ұлы ойшылдың өмірі мен шығармашылығына арналған онлайн-энциклопедия

КҮЛІМСІРЕП АСПАН ТҰР

Оқылған 46031 рет

Күлімсіреп аспан тұр,

Жерге ойлантып әрнені.

Бір себепсіз қайғы құр,

Баса ма екен бендені?

 

Қапамын мен, қапамын,

Қуаныш жоқ көңлімде,

Қайғырамын жатамын,

Нені іздеймін өмірде?

 

Қайтты ма көңіл бетімнен,

Яки бір қапыл қалды ма?

Өткен күйге өкінбен.

Әм үміт жоқ алдымда.

 

Іздегенім тәтті ұйқы,

Дүниені ұмытып.

Өлімнің суық дым сиқы,

Тұрсын өмір жылытып.

 

Көз ұйқыда, ой тыныш,

Дем алып жатсын көкірек.

Кім таласса, кім ұрсып,

Көрссм оны — сол керек.

 

Өзім аулақ бетінен,

Бір орында оңаша,

Дүние деген не деген —

Қыла жатсам тамаша.

 

Мансап іздер, мал қуар,

Бәрі мақтан іздеген.

Мақтанынан не туар,

Ыза қылып өзгеден.