МҰҢ ШАҒАМЫН АБАЙҒА

***
Алысқа, өскен елге көз қадаған,
Абайдан ұлағатты сөз тараған.
Ой салып көкірегінде көзі барға
Жері жоқ жан жүректі қозғамаған.

Дей алман одан ғибрат алмаған бар,
Зерделеп ой тезіне салмаған бар.
Зиялы қоғамбыз деп күпсінеміз,
Үзігін ғадауаттың жалғағандар.

Абайдың кейіпкерлері әлі тірі,
Келмей ме жағымпаздың жаны сірі.
Сырт бейне, киім киіс, тұрмыс өзге,
Қалпында ішкі залым сырдың түрі.

Пысықтар кеше Абай еткен мансұқ,
Жортып жүр танаулап іс тындырғансып.
Кейбір паң машинаға азар сыйып,
Іркілдеп бара жатады нәнсіп, нарсып.

Қоғамда тыйылмады ұры-қары,
Адамдық тарылыдан терді тары.
Қалғанды түнде сорлап, күндіз жарлап,
Айтады шыдамасты адам ары.

Саудаға негізделген зор кәсіп бар,
Оларды жүргізеді көзі ашықтар.
Ісі ол ерінбеген, екі асардың,
Бүгінгі "қымбат өнер" тез машықтар.

Адамдар айнығанда адалдықтан,
Зұлымдық өрбитінін надан да ұққан.
Бар зауал феодализм қалдығы еді,
Бүгінгі ағайынға қалай жұққан!

Қоғамдық сырларға біз қанықпыз ғой,
Деуші едік дерт жұқпайтын алыппыз ғой.
Заманның құбылмалы құйынында,
Баяғы "жартас" күйде қалыппыз ғой.

 

МҰҢ ШАҒАМЫН АБАЙҒА

Ұлы баба, мен Сізге мұң шағамын,
Өлең сөздің сындырдық мұнша сағын.
Сөз патшасы Сіз қойған түсерменде
Қайтсін ақша патша боп бұзса тағын.

Жыр тыңдауға құлықты бұрын зерек
Дейтін болды бүгін жыр кімге керек?
Құлақ біткен нарық деп жар сап жүріп,
Сыңғырынан доллардың тұнса керек.

Кеше ағалар көтерген қара шаңырақ,
Қалт-құлт етіп әзірге тұр қаңырап.
Жазушылар үйі еді бүгін жалгер
Үйі болып күңірентіп тұр аруақ.

Жауапкерлер жауаптан қашып кетті,
Қай мұқитты білмейміз асып кетті.
Жазушылар - бүгінгі азушылар
Деген гәптер еңсені басып кетті.

Кеңесу жоқ сөз етіп халімізді,
Біреу бағып жатқандай малымызды.
Өтпелі шақ бір өтер мұңайма деп,
Жұбатамыз біріміз бірімізді.

Қаламгерлер үйі еді әп-әдемі,
Әлі күнге бітпей-ақ қойды әлегі.
Бұлғалақ іс, бұлдыр сөз бұлақша аққан,
Жазушылар үшін жоқ еш көмегі.

Ұлы баба, осындай сыңай болды,
Саудагерлер ұйысып, құдай болды.
Ел тағдырын шешкен сөз ер тағдырын
Босағада көз сүзген құмай болды.

Өнер алды болған сол сөз үрдісі,
Бас жармаса, тас жарар болған күші.
Жаңғағымен нарықтың жараса алмай
Тұр сынарман сырқырап азу тісі.

Тұрсынхан Әбдірахманқызы