ӘДІЛЕТ, ШАПҚАТ КІМДЕ БАР...

ӘДІЛЕТ, ШАПҚАТ КІМДЕ БАР...

Әр нәрсенің мәні мен өзегіне дейін әуелі оның сыртқы көрінісі, құбылысы (явление) көзге де, назарға да бұрын ілігеді. Ғылыми ізденістің мәні де сол құбылыстан өзегіне қарай дендей алуда. Болмыстың мәні мен өзегі сыртында ғана жарқырап тұрмайды, керісінше, көзге түспес, оңайлықпен ой да жетпес түкпірінде «тығылып», жасырынып жатады.

Ғалым Мекемтас Мырзахметұлы аға­­­мыз өзінің ұзақ жылғы ізерлі ізденісі ар­­­қылы Абайдағы адамгершілік та­ным­­­ның аты мен затын айқындады. Мұхтар Әуезов «Абай адамгершілікті, моральдық философияны барлық жайдан жоғары қояды» деп, адамгершілік танымның Абай үшін айрықша орны мен сипатын айқындап берсе де, оны арнайы ізденіс нысаны етіп ілгерілей зерттеп кетпеді. Әрине, мұның заман мен жағдай, саясат пен идеология және уақыт пен өмір өлшеулілігіне қатысты өзіндік себептері бар. Әйтсе де, Абайдың өмірі мен шығармашылығына байланыс­ты мәселенің басым бөлігі М.Әуезовтің тереңдей зерттеп я төбесін көрсетіп кеткен ойларынан бастау алып дамып жататыны анық.

Мекемтас ағамыздың іргелі зерттеуін «Мұхтар Әуезов және абайтану проблемалары» деп атауы да тегін емес. Абайдағы адамгершілік танымның толық адамнан бастау алып, иманигүлмен шектелетін өзіндік жүйесі бар. Мұны білу аса маңызды. Жақсы-жаман, пайдалы-пайдасыз нәрселерді білудің соңы­нан жаманынан қашып, асылына асық болатын әрекет жалғаспай қалса, біліп-танудың да құны болмайды. Және біліп алған игілікті де, ізгілікті білім мен ақи­қат­ты әртүрлі себеппен өмірлі ете алмау да адамның адамшылығына зор сын болады. Осы өмірде көбіміз орынды, дұрыс, ақиқат жайларды жап-жақсы білеміз, алайда оны орындауға келгенде осалдық, жігерсіздік танытамыз. Әл-Фараби мұндай адамдарды – құл адамдар деп атайды: «Ақыл-естің тілегенін жасауға парасаты мен батылдығы же­те­­тін есті адамдар болады. Мұндай адамдар­ды біз әдетте, өзінің лайығынша, ерікті адам деп атаймыз... Ал тек ақыл-есі ғана жетіп, батылы бармайтындарды жаратылысынан құл адамдар дейміз». Әйтпесе, адамгершілік пен әдептіліктің, жақсылық пен жамандықтың қадір-қасиеті мен олардың нендей нәрсе екенін әркім де біледі, бірақ «ақымақ көп, ақылды аз» дегендей қауымда адамдық пен тазалық қасиетін сақтап, баянды етіп жүретіндер әсте көп емес.

Түптеп келгенде, Абайдың барша туын­дылары адамзат баласын түрлі-түрлі қателіктен сақтандырып, адам­шылық қа­сиетті жоғалтпауға, сөйтіп, адам­гер­шілікті жүйелі де желілі дәріп­теуге арналады. Мысалы, ақынның «Әсемпаз болма әрнеге» атты өлеңіндегі мына бір екі-ақ жолда төрт түрлі кесек әрекет айтылған және бұл екі тармақтың түйіні – келешекте болуы мүмкін қате­лік­тен алдын ала сақтандыру:

Пайданы көрсең, бас ұрып,

Мақтанды іздеп, қайғы алма.

Мұндағы бірінші әрекет – адам баласының оңай олжаға тап болып жүретін жағдайы. Негізі, обал-сауапты біліп, қиянаттан қашық, жақсылыққа жақын болып жүретін адам еңбексіз келген пайдаға қызықпайды, құнықпайды. Екінші әрекет – еңбексіз табылған осын­дай пайдаға «құдай беріп қалды ғой» деп «бас ұра» құнығып кетушілік. Үшінші әрекет – оңай, жеңіл жолмен келіп қалған пайдаға ие болған жағдайда мақтан мен мастыққа салынып кету. Ал «қайғы алу» – төртінші әрекет әрі алдыңғы айтылған әнтек әрекеттердің заңды жалғасы, қайғылы да қауіпті нәтижесі, яғни қылмысы ашылып қалып әшкереленушілік.

Абайдың айтуы бойынша, адам бала­сының толықтығы мен түгелдігі, жалпы жара­тылысы жағынан да, өзіндік болмысы тұрғысынан да – адамдағы ақыл, қай­рат, жүректің бірдей бар болған бір­лігінен танылады:

Ақыл, қайрат, жүректі бірдей ұста,

Сонда толық боласың елден бөлек.

Адам жаратылысының тән мен ақыл және оларға қозғалыс, тіршілік беретін жаннан тұратынын ежелгі ойшыл даналардың бәрі де бір ауыздан түйін­деп кеткен. Адам жаратылысының толықтығын танытатын Абайдағы үш қасиет философия тарихындағы осы тән, ақыл, жанды ойға оралтады.

Тән (философияда) мен қайраттың (Абайда) бір болатыны – екеуінің бірін­сіз екіншісі болмайтын бірліктегі құ­былыстар екенінде. Адам мен айуанда бірдей бар бола беретін тән мен денеде – қимыл-қозғалыс, күш-қуат, қайрат болады. Періште нұрдан, шайтан оттан жаралған делінеді, оларда тән жоқ. Алла да – тәнсіз рухи болмыс. Демек тән мен дене – адам баласының өзіндік жаратылысын жасайтын құрамдас бөлік. Мұны Абай отыз сегізінші қарасөзінде былайша танытады: «бір ғана құдірет – пендеде болған қуат; құдірет – ғылым, ақылдан басқа болатұғын еді, Алла тағалада болған құдірет – ғылым һәм рақымет». Алланың құдіреті мен рақыметі Оның бір ғана рухи болмысынан бастау алады. Ал адам баласы – екіжақты қоспа болмыс: қимыл-қозғалыс, күш-қуат, қайрат – адамның тәнінен шығатын сипаттары мен қабілеттері болса, ал ақылы мен ғылымы – біз анықтап, дәлдеп біле бермейтін рухани болмысының жемісі мен нәтижесі. Ал үшінші құрамдас бөлік жан, жүрек болмаса, тіршілік те, тану да болмас еді: «Жә, сен бұл ақылға қайдан ие болдың? Әрине, қайдан келсе де, жан деген нәрсе келді де, сонан соң ие болдың». Бүгінге дейін жанның нақты не зат, нендей құбылыс екенін айқындаған ешкім болмаса да, ақыл арқылы ойлау мен қимыл-қозғалыс, тіршіліктің де тек жан арқылы жүзеге асатынын бұрынғы-соңғы ойшылдардың бәрі де айтқан.

Сөйтіп, ақылымыз біздерді айуаннан артық, биік етіп адам атты асыл болмысқа айналдырса, тәніміз (қайрат) бізді періште, шайтаннан бөлектеп, ерекшелеп дүниелік, материалдық жаратылыс етеді. Адамзат баласын дүнияуи етіп, жан-жануармен жақындастыратын – осы тәніміз бен одан шығатын күш-қайратымыз, одан қалса нәпсіміз. Ал жан мен жүрексіз қозғалыс пен тіршілік болмайтыны белгілі. Тіпті табиғат, «көрінген» (Абай) әлемді зерттеумен айналысқан бұрынғы философтар жұлдыз, планеталар секілді аспан денелерін қозғалысқа келтіретін Жаратушы құдіретін – Әлемдік жан деп білген. Қозғалыс пен тіршіліктен бөлек адамдағы танып білу әрекеті де жан қуаттары арқылы жүзеге асады. Адам баласы Абай жазғандай, жаратылысы жағынан осылайша ақыл, қайрат (тән), жүректің (жанның) бірлігі арқылы толық, түгел болмыс болады. Яғни Абайдың Толық адам танымы М.Мырзахметұлы ағамыз айқындап тұжырымдағандай, адамгершілік ілімі болумен бірге адам жаратылысының бір бүтін болмыс болған толықтығы мен түгелдігін де танытады. Ал Абайдағы толық адамның – М.Мырзахметұлы аға­мыз зерттеп айқындағанындай ең әуелі адам­гершілік ілімі екені талассыз ақиқат.

Толық адам танымының – адамгер­шілік ілімі екені ақынның отыз сегізінші қарасөзіндегі мына ойынан айқын танылады: «Құдай тағаланың жолы деген жол ниһаятсыз (өлшеусіз) болады. Оның ниһаятына ешкім жетпейді. Бірақ сол жолға жүруді өзіне шарт қылып кім қадам басты, ол таза мұсылман, толық адам делінеді... Не түрлі болса да, я дүниеңнен, я ақылыңнан, я малыңнан ғадаләт, шапағат секілді біреулерге жақсылық тигізбек мақсатың болса, ол жол – құданың жолы». Адам баласы кемелділік шыңы – Алла жолы – толық адамға ақыл, қайрат, жүректің бірлігі және олардың көмегі, жәрдемімен ғана бет ала алады. Біз әдейі «жете алады» емес, «бет ала алады» деп отырмыз. Себебі Абай айтқандай, «Құдай тағаланың жолы деген жол ниһаятсыз (өлшеусіз) болады. Оның ниһаятына ешкім жетпейді», адамның адамшылығы «сол жолға жүруді өзіне шарт қылып қадам басуда» екен. Өкінішке қарай, адамдар көбіне Абай атаған үш қасиеттің екеуімен ғана кәсіп етіп, өмір сүріп жүреді:

Қайрат пен ақыл жол табар

Қашқанға да қуғанға.

Сенбе жұртқа, тұрса да

қанша мақтап,

Әуре етеді ішіне қулық сақтап.

Өзіңе сен, өзіңді алып шығар

Еңбегің (қайратың) мен ақылың

екі жақтап.

Шынында да, адам кейіпіндегі жара­ты­лыс – ақылы жоқта әлі де ауыз тол­тырып айтарлықтай адам емес. Жан құ­­мары, жан қуаттарымен «ақылға сәу­ле қондырып», білмекке ұмтылмаған пенде баласын Абай «хайуанша жүріп күнелтпек» деп сипаттайды. Ал адамзат баласы «дүние мен ахиретке не пайдалы, не залалды» мен жақсы, жаманды ақылымен танып біліп жүріп өмір сүреді. «Бес дұшпаннан қашық болып, бес асыл іске асық болу» да ақыл арқылы жүзеге асады. Яғни адам баласы Абай айтқандай, қай кезде де «ақыл – мизан, өлшеу қылып» өмір сүруге тиіс.

Қайрат пен оның бастауы – дене, тәнсіз де адами тіршілік толық болмайды. Жаратылысымыз жағынан айуанға жақын біздердің ақылымызбен танып-білуіміз Абай жазғандай, ең әуелі осы тәндегі бес сезім мүшесі (хауаси хамса заһири) арқылы басталады. Ал бұлар – танып-білу ғана емес, адам болудың да бастауы мен алғышарты. Орта ғасыр ақындары мен сопылар тәнді – нәпсінің, жамандықтың бас­тауы санаса да, Аристотель адам денесі мен тәнін – алғашқы игілік деп білген. Ал Әл-Фараби нәпсісі жоқ адамды – ауру деп санаған. Шынында да, ұйқысы қашқан, тамаққа деген тәбеті жоғалған, көбеюге қабілетсіз адамды қалайша сау деп білуге болады. Ішсем-жесем, ұйықтасам, көбейсем деп ұмтылу – адам тәнінің табиғи әрі орынды қалаулары.

Абай жазғандай, бұрынғы даналар да түйіндегендей, «өлшеуін білмек – бір үлкен керек іс. Ойланбақ жақсы, іске тіпті салынып кеткен кісі ойын байлай алмай, қияли болып та кеткені болады. Ішпек, жемек, кимек, күлмек, көңіл көтермек, құшпақ, сүймек, мал жимақ, мансап іздемек, айлалы болмақ, алданбастық – бұл нәрселердің де өлшеуі бар. Өлшеуін асырса, боғы шығады». Осылай өлшеуінен асырғанда ғана тәннің ішсем, жесем, ұйықтасам, көбейсем деген ұмтылысы игілікті нәрсе болудан қалады да, жаман, жексұрын нәпсіге айналады. Әйтпесе, тән Абай айтқандай, жанның қонақүйі және тәннен шығар қайратсыз «дүниеде еш нәрсе кәмелетке жетпейді».

Сөйтіп, адамзат баласы надандық, білім­сіздік, арсыздық, әділетсіздік, жал­қаулық, еріншектік, қайғы-мұң, жоқ­шылық, тәжірибесіздік секілді сан түрлі жаманшылық пен кемшіліктен қашып құтыламын десе де, барлық пен байлық, қуаныш-қызық, білім-ғылым, адамдық, абырой, бақыт сияқты жақсылық атау­лы­ның соңынан қуып, оларды иеленемін десе де, осы жолдарда оларға Абай жаз­ғандай, «қайраты пен ақылы жол тауып» беріп жүреді. Қарапайым шаруа, жұмысшы, қызметшіден бастап түрлі басшы, әкім, министрге дейін – бәрі де «еңбегі (қайраты) мен ақылын пайдаланып жұмсаумен кәсіп етеді, қызметін жасайды, өмір сүреді. Қоғам мен мемлекетіміздегі әртүрлі әлеуметтік, туыстық топ өкілі мен кәсіп, маман­дық иесі ақыл-ой, білім-ғылым, дағды-қабілеті мен күш-қуат, қайратын пайдалана жүріп, азаматтық, адамдық, кәсіптік міндет-парызын ілгері-кейінді, жақсы-жаманды қалыпта атқарумен болады. Ақыл, ғылым, білім мен күш-қуат, қайраты арқылы еліне игілікті қызмет етіп, абыройлы өмір сүріп жүргендер де жетерлік. Әйтсе де, адамдар арасындағы қарым-қатынас пен халық, ел қызметінде жүрген үлкенді-кішілі мансап иелерінің тірлігінде тазалық пен адалдық, әділдік пен обал-сауапты білушілік үнемі сақ­тала бермейді. Білім, ғылымның игілігі мен жақсылығы мол, ақылдың да – асыл қасиет екені ақиқат. Алайда өкінішке қарай, адам баласы білім, ғылымымен бірге тіпті асыл ақылын да игілікті, ізгі­лікті іске жұмсамай, жеке мүддесі мен өресіз қарау ісіне пайдаланып жүре­тіні бар.

Абайдың Ғылым атынан «жақсының, жаманның – екеуінің де сүйенгені сен, екеуінің де іздегенін тауып беріп жүрсің, соның жаман» деп, Ақыл жайлы сыншыл ойын білдіруі осыдан. Толық адам – Абай армандаған әрі өмірінше жүйелі жырлаған асыл адамы. Ал өмір тіршілігі мен қызметі саласында ақылы мен қай­ратын ғана пайдаланумен шектеліп, жүректен шығар ар-ұят, әділет-рахымы мен қанағат-ынсабын назардан тыс қалдырып жүретіндерді Абай «жеке-жеке біреуі жарытпайды, жол да жоқ жарыместі «жақсы» демек» деумен оларды жарым адам санайтындай көрінеді. Сөйтіп, Абайдың ойынша, адамдардың басым бөлігі тұтынумен тіршілік ететін бұл екі қасиет, яғни ақыл мен қайрат өз иесін, шын мәнінде, толық адам ете алмайды екен.

Қоғам мен мемлекеттегі адамдар бі­лім, ғылымы мен ақылының азды­ғы­нан гөрі жүректен шығар ар-ұят, әділет-рахым, қанағат-ынсабының кем­дігі мен жоқтығынан көбірек зардап ше­геді, абыройсыз атанады, бақытсыз болады. Абайдағы Толық адам ілімі де осы жү­ректен шығар қасиеттерге көбірек иек артады:

Ақыл да, ашу да жоқ, күлкі де жоқ,

Тулап, қайнап бір жүрек

қылады әлек.

Қайрат пен ақыл жол табар,

Қашқанға да қуғанға.

Әділет, шапқат кімде бар,

Сол жарасар туғанға.

Бастапқы екеу соңғысыз

Біте қалса қазаққа,

Алдың – жалын, артың – мұз,

Барар едің қай жаққа?

Ашу мен күлкінің астарынан біз қайратты ұққандай боламыз, сонда ақын армандаған Толық адам болуда әсіресе жүректің жауапкершілігі мен үлесі мол екені байқалады. Кейінгі өлең де қайрат пен ақылға жүректен шығар қасиеттер (әділет, шапқат) қосылғанда ғана адам болмысы мен өмірі абзалырақ әрі абыройлырақ боларын танытқан. Ақынның «әділет, шапқат кімде бар, сол жарасар туғанға» деуінен адам болмысының жүректен шығар қасиеттерсіз толық (адамгершілікті) бол­май­тынын ұғамыз және адам болып туған қай жанға да ақыл мен қайратын жүректен шығар әділет, шапқатымен ұштастыру жарасымды, абзал болмақ дегенді айтады. Мұнсыз тірлік пен өмір – «алды – жалын, арты – мұз» болып тұйыққа тірелмек, иесі де абыройсыз болмақ.

«Пайданы көрсе, бас ұрып, мақтанды іздеп қайғы алатын» адам да – айла мен амалға иек артқан ақылы мен қай­ратына сеніп, жүректегі ар-ұяты мен қанағат-ынсабын жоғалтқан осындай бей­бақ жан. Ал «ақыл, қайрат, жүректі бір­дей ұстаған» толық адамның қан­шалық қасиетті жан екені мен адам­шылық қалыптың көбіне жүрекпен тиянақталып, бекітілетіні ақын айтқан мына ойдан, әсіресе айқын танылады: «Осы үшеуің (ақыл, қайрат, жүрек) бір кісіде менің айтқанымдай табылсаңдар, табанының топырағы көзге сүртерлік қасиетті адам сол. Үшеуің ала болсаң, мен жүректі жақтадым. Құдайшылық сонда, қалпыңды таза сақта, құдай тағала қалпыңа әрдайым қарайды деп кітаптың айтқаны осы».

Сөйтіп, Абай армандаған толық адам – «ақыл, қайрат, жүректі бірдей ұстау­мен» қалыптасса да, адам болу мен абзал адамгершілік, толық адам – «тән саулық» (қайрат) пен «һауас сәлимнен» басталып, ақыл арқылы жетіле келіп, жүректен шығар қасиеттер арқылы тиянақ­талып беки түседі. Абайдағы адам­гер­шілік танымның бастапқы көрінген құбылысы – «ақыл, қайрат, жүректі» қамтыған Толық адам ілімі болса, оның өзегі мен мәні – «асықтық та – жүрек ісі» дегендей, жүректен шығар махаббат пен сүю және осы сүюмен танылатын иманигүл ілімі.

Махаббатпен жаратқан

адамзатты,

Сен де сүй ол алланы жаннан тәтті.

Адамзаттың бәрін сүй бауырым деп,

Және хақ жолы осы деп әділетті.

Осы үш сүю болады имани гүл,

Иманның асылы үш деп

тахкиқ (анық, айқын, рас) біл.

Ойлан дағы, үшеуін таратып бақ,

Басты байла жолына, малың түгіл.

Абайдың отыз сегізінші қарасөзінің басында «Ықылас бірлән оқып, ұғып алыңыздар, аның үшін махаббатың толады. Махаббат – әуел адамның адам­ды­ғы, ғақыл, ғылым деген нәрселер бірлән» деп айтуында терең сыр бар. Бұл – Абайдың бұрынғы-соңғы дана­­лық тарихында адамшылықты сүюмен сабақтастыратын таныммен та­ныс­­тығын танытады әрі өзі де төл ізде­ні­сімен «адамшылықтың алды – махаб­бат, ғаделет сезім» екенін тануға жет­кен. Сөйтіп, Абайдағы адам­гер­ші­лік танымның биік шыңы (М.Мыр­зах­мет­ұлы) мен өзегі – сүю, яғни Алла, адамзат және әділетті сүю, үш сүю, иманигүл. Адамшылық та, ақиқат та осы.

 

Мақсат ӘЛІПХАН,

филология ғылымдарының кандидаты