1
1909 жылы қазақ халқының мәдени өмірінде айрықша маңызды бір тарихи оқиға болды. Абай өлеңдері жеке кітап болып басылып шықты. Бұған дейін ұлы ақын шығармаларын біреуден біреу көшіріп алып, көбінесе ел арасына, оның өзінде де бір аймақта ғана ауызша таралып келсе, енді байтақ қазақ сахарасының о шеті мен бұ шетіндегі қалың қауым поэзияның мөлдір бұлағынан емін-еркін сусындауға мүмкіндік туды. Сол тұстағы баспасөз Абай кітабының жарық көруін жарқырап атқан «әдебиет таңына» балауы да кездейсоқ емес-ті.
Кітап «Қазақ ақыны Ибраһим Құнанбай оғлының өлеңі» деп аталған. Бір ғажабы - Абай кітабы орыс мәдениетінің орталығы Петербургте басылған еді. Мұқабасында «бастырған Кәкітай, Тұрағұл Құнанбайоғландары» деп жазылғанымен, кітаптың жарық көруіне Кәкітайдың сіңірген еңбегі ерекше болатын.
Абай дүние салысымен немере інісі Кәкітай (Ғабдолхәкім) Ысқақұлы ақын ағасының мұрасын кітап етіп шығару қамына кіріседі, 1905 жылдың көктемінде ол осы мақсатпен Омбыға барып қайтады. 1907 жылы Абай өлеңдерінің Мүрсейіт Бікейұлы жақсылап көшірген бір панасын қоржынға салып алып, қайтадан сапарға аттанады. Алдымен Семейге, одан шығып, пароходқа отырып Омбыға келеді. Бұл екі шәһардың екеуінде де мұсылманша кітап басып шығаратын баспа орны жоқ болғандыктан, ол қарызданып-қауғаланып, қаражат тауып алады да, Қазанға жол шегеді.
Сөз жоқ, Уфа мен Орынборды былай қойғанда, сол тұста қазақ тілінде кітап басып шығаратын бірден бір орталық Қазан шәһары болатын. Кәкітайдың Қазанға қарай бет алуы да сондықтан еді. Бірақ, бір өкінішті жері, базбір молдасүрей ақындардың арзанқолды шығармаларын, діни қиссаларды талғаусыз да тоқтаусыз басып шығарып жатқан Қазан баспахана (матбұға) ұстаушылары Абай кітабын алушылар табылмай, шығынға белшемізден батып қалармыз деп сескеніп, Кәкітаймен селқос сөйлеседі. Не істеу керек? «Мал сатып, соғымнан қаражат жіберіңдер» деп елге телеграмма соғады да Кәкітай Абай балаларынан тек Әбдірахман ғана табалдырығын аттаған Петербургке бет түзейді. Астанада баспахана ұстайтын, түркі тілдерінде кітап шығаратын Ілияс Бораганский дейтін барын ол Қазанда жүргенде-ақ естиді. I. Бораганскиймен шартқа отырып, Абай қолжазбаларын өткізеді.
Бірақ мұнымен іс тынған жоқ-ты. Асыл мұраның жарық көрер жолында тағы бір бөгет кездеседі. Ілияс қызметкерлерінің ішінен қазақ тілін білетін, қазақша текстің корректурасын оқып, қатесін түзейтін адам табылмайды. Бұл қызметті де Кәкітайдың өз мойнына алуына тура келеді. Петербургте айлап жатуға жағдайы жоқ болғандықтан, Бораганскиймеи уәделесіп, елге қайтады. Уәде бойынша: әр баспа табақтың гранкасы почтамен Семейге жіберіледі, Кәкітай әр гранканы мұқият оқып, қатесін түзетіп, қайтарып отырады. Абай өлеңдерінің бір гранкасы «Семей қайдасың» деп бері келе жатса, екіншісі Петербургке қайтып бара жатады. Міне, осылай екі жылға созылған ерсілі-қарсылы жолаушылаудың нәтижесінде Абай өлеңдері 1909 жылы жеке кітап болып жарық көрді. Бір нәрсені айрықша атап өткен жөн: Бораганский де, оның қызметкерлері де Абай кітабын шығару ісіне мейлінше жауапкершілікпен, ілтипатпен қараған көрінеді. Сол тұста Қазан баспаларынан шыққан кітаптармен салыстырғанда, мұнда емле қатесі жоқтың қасы. Сондықтан күні бүгінге дейін ақын өлеңдерінде жаңсақ жазылған жеке сөздердің төркінін анықтау үшін Мүрсейіт қолжазбаларымен қатар осы алғашқы басылымға жүгініп келеміз.
Алғашқы басылымға Абайдың таңдамалы өлеңдері: (93), аудармалары (42) және екі поэмасы («Масғұт», «Ескендір») кірген. Кітапта ақынның суреті, сондай-ақ Кәкітай жазған бірінші өмірбаян берілген. Кәкітай Абай өлеңдерін өзінше былай топтастырған: «Халық туралы», «Өлең туралы», «Өзі туралы», «Ғашықтық туралы», «Ой туралы», «Насихат туралы», «Замандас туралы», «Сұлу ұрғашы туралы», «Аңшылық туралы». Әрине Кәкітайдың бұл топтастыруы шартты түрдегі, мөлшермен жасалған жіктеулер болғанмен, ұлы ақын поэзиясын мазмұн, тақырып жағынан қарастырудағьі бірінші қадамы еді. Тұңғыш басылымға көбінесе Абайдың кейбір замандастарын сынап жазған өлеңдері («Абралыға», «Дүтбайға», «Күлембайға», «Қыздарға», «Көкбайға») кірмей қалған. Оның себебін М. Әуезов мынада деп біледі: «Сол Абай сынаған адамдардың өзі немесе бала-бауырлары «баспаға шығарушы адамдарға өкпелейді, араздық ұстанады» деп жасқанып қалған».1
Сонымен түгелдей болмаса да таңдалып топталған тұңғыш кітабы Абайды туған халқының кемеңгер перзенті, данышпан ақыны ретінде жұртқа кеңінен танытты.
2
Абайды тану, бар мұрасын жинау, жариялау және жан-жақты зерттеу Ұлы Октябрь социалистік революциясынан кейін мемлекеттік маңызы бар іс есебінде жүйелі жолға қойылғаны көпке аян.
Тұңғыш кітабының басылымына 70 жыл толуына орай, Абай шығармаларының тұрақты (канондық), қалыптасқан текстін жасау жайы қалай, соңғы басылымның ғылыми дәрежесі, сапасы жұртшылық қанағаттанарлықтай ма, жоқ па - осы туралы, пікір алысу ретінде, өз ойымызды ортаға салмақпыз.
Біздің соңғы басылым деп отырғанымыз - ақынның «Ғылым» баспасы 1977 жылы шығарған екі томдық шығармалар жинағы Баспаға әзірлеген М.О. Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институты. Абай өлеңдерінің текстін бір ізге түсіру жолында қазіргі қол жеткен табыс санап жүргеніміз - осы басылым. Сөз жоқ, мұнда, әсіресе қара сөздерде қыруар текстологиялық жұмыстар жүргізілген, оның нәтижесінде қара сөздер бастапқы қалпына, бастапқы нұсқасына жақындаған. Ал ақынның өлендеріне келгенде, мұны айтуға болмайды.
Ақын қолжазбасы сақталмай, көшірмелердегі ала-құлалық мол болғандықтың салдарынан күні бүгінге дейін оның бір сөзін әр саққа жүгіртіп, әркім әр түрлі оқып келеді. Көпшілік өлеңдерінің нұсқасы үзіп-жұлуға көнбестей болып қалыптасса да, бір көшірмеде не бір басылымда Абайдың бір сөзінің басқаша жазылғанын көрсек, қолма-қол құлағынан сүйреп әкеп, әлгі қалыптасқан текске кіргізіп жіберуге әлі де әуестік бар. Атақты «Сегіз аяқ» өлеңінде ақын бірдің (өзінің) «мыңмен жалғыз алысқанын» тағы бір айтып өтеді:
Бір кісі мыңға,
Жүз кісі сұмға
Әлі жетер заман жоқ.
Мұнда бір кісі (ақын) мен мың кісі (надан) және жөн (жөні түзу, турашыл) кісі мен сұм (зұлым, сұрқия) кісі шендестіріліп отыр. Басы артық сөз жоқ, бәрі-бәрі орнын тауып тұр. Және еске алатын бір нәрсе - Абай шығармаларының негізгі басылымдарында (1909-1957) бұл жолдар осылайша жарияланып келді.
Соңғы басылымда мұндағы екінші жол Мүрсейіттің 1910 жылғы қолжазбасына сәйкес «Жүз кісі сұмға» (1,120) деп қабылданған.
«Қансонарда бүркітші шығады аңға» өлеңінде де жаңсақ басылып жүрген жолдар бар. Соның бірі «Құсы да, иесі де қоразданар, алпыс екі айлалы түлкі алғанда» (1,40) - деген жолдардағы асты сызылған сөздер. «Алпыс екі айлалы» түлкіні алған бүркіт (құсы), «қораздану» көбінесе құсқа қатысты айтылатын сөз, иесіне қоразданып тұрған бүркіт. Сонда бұл жолдар былайша оқылар еді:
Құсы да иесіне қоразданар,
Алпыс екі айлалы түлкі алғанда.
«Жарқ етпес қара көңілім не қылса да» өлеңінің соңғы қос жолы соңғы жинақта:
Шыдайды риза болып жар ісіне,
Қорлық пен мазағына табылса да (I, 143),-
деп басылған көрінеді. Бұрынғы басылымдарда ақырғы сөз «табынса да» деп беріліп келген еді. Осының екеуі де, біздіңше ашық-айқын ойды білдірмейді. Өлең сарынына үйлеспейді. Сірә, лирикалық кейіпкер: «Қорлығың мен мазағына таңылсам да, шыдаймын» деп күйзеліп тұрған жоқ па? Әрине, солай деп тұр:
Шыдайды риза болып жар ісіне,
Қорлық пен мазағына таңылса да.
Абайдың Лермонтовтан аударған «Жартас» өлеңінің бір сөзі соңғы басылымда тағы да түзетіліпті. Абай шығармаларының барлық басылымдарында өлеңнің соңғы екі жолы былайша оқылатын еді:
Бәрі осы-ау,- деп, қыз деген,
Томсарып тұрып жылапты.
Соңғы басылымда осындағы «қыз» деген сөз «құз» деп өзгертіліпті. Себеп мынау: «Бұл жердегі «қыз» деген сөздің оригиналға қарағанда ешбір қисыны жоқ. Сондықтан бұл жинақта жоғарғы екі жол былай жіберілді:
Бәрі осы-ау, деп құз деген,
Томсарып тұрып жылапты» (ІІ,271).
Сонда түпнұсқаға «қыз» деген сөз қиыспағанда, «құз» деген сөз қалай қиыспақшы. «Қазақ тілінің түсіндірме сөздігі» бойынша: «құз - биік жартас, терең шыңырау, таудың ұшар басы». Демек жартастың өзі - құз екен. Сірә, ол өз атын өзі атап жылап тұрмаған болар. Гәп, біздіңше, басқада. Қазақ ақыны түпнұсқадағы «тучка золотая» кімнің бейнесінде алынғандығына ой көзін жүгіртіп, ұққанын оқырманға ашып айтып отырған жоқ па? Абайдың байымдауынша, жартастың төсінде бір түнеп кеткен жас бұлт - жас қыз; жартас «бәрі осы-ау қыз деген» деп қызды жоқтап жылап тұр. Сонда бұл арада, керісінше, «құз» деген сөздің ешбір қисыны жоқ болып шығады.
Ақынның «Қалқам-ай, мен үндемей жүремін көп» (Лермонтовтан аударған) дейтін өлеңінде мынандай жолдар бар:
Жүрегімді кескілеп салып (?) жүрген
Арсыздарды досым деп неге аяймын (II, 75).
Бірінші жолдың орысша нұсқасы мынау - «Твоим сердцем хотят торговать». Онда бұл жолды «жүрегімді кескілеп сатып жүрген» деп оқыған жөн болар.
Абай шығармаларының басылымдарында осындай ойласуды, текстологиялық тексерулер жүргізіп, тиянақтауды қажет ететін жәйттер әлі де көп сияқты. Оның бәрін шағын мақалада түгел қамтып сөз ету мүмкін емес. Сонда да тағы бір-екі сөз тіркесіне оқырмандар назарын аударғымыз келеді. «Біреудің кісісі өлсе, қаралы ол» өлеңінің бір жолы бұған дейін үш түрлі жазылып басылып келіпті:
Сүйенерлік адамды құрмет қыл (1909)
Сүйенерлік адамға сөз кұрмет қыл (Мүрсейіт).
Сүйенерлік адамды сүй, қызмет қыл (1933).
Осы үш нұсқаның қайсысы «тілге жеңіл, жүрекке жылы тиіп» тұр? Біріншісіндегі сөздер бір-бірімен дұрыс үйлесіп, дұрыс қабысып тұрған жоқ, әдетте «адамға құрмет қыл» деп айтылады. Және «құрмет» деген сөзге бір буынды зорлықпен қосып отырмыз. Бұл сөз Абайдың басқа өлеңдерінде кәдімгі «құрмет» түрінде кездеседі («Кім тояр қылған құрметке», «Біріңді бірің ғиззат құрмет етіс». Мүрсейіт көшірмесінде жеке сөздер қате жазылған. Біздіңше, ұнамды нұсқа - үшіншісі. Мұнда ой айқын, жолда ешбір мүкіс жоқ, тілге жеңіл, жатық оқылады. «Адамды сүй», «қызмет қыл» дейтін сөз тіркестері Абайдың жиі, сүйіп қолданатын сөздері. Сірә, 1933 жылғы толық жинақты түзеген М. Әуезовтің қолында белгілі көшірмелерден басқа бір көшірме болуы да ықтимал. Бірақ, бұған қарамастан, өкінішке орай, ақын шығармаларының соңғы басылымдарында бірінші нұсқа («Сүйенерлік адамды құрмет қыл») беріліп жүр.
Абайдың тұңғыш кітабы қандай михнатпен шыққаны жоғарыда сөз етілді. Соның өзінде онда қате өте аз еді. Ал қазір Абай кітаптары жарық көргенше қаншама қолдан өтеді десеңші. Бірақ, бәрі бір, ақын өлеңдері емле қатесінен арыла алмай келеді. Біз тыныс белгісінен кеткен қатені айтып отырғамыз жоқ, ондай қатесі жоқ өлең сирек кездеседі. Ақынның мектеп оқулықтарына кіріп жүрген «Күлембайға» дейтін белгілі өлеңінің бастапқы жолдарын оқып көрейік:
Сияз бар десе жүрегім,
Орнықпайды суылдап (I, 106).
Міне, мұнда үтір дұрыс қойылмағандықтан, өлең жолдарының мағынасы бұзылған. Лирикалық кейіпкерге «сияз бар» деп жүрегі айтып тұрғандай. «Жүректен» кейін үтір қойылған соң, келесі жолға («орнықпайды суылдап») оның ешбір қатысы болмай қалған. Кітапты баспаға әзірлеушілер әрбір өлең жолынан кейін әйтеуір бір тыныс белгісі қойылуы шарт деп білетін сияқты.
Түйеде қом, атта жал,
Қалмады елге тығындап.
Сүйтсе-дағы елімді,
Ұстай алмады мығымдап (I, 106).
Әйтпесе осындағы бірінші, үшінші жолдардан кейінгі үтірдің не қажеті бар? «Атта жал қалмады», «елімді ұстай алмадым» деп жазсақ, үтір қойылар ма еді? Жоқ, қойылмас еді. Ендеше өлең жолдарында да сол ереже сақталу керек.
Бастапқы пікірлерімізге қайта оралайық. Соңғы басылымда бұрынғыдай емле қатесі де баршылық. Бұл, әрине академиялық басылымға жараспайды-ақ. Басқаны былай қойғанда, бір-ақ буыннан тұратын, бірінші класс оқушысы дұрыс жаза алатын оп-оңай «бас» деген сөз бірінші томда үш түрлі құбылтылған:
Төбетке өлекшінің бәрі бір бас (60),
Жамандық, жақсылықпен - оған бір бәс (203)
Ол күндер - өткен күнмен бәрі бір бес (265).
Енді соңғы басылымдағы түсініктер туралы бір-екі сөз. Мұнда да көптеген жаңсақтықтар бары байқалады. Ең бастысы - түсінік пен текст бір-біріне сәйкес келе бермейді. Мәселен, 357-бетте (I т.) берілген түсінікте: «Екінші шумақтың алғашқы жолы 1909 жылғы жинақтың негізінде: Жас қартаймақ, жоқ тумақ, туған өлмек, - деп басылып келген. Бұл жолы Мүрсейіт қолжазбалары бойынша:
Әзелде жас қартаймақ, туған өлмек,-
деп берілді». Ал, текстке қарасақ (44-бет), «Жас қартаймақ, жоқ тумақ, туған өлмек» деп 1909 жылғы нұсқаның өзі басылған. Жұрт қайсысын дұрысы деп қабылдамақ? Немесе 388-беттегі (Іг.) түсінікте: «Сегізінші шумақтың төртінші жолы 1909 жылғы басылым бойынша:
«Жақсы құрбы»,- деп алынды» - десе, 146-бетте: Мүрсейіт қол-жазбаларына сәйкес «Жасы құрбы» деп берілген. Міне, мұндай текстпен түсініктің арасындағы алшақтықты академиялық баспаның басты міні деп білеміз. Түсінікте қосымша түсінік тілейтін жәйттер де көп. «Жүректе көп қызық бар, бәрі жақсы» - деген өлеңге былайша түсінік берілген: «Соңғы кезде бұл өлеңнің Я. Полонскийден аударма екендігі анықталды» (II, 217). Қош, солай дейік. Бірақ оқушы жұртшылыққа әлі де бірдеңелер түсініксіз қалған сияқты. Алдымен, Полонскийдің өзі кім? Сонсоң, мынау оның қай өлеңінің аудармасы? - міне, түсінікте бұл сұрақтарға жауап жоқ. Айтпақшы, Полонский демекші, бұл адамға байланысты тағы бір айтар сөз бар. Екінші томның соңында кісі аттарына түсінік берілген. Алайда Полонский ол түсініктен де сырт қалып қойыпты. Бір ғана ол емес, Абай «Мен көрдім ұзын қайың құлағанын» («Разбитое сердце») деген романсын аударған орыс ақыны В.А. Крылов та «Кісі аттарына түсінікте» атаусыз қалған. Қазақ оқырмандарына өте-мөте бейтаныс бұл екі ақын жайында мағлұмат беру қажет-ақ еді.
Абай мұрасы - уақыт озған сайын көне тартпайтын мәңгі жас мұра, оны зерттеу, тану ісі үздіксіз жүргізіле бермек. Әр ұрпақ Абайды өзінің тұрғыласы санап, ол туралы өз сөзін айтпақ. Абайтанудың көп саласының ішінде күн тәртібінде бірінші болып тұрған - ақын шығармаларының текстіне айырықша жауапкершілікпен қарау болса керек.
Абай тағылымы. Әдеби-сын мақалалар мен зерттеулер
/ Құрастырған филология ғылымдарының докторы,
профессор Нығмет Ғабдуллин. -
Алматы: Жазушы, 1986. – 364-372-беттер.