"ӨЗІМДІКІ ДЕЙ АЛМАЙ ӨЗ МАЛЫҢДЫ... "

(Абай және экономикалық тәуелсіздік мәселесі)

I

Дананың ой-ағымына тосқауыл қойылмайды. Даналықтың үш мәйегіне: "суық ақылға", "ыстық жүрекке", "қол қайратына" сүйеніп, санасын сарғайтып барып қорытқан олардың тұжырымдарының қай-қайсысының да астарында түйсіктің (интуицияның) ашылмаған сәулесі жатады. Кейде оны ой иесінің өзі де сезінбеуі мүмкін. Бір толқынды екінші толқын қуып, шайқай-шайқай тас пен тамырды маржанға айналдыратыны сияқты, ойды ой қуып барып ұлы ұғымдар қалыптасады. Мұндай тосын тұжырымдар Абайда да жиі ұшырасады. Соның бірі арнайы сөз еткелі отырған ұлттық тәуелсіз ықтисатқа (экономикаға) байланысты.

Әрине, ақыннан, оның ішінде Абайдан ықтисатшы шығара алмайсың. Ол –  далбасалық. Бұл туралы Мишель Эйкем де Монтеньнің: "Ақымақтық кез келген құбылысқа тән нәрсе, тек поэзияға ғана ақымақтық жараспайды" –  дегені бар. Бірақ та, "еріншек, бекер мал шашпақты" қалай түсіндіруге болады? Мұны қандай ықтисаттық заңдылыққа сыйғызасың? Әлде, ақынның тіл үшіне оралған қатардағы нақыл сөздің бірі ме?

Өзге туралы мұны айтуға болар, алайда Абайды әншейін адам деудің өзі күпірлік. Өз заманы мен ұлтының озық ойлы өкілі ретінде тіршілік алқымына назар салмауы мүмкін емес. Оның үстіне қазақ ұлтының саяси және әлеуметтік жағдайы соған мәжбүр етті.

Ел жұрты тәуелді болған ақынның тәуелсіз өмір сүруі мүмкін емес. Ұлттың жат жұртқа басыбайлы болуының басты себебінің ең үлкені сонда жатыр. Дерттің емін білмесе емдеп қажеті не?

Ал экономикалық тәуелділікті өлеңінде де, "Қара сөзінде" де қозғап, көркем ойдың өзегіне арқау еткен және соның өлшеміне сыйдыра білген Абайды тым қарабайырландыруға да болмайды. Бұл ретте Қадыр ақынның: Абайдың әр жолын жеке бұтарлап алып, оны орынды-орынсыз қилы-қилы құбылыстармен салыстыру жөнсіздік деген пікір дұрыс. Дегенмен де, Абайдың астарлы ойын таза поэзиялық толғау, образ, теңеу тұрғысынан қарап, жеңілдетіп жіберу де "жанашырлық" емес. Біз жиі-жиі сөзіне жүгінген П.Я.Чаадаев: "Ақындық шабыт дегеніміз менің көзқарасымша, тек қана жалынды сөздердің шарпысуы емес, сонымен қатар идеялардың да буырқанысы... Қарасөзге сүйенген ақын емес... Мен ақындардан: менің рухымды қалай астаң-кестеңін шығарып тебірендірсе, жүйкемді де дәл солай сілкілеуін талап етемін" – депті. Абай осы екі қасиетке де ие ақын. Абайды оқығаннан кейін "жүрегің тілім-тілім" боп, өзегің өртеніп, сілікпең шығып қалады. Он-он бес күн өзіңе-өзің келіп, ойыңды жинақтай алмайсың. Өмірдің тереңде жатқан бар құбылысы ақыл толқыныньщ бетіне шығып, сергелдең күй кешесің. Соның ішінде ұлттың, күнкөрістің қамы да бар. Бұл пікірді кекетуге болар, бірақ соны айтып кеткен Абайды кекете алмайсың. Сіз түсінгеннен гөрі ол әлдеқайда астарлы жайды мегзеп тұр. Абайдың Ұлылығының өзі сонда жатыр. Егер экономикалық тәуелсіздікті тілге тиек етпесек, онда:

Өзімдікі дей алмай өз малыңды, 

Күндіз күлкің бұзылды, түнде ұйқың, -  

дегенді қалай түсінеміз және қалай түсіндіреміз?

Тамыры елінің тәуелсіздігінің тағдырымен жалғасып тұрған бұл пікірді поэзиялық күрделі ой ағымын білдіретін өлең жолдары ғана деуге бола ма? Астарсыз, "қыздырмалаған қызыл сөз" үшін жазылса, онда Абай – Абай бола ма? Олай болуы мүмкін емес. Егер солай болса, онда Абай:

Сөз айттым: "Әзіретәлі, айдаһарсыз ",

Мұнда жоқ "алтын иек, сары ала қыз ".

 ... "Әсіре қызыл емес " –  деп жиренбеңіз,

 Түбі терең сөз артық, бір байқарсыз, -  

демес еді.

Сондықтан да, поэзияны "ақымақтандыру" бір басқа да, оның астарын ашу бір басқа. Яғни Асан қайғы айтқандай:

 Таза мінсіз асыл тас,

Су түбінде жатады.

Таза мінсіз асыл сөз,

Ой түбінде жатады.

Су түбінде жатқан тас,

Жел толқытса шығады.

Ой түбінде жатқан сөз,

Шер толқытса шығады. 

Ал Абайдың "ой түбінде жатқан сөзі" де, оны "толқытатын шері" де бір басына жеткілікті болатын. "Жарлы емеспін, зарлымын", -  деуі де сондықтан.

Демек, экономика мен поэзия да тоғысады екен. Оны тоғыстырып тұрған "шерлі толқын" –  тәуелсіздік.

Қарабайыр түсінікпен қарасаңыз, экономика мен поэзия ешқашан басы қосылмайтын ұғымдар, яғни ит пен мысық сияқты. Демек, экономист пен ақын кереғар тұлғалар. Бірақ даналардың ойына шекара жүрмейді. Сол экономика мен поэзияны, экономист пен ақынды, тіпті ит пен мысықты да рухани татуластырып, поэзиялық бейнеге айналдырып жіберетін ұлы, сиқырлы, қасиетті ұғымдар болды. Соның бірі –  бостандық деген сөз. Егер азаттыққа, рухани еркіндікке, тәуелсіздікке қызмет етсе, кез-келген қарама-қайшы ұғымдардың өзі үйлесім тауып тұрады. Өйткені, "жан бостандығы" – ақын Абайға да, физик Сахаровқа да, зұлым Чакаға да, қасиетті һәм қажет. Қытай ғұламасы Конфуций:

"Әрбір нәрсенің бастауы мен аяқтауы болады. Адамның ісі де солай: Өзінің бас-аяғынсыз бірде-бір іс жоқ. Оның басталуы мен аяқталуын анық түсінген адам ақиқатқа жақын тұрады", -  депті.

Ендеше, біз де басталған ойды одан әрі Абайдың өлеңдері мен "Қарасөзіндегі" "экономикалық тақырыпты" сабақтау арқылы дамытамыз. Ешқандай қисынсыз һәм үмітсіз тақырып. Бірақ ұлы Абайдың өзі соған еріксіз мәжбүр етіп отыр.

Әңгімені саясаттан, дәлірек айтсақ, саяси экономикадан бастайық. Дүниенің құлқын өзгертетін және оны зерттейтін ғылымның бұл саласының жетістіктерін түгелдей саралап шығу қиын. Бірақ Абайдың "экономикалық поэзиясына" жақынырақ тамырластыру үшін Абайдың өзі тікелей әкімшілік тұрғысынан бағынған және сол жердің елі мен мекенін отарлаудың жоспарын жасаған аға тексерушінің (ревизордың) пікірі мен мәліметтеріне жүгінеміз.

Сонымен, қазақ жері толықтай Ресейдің отарлық дәргейіне көшті. Жерді аршындап өлшеп, әр тасын есептеп алды. Билік "Екінші низамнан" кейін толықтай патша дәбірлерінің қолына өтті. Рухани тәуелсіздіктің рухы жойылды. Енді халықты бүтіндей тұншықтырып, басыбайлылыққа айналдыру үшін экономикалық кіріптарлыққа түсуі керек еді. Мұның алғышарттары белгіленіп қойылған. Тек соңғы дайындықтар жасалып жатты. Омбы бақылау палатасының аға ревизоры И. Мельников қазақ ұлтын бүкілдей басыбайлы етіп, шоқындырудың шешуші жоспарын, яғни "Үшінші низамды" тағы да бір тексеруден өткізіп, ол туралы тұжырымын мәртебелі ағзамның кеңсесіне жолдады. Мұндай әрекеттің жүргізіліп жатқанынан Абай толық мағлұмдар болатын. Олардың мақсаты да белгілі. Сонда қазақтарды не күтіп тұрды? Отар елдің келешектеті тағдыры шешіліп қойылған еді. И.Мельниковтың пікірінше:

"Қазақ халқының тағдыры біздің жер шарын мекендеген өзге елдер сияқты адамзат қоғамының пайда болуы мен дамуыңдағы тарихтың жазылмаған заңына бағынышты және солай аяқталады. Ол заң бойынша: жер бетіндегілердің барлығы, оның ішінде адамдар да қоршаған орта мен қалыптасқан жағдайға бейімделсе және оған бағынса ғана өмір сүре алады. Ал оған мойынсұнғылары келмегендер жер бетінен аяусыз түрде жойылады. Қалыптасқан осындай жағдайға қазақ халқы мойынсұнып отыр ма? Қалай? Қайда? Не үшін және қандай дәрежеде? Бұған жауап беру деген сөз –  қазақ халқын алда не күтіп тұр, қантөгіске ұшырамау үшін не істеу керек деген мәселеге жауап беру болып табылады" –  екен.

Мұндағы "қалыптасқан" жағдай деп отырғаны отарлау мен басыбайлылық. Оған көнбесе, "жер бетінен аяусыз жойылады". Міне, империяның қазаққа дайындап қойған "тарихи орны". Қазақтан әскер алу екінші дүниежүзілік соғыс кезіндегі мемлекеттік қажеттілік емес, одан он бес жыл бұрын жоспарлап қойылған жай. Тек соның "шағымды" сәтін күтіп тұр еді. Ол үшін жаппай шоқындыру және отырықшыландыру жөніндегі жазалау шаралары жүзеге асырылуы тиіс болатын. Жердің қазақтарға қоныс болудан қалып бара жатқанын, жанына қысым түсіп келе жатқанын Абай да сезіп:

Басқа – сая, жанға – олжа дәнеме жоқ,

Қайран ел осымен жүр далақтап,  

деп күйзеледі.

Қара бұлттың төнгенін дәл Абайдай сезініп, қалың ойдың қоршауында қалып, торыққан жан ол заманда сирек кездеседі. Түйсінгендер бар, бірақ, жүрегі қапа мен қайғыдан жарыла түңілген Абай ғана. Қалыпты қазақ тіршілігінің бұзылуы, көшпелі өмірдің керуенімен қоса қазақтың да жер бетінен ысырылуы оның жанына қатты батты. Қалайда елімді ел етемін деген арманы кесілді. Сондай сәттерде торығып:

"Дәл осы күнде қазақтың ішінде кімді жақсы көріп, кімді қадірлеймін деп ойладым. Байды қадірлейін десең –  бай жоқ. Бай болса, өз басының, өз малының еркі өзінде болмас па? Ешбір байдың өз малына еркі өзінде жоқ ... Болыс пен биді құрметтейін десең – құдай берген болыстық пен билік те жоқ. Сатып алған болыстық пен биліктің ешбір қасиеті жоқ. Ендігі қалғаны қу мен сұм. Олар өзі де қуартпай, суалтпай тыныштық көрер емес. Жә, кімді сүйдің, кімнің тілеуін тіледің?" –  деп көңіліне медеу іздейді.

Ондай демеу мен медеуді Абай таба алмады. Табуы да мүмкін емес еді. Жер де, ел де, оның байлығы да толықтай империяның дәргейіне көшкен. Олардың қостауынсыз, қолпаштауынсыз малыңды малдап, жаныңды жандай алмайсың. Билік те, тіршіліктің көзі де жаттың қолында. Бірақ соны қазақ елі түсінбей, әрқайсысы өзінің бір күндік қам-харакетін "үнем қылып", елдіктің рухынан айырылды. Жаппай көрсеқызарлық пен пысықтық, жалған мақтан мен жалған намысты малданып, тіршілік еркінен айрылып қалғанына ызаланып:

"Ендігі жұбаныш: "Жалғыз біз бе, елдің бәрі де сүйтіп-ақ жүр ғой, көппен көрген ұлы той. Көппен бірге болса болады да деген сөзді жұбаныш қылады. Оған құдай тағала айтып па: көптен қалмасаң болады деп, көпке қаһарым жүрмейді деп? Көпке тұзағым жетпейді деп пе? Ғылым көпке келіп пе? Біреуден тарап па? Хикмет көптен тарай ма? Бірден тарай ма? Көпке қорлық жүрмей ме?" –  деп назаланады.

Біреудің малы жұтқа ұшыраса күйінбейтін, өзінің малының амандығына сүйінетін жұрттың томырық психологиясына ашынды. 1864 жылғы "Екінші низамнан" соң жер де, оның байлығы да Ресейдің меншігіне көшті. Анна Иоановнаның бодандық дәргейіндегі қателіктерді отаршыл ел түзеп, заңдастырды. Бұл тұзақ жекеге емес, баршаға түскен тұзақ. Абай өзінің қара сөзінде соны мегзеп отыр. "Көпке қорлық жүрмей ме?" деп сұрақ қоюдың мәні сол.

Көпке зорлық жүреді. "Көп" қана емес, мұқым ұлтқа қорлық пен зорлық көрсету заң арқылы бекітіліп, енді соның жүзеге асатын мезгілі анықталып жатқан болатын.

Ресей үшін оның мәселесі шешіліп қойған. Тіпті қатардағы чиновниктердің бірі И.Мельников үшін оның өзі айдай анық еді. Мұны қоныс аударушылар да білді. И.Мельников өзінің "Қазақтарды Сібір қазақ әскерінің маңынан 10 шақырым (верст) аулақ қоныстандыру үшін оларды көшіру және қора-жай салу үшін 500 сом бөлу туралы мәселеге орай" берген мәлімдемесінде:

"Інжілдегі" дәруіштер сияқты емін-еркін өмірдің, Арабстандағы бәдәуилер іспетті көршілеріне шапқыншылық жасаудың дәуірі біткендігін, енді жерге қоныстанудың қажеттігін, болашақта өздерін не күтіп тұрғанын қазақтар да сезетін сияқты. Олардаң тым сылбырсып жүргендігінің бір себебі, олардың қай жерге барып ұя салары толық белгіленбегеңдіктен деп есептеу керек. Осы халықтың тағдыры туралы тарих шығарған қатыгез үкімге қарамастан көңілге уайым түсірер бір күдік туралы айтпай кетуге болмайды, қыр жағдайымен етене танысқан соң мұндағы адамның өмірі табиғи ерекшеліктерге бейімделе ала ма деген ой келеді. Бұл арада орыстар тұрақты қоныстана ала ма? Қазақтардың малдарына қолайлы жерлерін алып алған соң олар кедейленіп шыға келеді. Ал ол араға қоныстанған орыстар кетіп қалу қаупі бар, ендеше бұларды асығыстықпен көшірмей, қарайласа дұрыс болар еді... Олардың өміріндегі мұндай экономикалық қасірет номадтардың тарихы мен әлеуметтік жағдайының нәтижесіңде қалыптасқан қажеттілік... Қазақ даласындағы экономикалық күйзелістің басты себебі – номадтардың қөшпелі тіршілігіндегі дәстүрлі қарым-қатынастың бұзылуы екенін үкімет ескертуі тиіс", - деп жазды.

Иә, әрі үкім, әрі нұсқау.

Қазақтар жерге қоныстанса да аштан өледі, сол көшпелі қалпын сақтаса да аштан өледі, сол көшпелі қалпын сақтаса да жұтқа ұшырайды. Жаз жайлау, күз күздеу, қыс қыстау жайына қалады. Шөл мен тастақ жер ғана олардың еншісіне тиеді. Көшпелілерді күйзелту – экономикалық саясаттың басты бағыттарының бірі. "Жер өспейді, ел өседі". Мұны көзімен көрген Абай өз тұсындағы келімсектер араласқан жұрттың жайын:

Жетіліп жаз жайлауға қона алмай жүр,

Күз күзеуде жанжалсыз бола алмай жүр.

            Қыс қыстауың қып-қызыл ол бір пәле,

            Оралып еш шаруа оңалмай жүр, -

деп бейнеледі.  

Дәл осы сөздің рас екендігін көп өзеуреп жатпай-ақ әлгі И.Мельниковтың:

"Түркістанды бағындыру арқылы даланың оңтүстігі қоршалды, бұл қазақтардың толықтай Ресейдің қол астына көшкендігінің ең шешуші пәрмені болып табылады: соның нәтижесінде, бір жағынан, қазақтардың азиялық хандықтарға емін-еркін көшуі тоқталса, екінші жағынан, қазақ даласына орыстардың жаппай қоныстануы күшейді, олар қазақтардың қонысына жайлы жерлерді орыстар егін салу үшін басып алып, өздерін қуып шықты, қысылып-қымтырылған қазақтар тұйықтан шығу үшін сулы жерге, көбінесе жағасы шалғын, нулы, бірақ та орыстар бекініп алған Ертіс өзенінің жағасына қарай ығысты, онда бос жер қалмағандықтан да жайылымды жалға ала бастады", -  деген мәліметін келтірсек те жеткілікті. Қазақ елі өз жерінде, өз елінде отырып, жатқа жалынышты болды. Бұл дегеніңіз нағыз экономикалық тәуелділік еді. Соны білгендіктен де Абай:

Өзімдікі дей алмай өз малыңды,

Күндіз күлкің бұзылды, түнде ұйқың, -

деп отыр.

Ресей империясы "қазақтарды жер бетінен мүлдем құртып, жойып жіберу" үшін оның ең алдымен дәстүрлі көшпелі экономикалық қарым-қатынасын бұзды. Ал қыр елінің бар тіршілігі соған негізделген болатын. Көшпелі өмір салтына бейімделген күнкөріс қамы –  олардың өмір тірлігінің кепілі, ең қасиетті мүддесі, ешқашанда бұзуға болмайтын заңы еді. Жайлау, күзеу, қыстау, көктеу –  тек қана "қаңғыбастыққа" құмарлық емес, өмір сүрудің тәсілі болатын.

Ұшы-қиырсыз жерді мекендеген көшпелілердің солтүстік қанаты көшпелі, оңтүстік қанаты жартылай көшпелі, жартылай отырықшылық тіршілік құрып, егіншілікпен айналысты. Олардың арасындағы экономикалық байланыс үзілген жоқ. Соның нәтижесінде көшпелілер тілдік, ортақ экономикалық, ұлттық бірлігін сақтап қалды. Сондай ұлттық экономиканың ең көне әрі негізгі көзінің бірі –  Мұхтар Әуезовтің "Абай жолы" эпопеясында күз айының салтанатты бір суреті ретінде суреттеліп, ауылдың қасынан өтіп бара жатқан керуенге қарап: "Алақай, Ақ шом кетіп барады!" –  деп қуана айқайласатын, ал Абайдың өзі:

 

 Қаз, тырна қатарласып қайтса бермен,

 Астында "Ақ шомшы " жүр, ол бір керуен,

дейтін "Ақ шомшы".

Осы "ақ шом" экономикалық дәстүрін сақтаймын деп "Алаштың" Әлихан бастаған азаматтары өзінің өмірін қиды. "Ақ шом" –  қазақ көшпелі экономикасының ең мүдделі тәсілі еді.

Ол – нарық. Ол –  тіршілік. Ол –  елдіктің кепілі.

Қысы ұзақ солтүстікте астық өндіру, жеміс-жидек, бақша баптау қиын. Ал оңтүстіктегі егіншілік өлкеде мал тұяғы умен тең. Сондықтан да көшпелілер "Ақ шом" айналымын қолданды. Күзде солтүстіктегі малшылар өзінің темір-терсек, жүн-жұрқасын артып, түйеге қомдап, оңтүстікке аттанады. Әр үйден, ауылдан белгілі азаматтар ере шығады. Сарыарқа мен Мұғаджардан ағылған "ақ шомшылар" күзде қаздай тізіліп оңтүстікке кетіп бара жатқан. Қайтқан құстармен қоса даланы дуға бөлеген бұл салтанатты көріністі Абайдың жырлауы тегін емес.

"Ақшомшылар" арысы Бұхара, Самарқаннан, Хиуадан, берісі Түркістан, Шаштан "тамыр" табады да әлгі апарған тері мен жүнін астыққа айырбастайды. Әркімнің өзінің күні бұрын келіскен адамы бар. Екі жақта өзгеге қолындағысын бермейді. Өнімдерінің сапасына сенеді. Жұт, қуаңшылық жылдары несиеге алады. Сонау миладиден бұрынғы скиф заманында да солай болыпты. XX ғасырға да сол қалпы жеткен. Ол туралы элладаның саяхатшысы Страбон жыл қайыруымыздан бұрын бес ғасыр ілгері заманда:

"Номадтар қарақшылық, шапқыншылықтан гөрі, көбінесе дүркін-дүркін жорыққа аттанып тұруға әуес және қолүздік үшін аттанады; олар жер өңдеуді білетін диқандарға өздерінің қол астындағы жерді бөліп береді, шыққан егіннен белгілі бір мөлшерде болмашы ғана ұшыр алады. Мұны олар қорлану, баю үшін емес, күн сайынғы тіршілік қажетін қамтамасыз ету үшін ғана жияды; егерде әлгі несиені бермеген жағдайға ғана оларға қарсы жорыққа аттанды... Шындығына келсек, сол несиенің өзі оларға дұрыстап төленбейтін. Өйткені, олардың шабуылын оп-оңай тойтарып тастаймыз немесе қарсы жорыққа шығамыз деп үміттенетіндер мен өз күшіне сснетіндер ғана салым төлемейтін", - (VII.4.6.) – деп жазды.

Демек, "ақ шомның" негізі есте жоқ ескі заманда қалыптасқан. Ол кезде Ресейдің қандай мәдени-экономикалық дәрежеде болғанын бір алла біледі. Анығы, көшпелілердің тіршілік саясаты айналымға құрылған. Олар бұл түзілімді бұзғандарды аяусыз жазалап, тиісті сыбағасын сыпырып алып отырған.

Дәл осы экономикалық саясатты Әлихан Бөкейханов пен Швецов та ұсынады. Егерде жедел отырықшылануға көшсе қазақ халқы сөзсіз ашаршылыққа ұшырайды. Екіншіден, көшпелі экономикалық түзілімді сақтамаса, онда сөзсіз тәуелділікке көшіп, таза шикізаттың құлына айналады. Үшінші, олар крестьянданып, тез шоқынуға бейімделеді, -  деп есептеді. Ресейдің қазақты отырықшыландыруға қатты кірісіп, бар ынтасын салудағы пиғылы да сол шоқындыру болатын. "Айқап" журналына қарсы пікір айтқан "Қазақ" газетіндегі "Алаш" азаматының ойының түпкі төркіні сол еді.

Ол жоспарды "коммунист-колонизаторлар" (Смағұл Садуақасов) жүзеге асырды. Қазақ даласы мен ұлты таза экономикалық басыбайлы шикізат қоры ретінде өлі денеге айналды. Абайдың тұсында бұл дерт меңдеп бара жатқан. Әлі де ет қызуы басыла қоймаған жастарға осы "жансыз болашақты" мегзеп:

Салынба, қылсаң-дағы сан құмарлық,

Алдыңда уайым көп шошынарлық, -

дейді.

Шынында да, "шошынарлық заман" алда еді. Абай экономикалық тәуелділіктің "одақ" деген бүркемесінің де тамырын басып, оның басыбайлылыққа қызмет ететінін білген. Ол өзінің "Алтыншы сөзінде":

"Малыңды беріп отырсаң, атасы басқа, діні басқа, күні басқалар да жалданып бірлік қылады. Бірлік малға сатылса –  ант ұрғандықтың басы осы", - дейді.

Мұның астары – шикізатынды беріп отырсаң "күшті өкіметке" жағасың, саудаң жүрсе – доссың, сарқылған күні – итке тастаған қу сүйексің. Соған тәуелдісің. Бұл –  бірлік, достық, интернационалистік емес, "ант ұрғандықтың", яғни құлдықтың басы дегенге салды. Жалданудың бүгінгі көрінісі –  жалақы. Бірлігіңіз –  одақ. "Антұрғандық -   экономикалық тәуелділік. "Өз малынды өзіңдікі дей алмай, күндіз күлкінің, түнде ұйқының бұзылуының" себебі де сонда. Көмпіс елге қарата:

 Бірлік жоқ, береке жоқ, шын пейіл жоқ,

 Сапырылды байлығың, баққан жылқың, -

дейді Абай.

Бұл – толық бодандықтың сыпаты. Кен сапырылды. Тасылды. Одан қазаққа бір тиын да пайда түспеді. "Бірлік жоқ" дегені –  ұлттық тәуелсіздік жоқ дегені. "Береке жоқ" дегені –  ұлттық экономика жоқ дегені. Ал, "шын пейіл жоқ!" дегені –  "жан бостандығы жоқ!" –  дегені.

Поэзия мен экономика түйіспейтін ұғым болса да Абайдың өлеңдерінде бұл екеуі кәдімгідей әлеуметтік рух танытады. "Ақ шомның" керуенінен басталған көрініс ұлттық бостандық ілхамына ұласады.

Ресейге деген экономикалық тәуелділік бұрын да болған. Әсіресе, "Алтын орданың" дәуірінде ол қатты жолға қойылды. Бірақ ол кезде көшпенділердің толық тәуелсіз, ал Ресейдің жартылай бодан кезі болатын. Бірақ алыс-беріс тең дәрежедегі сыпатта жүргізілді. Абай тарихтың сабағын да ұмытпайды. Ол:

"... Орысқа қарамай тұрғанда қазақтың өлгенінің "ахиреттігін", тірісінің киімін сол (ноғай көпестері – Т.Ж.) жеткізіп тұрды. Әке балаға қимайтұғын малыңды кірлеп (өлшеп –  Т.Ж.), сол айдап кетіп тұрды ғой. Орысқа қараған соң да орыстың өнерлерін бізден олар (ноғай, сарт, т.б.) көп үйреніп кетті", - дейді "Екінші сөзінде".

Тарихтың көшпелі сипаты көшпелілердің саяси сахнадан ығысуына мәжбүр етті. Еркін елдің еркінің жат ықпалына ілігуі осы алыс-берістен басталды. Құнанбайдың насыбайға, шайға, торғын-торқаға қырын қарауы тегін емес. Дәстүрлік тіршіліктің салты бұзылған соң және жаттың дәстүрін бойына сіңіргеннен кейін одан арылу қиын. Ахиреттік бұлды, киер киімді жат жұрттан алу экономикалық тәуелділіктің басы.

Экономикалық тәуелділік ең бірінші тұтыну заттарынан басталады. Қытай апиынмен улады. Көшпелілерді шайға үйретті. Осы заманда арақ-шарапқа ауыздаңдырды.

Қазір қазақтың тұрмысына бұл қажеттіліктің сіңіп кеткені сондай, онсыз дастарқан жайылмайтын болды. Өз жерінде шықпайтын өнім мен затқа дәніктіру отарлаудың ежелден келе жатқан әккі дәстүрінің бірі. Бұл саясат жыл қайыруымыздан бұрынғы ІҮ-ІІІ ғасырдан мәлім. Орталық қытай мемлекеті көшпелі жұртты осыңдай үлде мен бүлдеге алдандырып, экономикалық тәуелділік арқылы жаулап алмақ болған. Хұн қағанатын одан ақылды қытай кеңесшісі құтқарып алды.

Атақты Мөде тәңірқұты дүниенің төрт бұрышын жаулап алды. Қытайдың өзін кіріптар етті. Оның мұрагері Лаушаң-Қызай хань империясынан алым-салық алып, жібек пен торғынға, тәтті тағамға қарық болды. Байлық пен мырзалықта өмір сүрген қағанаттың әскері мен әйелдері бірдей жылы-жұмсаққа, үлде мен бүлдеге, шарапқа құнығып алды. Бірде Лаушаң-Қызайдың ордасына Мөденің досы кәрі қытай келіп, көшпелілердің мына қалпын көріп қатты назаланды. Қытай елшілігі келгенде көшпелілер мен қытай жауынгерлерін бәсекелестіреді. Бұтаның арасымен жүгіргенде хан жауынгерлерінің киімі жыртылып қалып қояды. Тері шалбарлы, тері шәркейлі хұн сарбазы озып келеді. Екі жақтан екі адамды тастай суық құдықтың ішіне қатар салады. Қытай талып қалады, хұн аман шығып, қымызбен бойын жылытады. Сонда әлгі қытай кеңесшісі:

"Көрдің бе, сенің жауынгерлерің бәрінен үстем болды. Себебі, сендер жастайларыңнан малдың етін жеп, сүтін іштіңдер. Терісін киім етесіңдер. Мал шөп жейді. Шөпте барлық нәр бар. Ал мыналар тәтті тағамға үйренген. Жібек киіп, жылы жерде өскен. Төзімсіз. Егер сен әскеріңе қытайдың үлдесі мен бүлдесін киюге, тәтті тағамын пайдалануға тыйым салмасаң, елінді аздырасың. Қазірдің өзінде жастарың жаттың дәстүріне үйреніп алды. Бұл – қауіпті. Ертең отырықшы ел жұтып қояды. Ал ұрпағың жібек пен торғынға құлқын сатады. Тәуелді боласың", - деп ақыл айтады.

Содан бастап хұн жұрты өзінің көшпелі салт-дәстүріне, үйреншікті киім мен тамағына көшкен.

Абайдың "ахиреттік" бұл мен "киімді" тілге тиек етуінде сондай астар жатыр.

Осы аңызда үлкен тарихи, әлеуметтік шындық бар. Араға екі мың жыл салып барып осы қатер көшпелілердің басына тағы да төнді. Бұл жолы ақыл айтар қытай кеңесшісі де, оны жүзеге асырар Лаушаң-Қызай сияқты хан да табылмады. Абай мен Шәкәрімнің қазақтың киім үлгісі туралы өлеңдері елігіп алған жұрттың еркін ақылға жеңдірмеді. Абай "Той болса, тон киелік, жүр баралық" немесе "Жарлылық, жалынышты,  жалтаң көздік,   Сүйкімді,  киімі жоқ шалдуарлық" –  деген жолдарында әр нәрсені аңғартады. Әсіресе, "жалынышты, жалтаң көз" боп саудагерден алған киім туралы сөз еткенде әр түрлі ойға қаласың. Бөз үшін боз өкпе болып күйінгендердің көңілін аудару үшін "Ескілік киім" деген өлең жазып:

 Ойланып, ойға кеттім жүз жылғы өткен,

 Тон қабаттап, кигенім –  шидем шекпен.

 Жейде, дамбал ақ саңнан, жарғақ шалбар,

 Жырым балақ, матамен әдіптеткен.

 Мықшима аяғымда былғары етік,

 Киіз байпақ тоңдырмас ызғар өтіп.

 Үлкен кісе жанымда жез салдырған,

 Шақпағым, дәндәкуім жарқ-жұрқ етіп.

 Күләпара басымда, пұшпақ тұмақ,

 Ішкі бауын өткізген тесік құлақ.

 Тобылғыдан кесіп-ап, жіппен қадап,

 Артын белге қыстырған бар құрысқақ.

 Қалмақы қара үзеңгі, биік қасты ер,

 Қанжығамда баймаулы жіптен шідер.

 Жарғақ, жастық – көпшігім, жезді пыстан,

 Бір келісті сайманым топқа  мінер

деп насихаттағандай да болады.

Бұл жөнінде Шәкәрім мен Ахметтің өлеңдерін еске алсақ, онда еріксіз қарт қытайдың ақылы жадыңда жаңғырады.

Абай тек қана ақын деп оған көркем ой тұрғысынан ғана қарауға болмайды. Абай – қазақтың бүкіл болмыс, тіршілігінің, танымының, тарихының, жан дүниесінің, рухани өмірінің энциклопедиясы. Қазақ болмысының заманалар бойы қорытылған құймасы. "Пушкин жеке адамның жалқы сезімі мен көңіл күйінің, тіпті сол дәуірге ғана тән жалпы сезім мен көңіл күйдің ақыны ғана емес: оның поэзиясының өзегін түгелдей талдап, түсіндіру үшін бүкіл адамзатқа тән сезім пернесін түгел басып шығуға тура келеді", - деп В.О.Ключевский Пушкин туралы қалай дәл айтса, біздің Абай қақында да солай деуге толық дәлеліміз бен дәйегіміз бар.

Өйткені, Гете, Пушкин, Абай сияқты таза ұлттық ақындар ете сирек және қайталанбайтын құбылыс. Әлем әдебиеті мұндай күрделі көркем ой иелеріне өте тапшы.

Ол заңды да. Олар өз ұлтының қадір-қасиеті, жақсылығы-жамандығы, қасіреті мен тағдыры арқылы исі адамзатқа ортақ мүдделі мәселелерді қозғайды. Абайдың еншісіне тиген сондай сыбағаның бірі –  халықтың басыбайлы тәуелсіздікке ұшырауы. Ал бұдан өткен уайым болуы мүмкін емес. Бұл ретте халық жөнінде алдыңғы екеуінен гөрі Абайдың қабырғасы сөгіле "зар төгуі" заңды. Халықты тәуелділікке әкелген мінез бен әдеттің барлығын сынай талдап, сөзді тектен өткізе қолданды. Абай "Үшінші сөзінде":

"Қазақтың бірінің біріне қаскүнем болмағының, бірінің тілеуін бірі тілеспейтұғынының, рас сөзі аз болатұғынының, қызметке таласқыш болатұғынының себебі не?" –  деп сұрақ қояды да оның жауабын іздейді.

Ұлттың бойындағы барлық керенаулықты талдап, қазымырлана санап, оны бір-бірімен байланыстыра келіп, басты себеп-экономикалық тәуелділікте деген түйін жасасайды. Өйткені: бірінің- біріне тілеу тілеуі үшін ортақ ұлттық идеология қажет. Ондай бірлік "Бірінші низамнан" кейін хандық, яғни мемлекеттік жүйемен бірге құрып кетті. Ұлттық рух біріктірмеген ел-жұрт бір-біріне "қаскүнем болмай" не істейді? Әркімнің пиғылы-өз құлқына қызмет етті. Сені жарылқайтын, бәріңді тең көріп, екшеп басқарып отыратын "орталық басқару орны - мемлекет жоқ.

Ресей қазақты жарылқамақ түгілі оның күн көріп отырған жерін тартып алып, бұлағының көзін бітеп отыр. Тартысып жүріп жан сақтамасаң өзің жем боласың. Ол үшін "рас сөзіңді" айтпайсың. Онда "ұлық сені жек көрем - дейді. Ұлыққа жек көрінішті болсаң "итжеккенге" айдаласың. "Қызмет – осындай құқайдан құтқаратын бірден-бір орын. Оның өзі бәріне жетпейді. Ендеше оған кім ұмтылмайды? Ал "жалқаулық" дегеніңіз сол "қызметтің" жоқтығынан шығады. Өндіріс жоқ. Бәрі малшы бола алмайды. "Қызмет" санаулы. Ортақ мемлекеттік қам-қаракет деген ұмытылған.

"Жалқаулықтьң" бір себебі – жұмыссыздықта жатыр. Сауда дегеніңіз халықтың дәстүріне жат. Оны құдайдың қарғысымен тең деп түсінеді. Абай осыны түсініп, жаңа қоғамдық жағдайға байланысты "ақылмен билеп", елдің есін кіргізуге тырысады. Заманға қарай бейімделмесе құрып кететінін ескеріп:

"һамма ғаламға белгілі данышпандар әлдеқашан байқаған: әрбір жалқау кісі – қорқақ, қайратсыз тартады: әрбір қайратсыз – мақтаншақ келеді: әрбір мақтаншақ қорқақ-ақылсыз, надан келеді: әрбір ақылсыз надан – арсыз келеді: әрбір жалқаудан – сұрамшақ, өзі тойымсыз, тыйымсыз, өнерсіз, ешкімге достығы жоқ жандар шығады. Мұның бәрі – төрт аяқты малды көбейтеміннен басқа ойдың жоқтығынан. Өзге: егін, сауда, өнер, ғылым – солар секілді нәрселерге салынса, бұлай болмас еді",- дейді.

Міне, экономикалық тәуелсіздіктің кепілі осы – "егін, сауда, өнер, ғылым". "Өнбес іске" өшпенділік жүрмейді. Ортақ ұлттық экономика ғана елді толық тәуелсіздікке жеткізеді. "Кіріптарлық, жарлылық, жалтаң көздік – ұлтты "сүйкімсіз", "шалдуар" етеді. "Еңбегін сатпай, сақалын сататындар" заман ұсынған жаңа "ырыздықтың көзін" тапсын, соны түсінсін. "Терін сатпай, телміріп көзін сатып, аларман болған жұртқа" Абай қатты назаланып:

"Ешбір қазақ көрмедік: малды иттікпен тапса да адамшылықпен жұмсаған. Бәрі де иттікпен табады, иттікпен айырылады. Бейнет, күйігі, ызасы – сол үшеуінен басқа еш нәрсе бойыңда қалмайды",- дейді. Орынды да ойланатын сөз.

Енді, осы "иттікпен табылып", "иттікпен жұмсалған", "бейнет пен күйік", "ыза" ғана сыйлайтын "малдың" астарлы мағынасына үңілейікші.  "Мал" дегеніміз – экономика. Бұл түсінікті. Ал, неге "иттікпен" табылады? Себебі: өнім өсіру үшін, малды төлдету үшін жер керек. "Екінші низамның" жарлығы бойынша жер патшаның меншігіне көшті.  Шетінен жырымдалып,  Бальзактің "шегірен былғарысы" сияқты тарайып барады. Орман, көлі, суаты,  бәйектік шалғыны қоныстанушы орыстарға, әскерилендірілген қазақ қосындарына берілді. Соның нәтижесінде қазақ үшін даудың ең үлкені – жер дауы болды. Екінші: неғұрлым мал басын көбейген сайын солғұрлым алым-салық та көбейді. Жер салығы, жан салығы, түтін салығы, орман салығы, әскер салығы, сайлау салығы, "қара шығын" іспетті алымдар көз ашырмады. Еріксіз "құдайдың мал табарлыққа берген қуатын" "адал кәсіп қыларлық орынға жұмсамайсың". Сен біреуді алдайсың, ол сені алдайды. "Бұл – құдайдан тілеген емес. Бұл – абыройын, арын сатып, адам жаулағандық, тіленшілік".

Ал, "сөйтіп иттікпен тапқан малды" неге "иттікпен жұмсайсың?" Оған не себеп?

Малының өнімін жәрмеңке ашқан көпеске өткізесің. Ондағы малдың құны шыққан шығыннан екі-үш есе аз. Сенен арзанға сатып алып, Ресейге үш есе артық бағасына өткізеді. Өзіңнің малыңа өзің баға қоя алмайсың. Сатпай тағы отыра алмайсың. "Жеті ағайынды жұттың" аңдып отырғаны анау, мына заманның қылғымай жұтып жатқаны мынау. Барымта мен сырымта тағы бар. Еріксіз "итшілеп жүріп", базардан бедекші жалдап, "көзіңді сатып":

Әрі-бері айналса аты арықтап,

Шығынға белшесінен әбден батып, -

ақыры малынан ақы бергендей боп құтылады-ау.

"Иттікпен жұмсаған" емей немене бұл? Бұдан құтылудың жолын Абай:

"Қош. Сөйтіп жүріп-ақ ақыл, мал таптың. Байыдың. Сол малды сарып қылып ғылым табу керек. Өзің таба алмасаң балаң табу керек. Ғылымсыз ахирет те жоқ, дүние де жоқ. Ғылымсыз оқыған намаз, тұтқан ораза, қылған қажылық, ешбір ғибадат орнына бармайды" - деп түсіндірді.

Бүкіл тіршілік атаулының тұтқасы "ғылым" екені рас. Бірақ та Абай осы арада бұл сөзді ауыстырмалы мағынасында да қолданып отыр. Таза ғылым жолы – ол да зәру, қажетті, мүдделі жол. Алайда, Абайдың мына айтқан "ғылымы" өнермен қоса өмірдің де мектебі. Өйткені, "иттікпен" тапқан мал "иттікпен" жұмсалмас үшін қоғамның экономикалық заңдылығын білу керек. Онсыз бәрібір тәуелділіктен құтылмайсың. "Өз малыңды өзімдікі" деп толық айта алмайсың. Соны мегзеген Абай:

"... Және мал тілейсіңдер. Неге керек қылайын деп тілейсіздер? Әуелі құдайдан тілеймісің? Жоқ, тілемейсің. Құдай берді, бергенін алмайсың. Құдай саған еңбек қылып, мал табарлық қуат берді. Ол қуатты адал кәсіп қыларлық орынға жұмсамайсың. Ол қуатты орнын тауып сарп қыларды білерлік ғылым берді, оны оқымайсың. Ол ғылымды оқыса, ұғарлық ақыл берді, қайда жібергеніңді кім біледі? Ерінбей еңбек қылса, түңілмей іздесе, орнын тауып істесе, кім бай болмақшы? Оның саған керегі жоқ. Сенікі – біреуден қорқытып алсаң, біреуден жалынып алсаң, біреуден алдап алсаң болғаны, іздегенің сол", - дейді пікірінің тамырын терең бойлатып.

Бұл арадағы Абайдың айтып отырған "ғылымы –  тәуелсіздік ғылымы. Осыншама неге мүсәпір болдың, неге кіріптарлық күй кештің, қуатыңды алауыздыққа жұмсағаның не? Талмай ізде, зертте, сонда тәуелді тұрмысың мен тіршілігіңнің тамырын табасың. Түңілме дейді.

Демек, экономикалық басыбайлылықтан "қара малдың күшімен" шыға алмайсың. Дербес күн көру үшін өнеркәсіп аш, сауда жаса, ғылымын, өнерін біл. "Өз қаруын өзіне пайдалан". Өлсең – ахиреттік бұлың өзіңнен болсын. Онсыз: "оқыған намазыңнан" айрыласың, "тұтқан оразаң" һарам болады, "қажылыққа" бара алмайсың, ғибадатың мешіт емес, шіркеу болады, өйткені – рухани тәуелдісің, "дүние де жоқ", себебі – экономикалық тұрғыдан да тәуелдісің –  дейді Абай.

Әрине, "ақ шомның" дәуірінің өткенін Абай білді. Сондықтан да "қалың елі-қазағын" жаңа экономикалық сатыға көтерілуге шақырды. Сонда ғана "өз малың – өзіңдікі болады  -  деді. Мұның ақиқаттығына дәл қазір көз жетіп отыр.

 

II

Рухани және экономикалық тәуелсіздік - ұлттық бостандықтың кепілі. Экономикалық тәуелділік бар жерде – теңдік жоқ. Теңдік жоқ жерде – бостандық жоқ. Бостандық болмаған жерде – рухани тәуелділік бар.

Ал, рухани тәуелділік – халықтың, ұлттың, мемлекеттің өлімге бет алуы деген сөз.

Рухани және экономикалық тәуелсіздік деген ұғымды Абай бір-бірінен бөліп қарамайды. Ол өзара өзектескен, басыбайлылыққа қарсы ұлттық мойынсұнбау қозғалысының шешуші күретамыры болып табылады. Бұл тамырлар ұлтты толық азаттық жолына бастайды.

Өкінішке орай, қазақ халқының бостандық жолы Абай өмір сүрген тұста толықтай кесіліп қалып еді, империяның салған жолы тәуелділіктің тұзағы боп киілді. Отарлау саясатының қолындағы ғылым да сол тұзақты қыса түсуге қызмет етті. Темір жолдың қазақ даласына келуінің өзі оның ең соңғы тұяқ серпер жантәсілім сәтін жақындата түсті. Мұны түсіну үшін пәлендей зеректіктің қажеті жоқ болатын. Қатардағы ревизордың бірі И. Мельников өзінің "Дала облыстарын басқару жөніндегі ережесінің жобасындағы кемшіліктер" атты мағлұмдамасында:

"Ресей әлемді бөлісіп билеу барысындағы өзінің оңтүстігіндегі Орта Азия аймақтарындағы үлес мәселесін шешіп қалған кезде, империяның алдағы тарихи өміріндегі қазақ халқының тағдыры мен талайы үзілді-кесілді анықталған кезде, Ресейдің құрамындағы қазақтарды өзінің байырғы қам-қаракетсіз, жартылай кезбе және көшпелі тұрмысына қайтып оралады деуі далбасалық; Азияның саяси картасы соңғы рет қайта жасалғанға дейінгі, не Азия даласының оңтүстігіне орыстар кіргенге шейінгі кез болса бір сәрі, ал қазіргі кезде, Ұлы Сібір темір жолы салынып, орыстардың бұл өлкені ерекше қарқынмен отарлауы жүріп жатқан сәтте ол мүмкін емес",- деп кесіп айтты.

Тәуелділіктің бұл екі түріне Абай өлеңі мен "Қара сөзінде" ерекше мән бере тоқталады. Нақты осы ұғымдарды ашық атамағанымен "сөз таныр кісі болса" оның астарын бірден аңғарады. Зады, Абай өзінің пікірін нақтылап жатпайды. Ол үшін уақыттық сипат пәлендей міндет атқармайды. Ойын бүкіл халықтың көңіл күйімен астастырып, күйдіргі мәселені қозғайды. Қай заманда да болсын Абайдың өлеңдерінің көкейкестілігі жойылмайтынының бір себебі осында жатыр.

Тәуелділіктің ішіндегі ең қауіптісі Абай үшін рухани басыбайлық. Әр пікірі соған сабақтала жалғасып, ойын үстемелеп отырады. Тіршілік қамына, қазақтың күнкөрісі мен жалған мақтанына жазылған "Екінші сөзінің" өзінде де рухани басыбайлылықтың зардабына тоқталып, ісін берсе де ішін бермеген ноғайларға сүйінеді. Ол:

"Үлкен байлар да, молдалар да, ептілік, қырмызылық, сыпайылық – бәрі соларда. Ноғайға қарасам: солдаттыққа да шыдайды (елін қорғай алады, жауынгерлік рухын сақтаған); кедейлікке де шыдайды (шаруашылыққа тәуелсіз); қазаға да шыдайды (рухы биік); молда, медіресе сақтап, дін күтуге де шыдайды (шоқынып кеткен жоқ). Еңбек қылып мал табудың жөнін де солар біледі (экономикалық тәуелсіздікке ұмтылады)", - дейді.

Демек, мұндай басыбайлылыққа түскен елдің түбі құлдыққа, қайыршылыққа, "жалтаң көз, жалынышты" күйге ұшырайтынын Абай білген. Бар байлығың тоналады. Рухың өледі. Тілің мен дінің құриды. Бодансыз күн көре алмайтын күйге түскен шақта өкінгенмен өткен өмір, еркін дәурен қайтып келмейді. Жақшаның ішіне алынған сөздерді Абай айтқан жоқ. Бірақ мегзеп отырған ойы сол. Тағдырдың тәлкегіне ұшыраған мұңдас халықтың бойындағы азаматтық мойынсұнбауға сүйінеді. Өз елін де соған шақырады.

Жауынгерлік рух, тәуелсіз тіршілік көзін табу, рух қайраты, дінге беріктік іспетті қасиеттерді үлгі тұтады. Ол осы ойын "Төртінші сөзінде":

"Адам баласы жылап туады, кейіп өледі. Екі ортада бұл дүниенің рахатының қайда екенін білмей, бірін-бірі аңдып, біріне-бірі мақтанып, есіл өмірді ескерусіз, босқа, жарамсыз қылықпен қор етіп өткізеді де, таусылған күнде бір күндік өмірді бар малына сатып алуға таба алмайды", - деп дамытады.

Абайдың мұндағы "бір күндік өмірді бар малына сатып алуға таба алмайды –  деп отырғаны-адамның таза рухы. Тәуелсіз рухы. Малға айырбастаған рух – өлі рух. Онда рух қайратының өшкені.

Рухтың бірі – дін. Таза иман. Тәуелсіз жүрек. Алладан басқаға тәуелді болмау. Рухани бостандық.

Оны бір рет аяққа таптасаң қайтып таппайсың. Сондықтан да "қазаға да шыдап, дін күтуге де шыдап, медіресе сақтауға да шыдап" кету үшін, "...мұндай иман сақтауға қорықпас жүрек, айнымас көңіл, босанбас буын керек" ("Он үшінші сөз"). Демек, ұлттың рухы өлді деген сөз. Рух – елдіктің, ерліктің мәйегі. Рухтың өлуі – елдіктің өлуі. Гете айтқандай:

"Байлығыңды жоғалттың ба – аз жоғалттың! Ар – намысыңды жоғалттың ба – көп жоғалттың! Ал ерлігіңді жоғалттың ба – онда бәрін де жоғалтқаның! Одан да адам болып тумағаның жақсы!"

Елді ез қылатын – "есепті достың" алдындағы рухани дәрменсіздік.

Сондықтан да Абай "несиелі тамырлыққа" өте сақ, асқан қауіппен, жақтырмаған жек көрінішпен қарайды. "Батпан құйрықтың" астындағы құрулы қақпанды –  басыбайлылық, тәуелділік, рухтың өлуі деп түсінеді. Яғни, күнің үшін құл болма дегенді ұсынады. Әсіресе, тобырлық "бірліктен", тобырлық басыбайлылықтан сескенеді. Ол "Алтыншы сөзінде":

"Қазақтың бір мақалы: "Өнер алды –  бірлік, ырыс алды тірлік" депті. Бірлік қандай елде болады, қайтсе тату болады-білмейді?  - деп сұрақ қояды.

Расында да, Абайдың ұғымындағы елдің бірлігі, елдік ортақ мүдде, бізше түсінгенде, экономикалық одақ қандай елде болады? Тәуелсіз экономикаға ие тәуелсіз елде ғана экономикалық бірлік болады.

Ал Абайдың тұсында қазақ елі өзге түгілі өлген адам арулайтын "ахиреттің" өзін өзгеден телміріп сұрайтын басыбайлы халге, мүсәпір күйге жетіп еді. Тіпті, сол "ахирет терегін" қажетсінбей, табытпен көмілетін күнге де тақап қалған болатын. Мұны өзге-өзге, ал Абай терең түсінді. Әйтпесе ноғайларды "дінге берік" деп тегіннен-тегін тілге тиек етпейді. Арыстанның тәбетіне байланысты қалт-құлт етіп, жалтақ ғұмыр кешіп, "бір күндік өмірді бар малын сатып алуға таба алмай" отырған елдің тағдыры аландатады. Соны "қалың елі, қазағына" аңғарта келіп:

«Қазақ ойлайды: бірлік – ат ортақ, ас ортақ, киім ортақ, дәулет ортақ болса екен» - дейді. Олай болғанда: байлықтан не пайда, кедейліктен не зиян? Ағайын құрымай мал іздеп не керек? Осы ма бірлік?  -  деп сауал қояды.

Мал мен жанды, дәулетті, бірлікті ортаққа айналдырған социализм мен коммунизмнің идеясын Абай білді ме, жоқ па, ол жағы көмескі. Алайда, Париж коммунасының, Чернышевский мен Герценнің идеяларымен жете таныстығы мәлім. Көңіліне қандай ой түйді? Қалайда "Еуропаны кезіп жүрген елестен" хабардар болған.

Жоғарыдағы пікірге қарағанда Михаэлиспен, Гросспен, Добролюбовпен қаншама етене пікірлес болса да олардың қоғамдық қисындарымен келісе қоймаған. Тәуелділік тұрған жерде теңдіктің, бостандықтың, "жан бостандығының" болуы мүмкін емес. Сондықтан да Абай мұндай алдамшы "бірлікке" үзілді-кесілді қарсы шығады. Сол "Алтыншы сөзінде" Абай:

"Жоқ, (бұл) бірлік – ақылға бірлік, малға бірлік емес. Малды беріп отырсаң: атасы басқа, діні басқа, күні басқалар да жалданып тірлік қылады. Бірлік сатылса антұрғаңдықтың басы осы. Ағайын алмай бірлік қылса керек", - дейді.

"Ақылдың бірлігі" мен "малдың бірлігін" Абай өте терең әрі оның әрқайсысына ерекше саяси, әлеуметтік, экономикалық және ұлттық астар бере талдайды. Егерде "бірлік" малға құрылса - онда ондай "бірлік" экономикалық тәуелділікке, басыбайлылыққа, "тәуелді тірлікке" жетелейді. Басыбайлы "бірліктің" иесі"алмай тұрып бірлік қылмайтын" ағайынның пиғылына тәуелді. Көңіліне жақпаса ол "алғыш ағайын":

"Әуелі біріне-бірі пәле іздейді. Не түсін, не ажарын, не өкпесін бұлдап, ол болмаса бір пәле салып, қорғалатын (біздің ойымызша-қарғанатынТ.Ж.), әйтеуір бірін-бірі алдаудың амалын іздеседі. Мұның қай жерінен бірлік шығады? - дейді Абай.

Абайдың соңғы сөзінің шындығын отарлау саясатының төжірибесі дәлелдеп береді. Айтқанына көніп, айдағанына көнбесең-жазалау жасағын шығарады. Ал, ондай бірлікті-бірлік, ондай одақты-одақтастық, ондай теңсіздікті-тендік, ондай үстемдік пен өктемдікті-ынтымақтастық деуге бола ма?

Абайдың елін отарға айналдырған Ресей патшасын былай қойғанда Тәуелсіз Елдің Ынтымақтастығы тұсында да Қазақстанды қапы қалдырып, отар ретінде қарап, қысым мен қоқан-лоқы жасаған мойны жуан Ресейдің ер-тоқымы әлі де ауғақ. Саясаттағы сылтау мен тәсіл өзгере береді, мақсат өзгермейді. Экономикалық тәуелділікке негізделген бірлік -  бодандық басыбайлылық. Рухтың емес, "шықпа жаным, шықпа! – деген күйкі тірліктің, күнкөрістің қамы.

Сұлтандық емес, ұлтандық психология.

Абай мұны да қабылдамады. Ол:

"Ырыс алды – тірлік" дейді, ол қай тірлік? Ол осы жан кеудеден шықпағандық па? Жоқ, ондай тірлік итте де бар, - дейді.

Абай бұл арада рухани тәуелсіздік мәселесін де қозғап отыр. Тәуелді "бірліктен" гөрі-тәуелсіз бірлікті қасиетті санайды. Тәуелсіз тірлік үшін күрестің үлкені-тәуелсіз бірлік, яғни экономикалық бостандық деп түйеді. Өлі рух-Абай үшін құлдықтың белгісі. Нағыз "тірлік" деп, рухани бостандық деп, елдің:

"Көкірегі, көңілі тірі болса, соны айтады. Өзің тірі болсаң да көкірегің өлі болса, ақыл табуға сөз ұға алмайсың. Адал (тәуелсіз, басыбайлылықсыз, еркін) еңбекпен ерінбей жүріп мал табуға жігер қыла алмайсың.

 Кеселді жалқау, қыжақ бас,

 Әзір тамақ әзір ас.

 Сыртың – пысық, ішің – нас,

 Артын ойлап ұялмас, -

болып жүріп тірімін десе, онан да Алла жіберген ақ бұйрықты өлімнің өзі артық",-дейді.

Демек, тіршілік, күнкөріс үшін өткен еңбегінде де рухани мағына бар.

Еңбек –  Абай үшін бостандықтың белгісі. Басыбайлы еңбекке көнгенің –  құлдыққа көнгенің. Құлдықта жүріп "адал мал табуға жігер қыла алмайсың –  дейді. Осы ретте оның бұл ойы "Менің пайымдауымша: барлық дәуірде де барлығымыздың да жалғыз-ақ мақсатымыз болды, атап айтқанда, ол – еркіндік және тәуелсіз өмір сүру", - деген Монтеньнің сөзімен астасып жатыр. Тек біз "свобода" деген сөзді мағынасына қарай сәл өзгертіп қолдандық. Шындығын айтсақ, Абай экономикалық тәуелділікті айтып отыр. Бұл дегеніміз – азат елдің еркін экономикасы деген сөз. Әйтпесе:

"Малыңды беріп отырсаң: - атасы басқа, діні басқа, күні басқалар да жалданып бірлік қылады. Бірлік сатылса – антұрғандықтың басы осы", - деп зілмен тұжырымдамас еді.

Ол өлімнің жай ғана саяси, әлеуметтік, ұлттық және рухани тәуелділікке жетуін тілеп қоймайды. Сонымен қатар:

"... Өстіп, жер жүзіндегі жұрттың қоры болып, бірімізді-біріміз аңдып өтеміз бе? Жоқ, қазақ ортасында да ұрлық, өтірік, өсек, қастық қылып; өнерді, малды түзден, бөтен жақтан, түзу жолмен іздеп, өрістетерлік күн болар ма екен?! - деп ("Жиырма төртінші сөзі") армандайды.

Қандай Ұлы арман! "Әй, не болсын! Жүз қараға екі жүз кісі сұғын қадап жүр ғой, бірін-бірі құртпай, құрымай тыныш таба ма?! – деп күйінсе де, Абайдың бұл арманы – ұлы арман.

Өзі тәуелсіздіктің қамытын киіп, басыбайлылыққа басын сұққан елінің болашақ тәуелсіздігін аңсап: шіркін, толық бостандыққа жетіп, өзіңнің дүниеңді өзің игеріп, елдің іші түгіл сыртқа, шет елге өнім шығарса ғой - деп қиялға берілуі ғажап! Араға бір ғасыр өткен кезде де сол қиял күйінде қалып отыр. "Жалыныштылық" пен "жалтаң көздіктен" арылғамыз жоқ.

Ұлының қиялы да зиялы. "Қиялдың да қиял екенін ұмытпасаң, сонда қиял да саған пайдалы қызмет етеді және жақсылыққа жетелейді", - депті Э. Ренан деген данагөй. Мұндай толық тәуелсіздікті басынан кешіруге және оның дәмін татуға Абайдың елінің – 1 қазақ халқының толық құқысы бар. Ықылым заманнан бері Күлтегін мен Тоныкөктің "Ел!" деп тасқа қашатқанынан бергі дәуірдегі тағдыр тауқыметі мен бодандықтың рухы соған толық құқық

Тәуелсіздіктің, оның ішінде әлеуметтік, экономикалық тәуелсіздіктің жолын Абай нақпа-нақ көрсетпегенімен, дәл осы бодандық бұғаудан құтылар саяси жолды, ақ жолды нұсқады. Тоқсан түрлі көңіл күйімен жазылған "Қарасөздің" өзінде де ол бұл мәселеге үнемі оралып отырады. Егерде Абай қолданған "мал", "дәулет", "іс", "пайда" деген сөздерді қазіргі "экономика" деген терминмен ауыстырсақ, онда оның ойы барынша ашыла түседі.

Қазақ елінің толық тәуелсіздікке жетуі үшін сол қоғамның экономикалық заңын жақсы біліп, білгенін елінің игілігіне жарата алатын, "қазаққа күзетші болатын" "кейінгі толқын інілеріне" үміт артады.

Абайдың өзі қоғамдық өмірдің құбылысына белсене араласып, ойы сапырылысқан заманда отырықшылыққа қарсы қайрат қосатын ұрпақтар толқыны саяси сахнаға шыға қоймаған еді. Бірақ жүрегіне бостандық ұшқыны ұялаған, "қазаққа күзетші болайын –   деген аса тегеурінді, "ақылы мен қайраты, ыстық жүрегі" бар қайраткер буынның буыны тастүлектің қатқан топшысындай боп бекіп келе жатқан.

Олар: "малды қалай адал еңбек қылғанда табады", "қазаққа қалай күзетші болу керек", "ұлықсыған орыстардың законсыз зорлығына қалай көнбеу керек", қалай "ел боп, жұрт білгенді біліп, халық қатарына қосылудың қамын жеу керек" екеніне жасынан "ниеттеніп" өсіп келе жатты. Ұлттық тәуелсіздіктің кепілі – саяси, экономикалық, рухани тәуелсіздік, мемлекеттік дербестік, жер-судың ұлттық меншікте болуы екендігін терең түсінді.

Оның басты себебі: олар білімді "шен-шекпен, оқалы киім үшін" емес, керісінше:

"... Залалынан қашық болу, пайдасына ортақ болуға тілін, оқуын, ғылымын білмекке" ұмтылды. Сөйтіп олар "дүниенің тілін білді", оны білу арқылы "көкірек көзі ашылды". Әрбір елдің "тілін, өнерін білген" олар сол елдің ой-санасы мен саясатын түсініп, терең дәрежедегі "дағуасына кірді", "аса арсыздана жалынбады" ("Жиырма бесінші сөз").

"Кейінгі толқын інілер" рухани тәуелсіздігін сақтап өсті. Азаматтық мойынсұнбауды бостандық жолындағы күрестің бір тәсілі ретінде ұстады. Абайдың өз ойымен айтқанда:

"... Не қылса да сөзді ұқтың. Олардың әкелері: "Балаңа қатын әперме, енші берме, барыңды салсаң да балаңа орыстың ғылымын үйрет! Мына мен айтқан жол –       мал аяр жол емес. Құдайдан қорық, пендеден ұял; бір ит қазақ боп қалған соң: саған рахат көрсетер ме. Иә жұртқа рахат көрсетер ме?!  -  деген өсиетін орындады.

Олар "Алаш" деп туып, "Алаш" деп азаппен өмір сүріп, "Алаш!" деп қаза тапқан қасиетті толқын еді. Абай мен Ыбырай оларға:

 Жас өспірім достарым,

 Сендерге бердім батамды, -

деп ықылас ниетін қосып кеткендей еді (Ыбырайдың өлеңі).

Ұлылардың арманы орындалмай қоймайды. Өйткені, данышпаңдар – "Құранның" сөзін Мұхаммед пайғамбардан бұрын түйсініп, инсандық ілхамымен Алланың ақ жолын ұстанған Уәйіс әулие іспетті. Даналардың санасына Алланың өзі сәуле түсіріп, ойын оятатын сияқты.

Абай да сондай Алланың рахымы түскен Ұлы Тұлға.

 

III

Сонымен: "Бір істі қолға алған кісі – құдық қазушының кебін кешеді. Егерде ол құдықты терең қазып, судың көзіне жетпей тоқтаса, онда бар еңбегінің зая кеткені",- деп Конфуциймен ой таластырған көне қытай дегдары Менцзы айтпақшы, біз де Абайдың таза экономикалық көзқарасын баяндау арқылы пікірімізді тұжырымдағымыз келеді.

Алайда, түйіншектеліп тұрған бір кілтипан бар. Ол Абайға емес, мына бізге қатысты мәселе. Яғни үш кластық білімі бар Абайдың зейіні жетіп, түсіндіріп берген экономикалық ұғымдарды ғылыми лауазымы бар біздің тарқата алмауымызда болып отыр. Абай өзінің "Отыз бірінші сөзінде":

"Егерде мал (экономика) керек болса – қолөнер (кәсіпшілік) үйренбек керек. Мал жұтайды, өнер жұтамайды. Алдау қоспай адал еңбегін сатқан қолы өнерлі (кәсіпкер) – қазақтың әулиесі сол. Бірақ құдай тағала қолына аз-маз өнер (іскерлік, кәсіпкерлік, өнеркәсіп) берген қазақтардың кеселдері болады", - дейді.

Бұл пікірдің мағынасына жақша ішіндегі бүгінгі терминдер арқылы түсіну қиынға соқпайды. Сол кеселдерді талдауға келгенде тасырқап-ақ қалдық.

Мұндағы қазақ халқының бойына біткен мінезі мен психологиясына қатысты пікірлердің сыртқы қабығын сыпырып алсақ, оның астарынан таза экономикалық талдау шығады. Тек бүгінгі терминдердің тілінде сөйлесең жетіп жатыр. Пікірімізді дәлелдеу үшін, яғни "құдықты судың көзіне жеткенше қазу үшін" экономиканың төрт әліппесін бүгінгі ұғымдармен қысқаша қайырмақпыз. Төрт "кеселдің" біріншісі:

"Әуелі: бұл ісімді ол ісімнен асырайын деп артық ісмерлер іздеп жүріп, көріп, біраз істес болып, өнер арттырамын деп, түзден өнер іздемейді. "Осы қолымдағы аз-мұзыма мақтанамын, осы да болады - деп баяғы қазақтың талапсыздығына тартып, жатып алады", - деді Абай.

Бұл – өндірісті дамыту қорын жасамайды, ғылыми-техникалық жаңартуларды енгізбейді – дегенді білдіреді.

"Екінші – ерінбей істей беру керек қой. Бір-екі қара тапса, малға бөге қалған кісімсіп, "маған мал жоқ па? – дегендей қылып, еріншек, жалқау, салғырттық, кербездікке салынады –  дейді.

Бұл – табыс қорын еселеп өсіре бермейді дегенге саяды.

«Үшінші – "дархансың ғой, өнерлісің ғой, шырағым" немесе "ағаке, нең кетеді, осы ғанамды істеп бер! – дегенге ... мақтанып кетіп, пайдасыз алдауға, қу тілге алданып, өзінің уақытын өткізеді»  –  дейді Абай.

Бұл түскен пайданы дұрыс бөлмейді дегенді мегзейді.

"Төртінші – тамыршылдау келеді... Борыш есінен шығып кетіп, олар қысқан күні біреудің малын бұлдап (ақшаға айналдырып) қарызға алады. Оны қылып берейін, мұны қылып берейін деп; сонымен табысы құралмай, борышы асып дауға айналып, адамшылықтан айырылып, қор болып кетеді", - дейді.

Бұл бәрімізге түсінікті, кәдімгі өсімі жоғары, уақыты тығыз несие – кредит қой.

Ал, енді Абайды экономист демей көріңіз. Менің бұл пікіріме, Ақселеу Тарақты ағамыз бен Ғалым Доскен ініміз айызы қанғанша күлді. Асырып айттың деді. Сол күлкіні мен қабылдамадым. Өйткені, Абайдың экономикалық тәуелділік туралы пікірі еріккеннен айтылды деп есептемеймін. Әрине, Абай есеп-шоттың экономисі емес, ол тіршілік заңының, қоғамдық құбылыстардың оқымыстысы. Оған кекесін жүрмейді.

Сонымен, басыбайлы экономикалық қарым-қатынасқа негізделген империялық отарлау құрылымы да жаңағы "төрт кеселдің" кесіріне кесір қосты. Қазақ арасындағы іскер адам деген:

Саудагер тыныш сауда қыла алмай ...

Қолдан беріп, қор болып ала алмай жүрсе, -

көшпелі қауымның экономикасы түгілі өзінің қара басына қарға қарақшы етіп шанышқысы келген патша шенеуніктері: "Қазақтардың өздері қанша ұмтылғанымен қазақтардың көшпелі өмір салтын сақтап қалуы енді мүмкін емес, ал олардың отырықшылануы үшін үкімет қаржы бөлгеннен кейін қазақтардың өткен тұрмыс салтына қайтып оралу мүмкіндігін былай қойғанда, дәл қазіргі тіршілігінің өзін сақтап қала алмайды. Жер басып жүргендерінің сыбағасы сол. Жоғарыда айтылғандарды ескере келіп, ең бірінші қазақтардың өзін жерге орналастыру қажет, содан кейін барып орыстарды енгізген жөн. Жерге қоныстанушыларға арналған мемлекеттік шығынды жұмсауды қоя тұрып, жергілікті тұрғындардың табиғи отырықшылығына жол беру керек. Орыс па, қазақ па, бәрі бір, кімде кім қыр өміріне бейімделсе, сол тұрақтап қалады. Менің өзім түптің түбінде бұл араны орыстар мекендеп қалатынына, ал тірі қалған қазақтар сөзсіз орыстанып құрып кететініне ешқандай күмәнданбаймын. Қазақ даласына қарай бағытталған біздің ішкі саясатымыз дәл осындай нәтиже беруі керек", - деп қазақ халқының келешегін кесіп-пішіп қойды.

Бұл қауіпті "елдің естілері" де білді. Сондықтан да Абай:

Естілер де ісіне қуанбай жүр,

"Ел азды! - деп надандар мұнаймай жүр, -

деп мұңын шақты.

Осындай экономикалық тәуелділікке түсуге мәжбүр еткен тетік – отаршыл билік еді.

Тұрсын Жұртбай

"Күйесің, жүрек... сүйесің" кітабынан