте келе Бұхарадағы оқу орындары да тоқырауға ұшырап, кері кете бастады. Жәдитшілдік қозғалысының көрнекті өкілі Садриддин Айнидің пікірінше, Бұхара медреселерінің құлдырау ХVI ғасырдың соңына қарай, Бұхара ханы Абдолла ханның 1587 жылы Шираздан келген қонақ профессор Мирзажан Ширазиді Шейх ул-улема етіп тағайындаумен бірге басталды. Дерекке сүйенсек, осы уақыттан бастап, М.Ширази, медреселердегі оқу бағдарламаларына дүниелік пәндердің оқытылуына тиым салған көрінеді. С.Айнидің айтуына қарағанда, ескі Бұхара медреселерінде 10-12 жыл бойы білім алатын шәкірттер мұнда тек діни ілімдерді ғана үйренетін, ал, математика, геометрия, тарих, медицина сияқты дүниәуи ілімдер тіптен оқытылмайтын еді. Сондай-ақ, медреселерге басшылық ететін кейбір атаққұмар молдалар да өз аттарын шығару мақсатында медреседегі оқу бағдарламасына өздері жазған шерһ және һашиелерін, яғни түсініктемелер мен қосымшаларын қосып, уақыт өте келе негізгі кітаптардың оқылмай қалуына негіз болды [3, 12-13 б]. 

Д.Қыдырәлінің пікірімен үндес келетін пікірлер көп, солардың бірі зерттеуші ғалым Қ.Жамалов. Қ.Жамалов 2003 жыл  «Ұлт тағлымы журналында» берген ғылыми зерттеуінде мынадай қызықты дерек келтіреді «Қазақ даласында ХІХ ғасырдың соңы мен ХХ ғасырдың басында кең тарай бастаған тағы бір әлеуметтік қозғалыс татар халқының алдыңғы қатарлы зиялы қауымының арасында пайда болған жәдидшілдік «жаңашылдықтың синонимі... оның жақтастарының кертертпалыққа қарсы күресі» болды. Жәдид – қоғамдық өмір жаңаруы, ол араб сөзінен аударғанда «жаңа» дегенді білдіреді.

Жәдидшілдік патша үкіметінің отарлық саясаты негізінде пайда болып, оның негізін қалаушылардың қойған талаптарының Ресей орталығындағы мұсылман халықтарының нақты сұраныстарына сәйкес қалыптасты. Оның қатарына өткен өмір салт-саналарының қарсыластары, алға өрбудің ғылыми негізін қалауға талпынушылар, ағартушылықтың жаңа жолын ұстауды дәріптеушілер бірікті. Тарихи заман қоғамдық санасы туралы деректі «Айқапта» жаңаша оқу туралы жазылған «Көкшетауда көргендерім» деген мақаладан келтіретін болсақ, онда «Енді мұнан былай балаларыңызды орысша, мұсылманша бірдей оқытып, діні мен күндеріне бірдей ие болатындай қылып тәрбиелей көріңіздер...» деген жәдидшілдік оймен қатар Науан қазірет айтты деген қарсы қоғамдық пікірдің болғанын көреміз.

- Құдай сақтасын, газет журнал һәм жаңа шыққан кітаптар болса, алып оқымақ түгіл қолдарыңызға да ұстамаңыздар... және Құдай сақтасын, төте оқумен оқытатын мұғалімдер ұстап балаларыңызды бұзып алып жүрмеңіздер, одан қайта надан болып қалғаны артық...

Жастардың тәрбиесі мен сауат ашу мәселелері жәдидшілердің назарында болды. Ескі қадімдік оқу арқылы уақыт талабына жауап беретін мамандар даярлаудың мүмкін еместігін көре білген олар оқу орындарында реформалар жүргізілуін, ана тілі мен орыс тілдерін кіргізуді қолдады» [4, 126-127 б], – дей келе олардың жаңа бір белесіне Шоқан, Ыбырай, Абай бастаған халық ағартушыларын қосады.

ХІХ ғасырдың соңы мен ХХ ғасыр бас кезеңінде қазақ даласында ғана емес Орта Азия мен Түркияда да жәдит пен қадим өкілдерінің талас тартысы қызыған кез екенін біз жоғарыда көптеген мысалдармен келтіріп өттік. Ал сол заманда өмір сүрген Абай Құнанбайұлының дүниетанымы мен діни көзқарасы да жәдит бағытында болғанын төменде нақты деректермен келтіреміз. Қазақтың бас ақын Абай есмі Мұхтар Әуезовтың зерттеулерінен кейін халыққа кеңінен таныла бастады. Көптеген еңбектер жазып қалдырсада, Абайдың дүниетанымы мен дініне байланысты тұстарын астарлап немесе мүлдем айта алмай кетті. Сол зерттеулердің ішінде Абай жолының орны ерекше екені баршамызға мәлім. Енді сол «Абай жолының» мына бір жеріне назар аударсақ: Абай жолының екінші кітабының «Еңісте» бөліміндегі сюжетте Абай Әйгерімге үйленгеннен соң жаз бен қыс бойы үйде отырып орыс кітаптарын оқып шығып, ерте көктемде елдің барлығы қыстауда отырғанда Әйгерімнің отауын алып Жидебайдан Ақшоқыға көшеді. Өзімен бірге әке-шеше ауылынан жас балаларды және Кішкене молда деген тәрбиеші молдасымен ала келеді. Қора салатын ұсталардың қасында Әйгерім, Ербол жүреді, ал Абай болса былтыр жазда бастаған орыс кітаптарының бірін оқып үйде отырады. Сол кезде Әйгерім, Ербол және Кішкене молда үйге кіреді. Үйде отырған Абайды көре салып Кішкене молда өзінің таңданысын жасыра алмайды.

- Хұдауәндә! Бүгін жаңа қораның іргесі көтеріліп жатқанда, Абай неге бармады? Мен соған хайранмын. Өзі сау ма екен? Әлде сырхатпа? [5, 118 б], – деп даурыға сұрайды, cонда Әйгерім айтады:

- Сырхаттан сау, бірақ біздің қора салғанымыздан гөрі бұл кісінің бұндағы машақаты қиынба деймін. Содан қолы тимей жатса керек! [5, 118 б], – деп. Сосын әңгімеге Абайдың өзі кіріседі.

- Менің машақатым кірпіш қалаушы, үй-дүкен салушы төренің машақатынан ауыр десем, Ербол екеуің күлесіңғой. Бірақ төренің еңбегінің арты – үй болса, мені де солай, дәл бүгін таңда қуантып отырған бір күй бар! [5, 118 б], – деп жауап береді. Сосын Абайдың досы Ербол қалжыңдап былай айтады.

- Оңаша, салқын үйде, төрт қабат көрпенің үстінде қыбыр етпей отырған кісінің машақатынан зор машақат бар дейсің бе! [5, 118 б], – деп. Сосын Кішкене молда өзінің таңғалысын тағы бір рет білдіреді.

- Үй-жай сіздің тұрашақ мекеніңіз. Бүгін сәт күні достарыңыз, халал жар жүфтіңіз жақсы бір тілекпен көтерді. Сіздің сол сағатта үй ішіңіздің жақсы тілегіне қатынаспағаныңыз мені шын хайран етеді! [5, 118 б], – деп. Сосын Әйгерім, Ербол бірінен кейін бірі сөз алып қалжыңдап отырғанда, Абай жүрек жарды сөзін айтады. Сондағысы былтыр жазда оқып бастаған орыс кітаптарының мән-мағынасына енді, дәл қазір қора салынып біткенде толық түсіне бастағанын, соған шын қуанып отырғанын айтады. Сол түсінген кітабы Пушкиннің ұзақ әңгімесі «Дубровский» еді. Оны Кішкене молдаға молдалар тілімен жеткізеді, яғни медресе шәкірті ерінбей жылдар бойы оқыса, бір сәтте сол талапты шәкіртке, дүние есігі кең ашылып кеткендей көрінеді, сол кез медресе шәкірті үшін ең бір бақытты шақ. Оны молдалар «мұталағасы ашылғаны» дейді, деп байыппен түсіндіреді. Ал қазір болса мен ұстассыз шәкірт күйімде «мұталағам ашылған» сәті деп сөзін аяқтайды.

Абайдың бұл сөзін Әйгерім қолдап шұбат құйса, Ербол іштей мақұлдап отырғанда, Кішкене молданың көңлі басына шығып Абайды мақұлдамағанын М.Әуезов жақсы келтіреді. Осы жерден бастап таза жәдитшілдік пен қадимшілдік арасындағы дискусияны жақсы баяндап береді. Кім білсін М.Әуезов осы талас-тартысты кеңінен баяндар ма еді? Егер сол кезең атеисттік заман болмағанда? Сонымен Кішкене молданың қарсылығы.

- «Мұталаға ашылды» демек, Мантих, Ғақайыдты оқып жүріп, «Қафия», «Шарх Ғабдолланы» өз талабымен халфесіз, хазіретсіз, дәріссіз фәһімлейтін болса, соған айтса ләзім. Болмаса, орыстың әллә нинди «шытри-мытриын» фаһімледім деп «мұталағаны» бұл жерде сөз қылу мүмкін емес. Оныңыз һәм хата, Абай! [5, 118 б], – деді. Сосын М.Әуезов Абайдың Кішкене молданы тоқта деп зілмен тыйып тастағанын, одан кейін шұбатын бір сіміріп алып сөз бастағанын жазады. Абай.

- Біздің бүгінгі хәлфә, хәзрәт, көп ишан, ғұламаларымыздың осындай бір соры бар еді, Кішкене молда, сіз де содан арылмаған жансыз ғой! [5, 118 б], – дейді. Осы айтылған ой-пікірлерден біз қадим мен жадит өкілінің ашық айтысын көре аламыз. Абай сөзін тыңдап отырған Кішкене молданың жауабы.

- Абай, сіз исламият, ғарабият жолында сөйлесеңіз, мен еш нәрсе айтпас едім. Сіз кімнің кітабын, нені айтып отырсыз? Дүнияуи ғылым мәжуси, насранилерде қадимнен бар болатын, бәлки, ешбір мұсылман ғалимі оны өзіне қанағат қыларлық, шүкірана етерлік білім санамағаны қайда? [5, 118 б], – дейді. Осы жерде М.Әуезов өзі айтыстырып отырған авторларға нақты пікір білдірмесе де, өзінің жеке көзқарасын білдіреді. М.Әуезов.

- Абай жаңа бір бахас, ұзақ бахас боларын аңғарса да, Кішкене молдамен сөзді ұзартқысы келмеді. Ойында көп дәлелдер бола тұрып, молданы тоқтататын бірер-ақ сөзді айтуды қажет деп білді [5, 118 б]. Абай.

 - «Ешбір ғұлама» дейсіз, «айтпаған» дедіңіз. Өзгені қойғанда пайғамбардың хадисінде «ғұламаның жазу жазған қара сияси – шаһидтің қанынан қымбат» деген сөзді қайтесіз? Екінші ғалемнің, инсі жынның жаралмыш тарихын, тек «Қыссасүл Әнбиеден» білген білімнің аты да білім бе? Адам қауымының, бар нәсілінің мінез-құлқын тек қана «Қырық хадис», «Лаухы-нама», «Фихқкәйдәни» тұрғысынан танып-білген де жұбаныш па? [5, 118 б], – деген Абайға Кішкене молда былай жауап қатады.

- Ол аз болса, оқыңыз! Бар ғұмырыңызды сарф етіп оқып көріңіз. Бәлки, мұсылман ғұламаларын оқыңыз. Сіздің бір ғұмараңызға жетерлік білім содан да табылар! [5, 118 б]. Осы жерден М.Әуезов бұл айтысты Абай сөзімен аяқтағанды жөн санап, өзінің сүйікті кейіпкерін жеңіске жақындатып қояды. Шындық, өмірде де солай болатын. Өйткені қадим жолын ұстаушылардың саны кеміп, ұлт зиялылырының көбісі жәдит бағытын қолдайтын. Заман талабына жауап беретінде жәдитшілдер еді. Абай.

- Мен сізге хайранмын да, молда! Мұсылманшылық қағидасы «ғылым қайда болса, кімде болса, сонан ал» десе болар еді. Сіз айтқан өріс менің де біраз шарлаған жерлерім. Мен ғылымның, яғни фәннің көп ғасырлар бойы адам баласы жиған қазынасына қол артамын деп сапар шектім. Сіз оқымаған адам болсаңыз бір сәрі. Өзіңіз ұстаз саналасыз. Бірақ ғылымды бір-ақ жолдан, бір-ақ тар асудан ізде дейсіз. Ғылым демек, шексіз кең дүние демек емес пе еді. Мұсылман ғұламаларының даналары Сократ хакимнен, Афлатоннан, Аристотольден оқымап па? Солар мұсылман ба еді! Айлар, жылдар бойы іздеп отырған бір талибұл ғылымды көресіз де, «ізденбе, алысқа ұмтылма» деп етектен тартасыз! [5, 118 б], – деп тоқтап, соңғы сөзінде әрбір талаптың соңғы жететін бір бәйге төбесі болады сол жерде жолығармыз деп М.Әуезов Абай сөзін өте көркем түрде аяқтайды. Соңынан «Дүмше молда дін бұзар» дегізіп молданы Ерболға бір мазақтатып алады. Сол сәтте Кішкене молданың жынданып үйден шығып кеткеніне дейін жақсы жазып қалдырған.

Абайдың діни теологиялық көзқарасы мен дүниетанымына байланысты жерлері әліде болса көп зерттеуді қажет етеді. Жоғарыда келтірілген дилог  Абайдың діни танымының кішкене ғана көрінісі десекте болады. Өйткені М.Әуезов өз заманына байланысты зерттемеген Абайдың өлеңдері мен қара сөздері көп. Сол өлеңдері мен қара сөздері арқылы Абай дүмше молдаларды қатты сынаған. Олардың догмалық көзқарастарын, надандығын, елді бұзатындығын айыптап көптеген өлеңдері мен қара сөздерінде өткір сынға алған. Солардың бірі:

Наданның көңлін басып тұр,

Қараңғылық пердесі.

Ақылдан бойы қашық тұр,

Ойында біра-ақ шаруасы.

 

Кітапты молда теріс оқыр,

Дағарадай боп сәлдесі.

Мал құмар көңлі – бек соқыр,

Бүркіттен кембе жем жесі? [6, 129 б]. Осы сияқты өлең жолдары мен қара сөздерін зерттеудің бүгінгі күнде маңызы зор екендігін тағы бір айтқымыз келеді. Өйткені жастардың жаппай дінге бет бұруы, теологиялық білімдерді арап мемлекеттерінде оқып келіп, елімізде жоғарыда келтірген Кішкене молда мен Абай айтысының қайталануы бізді қынжылтады. Сондықтан Абай шығармаларының діни тұстарын түбегейлі зерттеу бүгінгі күннің кезек күттірмес талабы. Зерттеуді қорытындылай келе тағы бір мысалды келтіре кеткенді жөн санап отырмын. Әбіш Жиреншиннің 1959 жылғы шыққан «Абай және орыстың ұлы революцияшыл демократтары» атты еңбегінде автор Абайдың дінге көзқарасы бөлімінде былай дейді.

Өмірінің соңғы жылдарында Абайдың дінге көзқарасы бұрынғыдан да босаңси түседі. Бұл жөнінде сол уақыттардағы Абаймен кездескен адамдардың естегілері дәлел бола алады

«1897» жылы мен қыстыгүні мен Кәмали хазіреттің медресесінде оқып жүргенімде Мұсабай ноғайдың үйінде тұратын Абайға барып сәлем бердім, - Ниязбек Келдібекұлы. Абай кітап оқып жатыр екен, басын көтеріп алып менен, не кәсіп істейсің деп сұрады. Мен тұрып, медреседе «Бидан» дейтін кітап оқып жатқанымды айттым.

Абай менің бетіме назарын сала қарап, Бидан бастағанда арабша «Құдай» ол дүниеде де, бұл дүниеде де сен ізгі бақытты боласың» деген сөзбен басталады. Сен осы екі дүниеде бақытты боламын деп жүрсің  бе? – деді, жауап қайтара алмай, үндемей қалғанымда, Абай: білім іздесең орысша оқы, мал іздесең, қырға барып егін сал, ал Биданнан ешбір пайда жоқ» [7, 119-120 бб]. – деді, дейді. Қорытындылай келе айтатынымыз жоғарыдағы Абай айтқан орыс тілін қазір ағылшын тілі алғандай. Қандай діндар адам болсаңда ғылым мен техниканың тілінен кеш қалмауды, ұрпағына өсиет етіп қалдырып отыр.

Жанболат Самбетов

Дінтану магистрі

Пайдаланылған әдебиеттер:

  1. Қазақстан тарихы әдістемелік журнал. Қаңтар 1 (18) 2005 ж. 80 бет.
  2. Түркология журналы №3 (23), 2006 ж. 128 бет.
  3. Абай журналы №4. 2006 ж. 112 бет.
  4. Ұлт тағлымы журналы №3. 2003 ж. 268 бет.
  5. Абай жолы: Роман-эпопея. Екінші кітап. Абай. – Алматы: «Жазушы» 2006. – 432 бет.
  6. Абай (Ибраһим Құнанбаев). Өлеңдер, поэмалар, аудармалар мен қара сөздер. – Алматы: «Жібек жолы» 2005. – 488 бет.
  7.  Әбіш Жиреншин. «Абай және орыстың ұлы реолюцияшыл демократтары» Алматы: «Қазақ мемлекеттік баспасы» 1959. – 266 бет.