«АДАМНЫҢ БАЛАСЫ – БАУЫРЫҢ»

«АДАМНЫҢ БАЛАСЫ – БАУЫРЫҢ» 

немесе ақылдың алжасуы 

 

Соғыс... Украинадағы қантөгіс жан түршіктіреді. Осыны көріп, біле тұра «соғыс – саясаттың басқа құралдармен жалғасуы» деген теориямен мүлде келісе алмаймыз. Бұл арада саясат туралы сөз болуы, тіпті де мүмкін емес. Себебі, саясат пен саясаткерлер кез-келген егес пен ерегесті ушықтырмай, одан бейбіт жолмен шығудың амалын іздесе керек. Ендеше, соғыс алжасқан ақылдың азабы, тіршілікке төнген және орны ешқашан толмас қасірет. Ал, соғысқа жоғарыдағыдай анықтама берген пруссиялық әскери теоретик Карл фон Клаузевицің жартылай жабайы заманда өмір сүрген ғалым екені мәлім.  

Одан бері де екі ғасырға жуық уақыт өткен екен. Демек, өркениетті өртке ораған кез-келген саясатты сайтан иектеп, саясатшыны шайтан азғыратыны даусыз. Кезінде «қып-қызыл диктатура» миллиондаған адам қырылған соғыс құрбандарын тез естен шығарып, жеңдік деп далақтап, мұны, тіпті саясатқа, яғни бодандағы ұлттарды өлгендердің аруағымен матап ұстаудың құралына айналдырды. Сол үш жүз   жылдық отарлық құлдықтың зардабын қазақ елі әлі де оңбай тартуда.  

Әлеуметтік желіден «АҚШ пен Еуроодақ Украинаға көмектессе, біздің Ресейге көмектеспей отырғанымыз қалай?» - деп ұяттан өртенген кейбір мәңгүртті күнәһар демей, басқаша қалай атарсың?!  9 Мамырда «өлмейтін полктың» сапына қосылып, шайтанның суына мелдектете тойып алып, даңғаза жасап, марқұмдардың жанын шырқырататындар да солар! Жаңағылар «жеңіс күні! жеңіс күні!» деп әндетіп, ұрандатып, дабылдатып жолындағының бәрін жапырап, жайпап кете жаздайтындай өңмеңдейді.

Осындай, ескі әрі есірік диктатураның елесіндей, сойқанды шерулер ұлыдержавалық шовинизмге ғана керек. Сондықтан 9 мамырда бос дабыраны қойып, екінші дүниежүзілік соғыста қаза тапқандардың рухына құран бағыштап,  ардагерлерімізді құрмет пен қамқорлыққа бөлеу парыз. Демек, бұл күнді Еске алу немесе Зерде күні ретінде атап өту туралы қоғамдық пікірге құлақ асатын кез баяғыда жетті. Адам қаны суша ағып, Аналарды –  жесір, балаларды жетім қалдырған соғыста жеңгендер болмайды.

Соғыстағы жеңісін саясатқа айналдырудың өзі-ақ Кеңестер одағы мен оның билігінің адамға жат табиғатын көрсетеді. Қазіргі заманда тіршілікке аспаннан өлім сеуіп, адамдарды қырып, қалаларды қирату, тағы да қайталаймыз, саясаттың сарқылғанын, ал саясатшының алжасқанын көрсетеді. Әйтпесе, күштінің әлсізді бағындыруының жолдары баршылық. Қуатты мемлекеттер дамушы елдерге өз әмірін, саяси және  экономикалық, тіпті ақпараттық технологиялар арқылы әбден жүргізе алады және жүргізіп те отыр.

Күштінің әлсізді бейбіт жолмен отарлауының мысалы баршылық. Мәселен, Африка мен Латын Америкасындағы елдер кезінде  Ұлы Британия, Франция және басқа Еуропа елдерінің бодандығынан қарулы күрестің арқасында ғана еркіндік алды дегенмен келісу әсте қиын. Саяси және экономикалық, оның ішінде технологиялық тәуелділік торында тыпырлаған елдерді тікелей басқарудың отаршылдар үшін керегі шамалы болатын. Онсыз да алатынын алып отырса, «қара құрылыққа» қамалып несі бар?!

Олай болса, отаршылдардың «бұғалыққа басы сыймаған» құлдарының   кісендерін шешіп, алдап-сулап, «ұзын арқан – кең тұсау» саясатқа көшуі әбден түсінікті. Оның да мысалдарын алыстан іздеудің  керегі жоқ. Басқасы өз алдына, бізде Ана тіліміздің отыз жыл бойы төрге шыға алмай қойғаны да империалистік ықпалдың салдары екені анық. Елордамызда 2010-шы жылдардың басында  мемлекеттік қызмет маңдайшалары қазақша ғана жазылып, автобус аялдамалары тек қазақша  хабарланатын еді.

Бірақ, бұл еркіндік ұлыдержавалық шовинизмнің жынына тиген.  Қуанышымыз ұзаққа бармады: 2012, әлде  2013 жылы өткен Қазақстан халықтары ассамблеясының сессиясында бұрынғы мемлекет басшысы ұлттық біртектілікке деген әділетті ұмтылысты қатаң сынға алып, тыйым салғаны есімізде. Әйтпесе, аударуға жатпайтын атауларды шүлдірлеп, қосымша баяндау мазақ емей немене? Мәселен, «Абылайхан» немесе «Әуезов аялдамасы» деп айтқанды түсінбеу мүмкін бе, тіпті?!

Ең масқарасы, «ет – мясо, май – масло» деп жазу да екітілділік көрінеді екен! Бұл, жұмсақтап айтқанда, ал шындығында, өзгені, яки Ресей билігін өкпелетіп алмайық деп, өзіңді өзекке тебу екені сөзсіз. Қазір, әйтеуір, жаңа Қазақстан құру жолында осы мазақ пен күлкіден құтыламыз-ау деген үміт оты жылт еткендей. Ауызбірлігіміз мықты болса, үш ғасырлық бодандық зардабынан құтылатын күн де туар. «Біз бірге болсақ, жеңеміз!» - дейді украиндықтар, яғни «Ми разом переможемо!».

Әрине, біз де украиндардан еш кем емеспіз, елімізді жан аямай қорғай аламыз. Әлеуметтік желідегі соғыс қаупіне қатысты ашу-ызаға толы сөздер сол елжандылықтың, батыр бабалар рухының алмас қылыштай жарқ етер қуатының айғағы. Әсіресе, біздің қыздарымыздың ер-азаматтарды қапы қалмауға шақырған әңгімелері намысты қайрайды. Алпыстан асқандардың жастарды босқа қырып алмау үшін ерікті армия қатарына онлайн тіркеліп, офлайн шайқасуға тілек білдіріп жатқандары да баршылық.

Дегенмен, саясатшылардың қазақты, барша адамзатты құдіреті күшті Аллатағаланың бейбіт аспан астында өмір сүру үшін жаратқанын есте ұстағандары абзал. Жүздеген шақырым жерде отырып-ақ жан беріп, жан алысатын кезеңде біздің әскеріміздің заманауи техника мен оның тілін білетін мамандарға зәру екенін белгілі. «Оқ жетпес жерге қылыш шабу» - ұрпақты көпе-көрінеу отқа тастау  ғой. Олай болса, қантөгіске арандатпайтын алғыр саясатқа не жетсін!

Соғыс – алжасқан ақыл апаты! Өркениет дәуірінде тұтас ұлтты қырғынға ұшырату азғындық емей немене? Мұндайды біз, ұлы даланың азаттықты құл тірліктен жоғары қоятын, адам ары мен жанын ардақ тұтатын ұлдары еш түсінбейміз. Ұлы Абайдың осыдан бір жарым ғасыр бұрынғы «адамның баласы – бауырың!» - деген аманаты еріксіз тәнті етеді: «Махаббатпен жаратқан адамзатты. Сен де сүй ол Алланы жаннан тәтті. Адамзаттың бәрін сүй бауырым деп, Және сүй хақ жолы осы деп ғаділетті».  Осыдан артық адамгершілік өнегесі болар ма?!

  Хәкім Абай өсиетін кемеңгер Шәкәрім іліп әкетіп, ақынның «Ажалсыз әскер» өлеңі санымызда жаңғырады: «Патшалар сансыз шығын қылады, Дайындап соғыс үшін әскерін. Аямай бірін-бірі қырады, Ел алар оққа байлап жастарын» немесе «Тұрақсыз шыр айналған дүние / Жұтады бәрінің бастарын. Ел түгіл, жерлеріне кім ие, Айтпасаң моласының тастарын». Халық соғыс өртін тұтатқандарға қашан да лағынет айтқан және құр айбат шегіп қана қоймай, ел-жұртын қорғауға сақадай сай тұрған.

Біз арттарына «өлмейтұғын», тіпті «қартаймайтын» асыл мұра қалдырған Абай мен Шәкәрімнің, Құрманғазы мен Жамбылдың ұрпақтары барша адам баласын бауырымыздай көреміз. Біз де бірге болсақ, жеңеміз! Жаңа Қазақстан қазақ халқы ұйыстырған барша қазақстандықтардың жаңаша ұстанымы мен ерік-жігерінің арқасында құрылады. Ал, барша адам баласының жұдырықтай жұмылып, өлім ошағын өз апанында тұншықтыратын күн де алыс емес!

Қос халықтың діни мейрамдары – Пасха уақытында адамдарды жалмаған соғыс өртін «өшіре» тұру туралы ұсынысты басқыншы мемлекет қабылдамай, өзінің жалмауыз сиқын әшкереледі. Бұл аздай Ресей әскерінің БҰҰ-ның Бас хатшысы А.Гутерреш жүргенде Киевті ракетамен төмпештеуі әлем жұртшылығының жағасын ұстатты. Мұндай көршіден еш жақсылық күтуге болмасы түсінікті. Олай болса, 9 Мамырды – Жеңіс күні деп жалаулатпай-ақ, Еске алу немесе Зерде күні ретінде атап өтетін уақыт келді. Ұлы Абайдың «Адамның баласы – бауырың» деген өсиетін еске ала отырып, адамдарды қырып, жоятын  барлық жалмауыздар сазайын тартса екен деп тілейсің.

 

 

   Болат Жүнісбеков,

 жазушы