(А. С. Пушкиннен)
Құп білемін, сізге жақпас
Ескі жара білтелеу.
Ақ жүрегің енді ұнатпас,
Мезгілі жоқ қай медеу?
Ықтиярсыз мұңды сезім
Кетті ыршып жолыңа.
Мазағыңа бердім өзім,
Өз басымды қолыңа.
Өлі бойға жан жүгірді,
Қайратым құрыш болды, нан.
Мұз жүрегім май сықылды
Еріп, от боп күйді жан.
Қор қылуға құдіреттен,
Жүрегіме түсті өрт.
Тайды аяғым ескі серттен,
Түсті емсіз қатты дерт.
Масқаралап мені тағдыр
Қылды мазақ, не шара?
Менің үшін сен жауап бер,
Менде сөз жоқ, бишара.
Михрабым1 сен, бас ұрамын,
Тіл жете алмас ғүзіріме2
Жетпедім, не жасырамын,
Гауһарымның қадіріне.
Сен – ағашта піскен алма,
Әзір едің, алмадым.
Құп кіріптар қылды алла,
Әлде мені қарғадың?
Он сегіз мың бұл ғаламның
Бар тынысы күнде тұр.
Мен сықылды сорлы адамның
Ықтияры сенде түр.
Сен бетіңді әрі бұрсаң,
Шықты көзім, болды көр.
Жанды аларсың разы болсаң,
Біздің орын – қара жер.
Тәңірі добы – бұл ғаріп бас,
Кетті амалсыз қорлама!
Қайта қақты, қайла болмас,
Келді, түсті ордаңа.
Ақылы бар, ықтиярлы,
Пенде теппес өз жарын.
Ерік иеде, пенде зарлы,
Не білер не боларын?
Сорлы адаммын жер жүзінде,
Бір қуаныш көрмедім.
Не қыласың, ерік өзіңде,
Қайғысы асқан шерлі едім.
Менің өмірім таянып тұр,
Үзілуге әм жаным.
Ақ жүзіңді бір көріп құр,
Өлсе болмас арманым.
Күні ертең бір көрінсең
Сорлы асықтың көзіне.
Тәңірі үшін шапқатыңмен
Нан ғаріптің сөзіне!
Не болайын, тез болайын,
Ақ жүзіңді көрейін.
Бар ма өмірім, қармалайын
Жоқ болса мен өлейін.
Қорғалап құр өтпе өмір бос,
Тағдырыңа қарсы бар.
Бір өзіңнен басқа бір дос
Таппасаң өл, жүрме зар.
1. Михраб (арабша) —мешіттің төріндегі молда тұратын құбылаға қараған орын. Бұл арада қасиетті орын мағынасында.
2. Ғазір, ғүзір (арабша) – бір істі істеуге мүмкіндік бермеген себеп мағынасында.
|
||