АБАЙ БАЙ БОЛҒАН БА?

        Абайдың сөзі ғана емес, өмірі де ғибратқа толы, төменде оның «Абай бай болған ба?» деген бір қырын қозғамақпыз. Құнанбайдай шонжардың баласы, жуан тұқымнан болған соң, осындай сұрақтың тууы заңды. Бірден айтайық, Абай інісі Оспанның дәулетін еншілеген 1894 жылға дейін асқан байлар қатарында болмаған.

        Жалпы Тобықты ішінде Абайдың шапағаты тиіп байығандар аз емес. Мұхтар Әуезов 1933 жылғы «Абайдың туысы мен өмірі» атты зерттеу мақаласында жазады: «...Абай енді өз замандастарынан дос іріктей бастады. Сол ретпен тапқан кісілері: Есболаттан Оразбай, Көтібақтан Жиренше, Бөкеншіден Ербол, Әкімқожа т.б.». Міне, осы аталған Оразбай, Жиренше Абайдың ығында жүріп, елеусіз хәлден белгілі адам дәрежесіне жеткенде, малданып, мейлінше байыған-ды. Әрқайсында мың-мыңнан жылқы болған. Оразбай бертінде жылқы санын үш мыңға жеткізіпті. Өз туысы Тәкежан, Оспан, Әзімбайлар жайлы да осыны айтамыз.

       Табыстың, дәулеттің көзіне әркім өз соқпағымен жетеді. Ынта-жігерімен  кіріскен кісі баюдың мәнісін неге таппасын. Шәкерім «Шын бақтың айнасы» деген қарасөзінде қайтсем баққа (қазіргі лексикада - бақыт дейміз) жетем деп неше түрлі істерді істегенін айта келе, соның бірі - дәулет жайында былай деп жазады: «...Мына жақтағы «дәулет» деген бір тіпті керегіңдей «бақ» шыға келді. Ол болмаса ешқайсысының өңі де кірмейтұғын болды, жолы да болмайтұғын болды. Ой, Тәңірі-ай! Адам қылғанды адам қылмайтұғын несі бар деп, белсене қимылдап, оның да мәнісін таптым». Сол сияқты Оразбай, Тәкежандар шашаусыз   үнемшілдік, асқан малсақтық, Жиренше, Дүтбайлар ел дауы, жүгініске көп араласып, билік айту, ал Құнанбайдың Оспаны Қоянды жәрмеңкесі арқылы «сауданың тегін» табу жөніменен байыған, мысалы.   

        Ар-ұяттан гөрі пайда мен дәулетке өлермендікпен ұмтылған бүгінгі қазақ қоғамына ғибрат болса деген ниетпен айта отыралық, Абай «Өзің үшін еңбек қылсаң, өзі үшін оттаған хайуанның бірі боласың. Адамшылықтың қарызына еңбек қылсаң, Алланың сүйген құлының бірі боласың» деген өз айтқан асыл қағиданы жасынан ұстанған.

        Егер байлықты мақсат тұтса, ол да ағасы Тәкежан сияқты ірі бай болар еді. Бірақ бар ынтасын басқаға, мойын бұрғызбайтын, таусылмайтын ұзақ міндет - ел жұмысына салды. Тете інісі Ысқақты да тазалық пен әділетке баулып, қақпайлап отырыпты.  Әрхам Кәкітайұлы ондаған жыл болыс болған туған атасы Ысқақ жайында «орташа дәулет иесі болды» дейді.

         Абай мал жимаған - мұны Мұхаң атап айтады. «Абайда ешбір уақытта үлкен байлық болған емес, қайта өмірінде талай рет «шағын дәулет», «шолақ дәулет» дейтін күйлерге жақын қалып жүрген» деп. Дәлелді шайырдың өз шығармашылығынан іздестірейік. 

                               Дәулеті жоқ бурыл шаш,

                               Үйіңе кет, топтан қаш! (1892).

         «Қайғы шығар ілімнен» өлеңінен алынған бұл екі жолда «дәулеті жоқ» деп ақын өзі жайлы жеткізген (Абай қолға түскен қаржыны балаларды әуелде Семейде, онан соң Әбдірахманды Петерборда оқытуға, қала берді, кітап-қағазға аямай жұмсаған). Ләкін, мынаған қараңыз: қарапайым көпшілік Абайды ешқашанда «дәулетсіз» демеген, керісінше, Тобықтының ірі бай-мырзасы санаған. Неге? Мұның өзіндік себептері бар. Аятта: «Алла тағала қайсы бір пендесін дәулетті, құрметті қылды, қайсы бір пендесін қор да кем де қылды» (сүре Әл-Ғымран) деген. «Рақым – Алладан, пейіл – адамнан» деген халық нақылы да осыны білдіреді.

Пейілге кедей байлардың арасында Абай, сірә да, шіріген бай болып көрінген. Өйткені, құдайы қонақты құшақ жая қарсы алу - қонақжайлылық сонау үй болып, Ақшоқыда отау көтергеннен қалыптасқан  Абай дағдысы болған. Бізге белгілі естелік жазбалар сол кездерден ақырғы демі таусылғанша бұл шаңырақтан қонақ үзілмегенін паш етеді.

                         Алыс-жақын қазақтың бәрін көрдім,

                        Жалғыз-жарым болмаса анда-санда (1886).

 Жасы 40-тан асқанда айтқан бұл сөзімен ақын-азамат үйден қонақ арылмағанын да аңдатқан. Өз маңайы араша сұрап я басқа да шаруасымен келгіштесе, алыстан ат арылтқандар «біз Абайдың жүзін бір көрмекке келдік» деседі екен.

        Кім кең пейіл, жомарт болса, шын бай сол. Мәрттігі мен ақыл-парасатына сай Абайдың дәулеті де баршаның көзіне зорайып көрінгені содан деген ойдамыз.

        Қорытынды сөзіміз, Абайдың «шолақ дәулет» иесі ғана болғаны ақиқат. Бүгінгінің шірік байшікештеріне ой тамыздық болсын - Абай мал жимады, еш уақытта байлық пен мәнсапты мақсат тұтпады. Олар (Құдайдың бұйыртқан несібесі мен рахметі) Абайды өздері іздеп тапты Сөз басында айтқанбыз, тек 1894 жылы Жидебайға тұрақтаған соң ғана үлкен дәулет иесіне айналды деп. Мүбәдә, жарқылдап алдаған дүние «қоңызы» болмай, оған «аяқты шалдырмай» өту -  талқы, сынақ атаулының ең қиыны. Елжанды Абайдың көрсоқыр сараңдық сынағына бой алдырмауы - ең алдымен Тәңірінің берген асқан ақылы мен  өткір сезім-түйсігінің арқасы.

 

http://abai.kz/post/view?id=2448

Асан Омаров