БІР ҒЫЛЫМНАН БАСҚАНЫҢ...
Жер жаралғалы омартадай азынаған алуан пікірлер шоғыры қоса жаралды. Пікірлердің дені адамның өзін іздеуге жолға шығуға үндейді. «Философияны көктен жерге түсірген» Сократ «Өзіңді таны» деді. Абу-ль-Фарадж: «Даналықтан ада жүрек – өлік жүрек. Ал оны ғылыммен байытсаңыз, ол семген баққа жауын жауғандай қайта тіріледі» деді. Әл-Фараби: «Бақыт – кемелдікке ұмтылу» екенін айтты. Борхес: «Әр адам жұмақты әртүрлі бейнеде қиялдайды, ал мен оны бала күннен кітапхана кейпінде елестетемін» деді.
Ерте кезден қолға алған, қолға алып толғанған кітабымыздың бірегейі – Абай атаның қос томдық қара кітабы-тын. Шым-шытырық, кейде тым түсінікті, кейде тым рабайсыз, ақылға ауыр, ойға салмақ болған тыңсүрең шығармалар қораз кәмпиттей үйіріп, таңғажайып «Мың бір түн» ормандарын ашты. Мүмкін жаттадық, мүмкін кейбірін оғаш көрдік, бірақ сол сырты тереңіне тартар қара құрдымдай абзал кітап бізге ғылымға құштарлық сыйлапты.
Хәкім ғылымсыз адамды төзгісіз сынға алады, әжуаға айналдырады. Ғылымсыз ғибадатқа бармақ болып, құлындай құлдыраңдаған Абыралыға «Пашол дереу күнәкар!» деп дүрсе қояды. Енді бірде «саяз жүзер сайқалдар ғапыл қалар» деп тағы бір білімге ұмтылмас жолаушының жонынан таспа тіліп өтеді. «Қашан бала ғылым-білімді махаббатпен көксерлік болса, сонда ғана оның аты адам болады» дейді бірде. Бұдан соң оқырман жасқа білім-ғылымнан қадірлі не болмақ?
Дүние де өзі, мал да өзі,
Ғылымға көңіл берсеңіз.
Білгендердің сөзіне,
Махаббатпен ерсеңіз.
Ақыл сенбей сенбеңіз,
Бір іске кез келсеңіз.
Ғылымға бас ұру кезінде ақылдың орны орасан. Конфуций: «Ойсыз оқу бекер» деген-тін. Яғни оқыған дүниені ақылмен таразылап, қорытып, жүрекке енгізу шарт. Шәкәрім Құдайбердіұлы:
Ғылымсыз адам айуан,
Не қылсаң да ғылым біл.
Ғылымға да керек жан,
Ақылсыз болса ғылым тұл, –
дейді. Иә, басқарушы, барлаушы ақылсыз ғылым жию – суға жазған сертпен тең.
Ғылым-білімге жолға шыққан талапты ер үшін Абай сөзі таптырмас гид, құны жоқ ұстаз. Ұстазы жоқтың ұстанымы жоқ дегендей, білім жолында ақыл-білімі асқан тұлғаның жолбелгі көрсетуі маңызды. Хәкім отыз екінші сөзінде «білім ғылым үйренбекке талап қылушыларға» кеңесін айтады. «Әуелі – білім-ғылым табылса, ондай-мұндай іске жаратар едім деп, дүниенің бір қызықты нәрсесіне керек болар еді деп іздемекке керек. Оның үшін білім-ғылымның өзіне ғана құмар, ынтық болып, бір ғана білмектіктің өзін дәулет білсең және әр білмегеніңді білген уақытта көңілде бір рахат хұзур хасил болады». Шынында «білімнің ләззатын білсе патша тағынан бас тартар еді». Егер білім іздеуде ойға бөтен мақсаттар кіріксе, онда білім адамға арайын ашып, үлбірек мақтадай көңілге енбейді. «Асырап алған шешенің мейірімі» секілді болады.
Жоғары санатты тұлғаларға тән ортақ құндылықтың бірегейі – ғылым. Ғұмыр бойы шарқ ұрып білім іздеп, қонысы рухани ошаққа айналған Лев Толстой «Арылуында»: «Білімнің осынау орманынан өмір сұрақтарына жауап іздей жүріп, орманда адасып кеткен адамның басынан кешетіндей сезімді мен де бастан өткердім. Орман ішінде тұтаса өскен ағаштардың көзге түртсе көргісіз қараңғылық жайлап тұратын тұстары да, алаңқайлар мен алқаптардан тұратын сәулелі тұстары да болады» дейді. Расында, ой еңбегі – ең ауыр еңбек, азапты еңбек. Қиыс кетсең жарға құлатар түнегі, туралықпен жортсаң кейде сүйек жұтқан сиырдай сындарлы алдыңнан шығатын түйіні бар. Бір қызығы, білім жолында артқа қайтар көпір болмайды. Ол көпір әлдеқашан өртелген. Неге дегенде, білім дегеніміз үздіксіз жаңа құрлық ашудан, тынымсыз тасқындармен жағаласудан тұрады. Содан да Блез Паскаль: «біз мұнда қандай биіктіктен құлағанымызды білу үшін келдік», деді. Борхестің «Жұмбақ ғажайып» атты шығармасында кітапханада адасқан кейіпкердің бастан өткерген оқиғасы баяндалады. «Таң алдында түс көріпті, түсінде Клементкум кітапханасының дәлізінде адасып жүр екен. Қара көзілдірікті кітапханашы «Не іздеп жүрсіз?» деп сұрады. «Құдайды» деді Хладик. Кітапханашы: «Құдай кітапханадағы төрт жүз мың кітаптың бір парағындағы әлдебір әріптің ішінде» дейді». Жазушы қызықты сюжет арқылы Құдайға барар жолдың соншалық ұзақтығын, ол жол тек көл-көсір, алып шыршадай арса-арса еңбекпен ұштасарын сөз етеді.
Абай атаның бір артықшылығы ұғымы жанартау ұңғысына барабар кесек ойларды қысқа сөзге не шумаққа сыйдыра алуында. Мәселен, мына екі тармақ түпсіз санаңызға бөрене лақтырып, данышпандықтың алтын арқанына асылып тұрғандай.
Бір ғылымнан басқаның,
Бәрі де кесел асқанға.
Батырхан СӘРСЕНХАН