Абаймен сырласу
Азайған жоқ сіз алысқан әлгі мың,
Айырмасы бәрінде алуан бар білім.
Бізбен бірге сіз де алысып келесіз,
Өлді деуге сізді, сірә, нанды кім?!
Алса да ел боп өз қолына өз еркін,
Түзелмегендерге енді не дерсің?!
Су басынан тұнып, сенім тумаса,
Жалаң ерлік жарлы жұртқа не берсін?!
Жарымадық алғалы бір дербестік,
Нарық тонай бере ме ылғи елді өстіп?!
Бағытымыз әлі күңгірт баратын,
Идеясыз дербестік те бермес түк.
Қашан, қайтіп оңалады бұл халық?
Қай қылығын сиымды деп ұғалық?
Өз қандасын сығалатып есіктен,
Келімсекті алды төрге шығарып.
"Бөтен сөзбен сөз былғанбақ" түгілі,
Бөтен сөздің биік боп тұр тұғыры.
Бұрынғысын аңсайтындай болды ел,
Табысынан жүз есе асып шығыны.
"Сөз түзелді, сен де түзел" деп едің,
Ұқпайтын көп түзу сөздің керегін.
Өлең - өзің патша етіп сайлаған,
Төрі түгіл сыртында әлі кеменің.
"Тыныш ұйықтат, бақ сөзіме" деп едің,
Бір тыныштық бермей әлі келемін.
Өңкей нөлді жедел жөнге салатын,
Қазақ әлі таппады-ау бір кемелін.
Ауылдардан естіледі азалы үн,
Ашынғаннан өзіңше өлең жазамын.
Дербестіктің кетіруде қадірін,
"Қалың елің, қайран жұртың, қазағың".
Дара дарын
Енші болып Абайға ерек мол дарын,
Қайда барсаң қамтып кеткен ол бәрін.
Тілге жеңіл, жылы тиген жүрекке,
Кімдер жатқа айтпайды өлең жолдарын.
"Қаламқастан" авторы бар тарайды ән,
Аударма да басталады Абайдан.
"Ғақылия" қарасөздің қайнары,
Той тарқамас Абай соққан сарайдан.
Болса деді өмірдің әр сәті ізгі,
Халық құптап, одан үміт жат үзді.
Әулиеден артық көріп пір тұтты,
Фердаусиды, Низамиды, Хафизді.
Кемеңгердің болмайды деп бөтені,
Таныстырған Лермонтовты, Гетені.
Әр заманға айтары бар сарқылмас,
Айтыңдаршы, Абайға кім жетеді.
Ұлттық сарай
Көркейді сәнді қала,
Көрдің бе үйді еңселі?
Басына сомбреро,
Секілді киген сері.
Осы алтын босағадан
"Арманға" қол жетеді.
Зуылдап осы арадан
"Ауылға" жол жетеді.
Бұл әсем ұлттық сарай,
Ие боп есесіне.
Осы үйден шығып Абай
Қарап тұр көшесіне.
Үйлесім
Қосты Абай ән мен күй көшін
Дастан, сөз, өлең, сықаққа.
Тұр тауып бәрі үйлесім,
Бір ағаштағы ұқсап бұтаққа.
Әндерін айға тыңдаттық,
Жырымен болды жер егіз.
Қалдырған жоқпыз жұмбақ қып,
Қапысыз шешіп келеміз.
Жазғанын түгел қолданып,
Мүсінін қойдық гүлге орап.
Тарихын елдің толғанып,
Болашаққа Абай тұр қарап.
Бар демес бүгін жат аулым,
Жартасқа ғана жеткен үн.
Энциклопедия атаулың,
Абаймен ашты беттерін.
Ұлттық мақтаныш
Абай жырын ата-анамнан естідім,
Қонақтың да айтары Абай кешқұрым.
Мектеп бардым, ұстаздардан тыңдадым
Қалт жібермей ешбірін.
Абай әні - анам айтқан бесік жыр,
Татьяна жайлауға елмен көшіп жүр.
Абай жырын сурет, философия,
Физика да десіп жүр.
Абай болды шығысым да, батысым,
Тырнақ алды көркем сөзге қатысым.
"Жігіт сөзі" - болды жастық туымыз,
Мөлдір махаббат үшін.
Абай - дара портретім үйге ілген,
Абай томы бас боп кітап жидым мен.
Абай тұңғыш эпопеям, қазақты
Күллі әлемге сүйдірген.
Абай мәңгі хан бйр түспес тақтан еш,
Қазақ даңқын таратқан әр жаққа алыс.
Рухани энциклопедиям,
Абай - ұлттық мақтаныш!
Ақындардың патшасы - Абай пірім
Өлеңмен бірге Абайды танығанмын,
Абайдан әрқашан да тәлім алдым.
Іші алтын, сырты да алтын өлеңіне,
Бірімін уызында жарығанның.
Бар Абай аян берген талай түнім,
Шықпайды қолдаса Абай қалайша үнім.
Болғанда өлең - сөздің патшасы,
Патшасы ақындардың - Абай пірім.
Абайдың өзі берген шабыт маған,
Абайдан мұра еткем алып қалам.
Бос мақтау, жамау жырдан сақтандырып,
Шеберлік шыңына өзі бағыттаған.
Ақын ба Абай десе ағылмаған,
Тасқындап жыр ма ағынан жарылмаған.
Ұйқасты, сезімді, ойлы сөзді қайтем,
Абайға арналғанда табылмаған.
Ақыл кені
Абай десек атына ауыз толады,
Асыл сөзі көңілімізге қонады.
Тұлғасына сүйсініп көз тастаймыз,
Алтын күнге қарағандай жоғары.
Биік көктен барлап тұрған даланы,
Асқар таулар Абайды еске салады.
Шың сайында сүйірленіп жатқан қар,
Бейне Абайдың ақ қауырсын қаламы.
Әр ақынға болу арман Абайдай,
Абайды оқы жүргің келсе қараймай.
Арман болса қазір жұлдыз атану,
Абай болып аспаныңнан қарайды ай.
Абай жаңа қайта оқысаң қанша рет,
Көркем сөзі көрген жоқ бір әлсіреп.
Абайды оқып жадыраған жан қанша,
Жатқандар да аз емес-ау қамшы жеп.
Әр жолы бір таптырмайтын тақырып,
Әр сөзі тұр кеңесуге шақырып.
Ақыл кені алдыңда Абай тұрғанда,
Ұстаз іздеп қайтесің бас қатырып.
Тәтті сөзі тамсандырған талайды,
Самғап әлі сан ғасырды санайды.
Абайы бар ақындары қазақтың,
Әлемді сан таңдантуға жарайды.
Оразақын Асқар