Қанипаш Мәдібаева: АБАЙ ӨЛЕҢІНІҢ ҚҰРЫЛЫСЫ

Абай өлеңі — ақындықтың алуан құбылған мінезі. Сырғыған нұрдан сыр аулап кеудеге қуаныш жайылған сәт. Тылсымға қамалып, тығырыққа тіреліп, болымсызға болдырып отырған шарасыз күй.


Жан жанып, жанарда күн ойнап қайтадан тірілген құштарлық…

Абай жырының өлмейтін өлең мәніндегі құпиясының бірі оның құрылымында.
Сол негізде Абайдың өлең құрылысын зерттеу қашан да мәнді.

Кейінгі кезеңде Абай ақындығы, Абай дүниетанымы, Абайдың өмірбаяны,
Абайдың әдеби мұрасының зерттелу тарихы тұрғысында елеулі жаңа ғылыми
бағыттар айқындала түсіп отыр. Өскен, озған жұрттардың өнегесінде
Абайдың ақындық әлеміне біз де түбегейлі бас қою мүмкіндігіне ие болдық.
Тарих қазақтың тағдырын сан мәрте талқыға салған тұстарда тұтас танымға
тарту мүмкін болмаған Абай ақындығы айналасына барып тірелетін
тарихи-әлеуметтік негіздер, көркемдік заңдылықтардың дәстүрлі,
жаңашылдық бағыттар аясындағы өрісі қазіргі кезеңде тағы бір саралаудан
өтіп, тың пайымдаулармен тұғырлана түсуі – абайтанудың қазіргі кезеңдегі
ғылыми нәтижелері әрі келешек зерттеу бағдарлары. Абай ақындығын осы
тұрғыда ХІХ ғасырдағы қазақ өлеңінің түрі мен тегі туралы тұғырлы тұтас
таным аясында жүйелі ғылыми негізде бағалап, саралаудың өзіндік мәні
бар.

Абай ақындығының айналасын айқындай түсуде, ұлттық арқау, шығыстық,
батыстық негіздерін игеруге ұмтылуда Абаймен тұстас, Абайдан ілгерідегі
өлең түрлері мен поэтикалық тәсілдерді тұтастай нысанаға алып отырып
қазақ өлең тарихы мен теориясының ғылыми нәтижелері ауқымындағы жинақтау
мәнді нақтылы пайымдаулар қажет.

Абайтану тарихында Абайдың өлең түрі тұрғысында бір ғасырдан астам уақыт
қарастырылып келе жатқан арнайы сала бола тұра, қазіргі кезеңде осы
мәселенің абайтанудағы өзекті жайлардың бірі болып қалып отыр-ғандығы
белгілі. Мұндағы түрлі себептердің жай-жапсары абайтану мәселелерін
ғылыми не-гізде зерделеген белгілі ғалымдардың еңбек-терінде айтылып,
қамтылып отырды.

Айқындай түсуді, нақтылай түсуді қажет етіп отырған, қайсыбір құнды
болжам, зерттеулерді ғылыми айналымға қосудағы ынта-ықыластың кемдігінен
қазақ өлеңінің даму тарихындағы елеулі мәндердің қағаберістеу қалып
отырған да жайлары бар.

Абайдың өлең түрлеріне қатысты қазірде ауызша поэзия үлгісіндегі,
ортағасырлық түрік поэзиясы өлшемдері, ұйқас ерекшелігі түріндегі, халық
ауыз әдебиеті үлгісіндегі және орыс поэзиясын аудару үдерісіндегі
ықпалдастық негізде шығарылған туындылары деп жүйелеп бөліп қарастырудың
да қажеттілігі байқалып отыр. Осы негізде Абайдың дәстүрге бару,
дәстүрден алу, дәстүрді жаңғыртып ұқсату шеберлік тәсілдерінің әлі де
жұмбақтау қалып келе жатқан қырлары, ақындық өсу, кемелдену үдерісіндегі
айқын белгілер нақтылана түсер еді.

Ілгеріден бері Абайдың өлең құрылысы, Абайдағы өлең түрі туралы нақтылы
нәти-желерді назарға ала отырып, кезеңінде тасалап қана қылаң берген
арғы жағы мығым ойларды оята отырып, кәнігі өлең білгірлерінің,
өлең-танушы мамандардың теориялық танымындағы мызғымас негіздерді тұғыр
ете отырып қайта бір айналып соғып, Абай поэзиясының өлеңдік болмыс
құпиясын ендігі мүмкіндіктер ауқы-мында және бір саралаудың нәтижесінде
жалпы қазақ өлең тарихындағы қазірде де толық жүйе-леніп болмаған,
негізделіп аяқталмаған аса елеулі заңдылықтар мен құбылыстарға да
қаны-ға түсер едік.

Бұл мәселеде пісуі жетіп, түсіруді күтіп жатқан фактілер, сәл ден қойсақ
айқара ашылып кетейін деп тұрған құпиялар жетерлік. Заманында бар
дүниемізді басқалар түгендеп бергендей шалықтап, алысқа алақтаған
күндеріміз болды. Өзегімізде жатқан өзіндік болмысымызды өзгенің қалпына
түсіруге ынтығып өзеуреуге де мәжбүр етті. Көкірек көзі ояу көсем
ұлдарының айтқанына халықты иландырмаудың көп амалы жасалды.

Халықтың мың-сан құрсауға түскен азаматтық тарихының қасіреті қазақ
әдебиетінің тарихын түзу, дәуірлеу, теориялық тұрғыдан қисындау сияқты
ұлттық бітіммен астасып жатқан аса қастерлі қымбат мұрасының таралу,
танылуында да қалды.

Тәуелсіздік кезең әдебиеттануы баяу баппен алыстан шалып, ауқымымен
қамтып талай дүниені еңсеріп, игеріп келе жатқан қалыпта. Қазақ
әдебиеттану ғылымында дәуірлік зерттеу мәселелерін тұтасымен
жалпыадамзаттық көркемдік таным, игіліктер өрісіне көтеріп шығатын әлует
бар.

Мұхтар Әуезов ауызша мен жазып шығарылған әдебиет үлгілеріне қатысты әр
жылдарда ой қозғап отырған. Құлмат Өмірәлиев Дулат өлеңдерінің
композициялық құрылысы туралы зерттеу жүргізе отырып, ауызша мен жазба
өлеңнің айырымын танытар көркемдік-теориялық ұстанымдар жасады.

Ғалым қазақ өлеңінің жанрлық, стильдік, құ-рылымдық сипаттарын әр
қырынан саралап отырып Дулат өлеңіндегі жаңалық, дәстүрлі арналар туралы
ғылыми тың байламдар жасады.

М. Қашқари «Сөздігі» мен ХІХ ғасырдағы Дулат өлеңіндегі ерекшелік,
сипаттарды қисынды сабақтастырған Қ.Өмірәлиев ойлары ауызша мен жазба
өлең табиғатын тануға бастап жатқан ілгергі зерттеулерде көңіл
бөлінбеген дәлел, дәйегімен назар аударады.

Абайдың «Берекелі болса ел», «Келдік талай жерге енді» өлеңдерін
салыстыра келіп Қ.Өмірәлиев былай дейді:

«Міне, Абайдың осы екі өлеңі де 7-8 буынды жыр үлгісінде жазылған:
бірінші өлең — ауызша поэзияға тән дидактикалық толғау үлгісінде.
Алғашқы өлең ұйқас түрі жағынан да жақын. Тармақ тастап барып ұйқас
құрайтын өлең. Екінші өлең — ұйқас түрі жағынан бөлек: ішкі ұйқасты
тармақтар аралық желілі ұйқас жолдары бар өлең» [1, 90 б.].

ХІХ ғасырдағы қазақ өлеңінің даму өрісін-дегі нақты бір түрге қатысты
Шоқан Уәлиханов айқындамасында ауызша мен жазбаның айырым белгілеріне
қатысты дәлел, дәйек боларлық негіз бар. Шоқан Уәлиханов — 5 түр —
«өлеңнің» қазақ поэзиясының дәстүрлі үлгілерінен өзгешелігін даралап
көрсетеді. Біздіңше, қазақ өлеңтану ғылымында осы мәселеге әлі де
тереңірек зер салып қарау қажет.

Бұл ХІХ ғасырдағы өлең түрлерінің ғана емес, жалпы қазақ поэзиясының
жанры, жаратылысы, құрылымы мен өлшеміндегі негізгі поэтикалық
заңдылықтардың сұрыптала, қазақ өлеңінің құрылымы, түрі, жанры
мәселесіне байланысты өлең теоретиктері негіздеген айқындамалардың
толыға түсуіне, қазақ поэзия-сының көркемдік даму тарихына тың ағыстар
қосуға мүмкіндік туғызар еді.

Жазбаша кітаби әдебиет, жаңғырған нәзира дәстүрі қазақ әдебиетіне жаңа
өлең түрін қосып, жанрлар трансформациясын туғызған; аймақтық әдеби
мектептердің негізгі даралық сипаттарын орнықтырудағы ықпалды көркемдік
дамудың ХІХ ғасырдағы негізгі бағыттарының бірі болды.

Кітаби әдебиет, нәзира орнықтырған «өлеңнің» өлшемі, негізінде, 11
буынды өлшем. Бунақ-буын үлгісі — 3-4-4. Шумақ негізінен 4 тармақты,
ааба ұйқасты болып келгенімен, кейде шумақтағы тармақ саны 4-тен асып
кетіп отырады. Мұндай 4 тармақтан асқан шумақты өлеңдер дәстүрлі қара
өлеңге жатқызылмауы керек. Бұл — қазақ поэзиясының ортағасырлық
түркілік, шығыстық үлгімен астасып жатқан негізі, дәстүрі бар, ХІХ
ғасырдағы поэзиялық бір түр. Шоқан Уәлиханов арғы негіздерін тереңнен
тартып зерттеуге бармағанымен, бұл түрдің басты сипаттарын, даралық
өзгешелігін мейлінше таратып айтқан.

«5. Өлең. Бұл форма, қазіргі кезде барлық жаңашыл ақындар тарапынан
суырып салма өлеңдерге де, поэмаларға да, әсіресе, Орынбай өлеңдеріне
қатысты көбірек айтылады. … Осы өлеңдердің тақырыптарының көбісі діни
сарында айтылады…

Өлең деген бұған дейін жоқ поэзияның ерекше формасының және атаудың
қазақ даласына тарай бастағанына 50 жылдан асқан жоқ, бұл Қазан мен
Тобыл татарларына қырға жол ашылғаннан кейін келген жаңалық [2, 165 б.].

Қазақ әдебиеті тарихындағы, ХІХ ғасырдағы жазба әдебиет жайына
байланысты дерек, дәйектердегі Х.Досмұхамедұлы, А.Байтұрсынов, М.Әуезов
атап көрсетіп отыратын «жазба әдебиеттің негізін мұсылманша сауатты
молдалар салған», «қазаққа жазу дінмен келген», «қазақта жазба әдебиет
Абайдан көп бұрын басталған», т.б. түйіндердің байлам, тоқтамы өлеңнің
осы түрімен де сабақтасып жатыр. Бұл өлең — Абай дәуірінде кең жайылған
түр. Жазба дәстүрмен орныққан өлең. Жаңа, еуропалық үрдісте өрістеген
жазба өлеңге де, өзгешелік сипаттарына қоса, тұғыр болған өлең. Бұл
түрді фольклордағы дәстүрлі қара өлеңмен бір үлгі деп тану — қате.

7-8 буынды өлшемнің толғау өлеңге қоса лирикалық жырға да қызмет
еткеніндей (З.Ахметов) 11 буынды өлшем қара өлеңнен басқа түрге де арқау
болған. Шоқан айқындаған өлең түрі — «өлеңнің» қара өлеңнен ырғағы
бөлек.

Ахмет Байтұрсынұлы «Әдебиет танытқышта» өлең шығару өнеріне арнайы
тоқталып, өлең кестесі — айшық түрлерінің қазақ поэзиясында түрлі-түрлі
болып келіп отыратындығына нақты мысалдарға сүйене отырып көңіл бөлген.
Ахмет Байтұрсынұлы бұл мысалдарды көбінесе Абай өлеңдерінен алып
отырады, Абаймен тұстас, ілгерідегі, кейінгі ақындардан келтіріп қояды.
Ахмет Байтұрсынұлы мысалдары өлең түрі айшыққа, шумақ қалпына қатысты
өзгеріп отыратындығы тұрғысынан қазіргі өлеңтанудың көп мәселесін
айқындауға мүмкіндік беретіндігі даусыз. Соның ішінде Абай өлеңінің түрі
туралы нақты саралаулардың бірін осы бағытта да жасау — артықтық
етпейді.

Мәселен, 4 тармақты, 11 буынды ұйқасы ааба түрінде келетін өлеңдер мен
көп тармақты ұйқасы еркін, айнымалы аабаба, т.б. түріндегі 11 буынды
өлеңнің өзгешеліктерін — баяндау, сипаттау ерекшеліктері мен бейнелеу
күшінің әркелкілігінен бұл өлеңдердің ішкі серпін, қуат, лирикалық
бүкпесін айқын тануға болады.

Бұл өлеңдерде айырма — тек шумақтағы тармақ санында емес. Сөйлем
құрылымындағы өзгешелікте. Қажым Жұмалиев Абайдағы жаңалық өлең
өлшемінде емес, сөйлем құрылымында деп айқындама жасайтындығының мәнісі
осы тұста ашыла түседі. Сөйлем құрылымындағы өзгеріс бір мәнде —
бастауыш пен баяндауыштың орын тәртібіндегі өзгеріс.

Шумағы төрт тармақты 11 буынды өлең:

Бұл күйге бүгін емес, көптен кірдік,

Алдыартын байқамаған бетпен кірдік.

Шығармай бір жеңнен қол, бір жерден сөз,

Алалық алты бақан дертпен кірдік.

Шумақтағы көп тармақты 11 буынды өлең:

Сәуірде көтерілер рақман нұры,

Көрінер көк жүзінде қаз бен қуы.

Көктен жаңбыр, таулардан сулар жүріп,

Жайылар жер жүзіне қардың суы.

Ұшпақтың бір сәулесі жерге түсіп,

Өсірер жерден шөпті нұрдың буы.

… Көл жағалай мамырлап қу менен қаз,

Жұмыртқа іздеп, жүгіріп балалар мәз…

Бұл — Ыбырай Алтынсариннен алынған өлең. Абайда да бұл түр бар.

Ахмет Байтұрсынұлы «Әдебиет танытқышта» өлең түрлеріне мысал алуында
Абай өлеңін мейлінше назарда ұстап отырған.

Айшыққа, шумаққа, тармаққа, бунаққа, ырғаққа (ағын, жорғақ деп алып
отырған — Қ.М.), т.б. өлеңнің жасалу шарттарына тоқталуында Ахмет
Байтұрсынұлы атап көрсететін ерекшеліктер — қазақ өлеңтануындағы маңызды
айқындамалар. Бұлардың Абайдың өлең түрін, өлең өлшемін тануда да
нақтылы мәні бар. Ахмет Байтұрсынұлы қазақ өлеңіндегі тұтас шумақты
өлеңдер деп аталатын түрге тоқталуында Абайдың «Мәз болады болысың» және
«Антпенен тарқайды» өлеңдерін атайды. Тұтас шумақты деп Ахмет
Байтұрсынұлы өлеңнің ұйқастағы бірізділігімен де байланысты, әрі төрт
тармақты шумақпен келіп отыратын түрін көрсеткен.

Мәз болады болысың,

Арқаға ұлық қаққанға.

Шелтірейіп орысың,

Шенді шекпен жапқанға.



Күнде жақсы бола ма,

Бір қылығы жаққанға?

Оқалы тон тола ма,

Ар-ұятын сатқанға?!

Күлмең қағып қасқайып,

Салынып ап мақтанға.

Таң қаламын қампайып,

Жоқты-барды шатқанға…

Ахмет Байтұрсынұлы тұтас шумақты өлең деп бөлетін мұндай түрмен жазылған
өлең (ұйқасы абаб болып келетін — Қ.М.) Абайдың 2005 жылғы «Жазушы»
баспасынан шыққан 2 томдық академиялық жинағындағы өлеңдер бойынша
сараланғанда, оның аударма өлеңдерін қоса алғанда жалпы саны — 57:
«Желсіз түнде жарық ай», «Мәз болады болысың», «Қажымас дос халықта
жоқ», «Жастықтың оты, қайдасың», «Татьянаның Онегинге жазған хаты»,
«Онегиннің Татьянаға жауабы», «Онегиннің Татьянаға жазған хаты»,
«Татьяна сөзі», «Кейде есер көңіл құрғырың», «Асқа, тойға баратұғын»,
«Ата-анаға көз қуаныш» (Бұл өлеңде Абай шумақ со-ңындағы «Еркелік кетті,
ер жетті, не бітті?» деген қосымша үш тармақпен тұтас шумақты өлеңді
түрлендірген — Қ.М.), «Көзінен басқа ойы жоқ», «Жастықтың оты жалындап»,
«Қызарып, сұрланып», «Менсінбеуші ем наданды», «Не іздейсің, көңілім,
не іздейсің?», «Жүрегім, ойбай, соқпа енді!», «Күлімсіреп аспан тұр»,
«Сұрғылт тұман дым бүркіп», (мұнда да тұтас шумақтан соң қосымша, ырғағы
бөлек тармақтар бар — Қ.М.), «Атаңды апаң азғырып» (бұл да сондай —
Қ.М.), «Ысытқан, суытқан», «Қараңғы түнде тау қалғып», «Өзіңе сенбе, жас
ойшыл», «Қорқытпа мені дауылдан», «Антпенен тарқайды», «Қарашада өмір
тұр», «Әсемпаз болма әр неге», «Әбдірахманға», «Әбдірахманға Кәкітай
атынан хат» (екі өлең — Қ.М.), «Әбдірахман өліміне», «Талаптың мініп
тұлпарын», «Махаббат, достық қылуға», «Адамның кейбір кездері», «Көк ала
бұлт сөгіліп», «Алла деген сөз жеңіл» (бір шумақта ұйқас тәртібі
өзгерген абва — Қ.М.), «Құр айқай бақырған», «Мен сәлем жазамын»,
«Құлақтан кіріп, бойды алар», «Болды да партия», «Қуаты оттай бұр-қырап»
(шумақ соңында ырғағы бөлек қосымша аа ұйқасымен келген қос тармақ
қосылған — Қ.М.), «Жүректе қайрат болмаса», «Жаман-баланың баласы
өлгенде», «Күн артынан күн туар», «Қазаға ұшыраған қара шекпен»,
«Әнші-лер», «Жүрегім менің қырық жамау», «Күшік асырап ит еттім»,
«Дүтбайға», «Жалғыз жалау жалтылдап», «Жартас», «Жүрегім, нені сезесің»,
«Көлеңке басын ұзартып», «Көңілдің күйі тағы да», «Күнді уақыт итеріп»,
«Жалын мен оттан жаралып» (қосымша ырғағы бөлек төрт тармақ бар —
Қ.М.), «Домбыраға қол соқпа», (бір шумақ ұйқасы ғана абвб болып келген —
Қ.М.).

Ахмет Байтұрсынұлы тұтас шумақты өлең деп көрсеткен осы, ұйқасы абаб
болып келетін, әр шумақтағы 4 тармаққа құрылған өлең түрінің өзіндік
ерекшелігі, тағы қандай құпиясы бар, бұрын-соңғыда абайтануда бұл
жөнінде не айтылған?

Қ.Жұмалиев «Қазақ әдебиеті тарихының мәселелері және Абай поэзиясының
тілі» еңбегінде былай дейді:

«Абайға дейінгі ауыз әдебиеті, тарихи әдебиетті алсақ, қазақ өлең
құрылысының үш-ақ түрі болатын:

Он бір буынды.
Жеті буынды.
Аралас буынды (бұған кіретіндер әнге арналған өлеңдер мен жырларда
көп кездесетін көп жолдары жеті буын, кейде сегіз буында араласып келіп
отыратын өлеңдер)» [3, 347 б.].

Қажым Жұмалиев осында он бір буынды, алғашқы бунағы үш буыннан тұратын,
ілгеріде Шоқан Уәлиханов айтатын «өлең» туралы айтпағаны бірнеше
себептерге байланысты болды деп ойлаймыз. Сәбит Мұқановтың кезінде
қазақта жыр мен қара өлең ғана болды деген тоқтамы болған. Мұндай
тұжырымдардың нақтылы бір себебі ортағасырлық түрік әдебиеті, шығыс
әдебиетіне қатысты өрбіген түрді («өлеңді» — Қ.М.) қазақ әдебиетімен
туыстыра қарауға саяси екпін мүмкіндік бермеді, екіншіден, қазақ
өлеңінің түп-төркіні сол дәуірде әріден қозғалып зерттелген ғылыми бағыт
та қалыптаспаған болатын. Сонымен бірге бұл пікірлердің қисынды
қырлары, ақиқат негіздері де назарға алына берген жоқ — Қ.М.).

Бір өкініштісі, қазақ өлеңтануында қазіргі шейін арғы арқауларға көз
салу үрдісі жекелеген ғалымдардың ұстанымы деңгейінде, ғылыми айналымға
әлі де толық тартылмаған күйде қалып келе жатқан жайы бар.

Асқар Егеубай Жүсіп Баласағұн дастанынан өрбітіп осы ақтаңдақтардың олқы
орнын толықтыруға бастамашыл, жинақталған, арғы-бергі тарихты бүгінгі
дәуір биігінен зерделеген өреде мынадай ой-пайымдауларға тектен-тек
барған жоқ.

«Орхон-Енисей жазбалары» мен «Құдатғу біліг» сынды көпқырлы жәуһарлардың
ішкі-сыртқы бітімінен көзге ұрып тұрған қазақтың көркемдік әлемімен
сабақтастық заңдылықтарын тереңнен талдап-зерделей түсу қазақ
әдебиетінің тарихына да мағыналы да қызықты беттер қосатынына рухани
дүниеміздің тынысын кеңейте түсетініне күмін жоқ» [4, 15 б.].

Қажым Жұмалиев қазақ әдебиеті тарихын Бұхардан бастау концепциясында
болды.

Бір себептен қазақ өлең түрлерінің арғы негіз, кейінгі өрісін, былайғы
өзгерісті Абайға ғана телу тенденциясы болғандығы да — біздің
әдебиеттану ғылымымыздың бір фактісі.

Қажым Жұмалиев Абайдағы өлең түрлеріне қатысты ой-тоқтамдарын таза
буынға әкеліп тіреп отырып айтқанын көреміз. Ұйқасқа мән беру — қазақ
өлеңінің жаратылыс болмысына келмейді дейді. Қазіргі кезеңдегі (оның
өзіне 40-50 жылдай болып қалды — Қ.М.) өлеңтануда ұйқасқа елеулі мән
беріліп, оның өзінде ауызша мен жазбаның айырым белгісіндегі ұйқас ұстап
тұрған ерекшеліктер айтылып келеді. Негізінен бұл пікірдің басында
Құлмат Өмірәлиев тұрған сияқты.

Қажым Жұмалиев Абайдағы буындық өлшем тұрғысында былай дейді:

«Абайға дейінгі қазақтың өлең құрылысының барлық түрі осы үшеуі-ақ.
Қазақтың өлең құрылысы силлабикалық өлең құрылысының жүйесіне
жататындықтан, негізгі өлшеуіші — буын. Буыны жағынан ауыз әдебиетінің
де, Абайға дейінгі тарихи әдебиеттің де жеткен жері осы еді. Және бұл
түрлер қазақта әбден тұрақталып, бекіп алған түр еді. Абай ең алдымен
қазақ өлеңдерінің осы жағына көңіл бөлді.

… Абай ең алдымен 8 буынды және 6 буынды — жаңа екі түр кіргізді. Бұның
екеуі де Абайға дейінгі әдебиетімізде жоқ түр еді» [3, 349 б.].

Қазіргі кезеңде бұл үлгілердің Абайға шейінгі, Абаймен тұстас қазақ
өлеңінде болған, бар үлгілер екендігі туралы айтылған дерек, дәйектер
бар. Мәселенің айқын қойлымы да ғылыми айналымға енуде.

«Отандық йасауитануда хикметтердің құрылымдық жүйесі бірқатар
зерттеулерге арқау болды. Бұл бағыттағы ізденістер Йасауи хикметтерін
тарихи даму аспектісінде, динамикалық күйде емес, статикалық қалыпта
қарастырумен ерекшеленеді. Зерттеулердің мұндай біржақтылау сипат алуына
екі түрлі себеп бар деуге болады. Біріншіден, көне түркілік өлең
жүйесі, оның даму үдерістері мен бағыттары, араб-парсы поэтикасы мен
түркілік поэзияның өзара әсерлесу құбылыстары, олардың заңды нәтижелері
секілді қадау-қадау мәселелер қазақ әдебиеттануында бүгінге дейін
тиянақты, толыққанды зерттеу нысанына айналған жоқ» [5, 151 б.].

А.Әбдірәсілқызы Йасауи хикметтерінің құрылымдық жүйесі, буындық өлшемі,
ұйқас түріне қатысты мәселені қозғауында қазақ өлеңтануының мәселелеріне
де өтімді қисын, заңдылықтарға ой тоқтатқан. Белгілі ғалым Р.Сыздықтың
«шумақішілік ұйқас» атаған ұйқасына тоқталған. Негізінде А.
Әбдірәсілқызының Қожа Ахмет Йасауидің ақындық әлемін нақтылы жанрлық,
құрылымдық тұрғыдан зерделеген бұл зерттеуінде ұзақ жылдар бойы күн
тәртібіне қойылмай келе жатқан өзекті өлеңтану мәселелерінің деректі,
дәйекті, қисындары нақтылығымен көкейден шығып отырады.

Жас зерттеуші аса күрделі проблемалық ғылыми бағыттың даусыз арқауларын
жүйелі, нақты саралауға тарту арқылы отандық өлеңтануға тың ағыстар
қосты деуге болады. А.Әбдірәсілқызының негізгі мақсатына кірмегендіктен,
қазақ өлеңінің, әсіресе Абай дәуіріндегі өлеңнің ауызша мен жазба
әдебиетке қатысты зерделенген қайсыбір қисындарын назарда ұстап отыруды
мақсат тұтпағаны мін емес.

Тілтанушы ғалым Құлмат Өмірәлиевтің де шумақаралық желілі ұйқасқа
қатысты айтқан болжам, байламдары болған. Әрі осыны алғаш мәселе етіп
қозғаған сол ғалым еді.

Құлмат Өмірәлиев атап көрсететін Дулат поэзиясының өлең құрылымы сол
кезеңдегі қазақ өлеңінің жаңа даму бағдары және басқа да ақындарда да
дәл Дулат өлеңіндей болмағанымен, кездесіп отырған құбылыстар.

«Дулат өлеңдері өзінің композициялық құрылысы жағынан ірі-ірі үш топқа
бөлінеді. Олар: терме өлең; ішкі шумақты ұйқасы бар ұйқасы тұтас өлең.
Әрине, бұл бөлуі де шартты. Өйткені Дулат өз өлеңдерінде әр түрлі
өлшем-өрнекті қатар қолданудан тартынбаған. Бір өлеңде кейде бірнеше
өлшем-өрнек үлгісі қатар жүреді» [1, 82 б.].

А. Әбдірәсілқызы ұйқастық үлгінің өлең жанрына қатысты мәні барына назар
салуында Құлмат Өмірәлиев көтерген принципті мәселенің, ХІХ ғасырдағы
поэзия үлгілеріне қарай, Абай өлең түріне қарай көтеріліп жүрген, шумақ
тармақтары ұйқас жөні туралы кезінде А.Байтұрсынұлы арнайы саралаған
мәселелермен үндес ой айтады.

Мұның өзі — кездейсоқтық емес. Қазақ өлеңінің тарихи арна, бастаулары,
жаратылыс табиғаты туралы індете зерттеулер жасалғанда міндетті түрде
барып соғатын көркемдік факторлар, фактілер дейміз.

«Сондай-ақ зерттеушінің аааб вввб гггб үлгісіндегі хикметтерді «қара
өлең үлгісімен жазылған» деген тұжырымына келісу қиын. Өйткені
келтірілген ұйқас түрінің қазіргі қазақ әдебиетінде қалыптасқан дербес
атауы жоқ, ал ааба үлгісіндегі қара өлең ұйқасы немесе ақсақ ұйқас
Йасауи хикметтерінде мүлде дерлік кездеспейді» [5, 153 б.].

Құлмат Өмірәлиев Дулат поэзиясындағы жаңа өлең түрлері, олардың дәстүрлі
тарихи негізі туралы айтуында қазақ өлеңтануының аса бір күрделі,
кекейтесті мәселелерін қозғады. Мұнда айтылған өлеңнің жасалу
заңдылықтары туралы тоқтамдар қазақ өлеңін буын жөнінен ғана тану
тұрғысындағы академик Қажым Жұмалиев қисындарымен сәйкесе бермейтінін
көреміз.

Бұл тұста екі зерттеушінің пікірін талас-тырудың қажеті жоқ. Мәселе —
өлең түрлерін айқындаудың күрмеуі көп күрделі құбылыс екендігінде.

Құлмат Өмірәлиев ХІ ғасырдағы М.Қашқари «Сөздігіндегі» ұйқас, өлшем
тұрғысында Дулат өлеңінде үндес үлгілер бар екендігін көрсете отырып
мына фактіге назар аударады:

«Қазақтың ауызша поэзиясы ХІ ғасырға тән бұл сияқты шумақаралық желі
ұйқасты өлең түрін жыр үлгісіне көшу (шумақ жігін шұбырт-палы, үдетпелі
ұйқас негізінде бұзу) арқылы өте ертеде салттан шығарған» [1, 89 б.].

Ғалымның төрт жолды шумақ жігінің бұзылуы туралы, түйдек ішілік желілі
ұйқастың пайда болу негіздері жайлы сол негізде қазақ­тың жыр
үлгісіндегі толғау, тақпақ (терме), сарын, жоқтау, жылау жырларының бәрі
ұйқасы жағынан осы түрде туды деген айқындамасы – қисынды, маңызды. Әрі
қарай үлгі ортақ болғанымен, ауызша, жазбаша деп бөлудің меже-шегі
қисындалады.

Абайдың жоғарыда аталған 57 өлеңі абаб ұйқасында келген. Ежелгі әдебиет
үлгілерінде бұл ұйқас түрі 7-8 буынды өлең түрлерінің көпшілігінің
алғашқы шумағына тән болған сияқты. Ахмет Байтұрсынов «Әдебиет
танытқышта» төрт тармақты шумақты ұйқасына қарай бөліп көрсетпеген. Ескі
өлеңдердің көбі-ақ төрт тармақты болады, бұған мысал келтірудің қажеті
жоқ дейді. Біз назар аударып отырған ұйқас түрін бір тұста, тармақтағы
бунаққа тоқталғанында мысалға алғанымен, оған көңіл бөлмейді.

Ашуын буған бассын деп,

Жерімді саған тастадым.

Олжа қылып жатсын деп,

Елімді саған тастадым.

(«Кенесары-Наурызбай»).

Ұйқас түріне арнайы тоқталуында да А.Байтұрсынұлы абаб түріндегі ұйқасты
көрсетпейді. Ааба немесе аабвдв түрлерін атайды.

Бейсенбай Кенжебаевтың: «Қазақ өлеңінің құрылысы» зерттеуінде Сәбит
Мұқановтың Абайға дейінгі өлең түрі туралы тоқтамына қатыстырып отырып
айтқан пікірінде Шоқан Уәлиханов бөлген 5-түр өлеңнің фактісін ескеріп
отырғанын, бірақ оны да Ахмет Байтұрсынұлы да көрсетіп отыратын
өзгешелігі бар түр есебінде емес, қара өлең түрі деп танығанын көреміз.

«Қара өлеңнің шумағы екі түрлі: төрт тармақты, көп тармақты болады». [6,
79 б.].

Қара өлең — тек 4 тармақты шумақпен қайырылған, ұйқасы ааба болып
келетін өлең. Шоқан Уәлиханов оны осы түрде таныған және дұрыс таныған.

Ал тармағы 4-тен асып кете баратын ұйқасы тұрақсыз (шартты түрде осылай
аламыз — Қ.М.) өлең қара өлең емес — Шоқан Уәлиханов көрсететін, арғы
арқаулары түрік, араб-парсы поэзиясымен астасып жатқан, әлі де зерттей
түсуді күтетін — «өлең».

Бейсенбай Кенжебаев Абайдан бұрынғы қазақ өлеңіндегі бір түр деп шалыс
ұйқасты (абаб) жыр түрін атап көрсетеді.

Зәки Ахметовтың 7-8 буынды үлгіде келгенімен жаңа түр, лирикалық өлеңі —
Абайдың жоғарыда аталған 57 өлеңіне қатысты жұмбақтың шешімін
оңайлататын теориялық тоқтам.

Бейсенбай Кенжебаев Абай өлең түрлерін саралап отырып осы мәселені
нақтылай түсетін бір байлам жасайды.

«Бізде бұған дейін Абай қазақ өлеңдерінің ұйқасына жаңалықтар енгізді:
қазақ өлеңдері бұрын тек ақсақ (аа-а) ұйқаспен, айнымалы (әр жерде әр
түрлі болып, өзгеріп отырады) ұйқаспен ғана келуші еді. Абай егіз (аабб)
ұйқасты, аттамалы (абаб) ұйқасты шығарды деп айтылып, жазылып келді.

Абай қазақ өлеңдерінің ұйқастарына жаңалық енгізгені рас, бірақ әлгі
ұйқастар Абайдың енгізген жаңалықтары емес. Бұл ұйқастар қазақта Абайдан
бұрын да бар болатын. Тек олар ұзақ өлең-жырларда, дастандарда аз
қолданылатын, көбінше мақал, жұмбақ, шешен сөз болып келетін шағын өлең,
жырларда ғана қолданылатын. Мысалы:

Таныған жерге — (а)

Бой сыйлы (б)

Танымаған жерге (а)

Тон сыйлы (б)» [7, 135 б.].

Б.Кенжебаев Абай сегіз тармақты етіп үш өлең жазған деп көрсеткен бір
түрі — «Қарашада өмір тұр».

Бұл біздіңше, әр шумағы төрт тармақты, екі шумақты өлең. Ұйқасы абаб
болып келген әлгі 57 өлеңнің бірі.

«Қарашада өмір тұр» өлеңі 2005 жылғы Абай шығармаларының екі томдық
толық жина-ғының 1 томында төрт шумақты 6 шумақтан тұратын өлең есебінде
берілген. Жинақ түсінігінде 1909 жылғы жинақ бойынша алынғаны
көрсетілген.

Б.Кенжебаев назар аударған ұйқастың дәстүрлі етістік сөзден есім сөзге
ойысуындағы Абайдың өлең тәсілдері тұрғысындағы ойлары кейінде дамытыла
түсті. Арғы негіздермен сабастастыра қарайтын құбылыстар мұнда әлі де
бар.

Абайдың өлең құрылысына, тармақ, шумақ, ұйқас, буын, бунақ, ырғақ
жөндеріне қатысты нақтылы зерттеулерді жалғастыруға қазірде қай
кездегіден де мәтіндік нұсқа, теориялық негіздер жеткілікті.

Қазақ өлеңінің құрылыс-жүйесін зерттеуде әр қилы байламдардың болғаны
қазірде айқындала түсті.

Көзге ұрып тұрған айқын ерекшеліктердің қате танылып кеткен қисындары
қалпынша қала бере ме? Әлде, жүйелі, кешенді зерттеулер бағыты бастала
ма?

Өлең сөздің ұшқары танымды көтермейтін күрделі негіздерін қисындау —
әрине, қиынның қиыны. Дегенмен де, дерек, дәйек тапшылау заманалардың
өзінде, жалпаңдатып қойған ке-зеңдерде де өлең құпиясын ғұмырын бағыштап
зерттеумен кеткен академик Зәки Ахметовтің өлең қисындарын жалықпай
зерделеу өнегесі қазірде ауадай қажеттілікке айналып отырған сияқты.

Өлең құрылысы туралы, өлшемі туралы тарқата айтып отырып айқындап берген
қисыны аса мол З.Ахметов танымында қазақ өлеңінің бар сипаты қамтылды
ма, ашылды ма дегенге де соқпай өте алмаймыз. Әлемдік поэзия
заңдылықтарын да жетік білген З.Ахметов айқындамасында да «бұл қалай»
дегізетін тұстар бар.

«Он бір буынды өлеңде алғашқы екі бунақтың орны ауысып, тармақ үш
буыннан басталып, екінші бунақ төрт буынды болып немесе бунақ төрт
буыннан басталып, екінші бунақ үш буынды болып келе береді. Бірақ
тармақтың соңғы бунағы буын саны жағынан өзгермейді, үнемі төрт буынды
болады. Жыр өлшемінде де соңғы бунақ өзгермей, үнемі үш буынды болып
келеді» [8, 135 б.]. (11 буынды өлең соңғы бунақтағы 3 буын туралы
айтқаны бар — Қ.М.).

Ал, осы тұрғыдан келгенде, Бейсенбай Кенжебаевта мынадай дерек бар. Әрі
бұл — қазақ өлеңінің бір фактісі.

«Кейбір қара өлең тармақтарының басқа, орта бунақтары 4 буынды, аяққы
бунағы 3 буынды болып келеді. Мысалы:

4 4 3

Айыл тартты // наз бедеудің // беліне

4 4 3

Сұңқар шүйдім // айдын шалқар // көліңе.

4 4 3

Мен ойнаймын // Баршын қайда // сіздерге

4 4 3

Шаппай атты // қайта бер, қалмақ // еліңе [6, 81 б.].

Буын санына орай бөлінген бунақтардың орын ауыстырып отыру себебін
Б.Кенжебаев былай ұғындырған:

«Сондықтан қара өлең тармақтарының бунақтары және тармақ ішінде бунақтар
орнының ауысып отыруы мынадай үш түрлі себептен болуға тиіс: 1) сөз
екпініне қарай болуға тиіс; 2) ақынның, айтушының қай ойды баста, баса
айт-қысы келгендігінен; 3) әннің екпін, ырғағынан болуға тиіс» [7, 81
б.].

Осыдан әрі қарай Бейсенбай Кенжебаев Шоқан Уәлихановтың өлеңді жүйелеп,
түрге бөлуіне ойысып, әлгіндей ерекшеліктерге анықтама, дәйекті сол
тұстан іздеуінде сезімталдықпен дұрыс бағыт ұстанған, алайда жаңсақ
кеткен тұсы — 5 түр — «өлеңнің» ерекшелігіне дендеп мән бере қоймауы.
Әлде… Шығыстық жағалауға соғып жатыр деп, тауысып айтпады ма?!

Б.Кенжебаев Шоқан өлеңнің (5-түр — Қ.М.) қасиетін ашып айтпаған дейді.
Біздіңше, Шоқан Уәлиханов «Соңғы 50 жылда татарлар арқылы келген түр»
деп, тайға таңба басқандай етіп, айқындап берген. Өкінішке орай, осы
мәнге Құлмат Өмірәлиевтің назар аударғанынан басқа өлеңтанушы
ғалымдардың табан тіреп, «өлең» жайын тарқата айтқаны жоқ.

11 бынды өлең түрінде 3 буынды бунақтың соңына келіп отыру үлгісін Ахмет
Байтұрсынұлы да көрсеткен.

4 4 3

Кеудеде от, іште жалын, көзде жас

4 3

Күні-түні қайғы жұтқан сорлы бас (Мағжан).

Мұндай орын тәртібіне қатысты Ахмет Байтұрсынұлы өлеңдегі 1,2,3-ағын
жөнімен түсінік берген.

«3-ші ағынды өлеңдердің аяқ бунақтары ылғи үш буынды болып, басқалары
төрт буын-ды болып келеді» [9, 391 б.].

А.Байтұрсынұлы бұл заңдылықты бунақтың тармақ, шумақ ішіндегі таңдамалы,
талғамалы орны болатындығымен ұғындарған.

Абайда 3-ағынмен келген соңғы бунақ 3 буынды өлең жоқ. Мұның сырын да
ашатын уа-қыт жетті.

Өлең зерттеушілер шалыс, кезекті аталып жүрген абаб үлгісіне көп
тоқталмаған. Зәки Ахметов бұл үлгінің 7-8 буынды өлеңде жиі
кездесетіндігін атап айтқан, әрі ырғақтық мәніне тоқталған. Абай
поэзиясында осы түрдің аудармасы бар, төл туындысы бар — 57 өлеңде
қолданысқа тартылғанына ғылыми мәнде әлде де зер салып, үңіле түссек,
өлеңнің жанрлық, жасалу тәсіліндегі, әрі құрылымдық жүйесіндегі
заңдылық-ерекшелігін айқындай түсуге болар еді. Мұнда да арғы негіздер
мен орыс поэзиясы, жалпы әдеби ықпалдастық өрісі туралы нақтылы
ұғымдарға қаныға түсер едік.

Абай өлеңіндегі бас бунағындағы буын саны, сонымен бірге шумақтағы
тармақ саны, ұйқас түрлері жөнінен ажырата бөліп, арғы тегін, жанрлық
қалпын, ауызша мен жазба дәстүрде туғандығын айқындай түсудің нақтылы
практикалық та, теориялық та мәні бар. Сол негізде арғы-бергідегі қазақ
өлеңінің жасалу заңдылығын, жаратылыс ерекшелігін де айқындай, тани
түсер едік.

Мұның өзі «Абайдың «Әлифби» өлеңі — алғашқы бунағы 3 буынды 4 тармақты
жазба өлең үлгісінде, ұйқасы ааба болып келген жазба дәстүрдегі өлең…

«Жасымда ғылым бар деп ескермедім» өлеңі — бастапқы бунақ 3 буынды,
шумағы көп тармақты, ұйқасы аабавага — ааа және ааба түрінде келген
жазба өлең дәстүріндегі өлең…» дегендей жадағай талдау, жайдақ пайымға
емес, есте жоқ ескі замандардан жеткен өлең құпиясына құштарлықпен
құмартып отырып, инемен құдық қазып, қырық қисыннан бір тоқтам алып,
қанағат табатын зерттеуге құрылса — құба-құп.

Бір зерттеуші Абайдағы етістіктің молдығын, енді бір зерттеу оған қайшы
пікір айтып келсе — бұның да қисыны бар. Осы айырма негізде Абайға кім
дендеп зер салды?

Абайдағы ұйқас, шумақ көлемі, ырғақ, ағыс түп-түгел зерделеніп болды ма?
Абайдың қазақ өлеңіне қосты деп танылып келген жаңалық бағытын қайта
бір саралағаннан Абайдың ақындығы аласара ма, шоқтығы көтеріле түсе ме?
Қазақ өлеңтануындағы басты-басты тоқтамдарды бір тоқайластырып, саралап,
жүйелегеннен неге тартыншақтай береміз? Қазақ әдебиетінің бай тарихы
ішке бүккен сырларға неге ынтықпай отырмыз? Абай өлеңіне қатысты айтпаса
болмайтын ақиқаттар енді жоқ па?

Негізінде, абайтанудың қазіргі кезеңдегі өзекті мәселелерінің бірі —
өлең құрылымын, өлең түрін зерделеуді ілгері оздыру. Абай шығармалары —
мәтінтанулық негізде, хронологиялық тұрғыдан, негізгі тарихи-әлеуметтік
арқау, арғы арналар, өз дәуіріндегі ақындық мектеп, т.б. қалыпта
қайырылып отырудың бар бағыты Абайдағы өлең түрлерін ғылыми негізде
танып ұғынуға қарай тартып жатқан басты желілер екендігін қазірде қай
кезеңдегіден де айқын сезіне түсіп отырмыз.

Абай өлеңіндегі өлшем, ырғақ, пішін қалыбын тани түсу сөз жоқ, оның
шығармаларының жанрлық ерекшелігін, дәстүрлі насихат өлең мен көңіл күй
қалпын тұмшалап ашудағы шыңдалған шеберлік тәсілдердің сырын тануға,
ұғына түсуге тартпақ.

Біздіңше, шумағы 4 тармақты, ұйқасы абаб үлгісіндегі, көбіне 7-8 буынды
өлшеммен түскен 57 туындының өлеңдік көркемдік сырын тұтастықта тануға
талпынып, сол өлеңдердің басын құрып тұрған поэтикалық құбылысқа арнайы
зер салу — абайтанудағы тосын, тың ағыстар қоспақ. Бұл үлгідегі өлеңдер —
Абайдағы лирикалық жырдың мөлдірінен қанып ішіп, өрнекті ой төккен,
тынысы ашыла түсіп, көңіл көзі қиырдағыны шалып, тұғырын тапқан
кемелдіктің жемісі. Әйтпесе, бұлай сөйлер ме?!

Қарашада өмір тұр,

Тоқтатсаң тоқсан көнер ме?

Арттағы майда көңіл жүр,

Жалынсаң қайтып келер ме?

Майдағы жұрттың іші — қар,

Бәйшешек қарға өнер ме?

Ішінде кімнің оты бар,

Қар жауса да, сөнер ме?

Әйтпесе насихат мазмұнды «Әсемпаз болма әр негенің» уағыз сөзі осыншалық
еркеленіп шыға ма, іштен шалып, айнала баурап иландырып әкете ме?!

Әйтпесе «Не іздейсің, көңілім, не іздейсіңнің» көк дөнен көңілді қайырып
сабыр табуға ынтық болған лирикалық тұлға күйі басқаға жетер ме еді?!

«Жүрегім, ойбай, соқпа енді!» …



Адамның жарқ етіп жанған, қанаттанып, қуаттанған, мұң шарпыған тылсымнан
сыр аулаған сәтін алабөтен өрнекпен ашқан бұл өлеңдер — Абайды абайлық
тұғырға көтере түскен шығармашылық белестің өзіндік бір биігі.

Жүрегім, ойбай, соқпа енді!

Бола берме тым күлкі.

Көрмейсің бе, тоқта енді,

Кімге сенсең, сол — шикі.

Жетім қозы — тас бауыр,

Түңілер де отығар.

Сорлы жүрек мұнша ауыр,

Неге қатты соқтығар?

«Мәз болады болысың» өлеңі — Абайдың сырт сипаттаудан іштен шалып,
тұлғаны тұтас қамтып, арғы пиғыл, бергі бейнесін бір қалыптан шығарып,
таппасты тауып, ашпасты айтып тастаған тағы бір тың тәсілі. Тегінде Абай
түрді дүние мазмұнын жеткізу тәсілімен тапты, дәстүрлі өлшемнің өрнегін
өзгерту арқылы тапты. Түр деген өлеңнің 11 буын, 7-8 буын, 6 буынды,
т.б. үлгіде болуына қоса сырды сыртқа жаю сиқырымен астасып жатқан
құбылыс тұрғысынан келгенде, осы ұйқасы абаб болып келген түр — арғы
негізі тереңнен тартып жатқанымен, абайлық түр.

Күлмең қағып қасқайып,

Салынып ап мақтанға.

Таң қаламын қампайып,

Жоқты барды шатқанға…

Төрт тармаққа тұтас бір дәуірдің ел мінезі, типтік болмысқа айналған
құбылма құлықтары тартылған. Аударма өлең Абай ақындығын шыңдаған
әлуетті көркемдік әлем болды.

Аталып отырған 57 өлеңнің біршамасы аударма туынды. Сөз құрау, ой
оралымын сөзге түзудегі ықшамдық, жеделдік, тапқыштық, ұшқарлық,
ауқымдылық, жалпы мен жалқыны тізгіндеп үйірге қосып отыру, т.б.
тәсілдер тұрғысынан келгенде, дәстүрден озық жаңашылдық тұрғысынан
келгенде осы аударма өлең бағытындағы шығармашылық тың тыныс әлгі 57
өлеңдегі төлтума туындыларға да дарыған-ау деген қисын да көкейде тұр.
Бұл бағытта да арнайы салыстыра отырып саралауға тартар зерттеулер
қажет.

Абайдың дүние болмыстың құбылыстарын ширықтыра, шеберлік шеңгеліне ілу
тәсілдерін әбден игерген тұстағы өлеңінің бірі — «Қарашада өмір тұр».
Ақын сол баяғы ел мінезін, елдің күйін енді басқаша тереңдік, басқаша
алыммен айтқан. «Сабырсыз, арсыз, еріншекте» құбылған ел мінезін, заман
күйін нақтылы құбылыстарды тізбелей отырып баяндаған Абай «Қарашада өмір
тұрда» мүлде басқа тілмен сөйлейді.

Сабырсыз, арсыз, еріншек,

Көрсеқызар жалмауыз.

Сорлы қазақ сол үшін

Алты бақан, ала ауыз,

Өзін-өзі күндейді,

Жақынын жалған міндейді.

Ол — арсыздық белгісі.

Ұятсынбай, ойланбай,

Қой дегенге тіл алмай,

Іс қылмай ма ол кісі?

Бір-ақ секіріп шығам деп,

Бір-ақ ырғып түсем деп,

Мертігеді, жатады.

Ұрлықпен мал табам деп,

Егессе ауыл шабам деп,

Сүйтіп құдай атады.

Бұл нең десе біреуге,

Жоқ нәрсені шатады,

Құтылам деп ісінен,

Бәрін көріп кісіден.

Шығынға әбден батады.

Бұл болмаса онысы,

Аударылып қонысы,

Алыстан дәм татады.

Қызмет қылып мал таппай,

Ғылым оқып ой таппай,

Құр үйінде жатады.

Ел қыдырып ас ішіп,

Еркек арын сатады,

Бала-шаға ұрғашы

Үйде жатып қатады…

Әрі қарай да өлең заман жайын негізгі белгілерін түгендеп отырып
сипаттаумен жазылған деп көрсетілген бұл өлең — 85 тармақтан тұратын,
дәстүрлі 7-8 буынды жыр өлшемінде шығарылған туынды.

«Жазушы» баспасынан шыққан 2005 жылғы басылымдағы мәтін үш бөліктен яғни
3 жыр шумағынан тұрады. Өлең теоретиктерінің көп тармақты өлең жігін
түйдек деп те атау жөнінен келсек, 3 жыр түйдегінен құрылған өлең.
Мағыналық жік, ойдың аяқталған сөйлем аясындағы қалпы тұрғысынан
келгенде ұйқас түрі — абвб, аабввб, аабааб, абввб, аабввб, абвб, т.б. —
айнымалы, ерікті.

«Қарашада өмір тұр» өлеңінің мерзімі 1894 деп көрсетілген. Бұзылып,
бүлінген ел мінезін Абай енді жаңа бір тәсіл өрісінде тапжылтпай тас
басып отырып, қатал аяусыз ашынумен, қатал үкім төрелігімен тезге
салған. «Сабырсыз, арсыз, еріншек» дәстүрлі ырғақ, жыр үлгісінің
сарынымен сыдырта айтылса, естуге ыңғайланып туса, «Қарашада өмір тұр»
салқын сабырға бөккен зілбатпан салмақпен ауыр ыр­ғақпен жазылған. Оймен
оқуға құрылған өлең.

Қарашада өмір тұр,

Тоқтатсаң тоқсан көнер ме?

Арттағы майда көңіл жүр,

Жалынсаң қайтып келер ме?

Майдағы жұрттың іші — қар,

Бәйшешек қарға өнер ме?

Ішінде кімнің оты бар,

Қар жауса да, сөнер ме?

Енді қу, пысықтың тұлғасы мынадай төрт тармаққа тұтас сыйған.

Талаппен ұшып, талпынып,

Шартарапты көздемес.

Пайданы қуып алқынып,

Өзгені әсте сөз демес, -

деп, ендігі заман адамының кісілік» ұстанымын сөге отырып, Абай заман
жайына ойшылдықпен төрелік айтады.

Абайдағы ел мінезінің әр қалпын, әр кезеңде әр деңгейдегі шеберлік
тәсілмен жырлаған бірнеше шығарма — бұл да Абай ақындығының өріс-өлшемін
айқындай түсер бір нақты белгі.

Осы бағытта Абайдың арқауы дүние-болмыстың әр тарабына тартып жатқан
көңіл-күй сезім жырларының, дүниетаным өрісі түскен ойшылдық
толғамдарының, дін жайын қозғаған сыршыл туындыларының желісімен
салыстыруларға бара отырып, Абайдың ақындық толысу болмысы, өлеңдегі
өлшем-өрнегінің тарихи, жанрлық-көркемдік негіздері туралы танымымызды
кеңіте түсеміз.

Ел мінезіне қайта бір қайырылып соққан өлеңі — талай сөз бұдан бұрын көп
айтқанмында» баяғы ыза, қатты кетіп, ащы айту — айтылу екпінінде
бәсеңсіген, бірақ ой тереңнен алып, қиырдан шалып қиян биікке,
әлеуметтік ауқымды, жалпы адамзаттық өріс құрған.



Талай сөз бұдан бұрын көп айтқанмын,

Түбін ойлап, уайым жеп айтқанмын.

Ақылдылар арланып ұялған соң,

Ойланып түзеле ме деп айтқанмын.

Ендігі күй — адамзат көшінде қорланып қалмаудың, ұлттық мүдде, ұлт
қамының жайы. Азатшылдық мұраттың астарлы жан айқайы.

Адасып алаңдама, жол таба алмай

Берірек түзу жолға шық, қамалмай.

Не ғылым жоқ, немесе еңбек те жоқ,

Ең болмаса кеттің ғой мал баға алмай.



«Аш қарын жұбана ма майлы ас жемей» өлеңі де осы бағыттағы, дәстүрлі
уағыз айту үлгісінде келгенімен, ел мінезін бар құбылысымен, бейнелі,
суретті тілмен, бар сырын сыртқа шашып, әшкерелеп, таппағанды тауып,
айтпағанды айтып ашқан және бір жаңа өлең.

Күлдіргіштеу, күлкішіл, қалжыңға ұста,

Кезеген ит тым-ақ көп біздің тұста.

Өз үйінен жиреніп, қашып жүрген

Антұрғанға қосылма қапылыста.

1897 жылы жазылған деп көрсетілетін «Сен-бе жұртқа, тұрса да қанша
мақтап» өлеңінде ақын ақыл сөзін көркемдік шеберлік тәсілдерді
емін-еркін игерген өрелі ақындық тұғырында өрбітеді.

«Әуре етеді ішіне қулық сақтап», «Жұртпен бірге өзіңді қоса алдасып»,
«Салпылдап сағым қуған бойыңа еп пе?», т.б. оралымдарда құбылған елдің
мінез болмысы, күнде көтеріп жүрген көп құбылыстың жалпы жиынтық сипаты,
типтік болмысы характер, образ деңгейінде ашылып, айтылған.

«Әсемпаз болма әрнеге», т.б. жекелеген өлеңінің арқауында дәстүрлі нақыл
сөз, мақал-мәтел үлгісі жатқанымен, бұл өлеңдердің көпшілігі шеберлік
әбден шыңдалғанда туған көңіл күй лирикасының еншісі.

«Абай қазақ өлеңдерінің ұйқастарына жаңалық енгізгені рас, бірақ әлгі
ұйқастар Абайдың енгізген жаңалықтары емес. Бұл ұйқастар қазақта Абайдан
бұрын да бар болатын. Тек олар өлең-жырларда, дастандарда аз
қолданылатын, көбінше мақал, жұмбақ, шешен сөз болып келетін шағын өлең,
жырларда ғана қолданылатын.

Мысалы:

Таныған жерге а

Бой сыйлы б

Танымаған жерге а

Тон сыйлы б» [7, 148 б.].

Абайдың дәстүрлі үлгіні қолданғанымен, өлеңге жаңа сипат дарыту арқылы
түр ашқанына бір айғақ осы абаб ұйқасты 7-8 буынды лирикалық жырларында
айқын көрінген. Мұнда Абай Зәки Ахметов жырға тарихи анықтама беру
бағытында атап көрсеткен бір ерекшелік тұрғысында үлгіні алғанмен, жаңа
жанр өрісіне шығып кетеді. Мәселен, дәстүрлі жырдың жанрлық
айқындамасының айғағы оның бунақтардың орын тәртібі, бунақтағы буын
санына байланған бір ерекшелігін академик Зәки Ахметов атап көрсеткен
болатын.

Абайда соңғы бунағы 3 буынды болып келетін 11 буынды өлшемдегі өлең
кездеспейді. Осының бір сырын да Зәки Ахметовтен табамыз.

«Асылы қазақ поэзиясында тармақтың неше бунаққа және қандай бунаққа
бөлінетінінде зор мән бар. Бұл пікірді мысалмен дәлелдейік. Он бір
буынды өлшемнің соңғы бунағы үш буынды болып келген түрі (4 буын + 4
буын + 3 буын) революцияға дейінгі дәуірде аз тарап келгені белгілі.
Оның себебі мұндай өлең ауыз әдебиетіндегі әдет бойынша әуендетіп,
әндетіңкіреп айтқанда өлең ырғағы біркелкі естілетіндіктен» [8, 133 б.].

Зәки Ахметов жырдың жеті буынды тар-мағының 4 буын + 3 буын болып
келетіні заңдылық екенін бірнеше қайтара айтып отырады.

Жыламаймын мен дағы,

Өзіңнің де көкежан,

Көзіңнің жасын тый деді.

Жылап отыр ат(а)-анаң,

Сапарыңды қый деді.

Көп жолдаспен барсаңшы,

Ел-жұртыңды жый деді.

Жалғыз қайтіп барасың.

Жалғыздық ісі қиынды

Менің жайым мінеки.

Танымаған ешкімді,

Сіз кеткен соң, көкежан,

Кемпір, шалдың қасында.

Өзім жалғыз, өзім жас,

Боламын кімге сыйымды? («Қыз Жібек»).



Жыр ырғағына тән айрықша жеделдік, ек-пінділік ондағы сөздің құйылып,
төгіліп отыратыны оның өлең өлшеміндегі, бунақ кесте-сіндегі
өзгешеліктерімен тығыз байланысты» [8, 138 б.].

Зәки Ахметов кейінде лирикалық өлеңнің жыр атауын алып жүргенін айтады.
Осында Абай өлеңінің өлшемі 7-8 буынды болып келгенімен, дәстүрлі жырдан
қара үзіп кеткен өзгешелігін қалыптастырған қандай қисындар, тек ой
алымы, сөйлем құру тәсілі ме, әлде және де бір құпиялар бар ма еді деген
ойлар көлденеңдейді. Жауапты, әрине, Абай өлеңінен іздейміз. Егер
айырым белгі тапсақ (шумақ-аралық желілі ұйқас, ұйқастың басқа түрлері
тұрғысынан басқа да), ауызша өлең мен жазба өлеңнің жасалу заңдылығының
тағы бір шарты танылар еді, теориялық негізге тартылар еді.

Абайдың бір шоғыр өлеңі дәстүрлі жыр өлшемі, жыр ырғағы, жыр құрылымы,
жыр ұйқасы түрімен шығарылғанын байқау қиын емес. Мәселен: «Абыралыға»
арнау өлеңі.

Мен / жасымнан / көп көрдім а

Мұсылманды, / кәпірді б

Абыралыдай көрмедім а

Намаз білмес пақырды б

Қира әтін оқытып в

Көріп едім, шатылды. б

Ниет қыла білмейді, г

Не қылады нәпілді. в

Намазшамның артынан а

Құржаң-құржаң етеді б

Жер ұшық берген кісідей в

Тоңқаңдай ма, не етеді б

Нәпіл түгіл намазы — г

Бәрі желге кетеді. б

Еннатайка кәлкәусар, а

Пашол дереу, күнәһар а

Аяғын ойлап айтқаны б

«Әні-шаны күлантар» а



Осы оқумен намаздың в

Қай жерінде сауап бар? а

Тегін ойлап байқасаң, г

Мұнда еш жоқ, құлақ бар. а

Абайдың осында халық поэзиясымен астасып жатқан ұқсас үлгілері туралы
Зәки Ахметов айтады. «Сонымен бірге ұлы ақынның таңдаулы шығармаларынан
халық поэзиясының өлең өрнегі мен сөз кестесіне жақындық белгілер табуға
болатынын көреміз. Мұны жыр өлшемін, оның түйдек ұйқасын өте ұтымды
ширатып, өзінше қолдануынан бір көрсек, ұйқаста бірімен-бірі үйлес көп
етістіктерді тізіп келтіруінен және байқаймыз. Ал мұндай етістіктерден
құралатын ұйқастардың халық поэзиясында да кездесетіні мәлім. Мысал үшін
«Қыз Жібек» және «Алпамыс» жырларының үзінділер алайық:

Солқылдады қара жер,

Көк жорға ит басса, былқылдап

Ұршықтай соны бұлтылдап,

Құйындай шаңы бұрқылдап…» [8, 138 б.].

Осы бір тұста З. Ахметов ұйқастың («Қыз Жібек», «Алпамыс» жыры мен
Абайдың «Жаз» өлеңіндегі — Қ.М.) осы түрінің халық поэзия-сында ізі
барын анықтауда деп ден қойған.

Атап өткен «Абыралыға» арнау өлеңіндегі халық поэзиясы үлгісінен біршама
қара үзіңкіреп кеткен өзгешелік — ұйқасты сөздердің етістіктен ғана
құрылмағандығы.

«Сап, сап, көңілім, сап, көңілімде» де соңғы бунақты құрап тұрған сөз,
сөз тіркестері бірыңғай сөз табынан алынып отырмаған.

… Сап, сап, көңілім, сап, көңілім!

Сана қылма бекерге.

Сан қылғанмен пайда жоқ,

Дүние даяр өтерге,

Ажал даяр жетерге.

Абайдың біршама аударма өлеңі де 7-8 буынды өлшеммен келіп отырады.
Мұндағы соңғы бунақтар көбіне етістік, есім сөздермен келіп отырып
ұйқасады.

Абайдың сөз түрлендіру жасампаздығы осындай, 7-8 буынды дәстүрлі
негізден оза, өзгеріп туған жыр үлгісіндегі өлеңдерінде аса көзге ұрып
тұрады. «Интернатта оқып жүр», «Ғылым таппай мақтанба», «Сабырсыз,
арсыз, еріншек», «Бөтен елде бар болса», «Желсіз түнде жарық ай», «Ішім
өлген, сыртым сау», «Болыс болдым, мінеки», «Біреуден біреу артылса»,
«Мәз болады болысың», «Білімдіден шыққан сөз», «Сәулең болса кеудеңде»,
«Айтым сәлем, Қаламқас», «Қыз сөзі», «Жастықтың оты, қандайсың», т.б.
көпшілік шығармасы — бұған дәлел. Ескеретін бір мәселе 7-8 буынды
туындыларды шумақ жөніне, ұйқас түріне қарай бір үлгіде абаб ажыратып
қарағанымыздай, шумақтағы тармақ саны, ұйқас түрлеріне қарай жүйелеп,
арғы негіздермен сабақтастыра зерделеуді қазіргі өлеңтану ғылымының
нәтижелері бағытында жетілдіре түссе — Абай стилі, Абай сөзжасамы, Абай
енгізген өлеңдегі өзгеріс әлі де ашыла, айқындала түсетіндей. Мәселен:

Амал жоқ — қайттым білдірмей,

Япырмау, қайтіп айтамын?

Қоймады дертің күйдірмей,

Не салсаң да тартамын.

Талайсыз, бақсыз мен сорлы,

Еріксіз аттап ұяттан.

Қорлыққа көндім бұл құрлы,

Байқалар халім бұл хаттан… («Татьянаның хаты»)

мен

Арғы атасы қажы еді

Бейіштен тартқан шәрбәтті.

Жарықтықтың өнері

Айтуға тілді тербетті.

Адалдық, ақыл жасынан

Қозғапты, тыныштық бермепті.

Мал түгіл жанға мырза еді

Әр қиынға сермепті.

Мұңды, шерлі, жоқ-жітік

Аңсап …… кернепті, - («Әбдірахман өлгенде»)

немесе:

Тұла бойың ұят-ар едің,

Ескеріп істеп, ойлаған.

Тәуекелге нар едің,

Талаппен терең бойлаған.

Ерлікке де бар едің

Үйренуге тоймаған.

Жаның жас, ойға кәрі едің,

Атаңның атын жоймаған.

Замана неткен тар едің,

Сол қалқамды қоймаған?! («Әбдірахман өліміне»),

т.б. ұйқас жөні, шумақ жігі әркелкі, бір қалыптан шықпаған туындылардың
дәстүрлі негіздері де әр тарапқа тартып жатқаны анық.

Осы бағытта да абайтанудағы, қазақ өлеңтануындағы басты нәтижелерді
негіз ете оты-рып, қайшы пікірлер болса, себебін жалықпай саралап тың
пайымдауларға бару — қажеттілік.

Бейсенбай Кенжебаев назар аударған, Абайға ғана тән шығармашылық өріс
деп бөліп атап көрсеткен ерекшеліктің ХІХ ғасырдағы, одан ілгерідегі
қазақ өлеңінде балама үлгілері бар ма, жоқ па деген де сауал тұрғысында
да нақтылы салыстыру, саралаулар жасау — абайтанудағы нақтылы бір
мәселені айқындай түсер еді.

«Сонымен бірге, Абай қазақтың өзінен бұ-рынғы өлеңдерінің шумағы, ұйқасы
негізінде жаңа шумақтар, ұйқастар ойлап шығарды. Абайдан бұрынғы қазақ
өлеңдерінің шумағы, көбінше, үш түрлі болып: а) үш тармақты, б) төрт
тармақты, в) көп тармақты болып келуші еді; көп тармақты болғанда
айнымалы: біресе 6,8,10 тармақты, біресе 12,14,16 тармақты болып келуші
еді. Абай осыларды бір ізге келтіріп, нақпа-нақ етіп, өзінше шумақтап,
өзінше ұйқастырды. Атап айтқанда, Абай 17 өлең жырын, әлгіндей, өзінше
шумақтап, өзінше ұйқастырған» [6, 148 б.].

Б.Кенжебаев бұл он жеті өлеңнің шумақ жағынан үш түрлі: 6 тармақты, 7
тармақты, 8 тармақты болып келетінін, 7 өлең 6 тармақты, үш түрлі
ұйқасты (аа-а-а, абабвв, аабааб); 4 өлең жеті тармақты, үш түрлі ұйқасты
(аабб — вва, абабвв, абабввв); 8 тармақты үш өлең, өлең ұйқасы
(аабввбгг, ааабвбвб) және 3 өлең шумағы ұйқасы әр жерде әр түрлі болып
келетінін көрсеткен.

Көбіне Абай енгізген жаңалық, қазақ өлеңіне енгізген түр деп, кейінде
осы Б.Кенжебаев тоқталған өлеңдер, ғалым өзі олай деп айтпағанымен,
қабылданып та жүрді. Негізінде бұл өлеңдердің бар түрдің түрленген
үлгісі болуы да, немесе осы үлгілердің Абай дәуіріндегі бар үлгілер
болуы ықтималдығы да ескеріле бермеген.

Кейінде Құлмат Өмірәлиев Бейсенбай Кенжебаев Абайдағы «өзінше шумақтап,
өзінше ұйқастырған» 17 өлеңнің бірі — «Келдік талай жерге ендіге»
қатысты мынадай қисындар айтады.

«Дулатта тақырыбы, сөз сарыны, стиль жағынан жоғарғы өлеңдерден бөліп
алғысыз, бірақ өлеңнің құрылысы, өлшем-өрнегі жағынан бөлек бір өлең
бар. Ол — «Қылжың, қалжақ туысқан». Осы өлең Абайдың «Келдік талай жерге
енді» деген өлеңін еске түсіреді» [1, 98 б.].

Бұл өлең жайлы өлеңде тұрақты шумақтың жоқтығын, ұйқас жөні де өзгеше
екендігін айт-қан М.Әуезов пікірін негіз ете отырып Құлмат Өмірәлиев
мына жайға назар аудартады: «Дулат өлеңі де шумағы жағынан
тұрақсыздығымен (шумақ жолы аз-көп боп келе беруімен), әр шумақтың ең
соңғы жолындағы ұйқас пен келесі шумақтың соңғы жолындағы ұйқасы үйлесіп
келуімен, яғни әрі шумақ іші ұйқасты жолы, әрі шумақ аралық желілі
ұйқасты жолы бар ерекше өрнегімен М.Әуезов сипаттаған Абай өлеңіне өте
ұқсас» [1, 98 б.].

Ғалым бұл жаңа үлгі дейді. Осында ілгерідегі Бұхардың Абылайға арнауының
бірі «Ал, тілімді алмасаң» толғауының үлгісі көрінеді дер едік.

Ал тілімді алмасаң,

Ай, Абылай, Абылай,

Сені алғаш көргенде

Тұрымтайдай ұл едің,

Түркістанда жүр едің.

Әбілмәмбет патшаға

Қызметкер болып тұр едің.

Қалтақтап жүріп күнелтіп,

Үйсін Төле билердің

Түйесін баққан құл едің.

Бөгембайға қаратып:

Уа, сен Қанжығалы Бөгембай,

Тоқымы кетпес ұры едің.

Түн қатып және жүр едің,

Қабанбайдан бұрын найзаңды,

Қай жерде жауға тіредің? — деген.

Құлмат Өмірәлиев Дулаттың «Қылжақ, қыл-жақ туысқан» атты 1 шумағы — 11
тармақты, 2-8, 3-6, 4-8, 5, 8-5, 9-10, 10-2, 11-4 тармақты болып келген
өлеңін талдауда «шумақаралық желілі ұйқас» дегенді қолданады. Және бұл
ұйқас үлгі-сі Дулат ортағасырлық негізден жаңғыртып тапқан түр деген
мағынада жеткізеді.

Осында Шортанбай толғауларындағы «Сөйте ме деп қорқамынның» шумақ
аралата қайта-ланып келіп отыруын, жыраулық поэзиядағы шумақ (түйдек —
Қ.М.) аралық «Ұмыттың ба соны, Абылай!», «Батырың өтті, Бөгембай!», т.б.
қайталаулардың Дулат, Абай қолданысымен ұқсастығы да, айырмасы да айқын
байқалатынын айтар едік. Үлгі ұқсас. Бірақ Дулат, Абай үлгісі сөйлемді
қайталап отыруды қомсынады, олар шығарған жазба өлең ауызша туынды
тәсілін ілгері оздырып, жұтынған өлеңнің жымдасып кірігіп кеткен құрамы
мәнінде жетілдіріп, тиянақтаған.

Осы тұста әдебиет теоретиктері айтатын әдістің қайталануы, cтильдің
даралығы деген мәселе тұр.

Ауызша мен жазбашаның айқын айырым белгілеріне бастайтын қисындар тұр.

Көреген ғалым Қажым Жұмалиев туған әдебиетінің көкейтесті жайларын
түбегейлі қозғап, қопарып көтерген. Жадағай, шаң қауып қалатын көлденең
пікірден аулақ тұғырлы ұстанымдары әдеби мұраны бағалау мен тануда
негізді тиянақ болып отыру мәнін, құнын әсте ортайтпаған Қажым
Жұмалиевтің мына бір түйінінде де қалың астар бар.

«… Қорыта келгенде, көркем әдебиеттің аты мәлім авторы болды, ал аттары
мәлім ақындардың біріншісі екіншісінің шығармасына әсерін тигізіп,
өзекті сарындары сабақтасып, жалғасып, бір-бірімен байланысты болып
отыруы, бұлардың көпшілігінің жаза білетін сауаты бар адамдар болып
(қазақ жағдайында әуелде жазба түрінде қалдыру мүмкіншіліктерінің де
бар-лығы), көркем әдебиет ер жеткен сананың сәулесі болуы — міне
осылардың бәрін жинақтай келгенде бұлар жазба әдебиеттің өзіне тән
ерекшеліктері болып табылады» [10, 248 б.].

«Қазақ эпосы мен әдебиет тарихының мәселелері» монографиясында ғалым
«тарихи әдебиет» деген ұғымды әдебиет тарихы деген мәселені жазба
әдебиет мәселесімен тұтастыра қарастырғаны белгілі. «Әдебиет тарихын
Бұхардан бастаймыз, себебі…» деп келтіретін тұжырымдары қазақ әдебиеті
тарихының ілгергі замандарға іргесін кеңейткен бүгінгі танылу қалпының
мазмұнына толық сәйкес келіп жатқанын көрмеуге болмайды. Бұл — өз алдына
үлкен әңгіме.

Ауызша мен жазба әдебиетті айырудың көп қисынының ХІХ ғасыр ғана емес,
қазақ әдебиетінің бар тарихындағы орталық тұлға Абайға барып соғып, сол
тұстан айғақтала түсіп жатуы — әдеби дамудың тарихи фактісі.

Қазақ поэзиясының қанға біткен құнарымен қуаттанып, еркеленіп шыққан
Абайдың асыл сөзі — ұлттық құндылық.

ӘДЕБИЕТ

1. Өмірәлиев Қ. Қазақ поэзиясының жанры мен стилі (ХІХ ғ. бірінші
жартысы). — Алматы: Ғылым, 1983. — 240 б.

2.Уәлиханов Ш. Таңдамалы. — Алматы, 1985. – 570 б.

3. Жұмалиев Қ. Қазақ әдебиеті тарихының мәселелері және Абай поэзиясының
тілі. – Алматы: Қазмемәдеббас, 1960. — 364 б.

4. Баласағұн Ж. Құтты білік / Көне түркі тілінен аударған, алғы сөзі мен
түсініктерін жазған А.Егеубай. — Алматы: Өлке, 2006. — 640 б.

5. Әбдірәсілқызы А. Қожа Ахмет Йассауидің ақындық әлемі (монография). —
Алматы: Кие» лингвотану инновациялық орталығы, 2007. — 264 б.

6. Кенжебаев Б. Түрік қағанатынан бүгнгі дейін… /Құрастырып, алғы сөзін
жазған ф.ғ.д., профессор Қ.Ергөбек. — Алматы: Ана тілі, 2004. — 344 б.

7. Кенжебаев Б. Әдебиет белестері: Зерттеулер, мақалалар. — Алматы:
Жазушы, 1986. — 400 б.

8. Ахметов З. Өлең сөздің теориясы. — Алматы: Мектеп, 1973. — 212 б.

9. Байтұрсынұлы А. Ақ жол. — Алматы, 1991. — 494б.

10. Жұмалиев Қ. Қазақ эпосы мен әдебиет тарихының мәселелері. — Алматы,
1958. — 289 б.

Қ.Мәдібаева

АБАЙ ӨЛЕҢІНІҢ ҚҰРЫЛЫСЫ

Аннотация. Мақалада қарастырылған мәселелер. Абайдың өлең түрлері. Абай
өлеңіндегі буын түрлері. Ұйқас ерекшеліктері. Абай поэзиясындағы аралас
буынды өлең түрлері. Өлең өлшемдерінің қайталануы.

Тірек сөздер: өлең, құрылыс, буын, , шумақ, ұйқас, аралас буын.

К.Мадибаева

СТИХОСЛОЖЕНИЕ АБАЯ

Аннотация. Вопросы, рассматриваемые в статье. Виды стихов Абая. Виды
слог в стихотворениях Абая. Ритмические особенности. Проблема методов.
Особенности устной и письменной литературы.

Ключевые слова: стих. стихосложение, слог, рифма, ритм, литература.

K.Madibaeva

STRUCTURE OF VERSE ABAI

Abstract. The issues dealt in this article. Types of Abai’s poems. Types
of syllables in Abai’s poems. Rhythmic features. The types of poems
with mixed syllabic features. Repetition of poemic units. Features of
oral and written literature.

Keywords: poem, syllable, kublet, rhythm, mixed style, literature.


Толық нұсқасы:

http://abai-inst.kz/?p=796

/
| Абай институты

03:14:18