Кінә қойма, мыңмен жалғыз алысқан,
Құдіретті үн естіледі алыстан.
Сол құдірет -
Адамзаттың Абайы,
Кемеңгер де данышпан!
Кінә қойма, мыңмен жалғыз алысқан,
Естіледі сол үн -
Жерден,
Ғарыштан!
Өтсе-дағы арадан жүз алпыс жыл,
Сол құдіретті үн ұрпағымен қауышқан.
Көңілді үнге толып бүгін маңайы,
Төгіледі атқан таңдар арайы.
Жалпақ әлем,
Жаттап жүрген жырларын,
Адамзаттың - Абайы.
Көрсетсе де заманасы мың қысым,
Үркітсе де әуелеген түз құсын.
Мақтанышпен тұр ғой қарап әлемге,
Кеуде керіп
Шыңғысың!
Тербеп жатқан атын қазақ даласы,
Кемеңгердің келбетіне қарашы!
Адамзатты жүгіндірген алдында,
Құдіретті,
Құнанбайдың баласы!..
Мәрфуға Айтхожина