ЗЕЙНОЛ-ҒАБДЕН БИСЕНҒАЛИ: АБАЙ ЖӘНЕ ӘУЕЗОВ

 

Абай қара сөздерiнiң «Абай жолы» эпопеясында қолданылуы әуезовтанудағы ірі проблемаларды деректі негізде қозғауға және даңқты эпопеясын жазу жолындағы М.Әуезов­тің шығармашылық лабораториясына енуге, оның әлi белгісiздеу жатқан астарларына көз жiберуге мүмкiндiк бередi.

Абай қара сөздерi мен «Абай жолы» арасындағы байланыстарды анықтау үшiн
эпопеяда байқалған мазмұндық сәйкестiк пен өзгешелiктердi салыстыра
қарастырғанда біраз жайлар айқындалады. Қаламгер романда қарасөздерi
қаз қалпында да, мазмұн мен мағына, ой әуендерiн сақтай өзгерте де
колданылады. Әр әрекеттің астарынан ұлы жазушының көркем мазмұнға
артатын алуан түрлі ой, тұспалдары байқалады. Қара сөздер — ұлы
гуманистiң болмыс пен тiршiлiк, табиғат пен адам өмiрі, қоғам мен заман,
сенім мен сезік, дін туралы философиялық ойлары мен толғаныстарының
нәтижесi. Бұл шығармаларды ұлы ақын белгiлi бiр жанр қалыптарын
сақтамай, толғаныс, тебіреністерінің үндестігін көздемей, тақырыптарды
топтастырмай еркiн жазған. Сонықтан да қоғамдық-гуманитарлық бағыттағы
әр зерттеушi одан өзiне қажет мәндi белгiлердi, ойларды тауып жатады.

Қара сөздер табиғаты күрделi. Онда көркем прозаның шағын жанрларының
талайы кездеседi. Мысалы, Абайдың нақыл сөздерi мен мақал-мәтелдер,
шешендiк сөз үлгiлерi, этика, эстетикалық толғаныстар көркем шығарма
табиғатын танытса, замана тынысы мен ел тіршілігі туралы байсалды
байымдаулары көркем көсем сөз үлгісінде кестеленген. Қиын заманда тұрмыс
кешіп жатқан халық тәжiрибесi туралы өз байламдарын, толғаныстар
түйiнін сөз маржандары арқылы көркем туындыға айналдырады. Дiн, исламият
негiздерi мен таным мәселелерi туралы шығармалары — тастих, трактат,
эссе, ғылыми мақала, публицистика түрлерiне жақын келедi. Дiни аңыз,
ертегi сюжеттерiне жазылған шығармалар халық прозасының стилiн сақтайды.
Қазақ қоғамының келелi мәселелерiн көтеру: ел басқару, кәсiп үйрену,
өнер-бiлiмге, өркениетке шақыру, келеңсiз құбылыстарды сынау т.б.
тақырыптағы сөздердi публицистика жанрына жатқызуға да болады. Оқу,
бiлiм, таным туралы насихат, өсиет, кеңестерi дидактикалық мақала, т.б.
үлгiлерiн сақтайды.

Ұлы Абай бейнесiн сомдауда бұл материалдар М.Әуезов тәрiздi талантты
қаламгер үшiн аса бағалы қазына болатын. Туған халқының тіршілігі мен
болашағы туралы Абайдың дүниетанымын, ой-армандары, сезiм сырларын
деректі негізде бейнелеуде қара сөздерде жазушының шығармашылық
лабораториясына енуге кiлт болатын негiз бар. Мәселен, бiрiншi сөзiнде
Абай былай жазады: «…осы ойыма келген нәрселердi ақ қағазға жаза
берейiн, ақ қағаз бен қара сияны ермек қылайын, кiмде-кiм iшiнен
керекгi сөз тапса, жазып алсын, я оқысын, керегi жоқ десе, өз сөзiм
өзiмдiкi дедiм де, ақыры осыған байладым, ендi бұдан басқа ешбiр жұмысым
жоқ» [Абай Құнанбаев. Шығ. 2 томдық жинағы. 2-т., — Алматы, 1977. – 128
*Қара сөздер туралы барлық сілтемелер осы басылым бойынша беріледі].

Бiр ғажабы нақыл сөздер мен мақал-мәтелдерден өзге қарасөздерде Абай өз
ойларын ақиқат түрiнде ұсынбай, өзiнің ішкі ойларымен сырласу, ойлану,
толғаныс үлгiсiнде жазады. Онда ұлы ақынның өз ойларының дұрыстығына
күмәнданудан туындайтын толғаныс, терең тебіреніс, т.б. бар. Замана
қазақ қоғамы алдына тартқан мәселелер туралы сөздерiнде ұлы гума-нист
әркез толқиды, тебiренедi… Ал осының бәрi М.Әуезов тәрiздi талантты
қаламгер қолында қандай көркемдiк қуатқа ие болатынын болжауға болады.
Солай болған да.

Абай қара сөздерi — М.Әуезовтің көңіл қоя зерттеген тақырыптарының бiрi.
Оны Абай шығармаларының 1933 жылғы басылымына тұңғыш енгiзушi де
М.Әуезов. Алайда қара сөздердiң бұдан кейiнгi тағдыры, зерттелуi мен
қоғамдық санаға жолы оңай бола қойған жоқ. Жарияланған күннен бастап
1950 жылдар ортасына дейiн түрлi күдiк пен күмәннiң, дау-дамайдың
себебiне айналды. Оның Абайдың шығармалары екендiгiне күдiктенушiлер де
аз болмаған. Оған Абай қара сөздерiнде негiз де бар едi. Мысалы,
өлеңдерiн таза қазақ тiлiнде жазған, «бөтен сөзбен былғанса сөз арасы,
ол ақынның …бейшарасы» деушi қаламгер қара сөздерiнде бөтен сөздердi
көптеу қолданады. Тiптi оның бүгiнгi оқушыға түсiнiксiздеу көрiнетiнi де
бар. Мәселен, отыз сегiзiншi сөз. Екiншiден, қара сөздерде Абайдың дiн
туралы ойлары да көп козғалады, т.б.

Бұлардың дүниетанымдық, философиялық мәнi бүгiнде даусыз. Ал ол жылдарда
(отызыншы-елуiншi) Абайдың кара сөздерiнде, өлеңдерiнде айтатын дiн
туралы ойларды идеологияға байланған сыншылар қауiптi пiкiр тәрiздi
көрсеттi. Кеңес империясы кезiнде Абай шығармаларын зерттеушiлердi осы
пікірлер қатты үркiтті.

Ақынның дiнге қатысы әсiресе, оның қара сөздерiнде жүйелi сипат алып,
жан-жақты, те-реңдей қозғалады. Сондықтан оған соқпай өту ақынның
дүниетанымын, шығармашылық iзденiстерiн зерттеушiлер үшiн қиын түйiнге
айналды. Мұны көптеген ғалымдар бiлдi. Коммунистiк идеологияға симайтын
Абай ойларына тереңдеуден, оған «зиян» тигiзуден қауiптенiп бұл
тақырыпты сөз арасында, жеңiл-желпi қозғаумен ғана шектелiп жазылған
жұмыстар баршылық. Осы еңбектер арасында М.Әуезов зерттеулерiнiң орны
мүлде бөлек. «Абай дiнi — сыншыл ойдың дiнi» деген пiкiрдi алға тарта
отыра оның дiнге қатысы туралы ресми идеология мүмкiндiк берген деңгейде
талай терең ойларын астарлап айтты.

М.Әуезовтiң шығармашылығындағы Абайдың дiн туралы айтқандарын жүйелей
келе, профессор М.Мырзахметов талай нәрселердiң бетiн ашады. «М.Әуезов
Абай шығармашылығындағы ақын дүниетанымына сүйене отырып, Абайтану
саласында ұзақ жылдар бойы iздену, ой қорыту арқылы Абайдың исламиятқа
қатысын анықтауға, ол жайлы танымдардың негiзiн бiлуге ұмтылып келдi.
Өйткені Абайтану саласында бұл тақырып шешiмiн таппады, арнайы нақты
зерттеулер бой көтермедi. М.Әуезовтың өзi де сол кезең жағдайына
байланысты Абайдың исламиятқа қатысын арнайы зерттеулер арқылы ашпайды;
осы саладағы ұзақ жылғы зерттеуден туған ойларын қорыту, келешек
зерттеулерге адастырмас бағыт берер тезистiк ой-пiкiрлер желiсiн
ұсынумен шектелдi» [Мырзахметов М. Мұхтар Әуезов және Абайтану
проблемалары. – Алматы, 1982. – 176]

Қаламгер дүниетанымының шығармашылыққа қатысын мойындар болсақ, өмiр
философиясына терендеп, заман шындығын iздеген Абайдың шығармаларында
дiн тақырыбының кездесуi тiптi де кездейсоқтық емес. Онда аса күрделi
тақырыптарға тереңдеу, жүйелi сипат бар.

Философиямен арнайы айналыспаса да Абай шығармаларында оған қатысты
терең пiкiрлер дін туралы толғамдарында мол. Мұның үлкен бiр қайнары —
Абайдың қара сөздерi. Сондықтан да М.Әуезов оның өзегiндегi iрi
философиялық ойларды, толғаныс үстiндегi ұлы гуманист толқуларын айқын
көрсете алатын Абай қара сөздерiн өзiнiң эпопеясында асқан шеберлiкпен
пайдаланады. Астарлай да қолданады. Оған сол кездегi ресми идеология
мәжбүр еткен.

М.Әуезовтiң зерттеулерi мен эпопеясында шығармашылық процесс үстiндегi
ақын толғамдары қара сөздер мәтініндегі ойларға сүйене отыра деректі
негізде көрсетiледi. Батыл байымдауларға негіз болатын қара сөздер
өзегiндегi Абай ойлары толқулар мен жұмбақтау сырларға иек артатын
байсалды пiкiрлерге бастайды.

Қара сөздерде Абайдың ғылыми, діни, шығыстық терминдердi жете түсiнiп,
еркiн қолданған бірден көрінеді. «Абай жолы» эпопеясында М.Әуезов
алдымен осыны шебер суреттейдi. Ақынның жеке ой-толғаныстарында ғана
емес, адамдар арасындағы қарым-қатынастарында да оны ұтымды
пайдаланғанын бейнелейді.

Қаламгердің алдына қойған бірнеше мақсаттары аңғарылады. Ақын
iзденiстерiн көркем шығарма тiліне көшiру барысында дiни түсiнiк пен
шығыстық әдебиетте жиі қолданылатын сөздердi көбіне кейiпкер тiлiнде
аударады. Бір қарағанда оларды даралау үшiн әдейі пайдаланатын тәрізді.
Алайда мұнда ұлы ойшылдың көңілін аударған күрделі мәселелер де
көрінеді. Бұл бiр болса, екiншiден, Абайдың дүние­танымдық
ізденістеріндегі мәнді идеяларды оның замандастарының сауатты оқырманына
жақсы таныс, зиялы қауымға түсінікті, үрдісті тiлге көшiрмесе
шығармадағы мәндi мәселелер бойынша өрбитін тартыс, қайшылық күңгiрт
тартып, көркемдiк деңгейi сұйылып көрiнер едi. Елге, көпке түсініксіз
тілдегі тартыста қандай мағына болуға тиіс.

Абайдың өмiрбаяны мен өскен ортасын, дүниетанымы мен саяси-әлеуметтiк
көзқарасын, азаматтық, эстетикалық пiкiрлерiн, шығармашылығы мен
шығармаларын жете бiлетiн М.Әуезов, оның дiн исламиятқа қатысын Абай
жолы эпопеясында ашық айта алмады. Жақын-жорасы мен дос-құрбылары күйбең
өмiрдiң күйкi тiрлiгi кезiнде айтқанын ұқпай, ұсақ-түйекпен жаралаған
сәтте Абайдың дiнге көңiл қойғанын, қасіретке батқан көңiлiн қайғы
торлаған кезде қалтыраған жанына жұбанышты содан iздегенiн ол кезде
М.Әуезов жаза алмайтын едi. Бұл социалистiк реализм мен совет үкiметi
идеологиясының қасаң қағидаларына мүлде кереғар келер едi. Сондықтан
автордың өзiне тиер қырсығын былай қойғанда, шығармашылығы туралы
қилы-қилы сөз айтылып жүрген Абайға да кесiрiн тигiзетiн. Мұны М.Әуезов
жақсы бiлдi.

Қарасөздердi оқыған адам туған халқы үшiн жүрер жол, ақиқат, шындық,
әдiлет iздеген Абайдың терең тебiренiстi ойларының иiрiм-дерiнен
қайшылықтары мол кереғар шешiм-дерге де жолығар едi. Ұлы ойшыл ғұламаның
өзi де өмiрде бәрiн бiлдiм, iздегiнiмдi таптым деп ешқашан айтқан емес.
Оның шығармашы-лығында, әсiресе, қара сөздерiнде жанына бат-қан күрделi
толғамдардың тарам-тарам толға-ныстармен қабаттасып отыратыны
сондықтан.

«Абай жолын» жазу барысында М.Әуезовтi толғандырған талай жайлар болды.
Құнанбай мен Шәкәрiм бейнелерiне келгенде, қаламгер қанша қиналса,
Абайдың дiнге қатысын бейне-леуде де сонша азап көрдi. Бұл қиын заманда
халқы үшiн жол iздеген, соған көмектеспек болған ғұлама ойларының
терендiгiн көрсету үшiн ғана емес, Абайдың көркем бейнесiн жазу үшiн де
аса қуатты деректер едi.

Қара сөздер Абай өмiрiнiң соңғы, қиын жылдарында жазылды, сондықтан да
онда осы психологиялық күй табының болатыны анық. Абай халық басындағы
шындықты айтты. Соның ең iрiсi патша үкiметiнiң қазақты шоқындыруды
мақсат еткен пиғылы едi. Абай оны жазбай таныды. Отаршыл Ресей үкiметтiң
қазақты өркениетке жеткiзейiн деген мақсатының жоқтығын бiлдi. «Ақылдың
азабын» тартып қиналған сәтте, калтыраған жанына дауа iздеп шартарапқа
үңiлген Абайдың қайта-қайта дiн-исламиятқа, дiн философиясына келе беруi
сондықтан.

М.Әуезов Абайдың исламият туралы ойларын жанды процесс тәрiздi қозғалыс,
тебiренiс үстiнде көркем мазмұнға көшiре көрсетедi. Абай өмiрiнiң
қайшылықтары мен соны мәлi­меттерiн шығармаларында сақталған сезiм
табымен салыстыра, астарына үңiле отыра бейнелейдi. Ресейдiң қол
астындағы исi мұсылман халықтар бiр мүптилiкке (муфтий) қарауы қажет
деген әңгiме шыққанда Абай қатты толқиды. Маңайындағы зиялы қауым, елмен
әңгiме кезiнде де басты тақырып осы төңiректен өрбидi.

Алқалы жиындағы Абай сөзiнде дiнге қарсылықтан гөрi (бұрынғы
зерттеулерде осылай талданған), осы негiзде топтасып өзгелерден, басқа
дiндегiлерден, оқшауланамыз, ислам негiздерiне қарай бiржола бұрыламыз
деушi­лерге қарсылық анық сезiледi:

«Ең әуелi ислам дiнiнiң қауымы болмақ дейдi. Дiн қарындас деп, мысырдың
арабынан, Үндiстанның мұсылмандарынан, Стамбулдың халфе-сұлтанынан,
шайхұлысламнан Россияда, Сибирде жатқан қазаққа қарындас тауып бермек.
Туысқан таппақ болысады. Ең алдымен осының өзi жалған. Әр халықтың қалың
қауымын алсақ, күнделiк тiрлiгiнде сыбайлас көршiсiмен келiсiп күн
кешедi. Бiздi Халифенiң мұсылманымен жақындатам деушiлер ең алдымен
қасымыздағы көршiмiз орыс халқынан алыстатам дейтiн болады. Ал сол
орыспен сен қайтып алыс боласың, қазақ халқы? Жеке адам да, тұтас қауым
халық та жанды тiрлiк етедi. Тiрлiк дегенiмiз мынау — iшкен су, жеген
тағам, киген киiм, өмiр сүрген үй ортаң. Өзгенi қойып Семейдiң қазағы
сенi атайын; мынау Ертiс, сенiң өзенiң емес, орыс халқының өзенi.
Ендеше, ең әуелi Семей қазағы сенiң iшiп отырған суың орыс халқының суы.
Екiншi, жеп отырған наның өзiң егiн екпейтiн, еңбек саумайтын елсiң,
орыс мұжығының өсiрiп берiп, тиiрменiне тартып әкеп берiп отырған ұны.
Одан қала берсе киген киiмiң, кiрген үйiң, барша бұйымың мен жиының —
бәрi-бәрi орыс халқының қаласынан, өнерiнен келiп отырған дүниең! Сен
осыдан алыстамақсың ба? Алыстасаң тырдай жалаңаш кетiп бар да қарындас
таба ғой! Екiншiден, қараңғыда жатқан, қалың тұман басқан, соры басынан
асқан қараңғы елмiз. Бiзге ең алдымен не керек? Бiлiм жарығы керек.
Өзiмiз надан өтсек, ендiгi нәсiлiмiздi болса да тез оқытып, дүниенi
танытып, көзiн ашуымыз керек, асығуымыз керек бұл жолда! Сол жөнiнде де
бар жарығын ала бiлсең, аямай беретiн досымыз — орыстың өнерi, орыстың
үлгiлi қауымы» [М.Әуезов. 20 т. шығ. жинағы., 6-т., 371-372]. Абайдың
бұл сөзi «панисләмдiк» идеяларға қарама-қарсы.

«Қазақтың қара заңынан, ата-баба надандығынан алыса жүрiп құтылу оңай,
ал «муфтиге қарап, дiн-қарындас iздеймiз» деп қараңғы түнекке тағы
апарып, өзi жабайы жұртты қамау, ол бұл күнде адасқандық. Аяп айтсам —
адасқандық, қажап айтсам — қастық». Абайдың бұл сөзi Ресей
мұсылмандарына ортақ «Мүфтиге қазақ халқы қараудың қажетi жоқ» деген
ойға негiзделген. Туған халқына Абай iздеген жол, Абай көз тiккен
көкжиек өнер, оқу-бiлiмге апаратын жол болуы керек. Оны үйренетiн жер
керек, сол арқылы өнерлi өркениетгi елдер тобына қосылу. Бұл ой-идеяның
Абай шығармашылығымен өзектес екенi дау туғызбаса керек. Әсiресе,
Абайдың қара сөздерiнде айқын көрiнедi.

Демек бiр қарағанда дiнге қарсы тәрiздi көрiнетiн Абай сөзiнде, дiн
атаулыға емес, осы негiзде оқшаулануға, топтасуға, сепаратизмге қарсылық
бар. Әрбiр халық қалай болса да қатар отырған көршiсiмен санасуға, тату
болуға, керегiн алуға, оның тәжiрибесiн үйренуге қарым-қатынас жасауға
тиiс дегенге саяды.

Ресейдiң орыстандыру саясатына қарсы күресуде мұсылман, қазақ
дiнбасылары Абайдан үлкен үмiт күтедi. Абай да үнемi ой үстiнде болған.
М.Әуезов осы толғаныстарды Абайдың Павловпен қарым-қатынастарын бейнелеу
арқылы көрсетедi. Қазақстанда айламен де, күшпен де жүргiзiле бастаған
осы саясат туралы кезiнде Абай неге Павловпен пiкiрлеседi? Осы
кейiпкердi тандауда да М.Әуезов iзденiстерiнде мақсаттылық бар. Павлов —
озық ойлы, оқыған тұлға ғана емес, өзге дiндегi адам.

Ендi осы мәселеге қатысты уақиғаларға ой жүгiртiп көрелiк.
Маңындағылармен кейiнгi әң-гiмелерде де Абай «қазақ ата-бабасынан берi
соншалық құдайшыл боп, дiншiл боп өскен халық емес…» Сондықтан
приговорды жасамасын да, қол да қойып ырзалық бiлдiрмесiн! Бiз муфтидi
тiлемеймiз!» деген пiкiрлер айтады. Өйткенi «… халықты көтеретiн шариғат
емес, өнер мен бiлiм». Ал өнер мен бiлiм шариғат жолында емес, ол «…
өнерлi елден үлгi алудың жолында». Ақын ойлары қазақ елiнiң хал-жағдайын
өркениеттi елдердiң жай-күйiмен реалды салыстырудан туындайды.

Абайдың дiн туралы пiкiрлерiнде мұндай сөз жоқ. Алланы бар деп,
пайғамбарларды оның еркiн жеткiзушiлер деп бiлген жан үшiн шариғат заң
болуға тиiс. Алайда Абай шығармаларын қадағалай оқыған адам, әсiресе,
қара сөздерiнде, оның дiн туралы пкiрлерiнде талай жаңа үн, ой
толғамдардың да барлығын аңғарар едi.

Жиырма сегiзiншi сөздегi Абай ойларына бойлап көрелiк. «… Әрбiр ақылы
бар кiсiге иман парыз, әрбiр иманы бар кiсiге ғибадат парыз екен. Және
де әрбiр рас iс ақылдан қорықпаса керек. Жә, ендi бiз ақылды еркiне
жiбермесек, құдай тағаланың ақылы бар кiсiге иманы парыз дегенi қайда
қалады? Дiнiмiздiң бiр жасырын тұрған жалғаны жоқ болса, ақылды, оны
ойлама дегенiмiзге пенде бола ма? Ақыл тоқтамаған соң дiннiң өзi неден
болады? Әуелi иманды түзетпей жатып, жалған ғибадат не болады?» [Абай.
Шығармалары. 2 томдық толық жинағы. Алматы, 1977. 170-171]. Ойлана
қарайық, Абай ойларының бағыты әуелi иман түзеуге бастайды. Ал иман —
мұсылман дiнiнiң өзегi. Ол — Алланың барлығына, Мұхаммедтiң оның елшiсi,
пайғамбары екенiне сенiм. Ол сенiм болмайынша, оған ғибадат ету онша
сенiмдi де болмақ емес. Демек Абай адам сенуi үшiн де зердемен ойланып
барып тоқтаудың қажеттiгiн айтады. Абай 38-сөзiнде бұл ойды әрi
өзгешелеу өрбiтедi. «Сен Алла тағалаға Алла тағала үшiн иман
келтiремiсiң? Я өзiң үшiн де иман келтiремiсiң? Сен иман келтiрмесең де
Алла тағалаға келер ешбiр кемшiлiк жоқ едi. Я өзiң үшiн иман келтiрсең,
жә инандың. Ол инанмақтығың құр ғана инанмақ бiрлан қылса, саған пайда
бермейдi. Оның үшiн сен өзiң инанмақтығыңнан пайда ала алмадың:
пайдаланамын десең, пайда бередi, кәмiл иман болады. Пайданы қалайша
алуды бiлмек керек».

Абай осы сөзiнде әр нәрсенiң анығын айырып бiлу арқылы тану, сену керек,
сонан кейiн барып оған тоқтау керек деген ой айтады. Сол тәрiздi, егер
мұсылман атаулының бәрi тек ахиреттi ойлаумен құлшылық жолына шықса,
онда «малды кiм бағады, дұшпанды кiм тоқтатады, киiмдi кiм тоқиды,
астықты кiм егедi, дүниедегi алланың пенделерi үшiн жаратқан қазыналарын
кiм iздейдi?» [2-т., 199]. «… бұл жолдағылар қор болып, дүниеде жоқ
болып кету де хаупi бар. Уа, кәпiрлерге жем болып кетуде… Адаспай тура
iздеген хакiмдер болмаса дүние ойран болар едi. … Әрбiр ғалым хакiм
емес, әрбiр хакiм — ғалым» [202].

Абай адам қоғамын, елдi шаруашылық, мәдениет, өнерге бастайтын хакiмдер
ролiн жоғары бағалайды. «Бұл хакiмдер ұйқы, тыныштық, әуес-қылықтардың
бәрiн қойып, адам баласына пайдалы iс шығармағына, яғни электрдi тауып
аспаннан жайды бұрып алып дүниенiң бiр шетiнен қазiр жауап алып тұрып
(телефон — З.Б.) мың адам қыла алмастай қызметтер iстетiп қойып
тұрғандығы, уа хусусан (әсiресе — З.Б) адам баласының ақыл пiкiрiн
ұстартып, хак бiрлан батылдықты айырмақты үйреткендiгi — баршасы
нәфиғлық (пайда берушi — З.Б) болған соң бiздiң оларға
мiндеткерлерiмiзге дау жоқ. Бұл заманның молдалары хакiм атына дұшпан
болады. Бұлары бiлiмсiздiк, бәлкiм бұзық пиғыл…»[2-т., 2002-203].

Абай бақи дүниелiк iстердi тындырып, шаруа, тiршiлiк жасап жатқан
адамдар ролiн жоғары бағалайды. Сондықтан да надан қараң-ғы елдi артқа
сүйреу «адасқандық, қадап айт-қанда қастық болмақ», — деп жазады.

М.Әуезов «Абай жолының» төртiншi томында Абайдың мүфтилiкке
ой-пiкiрлерiн жеткiзу барысында Абай қара сөздерi астарында жатқан терең
ойларды шебер қолданады. Надан молдалар уағыздап жатқан шариғат бабымен
жаңадан өмiр құрам дегеннен гөрi замана қабағына, әрекетiне қарай
кәсiп, өнер бағытына көз тiгу, солай бақылау қажет деп есептейдi.
«Халықты көтерген шариғат емес, өнер мен бiлiм шариғат жолында емес, ол
өнерлi елден үлгi алудың жолында өзге төрт тарапың келiсiп, ендi тек
муфтиге қарауың қалып па? Одан да өнерiнен пайда тиетiн елдiң жақсылығын
алып пайдасын көрейiк. Ал дiн-қарындас боп қосыламыз деген ұран бiздiн
көкейiмiзге қонбайды… Себебi ол өнерден, бiлiмнен қашқақтатпаса,
жақындатар жол емес! Муфти бiзге қол емес, осы жүрген молдалардың өзi де
жетедi» [М.Әуезов. 6-т., 366-367].

М.Әуезовтiң «Абай жолында» қара сөздердi мүлде жасырын, болмаса, ондағы
әуендердi ғана пайдаланатын тұстары да жоқ емес. Семей қаласындағы оба
ауруы кезiнде Абайдың халық аралап, үгiт айтпақ болып жүргендегi
ойларына, iс-әрекетiне түрткi болған жайларды суреттеуде Абайдын
сегiзiншi сөзiнде айтылатын әуендердi колданады: «Осы ақылды кiм
үйренедi, насихатга кiм тыңдайды? Бiреу — болыс, бiреу — би. Олардың
ақыл үйренейiн, насихат тыңдайын деген ойы болса, ол орынға сайланып та
жүрмес едi. Олар өздерi де озық кiсiмiз, өзiмiз бiреуге үлгi берiп, ақыл
айтамыз деп сайланды. Өздерi түзелiп жеткен, ендi елдi түзерлігі-ақ
қалған. Ол не қылып тыңдасын және тыңдайын десе де қолы тие ме?…»[Абай.
2-т., 140].

М.Әуезов Абайдың иман туралы 13-сөзiнде айтылатын ойлары қаз қалпында
пайдаланумен қатар, оны шығарма жүйесiне орай бiраз кеңейте де еркiн
қолданады. Абайдың дiн туралы көзқарасына тоқтала баяндаумен қатар, ел,
халық қамын ойлаған үлкен жүректiң лүпiлiн оқырман алдына жайып салады.
Осы мақсатта Абай қара сөздерiн шебер пайдаланады. Мұнда көңiл
аударарлық екi түрлi мәселе бар. Қара сөздер Абай өмiрiнiң соңғы
жылдарында жазылған. Бұл — Абайдың қазақ өмiрi туралы қайшылықты ойларын
айқындап, тарата бастайтын тұсы.

Алайда қара сөздердi пайдалану барысында М.Әуезов хронология сақтамайды.
Әрi қара сөздер негiзiндегi арналы ойды сақтай отыра шығарма жүйесi мен
қаһарман тiрлiгiнiң қисынына орай еркiн қолданады.

Абайдың хақиқатқа қатысты ойларын бейнелеуде оны саяси-әлеуметтiк
астармен көмкере келе, орыс халқының мәдениетi туралы өз пiкiрлерiн де
мол қолданады.

Төртiншi томда М.Әуезов Абай қара сөздерiнiң жазылу тарихынан,
шығармашылық лабораториясынан хабар бередi. «Соңғы шақтағы Абайдың iштей
шеккен мұң, наласы осы күзде әсiресе, ауырлап, коюлана түскен. Бұл
жайларын Абай осы айларда сыртқа шығарып айтпағанмен, қалаға келгеннен
берi күн сайын қағазға қадалып, толғана ойланып жазып тастайтын. Ендiгi
iшкi сырларын өлең сөзiмен өнер сазынан аңғартады. Соңғы жылдар жазу
өнерiне тыңнан қосқан бiр үлгiсi «қара сөз» едi. Сондай кенеулi ой
жемiстерiнен де жаңағы жайын жеңiл танытатын [6-т., 138]. «Ендiгi
бiразда Абай жаңағы ызалы қалпын басып, шарасына түскен шақта қағаз,
қарындаш ұстай отырып:

— Осы жаңағыларға айтқан дауымның кейбiрiн мен қағазға түсiруiм керек! —
деп, биылғы күз бойына өзi көп оралып жүрген еңбек жайын айтып едi»
[6-т., 142-143 бб.].

«Абай жазу үстiнде отырып қалған едi. Күндiз ойлана жүрiп, бiрнеше кеш
бойы осылайша отырып жазу жазады. Күңгiрт көңiлден кешiп өткен ойлар
күздiң ақ сұрғылт бұлтындай. Сол реңсiз ойлар толқыны тудырған жолдарын
күйлейдi. Бiр сәтте өлең боп оралған ойлар:



Құранды молда теріс оқыр

Дағарадай болып сәлдесi.

Өзiмшiл көңiлi бек соқыр,

Бүркiттен кем бе жем жесi!..-



дегендей жайларға кұйылып оралады. Тағы бiр сағаттарда Абай ишан, имам,
халфе, хазiреттермен олардың өз тiлiнде сөйлеседi. Жер-жебiрiне жете,
ызалана соқтығысады. «Молдалар былай тұрсын, хусусән бұл заманның
ишандарынан да бек сақ болыңыз. Олар Фитнән-ғалым, өздерiн аһли тариқат
бiлiп, басқаларды жеткiзбек дағуасын iстейдi. Олардың барлық қуаты —
басындағы сәлдесi, қолындағы тасбиғы. Одан басқа түк те жоқ. Наданның
наданы, зорлықшыл жыртқышы, топасы — солардың өзi» — деген жолдарды
жазып, ызалы көңiлi шығып отыр едi» [6-т., 87-6.].

Шәрiпжан халфе, Юнусбек халфемен диалогтерiнде М.Әуезов Абайдың кара
сөздерiнде айтылатын көптеген ойларды қайталайды және кейбiрiн
қаз-қалпында да пайдаланады. Мысалы, иман туралы әңгiмелерде.

М.Әуезов «Абай жолының» төртiншi томында бiр тарау iшiнде, кейде бiр
эпизодта да қара сөздердiң әлде нешеуiн колданады. Мәселен, елден кету
(9), хақиқат шындық (38), орыс мәдениетi (25). Алайда оларды өз мақсат
идеясы мен көркем мазмұн жүйесiне, характер, кейiпкер қисынына орай
өзгертсе де пайдала­нады. 4-томдағы иман туралы әңгiмелерде Абай
мақал-мәтелдерiн, афоризмдерiн де қара ­сөздермен қатар қолданады:
«қылыш үстiнде серт тұрмайды», «құдай тағаланың кешпес күнәсi жоқ», т.б.

Абай қара сөздерiнiң М.Әуезовтiң даңқты эпопеясындағы қолданылу аясы
негiзiнен осы бағыттардан табылса да, өзге де көркемдiк-идеялық
қызметтерi толып жатыр. Алайда ол арнайы зерттеудi қажет ететiн күрделi
тақырып.




***



М.Әуезов «Абай жолы» эпопеясын Абай дүниетанымына сүйене жазуға тиiстi
болды. Осы бағытта қаламгерге жәрдемi тиген және Абай дүниетанымын
жан-жақты аша суреттеуде негiз болған Абай қара сөздерi едi. М. Әуезов
Абай сөздерiнiң арқауын, мазмұнын, әуендерiн сақтай отырап еркiн
қолданады.

Эпопеяның бiрiншi томында төңiрегiне сергек көзбен қарап ой түйе
бастаған Абайды суреттеуде бас қаһарманның рухани әлемiндегi толғамдарды
нақты оқиғалардан өрiстетедi.

Абай Қарқаралыда. Әкесiне iлесiп Құнанбай салдырған мешiт құрлысының
бiткен тойына келiп отыр. Алшынбай Құнанбайды Бөжеймен татуластырмақ.
Сан түрлi қарым-қатынастар қызығына кiрiскен әлеуметтiк топтардың
аңдысуы, тартыстары үдеп келедi. Абай онын, шет жағасын, ызғарын
сезiнгенмен әлi анығын бiлген жоқ. Өзiнше дұрыс деген iстерiн, ойға
алғандарын орындауда. Бөжейге сәлем берiп барып батасын алады. Шөженi
көредi.

Осы бiрер күндегi қат-қабат уақиғалардың қызуы мен қыртысы
характерлердiң арасындағы аңдысу өмiрдiң сан түрлi сұрақтарына жауап
iздеген зерек бала Абайды ойға қалдырады. Бұл қатынастардың Абай жан
дүниесiне әсерiн суреттеу барысында М.Әуезов Абай қара сөздерiн
пайдаланады: «ақыл, қайрат…», «ақыл мен бақыт, байлық» дегендердiң өзара
дауы, таласы деген «парсы, түрiк» тiлiндегi кiтаптардан былтырлар бiр
оқыған нақыл әңгiмелесі бар-ды.

Қазiрде Абай соны өмiрден тапқанына да дән ырза… Өз ақылымен тапты…
Тапты да: «Осының бәрi бiр жерде, бiр кеудеде, бiр адамның iшiнде
болмаққа лазым…» деп өзгеше бiр сезiммен байлау жасады» [М.Әуезов. 20-т.
шығ. жин., 3-т., 130].

М.Әуезов Абайдың оқыған кiтаптарындағы түрлi ақыл-нақыл, өсиет, өнегенi
ой жүгiртiп, толғанып, тұшынып барып қабылдайтынын көрсету үшiн осы
материалды деталь ретiнде алған. «Абай жолындағы» осы шағын ғана деталь
өсiп келе жатқан ұлы тұлғаның оқыған кiтаптарындағы мәндi насихатты көз
жұма қабылдамай ойланып-толғанып оның өмiрiмен қабаттасатын сәттерiн,
жiктерiн iздейтiнiн көрсету үшiн алынған.

Бұл ойларға Абай аяқ астынан келiп тұрған жоқ. Қарқаралы қаласында дәл
осы күндерде өтiп жатқан iрiлi-уақтылы оқиғалар мен үлкендi-кiшiлi
адамдар әрекетi мен құлшынысына ойлана қараумен келiп отыр. Байқап
отыр-ғанымыздай, бұл ойлар негiзiнен Абайдың 17-сөзiнiң мазмұнына жақын.
Өзгешелiгi де бар. Ол — жүректе. 17-шi сөзiнде Абай: «адам бойындағы
аталған екi қасиет ақыл, қайратты жүрекке бағындыру керек, оның бәрiн
танып қосатын ғылым болуы керек», — дегенге келедi. Ал эпопеяда Абай:
«оның бәрi бiр жерде, бiр кеудеде, бiр адамның iшiнде болуы керек», —
деген байламға барады. Бiр қарағанда мұнда айырма аз, тiптi елеусiз
нәрсе сияқты. Алайда осы елеусiздiң өзiнен М.Әуезов қана бойлай алған
тереңдiк байқалады. Ойлана қарасақ, Абай әлi ақыл-қайратты ұстап
тұратын, бастап жүретiн күштi тауып отырған жоқ. Бiрақ сол жолға шығып
тұр, табалдырықтан аттап отыр. Бұл әлi есейе қоймаған бала образының
үйлесiмiне сәйкес. Әрi талантты баланың болашақ тынымсыз ойларын,
iрiлiкке, ұлылыққа бағыт алған жолын, аттаған табалдырығын көрсетедi.

М.Әуезов тектен тек «оның бәрi бiр жерде, бiр кеудеде, бiр адамның
iшiнде» деп отырған жоқ. Әлi де өмiр мен адамдық туралы ойлары, өмiрлiк
тәжiрибесi аздау баланың түйсiк арқылы жан дүниесi ғана сезiнiп тұрған
жай-күйдiң толғаныстарын, ойдың сатыларын бейнелеу үшiн алып отыр.

«Абай жолының» бiрiншi кiтабы соңындағы Тойғұлы үйiндегi құдалықтағы
әңгiмелерде Құнанбай және оның қасындағылар өткен заманды, оның
адамдарын мақтайды. Сонда Абай оған қарсы пiкiр айтады: — «Бұрынғы
заманның жақсылығы со ма, қатар отырған бiр туысқан елдер бiрiн-бiрi
шауып, шаншып, сойқаннан арылмаушы едi. Кемпiр-шал, қатын-бала
тыныштықпен ұйқы ұйықтап, түгелiмен асын iше алмаушы едi. Осы тұрған
Сыбан мен Тобықты арасында, Тобықты мен Семей арасында жалғыз-жарым
қатынаса алмаушы едi. Алып кетедi, жұлып кетедi деп ылғи ғана жасқанып
жүрушi едiңдер… Сол заман да жақсы ме екен?…»[3-т., 404-6].

Бұл — Абайдың оқу, өнер iздеп Семей қаласына бет алған кездегi сөзi.
Алайда, адамдар арасындағы қатынастардан түк сезбейтiн, болмаса түсiнiгi
шамалы балаң жастың ойы емес. Өмiр көрген, түйгенi мен тоқтамы бар
адамның, мiнездi жастың сөзi, ендi соны өзге ел, ғұламалар iлiмiнен
iздеп көрмек, салыстырмақ. Абай жаңа заман лебiн сезiп, соны танып бiлу
жолында өзiн қоршаған орта мен қоғамдағы қайшылықтарды көре бастаған.
Уақыт тiлi мен заман мiнезiндегi жаңалықтарды ұққысы келедi. Жақсысын
алмақ, жарамсыз деп тапқандарымен күресу ойда бар.

«Мен желiк iздеп бара жатқаным жоқ. Адамдық қасиетiн iздеп барам», —
дейдi ол Дiлдаға. Бұл — Абайдың ел iшiндегi түрлi дау-жанжалдарға
араласып, билiк, шешiм айта бастаған, есейген, кемелiне келген кезi.
Абай жиырма төрт жаста. Алдында тұрған оқу да оңай емес. Артта отбасы,
аналары, балалары, бауырлары, ағайын-тума, ауыл қалып барады. Алда
беймәлiм, түсi суық қатал өмiр тұр, Абай соның мiнезiн бiлмек.
Адамшылық, әдiлдiк жолындағы тартыста езiне күш беретiн жаңа жолға
түспек.

Жоғарыдағы тайталастан кейiн «Қарттың бәрi өздерiнiң қатты жеңiлгенiн
сездi», — деп тәмәмдайды М.Әуезов.

Солардың бiрi Құнанбай едi. Ендi ол өзiне жат, бiрақ қуатты әлемге
тоқтаусыз бет алған баласын оңаша шығарып алып, оның бойынан тапқан үш
iрi мiнiн айтады.

Соның үлкенi — Абайдың орысшылдығы. «Орысшылсың, солай қарай ден қойып
барасың. Дiн-мұсылман жат санайтынын ескермейсiң», — дейдi Құнанбай. Бұл
сөздерден оның орыстан ат-тонын алып қашып отырмағаны да аңғарылады.
Әңгiме дiн-мұсылман жат санайтын орысқа ден қоюда болып отыр. Өйткенi,
заман лебiн түсiнген, ақылды Құнанбай, болашақ бағыттың, күш қайраттың
қайда жатқанын аңғармайтын қалыпта бейнеленсе, ол характер қисынымен
қайшылыққа келер едi.

Орысқа ден қойып барасың дегенде, ата-салтын ескермей, көп алдында әкеге
тiке сөйлей бастаған баласының «өрескел» әрекетiнен орыс-шылдықты
көрген шығар. Бәлкiм, оны қаумалаған ел алдында беделiн түсiру тәрiздi
қабылдағандық та болар. Алайда елi ығысатын Құнанбай болашаққа бет алған
баласын бұрынғыша тоқтата алмасын анық бiлiп отыр. Оның бойындағы өзiне
жат көрiнген мiнез-әрекеттi айтумен ғана шектелiп отырғаны сондықтан.
Абайдың әкесiне қайтарған жауабында М.Әуезов Абай қара сөздерiнде
айтылған ойлар өзегiн (өлеңдерiнде де бар) пайдаланады. «Халқым үшiн де,
өзiм үшiн де дүниенiң ең асылы — бiлiм, өнер. Сол өнер орыста. Мен
барлық тiрлiктен ала алмаған ақылды содан алатын болсам, ондай жер жатым
бола ма? Жатырқап қашқақтауым надандық болса болар, бiрақ қасиет
болмас…» [М.Әуезов. 3-т., 407-6]. — Бұл ой Абайдың жиырма бесiншi
қарасөзiнiң өзегiнде бар: «Орысша оқу керек, хикмет те, мал да, өнер де,
ғалым да — бәрi орыста тұр. Зарарынан қашық болуға, пайдасына ортақ
болуға, тiлiн, ғылымын бiлмек керек. Оның үшiн олар дүниенiң тiлiн
бiлдi, мұндай болды. Сен оның тiлiн бiлсең, көкiрек көзiң ашылады…
Орыстың ғылымы, енерi — дүниенiң кiлтi, оны бiлгенге дүние арзанырақ
түседi» [Абай Қүнанбаев. Шығ. 2-т. толық жинағы. Алматы, 1977, 2-т.,
162-6] —

Құнанбай тыңдап болды да күрсiнiп қойды. Шарасыздық ашуы бiлiндi. Бiрақ,
үн қатқан жоқ. Сөз осымен бiткен едi. Абай қоштасты да жүрiп кеттi.

«Абай жолының» бiрiншi кiтабында Абай қара сөздерi түрлi деңгейде
өзгертiле алынады. Мұнда М.Әуезов орыс, Еуропа оқуына ендi ғана бет
алған Абай характерiнiң қалыптасу үйлесiмiн есте үстаған тәрiздi.
Өйткенi Абай қара сөздерi оның (Абайдың) кемелденген шағында, күрделi
мәселелерге арналған ғой.

***

М.Әуезов эпопеясының екiншi томында Абай қарасөздерiн қолдануды ақынның
Ақшоқыдағы әңгiмелерiнен бастайды. Балаларының оқытушысы Кiшкене
молдамен пiкiрталасында қарасөздер әуенi Абайдың өз сөздерiнде
келтiрiледi.

Әңгiме түйiнi тағы да ғылым, оқу бағытында, Абай орыс тiлiнiң қиын
өткелдерiн өткен, тiптi Пушкинмен еркiн сырласуға мүмкiндiк алған. Дәл
осы кезеңде оның өмiрiнде, жан дүниесінде өзге де қуаныштар көл көсiр
едi. Ол салып жатқан үйiнiң құрылыс жұмыстарын, билiктi Әйгерiм,
Ерболдарға тапсырып, алаңсыз «машақат» үстiнде отырған. Үйге кiрген
Әйгерiм мен Ербол Кiшкене молдаға Абай осы қуанышын айтады.

Шығармада Кiшкене молданы таңдандырған екi жайға М.Әуезов ерекше
тоқталады. Бiрi — оның болашақ мекенi, жаңа үй-жайдың iргесi қаланып
жатқанда Абайдың үнемi үйде отыруы. Тiптi осы оқшауланудың себебiндей
айтып отырған қуанышы исламиятқа байланысы жоқ, орыс кiтаптарынан
алынған ғибратта екен. Кiшкене молда үшiн мұндай қуаныш мұсылман
кiтаптарын оқу үстiнде болуға тиiс. Ал Абай мүлде басқа жайды айтып
отыр.

«Мұталаға ашылды» демек Мантих, Ғақай-ыдты оқып жүрiп, «Кафия», «Шарх
Ғабдолланы» өз талабымен халфесiз, хазiретсiз, дәрiссiз фәһiмлейтiн
болса, соған айтса ләзiм. Болмаса, орыстың әллә нинди «шитри-мытриын»
фәһiм-ләiдiм деп, «мұталағаны» бұл жерде сөз қылу мүмкiн емес. Оныңыз
һәм хата, Абай! — дейдi [М.Әуезов. 4-т., 120-6.].

Кiшкене молданың бұл кiнәларына Абай жауаптарында отыз сегiзiншi қара
сөзде айтылатын ойлар өзегi бар. Алайда, М.Әуезов осы пiкiрталасты
суреттеу барысында Абай қара сөздерiн еркiн қолданады. «…Мұсылманшылық
қағидасы «ғылым қайда болса, кiмде болса сонан ал» десе болар едi. Сiз
айтқан өрiс — менiң де бiраз шарлаған жерлерiм. Мен ғылымның, яғни
фәннiң, көп ғасырлар бойы адам баласы жиған қазынасына қол артамын деп,
сапар шектiм. Сiз оқымаған адам болсаңыз бiр сiрә. Өзiңiз ұстаз
саналасыз. Бiрақ, ғылымды бiр-ақ жолдан, бiрақ тар асудан iзде дейсiз.
Ғылым демек, шексiз кең дүние демек емес пе едi. Мұсылман ғұлама­ларының
даналары Сократ хакимнен, Афлатоннан, Аристотельден оқымап па?»
[М.Әуезов. 4 т., 121-122-66].

Демек Абай қара сөздерiнiң талайларында қайталанатын бiлiм, ғылым
iздеудiң қажетi туралы ойлар қайталанады.

Абай бұл кезеңде ақыл, ой, бiлiм арналарының әлемдiк бағытына көз тiгiп
отыр. «Абай жолы» эпопеясының екiншi томындағы Абай мен Михайлов
арасындағы әңгiмелерде Абай дүниетанымының бiр негiзi ислам тарихы,
мәдениетi қозғалады.

Бұл жолы Абай дүниетанымына тән қара сөздерiнде айтылатын ойлар Михайлов
аузынан шығады. Әрине бұл қытымыр заман ахуалына қатысты М.Әуезов
қолданған тәсiлдердiң бiрi екенi түсiнiктi. «Сол оқыған тарихымды
(әңгiме шығыс, ислам тарихы туралы болып отыр. — З.Б.) тұрақты бiлiмге
санар-сенiмiм болмай тұр» — деген Абай пiкiрлерiне Михайлов былай жауап
бередi:

«Ендеше, мен сiзге айтайын, ислам тарихы — бiлiм, ол — үлкен бiлiм! Тек
қандай тарихшы жазғанын талдау керек… Ислам, араб өнерi, жалпы дүние
жүзiнiң ғылым, сана табысына көп ғасырлар бойында аса зор жемiстер
берген. Ескi антик өнерi мен Европаның берiде келiп шыққан ояну
дәуiрiнiң арасында жатқан бiрнеше жүз жылдар меңiреулiгi бар. Сондағы
көп ғасырдың қараңғылық заманына сәуле беретiн, тек араб мәдениетi
екенiн айтып өттi» [М.Әуезов. 4-т., 203-204-66].

Абай шығыс, ислам тарихы, мәдениетi мен әдебиетiн аса жетiк бiлген, оның
адамзат баласына қажеттiлiгiне күмәнданбағаны да белгiлi. Абай атынан
айтылатын мына сөздерде сол пiкiрлер өзегi бар: «шынында ғаделет,
хақиқат, ахлақ мәселелерiнде қауымның игiлiгiн ойлау-шылар аз ба?
Нәсiлдер ырысын ойлайтын әр заманның, әр халықтың ғұлама ұстаздары бар
ғой» [Сонда, 204].

Кiшкене молда екеуiнiң арасындағы пiкiр таласының бiр бағыты «мұталаға»
қатысты өте-дi. Кiшкене молда мұсылмандық оқу, қаты-настарда
қолданылатын терминдi орыс тiлi, батыс туралы әңгiмелерде қолдануды
мүлде өрескел қате санайды. Абай үшiн ол адами танымдық iзденiс
бағытындағы бiр саты, белестер үшiн орныққан терминдер ғана.

Абайдың шығыстық ғылыми терминдердi жақсы бiлуi және оны пайдалануы осы
бiр елеусiз детальдан айқын көрiнедi. Абай бейнесiн даралауда М.Әуезов
оның дүниетанымын суреттейдi. Осы үшiн пайдаланып отырған әдiстiң көркем
мазмұннан бөлектенбей, ала құла көрiнбей үйлесiмдi үндесуi авторлық
осындай көркем идея әсерiнен. Оның дүниетанымына негiз болған шығыстық
оқу, бiлiм жүйесiнiң эстетика, этика, мораль, дiн екенiн түрлi
әдiс-тәсiлдермен жеткiзедi. Абайдың Шығыспен байланысын бейнелеу
барысында суреткер осындай деталь-эпизодтарды ұтымды пайдаланады. Бiлiм
жолындағы iзденiстер үстiнде Абай тапқан жаңалықтар мен тың ойларға
қатысты барша нұрланыстарды (озарение) суреттеуде шығыстану жүйесiнде
орныққан әдiс, ойлау желiлерiн бейнелейдi.

Бiрiншi томдағы жүрек, ақыл, қуат туралы ойлары да осыны еске салады.

Абайдың әлемдiк (орыс, батыс) мәдениет пен әдебиетке кеңiл аударған, бет
алған шағында оған үлкен әсер еткен жеке адам ретiнде эпопеяда Михайлов
образы алынады.

Орыс тiлiн игерудегi қиындықтарды өткен Абай көркем кiтаптарды оқи келе
үлкен бiр түйiндi ойға шығады. Осы эпизодтарды М.Әуезов Абай қара
сөздерiн пайдалану арқылы жазады. Михайлов екеуiнiң арасындағы әңгiме,
кеңестерде Абай мынадай түйiндi ой айтады: «Оның ойынша [Абайдың — З.Б.]
қазақ елiнің алдында тұрған бiр жақсылық, бiр жамандық бар.
Жаманшылықтан құтылу қиын, жақсылығына жету қиын. Жаманшылық — бұл
өлкелердегi ұлық, чиновниктер жемнен, шеннен басқаны аңғармайтын керең
меңiреулер. Жақсылық — орыстың өнерi. Бiрақ оның қазiргi қазақ қауымына
бар сыры, бар түрi жұмбақ. Бүгiнгi қазақ орыс дегенде — Селантий,
Сергейлердi, Тентек Ояздай өгей күштi ғана бiледi. Бiрақ Абай
танып-бiлiп келе жатыр ғой. Орыстың елдiгiнде оның ар жағында жатқан
мүлде бөлек сыр бар. Ол — ғажайып қадiрлi дүние. Орыста бұл күнде дүние
есептесетiн ғылым бар. Орыста дүние жұрты оқитын кiтап бар. Халықтың шын
қасиетiн танытқан, дүниеге танытқан асқар ойлы даналар бар». Эпопеядағы
Абай ойы баяндалатын бұл үзiндiде Абайдың 25-қарасөзiнде айтылатын
гуманист ойларының негiзгi мазмұны бар. Түрi сәл ғана езгертiлген.
Негiзгi арна, ой бiреу — «орыстың өнерi, ғылымы — дүниенiң кiлтi, оны
бiлгенге дүние арзанырақ түседi».

Сөйтiп, «Абай жолының» екiншi томында да М.Әуезов Абай қарасөздерiнiң
мазмұнын ғана сақтай, бiрақ сыртқы түрiн өзгерте қолданады.

***

Эпопеяның үшiншi томында Абай өзi үшiн — өзге де қызықты әлем, орыс
әдебиетiнiң табалдырығын аттап, оның қайнарларынан еркiн сусындар
деңгейге жетедi. Бiржола шығармашылық жолға бекiнуiнде де осы табыстың
әсерi бар едi.

Осы бағытқа алаңсыз бет бұрған Абайдың арманы мен әрекетiне қазақы
тiрлiктiң ұсақ-түйек түйткiлдерi араласып оның тыныштық тапқан тәрiздi
жан дүниесiн тағы астан-кестен қылады.

Жатақтар шөбiн Әзiмбай шауып алып елдi шулатқан сәтте Абай қатты қапа
болады. Соның алдында ғана өзiн қоршаған ақын шәкiрттерi арасында шалқып
келген Абай, олардың ел, жер тарихы туралы тартысына билiк айтқан Абай,
ендi өз еркiнен тыс тағы бiр тартысқа килiгедi.

Абай тағы жол таңдау айрығына тiреледi. Амалсыз тоқтайды, ойланады. Бiрi
ұсақ-түйектен басталайын деп тұрған iрi жанжалға жоламау да, екiншiсi
өзiн пана көрiп келiп тұрған Әбдiдей ер жiгiттер бастаған жатақтар
дауына араласу. Дауды әдiлдiк жолына бұру, жолсызға тоқтау салу. Абай
осыны қалайды. «…Тағы да өлең, өнер, тыныш еңбек бәрi қалады ғой, содан
қорқам» — деген Шұбар сезiне: «Ой, өйтiп жұрттың көз жасынан тығылып
туған өлең қалсын», — дейдi Абай. «Ақын болу шарт емес, азамат болу
парызың» деген ұстаным осындай таңдауларда туған ба деп те қаласың.

Әлдiнiң әлсiзге жасаған зорлығын көре тұра араласпаса, адамдығына сын,
араласса, әдеби шығармашылықтан алыстайды. Еркiнен тыс тағдырын билеп
бара жатқан осы бiр тiршiлiк күйiнiшiндегi Абай ойларын бейнелеуде
М.Әуезов Абайдың қара сөзiндегi ойларды пайдаланады [9-сөз].

«Тағы бiр толқын ойда Абай «Кетер ме едi осылардан», «бөгде бiр ел-жұрт,
дұрыс орта iздеп кетер ме едi?» — деп ойланады да, өз ойына өзi
мысқылмен қарады. «Жас шағымда соны етсем едi» деп орыс шаһарын, орыс
қауымын еске алды. Бiрақ жiгер мол жас шақта кету түгiл, осы елден артық
ел, осыдан артық қызық орта бар дегендi ойлаппын ба. Ал ендi ше? Ендi
өмiрдiң, жастың осылай өзгеруi ме?! Ендi барды жұлқып тастап басқаша
дүниеге кiрiп, кiрiсiп кетем деуге мезгiлiм кеш тартыпты. Бiрақ «не
кетпей, не алыспай тағы отыра алмайсың» деп шұғыл бiр батыл ойға тақады
да, iшiндегi жақыныңнан шыққан жауыз топтан кету керек те, ел iшiндегi
жақынын — көптен дос табу керек. Осыған жiгерiм, жүрегiм бастау керек.
Менiң бекiнiп баруым керек деп ойлады» [5-т., 25-6].

Осындағы өз тобыңнан кету мен көпке бару (әлеуметтiк, таптық астар)
М.Әуезовтiң ресми идеология үшiн қосып отырған жайлары. Алайда, ағайын
баласы болма, ата баласы болма, адам баласы бол» деген нақылдар Абай
шығармаларының мазмұнында ғана емес, қара сөздерiнде де кездеседi
«Әкенiң баласы — адамның дұшпаны. Адамның баласы — бауырың» [37-сөз].

Өзi мен халқы үшiн де пайдалы, маңызды iстермен айналыса алмай,
тiршiлiктiң ұсақ түйегi мен ағайын арасындағы дау-дамайларға ерiксiз
араласқан ақын басындағы ауыр ойларды жеткiзу барысында да М.Әуезов қара
сөздердегi ойларды еркiн қолданады, бiрнеше сөздердегi ойлар мазмұнын
бiрiктiредi.

Алайда осы сөздер ақынның сезiмтал жүрегiнiң жетегiндегi көңiлмен
айтылса да, оның жан дүниесiнiң мұңы басқа болатын. Ақын қазақы
тiрлiктен туған ортада алаңсыз творчестволық еңбекпен айналысу мүмкiн
еместiгiн аңғарғандай… Сонда, бұл тығырықтан шығар жол қайсы? Не iстеу
керек? Елден кету керек пе? Өмiрде Абайдың алдынан талай шыққан осы бiр
қиын түйiннен туған ойларды бейнелеуде М.Әуезов әдеби-тарихи дерекке —
қара сөздерге сүйенедi.

Iшкi монолог үлгiсiнде берiлетiн сөздерде Абайдың өз ойлары қолданылады:
«…Қазақты жақсы көрем бе, жек көрем бе? Егер жақсы көрсем, қылықтарын
қостасам керек едi… Егер жек көрсем, сөйлеспесем, мәжiлiстес, сырлас,
кеңестес болмасам керек едi, тобына бармай, «не қалды, не болды?» демей
жату керек едi, ол мүмкiн болмаса, бұлардың ортасынан көшiп кету керек
едi. Бұларды жөндеймiн деуге, жөнделер, үйренер деген үмiтiм де жоқ.
Бұлардың бiрi де жоқ. Бұл қалай?… Қайратты күнiмде қазақты қиып бөтен
жаққа кетпек түгiл, өзiн жақсы көрiп, үмiт етiп жүрiппiн. Қашан әбден
бiлiп, үмiтiмдi үзген кезде, өзге жаққа барып, жатты өз қылып, үйiр
боларлық қайрат, жалын сөнiп те қалған екен. Сол себептен бiр жүрген
қуыс кеудемiн. Тегiнде ойлаймын: бұ да жақсы, өлер кезде «әттеген-ай,
сондай, сондай қызықтарым қалды-ау!» — деп қайғылы болмай, алдыңғы тiлеу
болмаса, артқа алаң болмай өлуге» [9-сөз. Абай. 2-т., 141-14266].

М.Әуезов романындағы қолданылған қара сөздер Абай дүниетанымын жан-жақты
ашып көрсетедi. Жоғарыдағы пiкiрдi (1885 жылдар шамасы) Қарамолла
съезiнiң маңындағы Абай өмiрбаянының мәлiметтерiмен салыстыра қарағанда,
бұл ақын басына жауатын жала, арыздардың әлi алды ғана.

М.Әуезов романы жүйесiндегi Абай дұниетанымының қозғалысы, өсiп-жетiлуi
елден кету туралы ойлардағыдай қабаттасқан арпа-лысқа әлi ұласа қойған
жоқ. Әйтпесе «Қазақты жақсы көру, жек көру, болмаса алаң болмай өлу»
туралы ойларға баруға әлi ертерек. Сон-дықтан да М.Әуезов Абай қара
сөздерiн шығарма жүйесi мен характер қисынына қатысты сәл езгерте алады.
Атап айтар болсақ, Абай шығармашылық жұмысқа, ойлануға бой бермей,
ырықсыз иiрiмiне алып бара жатқан ортаға наразы. Одан қалай құтылмақ?
Елден кету ме? Ақын шынында да осы сұрақтарға таяп түрған тәрiздi.

Соның өзiнде де Абайдың елден кетемiн деуi тосындау көрiнедi. «Абай
жолында» бұл ойлардың алғашқы себептерi ғана суреттеледi де, оның өзге
себептерi, ғұламаның елiм деп шырылдаған жан дүниесi назардан тыс.

Бұл алғашқы ұшқын,(итмпульс) қана. Кету керек пе деп ойлана қалды да,
сабасына түстi. Ойланды — қайтты. Елден кете алмайды екен. Сонда оны
бүлдiрiп жатқан зорлықшыл топқа не iстеуге болады, одан қалай құтылмақ?

Осы ойларының қағазға түсер тұсы — ақын өмiрiнiң соңғы жылдары. Ал
М.Әуезов эпопеясындағы уақыт 1880-1885 жылдар. Қара сөздердiң мазмұнын,
өмiрдiн, ыстық-суығын көрген үлкен жүректi жанның зар-мұңы, тiптi ашынуы
ретiнде де қарастыруға болар едi.

М.Әуезов эпопеясындағы Абай монологы — iрi шайқастарға шыға бастаған
үлкен жүректi азаматтың тебiренiсi. Мұнда Абай елден кетпек емес, өзiне
тыныштық бермеген зорлықшыл әлеуметтiк топтардан ғана құтылмақ, әдiлдiк
iздемек, тыныштық таппақ. Осы жолға өлеңдi де қиып келiп тұр. Бiрақ
шығармашылық жолы мен азаматтық абыройы таразыға түскен кезде Абай
қашанда азаматтық жолды таңдайды. Азаматтық, адамгершiлiктi ақындықтан
да жоғары бағалайды. Абай адамгершiлiк жолындағы арпалыстарда осындай
үлкен құрбандықтарға да барған.

Бұл тартыстардың салмағы ойланбаған оқушыға онша iрi деңгейде көрiнбеуi
мүмкiн. Ұсақ-түйек айқастар мен тартыстар ру басылары мен атқамiнерлер
арасындағы кикiлжiңдер тәрiздi ғана т.б. Алайда адамдық жолда әдiлдiктi,
шындықты аттап кетуге болмайтынын ұлы Абай осылай дәлелдейдi. М.Әуезов
осы басты желiнi жаңылыспай тауып, шеберлiкпен таратып отыр.

Абай маңындағы шәкiрттер арасындағы шығармашылыққа қатысты пiкiрлер
үнемi ақиқат туралы толғаныстарға ұласады. Осы дауларды бейнелеу
барысында М.Әуезов Абай қара сөздерiн мейлiнше толық әр түрлi
әдiс-тәсiлдер арқылы қолданады. Қарасөздердiң талайында бар ақиқатқа
қатысты ойларды оның шәкiрттерi арқылы айтқызады. Олардың толғаныстарын
бейнелейдi. Диалогтар мен iшкi сөздердi сәттi қолдану арқылы ақиқат
iздеудiң азапты жолын көрсетедi.

Мағаш үйiнде талқыға түсетiн сұрақтар салмағы ауыр. Оның шешiмiн iздеп
отырған Абай шәкiрттерiнiң де рухани қуаты қаншалықты! Сұрақтар төркiнi
көркем шығармадағы өмiр шындығы дегеннен бастап өмiрлiк, моральдiк,
этикалық категориялар философиясына дейiн ұзайды: «Әуелi осы хақиқат
дегенiмiз өзi не? Мәңгi бақи һәр заман, һәр ғалым, һәр бiр қауымға түгел
ортақ айнымай тұратын хақиқат бар ма өзi, жоқ па?! Сол сияқты ғадалет,
шафғат, зұлмат деген жайлардың барлығы бар заманға ортақ боп,
өзгерместей боп шешiлгенi бар ма, сiрә?!»[5-т., 29-6].

«Абай жолының» үшiншi томында Ақылбай, Мағаш, Кәкiтай, Дәрмен, Абай
арасындағы шындық туралы дауларда қара сөздердегi талай ойлар
қолданылады.

«Әуелi шындық дегеннiң өзi не? Көпшiлiк бас шұлғып, құптап жүрген жайды
шындық дей-мiз бе? Солай деп бiлсек Кеңгiрбайдың жолына шырақ жағып,
түнегеннен басқа жоқ».

Жалпы «Хақиқат» деген көптiң айтқанын ғана қостаушы болмаса керек. Қайта
сол көптiң адасқанын ашып, тыңға бастайтын болса керек. Жә, сол хақиқат
осы тұста шеменде» [М.Әуезов. 5-т., 29-6].

Осы эпизодта М.Әуезов 23-сөзде айтылатын ойларды сәл еркiндеу қолданады:
«Ғылым көпке келiп пе? Бiреуден тарап па? Хикмет көптен тарай ма?
Бiрден тарай ма? Жер бiлмеген көп адам адасып жүрсе, бiр жер бiлетұғын
кiсiнiң керегi жоқ па екен?» [Абай, 2-т., 160-6].

Абай 37-сөзiнде: «Сократқа у iшкiзген, Иоанна Арктi отқа өртеген,
Ғайсаны дарға асқан, пайғамбарымызды түйенiң жемтiгiне көмген кiм? Ол —
көп, ендеше, ақыл жоқ. Ебiн тап та, жөнге сал» [Абай. 2-т., 183].

Абайдың мұсылман дiнi өзегiндегi түсiнiксiздеу, күмәндi жайларды ұқпақ
болатын талпынысы оның қара сөздерiнде, өлеңдерiнде анық көрiнедi. Соның
бiрiн ғана алар болсақ, «бәрi Алладан болар болса адамның сырқат болуы
мен рухани ауру болуы да содан емес пе?». Ойлана келе Абай өзге жауап
табады. Ауруды, кедейлiктi, т.б. жаратқан Алла, алайда нақты адамды
сырқат қылған да, кедейшiлiкке ұшыратқан да Алла емес. Ол адамның өз
басына, өмiр жолына қатысты.

Ендi осы сұрақтарға М. Әуезовтiң «Абай жолындағы» жауаптарға келелiк:
Әйгерiм аулындағы күзгi әңгiмелерде М. Әуезов Ақылбай аузына ғаламат сөз
салады: «Заман өзгерiп, қағида ауысып отырса да Алланы тану, яғни
тағрифолла мәңгi бақи ауыспайды деп бiлемiз».

Алланы тану — Абайдың ұқпақ болған үлкен мәселесi. Мұндағы сауалдар да
осыған тiрелiп отыр. Айқындай түссек, әр заманда Алланы тану үздiксiз
жалғаспақ. Ислам қағидалары бойынша шындық Алланы танудан басталады.
Алланы тану негiзгi — Құран кәрiмде — иманда. Осы түйiндi сұрақ туралы
Абай не айтпақ. Дiн философиясы өзегiндегi этикеттер мен қағидалар
өзгерiп отырса да Алланы тану өзгермеуге тиiс деген пiкiрдi М. Әуезов
Ақылбай аузына салады. Бұл Абай баласының да қаншалықты деңгейге
көтерiлгенiн көрсетедi.

М. Әуезов осы тұста Абайды нағыз рацио-налист философ ретiнде
суреттейдi. Орыс оқуы мен мәдениетi арқылы әлемдiк ақыл-ой арнасынан
сусындаған Абай Құран-Кәрiмдегi өзi байқаған қайшылықтарды сынға алады.
Онда айтылған космология, өмiр туралы ойлардың кейбiр философтар
еңбегiндегi пiкiрлерден тайыздығын айтады: «Хақиқаттың шешуi: Жаратушы
кiм? Ғалам дегенiмiз не? Жан не нәрсе? Және адамның хақиқатты бiлуiндегi
керегi не? Осыларға шешу айтса керек. Әлбетте, ең үлкен, ен, дұрыс
шешудi Құраннан күтсе керек. Ал дұрыстығына келгенде, осы жайларға Құран
беретiн жауап, бұрынғы-соңғы ойшылдар айтқан жауаптардан кем соққаны
қалай?». Бұл ойлардың төркiнiн қара сөздерден және өлеңдерiнен табуға
болады [М. Әуезов. 5 т., 36].

Абай Құрандағы кейбiр пiкiрлер негiзiне ғана күмән келтiретiндей.

Ал шындық, хақиқат, исламиятта Құранда жазылған. Ал оны оқып отырсаң
шындық болмаса, т.б.мәселелер туралы ақылға сыймайтын аңыздарды жазады.
Ал жаратушы, тән, т.б. туралы арғы, бергi ойшылдар айтқан ойлардан әлсiз
пiкiрлер айтады, — дейдi. Бұл арада Абайдың Құранды да талғаммен,
таразыдай зейiн қоя оқығанын аңғартады.

Абайдың 28, 38 қара сөздерiнде мұндай ойлар жиi қайталанады. Ақын
еңбегiндегi шындық туралы сұраққа Абай: «Шындық әр заман емес, тiптi бiр
заманның әр қауымның өзiнде де әр алуан танылады. Сондықтан заман
мiнезiндегi шындығын ашып, сынап айтыңыз»,- деп жауап бередi [5-т., 37].

***

Эпопеяның төртiншi томындағы Абай — ұсақ-түйек тартыстан бастап ел
iшiндегi дау-жанжалдарға билiк айтып, ел басқару iсiнде патша үкiметi
чиновниктерi санасатын үлкен тұлға. XIX ғасыр соңы мен XX ғасыр
басындағы қазақ қоғамдык, санасының үлкен орталығы Семей қаласындағы iрi
уақиғаларға, халықтық, елдiк мәселелерге араласады. Қоғамдық санадағы
iрi күштермен, оның басты өкiлдерiмен тартысқа түседi. М.Әуезов том
соңында Абайдың дiн туралы ойларын, көзқарасын заман ахуалына орай
өзгертiп те жiбередi.

Жазушы бұл тақырыпты Абайдың дiн фанатигi болмағанын суреттеуден
бастайды. Семей қаласындағы 1892 жылғы оба iндетi кезiнде ол Сармолла
арқылы халықты жаназаға, қаза болған адам шыққан жерге көп жиналмауға
шақырады. Бiр қарағанда Абай мұсылман дiнi рәсiмi бойынша «өлiк
шығаруға» өзге пiкiр айтып, қаладағы дiн басыларға қарсы күресiп жүрген
тәрiздi. Алайда М. Әуезов суреттеуiнде ол жаназаға, т.б. дiни рәсiмдерге
қарсы келiп отырған жоқ. Абай нақты жағдайға байланысты жұрт көп
жиылған жерден дерт жұқтырудың мүмкiндiгiнiң молдығын ғана айтып отыр.

Сол тәрiздi М. Әуезов суреттеуiнде қари-имам, қариялар Абайды дiн
негiздерiне соқтықты, күпiр сөз айтты деп шошынып жүрген жоқ, олар адам
өлiмiне байланысты қалтаға түсетiн қаржы, қораға кiретiн мал-пайдадан
қағылдық деп өшiгiп жүрген тәрiздi.

Абай сөздерiн жұртқа жеткiзген Сармолла да «өзiндiк iшкi есебiмен»
әрекет жасайды: «Олар бұған не iстемеген? Жетекке ергiш қарт ишан, имам
болса осылардан, Шәрiпжан халфеден ары аспайды. Сонымен бәрi бiрiгiп,
Сармолланы бiрде бiр жаназаға, фiдия, хатiмге шақыртпауға тырысады. Ол
былай тұрсын, соңғы бiр жарым жыл бойында хазiрет пен осы мәзiн, қари,
халфелер махалла байларының мешiт-медресеге жiберген зекет малынан,
хайыр-уәзифасынан да құр қалдырып келедi. Ал, анық ғұламалыққа келсе,
Сармолла бер жақ қана емес, ар жақтағы мешiттiң де имам, халфелерiнен
өзiн артық молла санайды. Өйткенi бұл «Бұхарай шәрiфте», «Мирғарап»
медресесiнде оқыған. Кейiн Қазан шәһәрiнде, Мысырдан жиырма жыл оқып
қайтқан, соңғы ұстазынан «Шарх Ғабдолланы» да оқып, ғылым тамам еткен.
Сондай Сармолланы бұның өз ойынша осы махалланың имамы ету керек едi…

Үйге келген соң да Сармолла өзiнiң өш-қастарына зақым келтiргенiн
сүйсiнiп ойлады. Сан рет жымия түсiп, қабағын жыбырлатып қояды»
[М.Әуезов. 6-т., 30-31].

М. Әуезов Сармолланы ондай-мұндай ұсақ мiнез-құлқымен бiрге, дiн
негiздерiн бiршама оқыған, оған қосымша шығыс ақындарын жақсы бiлетiн
адам ретiнде бейнелейдi. Оның жинаған көптеген кiтаптарын Абай ұнатушы
едi деп суреттейдi. Абай Сармолланың өзге имам, хазiреттерден,
қарилерден дүниеге көзқарасын кеңiрек көретiн. Сондықтан да iндет
кезiндегi маңызды iстi — жұқпалы аурудан сақтануды елге түсiндiрудi
соған сенiп тапсырады. Әуелi Сармолла арқылы, кейiн өзi де араласып
халық арасына барып үгiт айтуы осыған мегзейдi.

Жөн сөздi тыңдамаған көпшiлiктiң әрекетiн баяндау барысында қала аралап
ақыл айтатын, сөз тыңдайтын адам таба алмай жүрген Абай ойларын
суреттеуде М. Әуезов қара сөздерге (8 сөз) барады.

Абайдың дiн туралы көзқарастары оның қара сөздерiнде егжей-тегжейлi
айтылатыны белгiлi. М. Әуезов те қара сөздердi осы бағытта пайдаланумен
қатар, олардың кейбiрiнiң дүниеге келу, жазылу әуендерiне дейiн суреттеп
байқайды. Мәселен, жоғарыдағы үгiт кезiнде Абай сөзiндегi: «Ауруды
жаратқан Алла, ауыртқан Алла емес» деген ұғымды түсiндiредi. Қараңыз:
«…әр пәлекеттi жаңа хазiрет айтқандай, қадiр алла өзi жiберетiнi рас.
Және де сонымен бiрге құдiрет иемiздiң әр пәле пәлекеттен Мұхаммет
үмметiн сақтармын, қүтқарамын дегенi де бар. Сүре «Ясин», өздерiңiз
бiлесiз, алхамду лиллахи, бұған куә. Хатта пәледен сақтармын және
сақтансаң сақтармын деген. Сол себептi тәңiр Ием әр дертiн жiберумен
бiрге шипасын да жаратқан. Оның үшiн, ей, жамағат, сiздiң өз қамыңыз
үшiн, осындай хал-ахуалымыз апатта тұрғанда мен бiр мәслихат айтамын»
[6-т., 33] —

Абай мен Сармолланың әрекетi қала халқының көңiлiнен шығады. Алайда, дiн
негiзiне бағытталған қарсылық, күнә ретiнде айтыла бастайды. Осы
мақсаттарына орай олар дiн фанатиктерiне «пәледен құтылу үшiн халық
қандай да болса құрбандыққа шыдау керек» дегендi уағыздап Сармолланы
«құрбандыққа» ұшыратады. Әрi осы қылмыстың соңына түскен патша
мекемелерiне де түрлi әдiс-тәсiлдер арқылы әсер етедi. Бұл iстi солардың
сөзiмен былай бередi: «Сармолланы магометан шарихаты бойынша дiн тұтқан
халық дұрыс құрбан еткен. Соның шипа болғанын, мiне, ендi көрдiңiздер».

Романдағы Сармолла қазасына қатысты уақиғалар тұсында Абайдың жан
дүниесiнде үлкен өзгерiстер өтедi. Ол ендi қазақ даласында тарыдай
шашылған ауылдардағы молдалар надандығын, ашкөздiгiн ғана емес, дiн
ұясы, ордасына айналған үлкен мешiт маңына топтасқан үлкендi-кiшiлi
оқуы, қызметi бар дiн иелерiне де өзге көзқараспен қарайды.

М. Әуезов осы уақиға кезiнде Абайдың дiн иелерiне деген көзқарасының
өзгеруiн ой, толғаныстарын баяндау арқылы шебер, жүйелi түрде
бейнелейдi. «…Қала халқының ұстазы деп жүрген имам, хазiрет, молла,
қожаларды өте жақыннан көрдi. Бәрiнiң шек қарындарына шейiн тығып
жүргендерiн анықтап танып бiлдi де қатты жиренiп шықты. Өмiрде аса бiр
былғаныш, қараңғы лас жерде жыбырлап, құжынаған соқыр құрттар әрекетiн
көргендей. Шiрудiң, тозудың тiрлiкке қарсы алысушы қүрттары. Тек қана
iшудiң, сiмiре семiрудiң қүлдары. Амалсыздық, айласыздық, дiңкенi
құртқан тәрiздi. Қырдағы сорақы жыртқыштық бiр алуан болса, қаланы
қаптаған қараңғы надандық, қыңыр дүлей зорлық күштiң меңiреулiгi де
өзгеше» [М.Әуезов. 6-т., 86-87].

«Молдадар былай тұрсын, хусуән бұл заманның ишандарынан да бек сақ
болыңыз. Олар фитнә — ғалым, өздерiн аһли тариқат бiлiп, басқаларды
жеткiзбек, дағуасын iстейдi. Олар-дың барлық қуаты басындағы сәлдесi,
қолындағы тасбиғы. Одан басқа түк те жоқ. Наданның наданы, зорлықшыл
жыртқышы, топасы солардың өзi» [Сонда 87 б].

Абай дүниетанымындағы осындай бiр өзгерiстi ұлы гуманистiң 38-сөзiнен
оқимыз: «Молдалар тұра тұрсын, хұсусан бұл заманның ишандарына бек сақ
болыңдар. Олар — фитнә ғалым, бүлардан залалдан басқа ешнәрсе шықпайды.
Өздерi хүкiм шариғатты таза бiлмейдi, көбi надан болады. Онан асып өзiн
әһіл тарихат бiлiп және бiреудi жеткiзбек дағуасын қылады. Бүл iс
олардың сыбағасы емес, бұлардың жеткiзбегi мүхал, бұлар адам
аздырушылар, хаттә дiнге де зарары дүр. Бұлардың сүйенгенi — надандар,
сөйлегенi — жалған, дәлелдерi тасбиғы менен шалмалары, онан басқа
ешнәрсе жоқ» [Абай. 2-т., 205].

Абай бұл сөздердi жазғанда өзi бiр кездерi зор санайтын дiн иелерiмен
қақтығыс, тартыс үстiнде туған ойларын, байқағандарын, ызасын пайдаланып
отыр.

Жоғарыда үзiндiде келтiргенiмiздей дiнбасыларға байланысты осындай
ойларға Абай Семей мешiт, медреселерiндегi имам, хазiрет, қарилармен
түрлi жағдайлардағы, кездесу, әңгiме, пiкiр таласы, дау-дамайлар кезiнде
келген. Өйткенi ауыл арасындағы дүмшелерге қатысты Абай бұлай толқып,
тебiренбес те едi.

М. Әуезовтiң «Абай жолы» эпопеясында бұл өзгерiстер белгiлi жүйеде
қолданылады. Сондықтан да олар табиғи, көркем көрiнiс тапқан. Мысалға
Мәкен мен Дәрмен дауы тұсында, олардың бас бостандығын алып беру үшiн
күрескен Абайға Семей қаласындағы мұсылмандар атынан ата-баба, шариғат
жолын айта келген Юнусбек қалфе мен олардың арасындағы диалогта осы
мәселе көрсетiледi: «Абай мырза, мұсылман қауымның қай заманда, қай
мекенде болса да, тетiгi мен тиегi иманы едi. Халық — надан, заман —
иман, ынсаптың азған заманы. Сiздей қауым, халық ұстазы болатын адам
ислам жолынан закон жолын, яғни дiнi жат қауымның жолын артық санаса,
сiздiң соңыңызға ерген қауым мен нәсiлдерде қандай иман, еғтиқат қалады?
Қандай қылмыс алдында ұждан, инсаф таразысы болады? Бiз сiзден сол
мұсылманшылық иманы үшiн, осы iс уақытында езгеше ойлануды күткен едiк!
Бiздi сiзге жiберген ишан мен хазiреттер…» — дедi [М. Әуезов. 6-т.,
139-140].

Олар жастардың бас бостандығын орыс заңдарына иек арта қорғап отырған
Абайды күнәлайды. Ата-баба салтын алға тарта, Абайдан соны қорғауды
талап етедi.

Бұған Абай жауабында М. Әуезов қара сөздерде айтылған ойларды
пайдаланады: «Екi түрлi иман бар едi, — яқини иман, тақлиди иман. Жұртқа
сол иман атымен өсиет, хүкiм айтпақ боласыздар. Осы отырған екеуiне мен
не дейiн?! Яқини иманы бар деуге сiздерде ғылым жоқ, тақлиди иманы бар
деуге әуелi өздерiңiзде берiктiк жоқ, яғни, я алдағанға, я азғырғанға, я
бiр пайдаңызға қарай дархал осы сағаттың өзiнде «ақты — қара» деуге,
«қараны — ақ» деуге, «өтiрiктi — шын» деуге әзiрсiздер. Сол
терiстiктердiң бәрiне ант етуге әзiр отырған сiздердi не деймiз? Жоқ
бүгiн мынандай дау мен пәле шығып тұрған шақта «қылыш үстiнде серт
тұрмайды» десеңiздер, «құдай тағаланың кешпес күнәсi жок,» десеңiздер,
сiздерден не күтейiк. Патша әкiмiне кiргенде тағзым ете жалынасыз,
жалған айтасыз» [М.Әуезов. 6-т., 142 б].

Ендi осы жолдарға негiз болған Абай қара сөздерiн қаралық: «Әуел не
нәрсеге иман келтiрсе, соның хақтығына ақылы бiрлан дәлел жүргiзерлiк
болып ақылы дәлел сипат қыларға жараса, мұны якини иман десек керек.
Екiншi — кiтаптан оқу бiрлән, яки молдалардан есту бiрлән иман келтiрiп,
сол иман келтiрген нәрсе-сiне соншалық берiктiк керек. Бiреу өлтiремiн
деп қорқытса да, мың кiсi мың түрлi iс керсетсе де, соған айнып көңiлi
қозғалмастай берiктiк керек. Бүл иманды иман таклиди деймiз» [Абай
13-сөз].

«Ендi мұндай иман сақтауға қорықпас жүрек, айнымас көңiл, босанбас буын
керек екен. Якини иманы бар деуге ғылымы жоқ, таклиди иманы бар деуге
берiктiгi жоқ, я алдағанға, я азғырғанға, я бiр пайдаланғанға қарап,
ақты қара деп, я қараны ақ деп, я өтiрiктi шын деп ант ететұғын кiсiнi
не деймiз? Құдай тағала өзi сақтасын» [Абай. 2-т., 147-148 бб].

Абай қара сөздерiнiң бiразында дiн, имандылық тақырыбы негiзгi арнаға
айналады. Мысалы, 12, 13, 16, 27, 28, 34, 35, 36, 38, 43 — сөздер. Өзге
сөздерде де бұл бағыттағы ойлар кездесiп отырады. Абайдың бұл тақырыпқа
жиi оралып отыруының бiр себебi қазақ қоғамдық санасына тiкелей қатысы
бар жаңағыдай тартыстарға байланысты болса керек.

Әбiш екеуi арасындағы диалогте:

— «Жаңағы иман яқини, иман тақлиди, қазақ баласының тiлiн сындыратын
сөздер, сол себептен келiп жатыр екен ғой [қара сөздер адресаттары бар. —
З.Қ.] Бiрақ бұл олармен жүз көрiсiп дауласқан жерде жаңағыдай тұста
айтылса да, өзiңiз жазған сезге, еңбекте аз көрiнетiн шығар, солай емес
пе?

— Ол кейде менiң жазатын сөзiм мен жырыма да кiредi.


-Сiздiң тыңдаушы, оқушыңыз көпшiлiк түсiнбейдi ғой.

-Олардың керегiне түсiнер, бiрақ мен бүгiн өзiм жағаласып отырған мынау
топқа айтар сөзiмдi бұлардың өзiнiң тiлiмен айтпасам болмайды…»
[М.Әуезов. 2-т].

М.Әуезов осы диалогте қара сөздерге қатысты аса қажеттi бiр ойды сырғыта
айтып, астарлатып бередi. Ол қара сөздердiң Абайдың өзге де
шығармаларына [дiни лексика мен мазмұнның] енетiнi және оның тек қана
дiншiлдерге арналмағаны.

— «Олар керегiне түсiнер…» — деген жолдарда қара сөздердiң Абай үшiн
қажетi мен мәнi бiрден байқалады. Әрине ондағы тiл мен көркемдiк жүйенiң
мүлде басқалығы белгілі.



З.Бисенғали


АБАЙ ЖӘНЕ ӘУЕЗОВ

Аннотация. Мақалада қарастырылған мәселелер. Абай қара сөздерінің
табиғаты. Қара сөздердің «Абай жолы» эпопеясында қолданылуы. М.Әуезовтің
Абай қара сөздерінің зерттелуіне қосқан үлесі. Абайдың қара
сөздеріндегі діни-философиялық ойлардың эпопеяда бейнеленуі. Абайдың
иман мен шариғат туралы көзқарастары.

Тірек сөздер. Абай, Әуезов, қара сөз, дін, философия, иман, шариғат.

З.Бисенгали

АБАЙ И АУЭЗОВ

Аннотация. Вопросы, рассматриваемые в статье. Природа слов назиданий
Абая. Использование слов назиданий в эпопеи «Путь Абая». Заслуги М.
Ауэзова в исследовании слов назиданий Абая. Религиозно-философские
размышления Абая в эпопеи. Взгляд Абая о совести и шариате.

Ключевые слова: Абай, Ауэзов, слова назидания, религия, философия,
совесть, шариат.

Z.Bisengali

ABAI AND AUEZOV

Abstract. The issues dealt in this article. The nature of Abai’s words
edification. Usage of the words of edification in the epic «The way of
Abai». M.Auezov’s contribution in the study of words edification.

Keywords: Abai. Religious and philosophical thinking of Abai in the
epic. View’s of Abai on conscience and shariat.

Толық нұсқасы:

http://abai-inst.kz/?p=798

/
| Абай институты

 

03:33:04