«СӨЙЛЕЙТІН САУСАҚ»

«СӨЙЛЕЙТІН  САУСАҚ»

  күні ертең көзге шұқуы да кәдік

 

Мәжілісте бас қосқандардың күн тәртібіндегі  мәселені талқылауға деген ықыласы жақсы боп шықты. Бірақ, сөз сұрап, белсенділік көрсеткендердің дені ересек жандар еді. Бір уақ «жастарға да жол берейік» деген ұсынысқа орай қолын көтеріп, студент қыз құлшыныс білдірген. Жиналғандар айтар ойы бар, жігерлі жасты зейін қоя тыңдады. Маған тек қана ділмар қыздың сұқ саусағымен ауаны «шаншылағаны» көзімізді шұқып алардай, нашар әсер қалдырды.

Неге бұлай, тегінде тілің мен қолыңды қатар безеп, сұқ саусағыңды бірге «сөйлете» алсаң,  тыңдаушылардың да ауыздары аңқиып, құлақтары қалқаяр ма, екен? Алайда, «сөйлейтін саусақ» себеп болған бұл әңгіменің мүмкіндігі шектеулі азаматтар пайдаланатын «ым тіліне», яки шын мәніндегі «сөйлейтін саусақтарға» еш қатысы жоқ. Мұны сұқ саусақ түрткі болған тәрбие төңірегіндегі ой деп біліңіз. Біз, әлбетте жас ұрпақтың алғыр да алымды болып өскенін қалаймыз. Бірақ, «өзім білемді» өзеуретпесек керек!

Әңгіме тізгінін ұстағаннан соң шығар, белсенділік танытқан бойжеткен жиналыс соңынан маған жолыққан. Айтқан пікіріне көзқарасымды білгісі келген  секілді. Жанғысы кеп тұрған ұшқынды сөндіріп алмайын деп, әуелгі ойымды ішіме бүгіп, ризашылық білдірумен шектелдім... жүре бара саусағын бүгетін де болар. Онда, бірақ жұмылған жұдырығымен үстелді қойғылап жүрмесе, не қылсын! Жас қызда кінә жоқ, жаңағыдай жиналыстарда небір шешен тілді ағаларынан көрген «өнегесі» болар.

Олай болса, бойжеткеннің сөйлеу мәнері мен машығы көңіліме «неге қонбағанына» жауап беріп көрейін. Рас, сөйлейтін «саусақтарды» аз көріп жүргеніміз жоқ. Олар, алдарында есту мүмкіндігі шектеулі адамдар отырғандай, қолдарын ербеңдетіп, сұқ саусақтарын кезеп, кейде, тіпті  алақандарымен ауаны әрі-бері «қуалап», тыным таппайды. Бұл – «қысқа тілге» саусақ жалғап, сайраудың бір түрі. Тіпті, тыңдаушыларын баурап алу мен басқару үшін рөлге кірудің амалы, әлде ереуілдеген энергияның сиқы.

 Шынтуайтына келсек, ондай «шешендіктің» асығыңды алшысынан түсіретін кезі де болады. Әсіресе, саяси күресте екпіндеп, саусағыңмен «көзге шұқып  сөйлеу» – қарсыласыңды ықтырудың тәсілі. Бірақ, бейбіт әңгімеде, мәртебелі кітаптың тұсаукесерінде саусағыңмен ауаны «шаншылап» сөйлеу жаныңдағы кісі үшін қолайсыз, тіпті  жас адамға жағымсыз-ақ. Абайтанудың білгірі, көрнекті ғалым Қайым Мұхамедханұлы өз әңгімелерін қоңыр даусымен қозғағанда тыңдаушылары құлақтарын өздері-ақ «созады» екен.

Өкінішке қарай, осы Абыз ақсақалдың кейбір шәкірттерінің де саусақтарының тілімен жағаласқанын көргенбіз. Соның бірі Қайым абызға арналған салтанатты жиында сұқ саусағын шошаңдатып-ақ баққан. Әйтеуір, залдағыларға қолы жетпейді. Ол ардақ тұтқан ғалым ағаны жақсы білетінін көрсетпек болып ұсақ-түйекке шейін термелегенінде сахнадан «сыраханаға» топ ете түскендей әсер қалдырған. Ғылыми орта ерекше ардақ тұтатын ғалым ағаға жайында айтатын басқа сөздің табылмағаны өкінішті еді.   

Сөйтсек, бұл жаңағы «сақалды» шәкірттің әуелден қалыптасқан сөйлеу мәнері екен. Замандастарының оны сыртынан «сөйлейтін саусақ» деп атайтыны да тегін болмай шықты. Ендеше, жас адамның көрген-түйген  үлгісі осы болса, оған қандай кінә бар?! Оның үстіне теледидардағы «әртістерден» көріп, көкірегіне түйгені де сол. Түрлі семинарлар мен іскерлік оқуларын жүргізетіндер көзіңді ғана емес, миыңды да шұқып алардай, шұқшияды емес пе? Бұл да алған ақшаларын ақтауға тырысқандары. 

Бізді алаңдататыны, жас ұрпақ тәрбиесі. Ауаны тіміскілеген «саусақтардың», яки олардың иелерінің айналасына «ілтипаты» да кеудемсоқ екенін білеміз. Соған қарағанда, техникалық «агрессияның» адам ағзасына зияны зілбатпан. Әсіресе, жастардың айналасына деген «меңіреу», немкетті, тіпті аяқтарын үстелге асқан «астамшылығы» ойландырады. Ондайлар көшеде қарсы жолыққан әкесіндей жанға жол беруді ұят санайтындай:  «ұялмас нәрседен ұялып, ұялатын нәрседен ұялмайтындар» (Абай).

Олар, ешкімді де көздеріне ілмейді, тіпті сақтанбасаң соғып өте шығудан да тайынбайды-ау! Қоғамдық көлікте орын беруге де «ұялатын» жас жігіттер мен бойжеткендердің жауыннан соңғы «саңырауқұлақтай» қаулағаны еріксіз ойландырады. Байқап қарасақ, «сөйлейтін саусақтар», көбінесе өзін-өзі сүйреп, қолынан келсе де, келмесе де жанталасатындар. Сондықтан көзіңді шұқып тұрып үйретуге дайындарға, өздерін айналасынан «артық туған» деп санайтындарға не деуге болады?!

Ақылы емес, кеудесі алшаң басатындар көбейді. «Бір дәурен кемді күнге – бозбалалық, Қартаймастай көрмелік, ойланалық. Жастықта көкірек зор, уайым жоқ, Дейміз бе еш нәрседен құр қалалық, - деп ой салады Абай. – Әуелі өнер ізделік, қолдан келсе, Ең болмаса еңбекпен мал табалық... «Еһе-еһеге» елірме, бозбалалар, Бұл бес күндік бір майдан ер сынарлық... Басында әке айтпаса ақыл жарлық, Ағайын табылмаса ой саларлық, Қалжыңдасып өткізген қайран дәурен, Түбінде тартқызбай ма ол бір зарлық?».

Бір қарағанда, қолыңды ербеңдетіп, саусағыңмен ауаны сызғылағанда тұрған дәнеме жоқ секілді. Алайда, өзім үшін «сөйлейтін саусақтар» мен «үстелге асылған аяқтар» отбасы мен қоғамдағы тәлім-тәрбиенің  «сыңар езулігін», жартыкештігін  көрсететіндей. Қазір көптеген отбасыларда «баланы бетінен қақпай өсіруді» желеу етіп, олардың жасында – тым шолжаң, есейгенде – есерсоқ, «оқтау тыққандай» кеудемсоқ екенін көріп жүрміз. Аспаннан түскендей, ата-анасын ұмытатындар да сондайлар.

Олай болса, «сөйлейтін саусаққа» Сіз қалай қарайсыз? Әсілі, тіліңе саусағыңды қанша жалғасаң да «Сырттансынбақ, қусынбақ, өршілденбек... Қолдан келе бере ме жұрт меңгермек... Иттей қор боп, өзіне сөз келтірмек» (Абай). Олай болса, саусағыңмен ауаны «шаншымағанға» не жетсін! Оның үстіне, бұл адамның ішкі мәдениетінің де көлеңкесіндей. Ол асқына келе  өзінен басқаны пысқырмауға ұласса керек. Ендеше, ұрпақ тәрбиесі жаңғырып, ел келешегі – жастардың санасына сәуле түсіруінен үміттіміз.

Өйтпесе, «сөйлейтін саусақтың» күні ертең көзге шұқуы да кәдік.

                                                                                                                                                        Болат Жүнісбеков,

                                                                                                              жазушы