Бір сөзім «Мың бір түннен» оқып көрген,
Өлең қып сол сөзімді айтқым келген.
Болыпты ағайынды екі жігіт,
Бағдатта Мұстапа мен Сапа деген.
Екеуі жетім еді әкесі өлген,
Талаптан, жетімбіз деп, бос жүрмеген.
Тігінші, кестеші еді кіші інісі,
Мұстапа суретшілік ғылым білген.
Екеуі екі айрылмақ қамын жеген,
Бір шетке кетпек болып жұрт көрмеген.
Мал тапқаны бір іздеп таппақ болып,
Серт қылып, бір-біріне уәде берген.
Екеуін екі жақка тағдыр бөлген
Жандар емес қатерден әсте именген.
Шын, Машынға[1] Сапасы кете тұрсын,
Мұстапа Балсураға[2] бұрын келген.
Мұстапа – бойдақ, кедей біраз тұрған,
Кәсібін күннен күнге тәңірі оңғарған.
Аздан соң қатын алып, үй салғызып,
Шаһарда сенімдінің бірі болған.
Пұл құрап, киім түзеп, қарны тойған,
Қағазға өрнек жасап, сурет ойған.
Құдайым кешіктірмей бір ұл беріп,
Молдалар оның атын Әзім қойған.
Бір жасап, екі жасап, Әзім өсті,
Сонан соң медресеге барып түсті.
Аз жылда жақсы ғылым кәсіп етіп,
Жас жігіт жүзі нұрлы, көңілі мас-ты.
Оқудан шыға ұстады ата өнерін,
Асырды атасынан әрбір жерін.
Сол күнде ажал жетіп, Мұстапа өліп,
Жыртық-жетім болмады ол жас өрім.
Атаның харекетін ұстай алды,
Өнері артық шығып, жан таң қалды.
Алушылар көбейіп мұның ісін,
Бұрынғыдан артылып мал құралды.
Бір күні лапкесінде отыр еді,
Торғын тон, алтын кәмәр бір шал келді.
Не қылса бір құрметті адам ғой деп,
Әзім тұрып, иіліп сәлем берді.
Сәлемін алды шал да, амаңдасты,
Қасына жуық келіп жақындасты.
– Жат жердің адамы едім, ей, шырағым,
Не харекет қыласың? – деп сұрасты.
– Жасымнан жетім едім көңілі сынық,
Өнерім артық емес ондай ұлық.
Еңбекпенен көз сүзбей күн көремін,
Харекетім – суретші, бояушылық.
– Мінезің, түсің жақсы надан дерге,
Артық өнер қиын ба талапты ерге?
Тесілген күні бойы сендей жасты
Аяймын өнімі жоқ бұл өнерге!
Бұл сөзге Әзім тұрып ашуланды,
– Тұрпайы сөйлейсіз, – деп қарай қалды.
Атамның харекетін қорлама, бай,
Аш емен, болмасам да сендей малды.
– Қорламаймын һәм, балам, зорламаймын,
Тесілген күні бойы сені аяймын.
Химия ғылымын білуші ем, үйретер ем,
Мысты алтын жасаушы ем, алдамаймын.
Шын өнерге қайтер ең көзің жетсе?
Әркімге жарамайды мұны үйретсе.
Өзі үлкен, өзі оңай, артық, өнер,
Аз жұмыспен көп алтьш хасил[3] етсе.
Мен дағы жүргенім жоқ малдан күсіп,
Айттым, балам, басыңа мейірім түсіп.
Ертең ерте мысыңмен дайын болып,
Көңіліңнің дәркүмәнін алшы шешіп.
Әуелі хақтығына жетсін көзің,
Серт қылдым ғой үйретпек болып өзім.
Ертең ерте сол жерден табыспаққа
Екеуі уәде байлап, қойды сөзін.
Шал кетті, аң-таң бала үйге қайтты,
Көргенін анасына келіп айтты.
Химия ғылымы бар дейтін, сүйтсе дағы
Анасы басын шайқап, ішін тартты.
– Апар да бақырды алдына сал,
Алтын болса, болады бір талай мал.
Жалғызым, не қылсаң да сақ болып жүр,
Жәдігөй боп жүрмесін антұрған шал.
Бала айтты: – Тәңірім кақса, пенде не етер,
Жалған болса, білінер, қор боп кетер.
Шын болып, уәдеге бармай қалсақ,
Ғапылдықтан айрылған ызасы өтер.
Не қылса, сол күн бала шала ұйқтады,
Өтірік, расын ойланып таба алмады.
Мыс бақырын қолына алды дағы
Лапкеге күндегіден ерте барды.
Шал дағы дереу дайын бола қалды,
Бір дорбадан көмір мен көрік алды.
Екеуі сәлемдесіп болғаннан соң:
– Мысың қайда, балам? – деп дігір салды.
Мыс бақырды сындырды талқан қылып,
Көмірге салды мысты, дүкен құрып.
Мыс былқылдап еріген кезінде шал
Шөншіктен[4] ұсаққара алды қырып.
Алды да, ол дәрісін мысқа салды,
Былқылдаған бұрқылдап мыс шайқалды.
Бір нәрсемен азырақ бұлғалақтап,
Алтын қып суынған соң қолына алды.
Алтынын алып берді қолындағы:
–Сарапқа сал, бар дағы шаһарындағы
Алтын емес деп біреу айтса, балам,
Алдамшы, амалым жоқ, болдым дағы.
Алтынды ал да, көрсет жұртқа апарып,
Менің сөзім шын болса тәңірі оңғарып,
Сонау бақша ішінен табылармын,
Егер мені іздесең көңіліңе алып.
Әзім ұшты алтынды ала салып,
Не байларға көрсетті мұны апарып.
— Самородный сары алтын екен ғой, – деп,
Кім көрсе, сол айтады аң-таң қалып.
Үш мың үш жүз ділдаға кетті сатып,
Шешесіне ап келді таңырқатып.
Шешесі: – Сол кісіні шақыр! – деді,
–Кетсін, – деп, – үйімізден дәм-тұз татып.
Бағанағы бақшаға Әзім келді,
Жолыкты шал да, сонда отыр еді.
– Ей, ата, қылған ісің рас екен,
Қонақ боп, біздің үйден дәм тат, – деді.
Қос уыс ділдә берді Әзімге шал:
– Сенің ортақ малың, – деп, – мендегі мал,
Шешілісіп, сырласып отыралық,
Әртүрлі қымбат баға ішкілік ал.
Сырлассақ, сұхбаттассақ, аулақ артық,
Нашалы боламыз ғой сөйлеп шалқып.
Ананды да бір жерге жібер, балам,
Сырымды үйрете алман бойым тартып.
Күн батпай биттей алаң болма бізге,
Қас қарая келермін мен де сізге.
Ішу, жеу арасында сөйлер сөз көп,
Ол үйде жан болмасын сенен өзге!
Әзім кезді базарды аз тентіреп,
Әртүрлі ішкілікті алды күреп.
Алтынды көргеннен соң, анасы да
Кетті көрші үйіне, сеніңкіреп.
Арақ, жеміс — әртүрлі нығмат[5] дайын,
Қуанды алтын қолға кірген сайын.
Үйіне бөтен жалғыз жанды қоймай,
Оңаша безендіріп тұрды жайын.
Көз байлана сып етіп шал да келді,
Әзім де есік ашты, дайын еді.
Әзімді баласына балағандай,
Жайнандап жарқын жүзбен үйге кірді.
Шал кіріп үйді тегіс аралады,
Бір Әзімнен басқа жан таба алмады.
Біратола пейілді беріп алған,
Әзім де бұл қылықты шам алмады.
Хош уақытсып сөйледі шал барқылдап,
Қол қусырып Әзім тұр, сөзін тындап.
Асын жеп, қолын жуып болғаннан соң,
Әпкел деп ішкілікті қойды ымдап.
Бар іс қой әуелден-ақ ел салтында,
Орыс, неміс болса да, кай халқың да.
Пайда деп тән саулыққа ішетұғын.
Миуадан тарткан хәмір[6] ас артында.
Подноска бөтелкемен арақ толды,
Бір-екі жақсы үремке дайын болды.
Жоқтан барды сөйлесіп, сауқым салып,
Алысты пияланы онды-солды.
Жайма шуақ сұм шалдың іші мықты,
Алғашқы ішкен Әзімге тез-ақ шықты.
Бір аяқ қолдан қолға дегенсініп,
Жәдігөй стаканға дәру тықты.
Онысы түн ортасы болған заман,
Сұм екен талай жанды әуре қылған.
Дәрі қоскан аяқты ішкеннен соң,
Әзім барып жығылды шалқасынан.
Сонда шал терезеден бір ысқырды,
Төрт жігіт табыт алған үйге кірді.
Әзімді сол табытқа салды дағы,
Төртеуі көтеріп ап тысқа жүрді.
Әзімді мас қып алып, шал кенелді,
Есікті жабамын деп аз бөгелді.
Артын жым-жырт қылды да, антұрған шал
Төртеуін ертіп алып, тез жөнелді.
Теңіздің жағасында қалың қамыс,
Ішінде бір кеме бар шалға таныс.
Әзімді сол кемеге салды дағы,
Тұмсығын бұрып алды шетке шалыс.
Қасында жиырма-отыз жолдасы бар,
Қаладан таң атқанша кетіп алыс.
Ел тұрды, ертең кемпір үйге кірді.
Бала жазым болғанын іші білді.
Зар ұрды, ойбай салды, не бітірсін,
Тұра тұр, өзге-жайын сұрама енді.
Әзім есін жиыпты ертең түсте,
Өз басын көрді хауіп-қатер істе.
Қол-аяғы байлаулы жатыр жалғыз,
Темір шеттік қапас боп тұрды үсте.
Ырғалып орнынан ол әрең тұрды,
Түрегеліп антұрған шалды көрді.
– Ақсақал адам мұндай қыла ма екен,
Анамнан мені айырып бұл нең? – деді.
– Көзінді аш, есінді жи, енді ойнама,
Мені сен өз діндесім деп ойлама!
Мен отқа шоқынамын, дініме көн,
Менде бардың бәрінен хауіп ойлама!
Егерде көнбей қалсаң, наданшылық,
Әр күні сізге дайын бір жүз шыбық.
Мың жаның болса дағы құтылмайсың,
Табылмас енді менен майда қылық.
Бала айтты: – Дінім үшін жаным құрбан,
Жаннан қорқып, отыңа мен бас ұрман.
Дінім хақ, ісім ақпын, өлсем шәйіт,
Қорқады деп үмітті үз сен антұрған.
Баланың бар киімін шешіп алды,
Жүз қамшы арқасына дүре салды.
Қыңқ етіп бір дыбысты шығармады,
Азырақ талмаусырап, нашарланды.
Мұнысын жаратпады, қадір сұбхан[7],
Көк бұзылып, жер жүзі болды топан.
Байлаулы бала жайға қала берді,
Кемемен әуре болды көп антұрған.
Түн бойы ұйқтамады бір де мызғап,
Су сарылдап құйылды кемені ырғап.
Отыз құлы таусылды табанынан,
Су төгіп тан атқанша ол сарпылдап.
Отыз құл ақылдасты басты қосып,
Өлеміз деп ойлады жаннан шошып.
Бір шеттен бір жағаға келе жатқан
Кәрі иттің ұстай алды алдын тосып.
– Ақсақал, іс қыласыз ойланбастан,
Жаннан қорқып қашпаушы ек қара тастан.
Құдай сүймей бұл істі бізге салды,
Қолын шеш, ризалық ал мына жастан.
Қолын шеш, ризалық ал, кісенді бұз,
Шапшаң айт, көнесің бе, уақыт тығыз.
Бұл сөзге көнбей қалсаң, ақыр өлдік,
Сені суға тастаймыз отызымыз!
Сонда шал мына сөзге аң-таң қалды,
Не қыларын біле алмай, аз ойланды.
Пішінін отызының байқаған соң,
Баланың қол-аяғын шешіп алды.
Мойнынан шырағым деп құшақтайды,
Көзінің ағып жасы, бұршақтайды.
– Шырағым, мастықпенен қылыппын, – деп,
Әуелгі сөзден танып және алдайды.
Әзім жас, ақ пейілдеу адам еді,
Ойлады: өтірік болса неге именді.
Мастықпен қылса қылған шығар-ау деп,
Іс көрмеген жастықпен және сенді.
– Мастықпен қылған болсаң, кештім саған.
Кәрі ит те: – Шырағым, – деп арсандаған.
Жел тынып, күн айығып баяғыдай,
Хикметімен тоқтатты бір жасаған.
Баланы сыйлап жатыр, тамақ қамдап,
Су төккісіз жорға боп шал жылмандап.
Отыз құл мынау тек жан емес қой деп,
Әлінше қызметінде жүр тырбандап. Б
ір мезгілде шал айтты: – Балам, тоқта,
Мысты алтын қылатын дәрі осы жақта.
Алыс емес, аз күндік жакын жерде,
Болмай ма молықтырып ап қайтсақ та?
Бала айтты: – Өзің біл! – деп бұл сөзіне,
Шал куанды тиген соң ерік өзіне.
Төбесінен тік тұрып қылды қызмет,
Титтей шәргез келмейді мінезіне.
Сып етіп бір жағаға келді жетіп,
Шал жөнелді, баланы касына ертіп.
Бір барабан тұр екен, кағып еді,
Қамады желмаялар дүбірлетіп.
Үш желмая ұстады жорығына,
Бірінің азық артты қомдығына.
Екеуіне ер ерттеп мініп алып,
Барабанды қалдырды орынына.
Желмаялар келеді желдей есіп,
Сұм шалдың бір тарапты көзі тесіп.
ІІІал айтады балаға: – Көрдің бе – деп,
– Бұлт тұр бұлдыраған елендесіп?
Ол өзі – бұлт емес, Қаптың тауы,
Бір бөлек үлкен таудың бергі бауры.
Бергі таудың басында сол дәрі бар,
Қырандай ап кайтармыз жібек баулы.
Түні бойы жүріпті, болды сәске,
Көрінді жарқыраған үйдей нәсте.
– Бұл не? – деп сұрап еді, тұра кашты,
Биттей аял қылмады кәпір әсте.
– Бұл не, – деп тағы да айтты Әзім сорлы,
Қашқаның не қылғаның мұнша ғұрлы?
– Шырағым, мұның өзі қатерлі жер,
Бір қаскөй жәдігей дәудің орны.
Соны айтты да, шал сабап жүре берді,
Бір өзен жатыр екен, соны өрледі.
Өзенді өрлегеннен бір айрылмай,
Дәл бесінде ұшыртып тауға келді.
Келді де бір жартасқа түсе қалды,
Азық артқан маяны жарып салды.
Ішін жарып, іштегі ішек-қарнын,
Өкпе-баурын тазалап, бәрін алды.
Сонда шал Әзімге арқан, қанжар берді:
– Маяның ішіне еніп, сен жат!- деді,
– Ішін тігіп, мен кетіп, жасырынам,
Тау басында самұрық бізді көрді.
Бұл жерге мен кеткен соң самұрық келер,
Маяны іліп алып, биікке өрлер.
Бір жерге қонғаннан соң жар дағы шық,
Именіп адамзаттан ұшып кетер.
Тау басында бар қара ұсақ топырақ,
Капқа толтыр кешікпей жылдамырақ.
Қап толған соң арқанға байлап жібер,
Саспай шешіп алғанша тоқта бірақ.
Сонан соң арканынды тасқа байла,
Түсетұғын ыңғайлы жерді сайла.
Арқаннан ұста дағы түс сырғанап,
Жарамайды қылмасақ сүйтіп айла.
Қап алды, қанжар алды сонда Әзім,
Сөзінің ұқты бәрін қылмай жазым.
– Шырағым, айтқанымды жаңылма, – деп,
Барынша қылып жатыр шал да тағзым.
Әзім де бөгелмеді бойын тежеп,
Талабы, тәуекелі сондай-ақ көп.
Тәңірінің бір жазғаны екі болмас,
Маяның ішіне енді тәуекел деп.
Маяның кетіп қалды ішін тігіп,
Шалекең жасырынды талға кіріп.
Аспаннан самұрық келіп, іліп алып,
Қайқайып кайта шықты бір-ақ ырғып.
Маяны самұрық қонды тасқа апарып,
Ер Әзім шыға келді ішін жарып.
Адамзатты көрген соң бұдан шошьш,
Отырды самұрық кұс аулақ барып.
Жалтаңдап Әзім шықты тау басына,
Тапты топырақ, толтырды дорбасына.
Қап толған соң арқанға мыктап байлап,
Тау басынан жіберді атасына.
Жіберді әлгі қапты жерге атып,
Антұрған шал дәулетке қалды батып.
Қап жерге түскеннен соң дінсіз кәпір
Арқанды алып кетті жұла тартып.
Айрылып арқанынан Әзім қалды:
Арқанды неге алдың! – деп айғай салды.
– Талайды осы тауға тастағанмын,
Соның бірі болдың, – деп кете барды.
Сұм шалдың дінсіздігін сонда білді,
Қарамай, бір қайрылмай, жүре берді.
Кәпірдің қайрылмасын білгеннен соң,
Жүгіріп жалтыр тастан жол іздеді.
Көрді, білді ол таста жолдың жоғын,
Сонан соң қамдап бақты қарны тоғын.
Азырақ жеміс тауып жеді дағы,
Көрмекке жата кетті хақ бұйрығын.
Күн де батты, бір жерге Әзім жатты,
Күн батқан соң жан-жағы салдыр кақты.
Қараса қаптап жүрген бәрі айдаһар,
Сонда да біраз жатып ұйктап қапты.
Ұйқтап кетіп, шошынып тез оянды.
Жұткалы көрді келген айдаһарды.
Не де болса тәуекел қылды дағы,
Қанжармен қақбасынан шауып қалды.
Өзі де бір тарапка ыршып кетті,
Бір биік ағаш көрген, соған жетті.
Биік жерде болайын деді дағы,
Сол түні ағаш басын мекен етті.
Әр-бері жатты дағы, ұйқтап қалды,
Шаршаған ғой, күн шыға зорға оянды.
Қараса басқа айдаһар жоғалыпты,
Өзі шапқан таныды айдаһарды.
Ойлады: «Тірі болса кетпес пе еді?»
«Өлген ғой мына айдаһар»,– деп ойлады.
Ағаштан түсе қалып айдаһарға,
Қолына қанжар алып, жетіп барды.
Көрді, білді айдаһар тірі емесін,
Тәңірі ұзын жаратқан сом денесін.
Қанжармен таспадай қып тіліп алып,
Аз уқалап кептірді жон терісін.
Жалғап-жалғап, бір ұзын арқан етті,
Ер Әзім осылайша талап етті.
Бір ұшын тасқа байлап жібергенде,
Түсетұғын орнына әбден жетті.
Ер Әзім тәуекел қып жаннан күсіп,
Арканнан ұстады да, кетті түсіп.
Қарақат жеп, мойыл жеп, судан ішіп,
Өзенді қулады да, жүгірді ұшып.
Үш қонып, төртінші күн белден асты,
Ол күні алтынды үйге душарласты.
Тау басынан түсірген тәуекелмен
Сол үйге кірмек болып қадам басты.
Қақпадан кірді ішкері қадам басып,
Бір үйінен өрледі бір үйге асып.
Тілдесерге еш адам жолықпады,
Төрдегі үйге кірді есік ашып.
Екі сұлу қыз отыр төрдегі үйде,
Ондай сұлу көрген жоқ бүтін елде.
Екі қыз шатраш ойнап, білмей қалды,
Кірді де, тұра қалды орта жерде.
Екі қыз мұны көрді бас көтеріп,
Адамзатка таңырқап, тұрды елеріп.
– Ей, жігіт, түсің жақсы жан екенсің,
Жүр едін жәдігөйге не қып еріп?
Сөйледі Әзім дағы аянбай-ақ:
– Мен ғаріп бишарамын жүрген саяқ.
Әуелде өзі көрген бар қысаны
Сөйледі бірін қоймай бастан-аяқ.
Екі қыз естіп білді Әзім жайын,
Есіркеп, мүсіркейді айткан сайын.
Сен бізге бауыр болып, тұр осында,
Не керектің қылалық бәрін дайын.
– Құп болсын, олай болса, апаларым!
Дүниенің тартып жүрмін жапаларын.
Сағынсам, өз еліме жеткізе ме,
Айтсаңыз, мархаматты аталарың?
Көңілді бос суытпа біздей қыздан,
Сізге уәде біздерге тәңірі айтқызған.
Шыдағанша шыдап бақ қасымызда,
Қайтпағың келер біздің қолымыздан.
Сені біз жар етпейміз, бауыр еттік,
Достықпен жүрек еріп тәуір еттік:
Түбінде сен тұра алмас болсаң мұнда,
Еліңе жеткізуге біз де жеттік.
Құп болады десті де, серт байласты,
Қатты-қатты айтысып уәделесті.
Көңілінде қара жоқ, ақ ниетпен
Тым жақын дос болуға ыңғайласты.
Күн жаңғырып, бойына куат енген,
Алтынды үйдің ішінде еркеленген.
– Жан-жағын қалай сайран қылсаң еркің,
Жалғыз-ақ бір есікке кірме, – деген.
Екі қыз кетіп бір күн, қалды Әзім,
Салған жоқ қыздар оның көңліне ажым.
Тал түсте бағанағы кірме деген
Есікке кіріп кетті – бар ма лажың?
Кірсе, аржағы дөңгелек қалың ағаш,
Ішінде бір хауыз бар, ернеуі тас.
Бұлбұл сайрап, миуасы салбырап тұр,
Салтанатын түгендеп айтып болмас.
Тас ернеуі – меруерт, ол көрінген,
Кеткісі келмес жанның мұны көрген.
Ер Әзім тамашалап қарап тұрса,
Бір түрлі таңғажайып құстар келген.
(Аяғы бітпей қалған)
***
[1] Шын, Машын — Шығыс мемлекеттерінін аттары. Шин — Қытай, ічин — Тай елі.
[2] Балсура — қаланың аты.
[3] Хасил (арабша) — пайда, өнім.
[4] Шөншік — дорба (көне сөз).
[5] Нығмат (арабша)— тағам, дәулет, байлық.
[6]Хөмір (арабша) — шарап.
[7] Сұбхан (арабша) — алланың есімінің бірі. Бұл жерде құдайым деген мағынада.