ҰЯЛАМЫН ДЕГЕНІ КӨҢІЛ ҮШІН

Ұяламын дегені көңіл үшін, 
Ұсақ қулық бір ғана өмір үшін. 
Татымды достық та жоқ, қастық та жоқ, 
Жігері жоқ, маңызы жеңіл үшін.

Жалығу бар, шалқу бар, іш пысу бар, 
Жаңа сүйгіш адамзат, көрсе қызар.
Ар мен ұят ойланбай, тән асырап, 
Ертеңі жоқ, бүгінге болған құмар.

Туысқаның, достарың — бәрі екіұшты, 
Сол себепті досыңнан дүшпан күшті. 
Сүйсе жалған, сүймесе аянбаған, 
Бұл не деген заманға ісім түсті?!

Өзің үлкен, қылығың — бала-шаға, 
Балаша мәз боп жүрсің тамашаға. 
Әкесі ұрысса балаға, ол да — достық, 
Баласы ұрысса әкеге, жараса ма?

 

1901-ші жыл