Жәди ШӘКЕНҰЛЫ: АБАЙ ШҮҢЕТІ

Абай шүңеті – таяз сананың ермегі емес. Түп төркіні ақылгөй әже мен дана әкені, халықтың қазыналы әдебиетін мәйек еткен, өрісін орыспен кеңейтіп, шығыспен шыңаған Құнанбай баласының құнын кім білер?!

Көкіректі айырып бұлайынан күрсінсек, сол баяғы Абайдың күйіндей тауымыз шағылып таусылармыз, күбірлеп күйзелерміз. Одан не шығады? Мұңнан, сана тұманынан айығу үшін, самсыз көктен тұнық айдың тумасын іздейміз. Табармыз, таппаспыз: «желсіз түнде жарық ай...» деп тереңнен толқығымыз келеді. Толқи алмасақ, тобықтан аспаспыз.

«Моласындай бақсының...»

«Моласындай бақсының,

Жалғыз қалдым тап шыным».

Өлеңнің мәні не? Білгіш қазақтың қай баласы болсын маңыратады: «Абай жалғыз қалған, керек болса жан жалғыздығы емес, рухани жалғыздық. Құлазыған, жұрттан оқшау қалып, мұсылмандар зиратына көппен бірге жерленбейтін бақсының басындағы қыл қобыздың сынығындай сыңсып, мұңмен түгесілгені шығар» деп. «Олай емес!» деймін мен. Тыңдағысы келмейтін кереңдер естір, естімес. Естісе де естігісі келмейтіндер де бар, сабырлының сарқытын ішкендей әлпетпен қарағансиды. Бірақ екінің бірі елеңдей қалады:

– Неге, неге? – деп, Оразбайдың досындай одырая бас көтереді. Білгісі келген жүрек – исінген ойдың сауыншысы. Алайда мына қарасынан ағы молаңырақ жанардың айбатынан ат үркерлік, мысқыл, суық сұрақ, күдікшіл күбірдің салқыны бар. Ой сауушының емес, мазасыз масақшының мардымсыз бұлқынысымен бүйрегі бүлкілдеп, санасында сайтан билейді. Маған емес, көлеңкесіне де сол көзбен қарайды. Ендеше, ішіме жиған мол ауаны соза шығарып, тағы да ежіктеуіме тура келеді, былай:

– Абай Құранды (Алла сөзін), хадисті (пайғамбар сөзін) жаттап өскен дала данышпаны бола тұра жалаңаш өлеңге неге үйір болсын! Ал, жалаңаш емес киімді, киімі емес, суы тұнық, сүйегі асыл көненің көзі емес, сөзі болған сұңқары ойды тұғырына қондыра білген тума талант иесінің жұмбақсыз күні болған ба еді?!

«...Екі күймек, бір жанға әділет пе,

Қаны қара бір жанмын, жаны жара», – деген Абай, осы сөзімді қор қылып бұл дүниеде бір күйсем, күпірлікке күпті болып арғы дүниеде тағы күймеймін бе?» дейді ғой. Сондықтан да:

 «Жүрегімнің түбіне терең бойла,

Мен бір жұмбақ адаммын, оны да ойла», – дегенді мен емес, сол мың батпандап айтты.

Жаратылыстың бағзы ықылым заманында барлық білім-ғылым, өнер, білмек атаулыны түгелімен меңгерген Ібіліс Алланың кеңшілігімен бір мезет періштелер арасында болғаны бар. Онда оның аса сұңғыла, білгір, дара тірлік иесі екеніне баршасы да бас ұрарлық құрметте еді. Адам атаның жаралуы ішіне шоқ салған ол Алланың дарғайына иілгісі келмей, менмендікке бой алдырды. Ішіндегі білімі, өнері көзіне тұман үйіріп, Хаққа қарсы тұрғысы келетін пиғыл аңдатты. Сөйтіп, өзіндегі бары өзегіне ұйып адасты, тулады, қамықты, өршеленді, елеуреді, ешкімге ырық бергісі келмеді. Көкірегіне көмілген шоқ «бәрін білемін, білерім көп» деп көпіртті. Осы орайда адамға жауығып, жұмақ жемісін үздіріп, оны жерге қуғызуға дейін барды. Алланың кәріне жолығып Адаммен бірге өзі де қуылды. Білгенінің көптігіне мастанып білермендіктің, менмендіктің кесіріне ұшырады. Абайдың қорқынышы да осы. «Мен оқыдым, тоқыдым. Қазақ білмегенді білдім. Тіпті «адамның баласы бол» деп адамзат биігінен сөз айтпақ болдым. Құран ғана емес, Інжіл, Таурат, Забурмен де таныстым. Қазақты, молланы, тіпті ақындарды сөктім, сынадым, айыбын айттым, шенді-шекпенділерге жақпадым. Осы мен өзімнен басқаны бойыма тоғытпай, аса білермендікке бет бұрып, Ібілістің күйін кешіп жүрген жоқпын ба!?» деп, Абай айналасына қарады. Ешкімді көрмеді.

Өзін бейне асқар таудағыдай биікте сезінді. Абай айналасына қарап, көпті көрді – тобыр санады. Осылайша, қоймасына қордаланған білім оқшаулады. Жалғыздықтың күйзелісіне жан үрейі, ішкі дауысының алапат өрті қосылды. Тұтанған білте өзегіне от болып ойнаған сайын жалынына шыжғырылып құлазу, қорқыныш сезімдерімен арпалысты. Көз алдына Ібіліс пен Ибрахим бейнесі қатар келіп, шілдеде қалтырады, қаңтарда терледі. Соқа басы сопиды.

«Моласындай бақсының, жалғыз қалдым – дәп шыным», – деп күңіренді.

Абай өмірінің ең толғақты шағы «пайғамбарлық жасынан» асқан 1886 жыл десек, еш қателеспейпіз. Пайғамбарлық жас – бәз біреулердің алдамшы үмітіне үкілеп жүрген «63» жас емес. Мұхаммедке (с.ғ.с) пайғамбарлық түскен «40»-тан «41»-ге қараған шағы. Есті адамдарға алды-арты тең көрінетін асқаралы кезең. Біздің кейіпкеріміздің де санасына сан сұрақ ұялап, қыл көпірдегідей қиналған сәті. Абай қырық төрт жасқа келгенде «бақсының моласының» сыртына сүйеп қойылған қобыздың сұңқылы сүйегін сырқыратты. Жапан далада жалғыз ұйықтап жатқан жолаушының шошып оянғанындай жан-жағына қарап, суынған дүниенің сұрқай бейнесін аңдады.

Абайдың ескі жұрты һәм кінәратты кітаптар

Ал енді бір сәт тағы да көңілдің көшін Абайдың ескі жұртына бұрайық.

Мен абайтанушы емеспін, бала күнімнен әкемнің аузынан Абайды сырттай танимын. Бүгін де  қатты біліп қарық қылғаным шамалы. Абайды оқыған сайын жете алмаған таяздығым бірден байқалып, шылдырлақ күй кешемін. Шапанын иығына желбегей тастай салып, Абай жайында ақтарылып отырған сақалды, сақалсыз данышпандардың біразына жаным ашиды. Жаным ашитыны – ол (әлгі «данышпан») лирик ақын емес, ол бүкіл дін түгілі исламды дұрыс білмейді. Ол ақсүйек тұқымынан емес. Айта берсең кеп құрсақ, қара сирақ. Шыптасына шыбын қонбаған, атасы ту бие соймаған, ботасы тұтам қазы жемеген. Қойшы әйтеуір, даналықтың талай қыраны Абайдың басына келіп балалап жатса, ана шіркіндерден соның біреуі байқалса-ақ Абайды білетін, танитын болып шығады, көсіле сөйлейді, көбіктей сапырады. Абайдың базарын арзаннан іздейді.

Кешіріңіз, Абай, Абай деп жүріп біраз жерге бардық, наз ақтардық. Әмісе айтарым тағы бар.

Бірде қолыма Абайдың ескі кітабы түсті. Өлеңдер, қара сөздер, сарғайған, тозған, жұлым-жұлымы шыққан. Мен де жұлмаладым. Кітаптың аты «Абай Құнанбаев». Әбіш Жиреншиннің алғы сөзімен ашылған. Жинақ біршама құнттаумен, Кеңес Одағының керемет тұсында жақсы дайындықпен жарық көргендей. Жылдары, баспасы жыртылып қалыпты. Көп өлеңдер, қара сөздер алғашқы түп нұсқаларға жақын, жылы сезіледі.

Шапқылап отырып аталған кітаптың 463-464-бетіндегі отыз екінші қара сөзіне келгенде іркіліп қалдым. «Бірінші», «екінші», «үшінші» деп келетін түсіндірмеден соң, бірден «бесіншіге» секіреді. Жоғымды басқа кітаптан таптым.

«Төртінші – білім, ғылымды көбейтуге екі қару бар,  адамның ішінде: бірі – мұлахаза қылу, екіншісі – берік мұхафаза қылу» бұл екі қуатты зорайту жаһатінде болу керек. Бұлар зораймай, ғылым зораймайды». Осы жолдар кітапта ізім-ғайып жоқ! Және де осы қара сөздегі «қайтып құрмет күтсін!» деген жол кейінгі нұсқаларда «қайтып құрмет күтесің» болып жүр. Мұндай аусай өзгерген сөздер өте көп, құрттай қуаласаң талай жерден табылады.

Сонан, шаршап, «үһ» деп бір тыныстап алып, алдымда жатқан 8-сыныптың «Қазақ әдебиеті» (С.Мақпырұлы, А.Қыраубайқызы, К.Құрманбай) оқулығына үңілдім. 63-бетінен Абайды тауып, 65-бетінен «Өлең – сөздің патшасын...» оқыдым. Бұл өлеңнің 15 шумақтан тұратынын жұрттың бәрі біледі. Мұнда 13 шумақ, 3-4-шумақтар түсіп қалған. Енді қайттім, Абайдың өлеңін редакциялаппыз, «бетті бастым, қатты састым, тұра қаштым жалма-жан».

Ойдан ойға кеттім. Онан ойға да қырға да кеттім, лақтым. Есіме абайтанушы Алмахан Мұхаметқалиқызының: «Абайдың көп өлеңдері, сөздері әуелгі нұсқадан өзгертіліп пайдаланып жүр. Айталық, көне араб үлгісіндегі жазуды танып оқудағы сауаттың кемдігінен «махаббатсыз дүние дос»  дегені «махаббатсыз дүние бос» болып оқылып, қате қолданып жүр. Ұмытпасам, Қайым Мұхаметхан ағамызда солай деген екен» дегені ойыма оралды.

Рас-ау, біз «махаббатсыз дүние бос» деп адамдар арасындағы ыстық сезімнің қайнарын айтқанына балап, осы махаббат болмаса дүние бос қалмай ма деген бағасыз уәжге бағындық. Шынында, ең ұлы махаббаттың Алламен өлшенетінін еске алсақ, әуелі Аллаға деген, онан кейін адам баласына деген жанмен өлшенетін махаббат болуы керек емес пе? Егер мұндай махаббатың болмаса «дүние – боқтың қабы, боқ домалатқан қоңыздан» айырмаң жоқ, дүние қуасың, дүниеге ғана дос боласың. Сол үшін Абай қайталай қадағалап:

«Махабатпен жаратқан адамзатты,

Сенде сүй Ол Алланы жаннан тәтті.

Адамзаттың бәрін сүй бауырым деп,

Және Хақ жолы осы деп әділетті» деген жоқ па!?

Абай әлемін шарлап, оқулықтарға қайта қайырылдым. 5-сыныптан 11-сыныпқа дейін әдебиет оқулығының бәрінде Абай бар, бірақ қатар қойып қарасаңыз, бірізділік жоқ. 5-сыныпта Абайға қай жағынан келу керек, 10-11-сыныптарда ше? Жас ерекшелігімен сәйкесетін үндестік жоқтың қасы. Тіпті кейде өмірдерегін қайталай береді. Одан қалса орта мектептің жоғары сыныптарында «Абайтану» пәні бар. Осы пән оқулықпен қаншалықты қабысады, қабыспайды – қазірше бұған бас қатырғандар жоқ секілді. Қайта қаузауды қажетсінетін тақырыптар.

Мен ойладым: егер абайтанушы ғалым болып, Абайдың ең алғашқы жарық көрген кітаптары мен қолжазбаларын тауып, оны бүгінгі оқушы айналымындағы Абай әдебиетімен салыстырсақ, қаншалық шикілік шығар екен деп. Жоғарыда біраз дүмбілез дүниенің шекесі жылтиды ғой.

«Қалың елім, қазағым, қайран жұртым» деп Абайды қақсатқан да, мұрасына мұрынның ұшымен қарап ақсатқан да қазақ екенін білгенде жеке куәлігіңдегі «қазақ» деген атауға қаймыға қарайсың.

Абай қазақты неге жек көрді?

«Абай қазақты неге жек көрді?» десек, оқыған екі қазақтың бірі: «жоқ, ол жек көрмеді, жақсы көргенінен солай етті» деп шоршып түседі. Керек десеңіз, «орыстың Пушкині де солай болған» деген пәтуәсімен көп оқығандығын көрсетуге тырысады.

Жалпы мұсылманшылық бойынша сөгу, айыбын бетіне басудан көрі, түзелуден үміт күту, болашаққа шуақты жанармен қарау көбірек дәріптеледі. Ендеше, Хақты езіліп сүйген Абайдың қазақты езіліп сүйе тұра, оның болашағынан пәлендей үміттебегендік танытып суынуының себебі не болды екен?

Осы арада арғы қазақ емес, бергі – осы заманғы қазаққа қарасақ, "мүбәда, Абай тіріліп келіп бұ қазақты көрсе, танысса, таныса не дер еді?" деген ой туады.

Қиын сұрақ! Себебі, Абайды түңілдірген «баяғы жартас – бір жартас» әлі сол қалпында мелшие сұрланып тұрғандай. Бұ қазақ – екі үйекке бөлінген (иә баяғыда да солай шығар). Бай және кедей. Осы бай және кедей ары қарай да тағы екіге бөлінген: қала қазағы, қыр қазағы. Одан ары қала қазағы да әлденеше түрге бөлінеді. Билік жағалаған, жалақысы жақсы ақ жағалылар; мемлекеттік мекемеде істегенімен жалақысы мардымды емес, төменгі қызметкерлер, қалтасы тоқ кәсіпкерлер, қалтасы жұқа базаршылар, құрылысшылар, тазалықшылар, т.б. Бұлар өмір сүру ортасына қарай екі топқа бөлінеді. Үйі барлар және пәтер жалдаушылар.

Ал, ауыл қазағына келсек, олар да көп түрлі – ауыл әкімшілігі, медицина бөлімшесі, мектеп, сақшы, балабақша сынды мемлекеттік мекемелердегі қызметкерлер; одан кейін жеке кәсіпкерлер, ауылда тұрып қаладан нәпақасын көретіндер, күндеме (күнделікті көтерме) жұмыспен нан табушылар, зейнетақыға ғана сүйеніп қалт-құлт етіп күн көргендер.

Бұларды неге топ-топ, түр-түрге бөліп отырмыз? Қазақ қоғамы Абай дәуіріне қарағанда тіпті де күрделене түскен. Осы күрделілікке олардың өзге ұлттан қабылдаған озық емес, тозық дәстүр, салт-сана, мінез-құлқын қосыңыз да, оны Абай айтқан «қазақпен» салыстырыңыз. Аталған топтардың әр бірі өзіне тән ортаға қарай сүйекке сіңірген өзгерісшеңдік, бейімделгіштік, құбылғыштық сынды сан түрлі қозғалыстық мінез бен көңіл күйге ие. Сыртынан қарасаң бір қазақ, жанына жақындасаң мың түрлі. Абай «қайтып келсе» «Ойбай, мына қазақтан баяғы қазағым мың артық екен!» деп тұра қашар ма еді, қайтер еді!

Себебі, бүгінгінің «Құнанбайы» баяғы Құнанбайға мүлде ұқсамайды, анау байқұс – Абайдың әкесін айтам, иманды дойыр болғанмен адал, қатал еді. Ал, біздің «Құнанбайлар» иманды болып көрінеді, бірақ жүрегімен бе, бергі жағы ғана ма - оны айыра алмайсың, түрі де, түбі де жылмиып жатады. Ал адалдығына келсек, бірдеңе деу тіптен қиын. Ескі Құнанбайша атаның малын төлдетіп, жанталасып жан баққаннан көрі арамға үйір. Халықтың алдында пәтуашыл, елшіл болып көрінгенімен тасада қалтасын қампайтуға әуес. Ал, Оразбай ше... оның сұмдығы тіпті ерекше, анау байқұс – Абайдың қастасын айтам, атпен шауып далақтап, ашықтан-ашық албарынады, алқынады, ақылын ашуға жеңдіреді. Сойылын да көтеріп шығуға дайын. Ал біздің «Оразбайлар» атпен шаппайды, қалта телефоны сұмдықтың ұясы. Күнде де, түнде де шаба береді. Бетіңе күліп, сыртыңнан сатады. Дос екенін, жау екенін айырып болғанша, айылыңды қиып, «айыбыңды» ашып үлгереді. Ашық қастас болуға жарамайтын, жел сөзге буаз тірі тұлыптың қаптары қолдарына ши емес, ине мен біз ұстаған.

Одан қалса заңның таразысын ұстап отырғандардың ішіндегі шектен шыққан жемқорлар, адам тағдырын ойыншық еткен сұмдар, сұрқиялар, қойшы әйтеуір, Абай өкпелі болған «ескі би, болыстардың» аяғын сүртуге жарамайтын арамтамақтардың талайы табылар еді.

Санадан сыртқы ғажайыптың әсерімен Абайдан кешірім сұрап көрдегі басын төрге сүйрейміз десек, ол осылармен бірге өмір өткізуге келісер ме еді?! Ту-у, не деп кеттім, тірі тозаққа күйіп кеткен пендені одан екі есе лаулаған отқа қайта сүйреп!

Айтсақ та осы, айтпасақ та осы. Шындық менің тіліме, сіздің құлағыңызға тым ащылау әсер етеді. Несі бар, Абайдың өзі шошымаса да рухы шошынады, оның тірі шағында сүйеніш болған періште рухтарының өзі бүгінгі тірілерден – біздерден түршігеді, үркеді, безінеді.

Ендеше, қайта ойланайық, Абай қазақты неге жек көрді?

Өзі бір қауым елге, бір жұртқа жан тәнімен күйінсе, өмірінің ең асыл дәуірінің мәні мен сәнін соған арнап, соның бері бет бұруын тілесе, бірде болмаса, бірде оңалар деген ыждағатпен қан жылап, қабырғасы қайысып еңбек етсе, ал әлгі қауым сонда да мыңқ етпесе, мыңқ еткені былай тұрсын өзегін жарып жақсылық сыйлағысы келген жанға тас атса, тіпті араға 20-30 жыл салып, бір ұрпақ жаңаланғанда да Абай сол көріністі көрсе, ол түңілмей, кім түңілсін?!

Қайран, қайран, Абай-ай! Сен көрмей кеткен қорлықтың көкелері – 1937 жылдың алды-артындағы қазақ, сол қазақ, сен үміт күткен қазақ бірін-бірі ұстап беріп, бірін-бірі аттырып, шаптырды ғой. Соның көбі сен өлгелі жатқанда 10-15 жастағы бала еді ғой, не бітіріп, не тындырып кеткенсің, өзіңді-өзің борша кеміріп? Үмітің – Әбішіңнің тәні болып қара жерге бірге көмілген бе?!

Иә, түңілетін жөнің бар екен-ау.

Империялар қамырының илеуінен шыққан бүгінгі жалтақой, жел қалай соқса, солай қисаюға бейім әлсіз ұрпақ та сенің өлеңіңді, қара сөзіңді оқып, жаттап өспеп пе еді. Сен оларды бері емес, ары итере бергесін, өз-өзінен түңілген, қара басын қалқансыз сезінген бишара күйде болған жоқ па екен деші... Жоқ, сен оны – өзің өткеннен кейінгі «қазақты» бір кісідей болжаммен танып үлгергенсің. Абылайдың түсінде көрінген құрт-құмырысқа, бақа-шаян сол тұста сенің басыңа да ұя салып, ұңғысын тереңдетіп, ұятымен елестеген. Сен бәрін білгенсің, сондықтанда түңілмеске амалың қалмаған. Менше, солай! Абай сол үшін де қазақты жек көрді. Мұндай жек көру жайында қазақтар: «жақыныңды дауға қисаңда, жауға қима; өсекке қисаңда өлімге қима» дейді. Абай осының бәрін ішіне сыйғыза алмай өз басын өлімге дайындады, ерте кетті.   

Абай өлеңінде тоқсан тарау ой бар десек, менікі сол бұтақтың біреуіне ғана назар аударғандық. Және де сол бұтақтың өзін толық бұтарлап емес, жасыл жапырақтарына ғана шамамша үңілдім. Құранда кейбір аяттар жайында: «анығы Аллаға ғана аян» деген түсіндірме айтылады. Сол секілді Абай жазылымдарындағы «анығы Абайға ғана аян» иірімді шүңеттер аз емес. Оған арзан ақылдың күші жетпейді, тісі батпайды. Кейде мен өзімнің Алла алдындағы, Абай сынды данышпандар алдындағы әлсіздігімді сезінген сайын менен де әлсіз пенделердің өздерін де, сөздерін де желге толтырып шіреніп жүретініне қайран қаламын.

Омбылаған ойлармен оңаша қалсаң «Абайым-ай!» деп зар жылағың келеді, көз жасыңды ешкім сүрткісі келмесе де. Ал сен жыламасаң жылама, дананың қазанына тас атпай, қазынасына қарымың жеткенше бір үңіліп, шеріңді тарқат, шеменіңді шеш, зарыңды төк, запыраныңды құс. Жеңілдейсің! Абай әлеміне жақындасаң ақиқат, шындық саған жақындайды. Тоқсан ауыз ежіктің тобықтай түйіні осы!

 

Жәди ШӘКЕНҰЛЫ,

жазушы,

Қазақстан жазушылар одағының,

Еуразия жазушылар одағының мүшесі.