ҰЛЫ АБАЙДЫҢ МЕКЕНІ - ПОЭЗИЯ МЕККЕСІ

***
Түн кірпігін жапқанда егіз шумақ құраймын,
Сезіміммен алысып, күлемін де, жылаймын.
Онан әрі нәр тамбай, саусақтарым қарысып,
Тоңазыған төсекке таң біліне құлаймын.

Тояттамай көңілім ұйқасымның сиқына,
Сыздатады жүректің шиқанына ши сұға.
Дөңбекшимін көз ілмей, ойлар мүжіп миымды,
Күн шыққанда талықсып кетем тәтті ұйқыға.

Неге екенін таппаймын, таңғажайып түс көрем,
Ертегіге енемін ешқашан да күтпеген.
Саусағым да жазылып, аңсарым да табылып,
Сарқырайды кәусар жыр ақ қағазға түспеген.

Тамшыңнан бір татайын деймін шөлім жүр қанбай,
Тоқтамайды, шаршаймын көшпелі алтын куғандай.
Шыңғыстауға ұқсаттым, биік жартас басында,
Күн нұрына шомылып Абай атам тұрғандай.

Жетейін деп жанына қанаттандым тағы да,
Ащы терім қосылып жүрегімнің қанына.
Жойқын дауыл тұрды да иіріп ап тастады,
Бір найзағай жарқ етіп жолатпады маңына.

Абай атам биікте, мен етекте егілдім,
Жаңбырменен аралас жанардан жас төгілді.
Тағы да аспан күркіреп, тағы да ойнап найзағай,
Қызыл оттың ішінен Қасым ақын көрінді...

Қалдым солай төменде, қалдым солай еленбей,
Майырылып үмітім темір тескен тебендей.
Қасым ақын қабағын көтерді де жымиды,
Біз жете алмай жүргенде саған не бар дегендей.

Аспан кенет ашылды, нөсер ептеп басылды.
Қайта іздедім қарманып Абай менен Қасымды,
Қарауылдың өзені қарны тойып мол суға,
Тамырына қан жүріп астан-кестең тасынды.

Соққылаған жағаны екпініне қарадым,
Ақжал толқын үстінде Тайыр ақын барады.
Жидебайды бетке алып, дүлдүл ақын Ілияс,
Құлагердей зымырап, көз ілеспей ағады.

Алда талай күн өтер, алда талай жыл өтер,
Таланттыға табынып, талай ұрпақ жыр етер.
Ұлы Абайдың мекені - поэзия Меккесі,
Мұқағали, Жұмекен бәрі осында жүр екен.

Қарады да жасыма, жалт бұрылды шошына,
Кетіп қалған ертерек ана өлкеге асыға,
Бұрылған ем сол жаққа сәлем бермек ниетпен,
Кеңшілік пен Жұматай кел демеді қасына.

Көрсеткен соң қарсылық, мен де қалдым тартынып,
Көтеріліп ыстығым кеудемде дем таусылып.
Сәске түсте ояндым, күн күйдіріп денемді,
Жатыр екем төсекте қара терге малшынып.

Мұратбек Оспанұлы