АБАЙҒА МІНӘЖАТ

Сіз өскен Түзде Тәңірдің иісі бұрқырап,
Киені көрген, көздері көркем жылқылар!..
Өмірдің сыры Өзіңіздей Жанға сол кезде,
Оқылған шығар бес Күндік Жалған сыртынан?

Сіз сүйген Ел-Жұрт байраққа, ерге, жараққа
Әнінен - алтын, күйінен - күміс жалатқан!..
Күнтекті Қыдыр құрдасы болған сол Қазақ,
Құдайдың өзін шақырған екен қонаққа!..

Сіз құшқан Ару аңыздан перде ұстанып,
Ұйықтатпай қойған әлемнің небір мыстанын!..
Сіз ашқан тылсым Өлеңнің әппақ Әлемі,
Пенделік жасыл қиялдан алыс!
Тысқары!..

Сіз шеккен Қайғы заманның басын даң қылып!..
Ғасырға ғасыр тасумен жатыр жаңғырық.
Сіз айтқан Өсиет...
Оны біз барша өнерге,
Хан сайлап қойдық мәңгілік!

Арман-ай, арман!..
Біздердей мына құлдағы
Құлпырса-дағы тұрмыстың қызыл сырмағы,
Өзіңіздей болып, жұпарын сөздің бората,
Аңқыған Еспен отыру қайда-а-а нұр бағып!..

Өттіңіз, әттең жаяулап мына бес күннен...
Өлеңнің күні кешкірген.
Сіз кеткен жолдың басында балбал тұр бүгін,
Аузынан аспан естілген!..

Тыныштықбек Әбдікәкімов